Жанболат БАЙМҰРЫНОВ: ҚЫЗ МОНОЛОГІ
– Қалып қоямыз-ау, Серік, болсаңшы тез! – қатарындағы сәл аласалау келген баланы асықтырып қояды.
– Өзге балалардан ұят-дағы, екеуіміз әдейі кешіккендей көреді ғой, болшы.
Тоқыма көк бас киімін көзіне түсіре киген ол өзіне қамқорси айтқан сөздеріне көңілі марқаятын сыңайлы: бас киімінің жиегінен сығалай жылтыраған көздері одан әрі нұрлана түсіп, жымия қарайды. Үстіне киген курткасының жағасын қырау басып қалған, сонда да асығар емес.
– Мұңлық, сен тарихтан берілген тапсырмаларды орындадың ба?
– Мен, иә, – одан әрі тағы асықтыра бастады. – Жүрші тезірек! Үйің болса алыс, жылдамырақ жүрмейсің бе? Тоңбасыңа да жақсы ғой.
– Ал менің сабаққа мүлде барғым келіп келе жатқан жоқ, дайын емеспін. Осылай жүре берсем деймін. Сен білесің бе, мен тоңбаймын да. Рас айтамын, қарашы, қолғабым да жоқ, әдейі қалдырып кеттім, – Серік өзіне бетін беріп, шегіне жүріп келе жатқан мұның алдына алақандарын тоса берді. – Міне, ұстап көрші, жып-жылы.
Бұл қолғаптарын шешкенде, қараңғылық сейілмеген таңғы ауаның құрғақ аязы табиғатынан нәзік саусақтарына бірден сезілді. Сол бойда Серіктің алақанын өз алақандарына жасыра берген. Шынында да жып-жылы екен, мүмкін, солай сезілген де болар. Кенет қоңырау шылдырлай жөнелді.
– Айттым ғой, әне, естідің бе? Шылдырлап жатыр.
Екеуі де асыға жүгіріп келе жатыр, міне, босағадан асып, ішке озды. Қоңырау үні әлі тыйылар емес: шылдыр-шылдыр, шылдыр-шылдыр-шылдыр...
Енді қараса, ақ құманның үлкендігіндей жез қоңырау өз қолында. Мектеп бітіруші түлектер мен мектеп табалдырығын алғаш аттаушы балақандардың ортасында қаумалаған көпшілікті айнала жүгіріп жүр. Қоңырау – қолында. Сілкілеген сайын, бебеу қағады. Жоқ, олай да емес екен. Бұл – мектеп бітіруші түлек. Сабына көк лента тағылған жез қоңырау әлдебір балақайдың қолында жүр. Иә, иә, өзі Серіктің қасында, бір түрлі мұңаюлы сияқты. Алақандарын соғады, Серікке қарайды. Сөйтсе, ол Серік емес, өзге біреу екен. Әне, Серік ана жүр. Апырмау, ол қашан кетіп қалған? Өзінен-өзі таңданып тұр. Қоңырау ұстаған балақайды иығына отырғызған күйі айнала жүгірген Серік сол балақайдың әлсіз білегінің серпінімен шылдырлаған қоңырау үнінің ырғағымен сәйкес ұмсынып-ұмсынып барады. Енді бірде, бері бұрыла бере, бұған көз тастап қояды: қуаныштан бал-бұл жанған жайы бар. Кенет келесі айналымда шарт бойынша қайта бұрылуға тиіс Серік сол бойы қайырылмастан топты жарып ұзай берді. Оның бұл қылығына айран-асыр болған топ ошарыла қалған, бірақ ол кете барды. Әп-сәтте қалың жұртшылықты қақ жарумен келесі шетіне іліккен де, жүрісіне жүріс қосып, қарқыны үдей түсті. Ойда жоқта оғаш мінез көрсеткен Серіктің бұл қылығына өзі де қайран. Түкке түсінбесе де, келер деген, бірақ олай да болмады. Ұзап бара жатқан Серік барған сайын зырыл қағып, енді бірде көз ұшында ноқатқа айнала бастаған. Құлдыраңдап барады. – Серік! – дейді бұл айқайлап, – Серігім, мұның не? Тоқташы, мен... қазір қуып жетемін, Серік! Қайда барасың, аялдашы! – Бірақ Мұңлық солай деді екен деп аялдар ол болмады. Бұлдыр-бұлдыр сағымға ене берген соңғы көрінісі әлсіз шалынады. – Серік деймін, неге бұлай? Неге? Неге? Не-ге-ее-е?! – даусы шықпайтын тәрізді, алайда сонау қиырдан бұлаң қаққан кішкене сұлбаның үні, қоңырау үні, бүкіл аспан асты мен тұтас жер бетінде қалықтап қалыпты. Әлде... жаңғырығы ма, кім білсін, әйтеуір, мұның айқайлаған даусын Серікке жеткізбей жатқаны анық. Оны бұл да байқай бастады. – Болмаса, тоқтар еді ғой, мұнарға, оның ар жағындағы жұмбақ әлемге өзі ғана жұтылмай, Мұңлығын қоса әкетер еді ғой... Неге ол... Не-ге-е-ее?! Мұның соңынан шұбыра жөңкілген тобыр арасынан шешесі бұрын жетіп, бетін басып өксіп жатқан қызының иығына қолын салған, одан әрі шашын сипалай үн қатты. Жұбататын сияқты:
– Мұңлықжан, тұр, қызым. Елде жоқ, ескіде жоқ қайдағы сорақы қылықты бастап, қай ғұрпыңнан үйрендің? Сөз аңдыған сумақай көздерге сұқ болмай, көзіңнің жасын құрғат, өксігіңді тый. Қоя ғой, күнім. Мен сені, сен мені білмеуші ме едік? Бәрі де жалған, құр бос лепіру ғана. Болашақты болжап болмайды, келер күннен үміт күткеннен дұрысы жоқ, айналайын. Кесіп-пішіп қойған келешегің бе еді, мұның не? Тірі пенде жанынан түңілдірер топас түзетулерді көре береді. Ол – тіршілік тынысы. Бірде демі жетпей, аузымен ауа қармаса, бірде терең-терең тыныстап жататыны бар. Бұл – соның ескертпесі ғана, қызым, тұра ғой. Менің де намысымды қорлап, әкеңнің жігерін құм қылма демеймін, бәрі де өз бағыңа орай. Тұр енді, босқа көңіл-күйіңді құртпа, құлыным, мектепке барайық, – бір түрлі жұмсақ сөйлеген анасы мұның қос қарынан демеп, ақылын айтып жатыр.
