Кәкімжан ҚАЗЫБАЕВ: Сұрапыл (жалғасы)

 Кәкімжан ҚАЗЫБАЕВ: Сұрапыл (жалғасы)

Ерғазының оған жақындағысы келетінінде де бір сыр бар-ay. Ұсақ бір дүние асқар таудай ағасының сағын сындырмасын дейтін шығар. Әйтпесе мұнда жағдайы жаман емес сияқты. Бағына аудандық комитеттің бірінші секретары болып, ағасының қимас құрдасы, төс түйістірген досы Шодыр келді. Өз тағдыры да кешегі Черкеш қорғанысында онымен жанасып қалған. Жанындай көретін әпкесі Дәмелі де осында. Оның аузына тістегендей етіп өсірген Ақылжаны, міне, азамат болып, ат жалын тартып мінді. Не керек енді, неге кетем дейді?
Әлде осынау нағашылары қыранның балапанындай қанаттандырдық, енді өзі ұшсын, өз биігінен көрсін дүниені дей ме екен. Жоқ әлде, шынымен-ақ мынау жаңа өмірдің қауашағы бұларға тарлық етіп жүр ме? Нарғазы, Жанғазы, Ерғазы – Тұрғанбектің үш арысы, үшеуі атқа мінгенде қаймықпайтын жан жоқ еді, Қармыс ауылының алынбас қамалындай болатын. Ол сонау патша заманында, ескі өмір тұсында-ақ болсын. Бірақ бұлар ол кезде де ешкімге озбырлық жасаған жоқ, ешкімнің малын тартып алмады. Есесіне намысын жібермеді, ешкімді басындырмады. Сол үшін даңқтары шықты. Үлкені Нарғазы серілік құрды, ит ұстап, құс салды, бәйге баптады, мырза болды, ала да білді, бере де білді. Жақсылармен жақын жүрді, өзге құсап қалтырамады, бар малын ұқсатты, бар жанын риза етті, сол үшін Қармыс ауылы ғана емес, бүкіл Садыр жұрты құрмет тұтты оны, атақты ел азаматы болды. Совет өкіметін де ол құптап қарсы алды. Кедейлерге онсыз да іші бұратын, көмектессең жарлыға көмектес деп жүретін батыр мінезді азаматқа «кедей бақыты» деген ұран ұнады.
Бірақ Лепірбайлар, Анарбайлар жанына тиді. Олардың әпербақан әрекеттерінен бұққан жоқ. Ашық қарсы шықты. Араларындағы көзі ашық, сүйікті жиені Ақылжанның адам болуына жанын салды. Жанғазының өз ауылында, Ерғазының мына қайын жұрты Киікбайда бастық болып жүргендері табиғатына біткен еттерінің тірілігі. Осындай әділ, адал азаматтар ғана мынау кезеңнің жүгін көтере алуы мүмкін. Шешуші күш олардың әлеуметтік тегінде емес, азаматтық, адалдық тегінде болып тұр ғой. Сол себепті де жұрт Лепірбай, Анарбайлардан гөрі бұларды көбірек сыйлайды, бұларға құлақ қояды. Әрине, көре алмайтындар да, қызғанатындар да бар шығар. Ерғазының жаңағы айтып тұрғаны сол. Қызғанады екен деп өмір қызығынан бас тартуға бола ма?
Ерғазының неге кеткісі келеді? Әлде осынау көп жайы түсініксіз уақыт сырының ағасының ішіне сыймай жүргенін алыста жүріп-ақ сезе ме екен. Қасында болып, қабағына қарағысы келе ме? Әлде есті азамат қайыршылардың көбейгендігінен бір зұлматтың келе жатқанын көре ме? Сен келдің, мен кетейіні қалай? Оған Шодыр да көне қоймас. Феодор Афанасьевичке керегі жұмыс істейтін, жұрттың тілін табатын адамдар. Оның ру-сұруда, нағашы-жиенде шаруасы жоқ. Адам болса, өкімет ісіне берілсе болды. Әсіресе, мынау қатты қыста, ортақ мал опат болып, қазақ ауылдары қиындыққа ұшырап жатқанда Ерғазы секілді есті азаматтарға сүйенбегенде кімге сүйенеді? Амал табудың жолдарын солар ғана айта алатын болар.
Өткен бір жиналыста күйзеле сөйледі. Орыс мекендерінің басшыларына, ауылдық совет төрағаларына тапсырма берді. Қазақ ауылдарына көмек ретінде астық алып қайтуға лау жіберуді тапсырды.
– Лауында мылтық болсын, қарулы адамдар болсын, жолда тоналып қалып жүрмесін, – деді.
Осының бәрі жақсылықтың нышаны емес. Осындай кезде Ерғазының елге кеткісі келетіні Ақылжанды бір жағынан, таңдандырса, бір жағынан, қорқытады. Жас емес, мына кірген 1932 жылы бұл тура жиырмаға толды, оңды-солын таныды. Қазақтар бұрын он жетіден асырмай ұлдарын үйлендіретін болса, бұл үш жыл кешігіп, жиырма жасында бір шүйкебасқа әрең қолы жетті. Онда да жағдай көмектесті, Қайша оқудан қуылмаса, өзінің үстінен арыз түспесе, әлі де әйелсіз жүретін бе еді, қайтер еді. Құлшынып-ақ жұмысқа кіріскісі, мынау жаңа өмірдің жүгін мойнына алғысы келеді. Қайша да осылай етуге құмар. Бірақ небір ауыртпалықтың алдынан шыққанын көрмейсің бе? Әрине, өмір тақтақ жол емес, оның үстіне, жықпыл-жықпылы көп жаңа өмір бұл.
Ауыл-аймақ жас бала дегенмен, Ақылжан біраз дүниені бастан кешті. Лепірбайдың аяқасты түрмесін, Анарбайдың арандатуын, өкіметтін оқуын, одан қуылғанын, Қайшаның қасіретті тағдырын көрді. Бұл күнге кәдімгідей есейіп жетті. Түйгендері, көргендері біраз. Анарбайдай қағазға қол қояры ғана бар бітеу емес, оқып-жаза алатын, бұл жағынан ешкімге ділгәр болмайтын сауатты болыс.
– Сен секілді жас болыстардың өмірге келуі кезең сипатын анғартады, – деген болатын Шодыр алғашқы әңгімесінде. – Қарашы өзің, бұған дейін кімдер ауылнай болды? Қара танымайтын қараңғы адамдар. Олардың алдына әкелген қағазға қол қоя алғандары қойды, қоя алмағандары бармағын басты, мөрлерін ұрды. Әйтеуір мөрдің иесі соған мәз. Небір тағдырлар солардың алдынан өтті. Ірі байларды тәркілеу солардың шешімімен жасалды. Ауылнай мөр соқты, бітті. Осы мөрдің астында талай орта шаруалар да жылай-жылай кетті ғой. Бір-біріне қыжылы барлар ауылнайлардың аңқаулығын пайдаланып өш те алды, айдатты, соттатты. Өйткені ауылнайдан үлкен ауылда тұлға жоқ, Совет өкіметінің жергілікті жердегі өкілі. Қараңғы жұрт оларды пайғамбардан кем санамады. Ал сен болсаң, хат танисың, қағаз жаза аласың, арпалысып өткізсең де Анарбайда болған хатшылығың сені біраз тәжірибеге байытты. Іс жүргізудің не екенін білесің. Менің «кезең» деп отырғанымның сыры осында. Қай қағазды оқымай, таныспай қолды ұрып жібереді екен деп сен үшін енді біз де қылпылдамаймыз. Сауатты, Алматыдан аз болса да оқып келген ауылнай деп санаймыз.
– Бірақ сөзге ерме, сөзге ерсең құрисың, – деп нықтаған болатын Шодыр. – Әділдігің ана нағашың Нарғазы мен анаң Дәмелінікіндей болса жетеді. Қалғаны өз-өзінен келе жатар.
«Екі ашада» жиналған астықты әкелетін лауды басқаруды Ақылжан Ерғазы нағашысына тапсырды. Біріншіден, ол астыққа ешкім тимейді. Екіншіден, жасында күреске көп түскен балуан нағашысы ешкімге алдыра қоймас. Бірақ оның беті ары болсын.
Әр-әр жерден ұрлықтың ұлғайғаны туралы хабар көбейіп кетті. Малын жоғалтқандар ағып отырып ауылсоветке келеді. Бұрын ізге түсіп, өздері далбасалап жатушы еді. Енді тек кеңсеге тұра шабады, құдайдай сенетіні – ауылдық совет.
Бастұмада өзінің туған Ажы ауылында Шәкен қарттың көк биесін ұры алып кетіпті дегенді естіген болатын. Іштей қатты қынжылды, кемпірі ауру, қысы-жазы қымызын ішіп отырған жалғыз биеден айырылған соң не болды. Бұл ұрылар қартайғанына да, қадірлі болғанына да қарамайды екен-ау. Қу тамақ не істетпейді.
Мана алдына қаба сақал шал келді. Көзінен аққан алты тарам жас өңірін жуған. Еркек адамның мұнша егіліп жылағанын көргені осы.
– Қарағым болыс, шиеттей бала-шаға қарап отырған жалғыз сиыр еді. Түнде біреу жетелеп кетіпті. Ізіне түсіп біраз жерге бардым. Бірақ мынау түбі түсе жауып тұрған қар лезде-ақ ізін жасырды. Бала-шағам қырылсын демесең, тауып беруге көмектес.
– Із қай жаққа кетіпті, ақсақал? – деді Ақылжан тыңдап болған соң.

– Бет алған жағы Киікбай. Кім білсін, әдейі адастыру үшін солай қарай кеткен болып, сосын басқа жаққа бұрылған шығар.
– Қауіп етер адамыңыз бар ма?
– Қарағым-ай, қолмен ұстамаған соң кімнің обалына қалайын, бірақ сол Киікбайда ағайынды атақты екі ұры бар еді, Құлпытас, Қырғи деген. Осы маңдағы байлардың талайын кезінде қан қақсатқан болатын. Кеңес өкіметінің құрығы ұзын ғой, қарағым. Тездеп іздеу салдыршы.
Ақылжан шабдар атпен Киікбайға өзі тартты. Қалың қардан малтығып әрең келе жатыр. Ойына тап осы шабдармен Басқанның суына кете жаздағаны, Қанай ауылынан бір-ақ шыққаны, аяқасты қамауға алынғаны түсті. Мынау омбы қар да сол қамаудан бір де кем емес секілді. Шабдар ат тап сонда судан өткендей пыр-пыр етеді. Қорықса да, Басқаннан өткенде әйтеуір жиек көрініп тұрып еді ғой, ал мынау ұшы-қиыры жоқ көз жеткісіз бірдеңе. Тасыған кезде қап-қара боп зәреңді алатын өзен суынан мұның үрейі бірде бір кем емес. Жиекке көз жетпегенде де су қорқынышты ғой. Мынау тап солай, төңкеріліп жатқан мұхит іспетті. Бұл өңір шилі келуші еді, көрінбейді, сонда қар шидің басын жапқанға дейін жауған ба? Бұл жасында мұндай қарды көргені бірінші рет.
Ойпаңдау жерге орналасқан «Киікбай» ауылынан әуелі өтіп кете жаздады. Сұмдық-ай, киіз үйлерді тіпті кереге тұсына дейін көміп тастапты-ау. Сыздықтап шыққан түтіндер болмаса, адасып кетуі ғажап емес еді. Ерғазының үйі қай мөлшерде еді, тұспалдап соған қарай тартты. Ойы – алдымен сол кіші нағашысымен ақылдаспақ. Әнеукүнгі астыққа барған сапары қалай болды екен, оны да білгені жөн.
Ерғазы суыт жүрісінен-ақ Ақылжанның тегін келмегенін сезді. Құлпытас пен Қырғиды жақсы білетін еді, оларды қорғай сөйледі.
– Бұлар жылқы алуға кәніккен ірі ұрылар. Сиырға қолын былғамайды. Бірақ кім біледі, бұлардың да заманы өтіп кеткен шығар. Әттең, ертерек танысқанда баяғы Шатырбайдың жылқысына өзі ертіп баратын еді. Нағыз атпал жігіттер.
– Шатырбай есіңізде мықтап қалыпты ғой.
– Қазір болса, құлындаған даусын шығарып, әкесін көзіне көрсететін едім. Нағыз тап жауы сол болатын.
– Болар іс болды. Шатырбайды қояйық енді. Мына Құлпытас, Қырғимен қалай тілдесеміз?
– Оларға ұры деп барсақ өшіктіріп аламыз. Осы ұрлықты қалай табу жөнінде ақылдасқан болайық, – деді Ерғазы. – Әнеукүні ауылға мен ол екеуін ерте барғам. Бір-бір шананы өздеріне табыс еттім. Қамбаны күзету де соларға жүктелді.
– Мынауыңыз ақыл болған. Сонда қалай сөйлесеміз? Мүмкін, осында шақыртармыз.
– Солай еткен жөн. Мен қазір кісі жіберейін. Шай ішіп, тамақ жеп отырып тілдесейік.
Ет пісірім уақыттан кейін үйге екі кісі келді. Ақылжан орнынан тұрып сәлем берді. Бірі – Нарғазы нағашысындай ірі денелі, шоқша сақалды, дәл оң көзінің алдында бармақтай қалы бар адам екен. Екіншісі – сәл сарғыштау, төртбақ, сирек мысық мұртты. Ақылжанға сынай қарап, сөз күтіп отыр. Жаңа болыс бізді қай қырына алар екен дегендей.
– Бұл менің туған жиенім, – деді Ерғазы аңдысуды аса көпке созғысы келмегендей. – Өздеріңмен ақылдасуға келіпті.
– Ақылдасуға? – деді шоқша сақалды мырс етіп. Мұндай жағдайды күтпегенін бірден аңғартты.
– Иә, ақылдасуға, ағайлар. Ел азаматысыздар. Жағдай ауырлап, ұрлық көбейіп барады. Осыған қандай тосқауыл бар?
– Оған ешқандай тосқауыл жоқ, – деді шоқша сақалдысы. – Әлі бұдан да көбейеді. Алданыш етіп отырған малын ортаққа салдыңдар. Ортақтассаңдар аспаннан шелпек жауады деп едіңдер, қайда сол шелпектерің? Күн көру керек емес пе, ұрламағанда енді не істейді.
Ақылжанның жағынан біреу осып-осып жібергендей болды. Жұқа өңі қызарып сала берді.
– Қарағым, ол сенің кінәң емес. Сен жаңа келген адамсың. Саған дейін болған пәле бұл. Мына нағашыңа рахмет. Кей жердегідей тықақтап, түгел сыпыртқан жоқ, сауындығын, мінер атын, шетінен бұтарлап жейтін ұсақ малын қалдырды. Бірақ олар мына қыстан аман шыға қойса... Бірақ жекеменшіктің аты – жекеменшік. Олар ана ортақ малдан күйлі. Сондықтан ұрлайды. Нағашыларыңның бәрінен ақылды жасағаны бір-бір ұра астық тығып алуға рұқсат берді. Әлдеқандай күн болады.
Төртбақ сары шоқша сақалдыны түртіп қалды. Ерғазы күліп:
– Құлпытас, сенің аузыңа сөз тұрмайды екен ғой. Болысқа бәрін айтып қойдың, енді не болды? – деді.
– Өзің ғой туған жиенім деген. Нағашысын қылмысқа тарта қоймас.
Ақылжанға Құлпытастың ашық мінезділігі ұнады. Тіке айтатыны Нарғазы нағашысына ұқсайды. Мұндай адамдармен сөйлесу жеңіл.
– Сонымен, сіз ұрлық тиылмайды дейсіз бе?
– Халық тоғайса тыйылады, тоғаймаса тиылмайды. Мен әуелі ұрлайтын мал қалмай ма деп қорқам.
– Өткеніңді аңсап отырсың-ау, Құлпытас, – деді Ерғазы.
– Аңса, аңсама, бұл төңіректі мен жақсы білем. Бұрын мал дегенің жабайы еліктей қайысып жатушы еді. Байдыкі болсын, кедейдікі болсын, әйтеуір мал бар болатын. Ал қазір ше? Шілдің боғындай әр-әр жерде шүкің-шүкің бірдеңе. Тәркілеу деген бір сыпырып өтті. Алғанын алды, алмағанын байлардың өзі қырып салды. Ортаққа беріңдер деп есіл малды енді кедей, орта шаруанның өзі шат-шәлекей етті. Мына ұрылар, біздерге қиын боп қалды, алатын мал жоқ. Үйір-үйірімен айдап кететін қайран жылқы-ай.
Үйдің іші ду күлді. Ақылжан мына адамды тіпті ұната бастағандай.
– Күл, күлме, мал болса ғана ұрыға өріс кең. Бірақ мен ешқандай кедейдің малына тиіскен емеспін. Өзім кедеймін, кедейді кедей сорлатқанда не болады? Бірақ мына жаппай кедейлік жаман екен. Қарның ашқанда бұрын көңілге тоқ байдың малы бар ғой. «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деп тарта беруші едік. Бөрі қарны ашқанда, ұлығарда ұлиды. Міне, сол ұлитын кезең бізге де жетті ме деп қорқам.
– Ақылжан қарағым, ақылдаспағың осы болса, айтарым да осы. Сорақының көкесін көктемде көресің. Өз басым жер аяғы кеңейе анау ішке, Ресейге кетпекпін. Ол жақта мұндай сойқан жоқ дейді. Мен көп жүрем, көп естимін ғой. Ұзынқұлақ сондай хабар жеткізеді. Атамекенді тастау оңай емес. Бірақ аштан өлуге де болмайды. Ұрылық машық мені осылай ілгерірек ойлауға үйреткен. Мен ешқашан қылмыскер болғам жоқ. Күн көру үшін күрес қылмыс емес. Маңдайыма мал бітпеді, бірақ аштан өліп, көштен қалғаным жоқ. Елде болды. Ал ендігі күн не? Өзіңде де жоқ, өзгеде де жоқ.
Бұл сөздерді Құлпытас нығарлап-нығарлап айтты. Қайнап жүрген ойлары екені көрініп тұр. Іштегі шерді ақтарудың сәті түскендей өзіне.
– Саған рақмет. Ұрыны санатқа қосып сөйлесіп отырсың. Өзіңе дейінгі болыстар әуелі атымызды естісе қашатын. Мынау нағашыңнан жұққан болар, ұрылар да кісімен кісіше сөйлескенді қалайды. Ұрлық жасау, оның үстіне, жылқы алу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Жүрек керек, жүрек. Сол біздің машығымызға да ноқта түсті-ау деймін. Бұл өңірден кетем деп отырғаным сондықтан. Енді мүлде жаңа өмір бастау керек. Оны басқа жақтан бастағым келеді. Анау өсіп келе жатқан ұрпағымның көзіне ешкім «ұрының тұқымы» деп көзге шұқымайтын болсын. Ұрлықты сол ұрпағымның қамы үшін жасағанымды қайдан білсін. Бөрінің малға шапқанын жек көргенмен, халық оның бөрілігінен бір қайсарлықты көреді. Біз де сол секілдіміз. Құлпытас, Қырғи болып қаламыз. Ал мына келген шаруаңның төркінін түсініп отырмын. Ұры алыстан емес, ауыл арасындағы шибөрі. Оны тыюдың бір амалы бар.
– Иә, манадан бері соны айтсаңшы, – деді Қырғи. Ақылжан да, Ерғазы да елең ете қалды.
– Кезекті бір жиналысыңда, – деді Құлпытас сөзін салмақтай айтып, – ұрылардың ізін кесу Құлпытас пен Қырғиға тапсырылады де. Ол сөз ел арасына тез тарайды. Кекетушілер де табылуы ықтимал, бірақ ұрлықтың сап тыйылуына мен кепіл.
Ерғазы Ақылжанға, Ақылжан Ерғазыға қарады.
– Сөйтіп, біздің ұры деген атағымыздың бір пайдасын көресіңдер, – деп күлді Құлпытас. – Удың зәрін умен қайтармай ма, сол секілді ұрлықты ұрылар арқылы тыясыңдар.
Ақылжанға мына ұсыныс ұнап кетті.
– Ал қара сиырды алған адамды қайдан табамыз? – деді Ерғазы.
– Қарауыл төбенің жиынын шақырыңдар. Мен келейін. Алған адамды көзінен-ақ танимын. «Ұрыны ұры алыстан таниды» деген бар емес пе?
Бәрі мәз болып күлді. Ұры деп келген адамы ұрлықты тыюға атсалысатын болғаны үшін Ақылжан қуанды. Құлпытас өзіне ұнап барады.
– Ақылдаса келдім деген бір ауыз сөзіңмен ар жағымды ақтардың, қарағым. «Жылы-жылы сөйлесе, жылан інінен шығады». Ұры да адамның баласы.
– Ұрлықтарыңыздан гөрі ел арасында ерліктеріңіз жөнінде аңыз көп екен, – деді Ақылжан. – Мен бір жағы соған тәнті болып келіп едім.
– Ұрының бәрі жұрт ойлайтындай қара ниет емес, – деді Құлпытас шешіле сөйлегісі келіп. – Біреуі күні үшін, біреуі намыс үшін, біреуі егеспен жасайды ұрлықты. Қарап отырғанша әңгіме болсын. Бұдан жастау кезім. Матай жағындағы бір үлкен аста сөзден сөз шығып, бір от ауыз біздің Мәліш еліне тиісті. Жарымаған, ауызға аларлық бір байы жоқ деп соқты. Қаным қайнап, әлгіні бір тәубесіне келтіргім келді. Қайнар деген елден екен. Елге қайтып келісімен Қырғиға айттым: бір аттаныс бар, ата намысы үшін. Қайнар ауылын екі-үш күн торыдық. Жылқышылары сайдың тасындай ірі екен. Сойылға түссек, беріспеуі мүмкін. Енді не істейміз? Жылқышыларды талдырып ұйықтатып барып таң алдын күтейік. Солай істелді де. Саяқтау жүретін көк айғырдың үйірін аңдыдық. Жылқышы ол түні жалғыз болды. Таң алдында бір тобылғының түбінде атын аяғына байлап тәтті ұйқыға кеткен екен. Қырғи үріккен аты тартып оятпасын деп ұзын шылбырды қиып келді. Атты жетектеді де, тасада тұрған маған былай деді:
– Тым ірі неме екен. Қатып ұйықтап жатыр, өзің бар, – деді. Тау іргесіндегі тобылғы тегі ірі боп өседі. Шоқ-шоқ күйімен кісіні жақсы жасырады. Мысықтабандап келсем, нағыз бабында ұйықтап жатыр. Жатқан адамды алу қиын ба, аузына орамал тығып жібердім де қолын қайырып, тымағын көзіне бастыра шылбырдың үздігімен басып тастадым. Алақөлеңкеде менің түс-түрімді аңғара да қойған жоқ. Оның үстіне, ұйқылы-ояу сасулы. Бір топ тобылғының түбіне аяғынан, белінен мықтап шандыдым. Қалың тобылғыдан іздеп келген адамның өзіне де табу қиын.
Сосын Қырғиға келдім де, «сен жылқышының атына мін» дедім. Жылқы жылқыны жақсы таниды, өзіміздің жылқы екен десін. Содан жайымен алакеуімде Алатаудың бауырымен айдап берейік. Мен Қырғидың атын жетектеп арт жағынан ала жүрдім. Шапқын көрген үйір ұрының ат жетектеп келмейтінін жақсы біледі. Яғни жетектегі ат күдік туғызбайды. Оның үстіне, біз қиқулап түскен жоқпыз, қуған жоқпыз, жылқышы байлаулы қалған соң, жайымен айдадық. Бұрын ұры көрмеген үйір ығымызбен жүре берді. Көкайғыр бір-екі рет оқыранып қойды да, үйірдің алдында жүре берді. Кеңжыраға келгенімізде таң атты. Жылқы жатқан жерден 15-20 шақырым шығып кеттік-ау деп мөлшерледім.
Жарықта біздің бөтен екенімізді таныды ма, Көкайғыр кері қарай тартып кеп берсін, астымдағы Қамысқұлақтың қыл құйрықтыны жібермейтінін білем, сүйреткен құрығымды қысқалау ұстап тұра ұмтылдым. Обалы не, Қамысқұлақ алысқа жібермеді. Мойнына түскен құрықты сүйрей-мүйрей Көкайғыр көкке шапшыды. Құрықты өскен жас жидеден жасаған едім. Түнгі жорықта ұдайы алып шығатын серігім. Ұрының сенетіні аты, сойылы, құрығы, сосын өзінің қаруы ғой. Құлпытасты бұл уақытқа дейін ат үстінен ешкім сойылмен де, күшпен де алып көрген емес. Құрықтың бауын бұрап-бұрап, Көкайғырды біраз қылғындырдым да тартып қалып едім, жарықтық гүрс етіп жерге құлады. Қарғып түсіп, басына жүген салдым. Алқымын сәл босатқан соң дір-дір етіп орнынан тұрды. Есеңгіреп қалыпты жануар. Қамысқұлақтың ерін де сыпырып алдым да, Көкайғырды жақсылап ерттедім. Жылқы малының естілігі сонда, аруағы басым адамды қашан да мойындайды, тырп етпейді.
Қырғи айғыр соңынан үйірдің жөңкіле жөнелуіне жол бермепті. Қамысқұлақты ноқталаттым да, жайдақ күйі жетекке алып, үйірдің алдына түстім. Көкайғыр көсілте жүріп келеді, пүшәйман болған, үйір де ере берді. Содан не дейсің, бірнеше күн тартқаннан тартып отырып, Семейдің бер жағымен Қарқаралы базарынан бір-ақ шықтық. Не болса ол болсын, бір үйір жылқыны ақша пұлға айырбастадық та жібердік.
– Мынау сол базардан алған саптама еді, – деді Құлпытас аяғындағы қалың былғары етікті көрсетіп. Қанша жыл болды, әлі сол қалпы, мені бұл тоздырмаса, мен оны тоздыра алатын емеспін.
– Сонымен, алғандарыңыз сіңіп кетті ме?
Ақылжан әңгімеге аса ықыласты екенін танытты.
– Сіңгенде қандай, балдай батып, судай сіңді. Қайнарлар ар жағындағы Жалайырдың ұрыларынан көріпті. Еш нәрсе шығара алмапты. Бәсібек байға кісі салыпты. Ол жарықтық та ұрылар ұстайтын еді ғой. Келгендердің өз атын өзіне сойып жегізіп қоя беріпті. Жала жаптың деп Қайнарға әуелі айып тартқызыпты. Сондай сұсты адам еді ғой, марқұм.
Аты аузына түскен соң, тие берсін дегендей Құлпытас бетін сипады.
– Әңгіме неден шығып кетті өзі? – деп ол айналасына қарады да, – ә, әлгі ұрының намысы жөнінде екен ғой, – деді. – Сөйтіп, аз ғана ру Мәліштің намысына тием деп, Қайнардың бір ақымағы бір үйір жылқысынан айырылған.
– Қазір мұның бәрін айтып отырсыз. Естіп қалып өсуін сұраса қайтесіз?
Ақылжан жұмсақ қалжыңымен ақырын ши жүгіртті.
– Естісе, патша өкіметінен дауласын, одан бері не заман өтті. Қайта одан түскен пұлды мына кедей ауылына бөліп бергенім үшін Кеңес өкіметі маған рақмет айтсын. Мен әлдебіреулер сияқты қазір ғана емес, сол кездің өзінде-ақ кедейлердің сойылын соққам. Олардың азын-аулақ малына тиіскендерді өзім тауып берейін деп және отырмын.
– Келістік, ақсақал. Мынау қиын кезде болысқа сіздердей көмекшілер де керек, – деді Ақылжан.
– Ұрылар уәдеге берік болады, біз сөзімізде тұрып үйренгенбіз, – деді манадан әңгімеге аса қосылмай отырған Қырғи.
– Жоқ, енді сіздер өздеріңізді ұры деп атауды қойыңыздар, ол қара таңбаны Совет өкіметі сіздерден алғалы қашан.
– Рақмет, қарағым. Бірақ жұрттың аузына қақпақ боласың ба? Өзіміз де үйреніп кетіппіз. «Бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан» демекші, кейбіреулер тышқақ лағы жоғалса да алдымен бізден көргісі келеді. Лақ-тоқтыға қолымызды былғап қайтеміз?
Үйдін іші ду күлді. Құлпытас орнынан тұрғанда да, Ақылжан одан көз алмады. Батыр болуға лайық. Сөздері де түсірімді, машықтанса шешен де болып кететін адам. Әй, тағдыр-ай, кейде осындай адамдарды қысып тастайсың. Кеше Алматыда оқығанда дәріс берген бір ұстаздың «біздің советтік қоғам ең алдымен адамдардың қабілетін, мүмкіндігін ашады, қанау заманында булығып келген талай таланттар ашылады» деген сөзі есіне түсті. Сол таланттардың бірі осы Құлпытас емес пе? Анау бітімінде көзі ашылмай қалған қандай қабілет жатыр. Бірақ мынау жұттың тұзағы мойынға түсейін деп тұрғанда қай қабілет ашылып, береке табар дейсің. Азғантай үш ауылға бастық болған жас бала кімнің талантын ашуға жарайды...
7
Көктем талықсып әрең жетті. Малыбай ортаққа жиналған 60 жылқының бір тұяғын шығын етпестен Бастұмаға оралды. Қоспанбеттің аяғының бір башпайы ғана үсіпті, бірақ ауылды көріп екеуінің де зәресі ұшты. Тең жартысы тентіреп қаңғып кеткен. Қалғандары тышқан аулап жүр екен. Көктемде бусап жататын даланы жыпырлатып ін қазып үйіндіге толтыратын кәдімгі кезқұйрық тышқан қойдан қадірлі болыпты. Қақпан салуды үйренбеген бала жоқ. Әйел атаулы көрші орыс поселкесінің аңызындағы көктеген масақтарды теріп, кешке дейін жүреді екен. Қыстан шыға алмай арам өлген көмусіз малдың денесі күн қызуымен саси бастаған. Қолқаңды алғанда маңынан жүргізбейді. Адам тұрғай, мал екеш малдар да, оның ішінде төрт түліктің кінә мінезді өкілі жылқы пысқырынып тіпті жоламайды.
Кешегі құрылған колхоздан түк те жоқ. Тұрымтай тұсына, бөдене басына. Малыбай мен Қоспанбет айдап келген жылқыны кімге өткізерін білмей састы. Айғаным көктеген масақпен балаларын, әупірім тәңір, әрең ұстап отыр екен. Бәрі жақтары суалып жүдеген. Бұл жағдайды көргенде Қоспанбет етпетінен құлай жылады.
– Мына күйді көрсеткенше, құмның арасында неге қалдырмадың, құдай!
– Ей, онда бала-шағаң тіпті тұл жетім қалатын еді ғой, – деп жұбатқансиды Малыбай.
– Дүлдүл тәтем болмағанда, біздің үйдің де түндігі ашылмай қалатын еді, – деді өксігін баса алмаған Айғаным. – Екі-үш пұттап астық әкеп тастады. Төрем болыс болып тұр ғой, әйтеуір.
Малыбай мен Қоспанбет Ақылжанның үйленгенін, Қайша деген келіндерінің бар екенін, 27-інші ауылда баласының болыс екенін осы арада естіді. Малыбай омырауынан алты тарам жас аға жылап жіберді.
– Тұла бойы тұңғышымның қызығын осылай көрем деп пе едім. Өмір бойы дайындалып, өмір бойы күткенім сол емес пе еді. Не боп кетті бұл заман?
– Шүкір, шүкір, бұған да шүкір де. Ана есігі ашылмай қалған үйлерді көрмейсің бе?
Қоспанбет енді ағасын жұбатты.
– Кенже аға, – деді ол жұлып алғандай, – ана қара құнанды сояйық. Мына әлсіреген бала-шағаның, тіпті ауылдың бүйірі бір шықсын.
– Не дейді, бұл колхоздың малы ғой, оны сойғанша мені сой. Ертең не бетімді айтам. Малыбай колхоздың бір құнанын сойып алыпты дегізбексің бе? Атай көрме!
– Қайдағы колхоз, ойда ізі, қырда қылы қалмаған. Орнын сипап отырған жоқпыз ба?
– Айта көрме, айта көрме! Ана атқа мінген балаға қырсығымыз тиеді. Аштан өлсек те, адал өлейік. Өкіметтің құрығы ұзын, жерге кірсең желкеңнен, аспанға ұшсаң аяғыңнан тартып алады.
– Бименді ағаңыз секілді сіз де қалтырауық екенсіз. Ол өз малына қалтырады, сіздікі не?
– Көпшіліктікі болған соң, ортақтікі болған соң қалтыраймын. Қалтырағандық па екен. Қоғамның малында не әкеңнің құны бар?
– Ой, сіздің қоғамыңызды... Аштан өлейік деп отырғанда неғылған қоғам!
Қоспанбет Малыбайдың бетіне ғұмыры бұлай тіке келіп көрген жоқ еді. Кенже ағасы болған соң ба, Дәмелі жеңгесінің беделі ме, әлде олар елден жырақ көп жүрген соң ба, әйтеуір сыйлау қалпынан жаңылғысы келмейтін. Қаны басына шауып, өзінің не айтқанын да білмей қалды. Әлде мынау бала-шағаның күйі ме, тіпті күйзеліп кетті.
– Ана мал сүйегінен жасалған тауды көрдіңіз бе? Сол құсап босқа қырылады. Ең болмаса бір құнанның сорпасын ішіп қалайық, жілігі татыса онда да.
– Көкекке аузы ілінді ғой, енді қырылмайды, – деп күңк етті Малыбай.
Қоспанбет терісіне сыймай тағы бірдеңе дегісі келді де, өзін-өзі әрең ұстады.
Арасынан қыл өтпейтін, мынау қыста талай қиындықты бірге көрген ағайынды екеуінің ортасына түскен шұбар жылан ысылдап тілін жан-жағына жалаң-жалаң еткізеді. Оған шаққызбай сонау құм арасынан аман жетіп еді. Енді қара құнаннан бастап қаншасын жалмайтынын бір құдай білсін. Ол жағы Малыбайға да, Қоспанбетке де беймәлім.
– Біреу ендігі ие мен деп қабылдап алса екен, сосын алпысын бір күнде сойып жесе де мейлі, – деді Малыбай қинала.
– Мен қабылдадым. Сіз ана Қарауыл төбеге, үйіңізге кетіңізші, – деді Қоспанбет күлкі аралас ызамен. – Керек десеңіз, қолхат берейін.
Осы кезде дауласып тұрған ағайынды екеуінің қасына таяғын сүйретіп Шәкен қарт келді.
– Ассалаумағалейкүм!
Малыбай мен Қоспанбет қатар сәлемдесті.
– Сәлемет болыңдар. Бүкіл бір ауылдың орнын сипап тұрсындар ма? Біліп ем-ау бұл сұмдықтың келерін. Солай болып шықты.
– Мал-жан аман ба, ақсақал?
Малыбай ыңғайсыздау сұрақ қойғанын байқамай қалды.
– Неге сұрайсың. Ауру кемпірді бердік. Көк биені бердік. Қу таяқты ұстап қалды деген осы. Мына ауылдың халі не болды енді. Біржола құрыдық па сонымен. Түндігі ашылмай қалғанға ет үйреніп барады. Нағыз ашаршылық басталды ғой. Тышқан жегенді кім көрген? Бұл зұлматқа амал жоқ па?
Малыбай Шәкен қарттың сөзін «балаң болыс, айтпайсың ба?» деп тұрғандай түсінді.
– Ауданы басқаның алары бөлек пе, Ақылжан тұрған жер шүкіршілік деп естиміз. Кіндік қаны тамып, кіршіксіз балалығы өткен ауылға да көз қырын салсын да. «Ит сиген жерге шөп шықпайды» демекші, алды-артына қарамайтын Анарбай секілдінің содырлығы әкеп құлатқан құз деп білем мұны. Қол ұшын берер ешкімнің қалмағаны ма? Дәмелінің ет тірілігімен біраз көтеріліп қалып едік, қайтадан құладық қой. Олар көшіп кеткенде, берекем біржола ауғандай ішім қан жылап еді. Амал не, амал не? Шамаң келсе, екеуің анау қырылған малдың саси бастаған ет-сүйегін бір жерге көміңдер. Аштықпен қоса індет тарап жүрмесін.
«Қайран, қартым-ай», деді ішінен Малыбай. Салалы сақалыңды тарап, әдемі әңгіме бастағанда айналаңды ұйытып тастаушы едің. Сенің баптылығыңмен көк биенің қымызы да балдай тәтті болушы еді. Оған жабайы жоңышқаны орап әкеп бергеніңде де бір ұсынақтылық жатушы еді. Бау-бау етіп үй жанында үйгеніңнің өзі аса бір әдемілік секілді болып көрінуші еді. Бал тамған қолыңмен талай ағаш қасық жасап, талай тостағанды сәндеп қоюшы едің. Олармен ішкен қымызда да бөлек дәм болатын. Сенің шапқан ерің, сенің өрген қамшың, жүгенің кімді таңдандырмады? Ісмерлігіңнің өзі-ақ ғұмыр бойы асырап, ғұмыр бойы кербез етті өзіңді. Мырзалығың да соның арқасы еді. Ағаштан түйін түйген шеберім, сенің де өрісің тарылып, өзегің талған ба? Қабырғаңның қайысқанынан Ажы ауылынан тұқым қалмай ма деген қайғыны көрем бе, қалай? Қара құнанға зыр-зыр өткенде ойлағаным өз қамым, қара басымның беделіне қылау түспесін деген өзімшілдік тар ниет екен-ау. Сендей аяулылар аштан өліп, қара құнан аман қалғанда табар мархабам қандай? Адалдықтан осы не опа таптым, кім бар оны біліп жатқан? О, қайран Шәкем! Мынау аштық сұрқыңды алса да, жаныңның сұлулығына әлі де тие қоймапты-ау. Қоспанбет, менен гөрі сенің жүрегің сезімтал екен. Сой да, жарты етін Шәкеңнін үйіне апарып таста.
– Ал, жігіттер, енді тұрмаңдар, – деді Шәкең қалың ойдағы Малыбайды селт еткізіп.
– Шәке, сонау құм арасынан қанжығамызға байлай келген сүрді Айғаным асып жатыр еді, сорпа-су ішіп кетіңіз, – деді Қоспанбет.
Бұл сөзді құлағы шалып қалған Айғаным тыржың ете қалды.
Өздері әрең жетіп отырғанда бала-шағаның бұл несібесіне мына шалды несіне ортақ етеді екен. Пейілді тарылтатын жоқтық қой, тегі. Әйтпесе Айғаным осы ауылдағы қолы ашық келіндердің бірі еді. Өзге өзге, Шәкен қартқа олай етпейтін жөні бар-ды. Әй, қу жоқтық-ай, кең көңілді көн ететін, кең пейілді жоқ ететін жолың болмағыр жоқтық-ай! Басқаны былай қойғанда, Қоспанбет етекке кеткелі, Дүлдүл тәтелері көшкеннен бері екі-үш келіп, халдерін білген, ортасынан қақ бөлінген келісін көгерген масақты түйсін деп құрсаулап берген осы Шәкен қарт емес пе еді? Оның арғы тегі Ажы руынан емес. Жас кезінде еліне өкпелеп біржола кетіп, осында сіңген арғын атаның бір бұтағы. Бірақ оны ешкім кірме демейді. Осы ауылға балдай батып, судай сіңіп, қадірлі қарты болды. Қолының өнерімен көпке жақты. Көрдіңіз бе, қу жоқтық, осындай адамға да қабақ шыттырып тұр. Бір ішер асының өзін ауырсынады.
Қоспанбет Айғанымға оқты көзін атты. Күйеуінің ашуланғанда сойып салатын мінезін білетін Айғаным жым болды. Шәкен қарт Қоспанбет ұсынысын қабыл алғандай сыңай танытты. Күн де қыза түскен еді, үшеуі әңгімені үйде жалғастыруға беталғандай. Оның үстіне асулы қазандағы сүрдің иісі шыққалы балалар айнала жапырлап өліп барады, қазанға төніп барады. Ішіне түсіп кете жаздайтындай. Көңілді бұзатын көрініс, көру де тіпті ауыр. Нәр татпағанына екі күн болса, оларға не кінә. Көгерген масақтан тышқақтаған екеуінің көзі әбден кіртиіп кетіпті. Оның үстіне сорпа ішкен соң не болады? Айғанымды мазалап тұрған осы ой.
Шәкен ақсақал үйге кірген сон Нарғазының халін сұрады. Біраз дерек алды. Оларда да малдан шығын көп екен. Әсіресе, ортақтың малы баудай түсуде, Жанғазы ауылнайлықтан мүлде бас тартып, Нарғазы екеуі әрі көл жағасына қарай көшіп кетіпті.
– Су таусылмай, балық таусылмайды, малдан қайыр кетті. Енді су иесі Сүлейменнің құдіретіне табынбай болмас, – депті Нарғазы.
– О, азаматым-ай, ақыл соныкі, – деді Шәкен қарт.
– Бір орыс тамырларынан қайық тауып әкепті. Жаюлы тұрған екі ау көрдім. Кетерде қазір союға жарайтын мал жоқ, осыған разы боласыңдар деп балық сорпасын берді, – деді Малыбай.
– Ондай азаматы бар ауыл амал табады, – деп Шәкен қарт басын ұзақ изектетті.
Әңгіме үстінде Малыбай Шәкен қарттан қара атанның да жұттың жұтқыншағында кеткенін естіді.
– Малдың көбі осы көктемнің алдында, қыстың соңында қырылды, – деді Шәкен қарт. – Жекеменшіктің көктемге аман жеткен малдарын аткөшектер ұрлады. Көк биені де соның біреуі жетектеп кетті білем.

