Тұрысбек Сәукетаев. Сүйек (әңгіме)

Тұрысбек Сәукетаев. Сүйек (әңгіме)

Ес біліп, етек жапқалы көзіне жас алып көрмеген діні қатты Әли қарттың бордай үгіліп, босап отырғаны бүгін. Әлгінде, түс әлетінде пошташы қыз әкеп қолына ұстатқан алақандай қағаздағы екі ауыз сөзден талай теперішті көріп, қайғыға да, қуанышқа да селт етпес көксірі боп кеткен кәрі көкірек шайға салған майдай еріп жүре бергені. Осыдан бес-алты ай бұрын Республика Жоғарғы сотына жолдаған арызына жауап екен. "... 1937-ші жылы атылған ағаңыз Ғали Тоғасов, айыптауға ешбір негіз болмағандықтан, толық ақталды..." делініпті. Содан көз жасына ие бола алса, кәне. Көзілдірігін алуға да мұршасы келмей, қос бүйірін таянып ап кеңкілдесін; көктеп отырған көрпесін тастай бере, "Жазған-ау, не болды?" деп, жан ұшыртып жанына жетіп келген сары кемпірді құшақтай ап кеңкілдесін.

Қосыла қорсылдаған кемпір-шалдың дауысына әне-міне дегенше көрші-қолаң жиналып қалды. Бір шетінде тұрып түшкірсең, екінші шетіндегі: "жәрекім алла!" дейтін аядай ауылда жұрт естімей қалатын жаңалық бола ма, оның үстіне, орақ аяқталып, жұмыстан көбінің мойыны босап, бас қосып кеу-кеулесуге қайдан сылтау табылады деп елегізіп отырған кез, қисық көшенің басындағы қоржын там әрі-беріде-ақ аузы-мұрынынан шықты. "Ассалаумағалейкумін" әндете созып есік ашқан ақсақал, қара сақалдардың соңына босаға түбінен әзер орын тиген.

Ес біліп, етек жапқалы көзіне жас алып көрмеген діні қатты Әли қарттың бордай үгіліп, босап отырғаны бүгін. Әлгінде, түс әлетінде пошташы қыз әкеп қолына ұстатқан алақандай қағаздағы екі ауыз сөзден талай теперішті көріп, қайғыға да, қуанышқа да селт етпес көксірі боп кеткен кәрі көкірек шайға салған майдай еріп жүре бергені. Осыдан бес-алты ай бұрын Республика Жоғарғы сотына жолдаған арызына жауап екен. "... 1937-ші жылы атылған ағаңыз Ғали Тоғасов, айыптауға ешбір негіз болмағандықтан, толық ақталды..." делініпті. Содан көз жасына ие бола алса, кәне. Көзілдірігін алуға да мұршасы келмей, қос бүйірін таянып ап кеңкілдесін; көктеп отырған көрпесін тастай бере, "Жазған-ау, не болды?" деп, жан ұшыртып жанына жетіп келген сары кемпірді құшақтай ап кеңкілдесін.

Қосыла қорсылдаған кемпір-шалдың дауысына әне-міне дегенше көрші-қолаң жиналып қалды. Бір шетінде тұрып түшкірсең, екінші шетіндегі: "жәрекім алла!" дейтін аядай ауылда жұрт естімей қалатын жаңалық бола ма, оның үстіне, орақ аяқталып, жұмыстан көбінің мойыны босап, бас қосып кеу-кеулесуге қайдан сылтау табылады деп елегізіп отырған кез, қисық көшенің басындағы қоржын там әрі-беріде-ақ аузы-мұрынынан шықты. "Ассалаумағалейкумін" әндете созып есік ашқан ақсақал, қара сақалдардың соңына босаға түбінен әзер орын тиген.

Қарайған қонақты, тышқан мұрынын қанатпай, құр шаймен аттандыратын емес, шертер сыры, айтар шариғаты жоқ шал-шауқанның алды "жылы-жұмсағың болса, сал қазанға, асықпаймыз" деген сыңаймен бес-алтыдан бөлініп, карта ойнауға көшкенде, "аллаһу акпарын" өзі айтып, тегене құйрық ісекті алып соғып, бауыздап тастаған. Кебеженің түбінде, күзде шөп, көмір түсіргенде керек болар деп, тығып жүрген екі-үш көк мойын шөлмек бар еді, дастарқан шетіне ол да келді қылқиып... Жұрт жиып жаназа шығартпақ түгілі соңынан дауыс шығарып жылай да алмаған жалғыз бауырынан енді несін аясын, шала шабылып жатыр,

Тырна сирақ мөлтілдек кішкентай көкшіл рюмка ауыздарына бірер барып-қайтқаннан кейін бағанадан бері әр нені айтып кібіртіктеп отырған көпшіліктің сөзі ажарланып, дауысы жарқын-жарқын шыға бастады. Жағы түсіп отырса да, мөлтілдек рюмкаға мөлие қарап, қайта-қайта қол созғыштағандардың дені Ғалидің көзін көрген құрбы-құрдастары болатын. Бірі - марқұмның жас кезіндегі аңғал мінезін, қызық қылығын айтып мәз, бірі өзек тілген өкінішті жаңғыртып, "Жігіттің бағланы еді, асылым-ай" деп, сақалын уыстаған күйі ұзақ-ұзақ басын шайқайды. Әсіресе иегіндегі бес тал қылы бес жаққа едірейіп Атабай дес берсе кәне. Бандаларға қарсы күрес кезінде Ғали екеуі бір отрядта болған.