Өзі әлі түкке түсінер емес. Өзінше өмірлік серігім деп жүрген Серігінің аяқ асты күрт өзгеріп, дауыс жетпес, көз көрмес жерге шығандап кеткенін неге жорырын білмей әлек. Сөйтсе де анасының мейірлене тіл қатып, асты-үстіне түсіп жатқанынан сәл ыңғайсызданып, ырқына көне берген. Көз алды мамыр айының бой қуантар шуақты қүнінде перде тұтылғандай көлбең-көлбең қағып бар-жоқты ажыратқызбайды, буалдыр.
– Мама, маматай, ол енді келмейді ме? Қайда кетті, енді келмейді ме? Неге кетті, мамашым, ол енді ешқашан қайтып оралмайды ма? Неге? Не-ге-е-ее-е?
– Келмейді! Келгісі де келмейді!
Бар болмысына түрпіше тиген ауыр сөз ту сыртынан саңқ еткенде, бұл селк етіп, жалт қараған: Серіктің әкесі екен. Онсыз да қалың қабағы онан әрі түксиіп, ерекше қатуланып алыпты. Жеп қоярдай ызғар шаша қарайды. Сөйткенше болған жоқ, оның қасындағы жұбайы, Серіктің шешесі, сенбей тұрмысың, көзің көрді емес пе дегендей, әнтек алақандарын жайды да сықылықтай күліп жіберді. Ізінше оған әкесінің зор қарқылы, қала берді, мұның өз әке-шешесінің рахаттана күлгені ұласып, көктемгі далада алғаш күн күркірегендей, маңайды дыбысымен дүр сілкінтіп алып, одан әрі күңгірлесіп бара жатты. Осыдан қас-қағым бұрын ғана аналық ақылын айтып тұрған шешесінікі не? Дір-дір етіп шегіне берді. Сөйтсе, шешесі қасында екен. Бәсе, бәсе, мамашым, сен бұлай етпесең керек еді ғой... Бірнеше жерден қатты ахахалаған көп дауыс екпіндеген пәрменімен қоса ауаға аяз тарататын сыңайлы, бар денесі қалшылдап, ыңғай берер емес. Көп қорқаудың талапайына түсер сәттегі елік лағының кейпіне еніп, жан-жағына жасқана қарағыштай берген бұл енді аңғара бастады: жаңа бір әзірде ғана мектеп бітіруші түлектердің соңғы қоңырауының үніне құлақ түріп, көңілдеріне толқу жүгірген, бақыттан бастары айналған қуанышты халайықтың бәрі-бәрі тек қана Серік екеуінің ағайын-туысқандары екен. – Басында қалай байқамағанмын? Мұнысы несі, өзге құрбы-құрдастарымның бір туған көңіл қимастары қайда? Неге келмеген олар? – Қалың жұртшылық болып қарқ-қарқ күліскен адамдар лек-легімен кейін серпіле бастады, бәрінің жүзінде «сол керек саған!» деген ащы мысқыл бар.
– Тоқтаңдаршы! Неге бола айыздарың қанып, неге бола рахаттанасыңдар? Ол бәрібір келеді!..
