ХХ ғасырдың екінші жартысында әлемдегі ең алып екі ел АҚШ пен Совет Одағы «қырғи-қабақ соғысы» жағдайында әскери жанталаса қарулануда болатын. Содықтан екі елдің барлық құпия барлау қызметтері бір-бірінен «әскери-техникалық құпияларды» ұрлауды барынша жолға қойған еді. Бұл үшін екі астам держава да миллиардтаған долларларды аяған жоқ. Сондағы мақсат – бірінен-бірі әскери басымдыққа жету. Ақыры бұл жарыс Совет Одағының экономикасының тұралап, елдің күйреп, тарауымен аяқталды.
Иә, сонымен «әскери-техникалық құпияларды» ұрлау майданы қызып жатты. Бірақ мұндай «сыйлықты» жапондықтар мен американдықтар өңдерінде түгілі түстерінде де көреміз деп ойлаған жоқ еді. Егер де ... иә, егер де аға лейтенант Виктор Беленко болмаса...
1976 жылдың 6 қыркүйегінде ұшқыш-аға лейтенант Виктор Беленко МиГ-25 истребителінде оқу-жаттығу тапсырмаларын орындау кезінде, ешқандай бұйрықсыз ұшу аумағын тастап шығып, Совет Одағының мемлекеттік шекарасын кесіп өтіп, Жапонияның Хакодате әуе жайына (Хоккайдо аралы) келіп қонды...
Әлемнің бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары шу ете қалды. Сенсация! Әскери-саяси дағдарыс!... Соғыс!... Дүние жүзінде теңдесі жоқ ең ұшқыр, ең қазіргі заманғы, батыстың күндіз күлкісін, түнде ұйқысын қашырып отырған, Совет Одағы өте құпия әрі көздің қарашығындай сақтап жүрген әрі батыстың барлық құпия барлау қызметтері бір дерегіне «зар болып жүрген» әскери ұшақ – истребитель НАТО-ға «өзі келіп» тұр...
Ұшақтың әскери-техникалық мінездемесінің өзі мамандарды таң қалдырды: МиГ-25 шабуылдаушы-жойғыш ұшағы биікке ұшудан әлем рекордын орнатқан - 36 240 метр, ұшу салмағы – 35 750 кг, ұшу шапшаңдығы сағатына 3200 шақырым. (Бір сағатта Алтайдан Еділге ұшып жетіп келеді. Автор) Ұзындығы 14,1 м. Қанатының ұзындығы – 22,3 м. Биіктігі 6,1 м. Ұшу биіктігі – 24 300 м. Ұшу қашықтығы 1950 км. Қару-жарағы: «Әуе-Әуе» 4 зымыраны, 30 мм зеңбірек.
Мамандар бұл оқиға Совет Одағының 200-ден астам зауыт пен жүздеген мың адамның еңбегін зая кетірді деп есептейді. Халықаралық жағдай ушыға түсті. Әскери әуе күштеріне келген материалдық шығынға есеп жоқ. Ондаған генералдар, командирлер мен басшылар орындарынан ұшты. Тек қана елдегі бүкіл ұшақтардағы «біздікі-біздікі емес» өзара тану жүйесін ауыстыруға келгендігінің өзі қыруар жұмыс пен қаражат болғандығын айтсақ та жеткілікті болар. Кейіннен мамандар батысқа зымырандардың құпиясын сатып жіберген ең атышулы «Пеньковскийдің ісі» де бұған теңесе алмайды деді. Бұл сатқындық Совет Одағының әскери-әуе күштерінің жүрегіне қадалған қанжардай болды.
Енді, Виктор Беленко деген кім, соған келейік:
Ұлты – орыс. 1947 жылы 15 ақпанда туған. 1965 жылы Омбыдағы ДОССАФ клубын, 1971 жылы Армавирдегі ұшқыштардың жоғары әскери училищесін бітірген. 1971 -1975 жылдары Сальск қаласындағы МиГ-17, Су-15 ұшақтарына ұшқыштар дайындау орталығының ұшқыш-нұсқаушысы. Соңғы қызметі – Қиыр Шығыс әскери округінде әуе шабуылына қарсы қорғану 513-ші полкінің эскадрилья командирі орынбасарының міндетін атқарушы.
Адам баласы әр түрлі жаратылған ғой. Біреуге отбасы аман болса, жұмысы болса, денсаулығы болса, «тәубә, тәубә» деп, шүкіршілік етіп, соған да мәз. Біреуге қара басының амандығы да үлкен бақыт. Ал біреулерге отбасы да, елі де, жері де, тіпті тұтас бір саяси жүйе де ұнамайды. Бақытын басқа жерден, басқа нәрседен іздейді.
Викторға не ұнамады? Осы уақытқа дейін командирлер де, оның ісімен айналысқан тергеушілер де оның не үшін отанын сатқанын анық түсіндіріп бере алмайды. Жеке ісіндегі саяси қырағылығы туралы жақсы мінездемелер, алғыстар...
Училище бітірісімен Сальск қаласындағы орталыққа нұсқаушы болып жіберілуі де оның біліктілігі мен сенімділігін мойындағандық болатын. Бірақ ол төрт жыл қызмет еткеннен кейін басқа ойларға беріле бастады. Оған бірге оқыған курстастарынан алған хаттары да әсер етсе керек.
«Болды, жетеді, қашанға дейін сары ауыз балапан болып жүре бересің» деп, олар бұны әзілдеп болса да келеке ететін. Өйткені олардың бәрі де әскери бөлімдерде қызмет ететін. Нағыз әскери ұшақтарда ұшатын.
Виктор болса сынақшы-ұшқыш болуды армандады. Бірнеше рет рапорт та жазды. Ешкім құлақ салмады. Төртінші рет орталықтың бастығы генерал-майор Дмитрий Голодниковқа кірді. Ол болса оған рапортын қайтып алуды ұсынды.
«Партия қайда жіберсе, сонда қызмет ету – офицердің борышы», - деді ол. Виктор болса қарсыласып бақты.
«Мен нұсқаушы болып төртінші жыл қызмет етемін. Менің нағыз әскери ұшқыш болғым келеді», - деді ол. Генерал болса енді екі-үш жылдан кейін басқа бөлімге ауысуға көмектесетінін, ал әзірше қызметін жалғастыра беруі керектігін қайталап айтты.