– Аткөшегі кім?
– Олар да өзіміз секілді адам. Бірақ өзге жерден келген. Өңдеріне қарауға дәтің шыдамайды, адам жеуден тайынбайтын босқындар.
– Сұмдық-ай, бұл не болып барады? – деді Айғаным.
Шәкен қарт алдыға келген еттен сыпайы ғана екі-үш татты да, табаққа түсе жаздап отырған балаларға аяй қарады.
– Heгe алмадыңыз, Шәке? – Қоспанбет шын ықыласымен ақсақалды ет алуға шақырды.
– Бір татып, екі татып жүрген адамға бірден көп жеу қауіп. Дәтке қуат болса жарады. Мына балалар неше күннен бері тамақ ішпеп еді?
– Нәр сызбағандарына екі күн, – деді Айғаным.
– Онда байқап жесін. Тойып жеймін деп тоңқайып қалып жүрмесін. Әкесі келді, бір амалы табылар, аман болсын бұлар.
... Жұттан қырылған малдардың ішінде Қара атанды Малыбай бірден таныды. Жарықтық теңкиіп жатыр екен. Тілін тістеп қалыпты. Үймелеген құрт-құмрысқаның құдайы бір жарылқаған. Жыртылып айырылғандай қаптаған қара шыбын, көк соналар тіпті ірі көрінді. Борсыған еттің иісіне шыдай алмай Малыбай мен Қоспанбет ауыздарын орамалмен таңды. Табиғаттың өзі қазған жыраны кеңейтті де, шетінен өлген малды сүйреп әкеп соған құлатып жатты.
Қара атанның қалған қаңқасының өзі ауыр көрінді. Артқы екі сирағынан тартқанда Малыбай мен Қоспанбет едәуір мықшыңдады. Малыбайдың көңілі бұзылды. Төрт мүлігінің берекесіндей көрінген Сарыатан заузаның осынау тұқымын ортаққа өткізерде бір қиналып еді. Шөлтұмсықтың қиясынан құлап, қиратқан аяғын сылтып басып бара жатқанда жылағаны есінде. Шын жылаған екен ғой. Осындай боларын біліп, құдайдың өзі соған бастап тұрды ма екен? Қыстаудан жайлауға, жайлаудан қыстауға көшкенді тоқтатқаннан бері түйенің беделі түсе бастаса да, Қара атан осы Бастұманың басты түлігі сияқтанушы да тұрушы еді Малыбайға. Қара атан құлаған күні ақырзаман да орнайтындай көрінетін оған. Ортақта болғанмен, анда-санда көзіне түскенде көңілі жібіп, қара атанмен арақатынасын жалғап тұратындай бір жіп болушы еді. Енді, міне, сол жіп те үзілді. Өз ырысын ғана емес, колхоз ырысын да қолымен көміп жатқандай көрінді.
Нарғазы ауылында Құдайторының опат болуы, мұнда Қара атанның көмілуі Малыбай үшін малға деген ықыластың ең соңы сияқтанып кетті. Кәріліктен бе, қапыда ма, әйтеуір Құдайторы мұзға түсіп өлді. Нарғазы оны адамдай етіп көмді. Қазақта қашаннан азаматтың атын шығарған жүйрік ат пен ақылды әйел дейді. Нарғазының Құдайторысы дегеннің өзі не тұратын еді. Садыр, Матайда алдына қыл құйрықтыны салмады. НКВД-ның қамауынан да қарғып шығып кетті, Бәсібектің әкесінің асындағы бәйгеде Шатырбайдай байдың көріктей кепкен кеудесін басқан да осы тұлпардың тұяғы болатын. Мұның өлімі қайбір жақсы ырым дейсің. Зейнептен перзент көрмеген Нарғазының алданышы жүйрік аты мен жүйрік тазысы, қыран бүркіті еді ғой. Ат табылар-ау, Құдайторы табыла ма?
Қара атанның да ыстықтығы бұдан кем соғып тұрған жоқ. Екі қадірлі малдың өлімінде де бір тұтастық, екеуіне келген опатта бір ұқсастық бар секілді.
– Малдың аты мал ғой, – деді Қоспанбет манадан бергі бүгжеңнен удай ашыған белін жазып. – Адамдарды осылай көміп жүрмейік. Ажы ауылының көрі біреу-ақ боп жүрмесін.
– Тәйт, – деді даусы қатты шыққан Малыбай. – «Ірігеннін аузынан шіріген сөз шығады» демекші, қайдағыны қайдан айтасың. Сенің аузыңа бір оңды сөз түссеші!
– Қанша қақпаласаң да, малдың жұты адамның жұтына ұласпай қоймайды, – деді Қоспанбет ызалы мақаммен. – Қара құнан емес, ана алпыс жылқыны түгел сойсаң да, аман қалатын ауыл көріп тұрғам жоқ. Ындыны кетіп қалыпты өйткені. Тышқан жеген соң, не сорым.
Көктемнің ұзақты күні, шыжыған ыстығы Малыбай мен Қоспанбетті әбден қалжыратты. Үйге күн ұясына кіре оралды. Келсе, кіші екі баласы ессіз жатыр екен. Айғаным жанын қоярға жер таппай еңіреп жүр. Қоспанбет тамырларын ұстап еді, тіршіліктен болар-болмас қана белгі қалыпты. Кірпіктерін анда-санда ғана бір қимылдатады, ауыздарынан шыққан көбіршік көбік бар. Үрейі ұшқан Малыбай бәйек болды. Кеңесжаны мен Амангүлі де тап осындай сұлық жатқандай көрініп кетті.
– Шәкен қарттың айтқаны рас болды-ау. Манағы ет аш өзегіне түсіп кетті-ау. Бала неме байқамай көп жеп қойды-ау!
Айғаным біреуін, Қоспанбет біреуін алдарына алды. Жаға қоятын білте шам да жоқ екен. Түндігін ашқанмен, әлі ай тумапты, қайта іңір қою қараңғылығымен үрей әкелді. Қоспанбет ашық шаңырақтан көкке қарап еді, бір жұлдыз ағып түсті. Тұла бойы дір етті.
– Ойбай-ай, денесі суып барады, – деп айғай салды Айғаным. – Құлыным-ау, құлыным-ау, шынымен демің біткені ме?
Қараңғыда оларға қоса үнсіз жылап отырған Малыбайдың көз жасын ешкім көрген жоқ. Демесіннің өн бойынан қорқып, тірі отырған екеуі де шулап қоя берсін. Үй іші азан-қазан болып жатса да, көршілерден бас сұққан біреуі болмады. Жапандағы кәдімгі жалғыз үйдей қайғысына да, қасіретіне де ортақтасатын ешкім жоқ сияқты. Мұндай тылсым жалғыздық бұрын Ажы ауылында болды ма екен? Малыбайдың алғаш көріп отырғаны осы шығар.
– Ал, біреуі аз болса, екіншісінің де тынысы бітті, – деді Қоспанбет ызалы үнмен.
– Не жаздық құдайға, құлындарымды қосақтап алардай не күнәміз бар еді?
– Құдай емес, адам қолдан жасаған аштықтың құрбандары бұл, – деді солқылдап жылаған Қоспанбат.
Айғаным қараңғыда шыр-шыр етіп жүгіріп жүрген секілді. Есейіп қалған екі бауыры екі бірдей кішкене інілерінің о дүниелік болғанына тұс-тұстан бақырып, үн қатты. Бұған да бүкіл ауылдан құлақ асып жатқан ешкім жоқ сияқты. Бәрі бірдей жусап қалғандай, еш тірлік білінбеді Малыбайға. Шәкен қарттың да осынау қасіретке құлақ түруге шамасы келмей қалғаны ма екен? Жоқ, әлде мынау қараңғылық бәрін – көздің жасын да, ышқынған жанның шырылын да жасырып тұр ма?
8
Малыбай Қарауыл төбеге қалжырап әрең жетті. Артель малын қыс бойы бағып, аман айдап келгенінен не пайда, немере інісінің екі бірдей баласы көз алдында шейіт болды. Бұрын көріп жүрсе де, сонадайдан көзге ұрған биік төбе осы маңдағы өлгендерді жиып жерлеген обадай боп көрінді. Қазақ елін қалмақтар жаулап алғанда, қайта-қайта қарсы шығып маза бермеген жергілікті шапқыншыларды қарауылдап тұру үшін әскер күшімен үйгізген төбе екен деген ел арасында аңыз бар. Біреулер оны Қарауыл төбе, біреулер Қалмақ төбе деп атайды. Көбірек қолданылатыны – Қарауыл төбе. Соған сай жаңа ұйымдасқан артельді де жер атымен атаған ғой. 27-інші ауылдың орталығы да осында, өйткені ауылнай осында тұрады. Бір сәт Малыбайға сол төбенің басына Кеңесжанды жетектеп, Амангүлді көтеріп Дәмелі шығып тұрғандай көрінді. Ақылжанның қолы тимей жүрген шығар. Өзге ауданға қарайтындығынан ба, бауыр басып кеткен Бастұмадан гөрі бұл жер бөлектеу, бөгделеу көрінді. Айнала тып-типыл, даланың жаны секілді қараң-қараң малдан көзге еш нәрсе ілікпейді. Жансыз бір сурет, жадағай сорайған төбеден басқа ештеңе жоқ. Бұл көрініс онсыз да күңіреніп келе жатқан кеудені жаншып-жаншып жіберді. Әдетте тіршілік атаулыны қозғалысқа келтіріп көздің жауын алатын көктемде де ажар жоқ. Айналадағы жаңа гүл жарып келе жатқан шөптердің иісі кешегі көмген малдардай борсып, қолаңса сасып, қолқаны алатын секілді. Әлде сол көргеннен, сол сезгеннен түршіккен дене алған ауыр әсерден әлі арыла алмай келе жатыр ма екен? Жан жібіткен көктем емес, иықты басқан ауыр бірдеңе.
Өз шаңырағын Малыбай бірден таныды. Дәмелі келе жатқан жалғыз аттыға киіз үй сыртынан тесіле қарап тұр екен. Бүкжие отырысынан-ақ күйеуін бірден білді. Тым бүгіліп кеткен бе немене?
– Кеңесжан, Кеңесжан, әкең келе жатыр, – деп айғай салды. Қуанышы да, сағынышы да осы айғайдың ішінде.
Үйден есікті сарт еткізіп қарғып шыққан қара домалақты Малыбай аудармай таныды. Әбден сағындырған өзінің Кеңесжаны. Баланың кішісі қашанда әке-шешенің ойынан кетпейді ғой. Мынау күшігі соңғы кезде тіпті түсінен шықпай қойған. Бір қыс көрмегендіктен бе, есейіп қапты. Кекілі жалбырап жүгіріп келеді. Аттың бауырына кіріп кетер ме екен. Малыбай көргеннен-ақ баласын айнала бастады: «Құдай берген, тәңір берген, бере салған, ие салған». Жүгіріп жеткен Кеңесжанды ат үстінен тік көтеріп алды да, құшырлана бетінен, маңдайынан, тамағынан сүйе бастады.
– Сақал-мұйтың жыбыйлатып жібейді, – деді Кеңесжан «р»-ға тілі келмейтіні анық байқалып. Онысы сөзін тіпті сүйкімді етіп тұрғандай.
– Қыс бойы сен қайда болдың? Қайша тәтеме қойімдік бейесің, ол Ақылжан көкеммен бірге ұйықтайды.
Малыбай мырс-мырс күлді. Бұл ауыл ит асырай ма, асырамай ма, алдынан бірде-бір әупілдек шықпады ғой.
– Ауылда ит жоқ қой өзі.
Малыбай Кеңесжан тағы бірдеңені бүлдірмесін деп әңгімені басқа жаққа бұрды.
– Иттей аткөшектейден қойқып қашып кеткен. Олай иттің етін жейді.
Малыбайдың жүрегі зу ете қалды. Бастұмада Шәкен қарт «тышқан жеген сұмдық» деп күңіренсе, мына жерде ит жеген деген пәле тап болуын қара.
– Бармысың әйтеуір, ат-көлігің аман ба? – деп Дәмелі күйеуін аттан өзі түсіріп алды. Жүзі әбден тотыққан, көзінін қызылы да көбейіп кеткен шалының өңінде үлкен бір кейістік бар секілді. Екі жерден сақалына жолақтана ақ түсіпті.
– Сүйінші, келін түсірдік. Сәл кідіре тұр, киініп алсын, – деді Дәмелі жұмсақ қана.
– Ал, ал, құтты болсын, бақытты болсын, – деді Малыбай жай ғана. Қуанғысы келсе де, көңілін бір ащы сезім тіліп тұрған секілді. Тұла бойы тұңғышы үй болғанда елде болмағаны көңілін жасытты ма, әлде оның үйленгенінің мынандай ауыр кезеңге тап болғаны жанын жаншып тұр ма, әлде кешегі Ажы ауылының сұрықсыз көркі, Қоспанбеттің екі бірдей ұлының аяқасты шейіт болғаны ойын ойран етті ме, әйтеуір Малыбай ағынан жарыла қоймады. «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» демекші, аяғың құтты болса жарады. Ертерек үйленші» деп әкесі әлденеше айтқан еді Ақылжанға, қыз таңдап жүріп алды емес пе. Кездескен уақытын көрдің бе? Мейлі, қойны құтты болсын, бір бұларға келген зауал емес қой.
Ішіп-жемдері де жүдеп қапты. Шөлдеп келген бетінде Дәмелі сұлының көжесін ұсынды.
– Ат жейтін сұлыны енді адам жейтін болған ба?
– Бұған да шүкір де, тышқан еті мен иттің етінен жақсы ғой.
– Сұмдық-ау, сендер де сол күйге жеттіңдер ме? Балаң ауылнай емес пе?
– Не, ауылнайдың үйі май құсып отыруы керек пе? Ел басына туған күн оған да туды. Сұлы да болса үйінде дәні бар, соған шүкіршілік, – деді Дәмелі.
Қайша қысылып, атасына шай құйып отырды. Шай дегенде не, күні кеше дастарқан үстінде көпіріп жататын ірімшік, бауырсақ, майы шыққан құрт атымен жоқ. Сарымай деген ағаш тостағанда төбе-төбе болып үйіліп тұрушы еді. Бұрқыраған аққұйрық шайдың иісі мұрынды жаратын. Өзге қасиетімен бірге Дәмелі ел арасында тамақты мол, дәмді ұстайтындардың қатарына жататын еді. Сонау Қармыс ауылынан, шешесі Балжаннан қалған мұра. Соған жаман үйреніп қалған Малыбай, әрине, өзгені қалайды. Қайдан білсін, ол мұраға да ашаршылық келгенін.
– Кеңесжан-ей, әкеңнің атын біреу жетектеп кетпесін, – деді Дәмелі ұлына.
– Тапа-тал түсте кім жетектейді?
– Пәле, сен өзге дүниеден келгендей болып отырсың ғой. Көзіңді ілестірмейді, қағып әкетеді. Қазір түске қарай аштар, қайыршылар шұбырады дейсің.
– Ақылжан қайда?
– Ауданға кетті. Шодыр шақыртыпты. Аштыққа қарсы кәмәсия құрылған дей ме. Соның ішінде, әйтеуір. Қайта оралғанша зәреміз кетіп отырады.
– Нарғазылардың халі қалай? Қайын жұртыңмен араздасып келгеннен саусың ба? – деді Дәмелі.
– Сендерге қарағанда олардыкі құдайдай. Былқылдатып балық асып жеп отыр.
– Аман болсын, аман болсын. – Дәмелі басын ұзақ изектетті. – Бұл жақта тірі жан қалмай жатқан ауылдар бар. Әсіресе, таза қазақтар тұратын өңір сорлап жатыр. Кеудесінде жаны бар балаларды детдом дегенге жинауға кірісіпті. Ана Қайша да сол жинауда бір апта жүріп кеше келді.
Ол не нәрсе дегендей, Малыбай бірінші көрген келініне тесіле қарады.
– Әке, бұл сұмдықты көргеннен көрмеген жақсы еді. Ақылжан мен Шодыр ағаның сөзін тастамайын деп кірісіп кетпесім бар ма.
Қайшаның көзінен жас көрінді. Басындағы қызыл орамалының ұшымен мөлт еткен бірнеше тамшысын тосып алды. Сөйлеуге шамасын келтірмей бір нәрсе көмейінде тіреліп тұр. Жұтынып арлы-берлі біраз отырды. Малыбай байқап қараса, келінінің кескін-келбеті жаман емес сияқты. Қара торының әдемісі. Сөзі де биязы, өзі де биязы.
Бесікте жатқан Амангүл оянды. Қайша оған тұра ұмтылды. Әрлі-берлі тербетіп еді, уана қойған жоқ.
– Қарны ашып жатыр ғой, жарымай жүр сорлы, – деді Дәмелі кейістене.
Әрине, Малыбай оны бірден түсіне қойды. Балалары тойғанша өзі тамақ ішпейтін әйелі қазір бәрін аузынан жырып соларға беріп жүр ғой. Әлденіп тамақ ішпеген соң, емшектен сүт шыға ма?
– Емізіп көрейін, – деп келінін шай құюға жіберді.
Қуырған бидай, ақтаған сұлы дәні, шайдың бар жемі осы ғана. Дегенмен шөлдеп келген Малыбай қара шайдың өзін біраз ішуге ыңғай білдірді. Қайшаның әңгімесін одан әрі жалғастыруын күтті.
– Әнеукүні райкомның тапсырмасымен он ауылды араладық. Соның төртеуінен бір тірі пенде таба алмадық. Түгел қырылған. Бәрін бір жыраға көмдірді. Екі ауылда ешкім жоқ, қаңырап қалған, босып кеткен болу керек. Ал қалған төрт ауылдан тірі тапқанымыз отыз шақты әлсіреген екі мен онның арасындағы жас балалар. Әке-шешелері өздері өлгенше ең соңғы дәмін ауыздарына тосып, ұрпағын артында қалдырған болу керек. Кей үйлерден қазанда асулы қалған тышқан еттерін көрдік.
Малыбай тыжырынып кетті. Ішіп отырған шайын лоқсып құсып жіберді.
Көрген сен тұрғай, көрмеген менің халім мынау, қарағым-ау, қалай дәтің барып айтып отырсың дегендей келініне аянышпен қарады.
– Сұмдығы басқада. Шеттеу бір үйге келсек, түндік есік түп-түгел жабық. Тірі пенде иісі сезілмейді. Тобымызбен ішке кірдік. Кемпір-шалы жүктің түбінде отырған-отырған күйінде қатыпты. Отыздарға әлі жетпеген келіншек қан-қан, етпетінен есікке ұмтыла құлаған сияқты. Сол шамалас, бірақ сақал-мұрты өсіп, әбден жүдеген жас жігіт қолында шөміші бар, оты сөнген қазан-ошақтың түбінде серейіп жатыр. Қақпақты ашып қалғанда бәріміз шалқамыздан құладық. Қазан ішінде... Амангүлдей жас сәби...
– А, не дейді? – Шар еткен Дәмелінің даусы шықты. Қайша қараса, енесі шалқалап құлап барады. Аузынан емшек үзілген бала да баж ете қалды. Өңі қашып бара жатқан Дәмеліні көріп, Малыбай орнынан атып тұрды.
– Су бүрік, қарағым, талып кеткен шығар, – деді Малыбай. – Бұл әңгімені естімеген ғой, сірә.
– Қорқытып алам ба деп айтпап едім. Жүрегі үлкен адам алдымен жүректен кетеді. Апамның жүрегі елжіреуік қой. Осы үйдегі біраз дәнді де сол аяныштығынан таратып алды. Бар қайыршыны асырай аларсың ба? Жемтік бар жерге қара қарға көп үймелейді демекші, бірінен бірі ести ме, осы үйдің алдынан аш-арықтар шықпайды. Үкіметтің қорға жинаған бір клет астығын да Ақылжанға апам тараттырып жіберді.
– Баласы мен екеуі сөзге келіп қалды, – деді Қайша жаңағы сұмдықтан көңілді басқа жаққа бұрғысы келіп. Бұл кезде Дәмелі есін жиып, басын көтерген еді. «Уһ» деп бір кесе салқын көже ішті. – Ақылжан өкіметтен қорқып, астықты таратқысы келмеді.
– Қорқақтығы саған тартқан, – деді Дәмелі езу тартып.
– Судың да сұрауы бар, бір клет астықты кім кешіреді? – Малыбай баласын жақтады.
– Сонда не, қамбада астық тұрып, жұрт қырылмақ па? – Дәмелі ашу шақырды.
– Оу, сен тірілейін дедің ғой. – Малыбай қалжыңға ұқсатып айтқан болды бұл сөзді.
– Содан әлгі оқиға қалай болған?
– Қасымыздағы дәрігердің айтуы бойынша, сәби әке-шешесінен бұрын жан тапсырған. Ақыры өлді ғой, жейік деген болуы керек күйеуі. Оған ана қарсылық көрсетсе, көнбесе керек. Аштықтың аярлығынан асқан дүлей, арсыз күш болмайды. Көнбеген әйелін ол пышақтаған, содан ол жанұшырып есікке қарай ұмтылған. Өлі сәбиді қазанға салған соң өзінің де, онсыз да әлі құрыған сорлының күні біткен болу керек деп жобаладық.
– Астапыралла, не сұмдықты құлақ естіп отыр, құдайым-ау!
Малыбай орнынан тұрып, теңселіп жүрді де қойды. Дәмелі Амангүлге қайтадан емшек берді. Солқылдатып сорғанда кеудесін сорып әкете жаздайды. Өзге балаларынан мұндай мінезді көрген жоқ еді, ашаршылық жылы туған бала ашқарақ бола ма, немене?
Малыбай қалың ойға кетті. 60 жылқыны түгел айдап келіп, аман-есен Бастұмаға тастап кеткенін айтудан қорықты. Бір клет астықты тараттырып жүрген Дәмелі оны мына бөтен ауылға бөліп беруден де тайынбайды. Қара құнанды сойып тастатпағанына да өкінді. Бірақ бұл кетісімен Қоспанбет бір амалын тапқан шығар. Мына жағдайда басқа жылқының аман болуы да күмәнді.
Малыбайдың көз алдына қарны жер сызған өзінің жирен қасқа биесі келді. Әне-міне құлындайын деп тұр еді.
– Сонымен, әлгі детдомың не өзі, қарағым.
– Мына жағдайда өкіметтің дұрыс ойлап тапқан шаруасы, әке. Жетім балаларды тәрбиелейтін жер. Шодыр аға ауданда бірнеше жерден ашқызды. Панасыз қалған балаларды сонда жинатып жатыр. Тамақ, киім түгел өкіметтен. Жаңағы отыз баланы да сонда әкеп өткіздік. Төртеуі жолда өліп кетті. Әке-шешесінің аты-жөнін білетіндер өз әкесінің атымен тіркелді. Әлі тілі шықпаған, кімнің баласы екенін білмейтіндерді аузымызға кімнің аты түссе, соған жаздыра салдық. Не істейміз басқа? Күтушілердің атауына жеңіл болсын деген ой ғой.
Біраз үнсіз отырды да, Қайша енесі мен атасына мөлие қарап:
– Бір сәбиді Ақылжанның атына жаздырып жібердім, – деді. – Өлген шешесінің емшегіне жабысып жатқан жерінен көтеріп алдық.
«Мұнысы қалай?» дегендей, Малыбай көңіліне бірден секем алды. Амандық болса, өзі бала көтермей ме? Тап сондай ой Дәмеліге де келген болу керек. Ажырайып тұрып келінінің бетіне қарады.
– Сен өзің... көргендеріңнен қатты шошынғаннан саусың ба, қарағым?
Малыбай әлденеден үрейлене қойды бұл сұрақты. Дәмелі де жауап күтті.
– Жоқ, әлгі сәбиді аяп кеттім. Шодыр аға сол балалар үйінің біреуін басқаруды да сұрады. «Педагогсың ғой» деді. Бірақ жер аяғы қашық, барып-келіп қайдан жұмыс істеймін. Ұстаздықтан да сән кетті ғой, барлық ауылдың мектебі қараң қалды. Алдағы уақытта мұғалімдердің күйі не болар екен?
– Детдомың дұрыс асырай ма, әйтеуір? – деді Малыбай.
– Асырауын асырайды ғой. Бірақ қатты әлсіреп келгендері онда да өліп жатыр.
– Өзіміз қолдан жетім жасап, өзіміз әуре болып жатырмыз де, – деді Дәмелі тынышталған Амангүлдің аузынан емшегін алып, бесіктің жамылғышын түсірген күйі. – Аузынан ақ май ағызсаң да, әке-шешесіз баланың күні не күн? Енесінен айырылған қозы екеш қозы да маңырауық болады.
Иә, бұл аса бір ауыр әңгіме болды. Төбеден түскен зіл секілді бірдеңе жанды жаншып барады.
Малыбайдың туған ауылына қайтқысы келіп кетті. Ажы тұқымынан екені рас болса, қалғанын аман алып қалмай ма. Соншама қайғылы хабар жеткізген мынау «Қарауыл төбеде» қалудың өзі қиын секілді. Бүгін соттап жіберсе де, қалған жылқыны тірілеріне түгел таратып бергісі келіп кетті. Күні кеше қара құнанды сояйық дегенде, зыр-зыр еткен батырың екі күннің ішінде өзгеріп шыға келді. Өмірден әмірлі не бар?
Алыс сапардан шаршап келсе де, түні бойы ұйықтай алмады. Шошынып ояна берді. Біресе Амангүлін біреу қазанға салып жібергендей, біресе мініп келген атын дәу бір қара жетелеп бара жатты, біресе күні бойғы қайта-қайта есік алдынан шықпай қойған аштар көзін ала беріп, Ақылжанды тарпа бассалғандай.
– «Бәріне сен кінәлісің, сендер аша тұяқ қалдырмай барын сыпырып алған, – деп жан-жақтан аш қасқырдай бүкіл зауалды Ақылжан әкелгендей арс-арс етеді. – Алдымен сенің қара сорпаңды ішеміз».
– Астапыралла, астапыралла. Қалағаныңды ал, баламнан аулақ, – деп шошып оянды.
Шымылдық қана бөліп тұрған бір үйдің іші. Қайша атасының азапқа түсіп жатқанын сезіп, бүгінгі әңгімені бекер айттым ба деп өкінді. Әнеукүні алғаш үйге келіп түнегенде, өзінің де көз алдынан өліктер, әсіресе, детдомға өткізген арса-арса балалар кетпей қойған. Күндер өте көмескілене бастап еді, көрдіңіз бе, қайта жаңғырығып жатқанын. Қазір еске алу қиын болғанмен, уақыт ұмыттырар деп те түйген. Жоқ, мұндай қасіретті ұмыттыру уақыттың да қолынан келмес. Міне, көзі көрмеген, құлағы ғана естіген атасының аласұрып жатқанын кермейсің бе? Бірақ бүгінгі күні бойғы ісіп-кепкендердің суретінің өзі-ақ оның жүрегін тілім-тілім еткен шығар. Адам аяғыш енесінің мінезі де өзгеріп барады. Бұрынғыдай үйдегіні үлестіруді сап тыйды. Өз бала-шағасының қамын ойлауы керек. Қу жоқтық ең кең деген мейірдің өзін көндей қатырып тастай ма, қалай? Астындағы атын түсіп беріп, дәмді тамағын қонағының аузына тосатын қазақ бүгін өзгеге бір уыс бидайды, бір кесім құйқаны қимайды. Артында болған соң – мырза да, артында болмаған соң – сараң екен ғой. Өзгеге қайдан қисын ақырғы дәмін, өзіне де тіршілік керек. Кімнің де болса бүгінгі есіл-дерті мынау сұрапылдан тірі қалу, аштан өлмеу. Қырғызға ауып кеткен бауырларының халі де осындай ма екен? Қуғын-сүргіннен, домалақ арыздың әлегінен жапа шектік дегеніміз әншейін екен ғой. Мына аштықтың тырнағына ілінбесек жарар еді. Бар сенері –Ақылжан, оның етегінен ұстағаны жақсы болған. Кімнен артық, бір жерде бұл да серейіп қалатын ба еді. Ауылнайлық алатын паегі бар. Аштарға деп келіп жатқан азын-аулақ азық-түлікті де тарататын осы. «Қазан ұстағанның қарны ашпас» деген бар емес пе. Бірақ ел басына туған күн оны да қатты жүдетіп барады, келмек күні кеше еді, аман болса жарады. Талықсып барып, таң алдында Қайша көзін әрең ілді.
Малыбай өз-өзінен қысылып ол жатыр. Шәкен қарттан басқаны неге көрмеді, үй-үйді неге аралап шықпады, кімнің тірі, кімнің өлі екенін неге анықтамады? Сонау жылдары Қармыс ауылынан біржола қайтып келгенде, тайлы-таяғымен бәрі қуанбап па еді, жоғалған үйір табылғандай үймелеп, ағайын ағынан жарылғанда өзі де бір жасап қалмап па еді. Қаны бірдің жаны бір, саялап келгені осы ағайын, Ақылжанды алақанында ұстауға тырысқан осы ағайын, кеше Лепірбай жазықсыз қаматқанда, Анарбайдың әлегінен ауданға шапқанда, орта жолда жоқ боп кеткенде қан жылаған осы ағайын, әзірге қалтақтап аман жүргені де сол ағайыннын ақ тілеуі шығар. Ал олардың басына күн туғанда, тышқан мұрнын қанатар халі болмағанда, бұлардың жырақ кетуіне жөн болсын, Ақылжандікі қызмет бабы, жарайды, өкімет қайда жұмсаса, сонда барады. Ал Дәмелі екеуінікі не? Дүлдүл тәте деп басына көтергенде құдайдай, күн туғанда тайып бергені несі? Рас, манағы айтуына қарағанда, бұл жақта барымен ауылға қол ұшын беріпті. Түпсіз қазына, таусылмас азық-түлік мұнда да жоқ қой. Өзінің де сұлы жеп отырғаны шекенің қызғандығынан болмас. Десе де, бұл ауылдан өз ауылының халі мүшкілірек көрініп кетті. «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне». Тәубе, Ақылжан аман болса, бұларды аштан елтіре қоймас. Бірақ бір ауылдан сопайып өздері қалғанда не мархаба табады. Әуелі ет жақыны Қоспанбетті де тағдырдың тәлкегіне тастап кетті-ау. Мен үшін, жеңгесі Дәмелінің бір ауыз сөзі үшін қыс бойы сонау Балқаштың сағасында болып, жылқы бағысты. Иесіз қалған жылқыны бақтың не, бақпадың не. Соның бір құнанын союға да баж-баж етіп қарсы болғанына Малыбай енді ұялып отыр. Өзі барғанша мынау қаптап жүрген аштар аман-есен алып келген үйірін қасқырдай таламасына кім кепіл? Әй, бірақ ісіп-кеуіп жүрген сорлырар жылқы ұстауға шамасы келеді дейсің бе.
Ағайын түгел қырылып қалмас. Тірі қалғандары ертең бетіне басар. Жас емес, осы Ажы ауылының ақсақалдарының біріне айналып келеді. Ақсақалдық құрметке қана иелік емес, құрметтің де міндеті бар. Күні кеше күшік күйеу болып бір жоғалып еді, енді әкім баласының артынан кетіп, тағы жоғалуы керек пе? Мұнысы ағайындыққа сыймас. Уақыт басқа, заман басқа дегенмен, ағайыннан кетуге болмас. «Өзге жерге сұлтан болғанша, өз еліңе ұлтан бол» дегенді қазақ бекер айтты дейсің бе! Осы заманға дейін небір айбынды жау шауып, быт-шыт етсе де, ағайындықтың арқасында қайта қосылып, қайта ел болды емес пе қазақ. Ағайынға адал болуды ғасырлар бойы өмірдің өзі аманат етіп, қанға сіңірген халық емеспіз бе. Ашаршылық сол ағайындықты, ажырамас жікті түк қалдырмай мүжитін кезқұйрық болғалы тұр ма? Қой, қиын кезеңнің өзінде де ес жиған мақұл болар. Өлсек, көріміз бірге болсын. Таң атысымен осы ойының бәрін Дәмеліге айтпақ болып жатқанда, Малыбайдың да көзі ілініп кетті. Шошыта берген үрейлі түстерінен гөрі бұл ойлары ертек секілді жанына майдай жақты.
Дәмелінің де өзегін өртеген азапты сезімдер аз болмады. Оның көз алдынан бауыры Нарғазы кетпей қойды. Қой бастаған серкедей бөлініп жүретін Қармыстың еркесі балық аулауды кәсіп еткеннен кейін не сорым. Мынау уақыт оны да тарының қауызына сыйғызғаны ма? Құдайторының өлімі белін және сындырып кетті десеңші. Ат – адамның қанаты, ал Құдайторы қандай қанат еді. Амангүлдің туғанына да, Ақылжанның үйленгеніне де келе алмады. Тапшылық, тарлық Нарғазыдай ердің аяғына да шідер салған екен-ау. Түгінің керегі жоқ, төбесін көрсетсе болатын еді ғой.
Ақылжанның үй болғанын қандай армандаушы еді. Шын сағыныш осы екеуінікіндей-ақ болсын. Тазыларын ертіп, Құдайторымен көсілте ауыл шетінен көрінгенде бір сәнділікті ала келуші еді. Бүкіл ауыл мәз-мәйрам болып қалушы еді. Нарғазының тазылары мен құсын тамақтандырудың өзі Дәмеліге аса бір асқан ләззәт әкелетін. – Сенің асың адамдардың ғана емес, аңдардың да тәбетін шақырады, бар ықыласыңмен жасайсың ғой» дейтін.
Қараңғыда көзінің жасы тамып-тамып Дәмелі аса байқай қоймағанмен, сол жас тамған Кеңесжан ұйқылы-ояу жыбыр-жыбыр етті. Сағыныш жасын ұстау Дәмелінің қолынан келмеді. Бір жағынан, қорланып та жатыр. Нарғазыдай азаматты уақыт жасытып жүрмесе жарар еді. Дәмелінің есіне анасы Балжан түсті. Мына күндерді көрмегеніне шүкіршілік. Құса боп өлетін еді ғой ол байғұс. Бауырын көргісі келіп кеткендігі сонша, Малыбайдың бүгін мініп келген атымен Амангүлді алдына алып, Кеңесжанды мінгестіріп кетіп қалғысы да келді. Жете ала ма, қаптап жүрген аштар бір жерге қамап, өздерін өлтіріп, астындағы атын сойып алса қайтесің. Малыбай, Ақылжан, Қайша тірідей өледі ғой. Алдың күз, артың жар деген осы. Қазір жолаушы шығудың өзі қияметтей қиынға айналып кетті. Бауырын ойласа баласы, баласын ойласа бауыры есіне түсіп, Дәмелі ұзақ қиналып жатты. Бір үйдегі ересек үшеуін үш жерде ашаршылық салған зіл осылай азапқа түсірді.
Ешнәрседе шаруасы жоқ Кеңесжан мен Амангүл ғана. Олар сәбилік қатты ұйқының уысына әбден іліккен. Пәк көңілге бұлыңғар, бұқпасы көп түстер де жоламайтын болса керек. Шіркін, осы сәбиліктің тазалығындай өмір неге таза емес. Ашаршылық осындай балаларға да тырнағын салды-ау. Детдом қаншасына пана болар дейсің. Бұлардың артықшылығы – Ақылжандай атқа мінген ағасының барлығы. Өзге балалардың өзге аштардың қамымен ол да бірнеше күн үй көрмей жүргенін мына пыш-пыш еткен мұрындар қайдан білсін. Бір кіріп алса дендей дерт секілді ашаршылық дегенің аса қомағай апат екен ғой өзі. Жалмап жатыр, жалмап жатыр.
Ақылжан бұл жолы қатты қалжырап оралды. Қайша бәйек болып, қас-қабағына қарай берді.
– Қазір сәске түске қарай аштар тағы қаптайды. Тамағыңды ішіп алшы, – деп бір аяқ сұлы көжені ұсынды. Шамырқана жұтып-жұтып жіберген Ақылжан шашалсын да қалсын.
– Қауыз тұрып қалды-ау тамағыңа, құдай-ай, сақтай көр. – Дәмелі шыр-шыр етті.
– Әбден-ақ тазартып ем қауызын. – Өзін кінәлі сезінгендей Қайша жаутаң-жаутаң қарай берді.
– Тұманың суық суынан жұтып жібер.
Бір бақыр суды алып Кеңесжан тұра ұмтылды. Шіркін, өмір-ай, өз өркеніңді өсіруді, өз жапырағыңды жаюды тоқтатпайсың-ау. Жап-жалаңаш тасты жарып шыға келетін ағаш та сол тіршіліктің қуаты-ау. Мынау қысылшаң өмірде Кеңесжан да тап сол күнге ұмтылған тал шыбықтай жұлқынып келеді. Өмір осы үзілместігімен, жалғастығымен қымбат қой. Шыбық екеш шыбық та тіршілікке құмартса, ми берген, ақыл берген адамға неге құмартпасқа? Апыр-ау, сол ақыл мынау ашаршылықтай зұлматтың келерін білмеді ме? Соған апарып тірер апатты жолды айналып өте алмады ма? Кеңесжан анау әкеле жатқан суының бір тамшысын төкпеуге тырысады, сол құрлы сақтықтың болмағаны ма?
Шашалып жатса да, Ақылжанды ой иірімі үйіре берді, қамалай берді. Екі-үш жұтып жіберген соң тамағына инедей шаншылған қауыз ары кеткендей болды да, сәл жеңілденді.
– Менің суым қуып шықты, – деп жайнаң қағады Кеңесжан. Дәмелі мен Қайшаның да көңілі жайланғандай.
– Ат қана жейтін сұлыны адамға жегізген құдайым-ай, мынау сұрапылды тоқтатар амал таптыңдар ма?
Анасының сұрағы Ақылжанның өңменінен өтті. Аштыққа қарсы күрес комиссиясының аласұрып іздестіріп жатқаны да осы ғой. Әр-әр жерден қоғамдық тамақ ұйымдастырылды. Қайнап жатқан қазанның, үлестіріліп жатқан нанның кезегіне тұрғандарды көрсең зәрең ұшады. Бет-ауыздары домбыққан, көздерінде осынау өмірден түңілгендей мұң бар. Әсіресе, балаларын жетектеп жүргендер өте аянышты. Сол кезекте тұрып-ақ сылқ етіп құлап, жан тапсырып жатқандары да аз емес. Үлестірмеге ілінсе де, одан іше салысымен ішін ұстап бүрісіп, жер жастанатындар тағы бар. Ауылдағы сурет ашылмай қалған түндіктер, жабылмай қалған есіктер болса, Сарқандтың көшесіндегі сурет мал жүріп өткеннен кейін далада қалатын тезектер секілді ана жерде бір, мына жерде бір теңкиіп жатқан өлі адамдар. Сол өлік-тезекті терудің өзі арнайы қызмет түріне айналған. Оларды көметін жердегі көрініске ет-жүректен жаралғандардың көз тоқтатып қарауы қиын.
Бәсібек ауылына комиссия келгенде Ақылжан күтпеген жерден Сүзеген молдаға кездесті. Қартайған екен, жарықтық. Жүдеген де. Оқытатын бала қалмаса, жаназасыз, имансыз өліктер жөнелтсе, молдекеңе берер түк болмаса, Сүзекең жүдемегенде кім жүдейді. Ақылжан шәкірт кезіндегідей иіліп сәлем берді. Солғын тартқан жанары жалт еткендей болды да, әңі қайтадан мұңды кейіс алды. Мүмкін, есіне осы шәкіртін оқыс бір жазалағаны, большевиктің отырған орнына аунағаны үшін шыбыртқылағаны түскен шығар. Мүмкін, «менің айтқаным келді ме, құдайды жоққа шығарғандарды Құдай жазалап жатыр» деп тұр ма екен. Жанарынан жылт еткен бір жарқылдың көрінуі «сен менен оқыдың ғой, адам болғаның сол оқудың арқасы емес пе» деп тұрғаны ма? Әйтеуір, жылуы да бар, суығы да бар кездесу болды. Хал-жағдайды сұраған соң, комиссия мүшесі ретінде Ақылжан Сүзеген молдаға өздерімен бірге жүрген керуеннен екі пұт бидай бергізді. Бұл жәрдем ол кез әкеңнің тіріліп келгенінен де қымбат еді.
Сүзеген молда іштегі қуанышын жасырғысы келгенмен, бидайды қапқа салып жатқанда бүкшең-бүкшең етіп, сақалы қалтылдап кетті. Қолын жайып, Ақылжанға ұзақ бата берді. Сонау жылдардағы бере алмаған батасын бар ықыласымен енді беріп тұрғандай. Және қандай жағдайда. Мынадай керуен ілестіріп жүрген адамнан бұл дүниеде ауқатты адам жоқ сияқты боп көрінді оған.
Бірақ Ақылжанға осы ұйымдастырғандарының бәрі кешіккен көмек сияқтанды. Көп адам өліп кетті, көп ауыл иесіз қалды. Енді ішкен тамақтарын көтере алмай, жұттан шығып, көкке аузы ілінгенде тышқақтап өз-өзінен қырылатын мал секілді адамдар да көмекті ала отырып, жусандай жапырылды. Өлшесе өзімен кетсін, тап Қайша екеуіндей екі жастың өлігінің үстінен шықты-ау. Қосылғандарына көп болмаса керек, әбден жүдеген, құр сүйек. Сонда да соңғы демі бітерде айқаса жатыпты, киіз үйдің қабырғасына тақай жиналған жұпыны жүктің жанында бір-біріне сүйене қатып қапты. Махаббатты да аямаған аштық аза бойын қаза етті.
Мынау сұрапыл болмаса, өмір дәмін, оның ләззатын енді ғана таттық па деген жастардан әлде бір әдемі ұрпақ тарар ма еді, оның ішінен ақын, батыр, сұлу жандар шығар ма еді. Жас келіншектің аштыққа дейін келісті болғаны байқалып-ақ тұр. Арыған кезде жылқыға жал-құйрық қалай жараспаса, жүдеген кезде әйелге шаш та сондай жараспайды екен-ау. Қолаң шаш қобырап, ағаш басынан түскен құстың ұясындай ұйпа-тұйпа болып жатыр. Бір қолын жігітінің иығына аса жан тапсырыпты. Әлде де болса соның бір жәрдемі, не соның белгісін білдіргені ме екен? Бәрінен де Ақылжанды қатты тебіренткені өлер алдында да бұл екеуінің қатарласа құшақтасып жатқандары. О, махаббат, аштыққа сенің де әлің келмей қалған-ау. Мана Сүзеген молданың «бұл алланың ісі емес, адамның ісі ғой» дегені жүрегіне садақтың оғындай қадалып еді. Махаббатқа да адамның ақымақтығынан келер апат аз емес-ау.
Қайшасы есіне түсіп кеткен. Оны бір зұлымдықтың тырнағынан алып шықса да, енді мына ашаршылық деген апаттан алып шыға алар ма екен? Бір ғана Қайшаны ма! Әкесі, шешесі, іні-қарындасы, тіпті бүкіл 27-інші ауыл осының мойнында емес пе? Мынау керуенді 20-сыншы туған ауылына да бұрып әкетер еді-ау, бірақ аудандарының бөлек болып тұрғандарын қарашы. Ол жақта да бұл аудандағыдай қарекет бар шығар. Онда да аштықпен күрес жөніндегі комиссия жұмыс істеп жатқан шығар. Бәрінің есіл-дерті алдағы пісер астыққа жұрттың аузын тигізу. Сосын не боларын өмір көрсетер.
Қу тамақ не істетпейді, бір жердегі сирек егінді көргенде, мынадай жағдайды естіді: тұқым себілісімен аткөшектер егіндікке қарғадай жабылып, топырақ арасындағы дәнді біртіндеп теріп жепті. Қанша қуғанмен өкімет түк істей алмапты. Көсенің сақалындай әр жерден бір шыққан сабақ «мен де ашаршылықтың құрбанымын» деп тұрғандай. Ең қиын уақыт осы июнь айы болғалы тұр.
Аудандық комитет әр ауылнайға есеп жүргізуді тапсырды: бұрын қанша адам болып еді, енді қаншасы қалды? Шодыр ауылдық совет төрағаларын түгел комиссия құрамына кіргізіп, бірінің жерін біріне әдейі аралаттырған. Сұмдықты да көрсін, сұрапылды да өз жандарымен сезсін. Орыс халқы басым мекендерде қанша айтқанмен, малды түгел сыпырып, жұрттың аузына тоспаған. Ақпен жандарын сақтап, жаңа егінге жетуге мақтаулы болмағанмен, халдері бар. Бірақ босқындар оларды да қажытқан. Айналайын қазекем, белсенділікке басам деп, ауылымен көп жерде шоңқиып қалыпты. Аштықтың тырнағы киіз үйдегілерге қаттырақ батқан.
Ақылжан есеп жүргізуде Қайшасына қатты сенді. Сауатының барлығына шүкіршілік. Бірақ әкесінің шыдай алмай туған ауылына кетіп қалғаны едәуір алаңдатты. Өздері үй болғалы әке жүзін көрген жоқ. Бәрінен де уақыт әмірі күшті болып, әкелі-балалы екеуін екі жақта тастай домалатып жүр. Алтын қазығы, туған ауылы. Туысқандық сезім жем жеген жерін айнытпай табатын жылқы секілді туған ауылына аяқ-қолын жерге тигізбей алып кеткен ғой. Әйтпесе көптен баласын бір иіскеу үшін жарты күн аялдауына болмас па еді. Келер мерзімі белгісіз, құр күтіп қалам ба деп ойлаған шығар. Мынадай жағдайда иесіз тастап кеткен бір үйір жылқы онсыз да малсақ адамның дәл құлағының түбінен шұрқыраған да тұрған шығар. Адалдықтың да қамшысы аямай алдына салып айдай береді. Ақылжанның түсінігінде әкесі сондай қамшы ұдайы үстінен үйіріліп тұратын пенделердің қатарына жатады. Шұғыл кетісін солай деп қана түсінді.
Бірақ кешегі өз басынан кешкен оқиғадан зәресі әбден кетіп тұр. Құдай мықтап сақтады, әйтеуір. Солай болып жүрмесе. Аудан орталығынан ертелетіп шыққан. Үйге жетуге асық. Жолдың екі жағындағы қалың ши жаз шыққаннан бері әрқайсысы өз түбіне бір-бір қарақшы тығып қойғандай көрініп жүретін-ді. Сол себепті ме, мылтығын тастамайды, жолға шығарда шабдар аттың айылын мықтап тартып алады. Оның үстіне кейінгі кезде кісі етін жейтіндер шығыпты, әне жерде олай бопты, мына жерде былай бопты деген суық сөз көбейіп кетті. Комиссия құрамында жүріп, көргендеріне бұл үрей қосылған соң не сорым. Қайшаның қазанға салынған жас сәби жөнінде айтқаны тағы бар.
Ауылға беттесімен-ақ осы ойлар қамалап алған. Сенетіні – мылтығы мен шабдар аттың әлділігі ғана. Аштарды мұның өзі емес, астындағы күйлі аты да қызықтыруы мүмкін. Жан-жағына қарап, сылаң аяңға басып келеді. Шидің арасынан аңда-санда біреулер қараң ете түскендей болады. Онысы – қорыққанға қос көрінедінің кері. Дегенмен сол елестердін өзі-ақ мылтығына сан жармастырды. Бұған да еті үйрене бастады. Үш-төрт жерден жол бойы өліп жатқан адамдарды кездестірді. Алғашқы екеуін айналып өтіп, қалған екеуінің қасынан жанай өте шықты.
Орта жолда ескі зират бар-ды. Жолаушыны тонаушылар сол зиратты паналайды екен деген сөзді де еститін. Зират жаққа ат үстінен мұқият қарады. Тірі пенде байқалмайды. Әріректе, алаңқалау жердегі жол шетінде ғана бірдеңе қараңдағандай болды. Бірақ жеріне жете алмай, бұралып құлаған тағы бір сорлы шығар деп жобалады. Шалқасынан жатыр. Шабдар аттың да өлген адамдардың қасынан өтуге еті үйреніп қалыпты. Алғашқыдай аса үркіншектемеді. Десе-дағы, өліктің аты өлік қой, Ақылжанның жүрегі су ете қалды. Манағы қалған төртеу, әйтеуір, өзі басқарған ауылдан емес, бейтаныс адамдар, тегі босқындардан, аткөшектерден болу керек. Мына адам да солай болғай. Бет-аузын сақал мұрт басып кеткен. Денесі ірі екен. Егер тірі болса, қолына түсе көрме, онда бұл дүниемен қоштаса бергенің. Сұлық жатыр, тегі өліп қалса керек. Анадай жерге көне тымағы кетіпті. Құлаған кезде бас киімнің солай болатыны заңды ғой. шабдар ат пысқырынып, айналып еткісі келіп еді. Ақылжан оған жібермеді. Сұлап жатқан адамның қасынан енді өте бергенде, Шабдар ата кеп жөнелсін. Ақылжан топ етіп құлап қала жаздады. Жерге түсіріп алған шылбырына әлгі өлді деген адамның тұра кеп ұмтылғаны. Шабдардың уақытында үріккені мұндай жақсы бола ма. Ұзаңқырап барып артына қараса, солбырайған күйі әлгі өзінен әлі көз алмай қарап тұр екен. Ақылжанға таныс адам сияқтанып кетті. Бұлдыраған көзін сүртіп қайта қарады. Анарбайға ұқсайды. Сұмдық-ау, ол қайдан жүр бұл жақта? Бірақ аштық қайда айдамайды. Аштықтан ба, әлде мынау қиын кезеңде өш алғысы келіп күткен бе?
Есебінің залымын қарашы. Өлген болып жатып абайсызда шаужайдан алмақ болған ғой. Шылбыр қолына тисе бітті, мылтығын мойнынан алып та үлгере алмайды. Құдай бір сақтады, шабдардың үріккені құтқарды білем. Тақымы бос адам болғанда, топ ете түсетін еді, жастайынан атқа шапқанының пайдасы.
Ақылжан мылтығымен әлгі сұмырайды атып кеткісі келді, бірақ оның арты қандай болады? Тағы көз салды, Анарбай иттің дәл өзі. Сендей әпербақандардың әлегінен басталған зобалаң, міне, неге әкеп соқты. Ақыры байдың баласы аштан өліпті демекші, өзің де сазайыңды тартып жүр екенсің ғой, өзге ауданнан аш болмасаң мұнда неғып жүрсің? Қолыңа түскенімде сен мені аямайтын едің. Арам қаныңды мойныма алып қайтем. Егер қасымда Нарғазы көкем болғанда, мына қылығың үшін сені тірі жібертпейтін еді. Оның батылдығын маған бермей қор болып жүрмін ғой. Көрінгенді аяған бірдеңемін. Әрі мынау билік басында жүргенім де қолбайлау. Аштан өлген адам мен оқ тиіп өлген адамды ажырату қиын ба? Екі ортада пәле болып жүрерсің. Дегенмен «зәресін бір алайыншы» деп Ақылжан мойнындағы мылтығын алып кезенген күйі шабдардың басын кейін бұрып еді, әлгі биік шилердің арасына зып беріп жоқ болды. Сол тайғаныңмен кет!
Әкесін де өстіп орта жолда біреу аңдып жүрмесе неғылсын. Қазір мінген аттың өзі жауықтыратын болып тұр ғой. Анарбайдың залымдығындай залымдық өзгенің ойына ол жолда келмес дейсің бе? Бір күнгі тірлік үшін арпалыс не жасатпай жүр.
Мұның бәрін үй ішіне айтуға және қорықты. Үрейге үрей қосылып, мүлде берекелері қашып жүрер. Қайшасын да, анасын да қорқытқанда, жүрегін жаралағанда не түседі. Қалжырағанының себебі жалпы ауыртпалықтан деп ұққан шығар олар. Солай-ақ болсын. Оның үстіне, сұлының сүйір қауызы шашалдырып, тамағына тұрмасы бар ма! Үшкір неме ары қарынға кеткенде, ішекті бүлдіріп жүрмесе жарады.
Құдайторының мерт болғанын анасы адам өлгендей етіп естіртті. Ақылжан көзіне жас алды. Нағашысының бағы қайтпаса жарар еді. Ал балық аулап жүргені ақылдылық. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген. Бәйге жаратып бас қосатын, думандатып той жасайтын заман ба қазір. Ең бастысы – бір қарынның қамы ғой. Жұтпен жалғаса келген мынау 1932 жылдың аштығы қандай жаман болып жүр. Малға – жұт, адамға – аштық. Бұдан асқан зобалаң бола ма? Әншейінде ешкісі лақтаса, бір-біріне тұра жүгіретін ағайын енді бір-бірінен қашықтап барады, қатыгез болып барады. Құлқын құрғыр бәрінен әмірлі екен, ең үлкен билік енді соның қолында.
– Әрі айдауда, әрі бөтен елде, менің тұқымымнан түк қалмады-ау, – деп зар иледі Қайша. Ақылжанның да қолқасы үзіліп кете жаздады. Мына күйде тұқымы жөнінде ойлауға шамасы келген парасатына бас иді. Ал өзі болса, Қоспанбет ағасының қос қызығының көз жұмуына жол берді. Ауданы өзге дегендей, екі ортада өте алмайтын мұхит бар ма еді? Іргелерін соншама аулақ салып алғаны несі. Әкесінің шыдамсыздық жасауында қисын бар. Кеткені дұрыс болған.
Қолынан келсе, үш жарылуға дайын. Нарғазы деп анасы, тұқымым деп Қайшасы, туған ауылым деп өз жүрегі жұлмалайды. Ауылнайлық шағындағы қызмет өзгеге пайғамбардың биігіндей көрінер. Мұны тұқым-тұяғымен ақ май құсып отыр деп ойлайтын шығар. Сұлының қауызына шашалып, жол аңдыған қарақшының қармағына түсе жаздағанын кім білсін. Ауылнайдан артық бұл күннің ауыртпалығына арқасын тосқандар бар дейсің бе? Жиырма жасында қатпаған топшысы мұндай зілді үзіліп кетпей қалай көтеріп жүр екен. Ауылдың салмағының өзі мұндай, ауданның салмағы, облыстың салмағы қандай десеңші. Көз алдында Шодыр мен Жүсіп келді. Шодырды жиі көреді, жездесінен былтырғы қыстан бері хабар жоқ. Ажырасқандарына бір жыл толмаса да, мынау сұрапыл уақыт атам замандай болып өзі сонша қалай алыс керінеді? Қызыққа толы кезде уақыттың да аяғына жел бітіп, тез өтуші еді, ауырлық аяққа зіл қара батпан байлағандай жылжытпай тұр ғой. Егіннің пісуіне аз-ақ қалған мезгілдің өзі қандай қашық көрінеді. Оның әлі қанша өмірді жалмары белгісіз.
Шодырдың бүгінгі кейпі ауданның айнасындай. Шашы кәдімгі сексендегі қарттың шашындай ақ селеу болып кеткен. Оның бетіндегі әжімнен мынау Алатаудың сай-саласының саны аз шығар. Өзге ауданнан гөрі бұл ауданда аштыққа ұрынғандар салыстырмалы түрде ғана аз. Әйтпесе төтенше комиссия құрғызып, жағалай жәрдем көрсеткізе ме? Келімсектер, босқындар өлімді көбейтіп жіберген. Олар да – адам ғой. Қайырым көрген бір қайыршының сөзі мың қайыршыны шақырады. Әр-әр ауылдан, ауданның орталығынан аштырған үлеспе қара көженің өзі аштарды қара шыбындай қаптатып жіберді емес пе. Енді тіпті жаңа нұсқау болды. Елге, жерге, ауданға бөлмей, аш атаулыға қол ұшын беру керек. Шодыр онсыз да нар тәуекелге басып, екі камба Н3-ны тараттырып жіберген. Сол үшін ез НКВД-сі үстінен арыз берген. Алдымен аштықпен күресем, арызға жауап сосын деп жүргенде Құдай оңдап кеңшілік келді. Аш атаулыға көмектесу женінде нұсқау түсті. НЗ-ның орны енді табылады.
Ақгвардияшылармен күрес, тап жауларымен күрес, ірі байлармен күрес, отырықшылық үшін күрес, сауатсыздықпен күрес, колхоздастыру үшін күрес, енді аштыққа қарсы күрес – күрестен күрес, тіпті көз аша алмай қойды ғой тегі. Шодырдың шашы ағармағанда, кімнің шашы ағарады. Бәрінен де өтіп кеткені осы аштық. Ертеңіміз үшін күресеміз деп, сол ертеңімізді жасайтын адамдардан айырылып қалсақ, ол күресте не мән бар? Күресу үшін ғана күресе бермей, революция күндерінде төккен қанның өтеуі болмаушы ма еді. Болатын уақыт та жеткен жоқ па! Сол үшін күресу керек қой. Мынау аштық деген пәле күресіміздің нәтижесі ме, жоқ, әлде күресеміз деп жүріп, алды-артымызды ойлай алмай жығылған жарымыз ба? Күрес мұраты – жығу, жығылу емес. Ал ашаршылыққа ұшыраудан артық омақаса жығылу бола ма? Қырқа шалып, гүрс еткізіп құлатайын деп тұрған осынау қиын сәттен қалай шығу керек. Оны қартайтқан, осы ақ шаштың әрбір талында ауыртпалықтың ізі жатыр.
Қамбадағы астықты таратып жіберуінде де үлкен сыр бар. Жейтін, себетін адам қалмаса, ол астық кімге керек. Ертең оны кім егіп, кім қайта астық етіп өсіреді? Анда-санда Нарғазылардан хабар бар ма деп сұраушы еді Шодыр, қазір одан да қалды. Мұрнына су жетпей жүр.
– Қайшаны қарайтып аламыз-ау, – деді бір күні. – Менің байқауымда, ол – педагог боп туған адам. Ауылдағы мектептердің бәрі биылша жабылды. Детдомға келсе, қандай жақсы болар еді.
– Барсын, онда алыңыз. – Бұл адамға қарсы пікір айтуды күнә санайтын Ақылжан шын ықыласын білдірді.
– Жаңа қосылған екеуіңді ажыратып...
– Іс мүддесі талап етсе, шыдаймыз да.
– Детдомдарда балалар орысша білмейді, тәрбиешілер қазақша білмейді. Міне, қиындық қайда, – деді Шодыр. – Әр детдомда қазақ тәрбиешілері болсын деген нұсқау берді. Қайдан табады? Оларды табудан гөрі райкомның секретарін табу оңай болар қазір.
– Мен шынымды айтып тұрмын, Шодыр аға.
– Жанымды жеп жүрген тағы бір жай, қазақ балаларының көбі Ваня, Максим, Петя, Саша, Вера, Таня, Тамара боп кеткен. Не от хорошей жизни, конечно. Ертең жақсы күн де келер. Сонда біреу болмаса біреу ауданның хатшысы орыс болған соң, бәрін орыс қып жіберген ғой демей ме? Бұл қазақ халқының алдында мен үшін өтелмес қылмыс болады. Әр адамның бүгінгі тірлігі үшін күресумен бірге ар жағын да ойлауымыз керек?
Белозеровтың бұл пікірлерін естігенде, Қайша қатты тебіренді. Өзің қалай қарайсың деп Ақылжанға қарады.
– Менің айтқаным айтқан. Өзіңнің орныңды ауыстыратын біреу табылғанша барсаң бар, тіпті Шодырдың көңілі үшін.

10

Феодор Афанасьевич түннің бір уағына дейін кеңседен кете алмады. Керосин шамның жарығымен ұзақ отырды. Бұл шам жалғыз осы райкомда ғана бар. Сарқандтың сарқыраған суы бір жағынан құлақ тұндырғанмен, бір жағынан, біртүрлі көңіл жұмсартатын секілді. Анда-анда алыстан қырғауылдың түнгі шақырғаны естіледі. Не де болса тау жақта, қалың ағаш арасында жүр-ау, сорлы. Аштардың аңдуынан аман қалғандығын білдіріп, тірімін, тірімін деп тұрғаны шығар. Бүгін тірісің, ертең біреу тұзақ құрса қайтесің? Оның жалғыз-жарым шыққан үнін судың арқыраған гүрілі көміп-көміп жібергендей болады. Мүлгіген қараңғылықты түріп тастап тұрған осы екі үн. Бірінде әдемілік, жұмсақтық, бейкүнәлік болса, бірінде өрлік, өктемдік, дүлей күш бар секілді. Сол дүлейлігімен сазды, сылқым үнді тұншықтырып-тұншықтырып жібереді.
Өз үні де осы қырғауыл үніндей айқын шыққанмен, анау су сарылындай дүлей бір гүріл басып жіберсе қайтеді, естіртпей жүрсе, не істейсің? Алдындағы мәліметке көзі түскенде, жүрегі тағы зу ете қалды. Жоқ, бұдан әрі үнсіз қалуға болмайды, жазуы керек. Ең болмаса өзінің ары алдында ақталатындай, көңілге медеу тұтарлық бірдеңе болуы керек. Ауылдық советтердің жіберген деректері бойынша, малының оннан бірі, адамдардың жартысы ғана қалған. Мынау сұмдық! Астық піскенге дейін әлі талайды көр күтіп тұрған шығар. Кенеуі кеткен халықты көрсеткен жәрдемнің де құтқарар түрі жоқ. Кешігіп қалдық, кешіргісіз қате жібердік. Апат өткеннен кейін айғайлағаннан не пайда, алдын алу керек еді. Толқып келген ойлар қағазға түсерде бытырып қаша берді. Іріңі әбден кернеп жарылғалы жүрген көңілдің қанды сорпасының аузын ашқан бүгінгі көшедегі көрініс еді. Кәдімгі бөренедей қатар-қатар тізіп тастаған өліктер. Оны жинаушылар Белозеровты кес-кестеп жібермей:
– Мынаны өз көзіңізбен көріңіз, бұл пәледен енді құтқарыңыз. Бұдан әрі жұмыс істеуге дәтіміз шыдамайды. Араларынан сүзектен өлгендер шықты, – деді. – Енді аштыққа қоса індет қаптайды.
Феодор Афанасьевичтің көзі алақандай болған. Дереу аудандық денсаулық сақтау бөліміне хабар салғанда, ол дерек расталды. Сасулы екендіктерін айтты. Бір-бірімен ұштаса келген нәубет. Алдымен жұт, сосын аштық, енді, міне, індет. Шынжырдың шыршығындай бір-бірімен жалғасып жатыр. Бәрінің төркіні бір, кінәлі...
Үш-төрт бет қағазды жыртып тастады. «Қазақстан өлкелік партия комитетіне. Оның бірінші секретарі Ф.И.Голощекин жолдасқа...» деп бастайды да жыртады. Қалай бастаса екен? Біреу қолынан шап беріп ұстағандай қайта-қайта тұтығып отыр. Алдындағы мәліметтер жаз-жаз дейді. Манағы көшеде көрген көрініс енді қашан деп екі өкпесін қысады. Тіпті өліктер өзіміз қол қоямыз деп атып-атып тұрғандай. Шошынғаннан басын көтеріп алып еді, бөлмеде жалғыз өзі екен. Қырғауыл үні алыстан қоңыраулап естілді. Оның даусы анық. Мұның даусы неге шықпайды. Өзеннің сарылы келді құлаққа. Бұл да анық. Күндіз байқамай ма, әлде түнде су сарылы шынымен күшейе ме? Өлгендер өсиетін айтқызбай қоятын емес. Ол кеңсе тілімен жазуға тіпті келмейді, ол жағына Шодырдың төселгені бар еді. Ащы күйінде жазу кібіртіктетіп, өзінің зәресін алып отыр. Мына күйінде хатқа қол қойған адамның ақылы дұрыс па деп күмән келтіруі мүмкін. Әрі өзі райкомның бірінші хатшысы болса.
Феодор Афанасьевич ыза боп кетті. Былай тартсаң – егіз өледі, былай тартсаң – арба сынады. Бәрі бір шығын. Бәрі бір құлайтын құз. Сияға малынған қаламын лақтырып кеп жіберді. Столдың үстіне найзадай қадалып, дір-дір етіп тұра қалды. Мұны күтпеген Шодыр мырс етіп күлді. Әдейі қадайын деп лақтырса ғой, мұндай шаншылмас еді. Шашыраған сия столдың үстін былғады. Алыстау жатқан, жазайын деп отырған қағазына да тиді. Бір бет тағы корзинаға лақтырылды. Дірілдеп тұрған қаламды суырып алды. Сиырдың башайындай айырыла кірген қаламұш тартып алғанда қайта бірікті. Яғни жазуға жарайды. Кернеген ыза кемеріне түскендей. Ал талайдан жанын қинаған ойлар қағазға тізілгенде, мүмкін, аузы жарылған қанды шиқандай солқылдатқаны басылар.
Феодор Афанасьевич таза бет қағазды алдына қайта алып, жаңа лақтырған қаламды сияға қайта малды. Қырғауылдың тұнық үні тағы естілді.

«Қазақстан өлкелік партия комитетінің
бірінші секретары Голощекин жолдасқа!
Қадірлі Филипп Исаевич!
Ащы да болса көз көрген шындықты баян етуді большевиктік парызым деп санаймын. Мен сонау азамат соғысынан бастап, осы Жетісу өңірінде Совет өкіметінің орнауына, социализм жеңісінің өріс алуына тікелей куә болып келе жатқан адаммын.
Партия қайда жіберсе, сонда аянбай қызмет істеп жүрмін. Өзімді Ленин идеяларының жүзеге асуы жолындағы күрескермін деп санаймын. Күрес қиындықсыз болмайды, әрине. Оның бұралаңы да көп. Бірақ қатеге ұрындыратын бұралаңға түспеу керек еді. Сол бұралаң – мына аштық. Аштықты қолдан жасағанымызды ашық айтқым келеді. Бұл қасіретке ұшыраған қазақтар. Мен жастайымнан қазақ арасында өсіп, олармен етене араласқан, олардың мінез-құлқын, өмір салтын, дәстүрін әбден біліп өскен адаммын. Бұлардың тіршілік көзі – мал. Ал сол малды коллективтендіруді тез аяқтаймыз деп, сыпырып алғанымыз қатенің ең сорақысы болды. Яғни өкімет атынан оларды тіршілік көзінен айырдық. Ел жағдайын білетін біздердің пікірімізге ешкім құлақ асқан жоқ. Ия коллективтендіру, ия партбилет! Мәселе, міне, осылай қойылды. Өзіңіздің атыңыздан деп айтылған зілді нұсқауларды үсті-үстіне алып жаттық. «Асыра сілтеу болмасын, айыр тұяқ қалмасын». Жергілікті жерлерде осындай келемежге ұшырадық. Менің осы науқанның басында өз пікірімді білдірген хатым сізге жетті ме, жетпеді ме, ол жағы әлі беймәлім. Сондағы күдіктерімнің бәрі қазір тұп-тура келіп отыр. Ол айтқандарым сәуегейлік емес еді, өмір шындығынан түйгендерім болатын.
Асығыстықтың ақыры апатқа әкеп соқты. Малсыз ел ашаршылықтың тырнағына бірден ілінді. Сіздерден жасыра алмаймын, өтірік мәлімет беру өліммен тең. Шындықты айтайын, партияның алдында жүзім қара болмасын. Ортаққа түскен малды бағу жүйесі әлі жоқ еді, халық оған әзір емес-ті. Өзімнен кеттің, «күл болмасаң бүл бол» деп қарады. Мұның өзі шаруаның ғасырлар бойы қалыптасқан психологиясы еді. Үлкен қате соны ескермеуде болды.
Шама келмейтін жөнсіз салықтарға неге бардық? Ол шаруаларды мүлде тұралатты. Әуелі облыстан келген бір өкіл осыдан бір жыл бұрын «жүннің жоспарын орындамағансыңдар» деп қыста қой қырықтырды. Көпе-көрінеу малды қырып салды. Оны кеш біліп қалғаныма өкінем, мен ол өкілді айдап шықтым. Мүлде астық екпейтін ауылға астық салығы неге салынады? Азын-аулақ қалған малын сол салықты өтеу үшін айырбастап жібергендер де аз болған жоқ. Күн көретін түктері қалмады. Ал ортаққа түскен мал екі ортада иесіз қалды. Оған жұт келіп килікті, жұттан – ашаршылық. Қандай қасіреттің куәсі болып отырмыз.
Мүмкін, сенбессіздер, бүкіл бір ауылдан бір тірі жан қалмаған жағдайларға жиі кездестік. Кейбір әулеттерден әуелі тұқым қалмады. Қоғамды дамытатын ең басты резерв – адамдардан айырылдық. Қолға алған шарамыз өте кеш, оның көмегі шамалы болды. Атам заманнан келе жатқан «аурудың алдын ал» деген қағиданы сақтауға мүмкіндік бермедіңіздер.
Мен өзім істейтін бір аудандағы жағдайды ғана айтып отырмын. Мүмкін, басқа жерлерде олай болмаған шығар. Бірақ аш босқындардың географиясы маған өте кең көрінді. Соған қарағанда, мен бұл апатты жаңа құрылыстың, социализмнің беделін түсірген қайғылы оқиға деп білемін.
Дереу, дереу шұғыл шара керек. Біріншіден, астық піскенге дейін елді тойындырмаса болмайды. Ол үшін жергілікті жердің қолын байламаңыздар. Бір қойманы ашу үшін, бір тонна астық босату үшін қаншама келісім, нұсқау керек. Адамдар қырылып біткеннен кейінгі рұқсаттың құны бір тиын.
Екіншіден, ел есін жинасымен шаруалардың қолына мал тигізу қажет деп есептеймін. Өсіре алғанынша өсірсін. Бұл тұста да жергілікті жерге инициатива берген жен. Бірақ ашып айтар жай, сырттан әкелмесе, өзімізде үлестіретін мал қалған жоқ. Өзгені білмеймін, біздің ауданға бұл жөнінде үлкен көмек керек.
Үшіншіден, індетке қарсы республика бойынша үлкен күрес жариялау дұрыс болар еді. Бұл біздің өз қолымыздан келмейді. Дәрігер дегенің қасқалдақтың қанындай қымбат. Аса бір шұғыл шара қолданбасақ, қалған адамдардың өзін індеттін аузына тосуымыз мүмкін. Мұны тіпті кезектен тыс мәселе деп қараған жөн. Төтенше оқиға.
Төртіншіден, қазақ ауылдарына, таза қазақ колхоздарына егін егуді, шөп шабуды, жинауды үйрететін маманды кім даярлайды? Оларды орталықта оқытып, дереу даярлаған жөн болар еді. Өмірден көргенімді айтайын. Біздің аудан – қазақ, орысы аралас аудан. Жер емген орыстарға ашаршылықтың тісі аса бата қойған жоқ, астығы бар, картобы бар, олар ілдәлдаға жарады. Ертерек шөп жинап алып, малдарын да негізінен аман сақтап қалды. Яғни қалыптасқан өмір салты үлкен рөл атқарды. Ашаршылық апаты келгенше біз қазақтарды ондай машыққа үйрете алған жоқпыз. Тіпті кезінде орыс шонжарларында жалда болған қазақтардың қыр қазағынан жағдайы әлдеқайда дұрыс болды. Бірақ жалпы келген апат оларды да әлсіретіп кетті.
Бесіншіден, босып кеткендерді туған жеріне қайырудың амалын ойласа. Олардың бәрі бірдей қырыла қойған жоқ шығар. Осыған ынталандыратын шаралар комплексі жасалса, нұр үстіне нұр. Айталық, келе салысымен, мал беру, колхозға кір деп зорламау, алым-салықтан босату, тегіне қарап қуғынға салмау. Жасыратыны жоқ, көп қазақтар ашаршылықтан бұрын ірі байларды тәркілеу кезінде, колхозға бірігуге зорлау кезінде өзге жерлерге ауып кетті. Солардың қайтуына да қазір жағдай жасау аса бір әділдік болар еді. Қазақтардың атамекенді қимау сезімі ерекше. Оны пайдалану керек. Ашаршылық жұрттың бәрін әлеуметтік жағынан «теңестіреді». Енді бай тұқымы деп қудалауды да қойған жөн секілді. Бірін-бірі көрсету жағынан қазақтар өте белсенді болды. Тіпті орташалардың өзі сол көрсетуден бай қатарына жатқызылды. Сөйтіп, халықтың едәуір бөлегін социализмнен үркітіп алдық.
Ашаршылықтың ащы сабағы осындай ойларды да тықпалайды. Сен қайда болғансың, көктен түстің бе дерміз. Мен көктен түскен жоқпын, әр қызметте жүріп, осы оқиғалардың тікелей куәсі болдым, оны жүзеге асырыстым, асыра сілтеуге де атсалыстым, бірақ өз еркіммен емес, партия атынан айтылып жатқан соң, амалсыздан соған бардық. Сол үшін өзімді айыпкер санаймын. Әрине, өз басыма қатер төнсе де, бұлқынып шығуым керек еді, қорықтым. Мынау аштық, әсіресе, қазақ халқын қатты қаусатты. Тағы қайталаймын, мен өзімді де кінәлі санаймын. Сырттан келген сіздер тұрғай (бұл айтқаным үшін ғафу етіңіз, партия тапсырмасымен келдіңіз ғой), өлкенің жағдайына қанық мына біз секілділер де науқанның шылауында кете берді. Мен өз айыбымды ешбір кемітпеймін. Ол большевиктік адалдықпен сыйыспайды. Осы хатты жазуымның өзі де сол айыбымды мойындаудың куәсі болса керек. Ар алдында арылғым келгені шығар.
Бүгінгінің зары ертеңгінің заңына айналып кетпесін деп жазып отырмын. Ашаршылықтың апаты сұмдық болды. Мүмкін, жоғарыда отырғандарға көп жай көмескі шығар. Мына біздердің көргенімізді ешкімнің басына бермесін. Сондықтан да осындай ащы сөздер шығып отыр. Жоғарыда көтерген мәселелерге назар аударсаңыздар, мың да бір рақмет айтар едім.

Алып-қосары жоқ ащы шындықты жазушы
Белозеров Феодор Афанасьевич.
июнь, 1932 жыл.

Феодор Афанасьевич жазғанын бірнеше қайта оқып шықты. Жыртып тастағысы келді. Тым батыл жазылған емес пе? Жоқ, дәл қазір осылай жазбаса болмайды. Көлегейлеудің, көлгірсудің зардабын тартқан жоқпыз ба? Колхоздасу қызу жүріп жатыр, жұрт оны қатты қолдауда дедік, қып-қызыл өтірік. Ашаршылық келді деуден ат-тонымызды ала қаштық. Совет өкіметінің беделі түседі, мүмкін, жағдай түзелер деп есек дәмелі болдық. Жағдай түзелмеді, қиындай түсті. Ақырғы нәтижесі мынау. Алғашқыда ептеген ғана аштық бар дедік, ал адамдар баудай түсіп қырылып жатты. Неге, неге жасырдық, ауруын жасырған алдымен өледі. Атойлап ойбай салып тұрған сезімді тұншықтырдық та, өтірік ақпарға қол қойдық. Ауылдың намысы, ауданның намысы. Жалған намыстың жасырынбақ ойнауы.
Осындай кейбір ақпарлармен өзімді де соғуы мүмкін-ау. Соқса соқсын. Қолмен істегенді мойынмен көтеру керек. Зорлықшыл өкілдер бұл жерде де жалт беріп шыға келетін шығар. Аштықты азайттық, пәрменді шара қолданылды деп ұялмай-қызармай жазып жатты-ау. Өздері өтірікші болып қана қоймай, бұларды да өтірікке үйретті. Нағыз екіжүзділік! Бұл кесапат қайдан келді, қалай кірді? Уақытша жақсы атану үшін бе? Тап солай шығар-ау. Қызмет қымбат, жеткен дәрежені қию қиын. Шындығын айтсаң, омақа асасың. Одан қайта көтеріліп көр. Ел аралап жүрген өкілдердің көбінің үлкен қызметтен, тағы да дәрежелі бола түсуден дәмелері зор болды. Енді қайтсін, салып отырған егіні, бағып отырған малы жоқ. Сауып отырғаны – ақша, ай сайын алатын жалақысы. Оның көбейгенін кім жек көрсін? Жалақыдан айырылды – тіршілік көзінен айырылды. Бұл да тіршілік, үлкен күрес екен-ау өзі. Құрысын өйтіп нан жегені. Өтірік айтып тірлік етпей-ақ қойдым. Бұл бір уақытша нәрсе шығар. Адалдықты, әділдікті ту етіп көтерген қоғамда бұл әдеттің орнығуы мүмкін емес. Сондықтан тап осылай ащы жазғаны дұрыс, адалдығының көтеріп отырған ақ туы.
«Социализмнің беделін түсірген қасіретті оқиға» дегеніне жармасып жүрмес пе екен. Неге жармасады, шындығы сол ғой. Ашаршылық тілімізді байлап, тірлігімізді құртқан жоқ па? Әне, газет бетінде шетел шулап жатыр. «Біз білгенбіз совет елінің осындай жарға құларын, Октябрь революциясы – тарихтың қателігі» деген ескі әндерін қайта құйқылжытты. Қолдарына көзір бердік, бермеуге болатын еді. Осындай жағдайда шындықты неге айтпасқа. Мен қара басымның қамы үшін емес, ауданның қамын жазып отырмын ғой.
«Бүгінгінің зары ертеңгінің заңына айналып кетіп жүрмесін». Жаңа бұл сөздерді тапқанда, қатты қуанып кетіп еді. Тың ой жатыр өзінде. Қайта оқығанда, бөгеліп қалды. Керек пе осы? Өңін айналдырам дегенге тырп еткізбей ұстап беретін тұжырым. Неге өңін айналдыруға тиіс. Бүйтіп қорқа берсе, қорқытқан сөздерді сыза берсе, мына жазғандарынан түк қалмайды ғой. Онда не болды, сезімге тимес, селт еткізбес бірдеңені жіберуі керек пе? Өйтіп әуре боп қайтеді? Одан да үндемей-ақ қой. Өзі секілді райком хатшыларының бәрі жазып жатыр дейсің бе? Әсіребелсенділік не керек осы. Жоқ, әсіребелсенділік емес, қанын қарайтқан, жүрегін сыздатқан қайғылы, қасіретті сезім бұл. Анау өлгендердің өсиеті, тірі қалғандардың аманаты. Тек осылай жазылу керек. Жансыз сөз де жасық ине секілді өтпей, жасық темір секілді былқылдақ. Ал большевиктер алмас қылыштай өткір дегенді оңды-солды соғып жүрген жоқпыз ба? Бұл сол өткірлігім болсын, қалтамда Большевиктер партиясының 1920 жылдан мүшесі деген билет не үшін жүр?
Бұл – арыз, шағым емес. Ақиқатқа табынған адамның, ақиқатты жастайынан пір тұтқан адамның ашаршылық жөніндегі ащы зары. Мұндай зар жетер жеріне жетуге тиіс. Өйткені өлгендер сөйлей алмайды, ал мен тірімін. Ендеше, неге қипақтаймын, несіне қайта-қайта оқи берем. Оқыған сайын күдік көбейіп, іштей сезім күресі күшейіп барады. Қорқақтық сезімі жеңіп жүрсе ше? Бұған дейін оның жыққан оры аз ба?
Қасында Жүсіп жоқ-ау ақылдасатын. Ол «жібер, тартынба» дер еді. Тәуекелдің атын әрдайым жаратып мініп жүрген азаматтың тап өзі. Жеген таяғы да аз емес. Баяғыда өсетін-ақ жігіт, батылдығы, өткірлігі, бетке айтатыны бөгет болып жүр. Әйтпесе обкомның насихат және үгіт жөніндегі секретары болып әлі күнге дейін отыра бере ме? Сауат қандай, білім қандай! Әнеукүні «Еңбекші Қазақтағы» мақаласына қарағанда, тарих мәселесіне ден қоя бастаған сияқты. Қайда, қай жерде жүріп уақыт табады. Өзін аямайтын, өзіне деген талабы күшті адам-ау. Тағдырдың онымен кездестіргеніне шүкір. Көптен көрген жоқ. Сағынып кетті. Үмбеттің қазасынан кейін бұл жаққа келмеді. Мынау ашаршылық бұларды мүлде алыстатып жібергендей болды. Ауданға мұнша қиналып отырмын, облыстың жайы тіпті ауыр шығар.
Қой, Жүсіпті неге араластырдым бұл жерге. Мен өлкелік комитетке, оның бірінші хатшысына жазып отырмын. Осы күйімен барсын, өзгертпеймін, еш тимеймін. Алғашқы оқ қашан да дәл атылады, бірден сіңген бояу оңбайды. Сезім де сол секілді. Алғашқы сезім ащы да болса қашанда тұнық.
Феодор Афанасьевич өз ойымен өзі арпалысып отырып аңғармады ма, қырғауылдың үні естілмеді. Оның орнына алғашқы тауық шақырды. Терезеге қараса, таң сілем беріпті. Түні бойы отырғаны ма? Отырыс-ақ. Енді күндегі тіршілік тағы басталады. Ен ауыры – аштардың қан жылап шұбырғаны, көшеде теңкиіп-теңкиіп өліп жатқанын көру.

11

Малыбай Бастұмаға келгенде Қоспанбеттің үйінің орнын сипап қалды. Түңлігі түрілген, есігі ашылған күйі үй қаңырап бос түр. Қырылып қалған ба дейін десе, өліктің ізі жоқ. Кәдімгі із-түзсіз жер жұтып кеткендей бірдеңе. Отыз шақты үйді жағалай аралап еді, жынданып кете жаздады. Жиырмасында ылғи өліктің үстінен шықты. Онында жан жоқ, қаңырап тұр.
Міне, мынау – Шәкен қарттың үйі. Жарықтық жаюлы жатқан жайнамазына етпетінен құлапты. Әлі кетсе де, намаз оқығысы келді ме екен, әлде өлер алдында өзіне-өзі айтқан иманы ма? Ақ күміс сақалы іргеден соққан самалмен ептеп желбірейді. Адамның назарын өзіне бірден аударатын осы сақалы еді. Күміс кісесін беліне байлап, асатаяғын тық-тық еткізіп, тіп-тік денесін паң ұстаған күйі ауыл ортасына шыққанда, шалдар жан-жақтан жинала бастаушы еді. Шәкеннің аузына қарап, әдемі әңгімені күтетін. Өрген қамшысы, ағаштан жонған қасық, аяғы, қосқан ері ғана емес, сөзі де сырлы, әдемі болушы еді. Ажы тұқымынан шықпаса да, осы Ажы ауылының аса бір сыйлы ақсақалы болып кетіп еді.
– Сендер – бір момын, таза тұқымсыңдар. Ала жіпті аттап баспауды Алланың өзі аманат еткен сияқты. Әттең, шіркін, біздің арғынның пысықтығынан бір мысқал қосса, қандай жақсы болар еді, – деп қалжыңдайтын көңілі түскенде.
Сол ауыл сәнін келтірген арғын тұқымы, күмістей сақалы ақ сақалымен, жұтындырған өнерімен үлкенді де, кішіні де өзіне табындырған Шәкен қарт та көз жұмыпты. Мынау ашаршылық деген пәле осындай абзал жанды да жалмапты. Онымен бірге өнер кеткенінде, ақыл, аса бір сұлу мінез кеткенінде ол пәленің не шаруасы бар. Жеме-жемге келгенде сол өнері де, ақыл-парасаты да арашашы бола алмапты. Шәкен қарттікі екенін неғылсын, аштық алқымнан алған соң, оның көк биесін біреу ұрлап әкетті. Соңғы талшығынан, соңғы қанатынан айырды. Әнеукүні ғана айтып отыр еді оны. Сондағы жүдеулігі күдік туғызған-ды. Қайыр сұрауға намыс жібермеген шығар, қартайған шағында қайда барады?
Малыбай көзінен жасы тамшылап, Шәкен қартты шалқасынан жатқызды. Салалы сақалын саусағымен тарады. Қол-аяғын түзеді. Өзі білетін «Құлқуалласын» айтып, құран оқыды. Қолынан келгені – осы. Өлгенде екі кез жер қазып, бетіңді біреудің топырақпен жапқаны да жақсы екен ғой. Жападан-жалғыз өзі не істей алады мынау қартқа. Осыдан екі күн бұрын өлген малдардың сасыған денесін көмгенде қасында Қоспанбеттің болуы тіпті үлкен медеу екен-ау. Бұл ауылда ит те қалмаған ба? Тіпті тіршілік белгісі сезілмейді ғой. Тышқан аулап кеткенде, итті қайдан қалдырсын.
Малыбайға бәрі біртүрлі үрейлі көрінді. Әншейінде алыстан көз тартып, өте ыстық көрінетін мынау киіз үйлер меңіреу мола секілді шоқайып-шоқайып тұр. Үрейленгені сонша, туған ауылынан тұра қашқысы келді. «Сен неғып тірі жүрсің?» деп ашаршылық деген әзәзіл мұның соңынан түсіп беретіндей.
Қоспанбет қайда? Қара құнанды союға қимаған мені мүлде көргісі келмей, тік көтеріле көшіп кетті ме екен? Жылқының қалғанын айдап кетсе, жақсы болар еді, бәрібір оған енді ие жоқ қой. Өзін де, қалған бала-шағасын да аман алып қалар еді сонда. Не істерін білмей, далаға шығып, моладай мелшиген әрбір үйге қарап тұрғанда, алыстан, батыс жақтан керуен секілді бірдеңе көрінді. Көзін уқалап тағы қарады. Белдеуде байлаулы тұрған аты әлдебір тірлік иісін сезгендей мойнын сол жаққа бұрып тұрған орнында екі-үш рет айналды. Төрт арба, он шақты атты келе жатыр, анық көрінді. Бір-екеуінің асынған мылтығы бар. Олар белдеуде ат байлаулы тұрған үйге қарай беттеді.
Қысқа амандықтан кейін Ақсу ауданының орталығынан шыққан «Көмек керуен» екенін білді Малыбай.
– Кімге көмектесесіңдер, өлгендерге ме? – деп кекетті ол.
– Бүкіл бір ауылда тірі пенде қалмаған ба?
– Сенбесеңдер аралап көріңдер.
– Өзіңіз қайдансыз?
– Мен мына көрші Сарқанд ауданынанмын. Туыстарыма келіп едім, орнын сипап тұрмын.
– Иә, бұл ең шеткі ауыл екен. Жеткеніміз осы болды, – деді ақ халат киген біреуі кінәлі адамдай.
– Шеттің көрген күні қашан да сол ғой. Бір ауылдан бір тірі жан қалмады деген не сұмдық!
Малыбай дауыстап жылап жіберді. Мұңын осы бір келгендерге шаққандай, манадан тамаққа тас боп тығылған ыза булығып сыртқа шықты. Мұндайды көре-көре еті өлген бе, келгендер міз бақпай үндеместен тұр. Тыныштықты ақ халатты бұзды. Өткір көзді, шаш қойған жас жігіт екен.
– Үйлерді аралап шығу керек. Мүмкін, тірісі бар шығар. Індет жоқ па екен?
Келгендер екі шеттен ауылды аралауға кірісті. Малыбай зат тиелген керуен қасында қалды. Бір үйден әлгі ақ халатты атып шықты.
– Ойбай, оба! Өлу белгісі тұп-тура обанікі. Ашығып аса жүдемеген. Меніңше, обадан өлген.
Малыбай байқап тұр, қалғандарының зәресі ұшып кетті. Біразы үйлерге кіруді қойып, керуенге қарай ығысып келеді.
Бәрі арасындағы ақ халаттыға қарайды. Соның шешімін күткендей. Ол сәлден кейін есін жиғандай болды да, қолында ұстап жүрген қобдишасын ашты. Ішінен тапал шыны құмыра алып, сұйық бірнәрсемен қолын шайды. Ащы бір иіс айналаны алып кетті. Сосын ине секілді тағы бірдеңені біріне-бірін кигізді де, оған қоңыр түсті сұйық құйды, әлгі инені өз қолына өзі кірш еткізіп тықты.
– Сіздер ары тұрыңыздар. Мен тағы кіріп, неден өлгенін біржола анықтап шығайын.
Малыбай мұндайды көрмеген. Қолын ащы сұйықпен шайғанда, өз қолына өзі ине тыққанда, оба бұған жуымай ма екен?
– Көрмегеніміз осы еді. Өзгені аштан аман алып қаламыз деп жүріп, өзіміз мерт болмасақ жарады. Шын оба болса, онда құрығанымыз, – деді егделеу тартқан біреу. – Осынау қиырға дейін несіне келдік. Өлетіндер бәрібір өлген ғой.
Әлгі ақ халаттының шығуын бәрі де тағатсыз күтті. Жақсы хабармен шықпады ол.
– Иә, қатесі жоқ, оба. Бұл індетті тап осы арада тұншықтыру керек.
– Қалай?
– Алдымен осы тұрған бәріңізге мен қазір укол, ине салып шығам. Сосын мына үйлерді өртейміз.
– Өртейміз! – Малыбайдың даусы ышқына шықты.
– Иә, отағасы, өртейміз. Әйтпесе мына індет бүкіл ауданды, бүкіл аймақты жалмайды.
– Қарағым-ау, осыдан үш жыл бұрын Анарбай деген бір ақымақ үйімізді бір өртеп еді, енді сен қайдан шықтың?
– Ол кезде оба шығып па еді?
– Жоқ, ол отырықшыл болмайсың деп егесіп, өртеген болатын.
– Жоқ, бұл екеуінің арасы жер мен көктей. Оба деген – бүкіл дүниежүзін тітірететін індет. Оның ошағын шыққан жерінде өшіру керек. Міне, менің қолымда қағаз бар. Дәрігер ретінде мен шұғыл шешім қабылдауға міндеттімін. Кәне, бәріңізге ине салып шығайын алдымен. – Ол әлдененің қамына кірісті.
Малыбайдың денесі дір-дір етті. Келгендер оң жақ қолдарын иығына дейін түріне бастады. Әлгі ақ халатты кіршілдетіп инені бірінен соң біріне салып жатыр.
– Қарағым, сонда мұның індеттен аман алып қала ма?
– Әрине, әйтпесе сіздерді әуре ғып нем бар.
– Обаға ем жоқ дейтіні қайда?
– Бір кезде болмаса болмаған шығар. Қазір бар. Бірақ дер кезінде жасау керек.
Жаны құрғыр тәтті, Малыбай да қолының қарын берді. Инені сұғып кеп қалғанда, екі көзі жұмылып кетті.
– Ал енді мына үйлерге от қою керек.
– Отызын түгел өртейсін бе, қарағым. Сол оба шыққан үйді жақсаң да жетпей ме?
– Жоқ, отағасы. Қарсыласпаңыз. Қаңғырап қалған үйлерді қимаймыз деп бүкіл алқапқа індет таратуға болмайды. Айтылды, бітті. Обаның аты – оба.
Бұ ғұмырында Малыбай «обадан қырылған жыл» дегенді ауыз-екі естігені бар-ды. Бірақ оның мынадай үрейлі сұмдық екенін білмейтін еді. Бұл да асыра сілтеумен қабат келген апат болып жүрмесе жарады. Әйтпесе барлық үйді өртеп, не керек? Есіне Анарбайдың озбырлығына әйелі Дәмелінің жасаған қарсылығы түсті. Ол сәттегі жарының түрі, ашуы адам шошығандай еді. Бір үйге бола солай етті, ал қазіргі мына сұмдықты көрсе ше! Атына мініп «өртетпеймін» деп айғай салғысы келді. Бірақ байқайды, өзінен басқа бұлай ойлайтын бір жан жоқ, бәрі үндемей мақұл деп тұр. Оба деген пәлең неткен қаһарлы еді.
Жаңағы індет шыққан үйге алдымен от тиді. Жанған киіздің иісі тұншықтырып барады. Бәрі жел жаққа шықты. Керегелердің, уықтардың бытырлағаны жанды жаншып, өзекті өртеді. Оттың тілі жалаңдап жоғары қарай өрлеп барады. Көп кешікпей шаңырақ гүрс етіп ортаға түседі. Малыбай бұл қияметті көргісі келмей, теріс айналды. Ауызды жиып алғанша гүрс еткен дауыс естілді. Құп-қу кереге, уық шатыр-шұтыр жанып жатыр. От өз ойранына қуанғандай.
Керуенмен келгендер өзге үйлерге қарай беттеді. Тағы да іргеден от қойылды, тағы да шатыр-шұтыр, тағы да киіздің күйген иісі қолқаны алады. Үй ғана жанып жатыр ма, оның ішіндегі өліктер де құрысып-бырысады ғой. Малдың үйтілгенін көргенмен, адамның үйтілгенін Малыбай көрген жоқ еді, мұны да көрсеткен мынау Тәңірдің жазғанына болайын. Анау қоңырсыған киіздердің шатырлаған уықтардың астында қанша ауылдасы, кәрі, жас, бала-шаға қалып барады. Көрде қалған деген мынадан көш ілгері екен ғой. Неге көрді мұны? Есі ауып кетпесе жарар еді. Ашаршылығы аздай. Кезек Шәкен қарттың үйіне жеткенде, Малыбай шыдай алмады.
– Қарақтарым, осында жатқан жалғыз қария. Денесін отқа бермей, жерге берейікші. Мен үйінің қасынан екі кез қабірді өзім қазайын. Бетін отпен емес, топырақпен жабайық.
Дәрігер рұқсат етті. Мылтық асынған бір жігіт арбадан күрек әкеліп, Малыбайға көмектесті. Қабір қазылып болған соң, киімшең күйі шалды әкеліп көрге салды. Тұрған жұрттың көзі оның салалы күміс сақалына түсті.
– И смерть у него аристократическая, – деді мылтық асынған бір орыс.
Малыбай бұл сөздерді түсінген жоқ. Боқтап тұр ма дегендей оның бетіне бажырая қарап еді:
– Паң адам болса керек, өлгенде де паң жатыр деп тұр, – деді ақ халатты жас жігіт.
– Айтып айтпай немене, өлдің Мамай қор болдың. Қандай сыйлы ақсақал еді, мұнымен бірге о дүниеге өнер де кетіп тұр, – деп күрсінді Малыбай. – Қарағым-ай, дінің тым қатты екен, бәрін де осындай бір-бір шұңқырға тастауға болатын еді ғой.
– Дінді қатты ғып тұрған уақыт қой, отағасы. Әр үйде кемінде үш адамнан болғанда 90 адамға қазу үшін қанша уақыт керек, есептеп көріңізші. Тағы аралайтын жер көп. Мені обаның шыққаны қатты алаңдатып тұр. Бұл ашаршылықтан да жаман опат, ақсақал. Бір ауылмен құтылсақ жарады...
Малыбай мәңгіріп қай жаққа келе жатқанын өзі де білмейді. Түс ауа керуенмен қоштасқан. Олар батысқа қарай, бұл түстікке қарай жол тартқан-ды. Артына қарайын десе, қорқады. Қап-қара үйінді боп қалған отыз шоқы отыз үйдің отынын біржола өшкенін дәйектеп жатыр. Алты болыс Ажы тұқымынан тірі қалған жалғыз өзі секілденіп кетті.
Көзі қарауытып бара ма, қалай, шаужайынан жапырлай келіп біреулер алғандай болды. Ішінде сақалы желпілдеп Шәкен қарт жүр. Бір уақытта Қоспанбет Айғаныммен көрінді. Қара құнанның терісін жайып жіберіп, «оран мынаған, тірідей көмеміз сені» дейді. Жан тәтті, қашқысы келеді. Бірақ қамалап тұрған жұрт жібермейді. Тебінгенімен аты орнынан қозғалар емес. Ұдайы тұнжырап жүретін Бименді ағасы сақ-сақ күледі. «Менің тілімді алмадың ба, арғы бетке бірге кетпедің бе, саған сол керек, талаңдар, талаңдар мұны» – деп, онсыз да жеп қояйын деп тұрған жұртты шаптай түседі. Бір кезде ылғи жалаңаш әйелдер мен бала-шаға үстерінен майлары сорғалап, шыж-шыж еткен күйі от арасынан көрінді. Әне біреу жалмауыз кемпірден де сиықсыз, оба деген пәлең сол емес пе, адам тұрпатты болады екен ғой. Аузын ашып кеп қалып еді, әлгі жалаңаштар пештің ішіне тыққан сабандай суылдап кіріп берді. Ей, мынау не деген қорқау, ат-матымен мұны да қазір жұтып қоюы мүмкін ғой. Қорыққанынан бетін баса беріп, жалмауыздың арандай ашылған аузына қамшысын сілтеп қалды.
Астындағы аты ыршып кетті. Топ етіп түсіп қала жаздады. Ұйықтап кеткен бе, немене? Көзін уқалап айналасына қарады. Жоқ, абырой болғанда, қамалаған ешкім де жоқ, жалмауыз боп көрінген оба да жоқ, Қарауыл төбеге қарай қайқайған жолда жалғыз өзі келе жатыр екен. Жанағының бәрі елес болды ғой сонда. Қандай үрейлі елес, ә?! Мүмкін, күні бойы көргені, керуеннің келуі де, отыз үйдің өртенгені де, әлгі жылмаң қаққан дәрігер де елес шығар. Түсінсе бұйырмасын, өңі екенін де, түсі екенін де білмейді. Ұрмай-соқпай естен тану деген осы шығар.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Үрей-үміт

