50 жыл психикалық ауруларды емдеген дәрігер кәсібіндегі шындық пен сұмдық

50 жыл психикалық ауруларды емдеген дәрігер кәсібіндегі шындық пен сұмдық

 Алматы қаласындағы психикалық сауықтыру орталығына бардық. Бізге сұхбат беруге келіскен дәрігер емделушімен әңгімелесіп отыр екен. Науқастың жасы 80-нен асқан, жүзі солыңқы, жүрісі баяу. «Су ішкім келеді» дегені сол еді, мейірбеке кішкентай баламен сөйлескендей қалағанын беретінін айтып, қолтығынан демеп, палатаға алып кетті.

Бұл кейуана 50 жылға жуық отасқан күйеуі өзін улап өлтіргелі жүргенін айтып шағымдана беріпті. Амалы құрыған күйеуі жұбайын психикалық сауықтыру орталығына тапсыруға мәжбүр болған.

Дәрігерлердің айтуынша, адамдар жасы ұлғайған сайын түрлі психикалық дертке ұшырайды екен. Қан қысымының көтерілуі де жан ауруына себеп болады.

Асфендияров атындағы ҚҰМУ оқытушысы, профессор Ғалия Махамбетқызы Құдиярова емделушінің дәрігерімен кеңесуге келіпті. Аз-кем аман-саулық сұрасқаннан кейін екеуі науқастың жай-күйін талқылай бастады.

- Баласымен, күйеуімен сөйлесу керек. Анамнез жасау қажет. Оның қан қысымы 160-та 100. Сондықтан қан қысымының жоғарылауына байланысты психикалық ауруға шалдыққан болуы мүмкін немесе егде жастағы адамдарда кездесетін психоз болуы ықтимал, - дейді Ғалия Махметқызы.

«Анамнез – психологиялық термин. Емделушіге нәтижелі ем жүргізу мақсатында оның ет жақындарынан – туыстары мен көршілерінен науқас туралы ақпарат жинау».

- Науқастың есте сақтау қабілеті қандай?

- Жыл, айды жақсы біледі...

Екеуі кеңесе келе, қандай ем-дом жүргізетінін нақтылады. Науқасқа қатысты ақпаратты саралап, сырқаттың жағдайын оңалту жолдарын қарастырды.

Психикалық аурулардың шығу себебі көп. Ауруы асқынып кеткен науқастар кейде өзіне ғана емес, қоғамға да қауіп төндіреді. Психиатрия саласында 50 жылдан астам уақыт жұмыс істеген Ғалия Махметқызы кәсіби өмірінде түрлі жағдаймен бетпе-бет келгенін айтады.

- Әлі есімде, егде жастағы апай баласын ұрлық жасады деп айыптаған. Баласы өзінің далабын ұрлап жүргеніне сенімді болған. Ал шын мәнісінде өзі затын тығып қойып, оны ұмытып кеткен, бірақ баласынан көрген, - дейді дәрігер.

Психикалық ауруға шалдыққан адамдар айналасындағыларға түрлі айып тағуы мүмкін. Оның ішінде тіпті өмірге қауіп төндіру, шпиондық әрекет т.б. мысалдар кездеседі. Медицинадан хабары жоқ адамдар науқастың қиялына сеніп қалуы ғажап емес. Себебі кейде олардың ойдан шығарған өтірігі шындыққа өте ұқсас келеді. Жоғарыда біз атап өткен сексеннің сеңгіріндегі әжейде де дәл сондай белгілер айқын білінеді.

Ауаның ластануы, тамақтың құнарсыздығы секілді себептерден адамның тәні ауруға шалдығып жатады. Ал басы, миы, рухы, жан дүниесі зақымданған адамдар туралы көп ести бермейміз. Соның салдарынан халық арасында аңызға бергісіз әңгімелер өріп жүр.

Психикалық ауытқушылықты қалай емдеу керек, оның себеп-салдары қандай? Ауыр науқастан толық айығып кетуге бола ма? Психикалық сауықтыру орталықтарында науқастармен жұмыс істеу қауіпті ме? Осы және өзге де сұрақтарды білу мақсатында Ғалия Құдияровадан сыр суыртпақтап көрдік.

Ғалия Махамбетқызы психикалық сауықтыру орталықтарында жұмыс істейтін дәрігерлердің жалақысы төмен екенін айтып қалды. Қосымша зияндылығы үшін берілетін 30 пайыз үстеме ақша да төленбейді екен. Қысқасы, қордаланған мәселеде шаш-етектен.

- Психиатрдың жұмысы өте қиын. Жеткіншектер де, ересек адамдар да түрлі дертке шалдығады. Ересектермен сөйлесесің, ал балалар ештеңе айта алмайды. Мұндағы дәрігерлер жұмысты жақсы көргендіктен ғана жүр. Саудаға шықса, мына жалақысынан бес есе көп ақша табар еді. Бірақ сүйікті мамандықтарын қимайды. Сондықтан психиатрлардың жалақыларын да, зейнетақыларын да көтеру керек, - дейді Ғалия Құдиярова.

Рас, дәрігерлер өз өмірін, денсаулығын күнде қатерге тігеді. Себебі психикасы бұзылғандардан бәрін күтуге болады. Ғалия Махамбетқызының өзі де кәсіби өмірінде қайғылы жағдайларға куә болған.

- Науқастың бет-әлпетінен оның көңіл-күйін анықтауға болады. Егер емделуші әлденеге алаңдап тұрса, өте сақ болған абзал. Жақында емделуші әйелмен сөйлестім. Ол ауруы асқынып тұрғанда есікті сындырып, қашып кеткен. Олардың күші көп болады. Ұрғанда кез келген адамды жайратып салады.

