Дәрігерлер желідегі бүйрегімді сатамын деген хабарландыруларға пікір берді
Ұлттық ғылыми онкология орталығы әлеуметтік желіде ағза сатылатыны жайлы хабарландырулар заңға қайшы екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
Ғылыми орталықтың мәлімдемесіне Facebook және басқа да желілерде тараған «бүйрегімді сатамын» деген секілді хабарландырулар себеп болған.
«Қазақстанда ағза сатып алуға немесе сатуға бола ма? Жоқ. Халық денсаулығы туралы кодекстің 209-бабы 4-тармағының 3-тармақшасына сәйкес, трансплантациялаған кезде адамның ағзасын (ағзасының бір бөлiгін) немесе тiнін сатып алуға және сатуға тыйым салынады» деп ескертеді мекеме.
Жалпы, аталған кодекстің 210-бабына және 212-бабының 1 және 3-тармақтарына сәйкес елімізде тірі және қайтыс болған адам (алдын ала келісімімен) донор бола алады. Тек ағзасын сата алмайды.
Қазақстанда тірі донордан ағзаны ауыстырып салу туралы шешімді этикалық комиссия қабылдайды.
Ол ағза сату секілді оқиғалардың алдын алу және қауіпсіздік мақсатында бүкіл құжаттарды қарайды және ықтимал реципиент пен тірі донор арасындағы генетикалық байланысты белгілейді.