1

Титықтатқан аштықтан кейін табаны күректей бес жыл өтті.
«Нарғазы барып қайтам депті» деген хабарға Дәмелі қатты қуанды. Оны көрмегеннен бергі уақыт неге сонша ұзақ? Жылдар деген ұғымның аясына сыймайтын сияқты. Қартайып шал болып қалған шығар. Келемін дегеніне қарағанда, баяғы тірлігінің әлі болғаны ғой. Атпал азаматым-ай! Ұлан-асыр той жасамағанымен, бір қарсы алуға жарарлық қоңыр күй бітті бұларға да. Ашаршылықтан кейінгі өкімет таратқан малдың арқасында Малыбайдың қорасына да біраз тұяқ бітіп қалған-ды. Ол биыл құлындайын деп тұр. Жиырма шақты ұсақ малдың басы көрінді. Ақылжан мен Қайша оңаша үй болып бөлек кеткен. Сарқанд ауданынан қайта Ақсу ауданына ауысты. Басты себеп – бұл ауданда істің бәрі орысша жүреді. Жұмыс барған сайын қиынға соға берді. Ауыр жылдары пана болып, саялатқаны үшін Шодырға көп рақмет. Аштықтың аранынан аман қалғандары да соның арқасы шығар.
Жаңа барған жері жетінші ауыл, аудан орталығына жақын. Анада бір келіп кеткенінде, Ақылжан күшін түймеш тамға салып жатқанын, жекеменшік малдың көбейгенін айтқан еді. Осы бір жаңа өмір салтының бұл ауылда да ірге тебе бастағаны қуантады. Бір кезде Дәмелінің өзі аңсаған түймеш тамдар онда да көбейе бастапты. Бастұманың бұрынғыдан айырмашылығы – бірыңғай Ажы тұқымынан емес, аштықтан кейін әр тұстан жиналған қырық ру. Ажы тұқымынан босып кеткен он шақты үй ғана қайтып оралды. Мал біткен соң, олар да еңсесін көтере бастады. Дәмелінің төңірегіне бұрынғысынша қайта топтасты. Басқалары да кеудеден қаққан жоқ. Үйірсек қазақ үймелесіп, ымы-жымы бірікті де кетті. Елу шақты үй әжептәуір ел. Киіз үйде қалғандары жиырмаға жете ме, жетпей ме, өзгелері төрт қабырғаға ие болған. Дәмелінің зорлауымен жаңа жұрт ескі жұрттан аулақтау қоныс тепті. Өртенген отыз үйдің орнына қайтадан баруға ешкімнің дәті бармады. «Оба жота» деген атпен ол қиыс қала берді. Айыбы бұлар Тұмадан сәл қашықтады. Қатар-қатар бой түзеген түймеш үйлер кәдімгідей көз қуантады. Тіпті алыстан келе жатқанда бұрынғы шоқайған киіз үйлерден гөрі еңселі көрінеді. Қысқасы, өнер алды үй салу болды. Бұған жұрт біржола бет бұрды.
Нарғазы келгенше өз үйін бітіруге Малыбай да жанталасты. Азғана-ақ жұмысы қалған. Әйелінің көтеріңкі көңілін, бауырын сағына, асыға күтіп жүргенін айтпай-ақ аңғарады. Өзінің жаңа мамандығы – колхоз егісін қорушы. Егіннің биылғы шығымы, көз тимесін, жақсы-ақ. Әсіресе, әлгі трактормен жыртқан жер.
Малыбайдың көз алдында. Алғаш трактор келгенде, осы Бастұма түгел егіс басына жиналды. Жұрт тайлы-таяғымен «көреміз» деп ентеледі. От алдырып, әлгі немесе бұрқ-бұрқ еткенде әйелдер, бала-шаға шуласып тұра қашты. Астындағы тор байтал да үркіп ала жөнелген болатын. Үш тісті соқаны сүйрей тартқанда, көкпеңбек шым болып жатқан жерді бауырдай тілді. Бұрын қанша әрекеттенсе де, бастұмалықтар бұл жерге егін салуға бата алмайтын. Аяқпен басу – азап, көлік соқаны салып көргенде, малдың малы екі аттап тұрып қалатын. Дөңгелегі тіс-тіс мынау жазғаның жұлып ала жөнелгенде, бұп-бұйра боп жыртылған жер тіпті әсем көрініп, әп-сәтте қара бұйра толқынға айналып, қопарылды да қалды. Тұқым себушілердің ішінде Малыбайдың өзі болған. Мойнына дорба ілген үш адам қатар жүріп, маржандай бидайды бұйра топыраққа сіңірген диқан ретінде бұларға көрсетілген алғашқы сенім еді. Артынан тырмалауға да қатысты.
– Атамзаманғы малшылық кәсібіңді енді диқандыққа ауыстырдың ба? – деген болатын сол күні Дәмелі.
– Бісміллә айттыңдар ма?
Әйелінің бұл сұрағы Малыбайдың көз алдына аштық жылдары адамдардың бір уыс дәнді алтындай көріп, арындай сақтағанын елестетті. Шынтуайтқа келгенде, адамның дәнсіз, малсыз күні бар ма? Дәнсіз мал да сыңар, малсыз дән де сыңар екен ғой. Тіршіліктің осы егіз бұлағы қатар ағып жатса, қандай ғанибет.
Өзі де, өзге де осы ақиқатты жанымен ұққандай, бісмілләні тұқым себушілер жамырай айтқан еді. Сол тілеулерінің оң болғаны ма, әлде «трәктр» дегенің киелі бірдеңе ме, жердің тыңдығы ма, әйтеуір егіннің мына шығысында мін жоқ. Мұндай егінді дұрыстап қорғамау күнә. Ертеден қара кешке дейін торы байталдың үстінен түспейтіні де, мал атаулыны ол жаққа бастырмайтыны да сондықтан. Күні кеше жұт жылы артельдің алпыс шақты жылқысын қандай қызғыштай қорыса, мынау егістікті де тап сондай қорып жүр.
Нарғазыға мақтанып айтар бір жайы осы секілді. Оның үстіне, ауылдың ең шетінде ұзыннан ұзақ салынып жатқан қоржын тамдарын және көрсетпей ме! Алдыңғы жағынан бір-біріне тіркестіріп қой қора, жылқы қора, сиыр қора салу ойы тағы бар. Олардың қабырғасын тұрғызар-ау, ең күшке түсетіні төбесі болып жүр. Ағаш жетпеді. Кеңесжаны бірінші класқа барды, Амангүлі бес жаста зыр жүгіріп ол жүр. Мұның бәрі – Нарғазы көрмеген жаңалықтар. Қайшаның көрімдігі өз алдына. Нарғазының келуіне Ақылжанға хабар салса ма екен? Нағашысын көріп қайтсын. Бір бас қосайық. Өз ойына өзі қуанып, әйеліне айтып еді, ол:
– Өзің өз болғалы адамша ойлағаның екен, – деп шымшып алды. – Хабар тисе, Ақылжан өзі де жетер.
Айтарын айтқанмен, Малыбайдың Нарғазы десе ішкен асын жерге қоятынын Дәмелі жақсы біледі. Нарғазы да мұны жезде деп мұқатқан, қатты қалжыңдаған емес. «Малеке, Малеке» деп қашан да қадір тұтты. Екеуінің арасында сыйластықтың, қимастықтың да үзілмес алтын жібі бардай. Көрісу қандай қуаныш болса, ажырасу да олар үшін сондай мұңды. Ашаршылық болып, естен тандырған екі жылдың өзі бұлардың арасын құздай қорқынышты, асудай алыс етті. «Тұрымтай тұсына, бөдене басына» демекші, екі жақ екі дүниеге кеткендей болды. Енді, міне, туысқандық, адасқан үйір шұрқырасып қайта қосылмақшы.
Дәмелінің бауырсақ пісіріп, тары түйгізгеніне екі күн. Бастап берсе, ары қарай жалғап әкететін Айғаным абысыны да жоқ қасында. Қоспанбеттердің ұшты-күйлі хабарсыз кеткендеріне бұлар аң-таң. Тірі болса, ендігі бір шаң берсе керек еді. Алайда Айғанымның орнын жоқтатпайтын ағайын табылды. Бұл үйге жұрт үйірсек бола бастады. Бір сыйлы қонақ келетінін от ала кеп те, сүт сұрай кеп те білді жұрт. Май шыжғыруға да, келі түюге де кісі табылды. Бұрын танымайтын адамдар да Дүлдүл тәтеге көшті.
Жарты қап ақталған тарыны желге ұшырғысы келіп еді, Малыбай:
– Ей, екшетпейсің бе, ұшырған соң талқаны желге кетеді ғой, күні кеше сол талқаның көзімізден бұлбұл ұшпады ма? – деді.
Ойлап қараса, бұл сөздің әбден жаны бар. Талқан тұрғай, сұлының өзі, кебектің өзі талшық болды емес пе. Мұнша тарыны екшету біраз уақыт алатын болса да, Дәмелі талқанды далаға тастамауға ұйғарды. Кешегі қайыр тілеп шұбырғандар бұл талқанды ақ нан кергендей тарпа бас салатын еді-ау. Бір аяқ талқанға мойнындағы моншағын, үстіндегі шекпенін шешіп беріп кеткендер аз болды ма! Талқанды да тастама, бұл – жоқшылықтың берген сабағы.
Айтқан мөлшері осы-ay деп, екі күннен бері Дәмелі терістік жақтан көз алмай жүрген. Көрінген аттыны Нарғазыға балап, көрпе салуға үйге тұра жүгіретін. Үй бітіңкіремей тұрғанда, бірер апта кешіксе екен деп, енді неге келмейді деп асықты. Ауырып, әлде басқадай көлденең бірдеңе болып қалды ма екен? Бірақ уақыт өзгертпесе, келем десе – келетін, берем десе – беретін бауырының кесімді мінезін жақсы біледі. Құдайторыдан басқа оның мінуіне ат жараспайтын сияқты боп кетті. Қармыс ауылының атағын Нарғазымен бірге шығарған сол бір жануарды қимай, есіне түссе көңілі бұзылады. Малдың жақсысы да адам сияқты боп кетеді екен ғой.
Тап солайша ойлап, көзі жасаурап тұрғанда ауыл шетінен екі атты көрінді. Біреуін бірден таныды. Құнжиыңқырап отырған – өз күйеуі Малыбай. Екіншісі – басқа атқа мінгендіктен бе, Нарғазыға ұқсамайды. Малыбай қасындағы адамға бірдеңені айтып келеді. Енді таныды, бір аяғын үзеңгіде шірей отыру Нарғазының қашанғы әдеті еді. Ауыл шетінен бұрыла бергенде, сол отырысынан таныды. Бұрынғыдай алды-артын орағытып бүлкілдетіп отыратын тазылары, анда-санда жалп етіп қоятын томағалы бүркіті жоқ, Құдайторымен бірге олар да Нарғазымен қоштасқан ба, немене?! Бауыры көңіліне біртүрлі олқы көрініп кетті. Мына келе жатқан толық бейнелі Нарғазы емес сияқты. «Қойшы, қай-қайдағыны ойлап, өзі аман болсын», – деді Дәмелі дауыстап.
Амангүл тыпыршып шалғайынан тарта берді, келе жатқан аттыларға ол да биіктен қарауға ынтық.
– Ап-ауыр болып кеткенсің, бес жасқа келген бала көтер дей ме екен?
Амангүлдің онда шаруасы жоқ. Шешесінің қолына алғанына мәз. Биіктеп алған соң танығаны, әкесіне қолын бұлғай берді.
– Қасында келе жатқан сенің нағашың. Алдымен соған амандас.
– Қайсы, әлгі өзің батыр, балуан дейтін бе? Батыр болса, үстінде неге сауыты жоқ. Найзасы да көрінбейді. Аты да кіп-кішкентай.
Дәмелі күліп жіберді. Бұларға ертегі айтқанда, батырларды сауытты, найзалы, қылышты, тұлпарға мінген етіп суреттейтіні есіне түсті. Нарғазының ел арасындағы ерлігін айтқанда да, оны батырға ұқсатып жіберген екен ғой. Бала байқағыш, бала ұғымтал демекші, естігенінің бәрін Нарғазының бойынан іздеп тұрғанын көрдің бе?
Дәмелі өзі аңғарған жоқ, көзінен жас парлай берді. Қу бауыр-ай, көрмегеніне біраз болған соң ет-жүрегі елжіреп барады ғой. Оның үстіне, қартайғандай ма, қалай өзі?
Нарғазы арқан бойы жерге аттан түсті де, шылбырын Малыбайға беріп, әпкесіне қарай жаяу жүрді. Қанатын жайған үлкен бүркітше құшағын айқара ашып төніп келеді. Өлгенде көрген жалғыз қызды тастай сала, Дәмелі де бауырына тұра ұмтылды. Ағайынды екеуі айналасындағылардан қысылмай-ақ айқара құшақтасып ұзақ көрісті. Дәмелінің екі иығы бүлк-бүлк етеді. Бауырлар сағынышын баса алмай тұра беретін бе еді, шалғайдан Амангүл алмағанда. Оның сәби жүрегі де бірдеңе сезді ме, көрмеген Нарғазының аяғын тарс құшақтап алыпты. Бұған іші елжіреп кеткен нағашысы әпкесін қоя беріп, шашы жалбыраған кішкентай қызды тік көтерді.
Нарғазы үшін жаңа көрініс. Бұрынғы киіз үйлер емес, төбесі тоқыған қамыс, ұзын мәткенің орта тұсынан тіреу қойылған. Санап шықты, төбеде бір жағы алты, бір жағы алты – он екі уық. Бөлменің іші сап-салқын, ауыздағы бөлмеге шығар есік әлі салынбапты, шымылдық секілді пердемен бөлінген.
– Қыста қалай жылынады?
– Ауызғы үйден жағылатын анау пештен, – деді Малыбай.
Нарғазы аңғармапты, бір бұрышта бөлменің төбесіне дейін сандыққа ұқсатып салынған пешті көрді.
– Мыналарың тура баяғы Шодырдың пешіндей ғой, бірақ олардың пешінің ауызы сол тұрған үйінен шығушы еді де, от та содан жағылатын.
– Айналайын орыстың несін үйренбей жатырмыз, – деді Дәмелі.
– Олардың үйлерінің сырт төбесі шатырлы, байларынікі темірлі келуші еді. Сендер тоқал ғып салыпсыңдар. Жаңбыр өтіп кетіп жүрмесе.
– Лай салып тастаса өтпейді дейді ғой, үш қайтара лай салдық. Елдің бәрі сөйтіп жатыр. Қазақпыз ғой, орыстардікі шатырлы боп тұрғанда, біздікі тоқал боп тұрғаны дұрыс. Айырмашылық болуы керек қой.
Нарғазы өз сөзіне өзі күлді. Үйдегілер оған түгел қосылды. Амангүл де санын сабалап жұртпен бірге мәз болып жатыр.
– Енді іші-сыртын әктеңдер. Әсіресе, іші қоп-қотыр боп қараңғы болып тұрады екен.
– Әк дегенің қасқалдақтың қанынан да қат. Колхоз анау жалғыз мектеп үшін әрең тауыпты.
– Мектеп демекші, Кеңесжан қайда?
– Ол биыл оқуға барды ғой. Боқшасын арқалап қазір бірдемемді тындырғандай боп келер, – деді Дәмелі.
– Боқшасы не? Қағаз салатыны демейсіңдер ме?
– Жұрттың бәрі «боқша» дейді. Біз де солай деп кеттік.
– Қой, шай қайнағанша онда мен сол батырдың қалай оқып жатқанын көріп келейін, – деді Нарғазы.
– Ертең де күн бар ғой, демалсаңшы.
Дәмелі мына тұрған жерге бауыры шаршап қалатындай бәйек болды. Нарғазы байқап отыр, әпкесі мосқалданыңқыраған. Самайларынан ұрланып ақ та кірген. 47 деген әйел үшін едәуір жас екен-ау. Өзі одан екі-ақ жас кіші, қырықтың бесеуін өңгеріп тастағаны ғой сонда. Кешегі үркіншілік жылдары окопта солдаттарға сусын тасып жүргенде Дәмелі небәрі 28 жаста ғана болғаны ма? Ой, өтіп бара жатқан заман-ай! Бірақ содан бергі әр жыл бес жылға татитындай болды-ау өзі. Мүлгіп келген заман керуені ұйқы-тұйқы дауылға тап боп, содан есін жаңа ғана жия бастағандай ма, қалай? Ол дауылдан су да тасыды, өрт те шықты. Шыныққандар шынықты, әлжуаздар адасты. Өзін Нарғазы тура бағыт ұстағандардың қатарында санағысы келеді. Жаңа заман жаңа бақыт әкелді дегенге сенеді. Анау Ақылжаны, мынау Кеңесжаны сол бақыттың кілтін ұстаушылар сияқты.
Өздері көрген ойран-ботқаны бұлар енді көрмей-ақ қойсын.
Мектепті колхоз жаман салмапты. Шатырлапты. Терезелері қандай үлкен. Осындай жерден білім алған балалар жаман бола қояр ма екен? Мынау қоңырқай тоқал тамдардың арасындағы биік мектеп үйі білімділікке үндеудің, жана заманның белгісі секілденіп көрінді. Кешегі сауатсыздықты жою оқытқандай ғой. Өз ауылдары әлі мұндай үй сала қойған жоқ.
Үлкен терезеден жыпырлап отырған балаларды көрді. Ішінде қыздары да бар. Ақылжан абақтыға жабылған жылы бұл бір жастан жаңа асты ма екен, содан бері Кеңесжанды Нарғазы көрген жоқ, тани алса жарады. Зор денесімен бұғынып, терезеден ұрлана қарады. Балалар да, мұғалім де оны байқаған жоқ. Екінші қатарда кекілі түсіңкіреген тәмпіш мұрын қара көзіне оттай басылды. Өз тұқымдарының белгілері бар сияқты. Алдындағы дәптерге қарындашпен бірдеңені түртті де, саусағын түкіріктеген күйі үйкелеп өшіре бастады. Дәптері қап-қара болды. Нарғазы мырс етіп күліп жіберді. Мұғалім онын қасына келді де, дәптерін алып, балаларға көрсетті, бұлай етуге болмайды деп тұр-ау, тегі. Кеңесжан құлағына дейін қызарып, төмен қарады. «Ұялсаң, бірдеңе боларсың» деді Нарғазы ішінен.
Үйге жеткенше өз-өзінен күліп келеді. Көз алдынан Кеңесжанның жаңағы сүйкелегені кетпейді. Әке-шешесіне шай үстінде жыр ғып айтты. Бәрінің ішек-сілесі қатты.
– Міне, өзі де келді, – деді Дәмелі.
Есіктен кіре Кеңесжан боқшаны жиылған жүктің үстіне қарай атып ұрды.
– Ей, нағашыңа сәлем қайда?
Ол аузы бұртиған күйі "Ассалаумағалайкум" деді.
– Әлейкүмассалам! Кәне, танауыңнан иіскет!
Ұяла келген Кеңесжанды Нарғазы бауырына ұзақ басты.
– Көресіңдер, түбі осыдан бірдеңе шығады.
– Көпшілдігі, ақ көйлектігі өзіңе тартқан, — деді Малыбай.
– Жақсылардың бәрі нағашысына тартады дейді ғой, — Дәмелі Малыбайды қағытып өтті.
– Кім боп жазылдың, сен соны айтшы, – деді Малыбай Дәмелінің сөзіне аса мән бермей.
– Нарғазыұлы Кеңесжан.
Кеңесжан мектепке барарда Нарғазының перзентсіздігі бұл үйде үлкен әңгіме болып, Малыбай өзі «ағаң менің атымда ғой, сен нағашыңа жазылшы» деген еді. Бұған Дәмелі қатты риза болған-ды. Ақылжан мен Қайша да оны әбден жөн көрген еді. Сөйтіп, Малыбай Нарғазы алдындағы үлкен бір қарызынан құтылғандай, осы шешімінің оның құлағына тезірек жетуіне асығып жүрген-ді. Міне, соның қисыны бүгін келгендей.
Нарғазы көзіне жас алды. Оған қоса, Дәмелінің де көзі боталады. Алла тағала бәрін аямай бергенде, Нарғазыға бір перзентті қимағанына әпкесі сонау жас кезінен қатты күйінетін. Әпкесі мен жездесінің алдынан тартқан сыйы бір сәт мынау жылдардың ауырлығын да ұмыттырып, Нарғазыны жайма-шуақ жан ләззатына бөледі.
– Менің өшіргішімді ұмыттырып... Мұғалім ұрысты.
Кеңесжан кінәні өзгеге аудара сөйледі. Мектептегі ашуы әлі басылмаған секілді.
– Кітап-дәптеріңді кім алып беріп еді?
– Оның бәрін жасап жүрген Қайша ғой. Өзгеден артықшылығымыз көзі ашық келін кездесіп жақсы болды, – деді Дәмелі. – Бұған керектінің бірін түсінеміз бе біз.
– Жақсы кездесті деңдер. Құтты болсын. Түсі жылыдан түңілме деген. Аты Қайша болса, сол баяғы бала екен ғой.
– Сен оны білетін бе едің?
Дәмелі Нарғазыға таңдана қарады.
– Иә, баяғыда Ақсуға Ақылжанды босата барғанда Үмбет деген азаматтың ауыр қазасының үстінде көріп едім. Осының қыр соңынан қалма дегем.
Нарғазы көңілденіп бір қозғалып қойды.
– Бала жақсы-ау. Бірақ тәркіленген байдың қызы екен.
– Онда тұрған не бар? – деді қатқылдау үнмен Нарғазы Малыбайға.
– Ана балаға қырсығы тиіп жүрмесе дегенім ғой.
– Әй, Малеке-ай, қорқақтығыңыз әлі қалмаған екен-ау, тегінде неңіз бар, адам болса болды ғой.
– Қорқақтық емес, сақтық менікі. Әйтпесе балада мін жоқ. Бірақ өзінде үлкен мұң бар.
– Әрине, әке-шешесін тірідей алып кетсе, мұңлы болмағанда қайтеді. Байдың бәрі қазір айтып жүргендей ақымақ емес. Олардың ішінде де ақылдылары болған. Баю үшін де бас керек.
– Менің әкем Тұрғанбек те сорлы емес еді. Әлдінің тұқымы деп сен менен бас тартарсың, – деді Дәмелі қалжыңға сүйей. – Кедейлердің желігінің Кеңес өкіметіне тигізген пайдасын көргем жоқ.
– Сен, сен алысқа кетпе. Қанша айтқанмен, балаң ауылсовет. Абайлап сөйле. Мына жерде қазір өзі қырық румыз, – деді Малыбай.
Әпкесі мен жездесінің дауына Нарғазы аса араласа қойған жоқ. Ойы қайта оралып, Қайшаның тағдырына соға берді. Ақылжанға сүйіп қосылды ма екен, әлде байлар төңірегіндегі шудың әкеп тіреген тығырығы ма? Оқудан қуған соң қайда барады?
– Шодыр көп көмектесті дейсіңдер ме? – деді Нарғазы қызу әңгіменің бір иірімінде.
– Айтары жоқ. Қайшаның көзінің ашықтығын да бағалады ол. Ашаршылық жылдары жетім балаларды ауыл-ауылдан тезектей тергізді. Бір жылға таяу әуелі солар үшін Ақылжан екеуі бөлек тұрды. Қайша – ауданда, Ақылжан – ауылда. Детдомда жүдеген, ашыққан балаларға ана болды.
– Кеңес өкіметіне одан артық қандай адалдық керек. Шодыр кісі таниды, ол ұнатса, ол сенсе – келіндеріңнің жаман болмағаны, құтты болсын. Бірақ аяп отырмын, әке-шешесінен тірідей айырылған екен. Пендешілік жасамай, оң көздеріңмен қараңдар. Әке-шешесін жоқтатпаңдар. Малеке, жаңағы тегіне жыға айтқан сөздеріңіз маған ұнаған жоқ. Бұл – сорпаның бетіндегі қанды көбіктей бір дүние, уақыт әлі-ақ сүзіп алып тастайды. Менің жаман ойым солай.
Осы кезде Кеңесжан боқшасын маңғазданып аша бастады. Нарғазы оған жалт бұрылғанда, манағы кір дәптерін артына тыға қойды.
– Әкелші, кітабыңды көрейін. Нарғазыұлы мен Нарғазы болып сөйлесейік.
Кеңесжан мақтана боқшасын көтеріп келді.
– Бәрін сатып әперген Қайша тәтем. Ол өзі де мұғалім. Мен содан оқиыншы деп едім, ағам, апам жібермеді.
– Ей, сен мұнда мал қайырғанға, қой суаруға керексің ғой бізге, – деді Малыбай.
– Олардың қойының басын кім ұстайды? Ақылжан көкем беті-қолын жуғанда суды кім құяды? Онын аппақ тіс тазартқышы бар. Оның қақпағын кім жабады? Мінерінде атын кім ұстап тұрады?
Дәмелінің Ақылжан жалғыз болды-ау деп зар илегенін Нарғазы жақсы білетін. Сол зары құдайдың құлағына тиіп, он жеті жылдан кейін көтерген баласының айтып тұрғанын көрдің бе. Мұнсыз дүние қараң қалып, Ақылжандар күн көре алмайтындай сөйлеп тұр.
Бала қиялының жеткен жері, қайтсін. Сол әрең көрген перзенттерін менің атыма жаздырыпты. Бұл да қимастықтың көкесі-ау. Қазақтан басқа халықта мұндай әдет бар ма екен?
– Кәне, кітабыңды әкел, көрейік!
– Мынау – Ленин ата, мынау... – деп Кеңесжан кітабындағы суреттерді көрсете бастады.
– Ал мынау шоқша сақалды кім?
– Бұл, бұл, – деп Кеңесжан басын қасыды. – Мұғалім Кеңес елінің үлкен ақсақалы деп айтқан. Таптым, таптым. Калинин... Бұл кісінің сақалынан Шәкен атамның сақалы сұлу болатын. Ол менің тана тағар тойымда болған. Біз қасынан кетіп қалғанда аштан өліпті. Міне, ол атамның маған өріп берген қамшысы.
Жүктің артынан алты өрім көздің жауын алғандай тобылғы сапты әдемі қамшыны алып шықты. Ер жасап берем деп жүрген.
– Ауылдың бір тірегі секілді еді-ау, ол ақсақал, – деді Нарғазы. Малыбай тұнжырап басын изектетті.
– Болды ғой не сұмдық. Небір жайсаңдарды жұтты ғой ашаршылық, – Дәмелінің де ар жағынан отты демі шықты.
– Оу, батыр, мынауың не? Кітапты бүйтіп шимайлай ма екен?
– Мен емес, мұғалім өшірткен.
– Қалай?
– Бұл – жаман кісі, халықтың жауы!
– Халыққа жау болса, оның суретін кітапқа сала ма екен?
Нарғазының бұл сұрағына Кеңесжан жауап бере алмады. Кітапқа Малыбай да, Дәмелі де үңілді. Қара қарындашпен мықтап тұрып өшірткен. Қарындаштың күйесі әуелі қолға жұғады. Кітаптың да ажарын алып тұр. Бізбен сұғып алғандай Нарғазының жүрегі шым ете қалды.
– Кітапқа түскенше оның жау екенін неғып білмеді екен? – деді Дәмелі.
– Пәленбай жылдан кейін жау деп танығанына жол болсын, – Малыбай да тісін шұқып таңданды.
– Мұғалімнен сұрайықшы. Кім екен өзі, – деді Нарғазы.
– Ертең осында белсенділерді жинаймыз. Сонда сұрарсың, – деді Дәмелі.
– Кім шақырады?
– Амандық болса, Ақылжан мен Қайша да жетер. Ақылжан өзі шақырады.
Малыбай масаттанып қалды. Терезем тең болғасын келеді ғой, Ақылжанның бүйтіп ел қатарына қосылғанына шүкір дегендей. Ішіндегі ол ойын Нарғазы айтқызбай-ақ біліп отыр. Ниетіне, адалдығына берген ғой бұл байғұстың. Бұған дейін Ажы ауылынан болыс көтерер бір жан шықпап еді, ең болмаса осы қиялап бір жерден шықса екен. Малыбайдың мына жалының күдірейіп отырғаны да, кеше ауыл түгелге дерлік қырылып қалғанда ашаршылықтан аман қалғаны да осы атқа мінген баласының арқасы емес пе. Бөлек жүрсе де, оның буы бұларға зор медет секілді. Ауыл белсенділері Ақылжан шақырса, бегелмей келетініне кәміл сенімді. Мың да бір шүкіршілік. Нарғазының өзін де белгісіз бір сезім қуаты желпіндіргендей. Бүгінгідей адам боларына көзі жетпесе де, осы бір жиеніне ықыласы зор еді. Құдайторының үстінде қалқиып бәйгеге шапқанынан бастап, енді, міне, ел басқарғанына дейін көріп отыр. Ат бәйгесінің алдында жүруші еді, енді өмір бәйгесінің алдына шықса екен. Сонау бір жылдары Бәсібектің әкесінің асында Шатырбайдың алдына жығып берген Құдайторы екеуінің өнері емес пе. Тақымыңнан айналайын, тақымың сенің құтты деп қайта шабыста озып келген Ақылжан сонда аймалап сүймеп пе еді. Мына өмір бәйгесінде де тақымынан айналдыруға жеткізсін. Ақылжанын өзі шақырады деген сөздің біраз жерге әкеткенін көрдің бе?
Кітабына одан әрі ешкім назар аудара қоймаған соң, Кеңесжан оны боқшасына салып қойды. Ақылжан мен Қайша келеді дегенге ол да арқаланып, далаға ата жөнелді. Ойын баласы емес пе, ауыл ортасына иттерімен жиналып қалған өзі секілді балаларға Байқасқасын ертіп, бұл да қосылып кетті.
Малыбай Нарғазының Шыбықжиренін отқа қоюға ыңғайланды.
Сөйтті де, мал келер алдында егін жаққа кетті.
Күн екіндіге таянып қалған. Ақылжан мен Қайшаның қатар аттан түсіп жатқанын көргенде, Нарғазының жүрегі жарылып кете жаздады. «Тәубе, тәубе» деген сөзін естірте айтқан күйі екеуіне құшағын жая ұмтылды. Ақылжан ағып келіп, қолтығына кіріп кетті. Қайша сәл қымсынғандай болып еді:
– Кел, күнім, кел, Ақылжанымның ажары, – деді Нарғазы. Екі балапанша екеуі Нарғазының екі қолтығында біраз тұрды. Нарғазы алдымен Қайшаның бетінен сүйді, маңдайынан иіскеді. Орамалы сыпырылып түскен кезде шашынан сипады. Сосын барып Ақылжанды сүйді. Екеуінің арқасынан қағып:
– Бақытты болыңдар, алдарыңнан жарылқасын, – деді.
Дәмелі Қайшаның көзіне жас алғанын көрді. Ұрлап сүртіп келеді. Бірақ ар жағы езіліп, қос жанарының құрғай қояр түрі жоқ. Сонау бір Үмбет қаза болған жылы қабылдау бөлмесінде «фамилияңыз кім» дегенде, «әкесін атамаса жібермей ме бұл жұрт» деп қағытқан бітімі келісті зор қазақ осы еді-ау. Келіні болып, оның аймалауына тап боламын деген ол кезде үш ұйықтаса түсіне кірді ме? О, тағдыр, сенің жазуыңды болжай алатын ешкім жоқ шығар. Мынау құшақ неге жылытып барады? Әкесінің де, шешесінің де құшағын есіне түсіргендей. Тіпті бүкіл тума-туысының құшағы жиналып осы адамның құшағына айналып тұрған жоқ па? Неткен мейірлі құшақ. Әлден уақытта екеуі енесінің бауырынан босанды. Байқайды, нағашысы жүдеу тартыпты. Уақыт салмағы жөбішендіге мұқала қоймайтын осынау нар адамды да мүжиін деген-ау? Ақылжан бастан-аяқ шолып, қайта-қайта қарай берді.
Қайша ұзаңқырап үйге қарай беттеді. Қонақ келіп жатқанда, енесіне қол ұшын беруге асыққандай. Дәмелі орта жолдан ұстап алып, оны екі бетінен алма кезек сүйді. Нарғазының манадан бері бұл екеуіне елжіреуі енді Дәмеліге де ауысқан секілді. Қайша лай салынған үйдің төбесіне тесіле қарады, терезелерді көзімен тінтті. Анада төбенің іштен салатын қамысын тоқып жатқанда келіп кеткені бар. Жоқ, үй әдемі әсер қалдырды. Сылауы да жаман емес. Әдетте үй салуға машықтанбаған қазақтардың абыройын төгетін алдымен осы сылауы болатын. Қожалақ-қожалақ етіп сүйкей салушы еді. Мынау ондай емес, ұсынақты қолдан шыққандай, Қайшаның сынай қарап тұрғанын сезе қойған Дәмелі:
– Антонда баяғыдан таныс бір орыс әйелі бар еді, соны әкеп сылаттым.
– Жақсы болған, апа. Енді анау мектептей етіп ақтатса.
– Сенесің бе, әк жоқ. Болыссыңдар ғой, тауып беріп жіберсеңдерші.
– Оны мен өз мойныма алдым. – Қайша жайнаң қаға күлді. Меруерттей ақ тістері өзін тіпті сүйкімді ете түсті.
Нарғазы мен Ақылжанның әңгімелері де үйге, мынау жаңа мекенге қарай ауысқан секілді. Иектерін көтеріп, анда-санда ауылдың әр тұсына қолдарын сермеп қояды. Әлден уақытта көздері төбеден жамырай түсіп келе жатқан малға түсті. Кеш болып қалған екен-ау. Қазір бұл ауыл ерекше бір тірлікке енеді. Азан-қазан айқай-шу, маңыраған қой, мөңіреген сиыр, кісінеген жылқы, баласын шақырған шеше даусы, үрген ит, үріккен қозы-лақ, сол тірліктің түрлі-түсті бояуындай болып кетеді. Кешегі ашаршылықта қай ауыл болмасын осы көрінісінен айырылып қалды ғой. Мынау – бір өзі сурет, тіршілік суреті. Бұл суретті жастайынан көріп өскен Нарғазы да, Ақылжан да осы көріністі сағынған. Бұрынғы бояуға қосылған жаңалық киіз үйлер орнына енді төрт қабырғалы тамдар, анау еңселі мектеп үйі.
– Кеңесжан-ей, – деп айқайлады Дәмелі ойын балалары жаққа, – бар, ана қойларды бөліп айдап кел. Сиырлар өздері келер.
Шешесінің даусына жалт қараған кіші ұлы Ақылжан мен Қайшаны енді ғана көрді.
– Алақай, – деп үйге қарай тайраңдап шаба жәнелді. Байқасқасы соңынан қоса жүгірді.
Ентіккен күйі алдымен Қайшаны бас салды. Сосын Ақылжанға жүгірді. Ақылжан тік көтеріп алып:
– Немене өзің, тамақ ішпейсің бе, жеп-жеңілсің ғой, – деді.
– Тамақты көп ішсем, ол оқуды басып қалады.
Қарап тұрғандар ду күлді.
– Апа, бүгін қойға Амангүл барсыншы, мен көкемнің қасында тұра тұрайын.
– О, күшік, Амангүл әлі кішкентай, жолда біреудің иті қауып алса қайтесің?
– Иә, мен кішкентаймын, – деді Қайшаның қолынан ұстап тұрған Амангүл. – Қазір тәтеме көмектесем. – Табиғатыңа болайын, үй жұмысына тартып тұрғанын көрдің бе?
– Мә, сен атқа мініп айдап кел. – Ақылжан ат ағашқа байлаулы тұрған шұбар аттың шылбырын шешті де, үстіне Кеңесжанды отырғызды. Ол мақтанып, шаба жөнелді.
– Ақырын, жығылып қалма, – Дәмелі баласының соңынан айғайлап жатты.
– Сен мұндай күніңде бәйгеге шауып едің-ау. Кеңесжан биыл нешеде? – Нарғазының бұл сұрағына:
– Сегізде. Бұлар шабатын бәйге болды ма? – деп күрсіне жауап қатты Дәмелі.
– Әкеңе көкелеріңнің келгенін айт, – деп тағы дауыстады Дәмелі.
– Жарайды, – деп айғайлады Кеңесжан ұзап бара жатып.
Малыбай күндегі әдетінше мал келерден бұрын мана ерте кеткен-ді.
Қайтқан малды егістікке түсірмеуі керек. Енді түннің бір уағында келеді. Әр үйдің қойы қораланып, сиыры байланғанша көзі түссе жапырып кетуі мүмкін.
– Колхоз егін қорығышты дұрыс тапқан екен, – деді Нарғазы Дәмеліге.
– Айтпа. Тапқанда қалай. Үйде қонақ бар-ay деп бүгін ерте келгенді білмейді, көресің. Елді жатқызып, малын байлатып бір-ақ келеді.
– Ауру қалса да, әдет қалмайды десеңші. Не істесе де, адал істеу оның баяғы қасиеті ғой.
– Мына ұлы да тап әкесі. Кешегі ашаршылық жылдары «жұмыс, жұмыс» деп Қайша екеуіміздің жанымыз қылдың үстінде жүрді.
– Істеген соң беріліп істеу керек қой. Одан балаң қор болмайды, – деді күліп Нарғазы. – Бірақ соны бағалай білетін адам болса...
– Өзіңіз де ана жылы болыс болғанда өліп-тіріліп үйді көрмей кетіп едіңіз ғой. Әкем екеуміз әуелі далада қалғанбыз.
Тездеп оқуға кеткенім жақсы болды. Әйтпесе ашаршылық келмей-ақ өлетін едім.
Ақылжанның жанды жерінен ұстағанына риза болып, Нарғазы рахаттанып күлді.
– Болыс болғанда дейсің. Баяғыда Черкеш қорғанысында ақтармен соғысқандағыны айтпайсың ба. Шешең онда айлап жоғалып кеткен.
– Сонда не, бұл сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді демексіңдер ме. Ол кезде уақыт басқа еді ғой, – деді Дәмелі де күліп.
– Әр кезеңнің өз қауырттығы болады, – Ақылжан бұл сөздерді біртүрлі парасатпен айтты.
– Аштыққа қарсы күрес азамат соғысынан ауыр болмаса, жеңіл болмаған шығар, – деді Нарғазы.
– Айтары жоқ. Аштан өлгеннен гөрі оқ тиіп өлген әлде қайда жақсы ма дедім. Шынымды айтсам, босыған, арып-жүдеген, есігіңің алдына келіп, қылжиып өліп жатқандарды көргенше, Черкеште ақтың бір оғы неге тимеді деген күндерім де болды. Құдай басқа бермесін.
Дәмелі басын шайқап-шайқап жіберді. Ар жағынан ызалы бір толқын келіп, тұншықтырып жібергендей.
– Бәрі ұмыт болады ғой, әлі.
Нарғазы қиналып кеткен әпкесін жұбатқысы келді.
– Әй, ұмыт бола қоймас. Жастар ұмытса ұмытар. Біз ұмыта алмаспыз. Анау «Оба жотаға» қараған сайын іші-бауырым төңкеріліп кетеді. Бүкіл бір ауылдың, бір ауыл Ажы тұқымының моласы ғой ол. Ашаршылық жылдарының айыптауы сияқты көрінеді де тұрады. Біз болсақ, бас сауғалап дегендей басқа жаққа кеттік.
Дәмелі өзін біртүрлі кінәлай сөйледі.
– Бас сауғаладық па, өкімет жұмысымен емес пе, апа. Осы сөзіңіз мені қатты қинайды.
– Қинал, қиналма, бір ауылдан түгел айырылып қалғанымыз рас қой.
– Ол енді ел басына келген опат емес пе? – деп Нарғазы жиенін жақтай сөйледі. – Ортасында отырсаңдар да алып қала алмас едіңдер.
– Осы жерге алғаш көшіп келгенде күнде түсімде сол «Оба жота» жақтан аштар қайта тіріліп қаптап келе жатқандай болып жүрді. Алдарында сақалы беліне түсе желбіреген Шәкен қарт. Жастар жағының «Дүлдүл тәте» деп шыңғырған дауысынан бірнеше рет шошып ояндым. Қолдарын жайып тамақ сұрайды. Тағы сондай түс көрем бе деп, кеш баласы жатар алдында қорқатын болдым. Бүкіл ауылды өртегенді көзімен көрген ана Малыбайдың дәті не деген берік.
Сөзге Қайша араласты.
– Мен де көпке дейін детдомға жинаған балалардың сұрқынан шошумен болдым. Тірісін қойшы, тамаққа тойысымен өлгендерін тіпті аяйсың. Қырылғандарын бірдей көміп үлгере алмай, қойманың салқын бір бөлмесіне кәдімгі қиша қалаған кездеріміз де болды. Бір тәрбиеші содан әуелі жынданып кетті.
Ақылжан ақырын ғана Нарғазының құлағына сыбырлады.
– Сол жолы Қайша түсік тастады.
Нарғазы боп-боз болып кетті. Есіне ауыл арасындағы бір барымтада болған ұрыстан шошып Зейнептің түсік тастағаны, содан бала көтермей қойғаны түсті. Қайша да солай болып жүрер ме екен? Құдай сақтасын.
Ойын бөле қойған Дәмеліге рақмет.
– Жынданбай қайтсін. Ол жылғы сұмдықтан бір адам емес, сан адам жынданған болар-ау.
– Дегенмен детдом жақсы ойланып табылған. Қанша айтқанмен, талай баланың сауабына қалды ғой, – деді Қайша. – Әйткенмен жарты қазақ қырылды-ау деймін.
– Тек олай деме. Кім санап тұрыпты, – деді Нарғазы.
– Санасын, санамасын, бұл опат болғандардың обалы кімді де болса жібермеуге тиіс. Қолдан жасалынды, қолдан.
– Апа, осы сіз тым батыл кетесіз. Байқап сөйлемейсіз бе? – деді Ақылжан.
– Мен Малыбайдың ұлы емес, Тұрғанбектің қызымын. Жаныма батқанды жаба тоқи алмаймын. Қалай ана «Оба жотаны» көріп отырып ақырын айта алам. Әкең екеуің, әйтеуір, не де болса іштеріңде.
– Ол жаман ба, – деді Нарғазы.
– Жоқ-ау, осы. Бастұмадағы басшылар ашаршылық жайында жұртқа айтқызбайтынды шығарыпты. Несіне жасырамыз. Жасырғаннан өлгендер тіріліп келе ме? Алты болыс желкілдеп отыратын Ажы руынан енді екі болысты жинап көрші. Сен де сол біздің белсенділер секілді жасырынбақ ойнағың келе ме?
– Ол жылдар жөнінде айтуға болмайды, енді ұқтыңыз ба. Бұл сөз осы арада қалсын, – деді Ақылжан ашу шақырып.
– Болысеке, ақырын, ақырын. – Қайша Ақылжанның анасына қаттырақ дауыс шығарғанын байқап қалды.
Осы кезде айнала алакөлеңкеленіп, шұбар атпен қойларды айдап Кеңесжан да келіп қалған еді. Амангүл арт жақта құйрығын әрең көтеріп келе жатқан кер азбанның үстіне қарғып мініп алды.
– Күндегі әдеті бұлардың. Бүгін сойып тастасақ, ертең неңді мінер екенсің, – деді Дәмелі.
– Ей, ей, белін сындырасың, – деп айқайлады ат үстінде Кеңесжан. Шешесінің өзіне күнде айтатын сөзі.
– Сойма, мен сойғызбаймын, – деді әлгі бір сөзді құлағы шалып қалған Амангүл.
Нарғазы көзімен санап шықты. Ашаршылықтан кейін жиырма шақты ұсақ мал бітіпті. Манағы бір сөздеріне қарағанда сиырлары екеу сияқты, торы байтал. Ол әлі-ақ құлындайды. Жаман емес. Қол орны құрғамапты. Мал десе жанын үзетін Малыбай байғұстың арқасы ғой бұл.
– Өздеріңде мал бар ма? – деді Нарғазы Ақылжанға.
– Шұбар ат қана. Бағатын ешкім жоқ қой. Ала шапқынмен мен жүремін. Бір тесікті бітесек, екінші тесік шығады. Жүдеген халық, колхоздардың жұмысы, жинайтын салық бар, жаппай үй салғызып жатырмыз. Күнара аудан шақырады. Бәрі Советтің мойнында, Қайша болса мектепте.
– Көже-қатықты қайтып отырсыңдар?
– Әкем осы жақтан айына бір қойды сойып әкеп тастайды. Кейде ақшамызға сатып аламыз.
– Е... е... сендерден шал-кемпірдің жағдайы дұрыс десеңші.
– Ол рас, – деді Ақылжан.
– Қызметтеміз деп қомпиясыңдар, әйтеуір. – Нарғазы күлді. Мына сөзге намысы келіп кетті ме, Қайша нағашы қайнағасынан аса қымсынбай:
– Біз киім-кешектеріне көмектесеміз, – деді.
– Алмақтың да салмағы бар ғой.
Қайша одан әрі салыстыруды жөн көрмеді. Әңгімені басқа жаққа бұрды.
– Апа, мен қой сауысайын ба?
– Сен алдымен үйге шам жақ. Іңірде жарықсыз тұрғаны жаман ырым.
Ақылжан Кеңесжанмен бірге жүгіріп, қойдың басын ұстап, көмектесуге кірісті.
– Бір ауылдық советтің бастығына қой ұстатқандарың қалай, әлде қонақты жұмсау әдеттерің бе еді, – деді қалжыңдап Нарғазы.
– Мен өз үйіме қонақ емеспін ғой, Нар-көке.
Осы кезде шағын ағаш шелекті алып қой саууға Қайша да шықты.
– Кәне, маған қайсысың қой әкелесіңдер? – деді ол.
– Мен, мен, – деп Кеңесжан бір қойдың мойнына жармасты.
Екеулеп сауғандағы шелекке тыз-тыз тиген сүттің даусымен Дәмелінің
ойы да жарысып кеткендей. Мынау бүгінгі күн қандай жақсы. Аңсап күткен бауыры қасында, балалары да түгел жинала қалды. Бала дегенде ошақтың үш бұтындай үшеуі ғой. Күнделікті әдет болса да, қой сауу бүгін бұрынғыдан көңілді, сүт те көп шығып жатқан секілді. Бәрінен Қайша мен Кеңесжанның жеңге-қайын болып бірігіп кеткенін көрмейсің бе. Тәубе, тәубе Құдайым. Көз тимесін, небір тар қыспақтардан аман келе жатырмыз ғой, әйтеуір. Ниет дұрыс, адал жүргендіктен шығар. Байлықтан да, бәрінен де артығы осы дүниеде барлық, тірлік екен ғой. Небір дауылдың етінде болған секілді. Жаңқа құсап, қалқақтап аман келеді. Анау «Оба жотаның» астында қалса қайтетін еді. Кімнен артық. Өзекті ашытқан оның уытын мына секілді көріністер бара-бара қайтаратын секілді. Өмір деген осы. Ертеңгі жинайтын қонағы да жаңа бір лептің самалы секілді-ау. Қуаныштың да қуып әкеп тықпалайтын ойлары болады. Мынау көңіліне қанат бітіріп отырған сол шығар.
Кешкі отырыс мамыражай әдемі бір бас қосу болды. Бәрінен де мәз Кеңесжан мен Амангүл. Кісі келсе, бала құтырады емес пе, екеуі кезек-кезек Ақылжанның мойнына асылып, асыр салумен болды. Қайша енесіне дедек қағып көмектесіп жүр. Әлі бұларға қосыла алмай жатқан Малыбай ғана. Күндегі жұмысына енді Нарғазы мен Ақылжанның аттарын жайғастыру да қосылды. Тәптіштеп, бәрін тындырмай оның көңілі көншімейді.
Кешегі бір кең уақыт болса, Нарғазыға бүгін де бір қой союға болатын еді-ау. Кер азбанды ертеңгі қонақтармен бірге жесін деп, бүгін бұрыннан қалған ескі етті асты Дәмелі. Уақыт бұған да үйретіп келді. Ай-шайға қарамай алып ұратын қой шіркін де көп емес, көрпеңе қарай көсіл деген. Нарғазының өзі де мынау артық шығынға қарсы болды. Көптен көрмеген дабырласып отыру, Кеңесжан мен Амангүлдің ойнағанын көру, әсіресе, аузына тістегендей етіп жеткізген Ақылжанын жақын көру оның жүріс-тұрысына қызыға қарау не тұрады, қой сойғаннан әлдеқайда артық емес пе.
Өзі де алыстағы ағайын-туғаннан мол хабар берді. Жанғазы мен Ерғазының қиыншылық жылдары қасында болғанына дән риза. Қандас жандар қатар жүргенде, қиындық жеңілдеткендей болады екен. Олардың бала-шағалары да ержетіп қалды. Үшеулеп Қармыс ауылын аң-құспен, балықпен асырапты.
– Ерғазының ашаршылықтың басында сенің қасыңнан кетіп қалғаны, әрине, саған ауыр болды. Бірақ менің қасыма келгені, әсіресе, Қармыс жұрты үшін дұрыс шешім еді, – деді бір орайда Нарғазы. – Сендер мына егін салуды үйреніп, жақсы жасапсыңдар. Біздің қарағанымыз, бұрынғыша тек малдың төрт емшегі. Ерғазы ержеткен бала-шағаны бастап, тұз өндірісіне кірісіп кетті. Алатын жалақылары қазір жақсы. Киім-кешекті де бүтіндеді. Кеңес өкіметі жұмысшы табының өкіметі дей беруші едіндер. Ерғазы енді үрім-бұтағымен жұмысшы.
– Анада бір мертігіп қала жаздады, – деді Нарғазы әңгімесін жалғастырып.
– Неғып? – Дәмелі шошып кетті.
– Сенің тұқымың қызба емес пе. Бәсекелесіп тұз көтеріпті. Шамадан асып кетсе керек. Белі кілт ете қалады. Содан екі апта қозғала алмай жатты.
– Ойбу, сорым-ай, осы сендер намысты жібермейміз деп жүріп өлесіңдер. Ана жылдары ғой өзің де, – деп Дәмелі бір әңгімені бастағысы келді. Балалары, оның ішінде Қайша да ынтыға құлақ түрді.
– Нешедесің сонда?
Нарғазы жылдарды санап-санап жіберді де:
– Тура жиырма бесте екем, – деді.
– Тап қазіргі Ақылжанның жасы.
– Содан не дейсің. Ол да бір ала сүргін уақыт болатын. Антонға базарға бара қалғанымызда бір көшеде жұрт шуласып жатыр екен. Неғылған шу десек, құдыққа өгіз құлап кетіпті.
Құлағанда қызық, артымен құлаған, екі мүйізі қарағайдай болып, басы ғана керінген күйі кептеліп қалыпты. Орыс, қазақ болып шуласып тұр. Құр ойбайлағаннан басқа дәрмен жоқ. Шодырға келіп жүргенде танып қалған ба, бір орыс:
– Тамыр, тамыр, сен мықты, көмектес, – деді Нарғазы көкелеріне.– Өгіз деген орыстар үшін ең қадірлі мал ғой, соқасына, арбасына жегеді. Біз болсақ бір өгіз пышаққа ілінді дей саламыз. Содан мықты деген сөзге мақтанып кетті ме, әлде жаны ашып кетті ме, әйтеуір, нағашыларың атынан қарғып түсе қалды. Мынау не істемекші дедім ішімнен. Барды да, қарағайдай екі мүйіздің түбінен ұстады. Жұрт анталай қалды. Жан тәтті ғой, адамның өзіне көмекке келгенін сезгендей әлгі жануар басын қозғалақтатып, шығуға үміт етті. Содан нағашыларың өгізді мүйізінен тартсын келіп. Жоқ, шым-шымдап шығып келеді, шығып келеді. Жұрттың бәрі таң қалды. Бір нәрсе бытыр-бытыр етті. Қарасам, етігінің шажамайы айырылып кетіпті. Аяққа күш түскенде, етік шыдамайды екен ғой. Содан не дейсің, әлгі дәу өгізді қан сорпаға түсіп құдықтан суырып алсын. Орыстардың қуанғанын көрсең. Екі-үш мәртөшке келіп бетінен сүйіп-сүйіп алды. Нағашыларыңның зорланып, қып-қызыл болып, тамағының тамырлары адырайып кеткенде бір пәлеге ұшырар ма екен деп зәрем зәр түбіне кетті. Өгізді құтқарды, есесіне, су жаңа саптама етіктің шажамайы опырылып-опырылып кетті. Ерғазыны да ағасының сол қызбалығы басқан ғой.
– Сен өгізді солай суырып аласың ба? – деді Қайша Ақылжанға. Үйдің іші ду күлді.
– Ертең дәу болған соң мен суырып алам, – деді Кеңесжан. Тағы да ду рахат күлкі.
– Оған өкінбейтін шығар. – Қайша жеңіл қалжыңмен жұмсақ қана ши жүгіртті.
Осы кезде Малыбай кірді үйге.
– Тағы да кешіге түспедің бе? – Дәмелі әдетінше күйеуін сөзбен шалып қалды.
– Малеке-ау, мына күйіңмен зорығып кетесің ғой. – Нарғазы күле қалжыңдады.
– Сеніп тапсырғасын ұят қой.
– Бұл «ұят» деп, нағашыларың «намыс» деп жүріп өледі ғой, тегі.
Дәмелі бұл сөздерді балаларына арнай айтты. Манадан бергі қызу да
көңілді әңгіменің сарынына бірден түсінген Малыбайды да көңілділік баурады. Мынау бір жарастықтан жанына шуақ түскендей. Алдындағы сүр еттің дәмі де ерекше көрінді. Қайша қайынатасына сырлы тостағанмен сорпа әкеп берді. Малыбай оған тесіле қарады да:
– Мынау бұл үйден мен көрмеген ыдыс қой, – деді.
– Қайша осының онын әкелді, аудан орталығында сатылыпты. Әрқайсысы бір-бір қой дейді.
Дәмелі отырғандарды әдейі күлдіре айтты.
– Мен Қайшаның орнында болсам, бір-бір тайға бермес едім, – деді Нарғазы қалжыңға одан әрі май құйып.
– Тостағаны бір-бір тай,
Қайшам мықтап байиды.
Мұнда жүріп Малыбай,
Мал бағып, жанын жаниды.
– Малекең әлі бабында екен-ау. Тастап жіберді ғой өлеңді, – Нарғазы шынтағындағы жастықты бауырына тарта айтты бұл сөздерді.
– Тостағанмен мал жинар,
Мұғалімдікті таста сен.
Өкінер деп оған мен,
Ешқашан Қайша саспа сен.
Қайшаның манағы қалжыңына жауап ретінде әрі мына көңілділікке өзінің қосқан үлесі сияқты етіп, бұл бір шумақты Ақылжан да тастап жіберді. Өзінің сыйға әкелген ыдысының мұндай тілге тиек боларын Қайша қайдан білсін, отырғандармен бірге рахаттанып күле берді.
– Тостаған тоқшылықты ала келген,
Әлдекім оны алуға пара берген.
Қуанғаннан айтады Малекең де,
Сорпаны үндеместен ала берген.

Дәмелінің бұл шумағы әлі басыла қоймаған күлкіні қайтадан өршітті.