- Е, жігіттің не бір сұңқары кетіп, сұрқылтайы қалды ғой! - деді әлдекімге өші кеткендей өз-өзінен өжөктеп. - Осы отырған қайсымыз, кәне, қайран Ғалекеңнің қолына су құюға жараушы едік? Өрт еді, шіркін... Он сегізге толдым ба екен, толмадым ба екен - жасаққа жаңа кірген кезім. Осы Қараөзектің әр бұтасының түбінде банда өріп жүрген заман ғой. Бір шайқаста командиріміз оққа ұшып, отрядты Ғалекең бастап келе жатқан. Қалжырап кеп Тораңғыдағы Баймендінің қыстауына түсе қалғанбыз. Бой тасалап жатқан банда бар екен, қораның тасасына қаңтарып қойған аттарына міне сала тұра құйғытқаны. Бір-екіден жан-жаққа бытырай безіп барады. Жалғыз қуып жын ұрып па, Ғалекеңді жағаттап, тауға қарай сытыла қашқан шошақ тымақтының соңынан тепеңдеп келем. Астындағы сүмбілқара алымды екен, көз көрімдегі бытқылға іліксе құтылып кетер түрі бар. Ғалекең тор шолағын басқа-көзге төпелеп, "тоқта, тоқта!" деп ақырып келеді. Қашқын елең қылар емес. Ғали аға тапаншасын бұрқ еткізіп еді, шошақ тымақ жерге жалп ете түсті. Анау сол-ақ екен, төбеден ұрғандай қалт тоқтай қалды. Қаруымызды кезеніп жетіп келсек, сендерге - өтірік, маған - шын, қашқынымыз кәдімгі Нұрсадықтың Төкені екен!

Оң жағындағы қалғи бастаған кетік шал селк ете қалды:

- Ойбай-ау, ол өзінің туған нағашысы емес пе!

- Соны айтам ғой! - деді Атабай көзі ежірейіп. - Ғали аға әй-шәй жоқ: "Қолыңды көтер!" - деді ақырып. Анау бір мырс етіп, қолын көтерді. Маған: "Қаруы болса ал да, қолын байла!" деді. Төкен сол кезде қырыққа жаңа ілінген, қызыл шырайлы, палуан денелі жігіт екен. Таяй бергенімде қолымен жалғыз-ақ қағып жалп еткізгені. Не болғанын білгем жоқ, апалақтап ұшып тұрсам, өзі де сұлап жерде жатыр. Ғали аға, маған қол көтерген кезде тапаншаның түбімен көк желкеден қонжитып етпетінен түсірсе керек. Қолын қайырып шылбырмен байладық та, атқа мінгізіп жетелеп алдым. Төкен үнсіз. Қанын ішіне тартып сазарып алған. Өзге емес өз туысынан зәбір көргеніне қорланып келе жатқандай. Әйтсе де, жан шіркін тәтті ғой. Бір уақытта: "Әй, Ғали, бұл шының ба, ойының ба?", деді дауысы дірілдеп. "Біз тап жауымен қылжақтауды білмейміз!, деді Ғали ағам шалқайып, - Айдап апарып тиісті заң орнына тапсырамын!" "Онда барған соң тірі құтылу жоқ. Қасықтай қанымды қия гөр. Ит те болса, туысың емеспін бе, кішкентайыңнан мойыныма көтеріп жүріп өсіріп едім ғой" "Менің бандыдан туысым жоқ. Кеңес өкіметінің жауы - менің де жауым. Кәне, доғар сөзді!", деп, басынан асыра тапаншасын тарс еткізген. Сол дыбысты естіді ме, қалың шілікке ене бергенде әлдекім үстімізге қона-қона кетіп, апыр-топыр аттан жұлып алғаны. Алып соғып қолымызды байлап тастады. Сөйтсек, тасадан тосқан Төкеннің сыбайластары екен. Қара сақалдар қайқы пышағын кеңірдегімізге кезегенде шырылдап Төкен түсті араға: "Жоқ, тимеңдер. Бұл ит болды екен деп мен ит бола алмаймын. Қанша айтқанмен, іштен шыққан шұбар жылан ғой:" деп, атын борбайға бір тартып жүре берді. Жанын олжа көрудің орнына Ғали аға ұшып тұрып соңдарынан тұра жүгірсін: "Жаудың аяғанының маған керегі жоқ. Атыңдар, кәне, атыңдар!" деп долдана айғайлайды. "Ойбай, аға, пәлесінен аулақ. Атып тастайды, қойыңыз..." деп, жалынып-жалпайып мен әлекпін... Сөйткен есіл ер... - Атабай жасқа булығып, көзін жеңімен сүртті. Шалдар жағы кеу-кеу. Көргені бар, естігені бар, әрқайсысы Атабайдың әңгімесін өзінше өрбітіп, қауға тиген өрттей гулеп ап жөнелсін.

Қызыңқырап қалған бір дудар бас жігіт сөз арасында:

- Айтқыш болсаңыздар, сол кезде қайда қалдыңыздар! - деді көзі ежірейіп. - Күйе жағып, нақақтан-нақақ оққа байлап жатқанда, ақ-адал еді деп неге араша түспедіңіздер?

Шалдардың гуілі су сепкендей тым-тырыс. Қақырынып-жөткірініп төмен қарасты. Кеудесі қайқиып желпініп отырған Атабай да бүгежектеп, шалбарының балағын қаққыштай берді. Тек Мұқаш шал ғана қызараңдап:

- Ей, ол кез арашаға түскен қосақ арасында кететін заман емес пе. Біздің кімге қамсау болғандай жайымыз бар. Ол түгілі қасқайып Кремльде отырған Калининнің өзі әйелін "халық жауы" деп қамап тастағанда қыңқ ете алды ма? Оның жанында бізге не жорық!, - деп, өз-өзінен қомпылдағанда ақтау табылғандай еңселерін тіктеген.

Шаңқай түсте жиналған жұрт, босағадағы бірінің галошын бірі ауыстырып киіп, дабырлай сөйлеп жұлдыз жамырай әзер тараған. Әли қарт бұл түні көпке дейін ұйықтай алған жоқ. Төрдегі темір төсекті сықырлатып, тауық бір шақырғанша арлы-берлі аунақшумен болды.

