Қазақстан спортшылары Лондон Олимпиадасында қанша жүлде алады?
Нұржан КӘРІМЖАНОВ, боксшы, Сидней Олимпиадасының қатысушысы:
– Қазақстан қанша медаль алады дейсіз бе?! Мен өзім боксшымын ғой, сол себепті былғары қолғап шеберлеріне ерекше үміт артамын. Лондон шаршы алаңына шығатын қазақ жігіттерінің ішінде Серік Сәпиевтің шоқтығы биік. Ол – екі рет әлемді бағындырып, екі рет дүниежүзілік доданың медалін иемденген, рухы мықты боксшы! Оның медальдар қоржынына Олимпиада алтыны ғана жетпей тұр. Екіншіден, Қанат Әбутәліпов Лондон Олимпиадасында өз сөзін айтуы керек! Меніңше, Қанат кез келгенді ұрып құлата алатын қарымды жігіт! Тек аздап сәттілік жетіспей жүр. Бүкіләлемдік бокс сериясында жеңіске жеткен соң, одан қаймығатындар көбейді. Ауыр салмақтағы боксшылар саны көп емес, сондықтан Иван Дычконың да медаль алатын мүмкіндігі зор деп білемін. Әлем чемпионатында қола медаль алғаннан кейін, Ваняда сенімділік пайда болғандай. Жалпы, мен ұлттық құрамадағы әрбір жігіттің медаль алуға қауқары жететінін білемін. Әділбек Ниязымбетов, Данияр Елеусінов, Ілияс Сүлейменов... Жастардың бәрі жақсы дайындалды. Енді Лондон рингінде Алла жар болсын! Боксшыларымызды Олимпиадаға шығарып салуға мен, Ермахан, Болат Жұмаділов үшеуміз арнайы бардық. Ақ батамызды беріп, арқасынан қағып жібердік! Медальды бермесе тартып алуы керек, біздің жігіттер! Мен боксшыларда кем дегенде үш Олимпиада жүлдесі болады деп ойлаймын.
Нұрлан ЕРІМБЕТОВ, саясаттанушы:
– Олимпиада әлем халқының басы бір арнада тоғысқан, тамаша спорт мерекесі емес пе?! Дүние халқы көз тіккен бәсекеде қазақтың аты жиі аталса деген арманым бар. Мысалы, қазақтарды неғұрлым көп көрсетсе, қазақтар оп-оңай жеңіле салмай, әлем алыптарымен үзеңгі қағыстырып, дүниежүзі үздіктерімен терезесі тең өнер көрсетсе, «мына қазақтарың қайтеді-ей» дегізіп, шетелдіктерге бас шайқатқызса, жеңіс деген, міне, осы! Олимпиада – барша әлемге еліңнің атын танытуға берілген тамаша мүмкіндік! Ол тек алтын, күміс, қола медальдармен шектелмейді. Әлем халқының «Қазақстан» атауына құлағы үйрене берсе, мен үшін осы жеңіс болмақшы! Олимпиадаға аттанар алдында ҚР спорт және денешынықтыру ісі жөніндегі агенттіктің басшысы Талғат Ермегияев: «Егер нәтиже көңілден шықпаса, мен орнымды босатамын» деп мәлімдеме жасады. Талғат мырза орнынан кетпей-ақ қойсын! Қазақ спортшылары Лондоннан абыроймен оралсын!
Ермек СЫРЛЫБАЕВ, Қазақстан волейбол федерациясының бас хатшысы:
– Қазақ спортшылары Лондон Олимпиадасында екі-үш алтын алады деген сенімдемін. Әсіресе Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Майя Манезалардан жоғары нәтиже күтемін! Боксшыларда жеңісті дәстүр бар, сол жолдан таймай, елімізге алтын әкеледі деген үмітім басым. Балуандарда 1996 жылдан бері Олимпиада алтыны жоқ, олардың намысқа қамшы басатын кезі келді! Өз басым Нұрмахан Тінәлиевтен жүлде күтемін. Сонымен қатар Ольга Рыпакова Олимпиадада жүлде алса деген де арманым бар. Жалпы есебі Қазақстан Лондондағы Олимпиада ойындарынан 10-15 медаль жеңіп алады.