Осы сөзден кейін күлкілерін тіпті үдете түскен нөпір қыран-топан. Бұл ең болмаса бірімен тілдеспек болып, соңдарынан жүгіреді, бірақ олар мұны барсың-ау деп елеместен өз жөндеріне кетіп барады. Кенет және бір сұмдық көріністің куәсы болды. Екі өкпесін қолына ала әлгіндегі тобырдың жүріп өткен жеріне барса, көктемнің жаршысы – жауқазындардың ұзынша келген қос алақандарын баяу сырғыған ескектің лебімен алақайлай шапаттаған аса бір шатты қылықтарынан сүлдер де қалмапты. Жөңкілген туысқандарының әр басқан іздері жер бетін қап-қара етіп күйдіріп жіберген де, сол іздерде ұмар-жұмар тапталған жауқазындар аса аянышты халде жаншылып-жаншылып қала беріпті. Сол-ақ екен, жез қоңырау үні тағы да естілді, бір түрлі ытырына шығатындай. – Серігім!.. – деп әуелде сол кеткен бағытқа жалт қараса, сонау-сонау көкжиектен әлдеқандай тұлпарға мінген Серігі биіктеп, иә, аспанға ұшып барады екен. Қоңырау дегені тұлпардың кісінегені болып шықты. – Жоқ, әлде... Қоңырау ма? Болса, қайда өзі, балақай ше? Екі аяқтылардан төрт аяқтыға мініп қашқаны қалай Серіктің? Әлгі қоңыраулы балдырғанды ілестірді ме екен? Солай болуы керек. Былтыр Айбектің інісін алдыңа отырғызып алып... Иә, сен балажан әке болатын едің-ау, Серік! Қайда-а-а сол күндер? Қайда-а-сың сен қазір? Неге-ее-ее-е?! – Қоңырау үні әлі де ап-анық. Тіпті, дәл жанынан естілетіндей, үсті-үстіне шылдырлап, толас табар түрі жоқ. Өздерінше масайрап, бұған зілдене қараған лек соңына қап-қара болып күйген іздер мен гүлдерді қалдырып, олар барады. Бірте-бірте өздері өткен жердегі қара жолақ ұлғая келе жер бетін басып, енді ауаға жайыла бастаған. Міне, міне, шаттық үшін атқан таң, қысқа мерзімде ғана туталақайы шыққан жер бетіне күнәсыз кейіпте мүсіркей қараған Күн – бәрі де осынау қара бояуға жұтыла берді де, төңіректен ине көзіндей де ақ сәуле қалмай, тұтас меңіреулік иеленді. Ұстанар бағдар, барар бағытын білмей, амалсыздан табан тіреп тұрған тұсына, буындарынан әл кетіп, жантая берген бұл мағұлымсыз меңіреуліктің тұтқынына айналып сала берді. – Мұндай тылсым буған тіршіліксіз түнек мылқау болса керек еді, қоңырау үні әлі де шылдырлайды ғой. Бәлкім... Серігім келер ме екен? – сөйтсе де ләм деп жақ ашуға дәрмені қалмаған. Қоңырау болса, үздіксіз өршелене шылдырлайды: шылдыр-шылдыр, шылдыр-шылдыр-шылдыр...
***
Ең болмаса қоңырау үнінің қайдан шығып жатқанын нақтылап алмақ болып жан-жағына мойын бұра бастаған Мұңлық әлдебір сәулені шалып қалды. Көзін айырмай сол сәулеге қадала қарап қапты. – Қайдан, қайдан көріп едім осы сәулені? Тіпті, күнде көріп жүрген таныс жарық қой. Қоңырау үні де дәл құлағымның түбінен шығатын сияқты. Осы мен қайда жатырмын өзі? Қой, мүмкін емес, адам атаулы түнекке жұтылып кетпеп пе еді, сонда... үстіме жамылғы жапқан кім екен? Шешем... мүмкін... сол болғаны ғой... – кеудесін басқан көрпені төмен ысыра берді. – Жо-жоқ, мүмкін емес, мына жарық... Иә, мен.. өзімнің жатын бөлмемнің терезесінен түскен сәуле ғой. Онда... Телефон!..
Жалма-жан тұра келіп электр тетігін басты да, трубканы ұстай берді. Мұндай уақытта... Серік болар... – бар ойы осыған тірелген.
– Алло, Серік?
– Мұңлық, сенбісің?
– Серік, шынымен-ақ... Серік?..
– Иә, мен ғой, қайырлы түн!
– Серік, маған түс көріп жатқан жоқсың деші, мен ояумын ғой?
Трубкадан өзінің төрт жыл бойы күткен қоңыр даусы мен сүйкімділігі бір өзіне ғана аян күлкі естілді.
– Не болған саған, Мұңлық, әрине, ояусың.
Онан әрі екеуі де күлісіп алып, сөйлесе берген. Қалың ұйқыдан дел-сал болып ауыр оянған Мұңлық бәрін де ұмытқан: көздерінде – жас. Біресе күледі, біресе мұңаяды, бірақ сөйлесуді тоқтатпады. Арада көп уақыт өткен жоқ.
– Серік, мен жаңа түсімде сені көріп... Мектепте оқиды екенбіз... Жоқ, мектеп бітіріп жатыр екенбіз деймін, есіңде ме, сен қоңыраулы баланы иығыңа отырғызып алып «соңғы қоңырауды» соғып едің ғой? Серік, алло?.. – байланыс үзіліп кетті.
***
Мұңлық пен Серік осыдан екі жыл бұрын үйленіп, отау көтерген сыныптасы Ерасылдың үйінде. Бағанадан түннің бір уағына дейін өткен-кеткен қызықты жайттарды әңгімелесіп отырған соң, Ерасыл мен Үміт жатып қалған. Әлі ұйықтамаған екеуі қонақ бөлмеде үнтаспадан шыққан баяу әуеннің ырғағымен үнсіз билеп жүр. Осы бір сәттерді төрт жыл бойына сарыла күткен Мұңлықтың жүрегі жарылып кетудің сәл-ақ алдында. Мінезі табиғатынан ұяң болғандықтан ғана сабыр сақтап, Серіктің иығына басын қойған.
– Төрт жылда өзгеріп кетіпсің сен. Әкелік тұлғаң қалыптасқан сияқты, сомдалып қалыпсың. Мен ше, өзгеріппін бе?
– Иә, сұлуланғансың.
– Серік, сен неге келмей кеттің? Төрт жылда бірер рет хабарлассаң болмады ма, айтшы, жаным? – Мұңлық басын көтермеген қалпы сөйлеп жүр.
– Келмейін дедім бе мен? Мектеп бітірген соң, өмірдің қалай өзгерерін өзің де көрдің, сондықтан түсіндіріп қайтейін, осылай болды ғой. Бірақ әйтеуір бір кезігетінімізге сенімім күшті болды, сенесің бе осыған?
– Сенемін, сенемін. Мектеп бітіргенде, есіңде ме, сенің: «Алда талай асу бар, бірге оқыған құрбы-құрдастар, сол асудан алқынбай асыңдар. Бәлкім осыдан кейін кезікпей кетуіміз де. Тоғыз жолдың торабында тұрып уәделесіп алайықшы, қай қиырда жүрмейік, бір-бірімізді ұмытпай, іштей тілеулестіктен ажырамайық!» – дегенің?
– Есімде. Өзім ұсынған сол уағдамды берік ұстанулымын әлі.
Осы төрт жыл ішінде қанша таңды ұйқысыз атырып, қанша күнді күлкісіз батырған Мұңлық сондай шақтарына басты себеп болған Серігіне талай бұртиып, талай ренжіген. Енді кешелі бері соның бәрі ұмытылып, қанша ренжісе де, толас таппаған жүрек қалауы ақыры жеңіпті. Бәрін де кешірді, қас қағымдық бақытына құрбан еткен де жіберген.
– Ерасылдың баласы қандай сүйкімді... Былдыр-былдыр сөйлегені, күлгені – бәрі де пәк, сәбилік сезімнен шыққан кіршіксіз қылықтар.
– Мұңлық, екеуден-екеу айналып жүре береміз бе? Демалайықшы, ана Үміттен ұят болар. Бағана да айтып отырмап па еді: «Екеуің әлі бала сияқтысыңдар», – деп, – Серік сөз ауанын мүлде басқа арнаға аударып жіберген де, диванға шалқалай берді. Оның қолынан ұстаған күйі бұл да етпеттей барып тоқтаған. Көрші бөлмеден түскен жарықтан Серіктің әлдене жайында ойланып кеткендігі байқалады: қабақтары қоюлана қалыпты. Үстінен төніп тұрған Мұңлық еңкейіп маңдайынан сүйді.
– Серік, айтшы, сен мені сүйесің бе?
Қабақтарын жазып, бұған таңдана қараған ол терең бір тыныстады да:
– Сүймесем, келемін бе? – деп сұраққа сұрақпен жауап қатты.
– Оның рас, жаным, бірақ сен «сүйемін» деген сөзден неге қорқасың? Мысалы, мына мен сені сүйемін! Міне, былай... – маңдайынан және бір шөп еткізіп, сықылықтай күліп жатыр.
– Сенің айтуыңша, мені сегізінші сыныптан бастап ұнатқандайсың, ал мен одан да бұрын ұнаттым. Мұны бұрын да айттым ғой саған.
– Сонда да «сүйемін» деген бір ауыз сөзден үрейленетін сияқтысың. Жанымды қинамай сүйемін деші, Серік... Әлде, ата-анадан аса алмай, екі аралықта арбалып жүрмісің? Соларды өкпелетіп, күнә арқалаудан қорқарсың, бәлкім... Бастысы, өз болашағыңды ойлашы, жаным. Қайдан екені есімде жоқ, әйтеуір, екі ғашық шын ынтыққан сезіммен қол ұстасып жүрсе, бар күнәлары түйіскен қолдардың басынан ағып кетеді дегенді оқып едім. Неден қаймығасың осы? – Мұңлық тіктеліп, жанына отырды.
– Білмеймін, мүмкін, сол сен айтқан «сүйемін» деген жалғыз ауыз сөздің құдіреттілігінен болар... Бірақ... жаным... мен сөзбен емес, іспен дәлелдесем деймін.
– Іспен дейсің бе? Ондай іс сөзге қарағанда анағұрлым қуаттырақ екенін білмеуші ме ең? – рахаттана күлген Мұңлық Серіктің әлгінде ғана өзі сүйген мандай тұсынан зілсіз нұқып қойды. Ол болса, шалқалай жатқан қалпы әлі сөйлеулі:
– Ата-ана дейсің, олар жайлы сөзім жоқ. Меніңше, араларында ертеректе жанжал туып, бүгінге дейін бізге ұғынықсыз кейіпте жалғасса, бұдан арғы ұрпақтары үшін ізін суытып, сол өшпенділіктің ініне су құюшы біз болсақ, одан асқан игі іс жоқ деп білемін, Мұңлық. Солай емес пе?
– Айтпақшы, осыдан екі айдай бұрын шешем келіп, өз аузынан келісімін берді, шамасы, менің саған деген көңілім әлдеқашан суып кетті десе керек. Іштей осылай түйсем де, содан бері саған деген сағынышым артып сала берді. Күні-түні ойымнан кетпей, жетсем деп едім, Серігім, – ол сенді, сенді де осылай ақтарылды.
– Жеттің бе?
– Жеттім... Сен, сен жеттің, Серік!..
– Қойшы соның бәрін де, Мұңлығым, ұмытайықшы, – деп тап сол арада өзін Зарлықтай сезінген Серік оң қолымен Мұңлықтың алақанынан тартып, сол білегімен мойнынан орай құшып, құшағына қыса берді. Одан әрі жалын ата айқасқан құшақтардың қараңғы тасасында қалған ыстық еріндер бірін-бірі жазбай тауып, еміне қауышып жатты. Ұзақ аймаласқан сағынулы кеуделерді соққан жүрек дүрсілімен қабат арагідік сыбыр естіліп қалады.
– Кеше телефон арқылы... Төрт жылда әрең жеткен тілдесуде... Түсімді айтып... – соңы тағы да күлкі.
***
Тоқтау болар, шіркін-ай,
Қай құдірет
Өтіп жатқан уақытқа
Желдей гулеп?
Дәл осылай өзіңмен
Болсам еді-ау
Шын сезінсең, мендегі
Жалғыз тілек.
Әттең-ай, әттең,
Бұл – жай ғана
Фотосурет...
Санасынан сансырап жеткен осы бір өлең жолдарын аузымен бірнеше мәрте қайталаған Мұңлық бұрынғы күндергі отырыстарда Серікпен бірге түскен фотосуретке қарап үнсіз қалды... – Сезесің бе, Серігім, естимісің мені? Ерасылдың үйінде бірге өткізген түнде бір апта көлемінде қайта соғамын деп едің-ау. Қайда... қайда кеттің хабар-ошарсыз? Жеті жыл желдей сырғып өткендей-ақ бәрін ұмыттырып едің ғой, ұмытып едім ғой. Бірақ одан соңғы екі жылды қайда сыйдырмақпын? Жеті жыл бойына жүрегімнің солықтаған дүрсілін бір-ақ жиілеткендей едің, екі жылда енжарлықпен қайта қауышыпты. Солай, жаным, солай... Тоғыз жыл тоң басып жатса да, жалғыз сен орын тепкен жүрек жықпылы әлі де шуақтыға ұқсайды, – іштей күбірлеп, келесі бір фотосуретке үңілді: Серіктің көл жағасында түскені екен. – Шіркін, шыдамда шек бар ма екен осы? Шыдамда шек болса, отты алақанды аңсап күйіп-жанған тәнім әлдеқашан күлпарша болмай ма?.. Шыдамда шек болса, бір сен деп итіне соққан жүрегім сөлін сорған өріктей солып қалмас па? Шыдамда шек болса, талай таңды айқаспай атырған жанарым жараға айналып кетпей ме? Шыдамда шек болса...
Дәл осы кезде қолындағы фотосуреттен күлімдей қарап тұрған Серіктің мұны шақыра бастағанын көрді. Қолын бұлғайды, бірақ дыбыссыз. Өзге әлемнің бәрін ұмытқан Мұңлық ілгері ұмсына берді.
– Серігім, сағындым сені, – қасына жақындай берген.
Ол аққуға айналып, көлге күмп ете түсті. Қанатымен сабаланып, үстіне су шашады.
– Серігім, мұның не? Тіл қатсайшы маған. Мен қазір... – өзі де суға күмп берді. Мен де аққуға айналған шығармын деген, сөйтсе, баяғы Мұңлық қалпы.
Ұзынша мойнын алқымынан бастап кеудесіне дейін сұлу сүйкей суға жалатқан аққу кейіптегі Серік бұған қарайламастан әрі жүзе жөнелді. Бұл сонда байқады: сонау көл ортасында және бір аққу үн беріп, ол жауап қата сұңқылдап, соған асығулы екен. – Серігім! – деді бұл сонда, – Серігім...
Көздерін ашып алса, стол басында отыр. Серігі баяғы қалпы фотосуретте күлімдеп тұр. Аққу да, шашыраған су да жым-жылас. – Мен неткен қиялшыл болып алғанмын, Серік. Қиялшылмын. Өкініштісі, қиялымда да сені өзіме жуыстыра алмаймын, өйткені... Себебі сен... Сен маған енді жоқсың. Үйленеді екенсің, иә, кеше Айгүл солай деген, көзімді жеткізген. Қайтейін, ұмыта алар емеспін... Қимаймын өзгеге, жаным! Тойыңа не деп барамын сенің? Айтпақшы, шақырар ма екенсің өзің? Шақырсаң етті, көзіммен көрсем... Көрсем үлкен өмірге өзгемен бет бұрғаныңды, бәлкім, сонда барып сенермін, жүрегім сенер. Саған деген сағынышым сейілер. Суынармын, септігі тиер, Серігім... Балалығым өзіңмен өткендікі ме, сол шақтарды сенсіз елестете де алмаймын. Кейінге қарасам, екеуіміздің бұралаңы мен шиыры мол сүрлеуімізді көремін, ілгері қарасам, жеткен биігі жоқ күндерімізді көремін. Сен үшін ғана бойжеткендей едім, жарым жолда жалт бердің. Сонда... кім үшін есейгем, кімді армандап, неге құмартқам? Қай ұшпаққа асыққам, Серігім?.. Мен қорған деп таныған ұлы кеудеңнің бір түкпірінен орын бере алар ма екенсің енді? Әлде... оған да дәтің бармай ма? Шырағдан тәрізді титімдей болса да, жарық таратып тұрар едім ғой. Сөкпеймін бірақ... Сөкпеймін. Бақытты бол. О баста жұмбақ едің, сол жұмбақ қалпыңнан айнымай кете бардың. Алтын уақытымды ұрлады деп және шағынбаймын, шыным – сол, бірақ ескертпедің бе? Емексіте бергеннен ұтқаның қане, ұтылғаным қане? Әй, қайдам, соның өзінде шектеу алар ма едім мен? Себебі – сол: Серігім, менің адал махаббатым бар. Бір адамды дәл осылай сүйе алғаным үшін бақытты сезінемін өзімді, өйткені менде шын сезім бар. Ей, адамдар, менде шын сезім бар! – тағы да үнсіз қалды.
Фотосуреттегі Серік әлі қарап тұр. Бұл жолы күлімсіремейтін сыңайлы, кешірім өтінетіндей. – Үйлену ме? Үйлессең болды. Тойыңнан жылулық көріп толқып қайтпай, тоңып қайтсам жарар еді, Серігім...
***
Көзімдегі көлді көрдің бе,
Ернімдегі шөлді көрдің бе, жаным?
Жүзімдегі меңді көрдің бе,
Көз алмайсың, енді көрдің бе мені, жаным?
Тағы да фотосурет... – Не деген ұзақ, не деген бітпейтін тартыс бұл? Тағы да фотосурет... Тағы да фотосурет... – үнтаспадағы айтылып жатқан өлеңмен қабат Мұңлық та күбірлеулі. Мұның бар ойын дәл қармап алып, ол да болар емес. Әр тынысын қалт жібермей, дөп қайталайды.
Көзімдегі мұңды көрдің бе, жаным?
Бар болмысымен беріле тыңдап, қағазға үңіледі. Қағазы – фотосурет. Жалғыз-ақ ондағы Серігі меңіреу. Баяғы пәк жымиысымен күле қарап тұр. – Не деген шеті-шегі жоқ сарылу десеңші. Төзімде тоқтау жоқ-ау, сірә... Неге үндемейсің, Серік? Жауабың бар ма маған берер? Ұпайым түгесіліп, шықпаған жаным ғана қалды ғой.
Соңғы үмітім тойың еді, шақырмағаның ба шынымен? Қаншама халық болып ортақтасқан қуанышыңның жұрнағын да қимағаның ба маған? Кінәламаймын, мүмкін... осылай дұрыс та шығар, – бұл жолы Мұңлық хат жазып отыр еді. Жылдар бойына көкірегінде бұққан асау сезім толы сөздер қағаз бетін ирек сызып бара жатыр. Тоқтамайтын, мәңгі тоқталмайтындай арын алған. Өзге шарасы қалмаған ол жымиып қояды. Есінде сонау балалық шағыңдағы елестер бой көрсете бастапты. Ұмытпаса, оныншы сыныпта оқитын кезі. Мұғалім үйге тапсырма ретінде «Дүниеде мен сүйетін бір адам бар» атты шығарма жазып келуді тапсырғанда, бұл оны жаратпай, өтініп жүріп «Абай жолы» романындағы аналар бейнесіне арнап жазуды сұрап алған. Кейін жазған да. – Сол кезде маған әлі махаббат тақырыбында сөз етіп, ол жайында көлемді түрде ой қозғау, оны өзгелерге паш ету ерте болар деп едім. Енді ойлап отырсам, сол шығарманы қазір жазып отырған сияқтымын. Өкініштісі – сол: кеш, өте кеш, заманы өткен соң туылған батырдай. Иә, күресерге қарсыласы жоқ жетім туынды, – қағазына шұқшиып, әрі қарай жаза бастады. – Серік, мен сені өмірлік серігім деуші едім. Бұлдырдан қол бұлғағаныңа иландым, сол үшін де бүгін қиналдым. Сезесің бе, мен сені әлі аңсаулымын. Өмір бойы аңсайтын тәріздімін, өйткені мен сені шын ұнаттым, құлай сүйдім. Түн баласына көз ілмей, іште булыққан сиқыр сезімдер бой көтергенде, жанымды қоярға жер таппаймын. Сенің ыстық құшағыңды аңсаймын, жетсем деймін. Жебей көр деп, құдіретке жалбарынамын. Ондай кезде үй де тар болып көрінеді, сонымен қоймай тоңамын. Қайсыбір кітаптарда «күйіп-жанған тән» деген тіркесті қолданса, мен оған келісе алмаймын. Себебі... Себебі мен қалтыраймын, Серігім... Ішкі әлемім мұзға айналғандай болып, әзер шыдаймын. Сол сәттерде, білесің бе, сенің отты тынысыңнан өзге ешқандай күш мені жылыта алмайтындай көрінеді. Бұрын осыған қарап, екеуіміздің арамызда түсініп болмайтын құпия селбестік бар ғой деп топшылаушы едім. Сөйтсем, бәрі де бос далбаса екен. Селбестік болса, жалғастық қайда? Селбестік болса, нәзік қылына қыл-қыбыр қосумен нығайтар едім ғой. Тыраштанбадым ба, жасағаннан күні-түні осыны ғана тілеп едім ғой. Жауапсыз даусым айдалаға жаңғырыға маңып кете барды. Екеуіміз бір болсақ деп едім, олай болмады. Менде арман көп еді. Сенің терең алған деміңді ғана жұтсам ғой деп армандаушы едім... Сенің киген киіміңді көрпе етіп жамылып, өмір бойы сенің исіңді иіскесем деп армандаушы едім... Сенің маңдайыңнан, тәтті ұйқыны аңсап жұмған ойлы көзіңнен құшырлана сүйсем ғой деп армандаушы едім... Сенің күлген пәк күлкіңе қосылып шаттанудың өзі мен үшін үлкен арман еді-ау... Кей сәтте сені құшақтап, тұншыға сүйіп, мәңгілікке жібермесем деп армандаушы едім... Сенің жылы алақаныңды кеудеме қысып, ешкімге ұстатпай, күнде кешкісін бетіме басып сүйсем деп армандаушы едім... Сенің еркелетіп айтқан есімімді қайта-қайта айтқыза беремін ғой деп армандаушы едім... Көрдің бе, Серігім, мендегі көп арманның бәрі тек сенің маңайына ғана шоғырланыпты. Орындалмаған алаңғасар армандарымның көз жасын кім көтереді, кімнен көремін, Серігім? Мұныммен бар кінәны өзіңе аудармақ емеспін, бастысы, соны түсінші. Өкпелемеймін де саған. Ежелден жұлдызы қарсы әке-шешеміз бен ағайын-жекжатымыз ба? Жоқ, олардың алдында біз тазамыз, арымыз таза көңіліміз таза, жүрегіміз жаман ойдан ада. Ендеше бар кінәны кімге жүктемекпін, сен кімге артпақсың, Серік? Тағдырға ма? Тағдыр неге қорқулы? Жаратқанның жазғанынан жаза басудан сақтана ма? Бір-біріне айқара ашылған құшақтар жымдасса, тіршіліктің бір соқпағы болсын түзелмей ме? Жаратушының өзі адам баласынан түзу өмір сұрайды емес пе? Әлде... махаббат қызығымен уайымсыз күн кешіп, өзін ұмытып кетеді деді ме екен? Әлде... жалындаған жүректер жанасса, жанып кетер деп, мүсіркегені ме? Әлде... Тағыда әлде, әлде... Сен қайсысын таңдар едің, Серік? Арманға толы адам басы одан бір-ақ күнде арылмайды екен, соны ұқтым. Міне, мен қаңырап бос қалдым. Ол үшін қанша жылдар тынбай еңбек еттім де, нәтижесінде бидай қауызындай желге ұшқан жайым бар. Соңымда жұлдызым, алдымда айым бар еді, бәрінен де қол үзіппін мен. Сен менің ырысым едің, сен менің болмысым едің... Сен менің бар арман-тілегім байланған темірқазығым едің, бырт-бырт үздің де, кеңістікке бостырып жібердің, Серігім. Соны сезесің бе? Мен өмір сүремін, өйткені менде махаббат бар. Сол махаббатты өзімнен туылар сәбилерге дарытпақпын. Сол үшін де өмір сүремін. Жасымаймын да, жазу солай болған екен, амал не? Менің өмір сүргім келеді, өйткені менде махаббат бар, өйткені сен барсың, Серік. Біз бір аспанның астында, бір жердің үстінде жүрміз ғой, солай емес пе? Ендеше мен өмір сүремін, өйткені менде сөнбес махаббат бар. Ей, адамдар, менде махаббат бар! Менде тірі сезім бар, адамдар! Менің махаббатым кең, Серік. Оған сен де, аспан да, тау-тас, орман-тоғай, өзен-көл, жүгірген аң мен ұшқан құс – бәрі, бәрі сыяды. Шіркін, адамның бәрі дәл мендей сүйе білсе ғой... Онда жер бетінде жауыздық болмаған болар еді. Сұлулықты ғана көруге іңкәр көздер жыламаған болар еді. Сағымға сіңіп, самалмен жарысқан арманның көз жасы төгілмеген болар еді. Мен осы үшін де өзімді бақытты сезінемін, дара санаймын. Серігім, сен де бақыттысың, өйткені сені мендей адам сүйген екен. Сені біреу өлердей, иә, өмір бойы сүйіп өтеді екен, Серігім. Ол – мен. Сені дәл мендей бағалайтын жан енді тумас та. Туса, туар... артылмас... Абай... Абай айтқан екен ғой мұны, не деген дәлдік, не деген жалғастық?! Заманының зарын көтеріп, арын арқалаған Абай да сүйіпті, мен де сүйіппін, – жетпеппіз. Ендеше, ғасырға ғасыр жалғаған адам баласы дамылсыз сүйе беретін болғаны ма? Серігім, онда мен жалғыз болмадым ғой, Серігім. Сүйіп қалу, сарыла күту ежелгі дәстүр екен-ау сонда. Бірақ бәрібір түсінбеймін: не үшін? Не үшін сабылдырып қойған сара жолдан шеттетіп? Жазығы не, жазығымыз не, Серігім?..
