100 жасаймын, қартаймаймын десеңіз...
Адамның жасы 25-тен асқаннан кейін уақытқа қанат бітіп, жылдар бірінің соңынан бірі зулап, жеткізбейтіндей әсер қалдырады. Бірақ пендеміз ғой, бәріміздің де қартайғымыз келмейді. 30,40, тіпті 50 жаста да өзімізді 20-дағыдай сезінгіміз келеді. Алайда мәңгі жас болып қалу мүмкін емес дүние. Дегенмен қартаюды сәл де болса бәсеңдетуге болады екен. Бүгін «Алаш айнасы» ұзақ жасау мен тез қартаймаудың құпияларын сіздермен бөлісуді жөн көрді.
Бет-әлпетті әжімнен сақтаудың сан түрлі жолдарын косметология саласы ұсынып келеді. Алайда жүзіңіз жас көріну үшін ішкі ағзаның қартаймауы маңызды. Қазіргі заманда адамның қартаю процесін зерттеп жүрген ғалымдар адамның тез қартаюына бірнеше факторлар әсер ететінін айтады. Жас ұлғайған сайын ағзаға кері әсер ететін радикал молекулаларды азайту үшін оған антиоксиданттар қажет. Ал антиоксидант негізінен өсімдікті азық-түлікте өте көп. Инсулиннің қалыптан тыс көп бөлінуі де адамды тез қартайтады. Сондықтан күнделікті пайдаланатын тамақтардың құрамына баса назар аударған жөн. Өйткені косметикалық өнімдер мен әдістер қысқа мерзімге ғана нәтиже береді. Ал жастығыңызды барынша ұзақ сақтағыңыз келсе, құрамында антиоксиданты көп келесі тағамдарды пайдаланыңыз.
Аскөк пен көкөністер
Адам ағзасын токсиндер мен радикалдардың кері әсерінен сақтайтын көкөністер: қырыққабаттың түрлері, саумалдық (шпинат), салат. Көк шөпті күнделікті қолданған адамның терісі бірнеше аптада 40 пайызға жасарады екен. Аскөк, райхан, ақжелек, жалбыз секілді дәмдеуіштер тағамның дәмін ғана кіргізіп қоймайды, адамды қоршаған ортадағы жағымсыз жағдайлардан сақтайды. Күйзелістен, ультракүлгін сәулелерден қорғайды. Жалпы аскөк ағзаны ауыр металл токсиндерінен тазартып, адамның иммундық жүйесін күшейтеді.
Бұршақтұқымдастардың күші
Бұршақтұқымдас өсімдіктерде ақуыздың мөлшері өте көп, және гиалурон қышқылына бай. Адамның жасы ұлғайған сайын ағзадағы гиалурон қышқылы азайып, тері тез қартаяды. Сондықтан адамның денесі де, жаны да жас болу үшін күніне ас бұршақ пен үрме бұршақты пайдаланған жөн.
Годжи жидегі
Қазіргі таңда диетолог мамандар годжи жидегінің адам ағзасын жасартатын ерекше қасиетке ие екенін айтуда. Бұл жидектің бір грамында С дәрумені апельсинмен салыстырғанда 500 есе көп екен. Бұл жидекті жиі пайдаланған адамның бетіндегі ұзақ әжімдер жазылады. Әжім түсудің алдын алады. Адамның бет терісі құрғамайды өйткені годжидің құрамында бет терісін жақсартатын коллоген бар.
Қара өрік
Бұл кептірілген жемісте антиоксидант мөлшері жетерлік. Бұл тері тіндерінің бұзылмауын алдын алады. Тері жарқырап, әдемі болу үшін күніне қара өріктен 5-7 дана жеу керек. Қара өрік өте дәмді әрі пайдалы.
Зәйтүн
Зәйтүн де адамның бет терісін әжімнен сақтайды. Кез келген кремнен кем түспейді. Антиоксиданттардың ішіндегі ең сұранысқа ие осы зәйтүн.
Қара шоколад
Тәттіқұмарлар үшін қара шоколад ұсынылады. Өйткені оның құрамындағы какао адам ағзасына өте пайдалы. Какао ағзаға әсер ететін ультракүлгін сәуледен қорғайды.
(Суреттер shopomania.kz сайтынан алыны)