«Маман кеңесі» айдарының бүгінгі сауалдарына халық арасында «қояншық ауру» аталып кеткен эпилепсиядан емделу жолы туралы Астана қаласындағы Неврология және эпилепсия орталғының бас дәрігері, эпилептолог-невропотолог Алтынай Мұқашқызы жауап береді.
Алтынай Мұқашқызы, эпилепсияның белгілерін қалай анықтауға болады? Әңгімемізді осыдан бастасақ.
Эпилепсия – қайталама құрысу ұстамаларымен сипатталатын созылмалы бас миының дерті, яғни ми қызметтерінің бұзылуларының ішіндегі ең жиі кездесетін сырқат. Адамдардың көпшілігі эпилепсия кезінде міндетті аузынан көбік ағып, талықсып қалу керек деп ойлайды. Бірақ, оның түрі көп. Қазіргі таңда 40-тан астам түрі кездеседі. Соған сай белгілері де ір түрлі. Адамдар құламауы да мүмкін, жүріп келе жатып оқыс тұрып қалу, өз-өзінен күлу, бір жақ аяқ-қолы дірілдеп, сезімталдығы төмендейтін жағдайлар болады.
Аталған дертке адамдар қаншалықты жиі шалдығады?
Эпилепсияға орта есеппен алғанда әрбір мың адамның бесеуі шалдығады екен. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш бойынша 6-10 адамнан келеді. Олардың көбі себебі белгісіз, «идиопатиялық» эпилепсия. Себебі белгілі эпилепсияны «екіншілік» немесе «симптоматиялық» эпилепсия деп атайды. Ол туа бітті даму кемшіліктерінен, жүктілік кезінде аналардың түрлі ауруларға шалдығуынан, балаға оттегі жетіспеуінен, босану кезіндегі жарақаттардан, мидағы ісіктен пайда болады. Аталған факторлардың әсерінен мида эпилепсиялық ұстамалар ошағы қалыптасады. Неврология және эпилепсия орталығының мамандары оны емдеуге барынша күш салуда.
Эпилепяияның жүре пайда болатын түрі қандай жағдаймен сипатталады?
Өте орынды сұрақ. Орта жастағы адамдар жүре келе талмаға қалай тап болғанын түсінбей жатады. Эпилепсияның жүре пайда болатыны бастан ауыр соққы алғанда жағдайда пайда болуы мүмкін. Мұндай жағдайда аталған дертке диагностика жасап, ауруды дәлелдеудің бірден бір әдісі электрэнцефалографиялық бейне мониторинг жасау. Бұл диагностикаға науқастардың ұйықтауға дайындалып келгендері дұрыс. Кей жағдайда білінбейтін талмалар болады. Оны оны біз бейнемониторинг арқылы анық көріп, науқастарға түсіндіріп, тиісті ем жүргіземіз.
Эпилепсиядан емделудің жолы қандай?
Науқастардың басым бөлігі бұл аурудан ұялады. Невропотолог-эпилептолог дәрігерге келмей, халық еміне қаралып уақыттарын өткізіп алып жатады. Бұл көп жағдайда дер кезінде эпилепсиядан сауығып кетуге кедергісін келтіреді. Жалпы, эпилепсия дәрімен емделетін ауру. Берген дәрі-дәрмекті уақтылы қабылдаса нәтижесін береді. Кей науқастарда дәрі ішкен күннің өзінде талма қайталана берсе оперативті ем жүргізуге тура келеді. Ол арнайы дмагностика жасалғаннан кейін, әрине.
Маман ретінде бұл дертке шалдыққан науқастарға қандай кеңес берер едіңіз? Көп жағдайда нені есте ұстау керек?
Маман ретінде айтарым, науқастар алғашқы белгілері сезілген бойда арнайы невропотолог-эпилептолог дәрігердің қабылдауына барса екен. Бұл дертті емдеуде уақыт өте маңызды. Соны баса айтқым келеді. Және берілген дәрілерді нұсқау бойынша уақтылы қабылдау да маңызды. Ұзақ уақыт қабылдадым деп төзімсіздік танытып дәріні ішпей қоюға болмайды. Эпилепсия дәрімен емделетін ауру екенін есте ұстаған жөн.
Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбатты дайындаған: Амангүл Ермекқызы