Педагогика саласына ер адамдарды тартудың қандай жолдарын ұсынасыз?
Қайыркен ҚҰНАПИНА, тарих ғылымының кандидаты, әдіскер-ұстаз:
– Өзім сабақ беріп жүрген университеттің студенттерінен сұрасаң, екі-үшеуі ғана «мектепке мұғалім болып барамын» дейді. Онда да өз бетімен барамын дейтіні жоқ. Ең алдымен, ер мұғалімдердің жалақысын екі-үш есе көбейтсе, біз ұтамыз. Бұған әйел мұғалімдер де келіседі деп ойлаймын. Мектепте ер мұғалімдер жетіспейтін мәселе 60-70 жылдары Түркияда да болған екен. Сонда мемлекет тарапынан бағдарлама жасалып, ерлерді мектепке тарту мәселесін қойған. Қазір ер балаларымыз жібектей сызылып, қыз болып кетті ғой. Екіншіден, мектепті өте көп қағазбастылықтан құтқару керек. Ер-азаматтар осы қағазбастылықты онша ұната қоймайды. Үшіншіден, ер-азаматтарды негізгі пәндерге жіберу керек. Елде шамамен 222 929 әйел мұғалім, 52 726 ер мұғалім бар десек, ер-азаматтарымыз көбіне дене шынықтырудан, еңбектен, алғашқы әскери даярлықтан сабақ береді. Алматыда пошташылардың, қала берді вагон жөндеушілердің жатақханасы бар. Ал мұғалімдердің жатақханасы бар дегенді естіген жоқпын. Қазір күйеуі мұғалім десе, жұрт күлетін жағдайға жеттік. Мектепте жүрген 100 әйел мұғалімнің арасындағы 10 ер- азаматтың бес жылдан кейін жүріс-тұрысына дейін, айтатын әңгімесіне дейін әйел сияқты болып кетеді. Сондықтан мектепте ер мұғалімдерді көбейтпей, Бөгенбай, Қабанбайлардың шығуы екіталай.
Өмірбек АЙТУҒАН, «Жыл мұғалімі – 2005» Алматы сайысының бас жүлдегері, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері:
– Қоғам ішінде педагогика саласында ер адамдардың үлес салмағын көтеру мәселесі айтылып жүргенімен, мемлекет тарапынан оны жүзеге асыру жолдары жасалмаған. Осы арада мұғалімдік мамандыққа ауыл жастарының көп келетінін ескеретін болсақ, баспана мәселесі алдынан шығады. Мұғалімдікке қала жастарының келмейтіні белгілі. Кеңестік кездегідей жатақхана түрінде болсын, қызметтік тұрғын үй беру үрдісін мектепке ер-азаматтарды көптеп тартуға қолдансақ, өте жақсы нәтиже беріп, жас жігіттердің мұғалімдікке бетбұрыс жасауына үлкен ықпал етері анық. Мұғалімнің мәртебесін көтеру деген мәселе аясында ер мұғалімдердің жайына ерекше мән беріліп, басымдық беру керек деп есептеймін. Себебі бала тәрбиесінде педагогикалық-психологиялық тұрғыдан ер адамның рөлі айрықша. Мысалы, ер адам сабақ бергеннен кейін әділқазылар оқушылардан сұраған ғой «сабақты қалай өткізді» деп. Сонда оқушылар «ол ағай ғой» депті. Яғни оқушыларға ер адамдардың тәлім-тәрбиесі, өзін ұстауы, көп сөйлемейтіні, эмоцияға берілмейтіні ұнайды.
Сәуле САМСАЛИЕВА, Алматы қаласындағы №58 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі:
– Ер-азаматтар қашанда отбасын асыраушы болғандықтан, оларға, біріншіден, материалдық жағдай жасау, жалақысын еселеп көтеру керек. Ер адамдар мектепке келгенімен, жалақының төмендігінен кетіп қалып жатады. Мектепте ер мұғалімдердің аздығының бала тәрбиесіне, мінез-құлық, психологиясына кері әсері бар. Осыдан біраз жыл бұрын мектеп директоры болған ер адам жалақысын көтеріп, жағдайын жасаймын деп, білім ордасына 30 ер-азаматты шақырып, жұмыс істеді. Кейін ол кеткен соң, ер мұғалімдер де азайып, алты-жетеуі қалды. Сондықтан Үкімет тарапынан осы мәселені реттеу керек деп ойлаймын. Мектепте әйел мұғалім көбейген сайын сыныпта оқушы қыздардың белсенділігі артып, ер балалар кейінге ысырылып қалып жатады. Ер балалардан «мұғалім боласың ба» деп сұрап көрсек, ешқайсысы педагог болғысы келмейтінін айтады. Жалпы, ең құрығанда мектепте 30-40 пайызға дейін ер адамдардың үлесін көбейту керек.