«Шаршасаң, дем ал, демалыс алып, үйіңе барып кел», деді қамқорлықпен. Одан әрі тыңдауға Виктордың шыдамы жетпеді:
«Жарайды, бұдан да жақсы қызмет ете беремін, курсанттарды оқытып, тәртіпсіздікпен, маскүнемдікпен, ұрлық-қарлықпен күресе беремін. Керек десеңіз, Орталықтағы келеңсіздіктің барлығын көрсетіп, Қорғаныс министріне рапорт жазамын», - деді ашулы кекесінмен.
Генерал шошып кетті.
- Сен мұны істемейсің, - деді ол.
- Неге істемеймін, істеймін. Курсантпен бірге лейтенант Любыхтың да қалай қаза болғанын айтамын. Ол ұша білмейтін еді. Ал сіздер оны кездейсоқ оқиғаға жатқыза салдыңыздар...
Ол қатты ашынып кеткен еді.
Генерал қатты састы. Егер де осы аталған деректердің кез келгені жоғары жаққа жетсе, генералдығыңмен де, қызметіңмен де қош айтыса бер деген сөз. Ол кабинетіне госпитальдың бастығы полковник Маленковты жедел шақырып алды.
«Мынаны, - деді ол, Викторды саусағымен нұсқап, толық медициналық тексеруден өткізіңдер».
Жолдас генерал, лейтенант Беленко осыдан екі-ақ апта бұрын медициналық тексеруден өткен. Бәрі де жақсы болатын, - деді таңданған госпиталь бастығы.
Мен жүйке жүйесін айтамын, - деді ол.
Полковник жас офицерге жаны ашып, қайтесің, жассың, желге қарай түкіруге бола ма екен, кешірім сұрай сал, - деп айтып көріп еді, ол «мен өтірік айта алмаймын» деп тіке жауап берді.
...Беленконы Стравопольдағы жүйке жүйесі институтына алып келді. Бірақ жас офицердің сап-сау, ап-аман екендігіне көздері жеткен дәрігерлер таңданып жатты.
- Менің әскери ұшқыш болғым келеді. Истребительде ұшып, кәсіби жағынан өссем деймін, - деп жауап берді Виктор.
- Мұныңыз әбден түсінікті-ақ нәрсе. Сіз сап-саусыз. Жолыңыз болсын, лейтенант, - деп қоштасты дәрігерлер.
Көп кешікпей Беленконың көптен күткен арманы да орындалды. Оны Қиыр Шығыстағы «МиГ-тер» полкіне жіберді. Кетерде училищеде бірге оқыған, кадр бөлімінде істейтін жолдасы «құпия түрде» былай деді.
«Генерал саған өте жақсы мінездеме берді. Білесің бе, мұндай мінездемені кімдерге береді?... Бастықтардың к... тап-таза қылып жалағандарға...».
Виктор барған жер «құдайдың өзі ұмытқан» жердің түбі болатын. Бірақ бәрінен де оны жындандырғаны, бөлімге мұның өзі келмей тұрып-ақ «жүйке ауруханасында есепте тұратын, «қуып кеткен» офицер келеді» деген сыбыс тарап үлгеріпті.
Әрине, оны ұшуға жіберді, бірақ ол өзіне жолдастарының «бір түрлі» қарайтынын сезіп жүрді. Оның үстіне әйелі де әбден жүйкесін жұқартып болды. Оған бұл жер нағыз жер аударылғандар тұратын жер болып көрінетін. Оның үстіне күнде айырылысуды талап ететін...
Беленконы тұңғыш рет көріп, сөйлескен Америка журналисі Виктордың сол кездегі жай-күйін оның өз аузынан былайша жазыпты:
«Мен бұл саяси жүйеде өмір сүре алмаймын. Ал оны өзгерту немесе құртып жіберу қолымнан келмейді. Сонда не қалады? Әрине, қашу қалады. Отбасым жоқ. Анам туралы естімегеніме, міне, 25 жыл болды. Әкемді көрген емеспін. Людмила (әйелі. автор) енді жоқ. Дима болса маған тіптен жат адам болып өсіп келеді. Жеңілдіктер? Олар менде бар. Мысалы, мен 1987 жылы зейнет демалысына кете аламын. Бірақ мен өмірден өз жолымды тапқым, оның мән-мағынасын түсінгім келеді... Ал ол үшін мен азат адам болуым керек. Қашсам, ұшағым мен оның құпияларын батысқа берсем... Бұл оларға қатты соққы болар еді...»
Кім біледі, мүмкін, Америка журналисі бірдеңелерді қосып жіберуі де ғажеп емес. Бірақ өзінің шарасыз жағдайына деген, айналасындағы адамдарға деген өшпенділік пен кек оны осы қадамдарға итергені анық...
Виктор қашпастан бұрын-ақ өзінің МиГ-25 ұшағының тактикалық-техникалық мінездемелерін жазумен болды. Сол кездің өзінде-ақ ол мұның Америкада керек болатынын түсінді. Сөздікті пайдаланып ағылшын тілінде «Осы оқиға туралы Америка барлау қызметінің өкілдеріне хабарлаңыздар. Ұшақты тығып қойып, күзетіңіздер. Ұшаққа жақындауға ешкімге рұқсат бермеңіздер» деп жазып та алды...
1976 жылы әлемде бірде-бір елде МиГ-25 ұшағымен тайталаса алатын ұшақ-истребитель жоқ-тын. АҚШ-тың бұрынғы қорғаныс министрі Джеймс Шлезингер бұл машина туралы былай деген болатын: «Бұл советтік истребитель сондай қауіпті қару, оның санының көбеюі бүкіл батыстың стратегиясы мен қару-жарағына қауіп төндіреді». Оны АҚШ-тың әскери-әуе күштерінің қолбасшысы Роберт Сименс те қоштады: «Бұл - әлемдегі ең күшті истребитель».
Совет Одағының әскери-барлау қызметтері «Біздің МиГ-25 барлығын қорқынышта ұстауда» деп, орталыққа мақтанышпен хабарлап жататын. Әрі ескертетін: «Совет Одағындағы барлық шетел барлау қызметтеріне осы ғажайып ұшаққа байланысты барлық мағлұматтарды жинауға бұйрық берілді...».
1976 жылы АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы ұшақ туралы мардымсыз ғана мәліметтер жинай алды. Ал МиГ-25-тің саны Совет одағында 400-ге жеткенін білгенде, Пентагонның зәресі ұшты...
ҚАШУ
Тергеу мәліметтері және Орталық барлау басқармасына Беленконың айтқан мәліметтері бойынша қашу хроникасын қалпына келтіруге болатын сияқты.
