Журналистердің кәсіби мерекесін қай күнге белгілегенді жөн көресіз?
Сейдахмет ҚҰТТЫҚАДАМ, «Мысль» журналының бас редакторы, публицист, саясаттанушы:
– Журналистердің кәсіби мерекесін белгілеу жөнінде Сағымбай Қозыбаев сынды азаматтар көптеген ұсыныс пен идеяларын айтып, жазып, білдіріп жүр. Әрине, ұшқыр қаламды, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын журналист мамандардың нақты кәсіби мерекесін белгілеу қажет. Қанша рет қозғалып, бұл мәселе көтерілсе де, орынды деп есептеймін. Ал менің жеке пікірім, қазақ ақпарат құралдарының бастауы – «Дала уәлаяты газеті» шыққан күнді Журналистер күні деп белгілесек, жөн болар еді. Білуімше, аталмыш газеттің алғашқы саны мамыр айында жарыққа шыққан. Ал қазіргі аталып жүрген, түсініксіз мейрамдардың дұрыстығына күмәнім бар. Себебі кеңес заманы ыдыраған кезде қабылданған заңға сәйкес тойланып келеді. Жан-жақты талқыланып, ойластырылмағандықтан, қазақ журналистикасына еш қатысы жоқ деп есептеймін.
Әбділдәбек САЛЫҚБАЙ, «Қазақ тарихы» журналының бас редакторы:
– Шындығына келсек, Журналистер күні қай күні тойланып жүргенін түсінбей де қалдық. Баспасөз күні дейміз, журналистер мен журналистика күні дейміз, тағысын тағы. Менің ойымша, Журналистер күні деп «Түркістан уәлаяты газеті» шыққан күнді белгілеу дұрыс сияқты. Себебі бұл газет кезінде Ресей патшалығының газеті ретінде қабылданса да, қазақ қоғамының тыныс-тіршілігі мен тұрмысы жайлы көп жазды. Бұл жалпы қазақ даласында дүниеге келген басылымға қатысты болса, тағы бір ұсынысым тәуелсіз баспасөзге қатысты болмақ. Шындықты жазып, жүз ашылып, жүз жабылған «Қазақ» газетінің туған күнін Журналистер күні деп белгілесек, қате болады деп ойламаймын. Негізінен, қазіргі БАҚ өкілдерінің мейрамы ретінде нақ осы тәуелсіз басылымның жарыққа шыққан күні – ақпанның 2-сі күнін белгілейік дер едім.
Нұртілеу ИМАНҒАЛИҰЛЫ, ҚР құрметті журналисі, «Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрайымының кеңесшісі:
– Біз журналистерді «төртінші билік иелері» деп атауды жақсы көреміз ғой. Тәуелсіз қазақ елі журналистерінің Тәуелсіздікке жасаған қызметі, менің ойымша, айрықша, ерекше. Ал оны бағалаудың бір ғана түрі бар. Олардың еңбегін жылына бір күн ғана атап өту дұрыс деп есептемеймін. Тіпті сол мейрамның қажет не қажет еместігін де білмеймін. Бір жағынан, қазіргідей ана күнді бір, мына күнді бір атауға қарағанда, белгілі бір күнді бекіту дұрыс та шығар. Бірақ мәселе онда емес. Мәселе – журналистің еңбек етуіне, өмір сүруіне кедергі жасамау. Ол не? Ол, ең алдымен, журналистер не мемлекеттік қызметкерге жатпайды, не бір басқа категорияға жатпайды. Тым болмаса несие алуға, тұрғын үйге қол жеткізуге байланысты қақылары да, құқықтары да жоқ. Сол себепті олар заңды айналып өтуге, таныстық іздеп, алақанын жаюға мәжбүр болады. Сондықтан, ең алдымен, олардың қоғамдағы алатын орнын анықтап алайық. Егер журналистің мәртебесі дұрыс, қоғамға қажетті адам екендігі дәлелденген күн болса, сол күнді Журналистер күні деп белгілеуіміз керек.