Солтүстікқазақстандық Майра Сексенованың операциядан кейін дауысы шықпай қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қалқанша безін алып тастаймыз деген петропавлдық дәрігерлер науқастың дауыс сіңірін зақымдап алған. Сергеевка қаласының тұрғыны Майра Сексеноваға 2020 жылдың тамыз айында операция жасалған. Сол кезде хирург әйелдің тамағындағы дауыс сіңірін абайсызда кесіп жіберген. Салдарынан дауысы шықпай қалды. Қазір ол емдеу мекемелерінің табалдырығын тоздырып жүр. Өйткені шетелдік клиникаларға барғысы келеді. Тек ол үшін шамамен 3 миллион теңгеден астам қаражат қажет.
«Екі жыл өтті, әлі дауысы қалпына келген жоқ. Өмір бойы мүгедек болып қалды. Соңғы үмітіміз –Омбы қаласы және Мәскеулік клиникаға барып, ем алу», - деді науқастың туысы Айнұр Қозыбаева.
Қазір науқасқа тыныс алудың өзі қиын. Айына 100 мың теңгедей ақша тек дәрі-дәрмекке жұмсайды. Операция жасаған дәрігермен тілдесу мүмкін болмады. Себебі ол еңбек демалысына кеткен. Ал облыстық көпбейінді аурухананың басшылығы науқастың талабын орындап, оған көмек көрсететінін айтып отыр.
«Сексенбаевамен біз медиациялық келісім жасаймыз. Бұл бірінші кезекте уақыт үнемдеуге септеседі. Яғни, ол тезірек медициналық жәрдем ала алады. Ал операция жасаған дәрігердің кінәсі бар-жоғын анықтаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Оған көп уақыт қажет. Себебі түрлі сараптама тағайындау қажет», - деді облыстық көпбейінді аурухана директорының міндетін атқарушы Сәкен Әмрин.
Майра Сексенова 48-де. Оған 3-топтағы мүгедектік берілді. Бұрын балабақшада тәрбиеші болған. Енді жұмысынан айырылып қалуы мүмкін. Себебі уақытының көп бөлігін науқас еміне жұмсайды.