12.50. Беленко әуе жайға қайтудың орнына оңтүстік-шығысқа бағыт алды. 8 шақырымдық биіктіктен Жапонияның радарлары мен әуе қорғанысына тап болып, атып түсірілмес үшін бірден 1 шақырымдық биіктікке түсіп, одан да төмендей берді. Сосын қашқын кнопканы басты. Бұл – жағдай жаман, ұшақ аварияға түсті дегенді білдіретін, сосын оны сөндіріп тастады, яғни истребитель құлады, бәрі де бітті деп ойласын деді. Бұдан кейін барлық радарлық қондырғылар мен барлық сәуле беретін электрондық приборларды істен шығарды. Өйтпесе, олар ұшақтың қайда екеніндігінен «хабар беретін».
Отыз минуттан кейін қашқын Жапонияның Хоккайдо аралдары маңынан бір-ақ шықты. Бұл жерде американдық «Фантомдар» ұшып жүрген болатын. Ұшқыш олардың өзін көретініне, сосын қонуға мәжбүрлейтініне сенді. Жапонияның әуе күштерінің оперативтік кезекшісі ұшақты «қарсы алуды» бұйырды. Біраз уақыт «Фантомдар» оны көріп, жерге қонуға икемдей бастады, бірақ ол өте төмен қашықтықта ұшып келе жатқанынан радардың «бағуынан» шығып кетті де, олар оны жоғалтып алды.
Төмендей бастады. Төменнен әуежай көрінді. Бұл азаматтық әуежай еді. Әрі Беленко өзі қонамын деп жоспарлаған әуежай 150 шақырым солтүстікте жатқан болатын. Енді қона беремін дегенде ұшу-қону жолында «Боинг-727» ұшағының әуеге көтерілу үшін «жүгіріп» келе жатқанын байқады. Бірақ басқа жол жоқ еді. Қайта айналып келіп, қонуға жанармай бітті. Ұшқыш соғылысып қалмас үшін бір-екі қимыл жасады да келіп қонды. Парашютті ағытып, тежегішті басты.
Алдыңғы дөңгелек қонар кездегі салмаққа шыдай алмай, жарылып кетті. Басқа сыну-қираулар болған жоқ. Бактағы жанармайға қараса 30 секундқа жетердейі ғана қалыпты. Сағат 13.36-ны көрсетіп тұрды...
ЖАПОНИЯДА
...Кислород маскасын шешіп, парашютті ағытқаннан кейін ұшақтың қанатына секіріп түсті. Қараса, ұшаққа қарай машиналар ағылып келеді. Қолдарында фотоаппараттары бар адамдар секіріп түсіп жатыр. Виктор оларға қолдарыңдағы фотоаппараттарыңды тығыңдар, суретке түсіруге болмайды деп қолымен ым жасай бастады. Тыңдайтын олар жоқ. Сол кезде ол тапаншасын алды да, бірнеше рет ауаға атып-атып жіберді. Фотоаппараттар тез-ақ жоғалып кетті, тіпті кейбіреулер пленкаларын да алып, жерге тастап жатты...
Бір машина басқаларынан гөрі ұшаққа тақау келіп тоқтады. Одан қолдарында ақ тулары бар екі адам түсті. Біреуі шала орыс тілінде Беленкодан тапаншасын тығып қоюды сұрады. Тақау келіп, тапанша мен пышағын беруді сұрады. Виктор қарсы болмады...
Жапонияның ұлттық қорғаныс басқармасының арнайы бөлімінің бұрынғы офицері Таро Като былай дейді:
Біз Беленконы машинаға отырғызып, әуе вокзалына алып келдік. Әуе вокзалының басшысының кабинетіне кіргіздік. Осы кезде орысша жақсы білетін біздің қызметкер де келіп жетті. Ол Жапонияның Сыртқы істер министрлігінің өкілі ретінде танысты. Бірақ, ұшқыш алдында барлау қызметінің адамы тұрғанын бірден түсінді. Ұшқыш қолындағы хатын берді. (Бұрын жазып, дайындап қойған).
Біздің офицер одан сұрады.
- Сіз курстан адасып кеттіңіз бе?
- Жоқ, мен мұнда әдейі ұшып келдім. Мен АҚШ-тан саяси баспана сұрағым келеді. Ұшақты жауып, күзет қойыңыздар. Мені тезірек американдықтармен байланыстырыңызшы.
- Жарайды, жүріңіз.
Орыс офицерін алып шыққанымыз сол еді, журналистер оған лап берді. Ол курткасымен басын жауып үлгерді.
Біз оны әуежайдың қонақ үйіне алып барып, екі офицердің күзетімен нөмірге орналастырдық. Тағы екеуі нөмірді сыртынан күзетіп жүрді. Беленкоға киім, аяқ киім алып келдік. Душ қабылдауын сұрадық. Ол сыра сұрады. Біз әзірше ешқандай да алкоголь ішімдіктерін ұсына алмаймыз. Бірақ сәл шыдаңыз, бәрі де болады дедік.
Ұшқыш дем алғаннан кейін біз одан ұшып келуінің мақсаты мен себебін сұрадық. Ол біздің тілегімізді қуана орындады. Сонымен қатар ол бізден өзінің парашюті мен киімдерін теңізге лақтырып тастауымызды сұрады. Ұшақ теңізге құлаған екен деген ой қалыптасуы үшін деді.
Біздің өкіл оны істеуден бас тартты. Ол орыстар қазірдің өзінде сенің Жапонияда екеніңді біліп отыр. Дипломатиялық каналдар арқылы сенің қайтарылуыңды талап етіп жатыр деді...
Сол күні-ақ Жапон үкіметінің өкілі Совет Одағының Жапониядағы елшісі Дмитрий Полянскийге МиГ-25 ұшағының ұшқышының өз қолымен жазылған хатын табыстамақ болды. Хатта: «Мен, Виктор Иванович Беленко, Совет Одағына қайтқым келмейтінін, АҚШ-та қалуға рұқсат алуға үміттенетінімді жеткіземін. Бұл шешімді мен ешқандай да сырттан әсер етусіз ерікті түрде қабылдағандығымды айтқым келеді. Виктор Беленко» деп жазылған болатын.
Елші бұл құжатты қабылдаудан қатаң түрде бас тартты. Сол күні-ақ Совет Одағы Токионы курстан жаңылысып кеткен совет ұшқышына есірткі берген деп айыптай бастады. Совет Одағының Сыртқы істер министрлігі Жапония үкіметіне ұшқыш пен ұшақты тез арада қайтару туралы қолда бар барлық тетіктермен қысым жасап, талап ете бастады.
Келесі күні Беленконы Токиоға жеткізуіміз керек-тін. Жақсылап киіндірдік. Таң атпай қонақ үйдің алды журналистерге толып кетті. Арнайы қызмет офицері журналистерді алдап, ұшқышты қонақ үйдің құпия есігінен шығаруды шешті. Бірақ репортерлер мұны да біліп қойды. Секюритерлер Беленконы әзер дегенде машинаға итеріп кіргізуі сол-ақ еді, ол орнынан ытқып берді. Тілшілер қуып берді. Бірақ арнайы қызмет орны бұны да қарастырған еді. Келесі қиылыста-ақ дәл осындай машиналар қаптап тұрған еді, олар тез арада араласып кетті де, орын ауыстырып, бірнеше маневр жасағаннан кейін төрт жаққа тарыдай шашыла кетті. Журналистер қай машинаның артынан ерерлерін білмей шатасып қалды.
Сонда да болса машина көптеген адастыру трюктерін істеп барып, қала шетіндегі қоқыс төгетін жерге келіп тоқтады. Сол жерге тікұшақ та келіп қонды. Ұшқыш бірнеше минуттан кейін Хитозе авиабазасына қарай бағыт алды...
Онда Беленконы әскери ұшаққа отырғыздық. Қырық минуттан кейін Беленко Токиода болды. Орыс офицерін теңіз базасының ғимаратына алып келдік. Онда Америка Құрама Штаттары Орталық барлау басқармасының офицері күтіп отырған болатын.
Ол «Менің атым Джим. Мен Құрама Штаттар Үкіметінің атынан сөйлеймін. Маған АҚШ Президентінің сенің саяси баспана беру туралы өтінішіңді қанағаттандырғаны туралы айту тапсырылды. Қалай ғана кейбір формальдылықтарды бітіреміз, солай Америкаға ұшамыз» деді.
Сосын жапондықтар Беленкодан жүз рет кешірім сұрай отырып... түрмеге орналастырды. Бұларын олар «Бұл – Жапониядағы ең қауіпсіз жер» деп түсіндірді.
Камерада оны тамақтандырды, киіндірді, сыра да берді. Ал келесі күні таңертең «спектакль» басталды.
Беленкомен бірнеше рет кездескен америка журналисі Джон Баррон айтады:
Жапондықтар Беленкоға ел заңдарын бұзғаны үшін сотқа тартылғанын айтып, оны есінен айырылғандай қылды. Оны кеңсеге алып келді. Онда мантия киген судья формальды айыптауды оқыды:
-Сіз Жапония заңдарын бұзғаныңыз үшін төрт бап бойынша айыпталасыз. Сіз жасырын түрде ел әуе кеңістігін бұздыңыз. Елге визасыз келдіңіз. Тапаншаңыз болды. Және одан оқ аттыңыз. Сіз өзіңізді айыптымын деп санайсыз ба?
- Иә.
- Сіз неге Жапонияның әуе кеңістігін бұздыңыз?
- Өкінішке орай, менің сіздердің елдеріңізге келуімнің басқа мүмкіншіліктері болмады. Ұшақ менің жалғыз ғана құралым болды.
- Сізде неге виза жоқ?
- Егер де мен виза сұрасам менің қалған өмірім түрмеде өтетін еді.
- Сіз неге Жапонияға тапанша әкелдіңіз?
- Тапанша менің қару-жарағымның бір бөлігі болып табылады. Онсыз маған ұшуға рұқсат бермейтін еді.
- Неге оқ шығардыңыз?
Ұшаққа адамдарды жібермеу үшін. Олар оған зиян келтіруі мүмкін ғой. Ұшақ батыс әлемі үшін баға жетпес үлкен құн болып табылады.
- Осы аталған айыптаулар бойынша Сіз өз айыбыңызды мойындауға дайынсыз ба?
- Сіз егер де осыны талап етсеңіз.
- Мен бұл айыптауға жатпайтын ерекше іс деп шешім шығарамын. Сіз қорықпаңыз. Біз сіздің жоспарларыңыздың бұзылуына кедергі келтірейік деп отырғанымыз жоқ...
Ресми процедура аяқталды. Судья күлді. Сөйтті де «сотталушының» қолын қысып, аудармашыдан өзінің оған сәттілік тілейтінін жеткізуін өтінді.
Ал Совет Одағы билеушілері бұл кезде Беленконы қайтаруға байланысты бұрын көз көріп, құлақ естімеген үлкен масштабтағы операцияны бастап жатты. Жапондықтар сасайын деді. Өйткені бұл оқиға онсыз да қыл үстінде тұрған Мәскеу мен Токионың арасындағы қарым-қатынасты одан сайын ушықтырып жіберуі мүмкін. Жапон үкіметінің құпия кеңесінде Жапониядағы Совет Одағы елшілігінің өкілі мен Беленконың кездесуін ұйымдастыру керек деген шешім шығарылды. Бұл туралы қашқынға айтылғанда ол қобалжи бастады:
- Егер де мен кездесуден бас тартсам не болады?
- Онда біз бұл туралы оларға айтамыз. Бірақ оқиғаның бұлай өрбуін керек емес деп ойлаймыз.
Жапондықтар кездесуге үлкен мән берді. Олар Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің қашқынды өлтіріп жіберулерін де жоққа шығара алмады. Сондықтан аталмыш кездесу болады-ау деген залда дайындық жаттығулары да өткізілді. Үш қарулы күзетші ұшқыштан, үш қарулы күзетші елшілік өкілінен бір сәт те болса көздерін алмаулары қатаң тапсырылды. Олардың бәріне «егер де бірдеңе бола қалса» қару қолдануға рұқсат етілді. Кездесуге бірнеше сағат қалғанда онымен «рухын көтеру үшін» таныс болып үлгерген Орталық барлау басқармасының офицері кездесті.
Ол: «Егерде сіз біз айтқандай істесеңіз, бірнеше сағаттардан кейін-ақ АҚШ-қа ұшамыз. Билет сатып алынды. Барлық шартты нәрселер орындалды. Егерде сіздің кейбір тілектеріңіз болса біз оның бәрін де орындауға дайыныз», деді.
Жапон ұлттық қорғаныс басқармасының арнайы барлау бөлімінің бұрынғы офицері Таро Като былай дейді:
Белгіленген уақытта арнайы бөлінген бөлмеде Совет Одағының Жапониядағы елшілігінің бірінші хатшысы пайда болды. Үш күзетші одан көзін алмай тұра қалды. Содан кейін үш күзетшінің күзетуімен Беленко кірді. Ол отандасымен амандасқан да жоқ, аяғының астына қарап тұра берді. Ол он бес метрлік үстелдің қарама-қарсы жағына отырып еді, Совет Одағының өкілі орнынан тұрды да сөйлей жөнелді:
- Совет Одағы елшілігінің өкілімін. Сіздің достарыңыз сізге осындай ауыр уақытта сізбен бірге екендіктерін жеткізуімді сұрады. Совет Үкіметі болған оқиғада сіздің кінәңіз жоқ екендігін біледі. Бізге сіздің Жапонияда өз еркіңізбен қонбағаныңыз белгілі болды. Сіз бағыттан айырылып қалдыңыз, сосын сізді қонуға мәжбүр етті. Сонымен қатар сіздің қарсыласқандығыңызға қоймай түрмеге жапты, сізге есірткі қолданды. Тіпті сіз қателік жіберді деп есептегеннің өзінде, ал біз сіздің қателік жібермегеніңізді білеміз, бірақ солай деп есептегеннің өзінде, мен орталық билік органдарының атынан сізді кешіреді деп сендіре аламын. Мен осында сізге үйге, сүйікті әйеліңізге, балаңызға, жақын жолдастарыңызға қайтуыңызға көмектесу үшін келдім...
Беленко оның сөзін аяғына дейін тыңдап жатпады, тұрды да дипломаттың көзіне тіке қарамай былай деді:
- Мен Жапонияға өз еркіммен ұшып келдім... Мен АҚШ-тан саяси баспана сұрадым... Мені үгіттеудің керегі жоқ...
- САТҚЫН! – деді қатты әрі ашулы түрде дипломат.
Сен сатқындарға не істейтінін білесің бе? Біз сені ерте ме, кеш пе жердің астына кіріп кетсең де табамыз, қайтарамыз!
Оқиғаның былай өрбігеніне риза болған жапон дипломаты диктофонын өшірді де, Совет Одағы өкіліне қарап: «Сіз боссыз. Әрі қарай біз сізді ұстамаймыз», деді күлімсіреп.
Жапон СІМ-нің өкілі артқы бөлмеде Беленкоға: «Сіз өзіңізді өте жақсы ұстадыңыз», деп, сол жерде-ақ оған бір жарты орыс арағын берді. Ал Виктор болса оны «жапон достарымен» осы жерде-ақ қағып салуды ұсынды...
Сол күні-ақ қараңғыда полициялардың мықты күзетімен ұшқыш мінген машина «Боинг-747» дайын тұрған әуежайға жеткізілді.
Ұшақ салоны «Совет ұшқышымен еріп жүру тобына» арналып, қайта жасақталған екен. Беленко өзі Жапонияда болғанда күнде кездесіп тұрған, өзін Джим деп таныстырған офицер де бар екен. Ұшақ әуеге көтерілісімен ол Беленконы иығынан қағып, күлімдеп:
«Ұштық. Енді сені алдыңда бұрынғы өміріңе мүлде ұқсамайтын өмір күтіп тұр» деді...
ТАЙТАЛАС
Беленконың Жапонияға қашқан уақытында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Генри Киссинджер Парижде сапарда жүр еді. Журналистер оны сұрақтың астына алды:
«Құрама Штаттар Совет ұшқыш-қашқынын не істемек?».
«АҚШ оған саяси баспана береді деп ойлаймын! Ал егер де басқаша болса онда менің пікіріммен санаспады деп есептеңіздер», - деп жауап берді ол.
Келесі күні, 1976 жылдың 7 қыркүйегінде Америка Президенті Фордқа Совет ұшқышы туралы хабар мен Киссинджердің сөзін жеткізді. Форд «Совет ұшқышына саяси баспана шұғыл түрде берілсін», - деді.
Бұл кезде Совет Одағының Сыртқы істер министрлігі Жапонияға ұшқыш пен ұшақты қайтару туралы нота жолдады. Жапониядағы Совет резиденттеріне қалай болса да, қандай амалмен болса да, ұшаққа қол жеткізу тапсырылды. Бірақ олардың қимылдарынан түк шықпады. Ұшақ мықты күзетке алынған болатын. Әуежайдың директоры Масао Кадзеока болса «Өкінішке орай, ұшақ күзетте. Менің сіздердің өтініштеріңізді қанағаттандыруға құқығым жоқ» деумен болды.
Совет Одағының Жапониядағы елшісі Дмитрий Полянский Жапония Сыртқы істер министрінің орынбасарына болған оқиғаға қатаң баға берілген әрі дипломатиядағы ерекше мәлімдеме жасады. Онда Жапон жағы «өтірікті өрістетіп отыр» деп айыпталып, егер де ұшқыш пен ұшақ қайтпаған жағдайда «артының ауыр болатындығы» қатаң ескертілді.
Пентагон ұшақты тезірек АҚШ-қа алып келудің жоспарын жасап жатты.
АҚШ-тың бұрынғы қорғаныс министрі Дональд Румсфельд еске алады:
«Бізге ұшақ керек болды. Оның қандай металдан жасалғанын анықтап, әртүрлі ұшу режимдерінде сынап, детальдарына дейін шашып-құрастырып көріп, қайтадан әуеде сынау керек еді».
Сондықтан Вашингтон Токиоға басқа вариант ұсынды: МиГ Жапонияда бір айға ұстала тұрады, осы уақыттың ішінде американдықтар ұшақты толық зерттеп шығады. Жапондықтар американдықтар тек азаматтық киімде және тек олардың мамандарының қадағалауымен жұмыс істесе ғана келісетіндіктерін білдірді. Көп кешікпей Мәскеу АҚШ-тағы, Жапониядағы өздерінің резиденттерінен американдықтардың үлкен тобының МиГ-ті зерттеуге Хакодатеге келгенін естіді... Токиодағы Совет елшісі Мәскеуге ұшақты зерттеудің алдын алатын басқа амал енді жоқ деп хабарлады...
Бірақ Мәскеу тоқтала қоймады. АҚШ мемлекеттік департаментіне «Беленкомен жеткілікті нақтырақ сөйлесу үшін» Совет Одағы елшілігінің жоғары лауазымды өкілі Юрий Воронцов келді. Одан да қызу қимылды Мәскеуде дипломаттар жалғастырды. Мұнда Совет және шетел журналистеріне арнап өткізілген баспасөз-мәслихатында былай делінді:
«Біздің ұшқыш Жапонияда кездейсоқ болып қалды... оған оның белгісіз адамдардың ұшаққа жақындағандарында тапаншасынан оқ атып, оны суретке түсіруге қарсы болғандығы дәлел. Жапон Үкіметі ұшқышқа күш қолданды. Оның қолында кісен болды. Басына қапқа ұқсайтын бірдеңе кигізілген, оны машинаның артқы орындығына күштеп мінгізіп, түрмеге алып кетті...