– Мынаның өлеңі бәрінен асып кетті, – деді Малыбай сылқ-сылқ етіп.
– Тұқымдарыңмен ақынсыңдар ғой. Бірақ мен ең үлкен ақын Қайша ма дер едім. Оның өзі емес, әкелген тостағандары өлең айтып кетті емес пе?
Осы отырғандардың алдында өзін көтере сөйлеген Нарғазыға Қайшаның іші-бауыры елжіреді. Бір сәтке осы арада әкесі келіп қолтығынан сүйегендей болды. Мейірімді әулеттің ортасына келіп түскені бұған да құдайдың қарасқаны шығар, мына отырған Ақылжанның арқасы шығар. Осыған енді жаманшылық бермесін.
Көзінің астымен көңілінің айнасын бұрып еді, жары тым нұрланып отыр екен. Нағашысына қондырған құсы ұнаған секілді. Сол сезім бе, әлде көптен көрмеген мынау шүйірке әңгіме ме, әйтеуір, балбұл жанып отыр.
Бір сәт әке-шешесі, бауырлары есіне түсіп, көңілі бұзылып кетті. Қой мұным не, мен бұл үйге бөтен адаммын ба? Қыз байғұсқа барған жеріне судай сіңіп, балдай батқанға не жетсін. Мынау өз ұясына ұқсас ұя секілді емес пе. Мұны шеттетіп, кемсітіп жатқан біреу бар ма? Қайта бәрі ең алдымен осының қабағына қарап жүр ғой. Жаңағы бұл қонысқа бірінші рет келіп отырған Нарғазының өзі де мұны көтере сөйлеп отыр. Тегіңнен айналайын жақсы тұқым. Мұндай тұқымға балдай батып, судай сіңбесем кінә өзімнен. Жаңағы құлазыған сезім қайдан келіп едің? Осындай пәлелер ұрланып ұрық тастаса, бойды да, ойды да мүжитін құрт тіріледі-ау, тегі. Адалдығыңның ажарына әжім де тез түседі. Аулақ, аулақ ұры сезім, жаңа ғана ашылып келе жатқан бағымды кір шаңыңмен баса көрме.
Үндемей жүрсе де, адалдықтың төресі ана атасы Малыбайда жатыр. Колхозға да, балаға да, жарға да, жақынға да кіршіксіз. Күйбең жай ғана тірлігінің өзі адалдықтың күйін күмбірлете шертіп тұратын секілді. Күлкісі көрінбесе де, күллі жанымен шаттықтың шабытын қозғап жүретіндер аз ба? Ақындық адал сезімнің ағыны деп бекер айтылмаса керек. Өлеңнің бұл адамды төңіректеп жүргені де тегін емес шығар. Жаңағы орайына қарай бір ауыз тастап жіберген өлеңі осы ошақты қаншама жарасымды қалжыңға бөледі.
Былай қарағанда, енесі оған қарама-қарсы секілді. Айтып та тастайды, асырып та жібереді, қағып та тастайды, қалтқысыз жәрдемін де жасайды, жаныңды да жазбай ұғады. Өзгеге ойлайтыны тек жақсылық. Жарастықты, ұжымдылықты уыстап туған адам секілді. Қаныпезерлерге, қатыгездерге қазақ «мынау қан уыстап туған адам екен» дейді ғой. Ал мұның енесі жан сұлулығын уыстап туған адам.
Ал анау төрде отырған жайдары жанның аты ғана Нарғазы емес, бүкіл сырт бітімі ғана нар емес, ішкі жан сезімі де атына сай нар болу керек. Орыс екеш орыс Шодырдың өзі де ол дегенде ішкен асын жерге қояды. Бір сиқыры бар, әйтеуір. Ірі ойлауға, ірі қимыл жасауға жаралған жан секілді. Әттең, сауаты жоқ. Ескі заманның бұл адамға тартқан ең жаман «сыйы» осы. Бірақ әрекеті сауаттылардың жүзіне, мыңына бергісіз. Өйткені оқыған оқулық халықтың даналығы, қазағымның адамгершілігі болса керек.
Міне, осылардағы бар қасиеттен бір-бір мысқалдан дарығанның өзінде Ақылжаны жаман адам бола қояр ма екен. Айналасын көрген сайын сүйген жары өзінің тіпті жоталанып бара жаткан секілді. Анау титімдей Амангүл мен Кеңесжанда да адамға деген ыстық ықылас бар. Олардың ауызданып, алғашқы дәмін татқаны адамшылық деген бұлақтың суы сияқты. «Өзеннің басы байланса, аяғы лайланады» дейді екен қазақ. Осынау тұнықтың басын байлата көрме, жаратқан! Мынау нар адамды нар етіп, төңірегіне сән етіп жүргізе бер.
Кіріп-шығып, ыдыс-аяқты жуып-шайып жүргенде, төсек салғанда да Қайшаның басынан осы ойлар кетпей қойды. Осынау ошаққа ол ойлар өзін байлап-матап тастағандай. Осы ойлар Ақылжанына деген махаббатын да күшейте түскендей. Ала көңіл қылғаннан гөрі Алланың осылайша біржолата құлата жақсы көргізгені дұрыс шығар. «Намазды өтірік оқығанды құдай білмей ме» демекші, сыртың бүтін, ішің түтін болған жүріс-тұрыс білінбейді дейсің бе. Құдайым осы бір түтіннің ащы иісінен сақтасын. Ол бір сіңіп алса, кетпейді де. Мынадай әулетте ішке түтін кіргізіп алудың өзі күнә шығар.
Нарғазы көңілді отырыстан кейін бірден тәтті ұйықтап кеткен екен, түсінен шошып оянды. Бәрі көз алдында, жаманға жорығысы келмей, жүрегін дірілдете қамалаған ойларды қуған болады. Бірақ қайта-қайта суына ие бола алмай, бұзылған бөгет секілді жырымдала берді. Түсінде көргені қаптаған қалың ел, бір кездегі өзі өткен жалпақ Іленің суындай жайылып кеткен бірдеңе. Түсі адам шошырлық қап-қара. Сол селдің ортасында қараң-құраң Шодыр кетіп барады. Оны алды-артына қаратар емес. Жан далбаса жасап, шығуға ұмтылады, бірақ дәрмені жоқ. Нарғазыны көзі шалып қалып еді:
– Құрдас, құрдас, құтқар мені, Құдайторымен келші бері, – деп айқай салды. Екі қолын ербең-ербең еткізеді.
Бұл да жанталасып:
– Қазір, қазір, – дейді. Қасында Құдайторысы жоқ. Жаяу. Жағамен біраз жүгіріп көрді, қан сорпасы шықты. Шодыр екі-үш рет қылтың-қылтың етіп көрінді де, жоқ болды. Нарғазы жылап жіберді.
Ояна кетсе, түсі екен.
– Астапыралла, астапыралла, сақтай гөр, – деді.
– Нарғазы, жай ма? – Ұйқысы сақ Малыбай осылайша ақырын ғана сұрады.
– Жай, әншейін, – дей салды.
Мұнда бір-екі күн өткізіп, мауқын басып, Шодырға да соғып қайту, Ақылжанға жасаған қиын кездегі жақсылығына рақмет айту ойында бар-ды. Бір пәлеге ұшырап жүрмесе жарады-ау, байғұс, селге алдымен кетіп бара жатқаны қалай?
...Ертесіне бұл үйге шақырылған бір қора қонақтардың ортасында отырғанда да осы бір түс қайта-қайта есіне орала берді. Кеңесжанның мұғалімі де егде тартқан, ойлы адам екен. Өзі секілді ол да мұрт жіберген.
– Балаңыздың сабағы жаман емес. Аздап еркелеу. Мен Нарғазиевпын деп көкірегін төбелеп жүрді. Бір күні «сенің әкең – Малыбай» деген бір баламен жатып кеп төбелессін.
Мұғалім барлық жайдан хабары болса керек. Байыптап, Нарғазыны әңгімеге шақыра әдемі айтып отырды. Нарғазы да кеше ұрланып терезеден қарағанын, қалай отырғанын, қолға түкіріп жіберіп, өшірем деп дәптерін салтақ-салтақ еткенін айтты.
Екеуі бірге күлді.
– Балаларда ол жиі кездесіп тұрады. Көбінің дәптері солай, – деді мұғалім Нарғазыны жұбатқандай.
– Анау кітабында бір адамның бетін неге шимайлаған?
– Ол – Блюхер деген маршал. Жау боп шықты оңбаған.
– Маршал дегеніңіз – бір үлкен шен ғой тегі.
– Әскери атақтың ең жоғарғысы.
– Сонда не, жасырын әрекет жасаған ба?
– Ол жағы бізге беймәлім. Аудандық оқу бөлімінен бізге балаларға өшіртіңдер, «халық жауы» деп түсіндіріңдер деді, солай түсіндірдік.
Екеуі де үнсіз қалды.
Бауырсақ, ірімшік, құрт-маймен шай ішіп, ет алдында отырғандар далаға шықты. Батыс жақтан жел есіп тұр екен.
– Осы жақтан жел соқса-ақ болды, мұрынға бір иіс келеді, – деді басқарма.
– Оған таңданатын түк жоқ. Ана «Оба жота» сол жақта емес пе.
Ақылжан елең ете қалды. Бес жыл өткеннен кейін де кетпейтін неғылған иіс? Ол ашаршылықтың, анау бір ауыл түгел қырылған қасіретті жылдардың иісі ғой.
«Ас дайын» деп хабар келген соң, бұлар ішке кірді. Есіктің алдында иығында ақ орамал, қолында құман, қонақтардың қолына су құюға дайын тәлтиіп Кеңесжан тұр екен.
– Ей, сен әлі ұйықтаған жоқсың ба? – деді мұғалім. Фамилияң кім осы сенің?
– Нарғазиев!
– Ой, үлкен кісінің баласы екен ғой, көп жаса. Дәу жігіт бол, – деп қолын жуғандар батасын беріп жатыр. Үлкен бір іс тындырғандай, мұрнын бір тартты да, қарсы бөлмеге тойтаңдап бұрыла бере Нарғазының құлағына сыбырлады.
– Нар-көке, маған асығын алып қойыңыз. Кер азбанның асығы да дәу шығар, – деді.
– Жарайды, жаным, жарайды. Ол тапсырмаң орындалады.
Жұрттың көзінше нағашысының құлағына сыбырлап жатқанын Ақылжан байқаған-ды. Өзінің кімнің баласы екенін дәлелдеген түрі.
Жерге жайылған ала жолақ дастарқанда үлкен тегенеден төбедей үйіліп кер азбанның еті, үстінде төңкерілген құйрығы тұрды. Аппақ қардай болып, жылт-жылт етеді. Қайша басты әкеп Нарғазының алдына қойды. Жілік-жілігімен келген етті турайтын адам керек.
– Малыбай, а Малыбай! – деп айғай салды Дәмелі. – Мына етті тура.
Нарғазы басты ауылнайдың алдына қарай сырғытты. Ол Нарғазыға қайта итерді.
– Нәке, сіз бұл ауылға қонақсыз. Осы тамақ бізге сіздің арқаңызда бұйырып отыр, – деді жиырмасыншы ауылдың ендігі ауылнайы Еркінбай.
Малыбай кіргенде, Күмісбек оны мақтай ала жөнелді.
– Биылғы бітік егін осы Мәкеңнің арқасында. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай жүрген осы кісі.
– Басқарма мақтады деп бұл бізге енді шекесінен қарар, – деді Дәмелі үй-ішіндегілерді күлдіре.
Әркім өз міндетіне кірісті. Малыбай ет турады. Ақылжан арақ құйды, Дәмелі сорпа сапырып отыр. Қайша енді еттен кейінгі шайдың қамында жүр. Қалғандардың міндеті – туралған етті жеу. Нарғазы жөн-жөнімен басты бөлді де, екі құлағын ұйықтап қалған екі балаға деп, шүйда жағынан бір кесім құйқасымен табақты Қайшаға ұсынды. Ақылжан сәлем ете алар ма екен деп келіншегіне сынай қарады. Жоқ, тізерлеп тұрып әдемі сәлем жасады.
– Анарбай ауылнай баяғыда келіндердің сәлемін де ескіліктің қалдығы деп тыйым салған болатын.
– Сен де қай-қайдағыны ұмытпайды екенсін, Анарбайың құрысын, – деді Малыбай әйеліне.
Бұл әңгімеден бәрі де хабардар болса керек, отырғандар ду күлді.
– Болды ғой нелер дүние, – деді Нарғазы.
Ақылжанның есіне ашаршылық жылы Анарбайдың өтірік өліп, өзінің қалай жолын тосқаны түсті. Әңгімені бастап жібере жаздап, өзін-өзі тоқтатты. Мына жерде сол иттің атымен дастарқанды, аузын былғап қайтеді. Бірақ оның адам естісе нанғысыз асыра сілтеулері анасының жүрегіне шөңгедей қадалып ұзаққа қалғанын айқын сезді. Сол бір күндер өзіне «Анарбайдай болма, Анарбайдай болма» деп сыбырлайтын да тұратын секілді.
Нарғазы ет турап отырған Малыбайдан асықты жілікті сұрады. Кеңесжанның тапсырмасы бар ғой. Бірақ солақай асық екен.
– Оңқай асығы бар жілікті асқан жоқсың ба? – деп әпкесіне қарады. – Аспасаң, ертең ұмыттырмашы, шикідей алып Кеңесжанға сақа ғып берейін. Азбанның шикі асығы құлжанікінен кем болмайды. Сақасы келіссе, ұтпайтын бала жоқ.
– Тегі өмірде де солай, бәрі сақасына байланысты. Шымыр басшысы бар жерде іс әрқашан өрге басады. Кері кеткен басшы кеней сақа секілді тигенменен ұшырамайды.
Малыбай бұл сөздерді үлкен астармен айтты. Оның мәнін түсіне қойған мұғалім:
– Құлжа сақа табыла бере ме? Оны алатын арқардың қошқары биік тауда жүреді. Тауға екінің бірі бара бермейді, кез келгенге құлжа да алдырмайды, – деді.
Өздеріне тигізе айтылған бұл сөздерді Күмісбек пен Еркінбай әншейін асықтың айналасындағы әңгімедей селсоқ тыңдады.
– Шикі сақа шымыр болады дедіңіз бе? – Ауылнай Нарғазыға қарады.
– Оның шымырлығы шикілігінде емес, табиғилығында, – деді мұғалім. – Қайнатқаннан кейін асық та жеңілдейді, алғашқы табиғилығынан айырылады. Өмірде де сол секілді, қайнай-қайнай жеңілдеп кететін адамдар аз емес. Табиғилықты сақтағанға не жетсін. Мен бір Дарын деген мұғалімді білуші едім. Дарын десе, Дарын болатын, бірге оқыдық, мейлінше зерек болды. Өзі де тез өсті. Жай мұғалім, сосын сауатсыздықпен күресті, оқу бөліміне жоғарылады, облысқа әкетті. Кәдімгі енді мұғалімдердің сақасы, сақасы болғанда құлжа сақасы. Сол адамды жуырда ұстап әкетіпті.
– Ұстап әкетіпті?
Дәмелінің даусы ышқына шықты.
– Ол әлгі анау жылдары біздің Қармыс ауылында болған Дарын емес пе? Ол Дарын болса, Ақылжан екеуі дос еді. Алда қарағым-ай, не жазығы болды екен?
– Кешеден бері сел ұрған балықтай теңселіп жүрмін. Сенерімді де, сенбесімді де білмеймін.
Мұғалімнің бұл сөздері Ақылжанды түнертіп жіберді. Тап сол Дарын болса, сұмдық екен. Кеңес өкіметінің қадірін ұқтырған, оған адал қызмет етуді уағыздаған адамның тап өзі еді. Осы өмірге көзіңді ашқан кім десе, алдымен нағашысы, сосын сол Дарын дер еді. Өмірінің нағыз бір шешуші сәтінде жолықтырған еді тағдыр. Жөңкілген суды бабымен керек арнасына салатын мұраптай, өзін тура жолға салған, бүгінгі латынша әріпті үйреткен де сол еді. Аса бір сұлу адамгершілігімен Қармыс ауылын аузына қаратып еді. Балжан әжесінің ақ батасын да алған-ды. Бірақ, өкінішке қарай, қол ұстасып жүрген күндері аз болды. Өзінің үлкендігіне қарамастан, Ақылжанды ағасындай сыйлайтын. Кісілікке, білімге қарап қызмет берсе, тек жоғары өрлей беретін адам-тұғын. Ақылды адамдардың өрлегені ортақ қуаныш қой. Олар алыстан көреді, адамды таниды. Мына хабар қате болғай, өзі білетін Дарыннан аулақ болғай...
Бір сәт үнсіз қалған Нарғазы отырғандарға қомдана көз салды да:
– Құлжа сақа тегі ұрланғыш келеді. Ұту үшін емес, кейбіреулер оны тіпті қызғаныштан да ұрлайды, – деді.
– Тап өзі. Дарынға жасалған сойқан сол қызғаныштың сойқаны, – деді мұғалім.
Ақылжанның байқағаны – басқарма, ауылнай, мұғалім – үшеуінің арасында сызат бар. Бұл әр жерден бой көрсетіп қалып жүрген сырқат. Егестің төркіні ылғи да ел алдындағы беделден шығып жатады. Ауылнай «мені мойында, өкіметпін» дейді. Басқарма «мені мойында, осы жердің қожасы өзіммін» дейді, мұғалім «менен басқа зиялың бар ма, табынар тұлғаң мен емес пе» дейді. Халық, әрине, кімнің оқтығы түзу болса, соған жақ. Дегенмен мұғалімдердің ұпайы көбейіп барады. Көзі ашықтың аты көзі ашық қой. Өзгелерге қарағанда, өзінің жағдайы дұрыс секілді. Өйткені ауылындағы мұғалім – қасындағы сүйген жары. Осы Қайша – бүкіл аудандағы жалғыз әйел мұғалім. Оның үстіне, орысшасы дұрыс. Ол кіріп-шығып қазан-аяқпен жүрсе де, бүгінгі әңгімеден бір-ақ жайды түйді. Ауылға барған соң, әрбір сөзден түйін түйеді десеңші.
Малыбай шайға қарамай, ет жеп болған соң мана тұрып кеткен. Сылтауы бар. Ертең жол жүретін Нарғазының, Ақылжанның, Қайшаның аттарын жақынға арқандау. Қазір баяғыдай аттарды жүгенін сыпырып жіберетін еркіндік күн қайда? Тиіп тұрған егін, жапырады да салады. Сондықтан түні бойы арқандаулы болады. Дәмелі, шынын айтса, қонақтардың тезірек тарағанын қалады.
Әңгімелерінің соңы аса кіріге қойған жоқ. Оның үстіне, мұғалімнің асығып отырғаны және бар.
Сыртқа шыққан соң Нарғазы, Күмісбек, Еркінбай бір бөлек кетті де, Ақылжан мұғалімнің қасына ілесті. Ойы Дарын жөнінде толығырақ мағлұмат алу. Өзі қандай Дарынға жанын үзсе, мынау адам да сондай жанын үзетіні белгілі болып қалды ғой.
Нарғазы Сарқантта райкомның үйін бірден тапты. Қалың бақтың арасында оңаша салынған екен. Ар жағындағы сарқыраған өзеннің даусы естіліп тұр. Шіркін-ай, осы аудан орталығының тұрған жері-ай. Тауы мынау көздің жауын алып, тұс киіздей әрқашан әдемі болып тұратын. Шыршалары қысы-жазы көкпеңбек, өзені арқырап ол жатыр. Жері шыбық шаншысаң сырық өсетін нағыз құнарлы қойнаудың өзі. Бәрі мына тиіп тұрған таудың арқасы ғой. Алма да шығып береді. Баяғыдан-ақ Сарқант пен Антонның алмасы-ай деп жұрт таңдайын қағады.
Мұның қасында Бөрлітөбенің орталығы Лепсі жер ме. Құмын суырып жел үреді де тұрады. Қайта теміржол келіп, Түрксіб салынған соң жан кіріп қалды ғой. Ата қонысқа жақын болған соң, өңірден айналсоқтап шыға алмайсың. Бір кездегі таудағы жайлауың, онда белуардан келген шөбің енді көзден бұлбұл ұшты. Қайта балық қуалап Балқашқа жақындап, бұлар су көреді ғой. Бұл өңірде адассаң, қол ұшын беретін адам табылмас меңіреу құм, бетпақ дала жетіп жатыр. Малға ғана жер аяғы кең. Сол үшін де жұрт кеткісі келмейтін болса керек.
Деседағы Сарқантқа жетпейді ғой. Шешесі Балжанның күмбезі таудан басталатын құнарсыз даланың шекарасына қойылған белгі секілді Бастұмаға келерде әдейі үстінен өткен-ді. Жыл сайын басына қой сойғызып, құран оқитын күннен айырылғалы қашан. Өлік тұрғай, тірінің өзіне тамақ табуы мұң болып, тұс-тұсқа тентіреп кетті емес пе. Ашаршылық келіп және килікті. Естің жиналғаны осы ғана. Бәрі барлықтан жасалады екен ғой. Анасының алдында кінәлі адамдай Нарғазы күмбезді айналып, мұңданып көп жүрді. Ескіріңкіреп қалыпты. Бірақ Шодыр құрдасының таныстары тауып берген орыс шеберлерінің мықты ісі әлі талай жылдарға төтеп беретіндей. Шешесі өзімен тіл қатысқандай.
– Құдайторың қайда? – дейді. – Түстік жерден көрінетін белгілеріңді неге жоғалтқансың? Мен кеткен соң бастарың тоз-тоз болған ба? Күдірейіп жалың жығылмай жүретіні менің арқам екен ғой. Көксадақ та бәйгеге бір қосылмай қор болды деді ме? Сасқаның ба, оны неге саттың? Сенен гөрі ат қадірін сығандар көбірек білгені ме? Іле өзенінен алып шыққан жануарды қалай көзің қиды? Шыбықтай мынау жиреніңнің белі сен мінгенде неғып үзіліп кетпей жүр. Әлде соған ыңғайланып сен де арыдың ба?
Екі-үш жерден опырылып түскен кірпішке көзі түсті. Ескіліктің қалдығы деп, жиырмасыншы ауылда киіз үйді өртеген Анарбайдай пысық шыққанда, бұл маңда да зиратты бұздырып, мектеп салдырғысы келген пысықай табылыпты дегенді естіген болатын. Содан басындағы айын алуға шыққан адам құлап өліп, кірпішті алуға кіріскенінің екі көзіне тас ұшып тиіп, соқыр болыпты. Балжанның аруағы атты деп бұл зиратқа ешкім жоламай қойыпты. Ағаш есігінің ғана қиюы қаша бастаған екен.
– Сен қорғамаған соң, мен өзімді-өзім қорғадым, – деп сыбырлағандай болды шешесі. Сол аруақты анасының пейілі түскен адамның бірі осы Шодыр еді. Онымен де көріспегелі, міне, қанша жыл.
Бірақ араларындағы достық жібі Жанғазы, Ерғазы, Ақылжан, Қайша арқылы үзіле қойған жоқ. Ақылжанның айтуында, ол кәдімгідей қартайған. Екі дос қазір құшақтасып көріседі. Шодырдың жағын айыра сөйлейтін қазақшасын естіп рахаттанады. Орыстың әдемі сөйлеуі қазақ тілін ажарландырып жіберетінін сан байқағаны бар. Сол секілді Жүсіптің де орысша қатыратыны таңдайын сан қақтырған. «Сен мынау миуалы жерде, қалың бақтың арасында рахаттанып отырсаң, мен болсам құмның арасында, көлдің жағасында балық сасып жүрмін» деп қалжыңдамақшы. Әлде шен өзгертіп, қоқиланып қалды ма екен? Шодыр олай ете қоймас. Егер айта қалса, айтары да дайын. Әнеукүні бір шалдан керемет сөз естіген-ді.
«Өкіметтің шені – бұқаның ені. Бір күні сылып алады да тастайды. Сүмірейіп өгіз боласың да қаласың. Қолында тұрғанда қодыраймай, рахым жаса».
Мұны естісе, қазақ өзінің табиғатын талмай танитын Шодыр бір рахаттанар. Ішегі қатып күлер.
Бөлме алдында отырған келіншек тым тұнжыраулы екен. Батыл кетуден сәл қаймығып қалды. Көңілінің бір тоғайғаны осы үйдің терезесінен ағашта байлаулы тұрған Шыбықжирен жақсы көрінді. Кім біледі, аудан орталығы, біреу-міреу ат көрпесіне, ер-тоқымына тиісіп жүре ме? Ер-тоқымы – баяғы Жүсіп пен Шодырдың өзі сыйлаған, Шатырбаймен дауда Құдайторыға Ақылжан салып мінген ер-тоқым. Көзінің қарашығындай сақтап, осынау аласапыран жылдарда аман келе жатқан дүниесі. Құдайторының өзі де құрып біткенде, бұл мүлік әзірге бар, әйтеуір.
Тұқымы құрысын, бір қатын тұнжырап отыр екен деп тұра бере ме. Қайда жүрсе де беті қайтып көрмеген батылдығына басып:
– Шодыр өзінде ме? – деді.
Әлгі әйел көзі боталап, үн қатпады. Менің Шодыр дегенімді түсінбеді, әлде шам көрді ме екен?
– Белозеров, Белозеров бар ма?
– Жоқ, – деді қатқыл үнмен әлгі әйел.
– Үйде ме, қайда?
– Ол ұсталған, жау болған, – деп тілін бұрап сөйлеген күйі даусы дірілдеп.
Нарғазы сылқ етіп орындыққа отыра кетті. Қолындағы жез сапты қамшысы жерге түсті. Мынау сұмдық, Кеңесжанның кітабында сызылған маршал, Малыбайдың үйінде мұғалім айтқан баяғы Дарынның ұсталуы, енді, міне, Шодыр. Бәрі де тек жау болып шыға келген. Маршалын білмейді, ал Дарын мен Шодыр – өзі көзі көріп бірге араласқан адамдар. Кеңес өкіметі дегенде ішкен асын жерге қоятындардың өзі емес пе? Елге олар жау болса, қалғанымызда не сорым. Осыдан екі күн бұрынғы Малыбайдың үйінде көрген түсінен шошып еді-ау. Сел жүріп, алдыңғы жағында қылқылдап кетіп бара жатқан Шодыр көз алдына келді.
– Нарғазы құтқар, Құдайторыны әкел! – деп айғайлағаны қайда. Ол құрғыр түсі болмай, өңі болып кетті ме немене. Мына жағың қарысқыр шын айтып тұр ма?
– Үйі қай жерде? Біз тамыр едік.
– Олай демеңіз, вам самому будет хуже.
Жартысы қазақша, жартысы орысша бұл сөздерді әлгі әйелдің шын жүректен айтқанын Нарғазы сезді. «Хуже» деген сөз таныс.
– Поскәй, – деді Нарғазы. – Мен тамырдан артық емес.
Әлгі әйел терезеге жақындап, орысша-қазақшасы аралас Шодырдың үйінің тұрған жағын түсіндірді.
Нарғазы қақпаны ұзақ тоқылдатты. Үн жоқ. Сосын Шыбықжиренге қайта мініп, қақпадан кеудесін асыра айғай салды. Әлден уақытта бір кемпір көрінді. Шашы аппақ. Әйтеуір, тірі жанның шыққанына қуанды. Аттан қайта түсіп, ашылған қақпаға жақындады. «Күнім-ау, мынау Маруся ма? Қалай қартайып кеткен». Ол бірден таныды.
– Тамыр, тамыр, біз құрыдық қой. Бұл – не сұмдық. Шодырыңды ұстап әкетті.
– Таза, кәдімгі Шодырдың өзі құсап қазақша зулатып тұр.
– Қақпаны тез жабайын. Өзіңді ешкім көрген жоқ па? – деді жылап жүріп.
– Ол жағын білмеймін. Немене, торушы бар ма?
– Ойбай, кешегі аузынан шыққан сөзді алтын санап отыратын НКВД енді нағыз қызыл көзді аңдушымыз болған жоқ па. Саған қырсығымыз тиіп жүрмесін.
– Ой, атасына нәлет! Маған неғылады?
– Олай деме, тамыр. Пәленің жабысуы, аяқасты екен.
Екеуі ұзақ сөйлесті. Нарғазының ұққаны, ашаршылық жылы жоғарыға бір ашық хат жазып еді, соның қырсығы тиді ме, жоқ, әлде осы маң сонау Столыпин заманынан бері қазақ-орысқа толы, біразына Черкеш соғысы жылдарында, коллективтендіру кезінде тізесі батып еді. Солардан келді ме, әйтеуір, түгіне түсінбеді. Бірақ бәрін Кеңес өкіметі үшін жасады ғой. Кеңес өкіметінің оны ұстайтын не жөні бар деп зар иледі. Лешасы Қостанайда, енді соған кетпекші. Мұнда жападан-жалғыз не бітіреді. Келінге күнімді салмасын, Феодорым аман болсын деуші едім, енді амал бар ма?
Нарғазы бойы босап, көзінен алты тарам жас ақты. Шешесі өлгеннен кейінгі жылағаны осы болар. Маруся да таңырқап қалды. Күйеуінің айтуында бұл ер мінезді, батыр тұлғалы қазақты көрсет десе, кез келген жерге ұялмай апаруға болатын азамат болатын. Батыр да жылайды екен-ау. Мынау келген келісінің өзі де батылдық қой. Әдейі іздеп келді ме екен?
– Даша қалай? – деді сөздің бір орайында Маруся. – Мен секілді қартайған жоқ па? Баяғы Черкеште екеуіміз солдаттарға сусын тасығанымыз ұлы той екен ғой. Жастығымыз ба, күркіреген зеңбірек оғының астында қалай қорықпай жүргенбіз.
Нарғазы жылаған күйі басын изей берді. Маруся шерін бір тарқатып алғысы келгендей, өткеннің біразын еске түсірді.
– Жүсіптің жағдайы қалай екен? Ол да бірбеткей жігіт еді. Мен мына ұстаудың көбейгенінен қорқам. Жүсіп ерте барғанда, Дашаның үйді өртеген ауылнайға шеккен айбатын Феодор айта алмай келген. Еркек болып неге тумады деген. Баласын да мақтап отыратын. Ашаршылық жылдары оның жасаған жұмысына қатты риза болды. Әуелі жас үйленген бір жылдай детдомға беріп қойды деп күлетін. Басқа ауданға ауысқанына Феодор қатты қынжылды. Өкпелетіп алдым ба екен деп те жүрді. Өзіңмен бір аңға шығуды армандаушы еді.
– Осында ма өзі? Ақ жүзін мен көре алам ба? – деді Нарғазы көзін орамалмен сүртіп.
– Ой-бу, қайдан, Алматыға бірден әкетіпті. Сол бір хаты құрғырды жібермей-ақ қой деп едім. «Ашаршылықтан алып қала алмадым, ең болмаса арым таза болсын» деп көнбеді.
– Ақиқатты жазғанның несі айып?
– Міне, сендер солай ойлайсыңдар. Жоғарғы жақ қалай ойлайды? Өзіне өзі жасады-ау, сақтығы жетпеді.
– Құстың сағы сауысқан. Бірақ ол ылғи жалғыз жүреді. Сақтығы сонша, әуелі екі сауысқанның басы бірікпейді. Адам олай ете ала ма? Адамның күні адаммен. Бұл жағынан Шодырдың кісіге үйірімділігі сұмдық еді ғой.
Жылап жүріп Маруся шай құйды. Екеуі шай ішкен болды. Бірақ оның әр жұтымы Нарғазының тамағынан өтпей, неге екені белгісіз, түйілді де отырды. Біресе Марусяға «біздің жаққа жүр, біз не көрсек соны көресін» дегісі келді. Біресе сонау жер түбі Қостанайға өзім апарып тастасам қайтеді деді. Заты орыс болғанмен, бұл Шодырдан не жақсылық көрмеді. Сонау үркіншілік жылдары бүкіл Қармыс ауылының аман қалғаны осының арқасы емес пе. Шешесі Балжанға ат қойып келгені әлі көз алдында. Бүкіл қазақтың ат қойғаны бір төбе болды да, мұның ат қойғаны бір төбе болды. Жүсіппен достығы қандай адал еді. Ақылжанға қанша қол ұшын берді. Большевик қандай болуы керек десе, Нарғазы тап осы Шодырды нұсқар еді-ау. Кеңес өкіметін құрушы да, оның көсегесін көгертетін де тап осы секілді адамдар деп ойлайтын. Мүмкін, бір жападан болған қателік шығар? Ана жылы, бір емес, он екіде бір гүлі ашылмаған Ақылжанды екі рет отырғызып қойған жоқ па. Сондай бір зұлымдықтың құрығы болар-ау. Тамыр, тамыр деп құр күйзеле бергеннен қаракет керек. Облыста отыр ғой, Жүсіпке барған жөн шығар.
Бұрынғыдай емес, теміржол бар. Лепсіден отырады да, бір күнде Алматыға жетіп барады. Осы жолдың салынуын көзімен көрген, қайран қалған. Міне, өкіметтің керемет ісі. Құлан жортпас далаға жан бітіріп, отарбаларын ағызды да қойды. Мектепте оқып жүрген балалардың аузынан бұл жол туралы:
– Тауды тіліп, тасты бұзып,
Жолды салған қандай ер.
Ол қайратты, ол қажырлы,
Қайтпас, қайсар жұмыскер, – деген өлеңді де естігені бар-ды. Сонау жылдарғы Көксадаққа мініп, жанды шүберекке түйіп, Ілені жалдап өткендегі қиямет енді бола қоймас. Осы жолдың салынуы Бөрлі ауданындағы үй құрылысын да көбейткен жоқ па. Кешегі Бастұмадағы көрініс те – жаңа өзгерістің жап-жақсы нышаны. Шаңқайдан мектеп, қаптап салынған құйма үйлер. Бір кездегі ұшарын жел, қонарын сай білген қазақ ауылдары қиындықпен болса да отырықшыланды. Әр ауылды енді көш соңынан қуаламай, белгілі бір жерден табуға болады. Жерді трактор жыртады. МТС дегендер құрылды. Мынау Сарқандтың өзі де қандай гүлденіп қалған, тура ана жылдары көрген Алматыдай.
Бір жағы өстіп жаңарып, жақсы нышан бой көрсетіп жатса, бір жағы жақсы азаматтар ұсталып жатыр. Бұл қалай? Анау Дарынмен бірге білім берудің біраз тәжірибесі кеткен жоқ па.
Халықтың сауатын аштың, жазу-сызуды үйреттің, енді керегің жоқ дегені ме, ол істе қандай жаулық бар? Мынау Шодыр жаңа заман үшін ес білгелі шыжық болып, ылғи қиындықтың өтінде жүрді. Соғыс деді – соғысты, оқы деді – оқыды, ауданды сүйре деді – сүйреді, отырықшылдық, білім беру, колхоздастыру – бәрі көз алдынан өтті, тіпті ашаршылықтың өзі алдымен осыларды қажытып кеткен жоқ па. Қасында ұдайы жүрмесе де, жандарын шүберекке сан түйгендерін жақсы біледі. Жаулықпен істеді ме соның бәрін. Мынау «жау» деген пәле қайдан шықты өзі. Жау әне кешегі ақтар мылтық атып, зеңбірек оқтап, құртып жібергісі келді, әуелі екіқабат әйелдердің ішін жарды, көзімен көрді, сол айуандықтары үшін оларға қарсы күреске өзі де шықты. Жау – анау Шатырбайлар, Кеңес өкіметін жек көріп, арғыбет асып кетті. Жау – анау Лепірбай, Анарбай азаматты, райкомның хатшысын атып кеткен.
Жоғарыда отырғандардың мен құрлы ақылы жоқ па? Халық деп жанын үзген Шодырларда қандай жаулық бар? Жаулық пен достықтың, адалдық пен арамзалықтың арасын айыра алмай қалғанбыз ба?
– Қой, мен Алматыға барам, Жүсіпке барам, – деді Нарғазы жұлып алғандай.
Оны мақұл көрген Маруся:
– Қанды көйлек достар ғой, содан бір қайыр болмаса, – деді.
Жүсіпке құдайдай сеніп, Нарғазы атқа мінді. Көзі боталап, ақ самайын қайта-қайта орамалының астына жасырған күйі Маруся қала берді.

