Ресей мен Украинаның арасында астыртын соғыс болуы мүмкін бе?
«Ресейдің жеті аймағында диверсанттық әрекеттер жасамақ болды» деген күдікпен 25 украин азаматы ұсталды деп мәлімдейді Tengrinews.kz сайты ресейлік НТВ телеарнасына сілтеме жасап. Тергеу барысында күдіктілер Украина қауіпсіздік қызметінен нұсқау алғандарын мойындаған. Айтуларынша, оларға Украинамен шекарадағы ресейлік әскерлердің орналасуын, жылжуын суретке түсіру және ресейлік радикалды топтармен байланыс орнату міндеті жүктелген көрінеді. Аталмыш ақпарат қаншалықты рас? Мұның артында не тұр? Бұл Ресей мен Украина арасында «астыртын соғыс» басталғанының белгісі емес пе? «Алаш айнасы» мәселеге тереңірек үңіліп көрген еді.
Ресейліктер таратқан мәліметке сүйенсек, Ростов, Волгоград, Твер, Орлов, Белгород областарында, Қалмақ автономиясы және Татарстанда террорлық қадамға баруды жоспарлаған диверсанттардың арасында «Правый сектордың» үш белсендісі бар екен-міс. Осыған қарап, шетелдік мамандар мұны Ресей мен Украина арасында «астыртын соғыс» басталғанының белгісі деп бағалап отыр. Бірақ, қазірше олардың қандай диверсиялық әрекет жасамақ болғаны белгісіз. Оперативті мағлұматтарға қарағанда, терорлық әрекеттер 14-16 наурыз аралығында, Қырымдық референдум қарсаңында жүзеге асырылуы тиіс болған.
Дәурен Бабамұрат, саясаттанушы:
– Егер 25 украин азаматының Ресейде диверсанттық әрекеттер жасамақ болғаны рас болса, үлкен бір қақтығыстың басталғаны деп түсінуіміз керек. Өйткені, Украина ұлтшылдары бұған дейін де: «Біз Қырымның Ресей құрамына енуіне келіспейміз. Ресейдің бұл әрекетімен заңды және заңсыз жолдар арқылы күресеміз» деп мәлімдеген болатын. Меніңше, 25 деверсанттың ұсталуы «астыртын соғыстың» басталғанын білдіреді. Алда бұл соғыс жалғаса беруі мүмкін. Тіпті, Ресейге қарсы кез-келген мемлекет осы «астыртын соғысты» тиімді пайдаланып қалуға тырысады. Мысалы, Ресей әлі күнге кішкентай ғана Шешенстандағы содырларды жойып болған жоқ. Орыс билігі бұларды «шешен содырлары» деп атағанмен, олар өздерін «тәуелсіздік үшін күресіп жатқан шешен ұлтшылдарымыз» деп біледі. Халқы 1 млн-ға жетер-жетпес Шешенстан осылай күресіп жатқанда 50 млн. тұрғыны бар Украина қарап қала ма? Демек, украина ұлтшылдары диверсанттық әдіс-тәсілді ұстануға көшті. Бұл күрес алдағы 10 жылдықтарға созылып кетуі мүмкін.
Саясаттанушы Дәурен Бабамұрат осы мәселеге орай, диверсиялық шабуылдың қауіптілігі жайлы өз ойын білдірді. «1999 жылы орыс ұлтшылы Лимонов біршама азаматпен «Шығыс Қазақстан облысы әкімдігін басып алып, тәуелсіз орыс мемлекетің құрамыз» деп талпыныс жасағанын есімізде. Бұл да диверсиялық шабуыл еді. Біз оларды дер кезінде тоқтата білдік. Сондай-ақ, Ресейдің Қырымға ұстанған саясатын да дәл осындай диверсиялық шабуыл деп бағалауға болады. Яғни, диверсиялық әрекетті Ресей бірінші болып қолданды. Украина соны қайталап жатыр. Бүгінгі саясатқа қарасаңыз, мұндай қауіп бізді айналып өтіп кетеді деп айта алмаймыз. Сондықтан әрдайым сақ болуымыз керек», - деді.
Бір қызығы Ресейде ұсталған күдіктілер өздерін, балаларды суретке түсірумен айналысатын «Запад-Восток» фирмасының қызметкерлеріміз деп таныстырған. Диверсанттар құпия деректерді СМС не әлеуметтік желідегі аккаунт арқылы жіберіп отыруы тиіс болған. Ресей Қауіпсіздік қызметі диверсанттарды ешқандай терорлық әрекет жасамай жатып құрықтағанын айтады. Ал, қазақстандық сарапшы Әзімбай Ғали терорлық әрекет жасамай жатып құрықталудың астарында үлкен мән жатқанын, бұл Ресейдің арандатуы болуы мүмкін екенін айтады.
