Педофилияға байланысты қылмыстарға өлім жазасын енгізу керек пе?
Ербол Құтпанбаев, №2 Еңбекшіқазақ аудандық сотының төрағасы:
— Қай қылмыс болсын мейлі, қылмыстың аты – қылмыс. Қазақстан 2003 жылы азаматтық, саяси құқық туралы және адамның әлеуметтік, экономикалық, сонымен қатар мәдени құқықтары жөнінде халықаралық пактіге қол қойып, халықаралық құқықтық қатынастарға байланысты өлім жазасына мораторий жариялаудың алғашқы қадамдарын жасады. Ал ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2003 жылдың 17 желтоқсанында өлім жазасына мораторий жариялау туралы Жарлыққа қол қояды. Міне, содан бері соттар осы Жарлыққа жүгініп келеді. Бұл – Қазақстанның демократия және адам құқығын қорғау принципін ұстанатындығын дәлелдейді. Ал, сіздер айтып отырғандай, дәл осы педофилизмді өзгелерден ерекшелеп, тек оларға қатысты мораторийді алып тастауға болмайды. Менің ойымша, өлім жазасын енгізудің керегі жоқ. Тек жазаны мейлінше қатайту керек. Әрине, өкінішті, мұндай сұмдық етек алып барады. Тәжірибе көрсеткендей, бұрындары өлім жазасы қолданып жүргенде де қылмыскерлердің ішінде егер ұсталып қалса, қандай жазаға кесілетінін біле тұра, арам пиғылдарынан қайтпағандар болды. Менің айтқалы отырғаным – педофилдік қылмыстарға жол бермеудің, алдын алудың басқа да амалдарын қарастырған жөн.
Майра Айсина, Парламент депутаты:
– Әрине, мұндай азғындарды ең жоғарғы үкімге кесуге қарсы емеспін. Өлім жазасын енгізу керек деп те айтар едім. Ондай адамдық қасиеттен ада аң терісін жамылғандардың өмір сүруге еш құқы жоқ деп санаймын. Алайда мораторийді қайтеміз? Міне, осы ізгілендіру саясаты қандай да бір маңызды шешім шығаруға келгенде тізгін тартқызып қояды. Қазір ел арасында «педофилдер оқыған-тоқыған, қызметте отырғандар арасында да жүр» деген әңгіме бар. Ол әбден мүмкін. Негізі, өздеріңіз білесіздер, медицинада педофилизмге ауру деп қарайды ғой. Егер де мана мен айтқан сауатты адамдар сондай ауру болса, алдын ала емделсін дер едім. Жалпы, сөз болып отырған қылмысқа барғандар егер ақыл-есі дұрыс емес деп танылса, әлбетте, емделуге жіберіледі. Ал егер қылмыскер қараниетті болса, онда оларға қатысты жазаны мейлінше қатаңдатпаса болмайды. Әйтпесе жазаның жеңілдігі педофилдердің қатарын көбейтіп, оларды тым еркінсітіп жібереді.
Артықбек Пашаев, Түркістан қаласының прокуроры:
– Өкінішке қарай, мұндай аса ауыр қылмыс қазақтың имандылық орнаған ортасы саналатын киелі Түркістанға да жат болмай кетті. Соңғы екі жылда үш бірдей оқиға тіркелді. Қазіргі кезде осы істерге байланысты тергеу амалдары қатаң бақылауға алынып отыр. Жәбірленуші сәбилердің ата-аналарының жүрегінің қарс айырылғанын көргенде, қабырғаң қайыспай қоймайды екен.
Негізі, педофилдік қылмыстарға барғандарды өлім жазасына кесуге қарсы емеспін. Алайда, өздеріңіз білесіздер, қазір Қазақстанда өлім жазасына мораторий жарияланған. Сондықтан педофилияға ең ауыр үкім қолдану үшін бірінші кезекте аталған қылмысқа мораторийді алып тастау қажеттігін ойлау керек шығар. Біз демократияға ұмтылған елміз. Мораторий – қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге бағытталған республиканың құқықтық саясатындағы маңызы зор қадам. Осы жағын ескерсек, қазір қоғам көтеріп отырған бұл мәселе қалай болар екен? Өркениетті елдер үрдісінен тыс қалуға тағы болмайды. Ал ел қалаулылары заңға өзгерістер енгізіп жатса, педофилияға байланысты қылмыстарға өлім жазасын енгізуге, әрине, қосыламын.