Елді мекендерге қала мәртебесін беру туралы заңды қайта қарау керек пе?
Әлихан ТОЙБАЕВ, Мәжіліс депутаты:
– Жоқ, менің ойымша, елді мекендерге қала мәртебесін беру туралы заңға өзгеріс енгізудің қажеті жоқ. Өйткені осы бағытта басқа да жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, «Өңірлерді дамыту» туралы бағдарламада ауылдарды үш категорияға бөлген. Онда жақсы дамыған, енді даму үстіндегі және өркендеуі тоқтап қалған ауылдар деп бөліп, өз бетінше дамымай қалған ауылдарды ұжымдастыру шаралары жүріп жатыр. Осылайша ауыл тұрғындарын жұмысқа тарту, оларды өз бетінше дамыту жұмыстары жүргізілуде. Сондықтан оларға қала мәртебесін беру арқылы дамыту жұмыстарын жүргізудің қажеті жоқ. Есесіне, кезінде саяжай атанған, алайда бүгінде халық көп қоныстанса да, саяжайлық мәртебесінен арыла алмай отырған жерлерге ауыл мәртебесін беру керек. Саяжай тұрғындарының үй құжаты жасалмайтын болғандықтан, тұрғындар тіркеуге тұра алмайды, әрі жедел жәрдем де бармайды, мектеп, ауруханасы мүлдем жоқ. Егер оларға ауыл мәртебесін берсек, әлеуметтік мәселелерін шешер едік. Осы орайда мені елді мекендерден гөрі саяжайлар мәртебесі алаңдатады.
Ғани ҚАЛИЕВ, «Ауыл» партиясының төрағасы:
– Бұрын қала мәртебесін иеленуі үшін ондағы халық саны 40 мыңға жету қажеттілігі жайлы талап болатын. Сондай-ақ қала болуы үшін онда өндіріс орындарының болуы да міндетті еді. Рас, Кеңес Одағы кезінде жалпы халық саны да жоғары болатын. Ал бүгінгі күні 16 миллион халқымызбен қалаларға 40 мыңдық меже қою артығырақ. Сондықтан біз елді мекендерге қала мәртебесін беру туралы заңды қайта қарауымыз қажет. Және ол жерлерде өндіріс орындарын көптеп ашып, халықты жұмыспен қамту жайын да мақсат етуіміз керек. Оларға қала мәртебесін берудегі басты мақсат – мемлекет тарапынан өз алдына жеке бюджетін бөлу арқылы олардың өз бетінше дамуына жағдай жасау. Ал бүгінде елді мекендердің қалалық мәртебесі болмағандықтан, облыс бюджетінен ауысқан қалған-құтқан қаржыны талғажау етуде. Осылайша күн санап құлдыраған елді мекендер тіпті жойылып жатыр. Нәтижесінде далаларымыз да бос қалуда.
Ілияс ИСАЕВ, экономист:
– Әлемдік тәжірибеде елді мекендерге қала мәртебесін берудің өзіндік параметрлері болады. Онда параметрдің ең бірінші көрсеткіші халық санымен өлшенеді. Мен онымен келіспеймін. Халықты асырайтын, ең алдымен, экономикасы. Сондықтан біз халық санынан бұрын ондағы өндіріс ошағына мән беруіміз керек. Мәселен, қиян шеттегі Қызылқұмның орталығында 50 мың халқы бар елді мекен болса, оған қала мәртебесін беруден біз ештеңе ұтпаймыз. Меніңше, теміржол бармайтын, байланыс пен жолы, инфрақұрылымы қалыптаспаған аймаққа қала мәртебесін беру дұрыс емес. Осы орайда қала мәртебесін беру үшін ол жердің экономикасы, өзін-өзі асырайтын муниципалды бюджеті болуы керек. Сондықтан ол жердің жағдайын жан-жақты тексеріп алып қана қала мәртебесін беру жайлы ойланған дұрыс дер едім.