3

Бұл хатты Бәтима үзіп-үзіп үш күн жазды.
«Дүлдүл тәте! Сізге қан жылап отырып, хат жазам деген үш ұйықтасам ойымда бар ма еді. Жүсіпті қамап қойғалы бір апта болды. Бүгін, міне, «Социалистік Қазақстан» газетінен сұмдық хабарды оқып шықтым. Бұл газет менің хатым кеткенше өздеріңізге де барар. Сұмдық қой, сұмдық! Ұлтшыл, халықтың қас жауы, Қазақстанды Жапонияға қосқысы келгендердің ішінде болған депті.
Бұрынғы ептеп айналдырғандарына қарап, әкемді қарғаушы едім. Қу мал үшін арғы бетке неге кетті деп. Соның қырсығы тиеді-ау деп қауіп ететінмін. Енді мынау зауал одан да асып түсті. 18 жыл бірге тұрғанда өкіметке деген бір түйір теріс пиғылын көргем жоқ. Жұмыс, жұмыс деп өлетін. Рас, мінезінің тіктігі бар еді, аузына келгенін ірікпейтін, ар жағындағыны жасыра алмайтын. Сонда адалдық жаулық болғаны ма? Балаларым ер жеткенде, бағым жанған адаммын деп жүргенде, көктен жай түскендай болды ғой. Менің жасымда қандай қызық көргенімді өзіңіз білесіз. Нағыз сор маңдай екенмін. Сор уыстап туған пәле болсам керек. Бұл Құдайға не жаздым? Жасымда көрген бейнетімнің өтеуі шығар деп семіріп жүруші едім. Сорладым ғой, мықтап сорладым. Жүсіптей жанды Құдай маған көп көрсе керек.
Не болып кетті бұл дүние?
Ендігі амал – өз қастарыңызға жету. Тергеуінің бітуін күтем. Беталысы жаман дейді. Қашып кетем деп әкемнің қарғысына қалдым ба, әлде? Ол сорлы қарғаса, мықтап қарғаған шығар. Қу мал, менің қалыңсыз кеткенім ішін өртеді ғой, әрине. Кімнен көрерімді білмей бұл күнде аласұрған бір жанмын. Қазір осы хатты салысымен тағы да түрмеге барам. Әлі кіре алмай жүрмін. Жұрттың айтуына қарағанда, көп сөйлестірмейтін көрінеді. Аңдып тұрған қызыл көз пәлелері «Жетті, жетті» деп қуатын көрінеді. Кеше алдында құрдай жорғалайтын НКВД-нің адамдары бүгін қолын артына қайырып, айдап жүрген шығар. Біз үшін өзен теріс ақты, күн түнге айналды, Дүлдүл тәте. Ақылжан мен Қайша естіген әңгімелерін тіс жарып ешкімге айтпасын. Өздері де сақ жүрсін. Құдай көрісуге жазсын. Бәтима».
Түрменің алдына келгенде, ол өз көзіне өзі сенбеді. Жұрт бұрынғыдан да көбейіп кеткен. Мұңлы көңілдің мұхитына сүңгіп берді ме қалай? Шойын қақпаның алдында тұрған милиционер бұлардың бәріне бурадай зіркілдейді. Әтешше кекірейе қарап, жауап қатпайды, әуелі мынау мөлиген жұрттың өзіне тәуелділігіне мәз секілді. Келгендердің ішінде бала да, әйел де, қарт та бар. Қолдарында бір-бір түйіншек. Әкелген астары болса керек. Әлгі милиционер ішке кіретіндердің іш киімінен басқаның бәрін қарайды. Құдды біреу осынау түксиген сұр үйді қопаруға бомба әкеліп тұрғандай. Күн ашық болғанмен, әдетте әдемі көрінетін Алатаудың да түрі бүгін сұсты. Көк төрінде табақтай төңкеріліп тұрған тіршілік атаулыны жарықпен жарылқаушы емес, қып-қызыл шоқ секілді, тамұқ отына ұқсап үрей туғызады. Бәрі көңілден ғой. Көңіл күңгірт болған соң, жер мен көк те мұзды, мұңлы секілді.
– Есбергенова, – деп айқайлайды әлгі милиционер. Есектің ақырғанындай даусы да тырғылданып естілді. Бәтиманың тінтпеген жерін қалдырмады. Сумаңдаған саусақтары жыландай тітіретеді. Амал бар ма, осылардың күні туып тұрған соң. Қақпадан ары өте сұр үйдің астындағы подвалға түсті. Ұзын коридор тым үрейлі екен. Жуандығы баланың білегіндей темір торлар зәреңді алады. Түрме дегенді өмірінде тұңғыш көруі. Коридордың екі жағы – ауыр темір есікті бөлмелер. Ұсталғандар соның ішінде жатса керек. Жаңағы есік алдында тұрғандардың бір-бір адамы осында болса, мына түрмең жарты қаланы қамауға алған ғой. Анда-санда сықырлап ашылған есіктерде бір ызғарлы үн, мұң бар. Өзін ертіп келе жатқан милиционер қақпаның алдындағыдан да сұсты көрінді. Жүрісіне ілесе алмай кідіріңкіреп қалғанда, бұрылып тұрып, ала-көзімен атып жіберді. Қарасы мірдің оғындай, тұла бойыңды тер басады. «Тіпті ең бір түкпіріне тығып тастаған ба, қашан жетеді». Әлі емпеңдеп келеді, ертіп келе жатқан ұзын сары қатты жүреді екен.
Бәтиманың ойында: Қазір қатар отырады, сөйлеседі, түрмеде болса да мауқын бір басады.
Ұзын сары бүйірдегі бір түкпірге бұрылды. Бәтима да келдік-ау деді ішінен. Мұнда да темір тор. Қасына отыру қайда, Жүсіп темір тордың аржағында. Өз күйеуін өзі танымай қалды. Басы-көзі көнектей, мықтап сабаған болу керек. Бәтима еңіреп қоя берді. Жүсіптің мұндай күйін көргенше, жер жұтып неге кетпейді оны. Ұдайы тікірейіп тұратын қайратты «ежик» шашын тоқырайтып алып тастапты. Ұйыған қан көрінді басынан. Көзінің алды, бір жақ шықшыты іскен.
– Жыламаңыз, – деген зекіген дауыс естілді. Қараса, тағы бір милиционер. Әлгі ұзын сары осыған әкеп өткізіп кетсе керек.
– Бәтима, жылама! Балалар аман ба? – деді Жүсіп.
– Айыпкер, қазақша неге сөйлейсіз?
– Әйелім орысша білмесе, қалай сөйлеймін?
– Айлаңыздан ештеңе шықпайды. Обком хатшысының әйелі орысша білмейді дегенге кім сенеді? Бұл да – ұлтшылдығыңыздың бір көрінісі.
Көп нәрсені айтар еді-ау, бірақ оның миына кіреді дейсің бе? Уақытты алып қайтеді. Дегенмен шыдай алмады.
– Ана тілінде сөйлеуге ешкім тыйым сала алмайды.
– Байқаңыз, сіз түрмедесіз. Бұл шартты орындамасаңыз, қазір әйеліңізді алып кетеміз.
– Құрысын, айтқанына көнейік те, бір апта бойы осы кездесуге әрең жеттік қой.
– Азаматша, мен сіздерге не айтып тұрмын. Қазір сізді алып кетеді онда. Жүсіп орысшалап:
– Онда орныңа қазақ милиционерін қой. Ол біздің қай сөзіміздің құпия, қай сөзіміздің құпия емес екендігін түсінеді, – деді.
– Олар жетпей жатыр.
– Вот так, – деді Жүсіп көзін аларта.
Көнектей келбетінен тал бойында аман қалғаны осы отты жанары секілді боп көрінді Бәтимаға.
– Қойған кінәсінің ешқайсысын мойындап жатқан жоқпын. Мойындайтын не бар? Әділдік болса босатар. Өздерің мықты болыңдар. Жасыма, ақылың бар еді ғой. Шодырды да осында әкелді.
– Есбергенов, – деп, айғай салды әлгі милиционер. – Әйеліңізді әкетеміз.
Жүгіріп келіп Бәтиманы жұлқып қалды. Жүсіп орысшалап:
– Алдыңыздағы әйел заты. Биязырақ болыңыз. Сіз де анадан туған шығарсыз, –деді.
– Мораліңіз өзіңізге. Азаматша, шығыңыз, уақыт бітті, – деді әлгі әкіреңдеп.
Қолындағы түйіншегін тордың аржағындағы Жүсіпке берді де, көзі боталаған күйі милиционердің соңынан еріп жүре берді. Ұзын сары да жеткен екен. Дедектетіп ертіп ала жөнелді.
Алғашқыда шалыстанып, жүре алмап еді. Аяқасты Бәтиманың бойына бір күш біткендей болды. «Ей, неге бүйтем? Күйеуі әкім болып көрген соң екен ғой, кердең-кердең баса алмайтыны. Көрейік енді өнеріңді деп, ең алдымен мына тұрған НКВД-нің қызметкерлері табалар. Алдымен осыларға сыр бермейін». Күшін жиып, аяғын нық басты. Әлгі ұзын сары екі-үш рет бұрылып қарады. Көздің жауын алатын келіншек. Нағыз толықсыған шағы екен. Қазақтардада мұндай сұлу болады екен-ау. Манағы кіргендегіден жүрісі енді ширақ. Көзінің жасын да құрғатып алыпты. Азғана кездесуден соншама әл алып шыққан ба? Естуі бар, бұл әйелдің күйеуінен жауап алу қиынға соғып жатыр деген.
Тергеушінің өздеріне шабуылға шығатын көрінеді. Әрине, сөзімен. Екі тергеушіні тұйыққа тіреп, енді үшіншісімен айқасуда деген пыш-пыш сөз бар. Бұл тергеуші талай мықтының жалын жығып, жаурынын жерге тигізіп жүргеннің өзі. Әзірге оның алдында айыбын «мойындамаған» адам жоқ. «Күйеуің мықты қышқашқа түсті, әлі-ақ тәубесіне келеді» дегендей ұзын сары Бәтимаға алара тағы бір қарады. Бәтима мән бермегендей, орамалының астына үлкен ғып түйген бұрымын әдейі артына түсіріп жіберді. Түрмеден қос бұрымды ойнатып шығайыншы деген бір жаман ой келгендей. Ұзын сары тіптен жұтынып қалыпты. Ұзын бұрымдары бұл әйелді тіптен сымбатты етіп жіберді. Күйеуі қандай тік бақай болса, бұл да солай шығар. Жанарында жас жоқ қой. Тегі, бір паң жандар қосылған-ау. Паң бола тұр, көреміз әлі, паңдықтың қандай мұратқа жеткізерін.
Есіктің алдында кімнің шыққанына белгі соқтырды да, ұзын сары тағы біреуді ертіп ішке кетті. Мұның мамандығы жылатып кіргізіп, жылатып шығару болған ғой. Оған да адамның еті өлетін сияқты ма, қалай? Бәтиманың көңілі сыртқа шыққан соң босады. Бұрышта бір талды құшақтап тұрып, ел аяғы саябырда егіліп тұрып жылады. Өзегі өртеніп, қолқасы суырылып барады. Жаңағы көрініс жылатпай қоя ма? Тоқырайған басы, көгерген бет-аузы, кісендеулі қол-аяғы – шыққыр көз бұл көріністерді несіне көрді. Не үшін, не үшін бұлайша? Тап осы сұрақ ауыр темір есікті қараңғы бөлмеге әкеп, итеріп жіберген Жүсіптің де жүрегін тілгіледі. Бәрінен өтіп кеткені кеше түнгі сұрақ. Таң атқанша тергеуші үш шақырды. Екіншісінде тақыр басынан темір шыбықтай бірдеңемен тартып жібергенде, есі ауып кетіпті. Әлден уақытта жылымшы бірдеңені арқасы сезді. Қан аққан екен ғой. Жерге құлап түссе керек, сап-салқын еденде жатыр екен. Сұсты екеу жүзіне төніп тұр. Су бүріккенге ұқсайды. Атып тұрып, тергеушінің алқымынан ала түскісі келіп еді, қол аяғының кісендеулі екені есіне түсті. Ышқынып барып, аунап кетті.
– Мойындайсың ғой!
– Нені?
– Нені, нені? Ғұмыр бойы Совет өкіметіне қарсы күрескеніңді.
– Оттапсыңдар!
Шекесі шың ете қалды. Тағы есі ауып кетті. Ар жағы есінде жоқ. Есіне түскені таң алдында тергеушінің бөлмесіне тағы әкелгені. Елес пе, әлде түнде екі рет есінен тандырған соң көзі бұлдырап тұр ма, бөлмеде Феодор Афанасьевич отыр. Сақал-мұрты өскен, оның да беті ісік. Атаға туған күн ботаға да туған ғой. Осындай бір ой жылт етті.
– Ал енді екеуің беттесіңдерші, Черкеш қорғанысының нағыз қызып тұрған кезінде екеуің неге кетіп қалдыңдар? Ақтар, Анненков басып алсын дедіңдер ме?
– Өтірік, – деді Жүсіп қызуланып. – Қызып тұрған кезі емес. Біздің позициямыз әбден бекіген. Ақтар жеңілуге айналған. Ол кетісімізден қорғанысқа келген ешбір зиян жоқ. Рас, бір түн барып, бір ауылда қонақ болдық. Егер ол айып болса, оған мен кінәлімін.
Ауылды сағындым. Белозеров жолдастың онда ешбір кінәсі жоқ.
– Біріншіден, ол жолдас емес, қамаудағы адамды жолдас демейді. Екіншіден, қасыңызда болғаны рас па, рас. Сіздің шашбауыңызды көтергені рас па, рас. Кімнің ауылы барғандарыңыз?
Екеуі де үндемеді. Пәленің бір ұшы Нарғазыға барып тірелетінін сезгенде, іштері қылп ете қалды.
– Үндемейсіздер. Біз бәрібір білеміз. Нарғазы Тұрғанбековтың ауылы. Қайтарда ақтардан қашқандарың рас па, рас. Қолға түсіп қала жаздадыңдар. Ал сіздерді Черкеш қорғанысына Совет өкіметі сенім көрсетіп жіберсе...
– Жолдас тергеуші, – деді Феодор Афанасьевич, – мен кеше де бұл жөнінде жауап бердім. Керек десеңіз, жазып берейін. Бұл арада бір нәрсені шатастырмау керек. Бізді қолға түсірмек болған ақтар емес, олардың шаруасы біткен. Бізді аңдыған жаңағы өзіңіз айтқан Нарғазы Тұрғанбеқовтың сол маңдағы күндестері. Біздерді қолға түсіру арқылы олар ең алдымен Нарғазыны мұқатпақ, содан өш алмақ. Ол Шатырбай деген байдың сойыл соғарлары. Ал ол бай 1929 жылы арғыбет асып кеткен. Бұл – қазақ арасындағы ұсақ қызғаныш кикілжіңнің көрінісі. Оны бізге саяси айып етіп тағатын ешбір қисын жоқ. Сол өңірде біржола Совет өкіметін орнатып, тәртіпке келтіріп кеткен осы Есбергенов екеуіміз. Совет үкіметінің атынан тергеу жүргізіп отырсаңыз, бұл еңбегіміз неге есепке алынбайды?
– Сосын, – деді Жүсіп шыдай алмай, – Содан бері жиырма жылға жуық уақыт өтті. Ешқашан бұл факті айып болып алдымыздан шыққан емес. Қайта Черкеш қорғанысына белсене қатысқан қаһармандардың қатарындамыз. Бүгін неге теңіз теріс айналады?
– Өрекпімеңіз, Есбергенов. Сіздің алған әйеліңіз байдың қызы ғой. Қайын атаңыз арғыбет асып кетті емес пе? Сіз ұмытсаңыз, есіңізге біз салайық.
– Оның маған қойылған саяси айыпқа қандай қатысы бар? Мені ұлтшыл-буржуазияшыл оппозицияның шашпауын көтеруші дейсіздер. Осыны дәлелдеңіздер. Ал қайын атам жөніндегі арыз сан тексерілген. Байлардың категориясын ажыратып алу керек. Жалға жан ұстамай, малын үрім-бұтағы, бала-шағасымен өзі баққан. Ол адам еңбегін қанамаған.
– Қорғаңыз, қорғаңыз қайын атаңызды.
– Тергеуші мысқылдап күлді.
– Жаныңыз жай тапқандай болмасын. Бұл – тырнақ астынан кір іздеу. Қызын алсам, сүйіп қосылды. Ол менімен қашып кетті. Табына қарап үйленсін дегенді мен марксизм-ленинизмнің еш кітабынан кездестіргем жоқ. Әңгіме шыққан тегінде емес, қай таптың мүддесін қорғайтындығында. Біле білсеңіз, патшаға қарсы шыққан декабристердің әйелдері түгелге дерлік шонжарлардың қыздары болатын. Декабристердің өздері ше? Гәп күрес мақсатында. Ал езілген таптың мүддесін қорғап, бүкіл ғұмырымды соған сарп еткеніме ешкімнің күмәні жоқ шығар.
– Күмән бар, болғанда қандай. Атаңыз қай елге өтіп кетті?
– Қытайға.
– Бұл не, кездейсоқ нәрсе ме? Байланысыңыз да бар шығар.
Ал мына жазған мақалаңыздың тақырыбын тағы оқыңызшы. «Киіз үй социализмге қарсы ма?» Не айтқыңыз келді сонда? Баз баяғы қалпында ескіше өмір сүру керек дейсіз бе?
– Сарғыш тартқан газетті алдына лақтырып тастай берді.
– Соңғы кезде тарихи тақырыптарға неге әуес болып жүрсіз? Социализмнің проблемаларын түгел шешіп тастадыңыз ба?
– Социализмнің ең үлкен проблемасы – әділдікке жету.
– Осы қамауға түскеннен бері байқағаным шындықты сұмдық бұрмалау бар. Ақты қара деу әдетке айналған секілді. Мұның түбі – үлкен апат. Социализмге қауіпті сіз мына менен емес, сол бұрмалаудан іздеңіз.
– Тіліңізді тарта сөйлеңіз, Есбергенов! – Тергеуші тіксіне қалды.
– «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дейді біздің халықта. Сіздің ожарлығыңыздың алдында жалбақтай алмаймын. Мені қинап отырғаны қамауға алынғандығым емес, ең әділетті, ең таза жандар жүретін мына жерге сен сияқтылардың балдай батып, судай сінгені. Дзержинскийдің дәстүрін мансұқ етіп отырсыңдар.
– Тарт тіліңді, Есбергенов!
Жүсіп «сенге» көшкен соң, бұл да «сенге» көшті.
– Тарта алмаймын. Мына Феодор Афанасьевичті не үшін көкала қойдай етіп сабадыңдар? Нағыз большевик, нағыз интернационалист болғаны үшін бе? Оны да ұлтшыл демексіңдер ме? Ол да Қазақстанды Жапонияға, Қытайға сатқысы келген бе? Азғындар!
– Әкет мынаны!
– Жоқ, тоқта, тергеуші жолдас, сабыр ет. Терге, дұрыстап терге. Жаңағы үш айыбыңа жауап берейін. Жаз, тура мен айтқандай жаз. Бірінші – қайын атаммен ешбір байланысым жоқ, ол жөніндегі жала. Екінші – «Киіз үй социализмге қарсы ма?» Ал өзіңіз қалай ойлайсыз?
– Жауапқа тартылып отырған мен емес, сен. Неге менен жауап алғың келеді?
– Жалтарасың жауап беруден. Сол киіз үйді өртегендер – нағыз социализмнің қас жаулары. Олар өздерінің асыра сілтеуімен халықты Совет өкіметіне қарсы қоя жаздады.
Бірақ менің түсінбейтінім бір асыра сілтеуден кейін неге екінші асыра сілтеу болып жатыр? Оны мына төмендегі сендер жасап отырған.
– Сіз Сталин жолдасқа разы емес екенсіз ғой!
– Мен олай деген жоқпын. Бұрмаламаңыз. Бұрмалауға қалай-қалай төселгенсіңдер. Ал енді үшінші – тарихи тақырыппен неге әуестеніп жүрмін? Иә, бірнеше мақала жазғаным рас, бірнеше айтыстарға қатыстым. Біздің қазақ халқының тарихы зерттелмеген. Тиіп-қашты айтылып жүрген нұсқаларда даулы жерлер көп. Мұны бір жүйеге түсірмей болмайды. Өткенді білмей, бүгінгіні жасау қиын. Қазіргі әпербақандар руды зерттеуден ұлтшылдық іздейді. Бұл түбірінен қате. Ру дегеніңіз – тарих. Өзіңе дейінгі тергеуші мүлде бітеу адам екен. Ұлтшыл болмасаң, руда нең бар дейді. Мен күлдім оған.
– Айналайын-ау, бәйгеге қосатын атты да сонау арғы атасынан тартады ғой. Бұл пәлен айғырдың пәлен ұрпағы, пәлен биеден туған демей ме. Алматыда өтіп жүрген ит көрмесіне барғаның бар ма? Сонда асылтұқымды иттерді оның арғы тегі шотлан тұқымынан, ағылшын буданымен араласқан, неміс тікқұлағының қаны бар деп жатады емес пе. Сонда қазақтың жылқы, ит құрлы болмағаны ма? Әлде бара-бара жылқы мен иттен де ұлтшылдықты іздейсіңдер ме?
Шодыр мырс етіп күліп жіберді. Тергеуші оған адырая қарады.
– Неменеге мәз боласыз? Сізге де кезек келеді.
– Қандай қисынды сөз. Тергеудің жөні осы деп күлкілі жайға бармау керек қой. Тәңірдің сақалынан ұстап тұрғандай, мені сұраққа алғандар, тіпті адам деген атқа лайықсыз тұрпайылық, дөрекілік жасады. Қисынға жығылу керек, қисынға. «Мойында, мойында». Мойындағанды көбейтсеңдер, сендердің шендеріңді өсіре ме? Мойындамайтын дүниені адам қалай мойындайды. Мына Есбергенов тарихты зерттегенім ұлтшылдық екен деуі керек пе. Қат-қабат партия жұмысында жүріп, тарихи мәселелерге араласуға уақыт тапқанына рақмет айтпайсыңдар ма қайта. Ұлтының жазылмаған тарихын зерттеу неге айып? Мен бүл кісіні жақсы білем, тал бойынан ұлтшылдықтың бір тамшысын да таппайсыз. Ұлтын жақсы көру – ол патриоттық. Менің түсінігімде, өз ұлтын жақсы көрмеген, өзге ұлтты көгертпейді.
Осынау кит етсе, ұлтшылдықты жапсыра салатын әсіре қышыма дерт қайдан шыққан өзі? Осы біздің социализмге пайдалы ма?
– Рақмет, Феодор Афанасьевич! Мынау сөзді тауып айтқан ақылыңызға бас ием. «Әсіре қышыма дерт», «Әсіре қышыма дерт», «Сверхбдительный зуд», «Сверхбдительный зуд». Тамаша, тамаша!
– Тақылдамаңыз, Есбергенов.
– Бүгінгі тергеулеріңізге рақмет, – деді Жүсіп сәл күлімсіреп. – Мынау анықтаманы есту үшін ғана түрмеге түсуге болады. Сендердің бәрің осы қышыма дертіне шалдыққансыңдар.
– Тоқтат! – деп айғай салды тергеуші. «Әкет» дегендей Белозеров жаққа ым қақты. Екі милиционер екі қолтығынан алып, оны сүйрей жөнелді. Тергеуші мына екеуін беттестіремін деп пәлеге қалғандай болды. Тығырыққа тірелгендей сезінді өзін.
Жоқ, бұл екеуінің басын енді біріктіруге болмайды. Қонаққа бірге барғандарын мойындатам деп естіген сөздерін көрдің бе?
Есбергеновты жығып беру былай тұрсын, әлгі Белозеров оның қолтығына су бүркіп, қиялын шалықтатып кеткен жоқ па.
Өкіртіп таяқ жесе де, Жүсіптің мана Бәтиманың алдында еңсесі жоғары көрінгені осы шалықтаудың арқасы шығар. Тығылып, жанын жеп жүрген ойлар екі-ақ сезбен қалай сомдалды. Милиционермен егесіп отырғанында да сондай арқалану болды-ау деймін.
Келесі түнде тергеуші өзінше айлаға кешті. Жүсіпті жылы қарсы алған болды.
– Біздің жұмысымыз құдай атқан жұмыс қой, Жүсіп Есбергенович. Адам тіпті өзгеріп те кете ме деймін. Менің тарапымнан артық әрекеттер болды, әрине. Бірақ сіз де кем соққан жоқсыз. «Азғындар», «әсіре қышыма дерт» деген сөздеріңіз біздің қағазға түссе, саудаңыз бітті. Сондықтан өзіңізді де, өзгені де қинамаудың жолы қойылған айыпты мойындау, солай деп қол қою, мойындағандардың жазасы жеңіл деп жатыр.
– Тергеуші жолдас, кәмпит ұсынса, сылқ етіп түсе қалатын мен бала емеспін. Айтқан сөздерімнен айни қоятын әзірге ақылымнан да алжасқан жоқпын. Нені мойындауым керек? Жау болғаным рас еді деуім керек пе? Өз бойымнан өзім жаулық іздеуім керек пе, қайдан алам оны?
– Мойындағаныңыз жөн. Бұл бір ағым ғой.
– Ағым! Қандай ағым? Жоқты бар, өтірікті шын деген ағым ба? Ұрдым енесін ондай ағымның. Несіне біз революция ісіне адал болуға ант еттік. Адастыратын ағымның ықпалымен жүре беру үшін бе? Жоқ, ағым атаулының диалектикасына үңілуіміз керек.
– Диалектика-миалектиканы қайтесіз? Бала-шағаңызды ойламайсыз ба? Анау сұлу келіншегіңіз де өзіңізден сырт берді. «Совет өкіметіне іштей бір қыжылы болушы еді» деді.
– Оны да тергеуге алып жатырсыңдар ма? Оны да ұрып-соққан боларсыңдар?
– Тергеуге алдық. Бірақ әзірге түрмеге отырғызуға негізіміз жоқ. Шақырып тергейміз. Қайтарып жібереміз.
Осал жерінен ұстадым ба дегендей, Жүсіптің жүзіне күлімдей қарады. Бірақ ол міз бақпай сазарып отырып алды.
– Досыңыз Феодор Афанасьевичтің де сөзі өзгерді.
– Не деп?
– Филипп Исаевич Голощекиннің атына арыз жаздырған Есбергенов, – деді.
– Қандай арыз?
– Бала құсамасаңызшы, Жүсіп Есбергенов. Сіз ересек адамсыз ғой. Не деп жаз дегеніңізді өзіңіз білесіз де.
– Мұныңыз – басы ашық жала әрі арандату. Феодор Афанасьевичтің өз ақылы өзіне жетеді.
– Маған тегі күңгірт адамдарды жұмысқа тықпалады. Мысалы, әйелі ірі байдың қызы Малыбаев Ақылжан дегенді ауылдық Советтің председательдігіне бірнеше жыл ұстатты деді. Бұл да арандату ма?
Жүсіп ойланып қалды. «Иә, бұл жағдайды Феодор Афанасьевичтен басқа ешкім білмейді. Яғни айтып қойған ғой».
– Сіздіңше, сонда не? Тегі шикі деп жастарды далаға лақтырып тастау керек пе? Қамқорлық қайда? Парасаттық көрсетіп, барлық топты Совет өкіметіне тарту керек деген Лениннің өсиеті қайда? Малыбаевтың әйелінің байдың қызы екені рас. Бірақ ол қазір тұл жетім ғой, әке де, шеше де, бауыр, туысқан да жер аударылған. Жетімдерге көмектесейік деген ұранымыз оған жүрмей ме? Күйеуіне көмектесу – оған көмектесу. Көзі ашық жастар бізге көп нәрсе бере алады. Оларды оқудан шығарып жібергеннің өзі әділетсіздік. Социализмнің артықшылықтарымен қызықтыру керек еді. Көзіңнің қырын сал дегенім рас.
– Дұрыс. Мұны мойындадыңыз. Ал ашаршылық Совет өкіметі жасаған апат деп хат жаздырғаныңыз да шындық қой.
– Қазақ халқы үшін алапат болғаны рас. Оны 1932 жылғы июль айында болған өлкелік партия комитетінің VI Пленумы да мойындады. Taп сол қателігі үшін 1933 жылдың басында-ақ Голощекин орнынан алынды. Егер оған байланысты хат жазып жүрсе, Белозеров азамат екен. Өзімнің де, тіпті Москваға жазу ойымда болған.
– Міне, міне, жөнге енді келе жатырсыз. Яғни Белозеровке ықпалыңыздың болғаны рас.
– Мен оған хат жаз дегем жоқ.
– Бірақ іштей тұтасып, пиғылдас боп жаттыңыздар ғой.
– Ол сұмдықты Белозеров аудан көлемінде көрсе, мен облыс көлемінде көрдім. Әрқайсымыздың өз түйгеніміз болуы мүмкін.
– Аштық Совет өкіметі жасаған алапат деулеріңіз қалай? Осыдан кейінгі сіздердің ниеттеріңізді не деп түсінуге болады?
– Совет өкіметі жасаған алапат деп оның да, менің де айтуым мүмкін емес. Бұл – жекелеген басшылардың ауылдық жердегі өкімет саясатын бұрмалаудан туған алапат. Қазақ халқының өмір салтын ескермеуден, коллективтендірудің еріктілік принципін бұзудан, көрініп қалуға тырысқан атаққұмарлықтан болған алапат. Асыра сілтеудің көкесі. Тап осылай деп жазса, онда Белозеров молодец.
– Яғни Совет өкіметін даттағандықты сіз жақтайды екенсіз ғой.
– Совет өкіметін даттағандықты емес, тергеуші жолдас, Совет өкіметіне дақ түсіретін кемшіліктерге жаны төзбейтіндерді жақтаймын. Ол әрекеттен адалдықты көрем. Бұрмалау қаныңызға сіңіп кетіп жүрмесін. Ол дерттен сосын бүкіл қаныңызды түгел ағызып жібергенше құтыла алмайсыз. Ал бұл – өте ауыр процедура.
– Дерт, дерт. Сіздің аузыңыздан осы бір сөз түспейді екен. Совет өкіметін дерт, Қазақстанды жайлаған дерт. Сау қалған жер, сау қалған жан бар ма өзі?
– Міне, бұл – тағы бұрмалау. Көзді бақырайтып қойып бұрмалау. Мен нақты адреспен айтам, сіз болсаңыз обобщение жасап жібересіз. Сосын барып «жау табылды, өзі мойындады» деп айғайлайсыз.
– Өз жұмысының нәтижесіне қуанбайтын адам бар ма?
– Адалды арам деу де, жазықсызды жау деу де нәтиже болып па?
– Бұл сіздің бүкіл НКВД-ға берген бағаңыз ба?
– НКВД-ның жақсы дәстүрлері толып жатыр. Совет өкіметінің алғашқы жылдары оның қаһармандары ғажайып ерлігімен есте қалды. Шынайы тап жауларын да талқандап берді. Бүгін де олардың ішінде ақылдылары, социализм жеңісінің шын күзетінде тұрғандары аз емес. Бірақ жетесіз жолбикелер де жетеді. Күні кеше жауапты қызметте болған мына біздерді қарақшыдан арман қан жоса етуді не деп түсіндіруге болады? Советтік заңның гуманистік сипаты неге бұрмаланады?
– Сіз обкомның бюросында отырған жоқсыз.
– Бір зиялы адам айтқан екен: мемлекет саясатының дұрыстығын білу үшін түрмелерді аралау керек деп. Түрме толы болса, демократияның көтін қысқаны.
– Сіз біздің қоғамдық құрылысымыздың гуманистік сипатына шәк келтіресіз бе?
– Тағы бұрмалау. Тергеудін «нәтижелі» болуына тағы күш салу. Егер түрмені көбейтіп алсаңыз, қоғамдық құрылысыңызға сенімді жоясыз.
– Неге менің қоғамдық құрылысым? Сіздікі де емес пе? Жауапты партия қызметінде болған жолдас.
– Құрылысым болса, құрылысымның атынан неге түрмеде жатырмын.
Тергеуші мұртынан күлді. Қақпалап біраз жерге әкелді-ау. Қызба адамдардың осылай қақпанға оңай түсіп қалатыны бар.
– Сонымен, бәрін мойындадыңыз ғой. Енді қол қоюыңыз ғана қалды.
– Нені мойындадым? Сіздердің басты қояр айыбыңыз ұлтшылдық-буржуазиялық оппозицияны қолдаушы деген тұжырым ғой. Жапонияға, Қытайға Қазақстанды өткізбек болғанбыз ғой. Соны дәлелдеңіз.
– Совет өкіметіне қыжылы бар адам қай елге болса да сатудан тайынбайды.
– Қандай қыжыл, тағы да долбар, тағы да жала. Жаны қара иттер. Ең болмаса жастығымды ала жатайын.
Жүсіп өзін-өзі ұмытып, астындағы орындықпен періп жіберуге ыңғайланып еді, шуды естіген екеу шап беріп қолын артына қайырып, ұстай алды.
Тергеуші оң көзін қысып қалды. Ымның тіліне әбден төселгендер дедектетіп, Жүсіпті сүйрей жөнелді. Артына бұрылып қарап еді, тергеушінің жыландай сұп-сүр жүзінен ызғар ұрып түр екен. Екі көзінен қан көргендей болды. Катыгездіктің де шегі жоқ екен, ә. Мұндай жандарды жер қалай көтеріп тұр.
Тергеуші терезеге қарағанда, сілемдеп атып келе жатқан таңды байқады. Үйге қайту керек. Күндіз тынығып, кешке қайта айқасқа түседі. Өзін бір күрескердей сезініп, екі иығын қомдап қойды. Атып келе жатқан таңды жара біреудің құлындағы шыңғырған даусы естілді. Бұл Жүсіптің даусы екенін ол іштей сезді. Екі құлағын баса қойды. Қолымен істегенін құлағы естігісі келмегендей. Шыңғырған дауыс екі-үш дүркін естілді де, талықсып барып тынды...
Тап осы сәтте анасының айғайынан үйдегі Жәңгір мен Жадыра атып тұрды. Бәтима:
– Ту, түсім екен ғой. Пісміллә, пісміллә, – деді. – Құрғыр, мұндайда қандай жақсы түс енуші еді.
Ентігін баса алмай, балаларынан су сұрады. Күнделікті графинде тұратын қайнаған су да бүгін қас қылғандай жоқ болып шықты. Жатарда Жәңгірдің институттан шыққанын естіп, біраз бей-жай болып еді. Құйып қоюды ұмытып кетіпті ғой. Жадыра суды краннан әкелді. Екі-үш жұтқаннан кейін шешелері «үһ» деп басын жастыққа қайта салды.
– Қатты шыңғырдыңыз ғой, мама.
– Шыңғырмай қайтейін. Үлкен бір қара бүркіт папаңды бүрген күйі қанын сорғалатып әкетіп барады. Ғұмырымда мұндай ірі бүркіт көрсем көзім шықсын. Қозыны, түлкіні, қоянды іледі дегенді естуші едім, адамды көтерген бүркітті көргенім сол. Ай, мынау – жаман түс. Мыналар папаңды босатпайды екен. Жатыңдар, сор маңдайлар.
– Да, ну, мама! Түске сенесің бе? Бұл бір түсінбестік. Папамның еш жазығы жоқ. Олардың әлі-ақ тас-талқанын шығарады, – деді Жәңгір.
– Қайдам, қайдам! Газеттерді көрмейсің бе? Күнде жау шығып жатқан жоқ па. Неғылған қаптап кеткен жау? Енді Орталық Комитеттің өзіне ауыз салыпты ғой. Осылар папаңа бірдеңе жасады-ау деймін. Бойым қалтырап барады.
– Тыныштал, мама, это нервы, – деді Жадыра.
Тете өскен екі баласына көзі түсіп еді, бітімденіп, кәдімгідей жігіт болып қалыпты. Жәңгір – сойып қаптап қойған әкесі. Тікірейген шашы да, оның қайраттылығы да аумайды. Бұлшық еттері нып-нық. «Спортпен шұғылдан» деп әкесі маза бермейтін, мынау – соның пайдасы. Жадыра сәл өзіне келіңкірейді, әсіресе танадай көздері. «Сен қыз болып туғанда, соңыңнан жігіттер қалмас еді» деп папасының сан қалжыңдағаны бар.
– За то қазір қыздар өле жаздайды, – деп мақтанған баласы.
– Сен оған мақтанба, қыздар көп қызыққан жігіттер жеңілтек болып кетеді. Біреуіне жіп байла да, мықтап ұста. Мына мамаларыңа бір көргеннен-ақ құлап түскенмін. Өзі де құлап түсті. Солай ма?
Қалжыңсыз отыра алмайтын күйеуіне қиыла қарады да, Бәтима:
– Құлап түспесем, жер түбі Алматыға соңыңнан кетіп отырам ба? Құлап түскендіктен шығар, – деді.
– Алғашқы махаббат қашан да адал болады дейді ғой, – деді Жәңгір.
– Алдамшысы да болады. Абайла, сенің жасың – нағыз кіршіксіз махаббаттың жасы.
Осы бір айрандай ұйыған жарастық неғып шат-шәлекей болды? Мынау «халық жауы» деген пәле қай жақтан сап ете қалды? Бәтима «үһілеп» аунап түскенде, екі баласы ұйықтап кеткен еді. Енді олардың ұйқысын бұзбайын деді де, үһілегенін қойып, көрпесіне тығыла түсті. Бірақ безгек ұстағандай бойы қалтырап барады. Әлгі құрғыр үлкен бүркіт көз алдынан кетпей қойды. Бас жағына қойған стаканнан суды тағы екі-үш рет жұтты. Аузы біртүрлі кермек татып, суға сүйсіне қоймады. Ауырып қалған жоқ па екен? Бойы неге қалтырайды, аузында неге дәм жоқ? «Мама, это нервы» деген Жадыраның сөзі есіне келді. Тынышталып көрейінші, мүмкін, басылар. Неге екені белгісіз, қолы ірге жақты сипалап еді, сұп-суық қабырғаға тиді. Бойын бір түрлі балқытып жіберетін Жүсіптің денесі жоқ, меңіреу қабырға. Жамылған көрпенің астында көзден ағыл-тегіл жас кетті.
...Бәтима енді есіктің қатты тарсылынан шошып оянды, тұтқасын жұлып алатындай бүкіл үйдің қабырғасын солқылдатып әкетіп барады. Екі бала да төсектерінен атып-атып тұрды. Халатын иығына жамыла салды да, Бәтима есікке өзі барды. Таң атып, күн де шыққан болу керек. Үйдің іші жап-жарық. Есік қайта тарсылдады. Ғұмыры бүйтіп бұл есікті ешкім қатты қақпайтын.
– Кім бұл, неге сонша қатты ұрасыңдар? – Бәтима ашумен айтты бұл сөздерді. Жүсіп ұсталған соң, енді көршілер де басынайын деген бе деген ой келді.
– Ашыңыз!
– Бұл кім? Жөндеріңді неге айтпайсыңдар?
– Бұл НКВД-дан.
Сыбырлаған дауыс шықты.
Бәтиманың денесіне біреу ыстық су төгіп жібергендей болды. Үні шықпай, қолы қалтырай берді. Ілгекті таба алмай, сипалап тұрыңқырап қалды. Осы кезде жеңіл киініп үлгерген Жәңгір жүгіріп келіп, сұқ саусағымен ілгекті жоғары қарай қағып жіберді.
Жай киінген үш адам. Ызбарлана үйге кірді. Жан-жақтарына қарады. Біреуі тінтуге деген рұқсат қағазды көрсетті. Үшеуі үш жерде қаққан қазықтай мелшиді де қалды.
Үшеуі үш жақтағанда әп сәтте екі бөлме үйді астан-кестең етті. Қарамаған жері, тінтпеген бұрышы қалмады.
Бір топ кітапты жиып бір бөлек қойды. Әлгі қағаз көрсеткені жазба столындағы біраз қолжазбаны аударыстырып, үңіле оқыды.
Анда-санда мелшиіп тұрған үшеуіне көзінің астымен сұқтана қарап қояды.
– Сіз киініңіз, – деді Бәтимаға қарап.
Екі баланың көзі адырайып кетті. Жәңгір үлкендігін жасап, қобыраған қағаздардың ортасында отырғандардың қасына келді де:
– Шешемді де ұстамақсыз ба? – деді.
Ол үндеместен қолындағы «Есбергенова Бәтиманы қамауға алу жөніндегі» қағазды көрсетті.
– Ужас! – деді Жәңгір айғай салып.
Жадыра жылап барып, шешесінің мойнына асыла кетті. Үйді әлі тінтіп жүрген үшеудің бірі оны көкірегінен итеріп, кері шегерді.
– Бөгет жасама! Киінсін шешең.
– Бұл үйді бүгін босатасыңдар. Үй енді сендердікі емес.
– Сонда біз қайда барамыз? Бізді де қамаңдар. Әке-шешемізден артық емеспіз, – деді Жәңгір.
– Тіліңді тарта сөйле, жігітім. Асықпасан саған да кезек келер. Үшеудің ішіндегі біреуі қазақ еді, ол қазақшалап осылай деді.
Киініп жатқан Бәтима баласына қарап қолын шошайтты. «Дымың ішінде болсын» дегені. Келгендер «әйел ғой, жылайтын шығар» деп күткен еді. Жоқ, Бәтима белгісіз бір қайратқа мінгендей. Балаларын жасытқысы келмеді ме, әлде мынау мейірімсіздерге тас түйін болып ішінде қан қатты ма, әйтеуір бір бекемдік бітті бойына. Тінтуге кеткен үш сағаттан астам уақыт екі ұлды да өзінше ширатқандай. Бедірейген күйі олар да қайтып сыр бермеді.
Бұлар далаға шыққанда көшкендеріне үш жыл болған жиырма пәтерлі екі қабат үй мүлде жансыздай көрінді. Бітеу қара машина келісімен бәрі індеріне тығылған суырдай жоқ болса керек. Бір-екі терезеден сығалаған бастар көрінген еді, олар да бітеу қараның есігі ашылғанда жоқ болды. Бүкіл ауладан бұларға жанашырлық білдіруге жарайтын бір адамның табылмағаны ма? Мынау келгендердің сұсы екі қабат үйдін есіктерін түгел жапқандай.
Жабық, жат машинаға мініп жатқанда Бәтима қалшиып тұрған екі баласына қарап:
– Дүлдүл тәтелеріңе жетіңдер, мұнда қалмаңдар, – деді.
Машинаның артынан бұрқ етіп шыққан түтіннен екі бала да жиреніп кетті. Иісі неткен ащы еді. Әлде өзектері өртеніп тұрған соң солай көрінді ме?
Астан-кестең болып жатқан бөлмелерді көріп, Жадыра ашу шақырды.
– От қойып өртеп жіберейін бе? Ақыр бізге жоқ үй ғой.
– Пәлеге пәле жалғағың келіп тұр ма? Дүлдүл тәтеге қалай жетеміз. Кешке бұл үйді құлыптаймыз деп кетті ғой, – деді Жәңгір.
– Жоқ, вокзалға қонсам да, папам мен мамама бір жолықпай кетпеймін.
Жадыраның жаутаңдаған көзіне қарап, Жәңгір оны аяп кетті. Мұның арқа- сүйері енді өзі ғана ғой. Үлкендіктің жауапкершілігі мойнына түскендей. Амалды да, ендігі тіршіліктің жолын да ағайынды екеуіне өзі іздеуі керек. Әке мен шешеден тірідей айырылу деген не сұмдық. Жаңағы келгендерде мейірім дегеннен ештеңе бар ма, өзі. Жоқ әлде құр нұсқаудың құлы ма? Бір жапырақ қағаз мынау үйдің әлем-тапырағын шығарды, бір жапырақ қағаз көз алдында анасын бітеу қара машинаға апарып тықты. Әкесін жұмыстан әкетті деп естіген-ді. Шешесін ұстағанды өз көзімен көрді. Бұл не сұмдық! Анау бітеу қара машина енді қаншаның басын жұтар екен?

4

Феодор Афанасьевичтің жауап беруге шамасы жоқ. Оң бүйірі пышақпен тілгендей әкетіп барады, бауырын жаза алмай бүрісіп қалған. Жүсіп Есбергеновты қолдағаны үшін алған сыйлығы. Кеспелтек таяқ секілді қатты бірдеңемен періп өткенін біледі, ар жағында есі ауып кеткен. Енді, міне, жанын қоярға жер тапқызбай ауыртып барады. Бүйрегін жарып жіберді ме, әлде бауырына зақым келді ме, екінің бірі. Шала жансар күйі таң алдында тергеушінің алдына әкелді.
Жүсіп екеуін беттестірген сұстының өзі. Көзі айранданып кетіпті. Бетіне қайта қарауға бүйірі тесіп жібермейді. Бүкжиген күйі бүрісіп отыр. Тергеуші мұны сағы сындыға есептесе керек. Қоқилана сұрақ қойды.
– Сверхбдительный зуд теориясын шығарған мырза, халіңіз қалай? Феодор Афанасьевич үндеген жоқ. Ашу жеңейін деді ме, әлде бүйірінің ауырғаны сәл де болса азайды ма, пышақша тілген жағы әнтек саябыр.
– Мен сізден сұрап отырмын ғой. Есбергеновпен кіндігініз жабысып қалған ба өзі, немене?
– Ондай адаммен жабысқан кіндікте арман жоқ.
– Шекеңіз қызған екен. Ол бәрін мойындады. Өз ниетімді жүзеге асыру үшін Белозеровтың қазақша жақсы білетінін пайдаландық, – деді.
– Қандай ниет?
– Ұлтшылдық ниет. «Қазақтар орыстын аузынан шыққан сөзге бізден гөрі әлдеқайда артық сенеді. Өз тілінде сөйлегендерге олар жанын беруге әзір. Міне, сонысын пайдаландық» деді.
– Сонда мен не, оларды Совет өкіметіне қарсы қойыппын ба?
– Иә, иә, жаңа жөнге келе жатырсыз. Сіздің қулығыңызға құрық бойламайды, өз тілінде жалман сөйлеп, жыланша ішке кіріп кетеді, – деді.
– Есбергенов тап осылай деді ме?
– Олай демесе мен ойдан қалай шығарамын.
– Кезекті арандату мұныңыз. Көк төңкеріліп жерге түсті дегенге сенермін, ал мұндай сөзді Есбергенов айтты дегенге сенбеймін.
– Жан тәтті, жолдас райком. Ату жазасына бұйырарлық айыбыңыз бар дегенде ыршып түсті, бәрін айтты.
– Бәрі дегеніңіз не сонда?
– Жасырын ұйыммен байланысы бар. Сіз секілділерді астыртын арандату әрекеттеріне тартқан. Әйтпесе қоймада астық тұрып, аудан халқының үштен бірін неге аштан қырғансыз?
– Ол астықты мемлекеттік қор деп бергізді ме? Берсек, алдымен мына сіздің система жармасатын еді. Айырықша бақылауларыңызда болды емес пе. Осы өтірік пе?
Тергеуші бұл сұраққа жауап беруден жалтарды. Өз-өзінен ыңылдап отырды да:
– Сөйте тұра Голощекин жолдасқа айып хатын жазасыз, ә, – деді.
– Айып хат емес, шындықтың ащы хабары десеңіз орынды болар.
– Бұл – айла. Қастандық әрекеттерді бүркемелеу. Ондай бұлаң құйрықтың талайын көргенбіз.
– Ол хатта менің ұсыныстарым бар. Бұлаң құйрыққа салған адам ондай ұсыныстар айта ма?
– Белозеров! Ол хатыңыз, шынын айтқанда, антисоветтік хат. Сізді айыпқа тарту үшін соның өзі-ақ жеткілікті. Бұлтара алмайсыз. Оған келіп Есбергеновпен ауыз жаластығыңыз қосылса, ойлай беріңіз, тағдырыңыз не болғалы тұр. Ал Нарғазы дегенмен тіпті қаныңыз араласып кеткен. Оның арғы тегінің кім екенін білесіз бе?
– Тегінде шаруам жоқ. Жасымыздан тамыр екеніміз рас.
– Міне, райком жолдас, таптық тұрғыдан келуді ұмытқансыз. Таптық. Қырағылықты аяқасты еткенсіз. Ондай жағдайда кіммен болса да ауыз жаласуға адам әзір тұрады.
– Таптық көзқарас – кең ұғым. Ол бір тапты бір таптың мүлде құртуы емес. Әрине, ашық күреске шыққандарды аластау керек. Ал өзінің жаратылысында кедей табына бүйрегі бұрып тұратындар болса ше?
– Міне, біздің келісе алмайтын жеріміз осы. Сіз ымырашылдықты қолдайсыз. Біз бітіспестікті қолдаймыз.
– Сонда, сіздіңше, бітіспес күрес ғұмыр бойы жалғаса беруі керек пе? Бүгінгі кедей де жақсы өмірге кенеледі, айталық, 10-20 жылдан кейін. Одан тұрмысы төмендер енді соларға қарсы күреске шығуы қажет пе. Бітіспестік пиғыл бітіспес күресті балалата береді.
– Сіз Сталин жолдастың еңбегін аз оқыған адамсыз ба деймін.
– Мен тап күресінің диалектикасына жүгінгім келеді. Революция жасағанның өзінде қан аз төгілсін демеп пе еді Ленин.
– Сталин сізден диалектиканы аз білгені ме? Революция құрбандықсыз болмайды.
– Сіз неге қисайта бересіз. Сталинге апарып тірей бергендегі мақсатыңыз не? Құрбандықтар жалғаса берсе, құримыз ғой онда, мен ондай көзқарасты түсінбеймін.
– Гәп осы көзқарастағы шикілікте, жауыздық та көзқарастан шығады.
– Онда, сіздіңше, адамның бәрі бір қалыптан шыққан кірпіштей ойлауы керек қой. Бір ғана ой ойлап, бір ғана киім киіп дегендей. Меніңше, тап күресі жөніндегі тұжырымды қазақ даласының өзінде басқаша қолдану керек еді. Міне, Есбергенов екеуіңіздің тағы да түйіскен жерлеріңіз. Осыдан кейін де тағылып отырған айыпты мойындағыларыңыз келмейді. Ауық-ауық алашордашылармен ауыз жаласып қаласыздар.
Тергеуші талма жерден ұстағандай қоқиланып қалды. Осы кезде Феодор Афанасьевичтің бүйірі қатты ауырып кетті. Шыдай алмай орындықтан сылқ етіп жерге құлады. Тістеніп көзін жұмып алыпты. Әрең деп жүресінен отырды.
– Тергеу әлі біткен жоқ.
– Сабап-сабап саясатқа салғыларыңыз келеді. Бұл да таптық мүддеден туған тәсіл ме. Алашорда жөнінде не білесіз сіз? Мен – олармен бетпе-бет күрескен адаммын. Шын ұлтшыл деп соларды айту керек. Олар Қазақстанды бөліп әкеткісі келген. Тәуелсіздік деген желеумен өз алдына мемлекет құрамыз дейді. Ақтарға қарсы күресте сан араңдатуға барды. Қызылдарға қарсы ашық күреске шақырды. Біздің көзқарасымыз оларға мүлде қарама-қарсы ғой. Енді солармен шатастырғыларың келгені есекке апарып құлынды емізгенмен тең.
– Сіз қыршаңқы сөзді Есбергеновтен үйренгенсіз бе?
– Ол – қыршаңқы сөздің емес, мірдің оғындай өткір сөздің шебері, тиген жерін ойып түсетін зеңбіректің оғы – оның сөзі.
– Мақтаңыз, мақтаңыз өзіңізді сатып кеткен досыңызды.
– Мына тәсілмен, мына күйлеріңмен әкені балаға, баланы әкеге қарсы қоясыңдар. Әсіресе, қышыма дерт деген осы.
– Дерт, дерт, – деп айғай салды тергеуші. – Тағы да Есбергеновпен түйістің. Кете алмайсың айналақтап одан.
Манадан сыпайы болғансып отырған ол «сенге» көшкенін білмей де қалды.
– Жауап беруге енді шамам жоқ. Бүйірім әкетіп барады. Жақсылығыңыз болсын, бүйтіп қинағанша, атып тастаңызшы, – деді Феодор Афнанасьевич тістеніп.
Оның бұл сөзін тергеуші сағы сынды деп түсінді. Енді біраз осы күйінде қысса, дегеніне жетеді. Бұл – өзін-өзі ақтаған тәсіл.
– Ғафу етіңіз. Ауруды тілеп алған өзіңіз. Қасарыспай «бәрін мойындаймын» десеңіз бітті. Біз бәрін тексергенбіз, бәріне көз жеткен. Еліміздің бас прокуроры Вышинский жолдастың айтуы бойынша, «өзі мойындағаннан артық айғақтың керегі жоқ».
– Зорлап мойындатқандарың да айғақ бола ма?
– Зорласақ, осылай пәлен сағат ежелесіп отырамыз ба? Қылмыскерлермен бүйтіп жылы сөйлесу еш елде жоқ шығар. Ол да – социалистік әділеттіліктің бір белгісі.
Белозеров мырс етіп күліп жіберді.
– Ауырып отырғаныңыз қайда? – деді тергеуші селт етіп.
– Ащы күлкі аурудан басым болады екен.
– Күлкіңізді жия алмай қаларсыз. Қойыңыз мынаған қолыңызды! Тергеуші табақтай бірнеше бет қағазды ұсынды. Бүріскен күйі Белозеров стол қасына қелді. Жаңа ғана жазылған қағаз емес, күні бұрын дайындалған қағаз. Көзі бұлдырап біраз тұрды да, оқи бастады. Оқыған сайын бүйірі тесіліп келе жатқандай жанын шығарды. Шыдады, оқыды. Жаны қинала оқыды.
– Осының бәрін мойындасам, тап осы жерде атасыз ба?
– Қылжақты қойыңыз да, қол қойыңыз. Атылып үлгересіз. Тергеуші қолындағы қаламды ұсынды.
Феодор Афанасьевич күшін жинап, басын көтерді де:
– Қандай қара бетсін, ә, – деп алдында тұрған айран көздің бетіне былш еткізіп түкіріп жіберді. Аузына жиналып қалған түкірік емес, қан екен. Айран көздің сүйкімсіз жүзін жоса-жоса етті. Қан қайдан келді, бүйірінің қаны лықып аузына келгені ме? Әлде бұлар ұра-ұра өкпесіне зақым келтірген бе? Белозеровтан мұндай қылықты күтпеген тергеуші сасқалақтап қалтасынан орамал іздегендей болды. Феодор Афанасьевичтің көзі бұлдырап, ар жағында не болғанын білген жоқ. Айран көздің ерекше белгісімен келген екеу ессіз жатқан адамды сүйрей жөнелді.