Біріккен американдық-жапондық Беленконы ұрлау Президент Фордтың Хелсинки келісімдерін аяққа таптауы болып табылады...»
Бірақ бірнеше күннен кейін Ақ үйде Америка Президенті Фордпен кездесуі кезінде Совет Одағының Сыртқы істер министрі Андрей Громыко Беленко туралы басқаша сөйледі:
«Біз ұшақты біздің бір құпиямызды біліп қояр екен деп емес, оның ұрланғандығынан қайтып беруді талап етудеміз. Беленко – ұры, сатқын, қылмыскер. АҚШ бізге оны халықаралық заңдық нормаларға сай қайтаруға міндетті. Ұшақты ұрлап кеткен қылмыскер ретінде ол саяси баспана алуға тиісті емес. Халықаралық ережелер, Совет-Американ қарым-қатынастарының мүдделері оның еліне қайтарылып, өз қылмысы үшін жауап беруін талап етеді».
Форд көңілсіз тыңдады да: «Беленко – босқын. Оның саяси баспана сұрауға барлық негізі болды. Америка оған осында қанша тұрам десе де тұруға қуана келісімін береді. Бұл мәселені шешу құқы Америка Үкіметінде болғандықтан мәселе түпкілікті шешілді әрі қайта қозғауға жатпайды», - деді.
АҚШ Президентінің бұл сөзінен кейін Совет Одағының Сыртқы істер министрі Андрей Громыко Мәскеуде шұғыл істердің күтіп тұрғандығын сылтауратып, өзінің құрметіне жайылған түскі астан бас тартты...
АМЕРИКАДА
Виктор Беленконы Құрама Штаттарға алып келе жатқан «Боинг-747» ұшағы Лос-Анджелес қаласына келіп қонды. Орталық барлау басқармасы офицерлерінің топ жетекшісі Джим оған қара көзілдірік пен парик берді. Бұларын ол ұшқышты жергілікті папараццилар танымауы керек деп түсіндірді. Ұшақты ОББ-ның машинасы күтіп алды. Сол сәтте-ақ олар шағын ұшақ күтіп тұрған келесі әуежайға жүріп кетті...
Ұшқыш әр түрлі күй кешуде еді. Әрі сабырсыздық танытты. Машина қозғалысымен-ақ кез келген сұраққа жауап беруге дайын екенін айтып еді, оған «сабыр етіңіз, әр нәрсенің өз уақыты бар» деген жауап алды.
Ұшақ Вашингтонның Даллас әуежайына келіп қонды. Бір сағаттан кейін оны бір құпия ғимаратқа алып келді. Кешкі астан кейін-ақ ол ұйықтап кетті.
Таңертең оны қара нәсілді күтуші оятты. Таңғы астан кейін Джим оны өзін Питер деп атаған адаммен таныстырды. Питерден кейін Ник келді. Кейіннен Виктор өзімен «Америка барлау қызметінің ең үздік офицерлерінің жұмыс істегенін» білді.
«Әңгімелесулер» ұзаққа созылумен болды. Қажытатын да. Оның өтемі ретінде Питер мен Ник ұшқышқа қаланы аралауды, супермаркеттерге кіруді ұсынды. Бұл да «жоспардың» бір бөлігі болатын. Орыс ұшқышын Америка байлығы мен қонақжайлылығымен таң қалдыру көзделген еді. Оны ине мен жіптен енді өткен киімдермен бастан-аяқ киіндірді. Қуанғаннан ол «сенк ю» деп, олардың қолдарын қысумен болды.
Көп өтпей Викторды Аннаға «өткізді». Ол ұшқыш тұрған виллаға қызыл машинамен келіп тоқтады. Оның сұрақтарына қарап, оның диссиденттік мәселелер мен антисоветтік көзқарастарын ұштау саласының маманы екендігі көрініп тұрды. Ол «Одақ» туралы адам сенбес неше түрлі күйе жағылған әңгімелерімен Виктордың миын толық «тазалады». Содан кейін Виктордың ерлігін «мақтағаны» сондай ол өзін шынында да керемет сезініп, бөлінген төрт сағаттың орнына күні бойы сайраумен болды...
Орталық барлау басқармасының авиатехника саласы бойынша мамандары ұшқыштан тезірек жауап алуға асығуда еді. Олар ұшқыштан күн сайын төрт сағаттан жауап алуды ұсынды. Бірақ оған психологтар қарсы болды.
- Тек таңғы екі сағат қана тергеуге тиімді, - деді олар. Әйтпесе шаршаған ұшқыш кейбір маңызды детальдарды жіберіп алуы мүмкін.
Бірінші тергеуде-ақ американдықтар қашқынға «МиГ-ті» шашып, қайтадан құрастыруға қорқып отырғандықтарын айтты. Өйткені...
Истребительдің кабинасында олар «қауіпті» деген жазуы бар қызыл кнопканы көрген болатын. Американдықтар бұл кнопканы ұшқыш аварияға ұшырап, ұшақты тастап шығар кезде немесе басқа елге амалсыз қонуға мәжбүр болған кезде басуы керек шығар деп ойлады. ОББ-ның мамандары кнопканы басу ұшақтың ең құпия қондырғыларын жойып жіберетін жарылыс жасауға арналған деп шешті. Сонымен қатар олар кнопка ұшақ пен ұшқышты бірден жарып жіберуге арналуы мүмкіндігін де жоққа шығарған жоқ. Сондықтан ұшқышқа истребительдің кабинетінің дәл өзіндей көлемде нақпа-нақ түсірілген фотосуретін әкелді. Тергеуді АҚШ әуе күштерінің полковнигі Грэт жүргізді. Қашқынға көптеген сұрақтарға жауап беруге тура келді. Тек ол «қауіпті» деген жазуы бар кейбір кнопкалардың астындағы предохранительдердің неге алынып тасталғанын түсіндіре алмай-ақ қойды. Бұл Америка мамандарын қатты сақтық шараларын жасауға итермеледі. Олардың ұшақ жарылып кетуі мүмкін деген қауіптері күшейе түсті. Сондықтан олар жетіспей тұрған тетіктерді жасап, орындарына қойды.
«Беленкотанушы» Джон Барронның айтуынша, сол күні Совет ұшқышы мен Америка полковнигінің арасында мынадай әңгіме болған:
- Ал енді маған двигательді қалай іске қосуды көрсетіңізші?
- Сіздің неге ұшақты осында алып келгенше күте тұрғыңыз келмейді?
- Мен сіз екеуміз онымен ұша алмай қаламыз ба деп қорқамын. Бізге оны бір айдың немесе соншалық уақыт төңірегінде қайтаруға тура келіп тұр.
