Семейде миына паразиттер ұялаған науқасқа жасалған ота сәтті өтті. Дәрігерлер 19 жастағы бойжеткеннің өмірін әзер арашалап қалған, - деп хабарлайды КТК.
Жергілікті оқу орындарының бірінде оқитын студент ауруханаға жедел жәрдеммен жеткізілген. Науқастың басы ауырып, айналып, жүрек айну сияқты әлсіздік белгілері болған. Медициналық тексерісте оған "эхинококкоз" диагнозы қойылды. Яғни науқастың миына құрт түскен. Бұл сирек кездесетін дертпен соңғы үш жылда ешкім ауырған жоқ дейді дәрігерлер. Бойжеткеннің басына шапқан құрт миының үштен бір бөлігіне жайылған. Көлемі жеті сантиметр. Оны алу оңайға соқпады дейді дәрігерлер. Дегенмен екі сағатқа созылған ота сәтті аяқталды.
Алтай Күлтұманов, Семей жедел медициналық жәрдем ауруханасының бөлім меңгерушісі: - Науқас қазір жансақтау бөлімінде есіне келді. Жағдайы әлсіз. Сөзге келді. Атыжөнін айтады. Қол-аяғын қозғайды. Біз үшін бұл маңызды. Ота сәтті өтті деп ойлаймыз. Алынған эхинокок кистаны сараптамалық зертханаға өткіздік.