Ниет білдіріп тайлы-таяғына дейін келгенге көңілі недәуір марқайып қалды. Бұл да болса, үлкен-кішіге қадірінің барлығы ғой. Өзі қатарлыдан келмей қалған тек Жаңабай ғана. Иә, ол қай бетімен есігін ашсын. Жымсиған жәдігөйді, қанша жерден құдайдың еркесі болса да, тап бүгін қақ маңдайдан қамшымен бір-ақ тартып, айдап шығар еді үйінен. Қазір ғой ол неменің сүтке тиген күшіктей жүні жығылып шеттеп жүргені. Әйтпесе жиын-тойда төсі қайқайып төрді бермейтін. Аузына жынды су тисе, қоқиған қалпынан жаңылып, ұшқалақ бала сықылды желпілдеп кететіні бар. "Мына дәдең сонау қиын жылдары қырағылық танытып, сексен сигнал түсірген!" деп, самсаған медалін сыңғыр-сыңғыр еткізіп кеудесін ұрғанда кісі шошитын. Жантайып жүріп, тіпті, екі-үш жыл аудандық НКВД-ны да жағаттапты. Әлгі Кәрімбек көсе елде жоқ өнер бастап, жаман шұбар кемпірімен жиырма бес жыл отастым деп "күміс той" жасағанда, қолдан ашытқан сыраға қылжиып қап, біраз көкімеп пе еді. "Шіркін, ефрейтор болып жүргенде менменсіген талай дөкейге қара қан құстырып ем!, - деген езуінен аққан сілекейін жеңімен сүртіп. - Ауданның екінші хатшысы болған кім еді әлгі... Көзәйнек киіп, шатып-бұтып газеттерге өлең жазушы еді ғой. Кейін халық жауы боп ұсталған ше?.. Е, жарайды, аты өшкірдің аты аузыма түспегенін қарашы... Иә, соны тергеушіге күнде алып келем, қырсығып күнде дұрыс жауап бермейді. Бір күні қолын артына байлап қойып тепкіледім ғой өзін. Жанкештілігін көрмейсің бе: "Ей, хайуан, ер адамды беттен теппес болар. Құдай саған қолды не үшін берді, қолыңмен соқ: "дейді. Мен: "Сен - адам емессің, Кеңес өкіметінің жауысың. Арам қаныңа қолымды былғамаймын!" - деп, ауыздан бір теуіп ем, қара қан бұрқ ете қалды! - "Біз, әне, соның өзін сөйткеміз" дегендей, иығын бір қомдап қойды да: - Е, тым жаныңды салып жіберген де жаман. Өзіңе жау тауып алады екенсің. Көре алмаған кейбіреулер мүйіздеп шығартып жіберді ғой кейін!" - деп қабағын шытқан.

Ғали ұсталар кезде осы Жаңабай жаман тымағы жалпылдаған ауыл арасындағы жандайшап болатын.

Ғалидың айдарынан жел есіп дүрілдеп тұрған шағы. Иығынан жараланған соң милиция қатарынан босап, фермаға бастық боп келген. Жарты жыл өтпей мектепке директор болып, одан колхоздың парторгтығына жоғарлатылды. Бағы өрлеп келе жатқан алымды жас жігіт жұрт аузынан түспейтін. Көп өтпей тіпті, атылып өлген ауатком председателінің орынбасарының орнына колхоз бастығы Байғабыл екеуінің бірін қояды екен деген сыбыс та шыға бастаған. Жел болмаса шөп басы қимылдай ма. Тамырын басып көргендері ме екен, әйтеуір, екі күннің бірінде Ғалиды аудан жаққа шақыртып жатқандары. Ал жайшылықта сабырлы, салқын қанды Байғабыл, неге екені белгісіз, сол бір тұста жоқтан өзгеге ашуланатын күйгелек бір мінез тапқан. Сөйтіп жүргенде, байтал түгіл бас қайғы боп, Ғали жалаға ұшыраған жоқ па. Енді Ғалидың қабағы түсіп, Байғабылдың күлкісі түзеле бастады. Бір күні аудан жақтан комиссия сау ете қалсын. Ішінде мылтығы шошайған екі милиционер бар. Ғалидың "мәселесін қарап, әшкерелеу үшін" келген екен. Елді жинап, клубта ашық жиналыс жасады. Китель киген шүңірек көз қара сұр кісі елдегі жалпы саяси ахуалды, іштегі бұққан жаудың бүлігін айтып, оларды "жою керек, құрту керек" деп, қолын үсті-үстіне сермегенде, аузынан сөз емес, бытыра бүркіп тұрғандай төбе құйқаң шымырлайды. Алыстан орағытып келіп, қыл шылбырды Ғалидың мойынына тастаған. Дос қайсы, дұшпан қайсы - ажыратудан қалып, қойныңдағы қатыныңа да "осы бір жақтың шпионы емес пе екен" деп, күдікпен қарайтын кез ғой. Әулие тұтып ардақтап келген небір марқасқаларды жау деп, төрдегі суретін жұлып жатқанда Ғали кім? Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ, шұқшиып қараса пенде емес пе, артық-кем ағаттық неге табылмасын. Қара сұр жігіт Ғалидың жат қылықтарын жіпке тізе айтып-айтып келіп, "халық жауы Тухачевскийдің суретін сақтаған; 33-ші жылы Совет өкіметіне қарсы бүлік ұйымдастырған Шәһкәрім қажының кітабын басқа кітабтың мұқабасымен қаптап, жасырып оқыған. Міне, тінткен кезде табылды" деп, сурет пен кітапты көрсеткенде жұрттың көбі "Е, өзінде де бар екен ғой" дескен. Баяғыдағы Төкенмен арадағы уақиға да қырсық болып жабысты. "Бандының бастығын қолға түскен жерінен қоя берді. Жеме-жемге келгенде туысы үшін Совет өкіметінің мүддесін сатып жіберді. Саяси тұрғыдан солқылдақтығы осыдан-ақ көрінбей ме. Тіпті, сол кездің өзінде олармен жең ұшынан жалғасып жүрмесіне кім кепілге" әкеп сайған. Көзімен көріп куә болған Атабайдың күпілдейтіні қазір ғой, әйтпесе, алмағайып сол сәтте атып тұрып бір ауыз сөз айтуға жарамаған. Екі милиционер - екі жағында, залға қарсы қарап мелшиіп отырған Ғали да ләм деген жоқ. Неге үндемеді екен? Өзінің адалдығына сенді ме, әлде куәға тартсам, босқа обалына қалармын деп, Атабайды аяғаны ма? Қара сұр жігіт келесі саусағын бүгіп, "бұл шарықтап гүлденген социалистік шат тұрмысқа лайықты "Шахтер жыры", "Отыз мыңыншылар маршын" шырқамай, ойын-тойда қайдағы бір "Елім-айды" айтып күңіренетін көрінеді. Сонда бұл "елім тозды, азды" деп зарлағандық емей немене? деп ежірейгенде, жұрттың иманы хасам болған.