Бастан өткергенім, естігенім, көргенім бар. Бұрын жедел жәрдемде жұмыс істейтін бір жігіт сырқат адамды алып кетуге барғанда науқас оны үйінің дәлізінде мылтықпен күтіп тұрған. Дәрігерді көрген уақытта бірден атып жіберген. Жігіт сол жерде тіл тартпастан көз жұмды.

Осы ретте тағы бір қайғылы оқиға есіме түсіп отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын науқастардың көңілін аулап, еңбекке баулу үшін бақшада жұмыс істеуге рұқсат берілді. Бір емделушінің аруы қозып кетіп, қолындағы күрекпен дәрігердің басынан ұрған, - деп күрсінді Ғалия Махамбетқызы.

Психикалық ауруға шалдыққандардың арасында түрлі адамның кейпіне енетіндер де табылады. Адамзат тарихында ондай адамдар бар. Ең қызығы, олардың жасы, мінезі әрқилы болып келеді. Тарихта 24 адамның кейпіне ене алатын Билли Мигенді көбі біледі. Ғалия Махамбетқызы сондай да адамдарды емдеген.

- Психиатрия саласында көп жыл еңбек еткеннен кейін түрлі ауруларды жолықтырдым. Тіпті медициналық білімі бар науқас әйел өзінің мұрнының жоғары тұсында тағы бір адам өмір сүреді деп ойлаған. Әйелдің медициналық білімі болғандықтан ол адам ағзасы қалай құрылғанын, анатомияны жақсы біледі. Сондықтан өз денесінде бөгде жаратылыстың өмір сүріп жатқанына сенуі – оның әлемді қабылдауының бұзылғанын білдіреді. Ондай адамдар сандырақтайды. Сынды дұрыс қабылдай алмайды.

Дәрігер адамнан психикалық ауытқушылық байқағанда бірден дәрігерлердің көмегіне жүгінуге кеңес береді. Оны өз бетінше емдеудің салдары ауыр болуы мүмкін деп ескертеді.

- Адамнан психикалық ауытқушылықты байқаған уақытта оны асқындырып алмау үшін сауықтыру орталықтарына жатқызу өте маңызды. Қазақтар көбіне жақындарын ауруханаға жатқызғысы келмей тартыншақтайды. Бірақ ол науқастың отбасына, қоғамға қаншалықты қауіпті екенін және ауруының асқынып кететінін жете түсінбейді. Соңында өздері зардап шегіп жатады.

Атын атамай-ақ қояйын, есімі елге белгілі бір адам баласының ауруын халықтан жасыру үшін өз үйінде емдеген. Науқас бала әкесінің басында арнайы аппарат орнатылғанына және оның АҚШ-тың барлау қызметінде жұмыс істейтініне сенімді болған. Әкесі үйіне келгенде баласы оны балтамен күтіп тұрған. Әкесінің үйден шығып кетуге мұршасы болмаған. Себебі есік автоматты түрде жабылып қалған. Сол жерде әкесінің басын шауып алған. Ал анасы жатын бөлмесінде тұмауратып жатқан. Ауру бала анасын да өлтірген. Амал не, осындай қайғылы жағдайлар болып тұрады.

Мұны өзгелерге сабақ болуы үшін айтып отырмын. Егер ауруды дәл уақытында байқасаңыз, оны толық емдеп, жазуға болады. Қазір мүмкіндіктер көп. Дәрілер де жақсы. Ал учаскелік дәрігерлер жоқ. Осы жағы қынжылтады, - деді дәрігер.

Ересек адамдар түрлі себепке байланысты ауруға шалдығады. Депрессиядан, қан қысымның жоғары болуынан, кәріліктен. Ал өмірді әлі көрмеген, қиындықпен бетпе-бет келмеген балаларда психикалық ауытқушылық қалай пайда болуы мүмкін деген заңды сұрақ туындайды. Дәрігер оның себебі өте көп екенін айтады. Соның бірі – әйелдердің жүктілік кезіндегі психологиялық және физикалық жағдайы. Әйелдер жүкті кезінде стресс алса немесе күйзелсе, тұмауратса, ол тікелей шарананың миына, жетілуіне кері әсерін береді. Осыдан балада психологиялық ауытқушылық пайда болады. Сондықтан болашақ аналар мен жүкті Әйелдерге кеңесім: жүктілік кезінде барынша сақтаныңыздар, өмірде қандай қиын жағдай болса да, балаңыздың денсаулығы мен болашағына ықтият болыңыз, - деп ақылын айтты.

Қазақта психикалық ауруға шалдыққан адамды «есі ауысқан», «жынданған» деп жатады. Кейбірінің ішіне жын кіргенін алға тартып, молдалардың көмегіне жүгінеді. Ғалия Махамбетқызы ондай дәстүрлі емес медицина түрін мойындамайды. Оның ойынша, адамның ішіне жын кіруі мүмкін емес. Науқасты түрлі емшілерге көрсеткенше бірден дәрігерге қарату қажет.

- Ауруға шалдыққан адам сандырақтайды. Оның айтқандарының барлығын шын деп қабылдауға болмайды. Ол психологиялық ауруға шалдыққандықтан ішіме жын кіріп кетті деп ойлауы мүмкін. Шын мәнісінде бұл – тек аурудың салдары, - деп сөзін қорытындылады психиатр.

Әсем Әлмұханбет

qamshy.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста