Еліміздегі құрылыс нысандарының сейсмикалық нормаларын неге жапондық үлгіге негіздемеске?
Мұрат ӘБЕНОВ, Мәжіліс депутаты:
—Жапонияда орын алған қайғылы жағдай бізді де ойландыруы тиіс. Өйткені еліміздің кейбір өңірлері сейсмикалық қауіпті аймақтар қатарына жатады. Мәселен, Алматы қаласы. Расында да, Жапониядағы зілзалаға ондағы көптеген нысандар төтеп берген екен. Таратылған ақпараттарға қарап отырсаңыз, ондағы зәулім ғимараттар тасқыныңа да, цунамиіңе де шыдап баққан екен. Міне, көрдіңіз бе, Жапония құрылыс нысандарының сейсмикалық қауіптілігін қаншалықты сақтайтынын осыдан-ақ аңғаруға болады. Бұл ретте олар өздерінің жетістіктерін байқатты. Неге біз де олардың жақсы жақтарын алып, құрылыс нысандарының сейсмикалық нормаларын өзімізде тәжірибе ретінде енгізбеске? Мен құрылыс мәселесі төңірегінде біраздан бері мәселе көтеріп келемін. Еліміздегі салынып жатқан құрылыс нысандарының көпшілігі осал, арнайы нормалар сақталмаған. Әрине, қағаз жүзінде барлығы дұрыс, сейсмикалық қауіптілігі төңірегіндегі құжаттары қолында бар, ал іс жүзінде жағдай алаңдатарлық. Кезінде көптеген құрылыс компаниялары тек пайда табу мақсатымен ғана құрылып, кейіннен олардың орнын сипап қалдық. Сондықтан өркениетті елдердің кейбір жақсы жақтарын өзімізде тәжірибе ретінде пайдаланудың артықтығы жоқ.
Ақмырза РҮСТЕМБЕКОВ, ҚР сәулетшілер одағының президенті:
—Негізі, құрылыс нысандарының сейсмикалық нормаларын батысқа немесе басқаға еліктеп жасаудың керегі жоқ. Бұл ретте өзіміздің тәжірибеміз жеткілікті. Өзіміздің бұрыннан қалыптасқан құрылыс нормамыз басқалардан асып түспесе, кем емес. Бірақ оның орындалу деңгейі қалай, құрылыстың сапасы қаншалықты нормаға сәйкес жүргізілуде, оны бақылап, тексеру өз дәрежесінде жүріп жатыр ма? Мәселе – осында. Бізде құрылыс алғаш салынардағы жобалау жұмыстарында еш кінәрат жоқ, тек материалдар сапасы мен құрылысшылардың тәжірибесі кемшін түсіп жатады. Мысалы, Жапонияда 9 балл жер сілкінді, артынша цунами болды, бірақ үйлер неге құламады? Оның алып бара жатқан құпиясы жоқ. Себебі кез келген құрылыстың іргетасы мықты болып, барлығы норма бойынша салынса, қандай да болмасын, қауіпке төтеп бере алады.
Ұзақбай АЙТЖАНОВ, Қазақстанның құрметті құрылысшысы:
—Америкаң болсын, Жапонияң болсын, құрылыс нысандарының сейсмикалық нормаларын керісінше бізден үйренсін. Бұл жағынан біздің зерттеу институттарымыз да, тәжірибелі мамандарымыз да жеткілікті. Бір өкініштісі, салынып жатқан құрылыс нысандарын тексеріп, бақылап отыратын органдардың жұмысын жүйелеуіміз керек. Осыдан төрт-бес жыл бұрын елімізде құрылыс қарқыны жоғары болып тұрған кезде, оңай ақша табудың мақсатымен кім көрінген құрылыс фирмасын ашты. Қалтасында кішкене қаржысы бар мал дәрігері де, педагог та құрылысшы болды. Енді кез келген саланы өзінің маманы жүргізбеген соң, ол жерде міндетті түрде кемшілік орын алады. Негізі, сейсмикалық аймақта ірі құрылыс нысаны бой көтерер кезде, оған міндетті түрде ғалымдарды араластырып отыруымыз тиіс. Солардың ой-пікірімен санасып отыру қажет. Онымен қоса, бұрын елімізде Құрылыс министрлігі болатын. Оның ішінде құрылыстың сапасын бақылайтын арнайы комитет болушы еді. Міне, осыны қайта жолға қоюымыз керек.