Қара сұр өкіл саусағын үсті-үстіне бүгіп айтып жатыр, айтып жатыр. Жағылмаған күйе жоқ. Партия ұйымының басшысы бола тұрып, құран оқыған жерде қол жайғанына дейін айып болып тағылды. Біраздан соң жұрт "Әй, өзі де де сау сиырдың боғы емес екен ғой" деп күдіктене бастаған. Өкіл төндіріп төпеп-төпеп алды да: - Демек, бұдан шығатын қорытынды не? - деді залға қарап. Сұқ саусағын шошайтып сәл тұрды да, өз сұрағына өзі жауап берді: - Тоғасовтың іс-әрекетіне саяси тұрғыдан баға беруіміз керек. Білместікпен, надандықпен шалыс басты дейтін қараңғы шаруа емес, бұл - жат пиғылды адам. Қазір елімізде жасырын жұмыс істеп келген Герман және Жапон империализмі агенттерінің көптеген ұйымдары әшкереленіп жатыр. Демек, бұл да сол ұйымның мүшесі. Жапонияның шпионы.

Жұрт тым-тырыс. "Басқаң-басқа, дәл осының қалай болар екен дегендей үнсіз қалған, сонда осы Жаңабай антұрған апалақтап ұшып тұрып:

- Иә, дұрыс айтасыз, өкіл жолдас. Бұл - Жапонияның шпионы! - дегені бұлтартпас дәлелі бардай танауы делдиіп. - Былтыр күзде үш күн жоғалып кеткен. Тор шолаққа мініп алып екі кештің арасында қыр асып бара жатқанын көрген адамдар бар! Сонда бұл Жапонияға барып келді!

Жапонияны ол кезде кім біліпті. Жақын маңдағы қаланың бірі шығар деп отырған. Ермұрат мұғалім мырс етті:

- Әй, ағайын, өтірікті де қисынын келтіріп айтсаңдаршы. Жапония қайда, сенің ауылың қайда. Тор шолағыңмен үш күн түгілі үш жылда барып келе алар ма екенсің!

Қара сұр өкіл жақтырмай қабағын шытты:

- Сіз өйтіп жұртты ауызға қақпаңыз. Сіз сияқты оқыған адам емес, қателескенде не тұр. Бұл жолдас бәлкім, Жапонияның өзіне емес, Жапон агенттерінің бас қосатын жеріне барып қайтты дегенді айтқысы келген болар? Мәселе - принципте, көңілдің тазалығында. Жауды әшкерелесем деген адал ниетті барынша қолдауымыз керек.

Кешке қарай Ғалиды өздерімен бірге алып кеткен. Сол кеткеннен мол кетті.

Ел құлағы елу емес пе, кейін Ғалиларды Көкжыра жаққа апарып атыпты деген сыбыс шықты. Жұмыстан қалт етіп қолы босаған бір сәтте атпен Көкжыраның аңғарын аралаған. Қой бағып жүрген қария адамға жолықты. Суыртпақтап сыр тартып көрсе, шет-пұшпақтап біраз нәрсені біледі екен. "Қарашаның неше жаңасы екені есімде жоқ, екінді ауа анау қырқаның арғы бетінен тарс-түрс мылтық атылды. Банды шығып, солармен атысып жатыр ма деп, шошығаннан апыл-ғұпыл малымды жиыстырып ауылға беттегем. Ертеңінде қалың қарға үйіріліп ұшып жүргенге барсам, бірінің басы, бірінің аяғы шығып, шала көміліп жатқан алты-жеті өлік екен. Обал ғой, құзғынға жем болмасын деп, күрек әкеп, бетін топырақпен жапқанмын" деп, биік жардың етегіндегі төмпешікке алып барып еді. Бұдан кейін де білдіртпей өзі жалғыз келіп, ермен басып кеткен төмпешіктің шетіне жүрелеген күйі білетін аятын зарлатып, талай-талай көз жасын сығымдаған.

Бұл ит тірлікті қойсаңшы, қамыстың судырынан қорыққан қоянша жалтақтап жүріп, Ғалиден қалған жалғыз тұяқ-кішкентай Ермекке де бас-көз бола алған жоқ. Қай күні алып кетеді деп өзі қос үрей боп жүрген адам кімге қамсау болып жарытсын. Жеңгесі босқа салмақ болмайын деді ме, әлде "халық жауының әйелі" деген қаңқудан қашқаны ма, төркін жұртын сағалап, көп ұзамай басқа ауданға көшіп кеткен. Арттарынан құрт-майын арқалап бірнеше мәрте барды да. Бірақ жетім мен жесірге туыстық жүрекпен шын қамқор боп бауырына тарта алмағаны рас. Соғыс бітіп, "трудармиядан" оралысымен іле-шала амандықтарын білмек боп іздеп келген. Ауланың бір шетінде суға иленген көңді кішкентай жез легенге салып, қалып құйғандай дөңгелетіп төңкеріп жатқан тыри қара баланы бірден таныды. Сойып қаптап қойған Ғали. Танауы қорсылдап ағыл-тегіл боп жатқан бұнымен жаман неменің ісі жоқ; - Байқаңыз, тезекті мыжып кетпеңіз! - дейді ұрты қомпылдап.

