Әке туралы сыр...
Кеттіңіз оралмайтын бір жолменен,
Бөлініп сала берді іргең бізден.
Бақыл бол, әкетайым көндік тағдыр,
Тағдырдың салғанына кім көнбеген.
Әкемнің азан шақырып қойған аты Жекебатыр екен. Әке-шешесі еркелетіп Жекен деп атапты. Содан былайғы жұрт Жекен деп кеткендіктен Жекебатыр екендігін ешкім білмейді. Әкем өте әңгімешіл жан болған, бізге өз атының неліктен Жекебатыр болғандығын өзінің бір атадан ұлдан жалғыз екендігімен түсіндіретін.
Атам Орманбек 88 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Жалғыз ұлы Жекеннің тілеуін тілеп, өле-өлгенше немерелерін жанындай жақсы көріп, әсіресе мені қатты еркелетіп өткен еді. Еһ, қайран атам, орның мен үшін бөлек еді –ау!
Ал апам туралы әңгіме тіпті басқа, өйткені апама жететін дүниеде жан жоқ. Апамның аты –Бәтима еді. Бала кезімізде, бар жақсысы мен тәттісін аузымызға тосқан әкемізден тараған ұл-қыздардың дұрыс азамат болуына көп еңбек сіңірген адам біздің алтын апамыз. Апам өте мейірімді, ақкөңіл жан еді. Жаны жаннатта болсын.
Әкем Жекен алғашқы өмір жолын ұстаздықтан бастаған. Сұңқар ауылындағы алғашқыда сегізжылдық, кейіннен онжылдық мектепте табаны күректей 35 жыл қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып қызмет атқарды.
Әкемнің алдынан талай шәкірт түлеп ұшып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің майталман мұғалімі болды. Басқа мамандық иелері болғандары қаншама?!
Әкем туған жерге тамырын жайған алып бәйтерек болса, біздер –тоғыз қыз, төрт ұл бәйтерек әкенің он үш бұтағы едік. Бәйтерек - әкеміз дауылға жапырағымызды жұлдырмады, аязға ұрындырмады. Соның арқасында әрбір бұтақ бүршік жарды. Сол бүршіктеріміз өркен жайып, жайқалып өсіп келеді.
Бүршік жарды он үш гүлі жүрегімнің,
Гүлдеріммен құлпырып, түледім мың.
Жар бола гөр, Жаратқан, ұл қызыма,
Қанаттарын талдырма түлегімнің,-деп Аллаға құлшылық жасап , тағдырына шүкіршілік ететін. Әкем бізге «менің бар байлығым сендерсіңдер» дейтін.
Әкемнің тағы да бір қыры- сынықшы, емшілік қасиеті.
Әкем салмаған сынық түрі жоқ десем қателеспегенім. Алдына келген барлық адамды бірдей көріп, көмектесетін, тіпті ең қиын деп саналатын бас сүйегі сыну, ажырау, шаты ажырау секілді сынықтарды қиналмай салатын. Бұлар өзгелер үшін адам сенбейтіндей оқиға болса, біздер үшін үйреншікті, бірақ үлкен мектеп еді.
Көптің алғысын алып, жаны қиналған адамдарға шарапатын тигізудің қаншалықты мәні бар екендігін қазір әке жолын қуған өзім де сезінгендеймін.
Әкем адам ағзасында кездесетін әртүрлі ауруларды да емдеп жаза алатын қасиеті бар еді. Асқазан жарасы, тері ауруларын, сары ауруды емдейтін, шөптен әртүрлі дәрілер жасайтын. Сондай-ақ мал атаулыда болатын аурулардың барлық түрін білетін, емін де жасайтын. Қазір есіме түсіріп отырсам, әкемнің алуан қасиеті бар сан қырлы, бір сырлы ерекше жан екендігін баса айтқым келеді.
Және бір қасиеті табан астында өлең құрастыратын, суырып салма ақындық қасиеті де бар еді. Жасырақ кезінде мектеп оқушыларына арнап ән де жазған.
Әкемнің :
Балалар кім, халықтың жас түлегі,
Жалын ойнар жанарында үнемі,
Жаңалыққа құмарлана соғады
Кіршігі жоқ кіп-кішкентай жүрегі
Қандай еді ,қандай еді өздері ,
Бал шырынды балдай еді сөздері.
Солар үшін өмірімнің көктемі ,
Үлкен өмір алғы шақты көздеді,- деген әнін оқушылары орындайтын.
Әкемнің дастарханы кең, қонақжай, ақкөңіл, кеңпейіл,ел ішсін, жесін дейтін адамның дастарханы еді. Үнемі үйден қонақ арылмайтын. берекелі де, мерекелі болғандығын ауылдастары да, көрші-көлемдері бәрі айтып отырады.
Өмірдің мәні –көп жасағанда емес, көпті көргенде. Шығыста «Бір жылыңды ойласаң күріш ек, он жылыңды ойласаң –ағаш ек, жүз жылыңды ойласаң- адам тәрбиеле» дейді екен бабалар аманаты. Әкем күріш өсірген жоқ, ағаш баптаған жоқ, бірақ өзінің қалған іздері ретінде кейінгі ұрпақты тәрбиелеп өсірді.
Мен байыппен сөйлеп, өткір, нақты шешім қабылдайтын қайсарлықты өзіңіздің бойыңыздан табушы едім. Сонда ойлап отырып, неге ұл болып туылмадым екен деймін. Мүмкін.. бәрі де басқаша болар ма еді…
Кім біледі? Сондықтан да аталар аруағын ауызға алғанда әділін айтып, өмір өткелдерін таразылауға құлшыныс жасайық.
Авторы: Ләззат Жекенқызы, «ӨРЛЕУ» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы
Алматы облысы бойынша
ПҚ БАИ педагог қызметкерлерінің
деңгейлік бағдарламалар орталығының тренері