Шынқуат Байжанов, Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты:
– Базарларды заманауи талапқа сай етіп қайта жасау қажет екені сөзсіз. Алайда базарда сауда жасап отырған қарапайым халықтың жағдайымен санаспауға тағы болмайды. Меніңше, базардың заңсыз екені дәлелденіп, сот шешімі шыққаннан кейін сот орындаушылары базардағы халықты бірден қуып шықпай, олардың мүмкіндіктерін ескеруі тиіс. Алдымен жұмыс тобы құрылып, зерттеу жұмысын жасаған жөн. Күнделікті тұрмысына қажетін, нәпақасын базардан тауып жүрген адамдар басқа қандай кәсіпке бара алатыны есепке алыну керек. Оларға уақытша болса да басқа жерден орын ұсынылып немесе басқа жұмыс тауып беру қажет. Қысқасы, альтернатива болу керек. Тіпті болмаса жұмыссыз қалған күндеріне компенсация төлесін. Несиеге келген тауарлар болса олардың да жайын ойлағанымыз дұрыс. «Қаласаң да, қаламасаң да кетесің» – деген талап бүгінгі заманға сай емес. Заңнамада «үшінші жақтың құқығын бұзбау керек» деген талап анық көрсетілген. Үшінші жақ дегеніміз – халық. Яғни сот адамы базарды жабу арқылы оның әкімшілігін ғана емес, халықты да жазалап отыр. Бұл дұрыс емес. Сондықтан сот шешімімен қоса үшінші жаққа ауыртпашылық түспеу жағын ойластыру қажет.
Зәуреш Батталова, саясаткер:
– Жуырда ғана мен Болгарияда болдым. Сол кезде мен олардың базарларына назар аудардым. Ашық базарлар әлі де көп. Оларды жаппай құрту туралы әкімшілік бұйырғы жоқ. Себебі олар өздерінің кедей мемлекет екенін түсінеді және мойындайды. Әлеуметтік істер министрімен жеке кездескен едім, «қарапайым адамдардың базарларда, жол үстінде сауда жасауына тыйым салу үшін мемлекет кедейлікті еңсеріп, әлеуметтік деңгейдің белгілі бір сатысын бағындыру керек» дегенді айтады. Жабық ғимараттағы сауда орындарында сауда жасауға әркімге рұқсат бере бермейді. Онда тек кәсібі біршама дөңгелеген адамдар ғана сауда жасай алады. Сонда тұрмысы нашар отбасылар қайдан нәпақа табу керек? Базарда отырғандардың көбінің білімі жоғары. Егер оларға басқа жұмыс ұсына алса, мәселе туындамас еді. Қысқасын айтқанда, бұл мәселені дүрліктірмеу үшін базарда сауда жасап отырғандарға басқа жұмыс ұсынылуы керек немесе санитарлық нормаларға сай келетін заманауи сауда орталықтарынан орын берілу керек. Бірақ ондай сауда орталықтарының орынды жалға беру бағасы қарапайым адамдарға қолжетімді болғаны маңызды.
Абылайхан Саматдин, Қазақстанның риэлторлар қауымдастығының төрағасы:
– Базар тақырыбында форсмажорлы жағдай туып отыр. Бір жағынан базарлардың заман талаптарына сай болғаны бәріміз үшін жақсы. Тіпті саудагердің өзі де қыстыгүні жылы жерде тұрса жаман ба? Ал далада қалай болса, солай сауда жасайтын базар көптеген қолайсыздық тудырады. Қазір тұтынушылар да көбіне жабық сауда орталықтарына көп баратын болды. Яғни түбі соған барамыз. Алайда оған көшудің де өзіндік жолдары бар. Базарда отырғандарды бір күнде қуып шығу дұрыс емес. Себебі көп саудагердің тауарлары несиеге алынады. Олар жаңа сауда орталықтары салынып біткенше жұмыссыз жүретін болса несиенің пайызы айнала береді. Мүмкін, билік өкілдері банктермен келісімге келіп, дәл сол базарды қайта жасалуы себебінен жұмыссыз қалған адамдардың несиесінің пайызын тоқтату мәселесін шешсе. Басқа бір жерден уақытша базар ашып берсе де болар еді.