Өлгеннің артынан қашанғы аза тұтып отырсын, жеңгесі соғыстан жараланып қайтқан біреумен тұрмыс құрыпты. Сабағы басталғанша қыдырып қайтсын деп, кетерінде баланы сұрап алды.

Ол кездегі балалар ойын-күлкіні білмей өсті ғой. Қасірет - жоқшылық қабырғасы қатпаған сәбилерді асық ойнайтын жасында қолына аша ұстатқызып, балалықтың бал дәмін татқызбай ерте есейтіп жіберіпті. Серпіліп, сергісін деген кішкентай Ермек бар, ойнай ғой" десең шырқ үйіріліп қасыңнан шықпайды. "Су әкелейін, қораны тазалайын..." деп, шелек-күрекке жармасады. Доп алып беріп еді, бәтіңкем жыртылып қалады деп ойнамай қойды. Құдды бір тірліктің ыстық-суығын бастан кешкен кексе адам дерсің.

Көзі үйреніп, көкірегіне жаттала берсін деп, бір күні Ермекті Көкжырадағы ескі төмпешікке алып келген.

- Көріп ал, құлыным, бұл - сенің әкеңнің зираты. Көкең осы жерде жатыр, - деген бетін сипап, орнынан тұрған соң. - Жарығым келді деп бір аунап түскен шығар! - Бұл қоңқылдап өксікке тұншыққанмен селт еткен бала жоқ. Кішкентайдан иісі сіңіп, мейірін көріп өспеген соң, "әке" деген құр сөзге қалай тебірене қойсын. Қалың қабағы түйіліп, тұнжырап тұрып:

- Көкем соғыста өлді ме? - деді. Бұл күмілжіп барып басын изеген:

- Иә.

- Сонда осы жерде де соғыс болды ма?

- Иә.

- Ауылдағы зиратқа апарып неге қоймаған?

- Ауыл алыс қой, мұрсаттары болмаған шығар... - деді тесірейген баладан жүзін алып қашып.

- Өскен соң көкеме үлке-ен ғып күмбез салам! - Бала сол күмбезді көріп тұрғандай қиялына елтіп көкке қарады. - Төбесіне қызыл жұлдыз орнатам.

- Әрине, құлыным, әрине!.. - Бұл шыбындаған жылқыдай бас шұлғи берген.

Сөйтіп жүргенде Жыланды өзенін дәл Көкжыраны кесіп өтер тұста алдын бөгеп, суқоймасын салады екен деген хабар дүңк ете түсті. Басқаға қайдам, бұған қақ төбеге қойып қалғандай әсер етті. Аңғардың аузын бөгесе, бөктердегі Ғалидың зираты судың астына кетеді ғой... "О, Жаратқан, бұл байғұсқа енді бір уыс топырақты да қимайын дедің бе. Жаһан дүниеде жан иесі боп жасағанынан бір белгі қалмай із-түзсіз жоғалғаны ма? Анда-санда келіп құшақтап көз жасын ағытып алатын шөкімдей төмпешікті де көп көргенің бе? Енді, бауырымның жатқан жері деп мен қайда келемін? Әкемнің жатқан жері деп Ермек қайда келеді?!"

Жаны жаннатта болғыр, Бекмұхамет марқұм ол уақытта тірі еді. Өз бетімен оқып-тоқығаны мол тәуіп адам болатын. Дәрігер жаза алмаған кейбіреулердің сол кісіге қаралып, құлантаза сауығып кеткенін өз көзімен көрген. Қария адам ғой, не ақыл қосар екен деп, жаны қысылып соған келді.

- Аруаққа құрметің дұрыс, шырағым! - деді қария жарқыраған кең маңдайын арлы-берлі сипап отырып. - Өлі аруақты, тіріде бір-бірін сыйламаса, адамда не адамшылық қалмақ. Қай заманда да елін-жерін жаудан қорғағанда ата-бабамның сүйегі жатыр, таптатпаймын, қорлатпаймын деп арпалысып келді емес пе. Пенде боп дүниеге келген соң өлу - хақ. Ерте ме, кеш пе - бір төбеде төмпешік боп жатасың. Артыңда қалған бар белгің сол. Ұрпағың соған қарап ата-бабам деп есіне алады. Арлы-берлі өткендер аятын оқып, бетін сипайды. "Жарықтық, бір кезде бұлар да жер бетін алшаң басып, есіп-шалқып жүрді-ау. Күні ертең біз де өстіп жатамыз ғой" деп, тірліктегі бая-шая қырқылжыңға бас шайқап, есі бары, бір сәт болса да, тәубеге келер. Ал, сайда - саны, құмда ізі жоқ, әр төбенің басында бір қалса, арам өлген қойды иіс-қоңыс шықпасын деп көме салғаннан несі артық... Мынандай бір аңыз бар ел аузында келе жатқан: Баяғы жаугершілік заманда ағайынды екі жігіт қолға түсіпті. Ағасы оққа ұшып, інісі құтылып кетсе керек. Қатерге қарамай жігіт түнделетіп келіп өлік­ті ұрлап әкетеді. Ағасының сүйегін жат жерде қал­дырмайын дегені ғой. Күн ыстық, жер шалғай. Жаяу арқалап жүре ал­маған соң, етін сылып тастап, сүйекті қоржынға салып алыпты. Талай күн, талай түн арып-ашып жол жүріп, аға­сының сүйегін туған жеріне әкеп көмген деседі... Ал өз топырағында жатып, басында бір қарайған белгі болмай, аяқ асты боп із-түзсіз жоғалса, оның обалы мүлдем қиын. Өлгеннен кейін де артыңда жоқтаушың болсын деген осы. Ниетіңе ризамын, қарағым... - Қарт кеудесіне төгілген ақ сақалын уыстап тұқырайған күйі сәл үнсіз отырды да назарын қайтадан тіктеді:

- Кіндігінен бала бар ма еді?

