Сот шешімінің шыққанына қарамастан, қарызын өтемейтіндерді қылмыстық жазаға тарту керек пе?
Ербол ҚҰТПАНБАЕВ, Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық №2 сотының төрағасы:
– Әрине, керек. Сот шешімі орындалуымен құнды. Сондықтан заңды күшіне енген соттың шешімі міндетті түрде орындалуы тиіс. Алайда, өкінішке қарай, бізде сот шешімі шығып, заңды күшіне енгенімен, оның орындалуы көңіл қуантпайды. Борышкерлердің көбі сот шешімі шықпай жатып-ақ өздерінің аттарындағы дүние-мүліктерін өзге туыстарының атына жаздырып, жауапкершіліктен қашады. Сондықтан біз, ең бірінші, сот орындаушыларының мәртебесін, құзыретін көтеруіміз керек. Қазір Әділет министрлігі қаражаты бар болғанымен, қарызын өтемейтіндердің тізімін жасақтап, олардың еркін жүріп-тұруына, шетелге шығуына шектеулер қоюда. Сонымен қатар егер борышкер өзінің дүние-мүлкі бола тұра, сот шешімін орындаудан әдейі, қасақана жалтаратын болса, ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ол үшін борышкердің сот шешімін қасақана орындамай отырғанын дәлелдеуіміз керек. Сонда ғана біз осы бап бойынша борышкерді кінәлі деп таба аламыз. Қазір бұл сот тәжірибесінде қолданылып отыр. Алайда осы санаттағы қылмыстық істер көп емес.
Артықбек ПАШАЕВ, Түркістан қаласының прокуроры:
– Мен бір мысал айтайын, Түркістан қаласында бір апа 380 мың теңге қарызын жеті жылдан бері әлі ала алмай жүр. Борышкерден қарызды өндіру туралы сот шешімі шыққан, сот орындаушылары оны бірнеше рет әкімшілік жазаға тартқан, тіпті қылмыстық жауапкершілікке де тартылды, алайда қарыз өндірілмей жатыр. Өйткені борышкердің атында ешқандай дүние-мүлік жоқ. Ол жалақы да алмайды, тек базарда делдал болып жұмыс істейді. Енді осыдан шығудың жолы, борышкерді қоғамдық жұмысқа тартып, қарызын өтегенше жұмыс істетуіміз керек. Міне, заңға осындай өзгерістер енгізіп, осы тәжірибені қолданысқа енгізгеніміз жөн. Әрине, борышкерлерге құқықтық әсер ету тетіктерінің бірі – қылмыстық жауапкершілікке тарту. Бірақ сот актілерін орындаудан қасақана жалтару туралы қылмыстық істерді тергеудің жағдайы да күрделі болып отыр. Қылмыстық қудалау органдары сот актілерін қасақана орындамау фактілері бойынша қылмыстық істі өте аз қозғайды. Мәселен, ҚР Бас прокуратурасының дерегі бойынша, ағымдағы жылдың бірінші жартысында сот орындаушылары 850 040 атқарушылық құжаттан тек 392 051 құжатты немесе 46,1 пайызын ғана өндіріспен аяқтаған. Бюджетке өндірілуге жататын 1,5 трлн теңгеден 73 млрд теңге өндірілген. Бұл ретте мен сот шешімін орындамайтындарды қылмыстық жазаға тарту керек деп есептеймін.
Камал БҰРХАНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп отырмыз. Сондықтан әрбір азамат мемлекет заңдарын сақтауға, сот шешімін орындауға міндетті. Егер сот шешімі заңды күшіне еніп, ол қасақана орындалмаса, онда жауапкер қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс. Өкінішке қарай, мұндай істер сот тәжірибесінде көп қолданылмайды. Осының салдарынан кейбіреулер есіріп кетіп, соттың шешіміне пысқырып та қарамай қояды. Тіпті кейде сот орындаушыларының өздерінің ар-намысына тиіп, қарсылық көрсетіп, оларды да жүгіртіп, әбігерге салады. Сондықтан ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабын қолдануымыз керек. Сот шешімін қасақана орындамаса, жауапкерді қылмыстық жауапкершілікке тартып, оны бұқаралық ақпарат құралдарында жария етуіміз қажет. Сонда ғана бұл мәселе жөнге келеді.