- Қалай? Сіздер ақылдарыңыздан алжасқансыздар ма?
Беленко түтігіп кетті. Ұшақты қайтару? Егер сіздердің Ф-14 немесе Ф-15-теріңіз Чехословакияда немесе Польшада қонса, оны сіздерге қайтып берер ме еді? Бұл енді біздің ұшақ. Мен оны сіздерге алып келдім. Мен оны сіздерге беру үшін өмірімді бәске тігіп, бәрінен айырылдым. Менің машинамды жапондықтардан алып қойыңыздар. Егер де сіздер оны қайтып берсеңіздер, олар сіздерге күлетін болады. Сіздер олардың алдында өздеріңізді ақымақ қылып көрсетесіздер...
- Тынышталыңыз, - деді Грэт. Мен де сіз секілді ашулымын. Біз сіздің көмегіңіз арқылы ұшақ туралы онымен ұшпай-ақ барынша көп білгіміз келеді. Сондықтан уақытты босқа жібермейік...
МЕН ОРАЛМАЙМЫН!
Мәскеу ұшқыш отанына оралады деген үмітін үзбеді. Кезекті бір кездесуге Беленкоға АҚШ-тағы Совет Одағы елшісінің кеңесшісі Юрий Воронцов келді. Әңгіме ескі схема бойынша өрбіді. Дипломат ұшқышқа:
«Егер де сіз отаныңызға оралсаңыз, сіз кешірілесіз», деді. Беленко болса Токиодағы жаттап алған сөздерін қайталаумен болды:
«Мен өзімнің істеген істерімнің бәрін ерікті түрде істедім. Ешқандай есірткі маған берілген жоқ. Мен АҚШ-та тұру туралы шешімді өзім қабылдадым. Мен оралмаймын...».
Тағы да осы уақытқа дейін ешкім жауап бере алмаған сұрақ қойылды:
- Сіз неге бұлай істедіңіз?
Ол Воронцовқа таң қалған көзқараспен қарады да:
- Неге екенін сіздер өздеріңіз-ақ сезген жоқсыздар ма?... деді.
Қоштасарда Воронцов ұшқышқа:
- Біз сіздің оралатыныңызға сенеміз. Ол күн әлі келеді! - деді.
Әңгіме аяқталғаннан кейін ОББ офицерлері тағы да қашқынды «сіз жақсы әрі батыл адамсыз» деп мақтап жатты.
Үйге қарай қайтқан жолда цэрэушілер оны Арлингтон бейіті арқылы қысқа, жіңішке сүрлеулермен, сақтықпен алып жүрді. Беленко болса мені мұнда неге әкелдіңіздер деп сұрады.
- Артымыздан кэгэбэ тыңшылары ерген жоқ па, соны тексерудеміз, - деді оған.
- Олар мұнда да жүре ме? - деді ол таң қалғанын жасыра алмай.
- Әрине. Сіз бұны ешқашан ұмытпауыңыз керек. Керісінше, бұл қауіпті қалған өміріңізде ешқашан есіңізден шығармаңыз!
ҒАЖАЙЫП ҰШАҚТЫҢ ҚҰПИЯСЫ АШЫЛДЫ
Америка барлау қызметінің басын «МиГ» 10 жылдан астам уақыт қатырды. Осы жайындағы бір кітапта былай деп жазылған болатын:
«Америка мамандары бәсекелестері Совет Одағы мамандарына 60-жылдардың өзінде-ақ дыбыс жылдамдығынан үш есе артық жылдамдықпен ұшатын ғана емес, сонымен қатар жер бетінен 80 мың фут биіктікте төрт ауыр әрі мықты ракетаны алып жүре алатын истребительді жасап шығарудың реті қалай келгенін түсіне алмай жүрді. Бұны тіпті 70-жылдары жасалынған Американың ең соңғы заманғы истребительдері де істей алмайтын еді...».
Осы ұшақтың құпиясын білуге Орталық барлау басқармасы 10 жыл жіберді. Беленко оларға ең бақытты түстерінде де көрмеген сыйлық жасады. Қашқын алып келген машина 1976 жылдың ақпан айында құрастырылған. Оған бар болғаны жарты-ақ жыл болған еді.
Истребительді 200-ден астам ұшақ жасау, қарулану, электроника, металлургия, аэродинамика мамандары тінтелеп шықты. Шашып-құрастыру барысында мыңдаған суреттер түсірілді. Сосын «сойылған» МиГ-ті АҚШ-қа жеткізу үшін үлкен әскери-көлік ұшағына артты.
Мәскеу бұл операция туралы білді. Бас штабтағы бір жоғары лауазымды әскери бастықтың ойына «бақытсыз жағдай ұйымдастыру» келе қалды. Бірақ бұл идеядан бірден бас тартуға тура келді. Оның соңы халықаралық жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін еді. Американдықтар мен жапондықтар бұрын-соңды болмаған қауіпсіздік шараларын жасады. Тұтас бір «Фонтамдар» армадасы әскери-көлік ұшағын жапон территориясынан мүмкін болатын қашықтыққа дейін шығарып салды. Жолда «қымбат сыйлықты» Тынық мұхитының үстінде одан да зор американдық әскери ұшақтар тобы қарсы алды.
«МиГ-ті» әбден оңды-солды зерттеп болған соң, бір Америка әскери маманы былай деді:
«Біз әрине, оның ғажайып ұшақ екендігін сезетінбіз. Солай болып шықты да». Екінші маманның пікірі: «Бізге үнемді жобалау мен құрастыруды орыстардан үйрену керек».
Ал АҚШ әскери-әуе күштері барлау департаментінің бастығы генерал Джордж Киген бұл ұшақты жасауда орыстар ресурс жетіспеушілігін тамаша өнертапқыштықпен жаба білген, деді.
- Олар, - деп жалғастырды сөзін ол, - ескірген және жаңа технологияларды тамаша келістіре отырып, аз шығынмен әрі тез арада батыста өте көп қаражатты қажет ететін тактикалық-техникалық артықшылықтары бар керемет ұшақ жасаған».
БЕЛЕНКОНЫҢ «ҚАЗАСЫ»
Беленконы күнделікті тергеу жарты жылға созылды. Ақыры одан барлық керекті мағлұматтар сығылып алынып болған соң енді оны қайда жібереміз деген сұрақ туды. Орталық барлау басқармасы Конгресс пен Үкіметтен Беленконың өмірінің ақырына дейін жететін арнайы ақша қорын ашуға рұқсат алды. Ақша Вашингтондағы бір банкінің есеп-шотына аударылды. Оған басқа тек беріліп, құжаттар жасалынды. Ол өзін норвеждік қылып таныстырып, бір университетте қысқа мерзімдік ағылшын тілі курсынан өтті. Ақыры оны олар Американың бір алыс түкпіріндегі ауылшаруашылық фермасына жасырды. Онда ол сиырлар мен шошқаларды бақты, арық қазды, машиналарды жөндеді...
«Фермерде» ОББ-мен керек кезде хабарласа қоятын арнайы шифр болды. Оған жеке нөмір-код берілді. Керек кезде ол тиісті жермен хабарласып, тез арада көмек ала алатын еді. Ферма қожайынының жеке ұшағы бар екен. Бірақ оның жаңалығына қарап, оның әдейі ұшқыштың келер уақытына арнайы алынғаны білінетін еді. Беленко онымен ұшып, керемет трюктер жасап жүрді. Ақыры оның осы ұшақ басқарудағы шеберлігі оның жасырынған жерін білдіртіп қойды. Барлау қызметінің басшысы оған бір үлкен қалаға орналасып, ағылшын тілімен шынайы айналысуды ұсынды.
Бұл кезде қымбат машина сатып алып, ақшаның дәмін татып қалған оған аталмыш қордағы ақша да шамалы болып көрінді. Қымбат пәтер алмай жұмысшылар ауданындағы арзан пәтерді жалдап тұрды. Институтқа түсіп, оқи бастады. Онда жүргенде испандық Мария деген қызбен танысып, екеуінің арасында аз уақыттық роман да болды. Бірақ көп кешікпей ол елден кетті. Бұл айырылысу оған қатты әсер етті. Оқуды тастап кетті.
Ол өзін жалғыз сезінді. Араққа бас қоя бастады. Бірде мас күйінде аварияға түсіп, «қожайындарынан» қатты сөгіс алды. Бұл туралы Мәскеу де тез-ақ біле қойды. Оның жаңа аты-жөні кәсіби мамандарды алдай алмайтын еді. Ал Америка барлау қызметі болса аталмыш аварияны өз пайдасына пайдаланбақ болып, Беленко автомобиль апатынан қаза болды деген сыбыс таратты...
Бірде «қаза болғанның» жүйкесі шыдамай кетті. Ол машинасына отырды да Вашингтон қайдасың деп тартып отырды. Жолда оған жылдамдықты үдеткені үшін жол полициясы үш рет айып салды. Ол өзінің қожайыны Питерге бар болмысымен ұмтылды. Питер болса оны таң қалып қарсы алды. Ол советтік бас барлау басқармасы немесе әскери барлау басқармасы оның «ізіне түскен екен» деп қалған еді. Өйткені оған тек өте-мөте қажетті жағдайда ғана кездесуге рұқсат берілген еді.
- Питер,- деді ол. Менің идеям бар. Мені Қиыр Шығысқа тастаңдаршы. Қай жерге екенін өзім айтамын. Онда мен кез келген тапсырманы орындай аламын. Сендер, американдықтар, ол елде бәрі сатылатынын және бәрін сатып алуға болатынын ешқашан түсінбейсіңдер. Судья ма? 200 рубль. Кәсіпорын директоры - 500 рубль, офицер - 50 рубль. Бірақ бізге ең басты керектіні тіпті сатып алудың да керегі жоқ. Мен сендерге «МиГ-23-ті» немесе «Бакфаирды» (жаңа бомбалағыш ұшақ) әкеліп бере аламын. Тегін. Менің достарым оларды мен қай жерге айтсам, сол жерге алып келеді. Жіберіңдер мені. Көрсетейік оларға!
Беленконың бұл сандырақтарын тыңдап алған Питер оның бұл қылықтарына өзінің қатты көңілі қалғанын жеткізіп, қайтадан дәрігерлерге қаралуды ұсынды. Дәрігерлер оған «дем алу» керектігін айтты. Сөйтіп ол «кек қайтару» елесінен қашып, елді оңды-солды кезумен болды. Тіпті, бірде елге қайту әсері мен ұмтылысының күшті болғаны соншалық, көлігінің рулін Совет елшілігінің қақпасына қарай бұрып жіберуге шақ қалды...
Ол қайтадан Питерге жүгінді. Таңғы 4-те оятып алып, «жүрегі мен жанынан» сыр шертті. Питер болса жай ғана «иммунитет осылай қалыптасады» деді.
Ақыры Беленко қожайындарына коммерциялық ұшақтарда ұшуды армандап жүргенін айтты. Арнайы курстардан, дайындықтардан өткеннен кейін оған бұған да мүмкіндік берілді...
Әскери журналист Виктор Баренц бұдан әрі өзінің оқиғаға 20 жыл өтсе де, Беленкодан сұхбат алмақ болғанын жазады. Бірақ арнайы қызмет орынының адамы:
«О, бұл мүмкін емес. Сіздің жерлесіңіз сұхбат үшін үлкен ақша кейде әйел де талап етеді», - деп жауап бергенін жазады. Сөйтіп, ол басқаша жолмен бір танысы арқылы оған сұрақтар жібереді. Біріншісі:
«Сізді Жапонияға қашуға не итермеледі?»
Аталмыш сұрақты оқыған цэрэу офицері:
- «Бізді де әлі күнге дейін осы сұрақ қызықтырады. Біз, міне, 20 жыл осы сұраққа жауап ала алмай жүрміз», - деді.
Сұрақтар берілді. Бірақ жауап жоқ. Әзірше...
...Америкалық жазбаларды ақтарып отырмын. АҚШ әскери-әуе күштері барлау департаментінің бастығы, генерал Джордж Киген:
«Беленконың бізге бергенінің бағалылығы соншалықты оны доллармен есептеуге болмайды. АҚШ пен батыстың адамдары оның алдында мәңгі қарыздар», - дейді.
Мен Мәскеуде өзімнің бір барлаушы танысымнан Беленконың «көзін жою немесе алып келу» туралы тапсырманың болған-болмағандығын сұрадым. Ол жауап берудің орнына:
Өлімді күту оның өзінен қорқынышты деді, - деп аяқтайды зерттеуін Виктор Баранц.
P.S. Ресейлік әскери шолушы-журналист Виктор Баранц 70-жылдары болған ең атышулы сатқындық туралы зерттейді. Біз сіздерге, құрметті оқырмандар, кезінде автордың баспасөз бетін көрген, жарияланған материалдарын пайдалана отырып, кейбір жерлерін ықшамдап аударып, осы оқиға туралы әңгімелеп бердік...