- Бар.

- Ендеше бүрсігүні баланы зират басына алып кел.

Уәделі күн Ермекті ертіп әкелген. Қария зираттардың бетін ашқан екен, анандай жерде ақ шүберек жайып, үстіне сарғайған жеті жамбас сүйекті қатар-қатар тізіп қойыпты. Ермектің саусағының ұшын уқалап, сөзге айналдырып тұрды да, бәкімен шетіп қалды. Баланың бұлқынғанына қарамай еңкейтіп, дірдектеген қанды сүйектерге тамыза бастаған. Алғашқы үш жамбасқа тамған қан тастың үстіне тамызғандай түк өзгеріссіз дөңгелене дірілдеп ұйып қалды. Төртінші сүйекке тамған қан, құданың құдіреті, сәлден кейін жоқ болды да кетті. Сол жерге тағы тамызып еді, оны да сіңіріп алды. Орнындағы қарайған дақ дөңгеленіп жайылып барады. Әйтсе де, топырақ сорып кеуек боп қалған соң сіңіп жатқан шығар деп, бұл әдепкідегі таңданысын күдікке жеңдіре бастаған. Соны түсінгендей іле қария өз саусағын шетіп, жамбасқа қанын тамызды. Сіңген жоқ. Бұршақтай боп домаланып тұрып алды. - Міне, - деді қария өзі ашқан кереметке өзі қайран қалып. - Бір қан, бір жаннан жаратылды деген осы. Бала - бауыр етің деп тегін айтқан ба. Өз бетінше қыбырлаған тірлік иесі демесең ол - сенің денеңнің бір бөлігі. Осы қан жеті атаға дейін ұрпақ бойынан үзілмейді. Қазақтың жақыннан қыз алыспайтыны сондықтан. Бәйтеректі түбінен қырықсаң тамырынан жас шыбық көктеп шықпай ма. Сол қылтиып өскен жаңа өркен мынау! - Қария анандайда әлде нені шұқылап, тас үстінде шоқиып отырған балаға қарай иек қақты. - Ағаңның өзі өлгенмен көзі тірі, шырағым. Кішкентай сәбидің тамырында бүлкілдеп соғып тұрған соның қаны...

Екеуі зираттың үстін жауып қойған берзент жамылғыны алды. Сартап боп саудырап жеті қаңқа қатар жатыр. Кейбірінің аяқ жағында шіріген етіктің ұлтаны қарауытады. Қария жамбастарды рет-ретімен өз орнына қойды. Дәл ортадағы қаңқаның айналасын топырақтан аршып жатып:

- Жас кезінде мертігіп, сынған жері жоқ па еді? - деді.

- Оң жақ иығына оқ тиіп жарақаттанған.

- Міне!

Енді не дер екенсің дегендей қуақылана қараған қарттың қолындағы ортасы шор боп қисая біткен бұғананы көргенде иланбасқа шарасы қалмап еді. Қария қаңқаны түгел ақ шүберекке орап қапқа салды. Зиратты қайта жапқан соң қолын жуып келді де, құбылаға қарай шарт жүгініп, төбе құйқаны шымырлатар зарлы мақаммен қайта-қайта қайырып ұзақ құран оқыды. Зират басындағы қуаң тартқан қалың селеу судыр-судыр етіп, қоңырайған күзгі жым-жырт дала қоса күңіреніп тұрғандай.

Іңір қараңғысында иығына қапты арқалап, қолтығына күрек-сүйменін қысып, қыр басындағы зиратқа келген. Қызыл берішті тықырлатып түні бойы қазды. Шөккен нардай төмпешіктің шетіне жүрелеген күйі: "Кешір, көке, қолымнан бар келгені осы болды. Әкең мен шешеңнің қасына әкеліп қойдым. Кеш те болса, сенің де тілегіңді орындадым, апа... Өлігіңе де тыныштық бермей қорладық-ау, жарықтығым. Кешір!.." - деп, дұғасының аяғы кеңкілге ұласып, қызыл шие болған қос алақанын бетіне апарғанда аспанның шығыс жақ етегі шелдеген терідей ағара бастап еді.

Біреу өлсе тайлы-таяғы қалмай барып топырақ салатын аядай ауылда кімнің қайда жатқаны бес саусақтай белгілі емес пе. Аяқ астынан пайда болған бұл неғылған қабір деп, жұрт көпке дейін аң-таң болып жүрді. Бас қоса қалған жерде айтатын әңгімесі сол. Бірі:

- Біреуді өлтіріп, көміп кеткен шығар, милицияға хабарлау керек! - деп өңештесе:

- Е, өлтірсе, міне, көріңдер деп, бейітке әкеле ме? Сай-саланың қуысына зытырмай ма! - дейді екіншісі қолын сілтеп. Мың құбылтып, сан-саққа жүгіртеді. "Жоғалып кетіпті" не "өлтіріп кетіпті, сүйегін таба алмай жүрміз" деген алыс-жақыннан сыбыс шықпаған соң, ақыры бастарын шайқап-шайқап қойған.

