Әкімдіктердің мекемелерді қала көшелерін қардан тазартуға жұмылдыра алмауы ненің белгісі?
Камал БҰРХАНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Енді біз құқықтық, зайырлы мемлекетте өмір сүріп отырмыз. Сондықтан мұның барлығы заңдық тұрғыдан реттелуі тиіс. Мәселен, жергілікті мәслихат «әрбір мекеме өзіне қарасты жерлердің тазалығына, күл-қоқыстың, қардың үйіліп жатпауына жауапты болуы тиіс» деп шешім шығаруы керек. Әрі оны тиісті органдар өз деңгейінде қадағалап, бақылап отырғаны жөн. Егер ол мекемеде қар тазаланбаса, онда айыппұл салып, қателігін мойындату керек. Ал көше, жол бойын тазалау, ол – жергілікті әкімдіктің жұмысы. Оған жауапты мекемелер бар. Олардың да ыждаһатты жұмыс істеуге деген жауапкершілігін арттырғанымыз дұрыс. Енді Алматыда қардың қалың жаууы, ол –төтенше жағдай. Табиғаттың тосын құбылысына ешкім тосқауыл бола алмайды. Дегенмен қар тазалауға жауапты мекемелер осындай уақыттарда екі-үш ауысыммен жұмыс істеуіне болады ғой. Тіпті көлік қозғалысы аз болатын түн кездерінде қар тазалауға шықса, қандай жақсы болар еді. Бұл ретте жергілікті әкімдік қатаң талап қойып, оның орындалуына барынша бақылау жасауы тиіс. Біз осылай еткенде ғана бұл мәселенің оң шешілуіне ықпал ете аламыз.
Амалбек ТШАНОВ, қоғам қайраткері:
– Таяуда Мәскеуге де қалың қар түсті, соның салдарынан көлік қозғалысы қиындап, кептелістер жиіледі. Бірақ Мәскеу мэрі «әрбір мекеме өздерінің тұсындағы қарды тазаласын» деп үндеу жариялап, соған халықты жұмылдырып, оларға күрек керек пе, техника керек пе т.б. құрал-саймандармен қамтамасыз етіп, дереу қарды тазалап тастады. Ал Алматы қаласының әкімі: «Қарды тазаламаймыз, қыстың көрінісін бұзудың керегі жоқ, бірақ әрбір мекеме өздерінің тұсындағы қарды тазаласын», – деді. Осы сөзді айтты-дағы, алайда ешқандай ұйымдастыру шарасын жүргізген жоқ. Жарайды, әрбір мекеме өздерінің маңындағы қарды тазалауға шықсын делік, енді олардың қолында күрегі, құрал-сайманы, техникасы жоқ болса, олар немен тазалайды? Осының бәрін жергілікті билік ұйымдастыруы тиіс емес пе? Демек, біздің әкімдік қала көшелерін қардан тазартуға халықты жұмылдыра алмай отыр деген сөз. Осының салдарынан қалада көлік тығыны артып, халық таңертең – жұмысқа, кешкісін үйіне жете алмай қиналып жүр. Мұның барлығы жергілікті әкімдіктің тиісті ұйымдастыру шараларын дұрыс жүргізе алмай отырғандығының салдарынан деп есептеймін.
Жұмажан ЖАҢБЫРОВ, техника ғылымының докторы, профессор:
– Шынында да, қазір жұмыстан кешкісін қаланың ішіндегі үйімізге жету үшін екі-үш сағат жол жүретін болдық. Онсыз да Алматыда көлік тығыны көбейіп тұрған кезде «жығылғанға – жұдырық» дегендей, қар қалың жауып, одан сайын кептеліс болды. Жол жиегіндегі автокөлік тұратын жерлердің барлығы қардан тазартылмай, жүргізушілер амалсыздан көліктерін жолдың ортасына қоюда. Осылайша қалада көліктер бір-ақ жолақпен жүріп отыр. Осының салдарынан халық жұмысына кешігіп келіп, үйіне дер уақытында жете алмай отыр. Жергілікті әкімдіктің әрекетсіздігінен қолдан көлік тығынын жасадық. Бұл тәртіптің, талаптың, жауапкершіліктің жоқтығынан деп есептеймін. Мұны шешу үшін жергілікті билік «әркім өз мекемесінің алдын қардан тазаласын» деп айтып қана қоймай, нақты тапсырма беріп, талап етуі тиіс. Әрбір мекемені қар тазалауға жұмылдырып, ұйымдастыру жұмыстарын тиянақты жүргізгені жөн.