Ет жеймін деп қауіпті ауру жұқтырған

1952-ші жылдары шығар деймін, күздің бір күні дария жағалауында отырған оншақты үйлі ауылда үлкен қуанышты жаңалық болды. Соғыста хабарсыз кетті деген бір азамат қол-аяғы сау, аман-есен оралды. Әлгі үй дереу бір қойын сойып, кішігірім тойшық жасады.

Ертеңіне менің әкемді шақыртты. Жеті-сегіз жасар баламын, әкемнің соңынан қалмай еріп жүре­мін, мен де бардым. Әлгі келген кісі қандай да бір аурумен ауырыпты. Беті ісіп кеткен, қалтырап, ыстығы көте­ріліп отыр еді. Әкемнің тамыр ұстайтын тәуіпші­лігі болатын. Әлгі кісінің тамырын ұстап отырып, сұрақтар қоя бас­тады.

– Әуелі Белоруссияда, кейін Украинада партизан отрядында болдым, – деді ол әкемнің сауалына орай.

– Елге қайтарыңда қай жерден шықтың?

– Е, көке, Сібір жақтан шықтым ғой.

– Неге ол жаққа барып жүрсің?

– Екі жыл немістерде «пленде» болдым. Одан қашып шығып, Украина жерінде, партизан құрамасында соғыстым.

– «Хабарсыз кетті» деген хабар «пленге» түс­кен соң келген екен ғой?

– Солай сияқты. Со­ғыс біткен соң, 46-шы жылы біз сияқтыларды алты жылға Сібірге жібер­ді. Соны өтеп қайттық қой елге, – деді әлгі кісі.

– Жолда қанша күн жүр­діңдер?

– Жиырма күндей жүр­дік-ау. Көлік жағдайын бі­лесіз ғой, стансаларда пойыз күтіп, біреуіне сыймай дегендей...

– Жолшыбай шала піс­кен ет жемедіңдер ме?

– Жедік қой, жедік. Қай­бір үйдегідей қайнатып пісірді дейсіз бізді. Станса маңына от жағып, әлгі жаңа етікке ауыстырып ал­ған етімізді өйтіп-бүй­тіп ана бетін, мына бетін қақтап жегенбіз. Өзіміз үшеу едік. Елге жақындап қалған кезі­мізде сол ет жегеннен бір апта өткенде екеуміз осындай бәлеге ұшырадық.

– Іштерің өтті ме?

– Иә, өтіп жатыр.

– Ет ненің еті екенін білдіңдер ме?

– Құдай өзі кешірсін, кө­ке, аш болған соң алдық, ет шош­қаныкі еді.

Әкем үндемей, біраз ойланып отырып қалды. Өзі Орынбордағы әскери-дәрі­герлік училищені бітір­генмін дейтұғын. Сол кезде Сыр өңіріндегі ең білімді, орыс тілін таза сөйлейтін кісінің бірі осы менің әкем еді. Ол кісінің айтқанын кім де болса бұлжытпай орындайтын.

– Мәселе былай, – деді әкем ойынан арылып. – Бүгін орталықтан машина келеді. Сол машинамен ау­дандық ауруханаға барасың. Тез емделуің керек. Менің бір дәрігер досым бар. Соған хат жазып бе­ремін.

– Көке, өлейін деп зорға жеткенде бала-шағамды тастап тағы қаңғырамын ба? Не деген кесел еді бұл өзі? – деді ауру кісі жыларман болып.

– Бұл, шырағым, тәуіп­тер тілімен айтсақ, «жегі құрты» деген кесел. Қан­ша­лықты тез емделсең, сон­шалықты жақсы. Қазір сен мына бала-ша­ғаңа, маңайыңдағыларға қауіп төн­діріп отырсың. Бұл құрт – шошқаның, жабайы қабан­ның немесе аюдың етін шала пісіріп жегеннен жұғатын құрт.

Ауру кісі аңырайып қа­рап еді, әкем:

– Иә, ұсақ, тірі құрт. Кітапта «трихинелла» дейді мұны. Қазір сенің ащы ішегіңде өсіп-жетіліп жатқан құрттардың майда балалары денеңнің бұлшық еттеріне барып орналасуда. Енді қатты қақсап-сыздаған ауру тудырады. Жүре берсең де­неңнің барлық жеріндегі еттерде қабыршақ қабатқа оранған құрттар пайда болады.

Ауырған адам басы салбырап, үндемей отырып қалды. Түстен кейін аудан­ға кетті. Әкем оның бала-шағасын, тағы бір-екі адамды жәрдемге шақыртып, әлгі кісінің үйіндегі әжетханан көмдіріп тастатып, басқа жерден жаңасын қаздырды. Кейін малдәрі­герлік техникумда оқып жүрге­нім­де бұл аурудың өте қауіпті екенін, тез тарайтынын пайымдаған әкемнің ауру ошағы пайда бола ма деп қауіптенгенін түсін­дім.

Сонымен бұл ауру туралы азын-аулақ мәлімет берсек, «трихинеллез» деген ауру – антропозоонозды ауру, яғни жануар­лар мен адамға ортақ. Негі­зінен салқын аймақтарда кездеседі. Бұл аурумен үй жануарларынан – ит, мы­сық, шошқа, жабайы аңдардан – қасқыр, түлкі, аю, кемір­гіштер (атжалман, тышқандар) және адам ауырады.

«Трихинелла» деп аталатын өте майда, домалақ денелі құрттардың ұзындығы бір жарым миллиметрдей болады. Шағылысқаннан кейін еркектері өліп қалады. Ал ұрғашы­лары ли­чинкаларын туған соң өле­ді. Бұл құрт­тардың ұрғашылары личин­каларын тірі­дей туа­ды. Ішек қабырғасының майда түк­тері (ворсинкалары) ара­сына тастаған ұрғашы трихинелланың личинкалары қан ар­қылы ағзаның бұл­шық ет­те­рі араларына тарап, орналаса бастайды. Яғни бір ағзаның өзінде екі түрлі – ішектік және бұл­шық еттік ауру түрі пайда болады. Бұл­шық еттер арасына ор­наласқан личинкалар он же­ті күннен кейін ауру тудыра ала­тындай дәрежеге жетеді (спиральді түрге өтеді), үш-төрт аптадан ке­йін личин­калар қуыршақ қабатқа оранады. Алты айдан кейін капсула беріш­ті қабатқа айнала­ды.­

Қабыршаққа оранған личинка «бұлшық еттік три­хинелла» деп аталады. Бұл личинкалар жануарлар ағзасында көп­теген жылдар бойы, адам денесінде 25 жылға дейін күшін сақтайды. Олар кө­біне аяқ еттерінде, көк ет­те, тіл­де, қабырға аралығы ет­те­рінде, өңеш ет­терінде орналасады. Жануарлардың ағзасындағы бұл­шық еттерде болса, таза пісірмей жеген адамдардың ағзасында осындай личинка сыртқы қабыршағынан шы­ғып, жеті күн шамасында ішек­тік трихинеллаға айналады. Шағылысқаннан соң бір апта өткенде ұрғашы трихинелла 1,5 мыңнан 10 мыңға дейін личинкалар туып барып өледі. Бұл тірі личинкалар қан және бездер сөлі ағымдарымен денедегі еттерге тарай бастайды. Ал егер ағ­заға бір емес, бір­неше капсуладағы трихинелла түс­се ше?

Қысқасы, егер дененің әр жеріндегі бұлшық ет­тердің сыздап, қақсап ауы­руы, ыстық көтеріліп, іш өту, бет-ауыз аумағы ісіп, күлтеленуі білінгеннен бас­тап тез арада дәрігерге көріну керек.

Ең дұрысы, шикі еттен аулақ болыңыз. Қазіргідей соғым уақытында малдәрі­герлік зертханадан өткі­зілген мал етін ғана қол­дан­ған дұрыс. Сонда өзіңіз де, отбасыңыз да аман болары анық.

Жаңабай ТӨЛЕУІШ.

www.zamana.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста