Желтоқсан көтерілісін Тәуелсіздік жаршысы дей аласыз ба?
Әшірбек СЫҒАЙ, қоғам қайраткері:
– Сөз жоқ, Желтоқсан көтерілісі Тәуелсіздік алуымызда алғашқы қадам болды. Өйткені 1986 жылы еліміздің басшылығына ешкім танымайтын өзге ұлт өкілі – Колбинді алып келгенде, бұған наразы болған қазақ жастары қақаған суықта алаңға шықты. Бейбіт шеру өткізді. Бұл қазақты басқа ұлттың басқаруына қарсы наразылық шеруі болатын. Алайда бұл Кремльдің шамына тиіп, олар қазақтарды басып-жаншыды, қынадай қырды, алаң қызыл қанға боялды. Шын мәніне келгенде, бұл қазақ жастарының Тәуелсіз ел болуға ниеттенуінің көрінісі еді. Желтоқсаншылардың атқан тасы қызыл империяның қабырғасына қатты тиді. Оның жаңғырығы бүкіл әлемге естілді. Алматыда бастау алған дүмпу әрі қарай Балтық елінде, Кавказ республикаларында жалғасты. Осылайша айналдырған бес жылда қызыл империяның қабырғасы сөгіліп, бостандық алдық. Сондықтан Желтоқсан көтерілісі – сөзсіз, Тәуелсіздігіміздің алғашқы қарлығашы. Оның үстіне, зұлымдық империясынан босатылған бүкіл 16 республика қазақ жастарына қарыздар деп есептеймін. Өйткені бостандық үшін ең алғаш қазақ жастары бас көтерді. Сондықтан Желтоқсан көтерілісін қазақ халқының батырлық бренді ретінде насихаттауымыз қажет. Кейінгі жастар мұны жүрегімен сезінуі тиіс. Әрбір жас осы басымызға қонған бостандық бағын, бостандық бұлбұлын ұшырып алмауы керек.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің ІV шақырылымындағы депутаты:
– Биыл Қазақ елі айтулы қос датаны атап өткелі тұр. Оның біріншісі Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы болса, екіншісі – Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығы. Бұл екі оқиға бір-біріне тығыз байланысты, мұны бөліп-жарудың керегі жоқ. Қазақ халқы Ресей құрамында болған екі жарым ғасырлық мерзімде 300-ден астам ірілі-ұсақты көтеріліс жасаған. Алайда алғашқыларының барлығы жеңіліспен аяқталса, Желтоқсан көтерілісі нәтижелі болып, Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сондықтан бұл оқиға біз үшін ерекше мәнге ие болуы тиіс. Шын мәніне келгенде, алғаш қазақ халқын бүкіл әлем Желтоқсан көтерілісі арқылы таныды. Сондықтан мұны тікелей Тәуелсіздіктің жаршысы дегім келеді.
Айдос САРЫМ, саясаттанушы:
– Қазақ қашанда азаттықты аңсап келді. Ресейдің боданында жүргенде бостандық үшін қаншама көтеріліс жасады. Елбасымыздың өзі Желтоқсан оқиғасына «Тәуелсіздігіміздің қарлығашы» деген баға беріп отыр. Сондықтан Тәуелсіздік бізге аспаннан салбырап келген жоқ. Ол үшін қаншама қаракөздеріміз жанын пида етті. Осыншама кең жерді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап келген ата-бабаларымыздың шын мұрагері бар екендігін осы желтоқсандықтар көрсетті. Сондықтан Желтоқсан көтерілісі мен Тәуелсіздік тарихын байланыстырмау әсте мүмкін емес. Өйткені Желтоқсан көтерілісінен дәл бес жыл өткен соң, Қазақстан дербес мемлекет ретіндегі Тәуелсіздігін жария етті. Сан ғасырлар бойы бабалар арманы болған егемендікке қол жетіп, көкірегімізде сенім оянды. Сол үшін Тәуелсіздік алуымызға тікелей себеп болған Желтоқсан көтерілісін жаппай қоғам болып дәріптеуіміз қажет.