Тіл тағдырына қатысты түйткілді мәселелерде бір кісідей ұйымдасып жұмыс істеуге неге дәрменсізбіз?
Смағұл Елубай, жазушы:
– Талқыланып жатқан заң жобасының қазақ тілінің дамуына оң қадам жасайтынына сенеміз. Көктемде мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммедпен кездесуде осы мәселені айтқанбыз. Негізінен, тіл туралы заң нақты жұмыс істеуі үшін «Қазақстанның барлық азаматтары мемлекеттік тілді меңгеруі міндетті» деген конституциялық өзгерістер енгізу керек. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне сай болмауы біздің әлсіздігімізден. Баяғыда Франция Президенті Ф.Миттеран Қытайға барған сапарында: «Қытай тілінің болашағы зор, бірақ әзірше француз тіліне қауіп төндіре алмайды», – деген болатын. Біз дәрменсіз емеспіз. Айналайын-ау, бар қазақ, бүкіл ұлт баспасөзі тілдің зарын зарлап, шулап келе жатқанымызға 20 жыл, ар жағы 70 жыл болды ғой. Мұның арты үлкен әрекетке, ашу-ызаға айналып кетуі мүмкін. Сондықтан тілге жауапты адамдарды сақтандырамыз. Әлдебір зейнеткерлер, орыстілді БАҚ шулады екен деп мемлекеттің, қазақ тілінің тағдырын бейжай қалдыра алмаймыз. Соңғы бес жылда қазақтілді БАҚ әр санын тілге арнап келеді. Сондықтан тіл мәселесінде ұйымдаспай, тегеурін танытпай отыр деуге болмайды.
Қазыбек Дауталиев, заң ғылымының кандидаты:
– Мемлекеттік тіл мемлекеттің институты ретінде мемлекеттік басқаруды қажет етеді. Ал мемлекеттік басқару екі түрлі әдіс арқылы іске асады: біріншісі – иландыру әдісі, екіншісі – мәжбүрлеу әдісі. Бірден екінші әдісті пайдалануға болмайды. Егер иландыру әдісі әлсіз, нәтижесіз болған жағдайда мәжбүрлеу әдісін қолдану керек. Осы мәжбүрлеу әдісінің құқықтық жағынан төрт түрі бар: қылмыстық-құқықтық, әкімшілік-құқықтық, азаматтық-құқықтық және тәртіптік-құқықтық. Бізде мемлекеттік тілді білуді мәжбүрлеудің ғылыми теориялық-тәжірибелік механизмі әлі әзірленген жоқ. Қоғамдық сананың қозғаушысы ретінде бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік тілге қарсылықты жан-жақты талқылап, өз үнін білдіруі керек. Мемлекеттік тіл қазақтың ғана емес, алдымен мемлекеттің құқығы болып табылады. Сондықтан мемлекеттік тілдің жайына билік органдары алаңдауы керек, тілдік саясатқа қарсы пікірлерге байланысты нақты құзыреті, бұлтартпайтын аргументтері болуы және түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. «Ана тілдерің ғой, мемлекеттік тіл етіп жасадық, ары қарай өздерің қорғап алыңдар» деп халыққа ысырып тастауға болмайды. Мемлекет қоғам алдында мемлекеттік тілді, яғни өз құқығын қорғай алмай отыр.
Дидахмет Әшімхан, жазушы-публицист:
– «БАҚ кімнің қолында болса, билік сонда» деген сөз бар. Сол рас. Былтырлары ел бірлігі доктринасын қабылдайын деп жатқан кезде зиялы қауым, қазақтілді БАҚ қарсылық білдіріп, өре түрегелді. Ақырында билікке алған бетінен қайтуға тура келді. Өйткені БАҚ – халықтың сөзі, билік халықтың назасынан сескенді. Бұл жерде халыққа өкпе айту қиын, қарапайым халық бірі тауда, бірі қалада, бірі далада дегендей. Ең бастысы, халық пен қазаққа жаны ашитын зиялы қауымның мүддесі, тілегі бір, осы бірлік пен ұйымдасудың басында қазақтілді БАҚ тұр. Бізде ұлттық партия жоқ. Ұлттық партияның рөлін қазақ баспасөзі, ұлт журналистикасы атқарып жатыр. Ұлттың, ел азаматтарының қазақ тілінің төңірегіне топтасуы, бір-біріне хабарласуы қуанышты жағдай. Дәл қазіргі сын сағатта «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару» керек. Осындай кезде елдегі жастар ұйымдары, әртүрлі клуб мүшелері бірігіп, бірдей үн қосатын болса, онда жалған ұран үшін емес, ұлт үшін жұмыс істеп жатқаны деп білемін.