Әзімбай Ғали, саясаттанушы:
– Менің ойымша, бұл Ресей мен Украина арасындағы қырғи-қабақ соғыстың жалғасы. В.Путиннің Мюнхендегі сөзінен кейін Ресей мен Батыстың арасы қатқылданып кетті. Енді Украина үшін шайқас жалғаса беретін болады. Ресей алдымен Қырымды басып алып, өз құрамына кіргізді. Онан кейін қарап жатпай Шығыс Украинаға ауыз салмақ болып, көтеріліс ұйымдастыруға тырысып еді, халық белсенділік танытқан жоқ. Әскер кіргізуді Батыстың ыңғайына қарап сәл тежеп отыр. Қазір шетел ақпарат құралдарында Киевтегі көтерілісшілерге Януковичтің тапсырмасымен оқ атылғаны, мұны Ресейдің арнайы қызметі жүзеге асырғаны айтыла бастады. Біріншіден, осы мәселелерді жуып-шайып, ақталу үшін Ресей тарапы «Ресейдің 7 өлкесіне жарылыс ұйымдастырмақ болды» деп Украина диверсанттарына қатысты ақпарат таратып жатуы да мүмкін. Екіншіден, егер де Путин билігі диверсантардың шын мәнінде террорлық әрекет жасамақ болғанын дәлелдей алса, Украинаға әскер кіргізуге мүмкіндік алады деген сөз. Бұл соғыс бастауға таптырмайтын – сылтау. Үшіншіден, диверсанттық шабуылдар дүниежүзілік тәжірибеде бар. Ертең кез-келген мемлекет бізге де осындай қастандық ойлауы әбден мүмкін. Сондықтан, біз осындай кезеңде шекарамызды бекемдеп алғанымыз дұрыс.
Қазір диверсанттарды ресейлік арнайы қызмет мамандары қолға түсіргені, украиндық диверсанттар Ресей аумағында үш-төрт адамнан топқа бөлініп, әрекет еткені, олар өздерін топтан адасқан туристер ретінде таныстырып жүргені жайлы жазылуда. Саясаттанушы Елнұр Бейсенбаев нақты диверсиялық әрекет жасалмағандықтан мұндай ақпараттарға сеніп, бүкіл бір мемлекетті, бүкіл бір халықты кінәлауға болмайтынын тілге тиек етті.
Елнұр Бейсенбаев, саясаттанушы:
– Украинадағы шиеленіскен ахуал әртүрлі диверсанттық топтардың, экстремистердің, яки ұлтшылдардың көптеп пайда болуына негіз болып отыр. Украинаның батысындағы билік пен шығыс жағындағы азаматтардың арасындағы диолог жолға қойылмай бұл мәселені шешу қиындай бермек. Яғни, мұндай топтардың қадамын тікелей украин ұлтының немесе украин билігінің әрекеті деп біржақты қабылдауға болмайды. Сондықтан да, біріншіден, Ресей тарапы өздері ұстаған диверсанттарды түпкілікті зерттеуге тиіс. Екіншіден, диверсанттар белгілі бір террорлық әрекет жасауға дайындалатыны белгілі және де олар белгілі бір дәрежеде сол елдің билігімен қатысы болуы тиіс. «Диверсия дегеніміз – бір мемлекеттің екінші мемлекетке күштеп кіруі» дегенді білдіреді. Ендеше бар болғаны 25 азаматты диверсант деп біржақты бағалау әлі ерте секілді.
«Алаш айнасының» түйіні.
Ресей ақпарат құралдары аталмыш диверсанттар әскери дайындықтан Сирияда өткен болуы мүмкін деген болжам айтуда. Құдай өзі сақтасын, егер де Қазақстан мен әлдебір елдің арасында саяси шиеленіс орын ала қалса, бұл сценарий бізде де қайталанбасына кім кепіл? Өйткені, осыдан жарты жыл бұрын 150-ге жуық қандасымыздың Сирияда «жиһад жасаймыз» деп қолдарына қару ұстап жүргенін БАҚ-тан көрген болатынбыз. Оларды алпауыттар өз позициясына пайдаланбайды деп айта аласыз ба?. Әрине, жауап беру қиын...