Енді міне, та­лай жыл ынтық қылған құпияның сыры ашылып, таңдайын қағатындар таңдайын қағып, жағасын ұстай­тындар жағасын ұстайтын болды. Бә­рі­нен бұрын Ермектің қуанышы қойнына сыймас. Кішкентай кезінде "Төбесіне қызыл жұлдыз қадап, көкемнің басына үлкен күмбез орнатам деуші" еді, басқа болмаса да бұл арманы орындалатын күн туды міне. Хабар тисе ертең-ақ жетіп келер алып-ұшып. Суық түспей басын көтергені жөн. Әне, Сабырханның балалары әкелеріне қандай ғып зират тұрғызды - аппақ кірпіштен өрген күмбезі ақ отаудай жарқырап, күндік жерден көз тартады. Сондай етіп белгі қойса. Жас озып, тән тозып, кәрілікке бой алдыра бастағандікі ме, о дүниенің қамын көбірек ойлайтын болып жүр. Бұрынғыдай қырат басындағы қалың молаға үрке қарамайды. Пенде боп жаратылған соң, болмай қоймас тірлік заңын мойындағандай. Тіпті, жатар орынын көрсетіп, ерте бастан бала-шағасына құлақ қағыс қып қоймақ та ойы бар. Қалай қойып, қандай белгі орнату керектігіне дейін өсиет қып кетпек. Бірер жыл өтпей қабырғасы құлап, ауылдың қой-ешкісінің тұяғына тапталып жатса, өліге де, тіріге де сын емес пе... Зейіні бар қазақтың қора-қопсысы қоқсып жатса да, ата-бабасына асқақтатып күмбез салуға тырысатыны сондықтан. Зират - аруақтың азды-көпті ғұмырындағы қадыр-қасиетінің белгісі болумен қатар артындағы ұрпақтың адамшылық өресін, парық-парасатын танытатын өлшем сияқты болып көрінетін бұл үшін. Еңселі бір күмбез көрсе, "Жарықтық, өзі де кісінің төресі еді, осындай күмбезді бұған салмағанда кімге салады" деумен қатар, "Тусаң-өстіп ту, нағыз азамат екен ғой өзі" дейтін еңбек иесіне сүйсініп. Тіпті оның кейбір пенделік осалдықтарын да ұмытып кететін. Қандай күнәсі болса да осы бір ғана еңбегі соны жуып-шаюға жарағандай... Енді міне, сондай бір сын мұның да алдында тұр. Ит басына іркіт төгіліп жатқан заманда жалғыз ағасына күмбездеп белгі тұрғыза алмаса несіне жер басып жүрмек.

Қаладағы ұлының тұңғышы әзірге қолында. Кішкене де болса ес болып қастарында қарайып жүр. Ертең мектеп бітірісімен оқимын-тоқимын деп қалаға зытса, не әскерге кетсе, құлақ-мұрын кескендей тым-тырс боп қалатын шығар. Орысша хат жазып, телефонмен орысша сөйлесіп, қала жақтағы үрім-бұтағымен екі араға тілмәш болып отырған сол. Былтыр әкесі: "Милиция маза беруді қойды, қайдағы бір қағылған-соғылғандарға еріп бұзылып кететін түрі бар" деп, көзін жылтыратып әкеп тастаған. Баяғыда "Бізге беріңдер, бауырымызға салып алайық" дегенде, өлгенде көрген жалғызындай, шірік неме, келінге бір ауыз сөз айтуға жарамай, жер шұқылап отырып алып еді. Оларға томпиған бетінен анда-санда бір сүйгізіп қойып, өзі оқып, өзі ойнап, қақ-соқсыз томпаңдап жүре беретін қуыршақ керек қой. Қарамаса, бақпаса өз бетімен кетпегенде қайтеді. Енді "бұзық бала" керек болмай, құтылғанша асығып, әкеп тастағандары мынау. Шынашақтай неме бұзық боп не бүлдірді екен? Мұнда келгелі сөлекет ештеңесін көрген жоқ. "Ата", "апа" деп лыпып тұрғаны.

Таңертең шай ішіп болған соң немересіне айтып, жан-жақтағы бала-шағасына телеграмма салғызды. Жұмыстан жібермей қояр деген есеппен "тез жетіңдер" деп жазғызған.

Жәйсіз түс көрсе де "өлгелі жатырмын" деп телеграммамен төпелейтін мұның мінезіне сыралғы қаладағы оқымысты ұл елп етіп бірден тұра шаппай, аңыс баққан сыңайы болу керек, кештетіп телефонмен өзі хабарласты. Салған жерден:

- Тимур аман ба өзі? - деді, басқаларың арам қатсаңдар да мейлі дегендей апалақтап. Әке-шешесін ауызға алмай алдымен баласының амандығын сұрағанға қитығып қалған бұл басына батпанмен ұрғандай былш еткізіп бір боқтайын деді де, айналасында қағаз шұқылағанмен не дер екен деп екі құлағы осы жақта боп отырған пошташы қыз-келіншектерден ыңғайсызданды. Сонда да көкірекке лықсып келген ашудың алдын тежей алмай:

-Өй, шірік ит! - деді ызбарланып. - Балажанын бұның. Қаусап отырған әке-шешеңнің амандығын неге сұрамайсың?!

Ол да қу, болымсыздан ілік тауып ақталған боп жатыр:

- Сөйлесіп, дауысыңызды естіп отырған соң, сау-саламат екеніңізді біліп тұрмын ғой. Сіз келген соң Тимурға бірдеңе боп қалды ма деп...

- Балаңды жеп қойғамыз жоқ. Тұр ғой міне, құлағы қалқайып... Өй, мисыз шірік!..

- Ойбай, көке, ұрысқалы келдіңіз бе, уақыт өтіп барады ғой. Айтсаңызшы, не боп қалды?

Нықыртып алатындай қасында тұрған жоқ, шала-пұшық зекігенге айызы қанбай амалы құрып, саңыраудың құлағындай қалқайған қара трубкаға ожырая бір қарап алды да, Ғалидың ақталғанын, ақылдасып басына күмбез тұрғызбақ ойы бар екенін айтты. Анау "Е, құдай-ай, сол ма, тәйірі" дегендей жәй "дұрыс екен" дегені болмаса, қолқ етіп онша ықылас білдіре қойған жоқ. Сочи дей ме, суға түсіп, құмға аунайтын бір жерге табанынан таусылып жүріп қағаз алып қойған көрінеді. Келін екеуі соған бармақ. Таныс салып, бедел сатып ентелейтін ол не қылған су, ол не қылған құм? Жастарына жетпей құяң құрыстырып, терілері құрттап бара жатса, аунайтын мына өзіміздің Ақсуаттың иен-тегін құмы мен суы тұрған жоқ па! Сырғақсытып келіп сөзін "кейін келермізбен" бітірген.