Мен сені ұнаттым, рас, сол үшін де хат жолдаймын. Ондағы ойым сені бұрып алу емес, жаным, түсін соны. Сен мендегі тамыр бойын қуалай соққан ыссы қаным мен жұлқынған жүрегімнің іңкәрлығын танымадың. Мен саған адал едім, осыны ұқшы, өзге ештеңе тілемеймін де.
Сәлеммен, Мұңлығың 20.10.2004 ж.
***
«Анау арада еді Серіктің суретке түскені. Онда мен бұл жақта жоқ болатынмын, – етектегі көл жағасына қараған Мұңлық тау басында. – Күрсініс атқан жаным, қашан жай табасың, қашан қуанасың деймін? – толқындары жыбырлаған көл бетінде – олай-бұлай дамылсыз ұшқан құстар. Шамасы, жылы жаққа кетпекке топтанып жатса керек. Бір қонып, бір көтеріледі, дамыл жоқ. – Неліктен өмірім тек мұңаюдан ғана тұрды екен. Әлде... о баста азан шақырылып ат қойылғанда, соған сәйкес мұңды еншілеп берді ме екен? Әлде... Мұңлық атанғанның бәрі жырдағыдай Зарлығын, теңін, таппай, теңізге телмірген аралдағы сорлыға ұқсап күн кеше ме екен? Мұңлық аталғандардың пешенесіне ертегі үміт қана жазыла ма? Ертегі үміт демей қайтейін, еркімді баурай еліктірумен елеңдетіп, соңында су аяғы құрдымға соқтырып, енжарлықты құшақтата салса... Еркімді жаулады демей қайтейін, әлдеқашан үйлі-баранды болып кеткен бір шаңырақтың отағасын күттірумен міне, міне, есіктен кіріп келердей-ақ елегзітіп қойса... Серік, мен сені ұмыта алмадым, санамнан суырып, сағымға сілки алмадым, – әрі қарай үнсіз қалған Мұңлықтың көз көріп, құлақ естімеген жыраққа кеткісі келіп кеткені сонша, аузымен күзгі ауаны қаба жұтып, бір орында шырқ айналды. Көлден ұшқан сансыз құс сол маңайды төңіректей шиырлап әлі жүр, туған жерлерін, айна көлдерін қимайтын тәрізді. – Мен де жыл құсына айналсам, арманым жетпеген асулардан сонау аспан арқылы ассам, көкірегім шерден шайылар ма еді шіркін... «Ұшарға қанатым жоқ, неғылайын», – деген екен баяғыда біреу. Менікі де сол болды-ау», – деп күрсінген ол көлден көзін айырмай тұра берді.
О баста мұның жолы айрық адамын сарғая күткеніндей, жиекке еңкейген күн де, маңайы да сап-сары, одан төмен шұғыласымен шағылысқан шалқар беті де, бұл уақта өң беріп қойған күзгі дала да сап-сары. Қала берді, міз бақпас тас екеш тастың бетіне біткен қына да сап-сары. Бәрі де: жанды мен жансызы қабат барша табиғат өз ішінен үндестік тауып сарғая қалыпты. Осы кезде жоқ қарай жүріп небәрі жиырма қадамдай жердегі иекартпадан шыға келген ауыл адамы тау басынан пыр етіп көтерілген шүрегейге аңтарыла қарай қалды. Орнынан үн бере ұшқан шүрегей: «Қош бол, махаббат мекенім!» – деп бара жатыр еді, алайда ауыл адамына «қызқ-қызқ» еткен дауыс пен қанат суылы ғана естілген. Сол бойда биіктей беріп, бұл уақта аспан төскейінде қатар-қатар шеп құрған жыл құстарына араласып, алыстай берген-ді.
Соңында келер көктемге дейін сарғая күтуге серт берісіп сәулесі жетер жердің бәріне сары жалқынын таратқан Күн мен тегіс сары бояуға малшынған дала қалып бара жатты...
Қарағанды, 2005