Қазақстанда 16 мың адам ВИЧ ауруына шалдыққан. Ғасыр дертін науқастардың 50 пайызы жыныстық қатынас арқылы жұқтырыпты. Бүгін Алматыда АҚШ-тың Орталық Азиядағы халықаралық даму жөніндегі агенттігінің мәжілісі басталды. Мамандар қауіпті кеселдің алдын-алу және таралуын азайту жолдарын іздеуде. Аталмыш ұйым 5 жылдан бері Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстанда жүргізілген ауқымды жобаның нәтижесін жариялады. Елімізде ақысыз медициналық тексеру, емдеу және алдын-алу шаралары ұйымдастырылған. Соған қарамастан 2005 жылдан бері қатерлі кеселден 6 мыңнан астам адам қайтыс болған. Мамандардың айтуынша, дерттің ақылы жыныстық қатынас арқылы таралуы көбейген.
Бауыржан БАЙСЕРКИН, Республикалық ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың бас директоры:
- Бір айда секс қызметкерлеріне 200-ден астам мүше қап беріледі. Жыл сайын миллиондаған мүше қап беріледі. Нашақорлар арасында шприц таратылады.
Еліміз бойынша, Павлодар, Қарағанды, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облысында қауіпті кеселді жұқтырғандар көп тіркелген.
Жазира Бегалы
Алматы