Ертеңінде түс ауа аудан орталығымен екі араға қатынайтын домалақ сары автобустан ши қалпағы қоқырайып Ермек түсті. Бір қолында - чемодан, бір қолында - бүйірі бұлтиған үлкен қара сөмке, артынып-тартынып, күркілдеп жүрген көксау шалдың саудасы бітті деп жетсе керек. Есіктен аттай бере қазандық жақта пышақ қайрап отырған бұны көріп, "өй, көке, тірі ме едің" дей жаздап барып тұрып қалған, келесі сәтте кемсеңдей ұмтылған кемпір-шал жарыса бас салып, солқылдай жөнелгенде екі көзі одан сайын атыздай болды. Жайғасып отырған соң, жаңағы кемпірі екеуінің қосыла бырқылдаған берекесіз былдыр-батпағынан дұрыстап ештеңе түсінбеді-ау деген оймен, баптанып әңгіменің мән-жайын айта бастаған. Есі шығып шыр-пыр болар деген Ермегі былқ етсе кәне. Жастыққа шынтақтаған күйі іргеде жатқан жыртық газетті алып тесіле қалыпты. Анда-санда алақан сыртымен аузын қалқалап есінеп-есінеп қояды.

- Әй! - деді бұл күйіп кетіп. - Саған айтып отырмын ба, далаға үріп отырмын ба, неге құлақ түрмейсің?

- Естіп отырмын ғой.

- Естісең - неге қуанбайсың?

- Неменеге қуанам? - деді Ермек қабақ шытып. Қолындағы кере ұстаған газет жел дірілдеткендей сытыр-сытыр етті. - Өлтіріп алып, пәлен жылдан кейін, ойбай, ақ екен, таза екен - қуаныңдар дегенге қуана салу керек пе. Жоқ, мен өйтіп қуана алмаймын. Қайта жылағым келеді. Осы күнге дейін кінәсі бар болса, бар шығар деп ойлап, сол үшін көрген қорлығымның бірін де қиянатқа санамап едім. Халық жауының, сатқынның баласына оң көзімен қарамады деп өкпелеу адамның да, құдайдың да заңына томпақ сияқты боп көрінген. Енді, міне, осынша жыл жазықсыз зардап шегіп келгенімді түсінгенде ішім ит жыртқандай іріп, өмірімде тұңғыш рет еңіреп тұрып жылағым кеп отыр.

- Осы күнге дейін өксігенің де жетер, қарағым, - деді бұл басу айтқандай бәсең үнмен. - Бітеу жараның аузын тырнап қайтесің. Кеш болса да жақсы аты қайтып оралғанға шүкіршілік етейік.

- Енді одан не пайда?

- Адамның өзі мың жасамайды, ұрпағымен мың жасайды, құлыным, - деді арыдан қозғап. - Ғалидың жасамаған жасы, ғұмырының жалғасы - сенсің, анау үш немересі. Енді жасқанбай, жалтақтамай өз әкеңнің атына жазыласың. Балалар да атасының атын иемденеді. Пәленшенің немересімін, пәленшенің шөбересімін деп атыңды шығарар ұрпағың өніп-өссе - тастан да берік белгі сол!

Ермек ойланып іркілген жоқ:

- Жоқ, фамилиямды өзгертпеймін! - деді жұлып алғандай. - Болары болып, бояуы сіңген нәрсені жаңғыртып керегі не!

Біреу төбесінен қос қолдап қойып қалғандай Әли қарттың миы зеңіп жүре берген. Кекештеніп барып әзер тіл қатты:

- Ойбай-ау, өмір бойы өтірік фамилияңда жүре бермексің бе?

- Мен емес, өтірік айтқызған уақыт кінәлі.

- Сонда өз әкеңнің атын бір жола өшірмекпісің?

Шегедей қадалған шегір көзден жасқанып төмен қараған күйі Ермек "қайдан білейін" дегендей иығын қақты. Езуіне темекі қыстырды. Қорапқа сүйкей тартқан шырпысы қайта-қайта сынып, қолы қалтырай әзер тұтатты.

- Ол да туған ұлындай өсіріп жеткізді. Сол кісінің атын жамылып институтқа түстім, партия қатарына өттім. Әйтпесе ол кезде халық жауының баласын партияның маңына жолатар ма еді. Жаманды-жақсылы осы күнге жеткенім - сол кісінің арқасы. Енді кеп, "есегім судан өтті - керегің жоқ" деп жалт бұрылғаным адамшылық па! Тапқан - ана емес, баққан - ана демей ме, - деп, шалдың алды-артын орап, қарсы дауды буынсыз жерге пышақ ұрғандай ғып тастады.

Әли қарт мең-зең күйі тәлтіректеп сыртқа шықты. Ымырт па, түн бе бе - айырып тұрған жоқ, қара перде тұтқандай көз алды қап-қараңғы... "Ұрпағы бар адамның өлдім деуі бекер деуші едім. Жоқ, Ғали, сен шынымен өлген екенсің. Заманың сені шынымен өлтірген екен! - деді қараңғыға тесірейген қалпы сыбырлап. - Өз қанынан жаралған ұрпағы жат боп безсе, оты өшіп, атаусыз қалса, із-түзсіз жоғалғаны емей немене. Мейірімсіз тағдыр сені жалғызыңның жүрегінен жұлып тастапты!.."

Ышқына соққан күзгі ызғырық тұла бойын қалтыратып, ашық қалған көйлегінің өңірінен қандауырдың ұшындай қадалып тұр. Аспанда етегінен мұп-мұздай тамшы сорғалап туырлықтай қара бұлт баяу көшіп барады.

 

abai.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста