Артық та, кем де болмағаны жөн
Кальций – адамның сүйек жүйесінің негізгі элементі. Кальций иондары организмдегі биохимиялык реакциялардың жүруіне көмектеседі. Қанның ұюында да кальций иондарының рөлі ерекше. Ет пен нерв жүйесінің қалыпты қызметі үшін кальцийдің тиісті концентрациясы қажет. Кальций денеде, негізінен, фосфор қышқылының және көмір қышқылының тұздары түрінде (90%) сүйек пен тісте кездеседі. Кальций ағзада жинақталып тұрмайтындықтан, оның қорын әрдайым толтырып тұру қажет.
· Қайда болады?
Кальцийдің негізгі көзі – ірімшіктің жұмсақ түрлері, сүт, сүзбе, айран, йогурт. Сондай-ақ, бұршақ, соя өнімдері, грек жаңғағы, орамжапырақ, шалқан, сарымсақ, сельдерей, аскөк пен қарақат, құлпынай, шие сияқты жеміс-жидектерде, теңіз балығында кальций көп мөлшерде кездеседі.
Құрамында кальций бар азық-түлікті күнделікті жеткілікті мөлшерде қолданған жағдайда кальций таблеткаларын ішпей-ақ қоюға болады.
· Табиғи өнімге жетері жоқ
Кальцийдің бойға дұрыс сіңуін қаласаңыз, оның табиғи қалпында, яғни қолданыстағы азық-түліктің құрамында болғаны абзал. Бұл кальций мөлшерінің шамадан тыс артып, бүйректе жинақталуының да алдын алмақ. Сүйектегі кальцийдің тұрақты болмайтынын, үнемі өзгеріп тұратынын есте ұстап, аталған минералдың күнделікті қолданатын тағам құрамында болуын қадағалап отыру керек. Кальций мөлшерінің шамадан тыс артық болуы ағзаға өзіндік кері әсерін тигізетінін, әсіресе, бүйрекке салмақ түсіретінін де естен шығармау керек.
· Үйлеспейтін тағамдар
Саумал, қымыз сынды қышқылдығы басым кейбір өнімдер кальцийдің сіңу процесін баяулатады. Соның салдарынан кальциймен әрекеттесу нашар жүріп, ерімейтін тұздар пайда болады. Майлар мен қарапайым көмірсулар (тәттілер, кисель) да кальцийдің дұрыс сіңуін қиындатады. Сондай-ақ, кофе, кока-кола, дайын ет өнімдерін (шұжық, ветчина) де осы қатарға жатқызуға болады. Сүзбені кофемен, қою шаймен араластыруға болмайтынын есте ұстаңыз. Шай мен кофе сүзбенің құрамындағы кальцийдің дұрыс сіңуін қиындатады.