Алматылық белгілі емші еркектің әуретті жерін "жылытқаны" үшін 400 мың теңге алған
Алматы қаласы Әуезов ауданының тұрғыны Жазира емшіге барамын деп қарызға кіріп, арухана төрінен бір-ақ шықты деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі.
Жазира (кейіпкердің өтініші бойынша аты өзгертілді) отау құрғанына төрт жыл болса да, бала көтере алмаған. Медицинадан үмітін үзген келіншек теледидардан көріп Г. есімді танымал емшіге барған.
«Ол кісінің емі туралы күн сайын телидидардан көрдім. Аузы көпіріп, бала көтермеген 60 мың әйелді емдеп, бақытқа бөледім деген соң, сөзіне сеніп бардым. Бірінші емге 10 мың теңге сұрады. Сондағы жасағаны - мені кереуетке жатқызып, оң қолымен 10 минут ішімді ұстап отырды.
Маған «Бұл - биоэнергетика. Күйеуің екеуің 20 күн үзбей менің емімді алсаңдар келесі айда бала сүйесіңдер», - деп сендірді. Күйеуімді көндіріп біраз уақыт емші апайдың аялы алақынының жылуын «ем» деп қабылдадық.
Ол кісі жолдасыма: «Ұрығыңның сапасы төмен. соны жоғарлатамын» деп, әуретті жерін іш кимінің сыртынан қолымен басып жылытады екен.
Г. есімді емші маған «Бала көтере алмағаныңның себебі - жатырдағы жұмыртқаң үлкен. Мына аппартты алып үйде 5 минут жаттығу жасауың керек» деді. Кішкентай құралды 80 мың теңгеге, ал күйеуіме 25 мың теңгеге іш киімді өзі сатып алып берді.
Одан басқа 150 мың теңгеге шетелдік шөп дәрілерді алдыртты. Дәрінің барлығын ішіп, жаттығуды жасап жүрдім. Алайда бір апта өтпей жатып, менің денсаулығым нашарлап, Қалқамандағы №7 аурухананың жан сақтау бөлімінен бірақ шықтым.
Дәрігерлер не ішіп, не жасағанымды сұрады. Мен оларға емшінің берген шөп дәрісі мен аппаратын көрсетіп едім, барлығы шошып «Бұл - жасы елуден асқан әйелдерге қынабын кішірейтуге арналған құрал. Оны тумаған әйел қолдануға болмайды», - деп менің есімнен танған себебімді түсіндірді»,- дейді Жазира.
Шөп дәрі мен қымбат құралды дұрыс қолданбаудың нәтижесінде Жазираның жатырындағы жылауық (киста) жарылып ота жасатқан. Алайда өзін алдап емдеймін деп кемтар жасай жаздаған алаяқ емшіні сотқа берейін десе дәлелінің жоқтығын айтады.
«Мен ақы төленгені туралы чек сұрағанымда «Түбіртек берсек емдеу курсының бағасы қымбатқа түседі, мен ешкімді алдамаймын» деп сендірді. Кейін күйеуім барып болған оқиғаны айтса, мен сені бірінші рет көріп тұрмын деп қуып жіберіпті.
Кейін білдік, ол кісінің қарамағындағылар туған қызы мен келіні сынды жақын туыстары екен. Сондықтан да біз емшіден қаралып, жарты миллион ақшамыздан айрылып, ауруханаға түскенімді дәлелдей алмадық», - деп сөзін тәмәмдады келіншек.
Аталған емші жайлы ғаламтордан ақпарат іздеп көргенімізде көптеген әйелдің дәл осындай қиындыққа тап болып, қыруар қаражаттарынан айрылғандарын жазған.
Тағы бір айта кетері, өзін танымал емші санап жүрген «Био энергетикке» хабарласып көргенімізде, өзіне қатысты еш уақытта шағым түспегенін және ауруханаға түскен келіншекті де мойындамады.
Ал, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы болса «халық емшілері бізге қарамайды» деп қысқа қайырып, пікір білдіруден бас тартты.