5

Нарғазы суыт жүріспен ауылына тартты. Дәмелінің «жол қашық, бір қонып аттансаңшы» дегеніне де көнген жоқ. Жай-жапсарды оларға тәптіштеп айтуға да дәті бармады. Дегенмен әнеукүні Дарын ұсталыпты деген әңгімеден көңіліне секем алған зерделі Дәмелі:
– Шодыр аман ба екен, өзі, – деді.
– Аман болса, бүйтіп түнеріп қайтам ба! Мынау – мен түсінбейтін бір алапат. Шодырлар, Дарындар жау болды, сонда досымыз кім? Мен енді Жүсіптен анық-қанығын білейін, бізден гөрі көзі ашық қой. Сол үшін асығып тұрмын.
– Ойбүй, Жүсіпті де ұстапты. Кеше газеттен оқыдық деп бүкіл ауыл шулап жүр. Еркінбай болыс митингі өткізіпті. Сірә, тапсырма бар-ау деймін. Жаман сөздер айтылыпты. Олардың айтқанына сенсек, қаптап кеткен жау көрінеді. Бір ғана Темірбек күдік айтыпты. Оған бастықтар тарпа бас салыпты. Қайша да сөйтіп бүлдіріп ала ма деп, Малыбай балаларға шауып кетті. Ақылжанға да ондай жиналыс өткізуге тапсырма болған шығар.
Әпкесінің бұл әңгімесі Нарғазыны тіпті асықтырған-ды. Үйіне келгенде әйелі Зейнеп үрейлене қарсы алды. Інілері Жанғазы мен Ерғазы бала-шағаларымен жетті. Нарғазының амандығына, әйтеуір, шүкір десті. Газеттің хабары бұлардың да зәресін алыпты. Шодырдың ұсталғанын естігенде, бәрі тұнжырап кетті.
– Мен мұнда отырмайын. Ертеңгі поезбен Алматыға барып қайтайын. Ең болмаса достық парызымды өтеуім керек қой.
– Өзіңе бір пәле жабысып жүрмес пе екен? – деді Зейнеп.
– Олардан жаным әулие ме? Не де болса тәуекел. Анық-қанығын біліп қайтайын.
Жанғазы мен Ерғазы бұған қарсы болған жоқ.
– Адамның адамшылығы басқа күн түскенде. Әншейінде елдің бәрі жалпақбай, шын парасат осындайда сыналады, – деді Жанғазы.
– Өзімізге асқар таудай еді. Не жазып қалды екен азамат. Мынау «жау» деген аты жаман тіпті.
Ерғазы ағасының көңілін жұбатқысы келді ме, әлде теміржолдағы шын жағдай солай ма:
– Оған мән бермей-ақ қойыңыз, үйреніп келе жатырмыз ғой. Біз жұмыста бір-бірімізге ашулансақ та, «сен халық жауысың» дей саламыз, – деді.
Нарғазы мырс етіп күлді.
– Жетісіпсіңдер. Қазір ойнасаңдар да сөйдеп айтасыңдар. Артынан бір-біріңді көрсетсеңдер қайтесің? Айтар ақылым ізнәһар желігуші болмаңдар. Ірі байларды тәркілеу кезінде сол желіктің салдарынан талайлар нақақтан- нақақ кеткен болатын. Мынау одан да сұрапыл бірдеңе ме деймін. Жүсіп пен Шодыр қандай жау, көкем-ау!
Поезға Нарғазыны Ерғазы ғана шығарып салмақ болды. Зейнеп жолдың азығын дайындады. Жинап жүрген тиынын түгел қалтасына салды.
Вокзал басы ығы-жығы. Бүкіл станция осы жерге жиналғандай. Жолаушылар поезы келердегі бұл көрініске Ерғазы үйреніп қалған. Тұз заводынан мұнда ауысқанына біраз болды. Белі кеткеннен бері ауыр жүк көтеруге болмады. Содан жол қараушы болып орналасқан. Өзге туысқандар үшін станция басында бір үй бар, келіп-кетіп жүреді. Шай-қант, кәмпит осылардын мойнында. Теміржолшының қара шинелін, күнқағарын алғаш кигенде, Ерғазы өз-өзіне біртүрлі болып жүрді. Кимейін десе – тәртіп. Ақыры бірте-бірте үйренді. Жекеменшігіне үй сатып алды, ағайын-туғаны жабылып ақша жинап берген-ді. Нарғазы мұның үлесіне деп үш қара сатты. Міне, енді соның рахатын көруде. Лепсіге келсе, қайда түсем демейді. Құрақ ұшып қарсы алатын інісі бар. Анда-санда аңшылықты сағынғанда, інісін демалыс күндері ауылға алып кетеді. Ол жастайынан құралайды көзге атқан мерген болатын. Теміржолшы атанып қор болып жүр. Әйтпесе аңшының төресі. Жақсы бір тазысын поез қағып өлтіргеннен бері аңға шығуды сиретті. Әр ауылға құлақ түріп, жақсы қүшік бар екен десе, елең ете қалады.
– Бастұмада күшіктейтін тұқымы тәуір тазы жоқ па екен, – деп қалды ағасына кеше кешкі шайда.
– Сенің мына абыр-сабыр станцияңда оны тағы поез қағып өлтіреді ғой, әйтпесе біреуден бір қараға бергісіз бір күшікті көрдім, – деп қалжыңдаған ағасы.
– Ақшаға бере ме екен, қанша сұрайды? Біз ақша сауған адамбыз ғой.
– Сенің ақшаңды қайтсін. Мал баққан ауылға мал керек.
– Онда сіздің қораға түсем ғой.
– Сен әуелі мына үйіңе кеткен үш қарамнан құтылшы.
– Ағайын арасында есеп жүре ме екен. Ол сіздің маған берген көмегіңіз емес пе, – деді Ерғазы еркелей.
– Есептеспесе, қазақ бұрын есептеспейтін. Енді есептеседі. «Есепті дос ел болмас» деуші еді, енді заман езгерді.
Ерғазы ағасының қалжыңдап отырғанын, не шын айтып отырғанын аңғара алмай қалды.
– Анау Ақылжанның үйленгеніне де сән-салтанатымызбен бара алмадық. Көргеніме мәз болып мен қайттым. Уақыт кең болса сөйтер ме едік. Қысып бара жатқан бірдеңе. Бірақ, әйтеуір, Дәмелі келінге жарыпты. Қуанғаным сол, өзі мұғалім. Сен биылғы демалысыңды соларға арнасаңшы. Ақша сауған адамсың ғой.
– Сіз осы сапардан аман-есен оралыңыз. Сосын бір қисыны болар. Будақтатып-бұрқыратып, ойбайлатып-айғайлатып отарба қастарынан өте шықты. Сарт-сұрт еткен дөңгелек даусы ештеңе естіртпейді. Оныншы вагонға бұлар да ұмтыла берді. Ірі денелі ағасының артынан қоржынды көтеріп Ерғазы келе жатты. Арттарынан осылардың қозғалуын күткендей бір үшеу ілесті. Озып барып, вагонның алдында тұра қалды.
– Нарғазы Тұрғанбеков сіз бе?
Екеуі – қазақ, біреуі – орыс.
– Иә, менмін.
– Онда бері жүріңіз.
Сәл шеттеп барып жастау біреуі қолындағы шағын қызыл куәлігін көрсетті.
– Біз НКВД-дан. Бірге жүресіз.
Ерғазы мойнындағы қоржынды сылқ еткізіп жерге тастап жіберді.
– Маған да жеткен екен ғой, – деді Нарғазы күрсініп.
Бесеуі вокзал жаққа қарай жүрді. Ерғазының көзі қалтарыста тұрған қара машинаға түсті. «Қара пәле қармағыңды бізге де салдың ба» деді ішінен.
Нарғазы кілт тоқтай қалды да, төс қалтасына қолын салды.
Орамалға түйілген бір буынтықты алып:
– Мынаны Зейнепке бер. Ол сорлы үйдегі барлық ақшаны менің қалтама салыпты ғой, – деді.
Әлгі үшеу түйіншекті сұрады. Оны ашып көрді де, ақша екеніне көздері жеткен соң, қайтып берді.
– Тұрғанбеков, біз сіздің қолыңызға қол кісен салуымыз керек, тәртіп солай. Ел кезінен аулақ кеттік қой.
Нарғазы бірден түсінді. Поез басында қол кісен салса, мынау ірі адам қарсылық жасап шу шығуы мүмкін. Сондықтан да ол арада кісендемеген. Енді салмастарына болмайды. Нарғазы өз еркімен қолын ұсынды.
– Артыңызға!
Нардай ағасының қолы артына қайырылып, кісен түскенде, Ерғазы өкіріп жылап жіберді.
– Тоқтатыңыз, – деді қазақтың біреуі.
– Не үшін, қандай жазығы бар?
– Жазықсыз адамды біз ұстамаймыз.
– Ерғазы, – деді зілмен Нарғазы, – Жасыңды тый. Тұрғанбектің үш арысының күні өткелі қашан. Құдай жазды, біз көндік. Амалдарыңды ойлаңдар.
Сосын әлгі үшеудің үлкендеуіне қарады да:
– Кеңдеу кісендерің жоқ па, мынау қолымды кесіп барады, – деді.
– Ең үлкен размері осы, – деді қазақтың біреуі.
– Тұтқындарыңның мөлшерін білмегендерің қиын екен. Нарғазының кекесін сөзіне қазақтың біреуі шамданып қалды.
– Ал, азамат, енді сіз қалыңыз, – деді Ерғазыға бұрылып. – Ағаңыз әзірге НКВД-ның аудандық бөлімшесінде болады.
– Сосын?
– Сосын, сосын! Оны жоғарғы жақ шешеді.
Осы кезде қара машинаның үңірейген артқы есігі ашылды. Одан әрең сиған ағасын көріп, Ерғазының қалшиып тұрған жерінде көз жасы көл болды. Бүкіл Қармыстың алтын діңгегі қирады-ау енді. Осынау даланың арландай көрінетін азаматты мынау адамдар қара пештің өңешіне тыққандай сүңгітіп жебергенін қарашы. Не жазығы бар? Қазақтың бір баласы осындай болсын деген нарлығы үшін бе? Адам паулыға мейірленіп тұратын жайсаңдығы үшін бе? Батыр да сері тұлғасы үшін бе? Совет өкіметіне не жазды? Сонау Черкеш қорғанысына ағайынды үшеуі, әуелі әпкесі Дәмелі де қатыспады емес пе, ақтарға қарсы күреспеп пе еді. Кедейге деген ықыласы үшін Совет өкіметін жақсы көрмеп пе еді. Ол абзал азаматтар Жүсіп пен Шодырға жанын бермеуші ме еді? Соларға деген жанашырлығымен достықтың ақ сапарына шықпап па еді. Нарғазысыз бүкіл ауыл, осынау төңірек жетім ғой. Түздің аңы да, құландай жортқан өзінің қыры да оны сағынбай ма, жоқтамай ма енді. Оу, қара пәле-ау, ең болмаса алатын адамдарыңды таңдай білсеңші. Жақсылар жалқы туады. Оларды неге жаланың құрбаны етесің? Шодыр мен Жүсіптің ұсталғанының қырсығы тиді-ау, тегі. Жан апа-ау, аруағың қайда, қорғасаңшы Нарғазыңды!
Кенет Ерғазының көз алдына поезд астына түсіп өлген тазысы келді. Ағасы екеуі қан сонардың алғашқы күні түлкі ізіне түскен-ді. Қуанышында шек жоқ еді. Тегі жасынан Нарғазының қасына ерсе біртүрлі жоталанып кететін. Бұл жолы да солай. Шыбықжиренді ағасы, Топайкөкті өзі осы саятқа екі күн бұрын дайындалған. Бұл жақтың түлкісі қырмызы қызыл тым әдемі келеді. Қарға аунаған соң тіпті құлпырып кетеді. Ерғазының мақтап жүрген тазысын Нарғазы өз көзімен бір көрмекші. Жылқы баласы мен ит баласына бұл өңірде өзінен асқан сыншы жоқтай көрінетін оған. Ерғазы да қанжығасының бүгін қай кездегіден де қанды болуын қалайды.
Ақ мойнақ бір ізге түсіп кеп берді. Түлкінің ізі. Ағасы мен інісі де ит соңынан бүлкілге басты. Осынау тұс қалың қияқты, мынау құм суырылған өңірдің ортасындағы көгілдір арал сияқты болып тұрады жазда. Қыста жауған қарды қияқ көтеріп, әбден қалыңдағанға дейін жерге түсірмейді, сол себепті әр-әр жер әуелі қара теңбілденіп жатады. Қу түлкілер тығылып қалып, талай аңшыны зар қақтырған. Алғыр тазы ғана айдап шығып, жазыққа қарай түзейді оларды. Осы қияқты аралдың қақ ортасын темір жол кесіп өтеді. Бұлаң құйрық қызыл түлкінің көрінген кезінде поездың болмағаны-ақ мақұл.
Түлкінің бұл араға көп келгіштейтіні қияқ арасында жасырынып қоян, түрлі тышқандар жүреді. Поезд ақырып қалғанда, ата-ата жөнелетін жабайы кішкене сұр қояндар – түлкілердің нәпақасы. Оның үстіне, поезд терезелерінен лақтырылған ас қалдықтары да – түлкіге олжа.
Сондай бір құлқын қамымен бара жатқан түлкінің ізін кесті бұлар. Бәрі де көңілденіп сала берді. Ақмойнақ тіптен бабында. Онын ұмтылысы аттылардың да жүрісін шаңдатты.
Бұлаң етіп түлкі көрінді, бауырын жазып ақ мойнақ салды шабысқа. Ерғазы қиқуға басты. Түлкінің құйрығының не қызығын көрген Нарғазы тазының жүгіруін аңдыды. Қызу қанды ма, малқын қанды ма? Артында атойлағандар болған соң, әйтеуір, құр жүгіріске салатын селқос тазылар да болады. Олардың кейбіреуі артына қарай-қарай жүгіреді. Ондай тазыны қу түлкілер алдап та кетеді.
Жоқ, Ерғазының мына Ақмойнағы дүниенің бәрін ұмытқан. Есіл-дерті түлкіні қалайда шалу. Зымырап барады. «Ә, қызу қанды екенсің» деді Нарғазы ішінен. Інісінің қызу қандылығы одан да асқан, Топайкөкті төбелеп келеді. Шыбықжирен де «жібер, жібер» дегендей, жұлқына түскен.
Алда сорым-ай, ана жақтан отарба көрінді-ау. Дүркіреген поездан қорқып түлкі бері салар ма екен, жоқ не де болса, жолды кесіп қияқ аралдың арғы шетіне тартар ма екен? Ақмойнақпен екеуінің арасы қысқарып-ақ қалды. Теміржолға жеткізбей-ақ шалатын шығар. Онда жарады. Айнала тарсылдап, мына даланы сонша вагонның дүрсілі басына көтерді де, түк естілмейді. Гулеген желмен жаңа түскен қар дөңгелектердің астында ұйтқып барады. Түлкі теміржолды кесуге бет түзеді. Екі атты не болғанын байқамай қалды. Өкірген отарба, сасқан түлкі, қызынған тазы. Нарғазының көзі жолдың аржағынан қылаң ете қалған түлкіні көрді. Ақмойнақ та поездың алдын ала ыршып жолдан қарғыған секілді. Қаңқ еткен дауыс естілді.
Ұзын поезд өтіп болмады. Екі атты тағат таппай, әрең тұр. Нарғазының жүрегі зу ете қалды. Тарс етіп соңғы вагон өткенде олар ортасынан қақ бөлінген Ақмойнақты көрді.
– Алда қызу қанды сорлы-ай, күндей күркіреп келіп қалған поездан тайсалсаң нетті, – деді Нарғазы.
Ерғазы жылап жіберді. Көз ұшында қызыл түлкі бұларға қарап, шоқиып отыр екен. Нарғазы қақ бөлініп жатқан тазыға бір, айласын асырған түлкіге бір қарады.
– Анау жолдың шетіне апарып көм енді, алғыр ит екен, амал бар ма? – деді Нарғазы.
Мынау үрейлі қара машина да Ерғазыға сондай ай-шайға қарамай қағып өте шыққан дүлей отарбадай көрінді. Ағасының тағдырын қақ бөлгізген айлалы түлкі қайдан шықты, қай жақтан кезікті бұларға? Енді, міне, сүйегі баяғыда қурап қалған анасының аруағына жалбарынып тұр.

6

Нарғазының ұсталғаны Дәмеліге жайдың оғындай болып тиді. Оның алдында ғана Бәтиманың хатын алып отырған-ды. Жығылғанға – жұдырық. Бір қайратты бауырынан күткен еді. Мынау сұрапыл тұтасып келген қара бұлттай нөсерін төгіп-төгіп жіберді-ау.
Бәрінен де батқаны – мұғалім Темірбектің манағы келісі. Ол әлденені айта алмай, күбіжіктеп көп отырды.
– Дәке, Кеңесжан өз әкесінің атына көшсін де.
– Сонда не, Нарғазының атын сен де біржола өшірейін дедің бе? Баланың жүрегін жаралаймыз ғой.
– Баладан бұрын менің өзімнің жүрегім тілім-тілім. Амал не, уақыт солай. Қандай азамат еді. Бір көргеннен маған қатты ұнап еді ол кісі. Кеңесжанның оқығанын қызық көргені әлі есімде.
– Есте сақтағанын атын біржола өшір деп тұрғаның ба?
– Дәке-ау, айнала жаман болып кетті ғой. Әнеукүнгі Жүсіптің ұсталуына байланысты сөйлеген сөзім үшін НКВД күні бүгінге дейін қыр соңымнан қалмайды. Басқан қадамым аңдулы. Әуелі балалардан сұрақ алыпты. Қалай оқытады, Совет өкіметіне қарсы сөз айтпай ма дейтін көрінеді.
– Анарбайдың күні туды десеңші. Ойланайық, қарағым, әкесі келсін.
Малыбай бұл кезде үй артындағы ұраларға астық көміп жатыр еді. Биыл колхоз астықтың астында қалды. Еңбеккүнге бергеннің өзін «қояр жеріміз жоқ» деп жұрт алудан бас тартып жатқан. Қамбашылар «ал да ал» деп нығырлауда. Содан астықты осы ұраға көму деген шыққан. Он ұраны қазу да Малыбайға оңайға түскен жоқ. Күздің тастай болып қатып қалған жері әбден титығына жетті. Бірақ мынау мол астық көздің жауын алады. Онда жаздай қорыған өз еңбегі де бар емес пе. Еңбек түбі – зейнет деген осы. Көктемгі жауын өтпес үшін ұраның үстінен тарының сабанын жабуды жұрт жаппай салтқа айналдырды. Малыбай да соны жасады. Он ұраның үшеуін Нарғазыларға арнаған. Ол жақта астық шықпайды, амандық болса, түйелерін жетектеп жететін шығар. Биыл миығынан күліп, балдызына бір мақтануға толық жағдай бар секілді еді. Мынау сұмдық хабар қайдан келді? Үмітсіз шайтан, бір жаңылыс қадам шығар, ақталар. Нарғазы қамауда жатпауға тиіс. Малыбайдың түсінігінде солай. Сондықтан да Нарғазыға деген ұраларды ерекше қымтай түсті. Он ұраның жетеуі – бидай, үшеуі – тары. Бір ұра тарыны да Нарғазыға арнады.
«Е, алаңсыз байқұс, сен Нарғазы, Нарғазы деп жаныңды саласың, ол болса көзі бақырайып түрмеде отыр, шын сорлағанда ендігі кезек Ақылжаныңа келіп жүрмесін», – деп Дәмелі кірген-шыққан сайын шалына қарай берді. Жас дегенмен өзінікін жасайды ғой, жауырыны күржиіңкіреп, кәдімгідей шау тартқан. Сақалы мен самайында да бурыл көбейіп барады. Анау құлағының түбіндегі қанды сызық осыдан біраз бұрын бір оқиғаның куәсі.
Кешке қарай қатты жел тұрып, айнала қара дауыл боп кетті. Күндегі әдетімен малды егінге түсірмеймін деп тор биеге мініп шалы кетіп отырған. Малыбай қартаймай қайтсін, бір кездегі байтал да бірнеше құлындап, торы бие атанды. Әсіресе, қатты қорып жүргені – баудағы тары. Мына қара дауылдан бұрын оны орып алғандары қандай жақсы болды. Баудағы тары енді түспейді. Басқарма Күмісбектің қолқасын жерге тастамай, тары орағын Дәмелі өзі басқарған. Баяғы қайрат дегенмен қайтайын депті. Үйге шаршап келіп жүрді. «Өлімнен ұят күшті» демекші, шаршаса да, сыр бермей, тары орағын ширатуға бас болды. Күмісбек те есепті Дәмелінің беделіне құрған-ды. Ол ораққа шықты деген соң, ауылда бір әйел қалмай тарыға түгел жабылды. Міне, соның арқасында қазанның қара дауылына ұрындырмай жинап алды.
Сол бауда тұрған тарыға сиыр өлердей өш. Ауылға өрістен келісімен дәндеп алғандары тура бауға тартып отырады. Малыбай оларды қайырып, иесіне айдап әкеп байлаттырып әуре. Бір адаммен түс жыртысып ұрысқанды білмейді. Оларға кәдімгі міндетті кісідей қорасына әкеп:
– Ал байлап алыңдар, – деп тұрғаны.
Осы мінезі үшін де жұрт Малыбайды қатты сыйлайды. Колхоз шаруасына ғана берілген жан емес, осы ауылдың әр үйінің өз адамы секілді.
Күні бойғы қарбалас жұмыстан шаршап келгендер:
– Тілеуіңді берсін, Малыбай, бала-шағаңның игілігін көр, – деп жатады.
Шынында, қаңғып кеткен сиырын қайдан табар еді. Оның үстіне, жеке табын жыл асқан сайын көбейіп барады. Бұл Малыбайдың жұмысына жұмыс қосқандай.
Дауыл соғып кеткенде, бауда тұрған тары жаққа торы биемен Малыбай жосылтып берді. Айнала көзге түртсе көргісіз, су қараңғы. Өзіне белгілі үш-төрт сумаңдаған сиыр бар, алды бауға жетіп те қалған секілді. Дауыл тіпті күшейіп, торы биенің үстінен жұлып-жұлып әкете жаздайды. Осы тары аңызының үстінен өтетін телеграф бағандары бар болатын. Оған соқпасына торы биеге сенеді. Әлгі сумаңдаған қу сиырлардың үшеуін қайырып, тастай қараңғыда төртіншісін іздеді. Қараңғы болса да, желіңкіреп бағдарлаған жағына тарта беріп еді, мойнына тұзақ түскендей бір нәрсеге ілінді де қалды. Құлағының түбі шым ете түсті. Аттан сыпырылып түсті. Абырой болғанда, шылбырдан айырылған жоқ. Торы бие де тоқтап қалған секілді. Тамағына ілінген пәлені ұстап көріп еді, кәдімгі сым темір.
Сөйтсе, дауылдан бағана құлап, телеграфтың темірі салбырап тұрып қапты. Қараңғыда тұзақтай ілінген сол екен. Торы биеге қайта мініп, тұзаққа түсірген қарасан келгірлерді алдына салып ауылға келгенше талай уақыт өтті.
Дәмелі, Кеңесжан, Амангүл бұл кеште Малыбайды ұзақ күтті. Күндегі мөлшерлі уақытта келмеді. Мына дауылда бірдеңеге ұшырап қалды ма деген күдік Дәмеліні қатты алаңдатты.
Бір уақытта үйге кірген шалының бет-аузы қан-қан. Балалар да, Дәмелі де шошып кетті. Бірақ Малыбайдың өзі ыржиып күледі. Болған оқиғаны айтып бергенде, бәрі де күлді. Қанын жуғаннан кейін қараса, құлағының түбін кәдімгі пышақ кескендей ырситып кетіпті. Сол тыртық қаншама уақыт өтті, әлі кете қойған жоқ. Ауық-ауық шалын сым темірге ілініп қалғаны үшін ажуа етіп, күліп отырушы еді, енді ол күлкі де тыйылды. Нарғазының ұсталғанына өзі айыптыдай, Дәмеліге Малыбай мөлиіп қарай береді. Әйеліне жаны ашығаны болар, қыбыр-қыбыр өзіне тыным бермейтін бір пенде. Мынау суық хабарлар оның қыбырын тіпті көбейтіп жібергендей.
Дәмелінің таң қалатыны: ел есін жиып, әлденіп, колхоз да буынын бекітіп, бір жақсы өмір басталғандай еді. Ашаршылықтың өзі де ұмыт бола бастаған. Астықтың мынау биылғы шығысы тіпті ересен. Ел қоярға жер таппай жатыр. «Бір аштықтың бір тоқтығы, бір барлықтың бір жоқтығы» болады деген осы да. Антонның базары да, сельпоның дүкені де баи түскен. Ел киім жағын да біраз түзеуге айналды. Тап осындай жақсылық жайлай бастаған кезде қасындағының бәрі жау көрінетін мынау пәле қайдан шықты?
Малыбайдың Ақылжандарға барып келген сапары да жүрегін аса жылыта қойған жоқ. Ақылжан жиналыс өткізуге аса құлықты болмапты. Оны аудан басшылары сезіп қалса керек. Қайша қайын атасына тіпті өрекпіп:
– Әке, мен ол кісіні жақсы білем. Жүзін, көзін – мейірім, көңілін көктем жайлаған адам. Оны жау дегеннің өзі – жау, – деп отырып алыпты.
– Қарағым, ел көзінше олай деме. Уақыт солай. Кәзет біткен шулап жазып жатқан жоқ па. Ағысқа қарсы жүзгеннің жүрегі тез талады. Ақылжанына пәле жабысып жүрмесін. Сақ бол, абайлап сөйле, – депті Малыбай.
Қайша жиналыста өзін-өзі әрең ұстаған еді. Байдың қызы болғаным оқудан шығарттырса, қызынып сөйлегенім енді мүлде түбіме жетіп жүрмесін. Атасының ескерткені де сол шығар. Шаруа адам, бұл – баласы, көзінің ағы мен қарасы. Осының атқа мінгені олар үшін аспанмен жүргендей ғой. Сол қанаттарын қайырмай-ақ қояйын. Менің әділеттілігімді, ақ ниетімді кім бағалап жатыр? Ол қамаудағы Жүсіп ағасының құлағына да жете қояр дейсің бе? Өстіп барып өзін-өзі зорға тоқтатты.
Байқап тұр, Ақылжан жиналысты әрең ашты.
– Халық жауларының көбеюіне байланысты қырағылықты күшейтуіміз керек, жиналыс соған арналады, – деді. Үлкен тізімнің ішінде Жүсіп Есбергеновті де атайды. Сол кезде өңі қашып сұрланып кетті. Тесірейе көз алмай отырған Қайшаға қарады. Оның көзінен домалап түскен жасты көрді. Екеуін қол ұстастырған сол емес пе еді, ауылға келіп, әкім болғаны кімнің арқасы, оның Белозеровке жазған хаты болмаса, бұлардың тағдыры не болар еді, кешегі ашаршылықтың сұрапылында бір жерде қалмас па еді, кімнен әулие. Ауылнайға берілетін өкіметтің азды-көпті азығы бұлардың жанын алып қалды, әйтеуір. Сондай адамды «жау» деуге қалай аузы барып тұр? Қайшаның көзінен домалап түскен жас қимастықтың белгісі ме, әлде Ақылжанның аузынан шыққан арам сөзге қиналғандықтың белгісі ме, оны бір құдай ғана біледі. Мектепте балалар қойған сұрақ шекесін қыздырып жүргендей, енді, міне, бүкіл ауылдық Советтің жиынында абзал азаматтың аты қараланып тұр.
Жиналыстың қаулысын жазу тапсырылған өзіне. «Халық жауларының әрекеті айыпталсын. Бұл тұстағы партияның саясатын 7-ауылдың еңбекшілері бірауыздан қолдайды». Тауықтың жұмыртқасындай бір-бірінен аумайтын қаулыларды газеттерден күнде оқып жүрген-ді. Сөйтіп, бұлар да, бұл да жазады. Ақылжан оны растап қол қояды. Осы ойлар келгенде Қайша қалам ұстап отырған қолына қарады. Қылыш ұстап отырғандай сезінді. Бойы мұздап сала берді. Көңіліне аса аяулы боп ұялаған адамға айтпағанды айтып сырттан айып тағып отыр. Ақылжанға да, өзіне де мұны істетіп тұрған белгісіз бір күш. Оны көзбен көріп, қолмен ұстауға болмайды. Оның иісі де, түсі де жоқ. Бірақ темір құрсаудай сол күш қысып барады, бүкіл халықты қысып барады. Сол құрсау адалдықтан, әділдіктен аттатты бұларды да. Жиналыстан шыға Қайша үйге жылап келді. Ақылжан да әкесі кеткенше қабағын аша алмады.
Малыбай бұл жағдайды өз көзімен көріп келген. Іштей әлде не әлемтапырақ етсе де, балаларының бүгінгі саясатқа қайшы сөз айтпағанына қуанды. Аман болсын, әйтеуір. Перзенттерімен көрінбей жалғастырып жатқан мұң сымы Дәмеліні ғана сан саққа жетеледі. Ол Малыбайдан гөрі арырақ ойлады. Жүсіп пен Бәтиманың қорғансыз қалған ұлдары, Жәңгір мен Жадыраны қанатына алатын бұлардан басқа кім бар? Зейнеп те жалғыз сонау Балқаштың түбінде не бітіреді. Жанғазы мен Ерғазыға есен-аманында басқа жаққа кет десе ме екен? Қимайтын әке мұрасы жоқ бұл жақта. Поездың жеткізбейтін жері бар ма. Соған жақындығы мүмкін жандарын алып қалар. Бар малын, жиған-тергенін сатып, тәуекелге бел буса! Түрмеден гөрі түзде жүрсе де, аман болғаны жақсы ғой. Ашаршылықтан жаңа ғана ес жиғанда, тағы да тоз-тоз болмақ па? Қой, кеудеден жан шыққанша олардың басын құрап, бір жерде ұстаған жөн шығар. Не де болса, бірге көрсін.
Өстіп дел-сал болып жүргенде, бір күні өз аяқтарымен ауылға Жәңгір мен Жадыра келді. Бұл екеуін Дәмелі далада көрсе де танитын. Жәңгір сойып қаптап қойған әкесі де, Жадыраның көп жері Бәтимаға келеді. Әсіресе көздері. Алғашқыда бас салып ұзақ көріскені екі балаға ерсі көрінді. Жиналып қалған жұртқа жыпылықтап қарай береді. Дәмелі шерін бір ақтарды.
– Сіз неге жылайсыз? Папам, мама тірі, – дейді екеуі де.
Қала балаларының бұл жыласты жансақ түсінгенін бірден аңғарған Дәмелі:
– Сағынған соң жылаймын, – деп тыйыла қойды.
Малыбай екеуі де бұлардың асты-үстіне түсіп, бар дәмдісін ауыздарына тосты. Бәрінен де қуанған Кеңесжан мен Амангүл. Олар бұлармен жалықпай ойнады. Қаладан келген екеудің кітапты көп оқитынына таң қалды. Өздерімен бірге әкелген негізгі жүгі кітап. Бірақ бәрі орысша. Кеңесжан таңертең бұлар тұрған соң, қолдарына су құяды. Кәдімгі ағасындай қызмет еткісі келеді. Онымен кей күні Амангүл таласып қалады.
– Мен құям, олар – менің де ағам, – деп бұртияды.
Дәмелінің есіне Кеңесжанның алғаш Ақылжанға су құйғаны, оның тіс тазартқышына таңдана қарағаны түсті. Содан бері жорғасынан танбай келеді. Сол қылығын мына екеуіне жасағаны ішін жылытып жіберді.
– Бұрын ағаларың біреу еді, енді үшеу, – деді бір күні.
Бұған Кеңесжанның танауы тіптен делдиіп кетті. Ол бұл екеуінің келгенін бүкіл мектепке жайды.
Алғашқыдан Жәңгір мен Жадыраға бәрі таң болды. Өрістен кешкі қайтқан мал да, ауылдың будақтаған түтіні де, атқа міну, сиыр байлау, қой қоралау, отын жағу, шөп жинау – бәрі-бәріне қызыға қарады. Әсіресе Малыбайдың жұмысы бітпейді. Түскі мал, кешкі мал келгенше торы биеге сүйретпе салып, үй қасына шөмеле-шөмеле отын тасиды. Оны даладан бір жерден әкеледі. Жәңгір осы отынды жинастыруға көмектесті. Көп болып ол үйіліп қалды. Қолына аша алып үстіне шығады. Дәмелі тері қолғап берді.
– Қолыңа тікен кірмесін.
Төменде қарап тұрған Жадыраға тері қолғапты көрсетіп, Жәңгір бір қолын бір қолымен ұрады. Оның сарт-сұрт еткен даусы Жадыраны қызықтырады. Алматыда мектепте жүргенде бокс үйірмесіне барып жүретін. Жәңгір институттан келгенде екеуі үйдің ішінде жаттығу жасаушы еді. НКВД-ның адамдары бұлардың бокс қолғаптарын да алып кетті.
Малыбайға екі баланың үлкен септігі тиді. Жадыра да аша ұстауды, отын үюді үйреніп алды. Малыбай қырға, шабылған отынды әкелуге кеткенде, екеуі үй жанына жеткізілгенін үйіп қояды. Сол себепті де отын анау үлкен шошақ шөптен тез жиналды. Бұған Дәмелі де іштей қуанулы.
Бір күні иленген тері уқалап отырған Дәмеліден Жадыра:
– Дүлдүл тәте, мынауыңыз не? – деп сұрады.
– Үстілерің жұқа екен. Алдымыз қыс. Бұл ара суық болады. Екеуіңе тон тігіп берсем деп едім.
– Сонда неше тері керек?
– Саған үшеу, Жәңгірге төртеу.
– Ой-ой, соның бәрін осылай обрабатывать етесіз бе?
– Жәңгір, помоги, как по-казахски обрабатывать?
– Откуда я знаю.
Дәмелі күліп: «уқалау, өңдеу» дейді деді.
– Уқалау, уқалау. Это – адский труд.
Дәмелі оны түсінген жоқ. Негізі бар ғой, келгелі екеуі де қазақша көп-көрім сөйлеп қалды.
– Ауыр жұмыс деп тұр, – деді Жәңгір.
Дәмелі бұларға тондық терінің ең алдымен қалай шелденетінін, сосын қалай кептірілетінін, иде неше күн жататынын, сосын тазартылатынын, сосын өстіп уқаланатынын, сосын барып тігілетінін айтты.
– Целый цикл производства, – деді Жадыра.
– Ең ауыры осы өңдеу. Қолдың қаруы керек.
– Дүлдүл тәте, онда біз көмектесейік, – деді Жәңгір. – Екеуіміз де боксерміз.
Тері уқалауды үйретуін үйретсе де, бір күні Дәмелінің кеңілі қатты бұзылды. Екеуі борша-борша болып терлеп, бар ықыласымен тері уқалап отыр екен.
– Құдай басқа салған соң, амал бар ма? Уқалайтындарың тері ме еді? – деп жылап жіберді.
– Уақасы жоқ, Дүлдүл тәте. Басқа салған құдай емес, НКВД, – деді Жәңгір. – Мұны білген де пайдалы. Әйтпесе ата-бабамыздың ескі кәсібінен мүлде марқұм қалғандай екенбіз.
– О, ата-бабаны айтқан аузыңнан айналайын. Сол ата-бабаның аруағы қолдасын сендерді! Түбі жақсылық болсын!
Бұл адам жөнінде шешелері Бәтимадан көп еститін-ді. Ақылды, батыл, қамқор, мейірімді деп. Оған өздерінің де көздері жеткендей. Осы ауылды ұстап тұрған осы кісі секілді көрінді оларға. Әнеу күні бір топ жас жігіттер мен қыздарға тары ақтатты. Олар өзара жарысып, түске дейін екі тай қазан тарыны ақтап тастады. Жәңгір алғаш қолына сонда келсап ұстады. Жадыра келсабы келінің аузына тиіп шекесін соғып алды. Ауылдың асарға келген қыздары оған мәз болып күлді.
– Тәйт әрі, немене шеттеріңнен түге жырқылдап. Сендер құсап күнде келі түйіп жүр ғой деп пе едіңдер. Үйренеді әлі-ақ. Қалаға барсаңдар, көздерің биттеп адасып жүргендеріңді көрер ме едім.
Шулап тұрған қыздар пышақ кескендей тыйылған сонда. Жәңгір оларды аяп кетті. Мінездері сынық, ұяң, қимылдары биязы. Сондай жандардың бір күлкісін де көтеруге болмай ма? Ол – ол ма, Дүлдүл тәтесі одан да сорақысын шығарды.
– Қайсыларыңды осы Жәңгірім мен Жадырама алып берейін? Қайсысың келіні жақсы түйсең, соның келін боласың.
Қыздар қып-қызыл боп ұялып кетті. Олармен қоса Жәңгір мен Жадыра да қызарды.
– Вот это шутка, – деді Жадыра.
– Дүлдүл тәтеме бәрі жарасады.
Шетте келсап ұстап тұрған қара торы талдырмаш қыз Жадыраға көзін төңкере тастап, ауыл анасын қорғағандай болды.
– Сен бе, сен қызымнан бірдеңе шығады. Өзіме тартқансың. Қаланың жалғыз ішек жігіттерінен ұялатын ештеңе жоқ, – деді Дәмелі енді қыздарды қолпаштап.
– А что такое «жалғыз ішек?»
– Әйеншектеп болса да, келі түюі әжептәуір түзеліп қалған Жәңгірге қарады Жадыра.
– Жалғыз ішек деп ас жұқпайтын арықтарды айтады, – деді Дәмелі жауабын өзі қайырып. – Қыздар қарасын деп қылтиып жүреді де, шел бітпейді. Ауылға келдіңдер ме, қол-аяғы балғадай жігіт болуларың керек. «Қыздай қылмиған жігіттен, еркектей едіреңдеген қыздан без» деген.
Бәрі рахаттанып тағы күлді. Жәңгір бұл жолы Дүлдүл тәтесінің біржола қыздар жағына шыққанын аңғарды. Қандай терең философия. Қыз қыз сияқты, жігіт жігіт сияқты болсын деген сөз ғой. Жәңгірдің есіне анасы Бәтима түсті. Мынау мектептен ол да өткен екен ғой. Мынау сөздер оның да қанына сіңген-ау. Өз шешесінен нәзік, сүйкімді ешкім жоқтай көрінуші еді оған. Бұлақтың мөлдірі, міне, қайда жатыр. Әкесінің оған бір көргеннен қызығып, алып қашуы да осы бір тұнықтыққа, мөлдірлікке деген ғашықтықта жатқан жоқ па екен? НКВД сол мөлдірлікті тұтқындады-ау. Көңілі босап кетті. Бірақ сыр бермей бойын тез жиды.
Оның таң қалғаны – бір аптадан бері осы үйде тапжылмай отырған етікшінің ісі. Өзі де қуақы, қалжыңбас адам. Тарамысты тартқан болып, қасына жетіп барған балалардың шекесіне тарс дегізеді. Кеңесжанның шекесі көбірек қызарды. Қос танауын тартып, аңғалақтап барып қалады да, «ойбай-ай, ойбай-ай» деп тұра қашады. Етікші де, тарамыс ширатып отырған қыздар да оған мәз. Тарамыс ширатудың өнер екенін Жәңгір осы арада білді. Жуанның неше түрі, жіңішкенің неше түрі болады екен. Сабындап-сабындап жіберіп, біз шанышқан жерден өткізгенде зып ете түседі. Етікші сөз арасында Қайшаның ширатқан тарамысын мақтап отырды. «Тумысында жинақы адамның ширатқан тарамысы иненің көзінен өтеді. Ал салақ әйелдікі буынтық-буынтық болып, тартқан сайын жаныңа тиеді» дейді. Жәңгір мен Жадыра Қайшаларды кергісі келіп кетті. Алматыдан таныс қой. Үйлеріне жиі келіп жүретін.
– Қайша тарамыс ширатуды үйренді ме? – деді Жәңгір Дүлдүл тәтесіне қарап.
– Үйренгенде қалай! Бірақ оған мына ағаңның тігіп берген етігін көрсең. Кимей тура қолға ұстап жүретін.
Осы кезде қолындағы етікті табандап болған етікші қалыпты суырып алып:
– Кәне, жігітім, өлшеп көрші, – деді. Жәңгір аңырып Дүлдүл тәтесіне қарады.
– Өлше, өлше. Саған тіккізіп жатырмыз.
Жәңгірдің аяғына етік дәл болды. Ол фабрикадан жаңа шыққандай былғары етікті киіп қуанып тұр.
– Жәңгірдің төлейтін ақшасы жоқ, – деді Жадыра. Дәмелі біртүрлі боп налып кетті.
– Ертең дәу жігіт болғанда беріңдер ақшасын.
– Әкесі жақсы, шешесі жақсы, өзі жақсы балаларға мен босқа тігем, – деді етікші.
НКВД айыпкер, халық жауы деп ұстаған әке-шешесін мына етікші жақсы адамдар деді-ау. Бұлардың берер бағасы өзгеше екен ғой. Жігіт боп қалған Жәңгірдің кеудесі әлем-тапырық. Дүлдүл тәтесінің бұлар келгелі жұмысы бастан асып кетті. Тон тіккізіп, етік тіккізіп әуре. Ерекше жаны ашитын секілді.
Жарайды, ол туыс қой. Ал мына етікшіге жол болсын. Көңілдері үшін болса да, айтқан сөзі қандай жылы еді. Тасыраңдау, қылжақбастау көрінген етікші балаларға үлкен мейірдің адамы сияқтанып кетті. Осы ауылдың жандары бәрі түгел сондай ма? Әлде бұларды аяй ма екен, әлде Дүлдүл тәтелерінің беделі ме? Өстіп көтеріле түскен көңілді ауылдағы оқыс бір оқиға судай басты. Бәрі Кеңесжаннан болды. Ол орталықтағы жасанды көлге коньки тебуге барғанда, Күмісбек басқарманың баласы Шортанды байқамай қағып кетті. Бұған бұлқан-талқан болған Шортан Кеңесжанды жақтан екі періп, теуіп жіберді. Үйге азан-қазан болып келген Кеңесжанды ерте-мерте айдынға Жадыра келді.
– Кәне, кім, көрсет, – деді.
Кеңесжан дырдай басқарманың баласын көрсетті. Жадыра қасына жетіп барды да:
– Почему ты маленьких обижаешь? – деді.
Бойы Жадыраның бойымен бірдей Шортан аса қысыла қойған жоқ. Әкесі елге басқарма болса, өзі балаларға басқармадай сезінетін. Аяғындағы конькиі де қолдан соғылған емес, магазиндікі. Жұрттың айтуына қарағанда, оны ауыл балалары бір апта қызықтаған екен. Бұл да Жадыра секілді тоғызыншы класта оқиды. Он сегіз шақырым жердегі МТС орталығынан үйге демалысқа келген. Бастұмада мектеп бастауыш қана. Сол себепті де сыртта пәтерде тұрып оқып жүр. Әкесі – басқарма, басқа ауыл балаларындай бұл аса көп қиындық көрмеген, әрине. Келген сайын біраз балаларды зар жылатып кетеді екен.
Кішкентайларға бүйідей тиюге ұялмайтын болса керек. Ашумен келген Жадыраға:
– Сен шүлдірлеме, айналаңа қара, – деді. Ауыл менікі деп қорқытқандағысы.
– Мә саған шүлдірлеме! – Жадыра бокстың тәсілімен қағып кеп жіберіп еді, Шортан серең етіп құлап түсті. Балалар ду күлді. Оған намыстанған басқарманың еркесі атып тұрып, Жадыраны жағадан алмақ болды. Осы кезде көз ілеспей қимылдаған Жадыраның екі қолы Шортанның бетін дал қылды. Ол қан сигектеген мұрнын басып, жүресінен отыра кетті.
– Если ты – щука, я – акула. Кішкентайларға тиіспе. Тиіссең көретінің осы.
Кеңесжанды жетектеп үйге кетті. Бұлай жағдай шиеленісе қояды деп ол ойлаған жоқ. Басқарманың баласы ғана емес, әйелі де бұл жерде өзін өктем санайды екен. Көресіні содан көрсін. Көп ұзамай етжеңді қара сұр әйел айғайды салып үйге келсін. Баласын қолынан ұстап алған.
– Жаудың баласы жаулығын қылмай қоя ма? Көр мына баламды неғылғанын. Өлтіре жаздапты, – деп тепсінді Дәмеліге. Шынында көзінің алды көгеріп, мұрны көнектей болып ісіп тұр.
Дәмелі бұл арада қатты қарсы жауап айтуды жөн көрмеді. Өзін сабырлырақ ұстағысы келді. Бірақ «жаудың баласы» деген сөзі кеудесіне пышақ тыққандай, жанын жаншып жіберді. Анау өрекпіп қоймады.
– Өз балаңды жау бауырыңның атына жаздырып, Алматыда ұсталған Есбергеновтің екі сұмырайын қолыңа ұстап. Қасқырдың күшігі қасқырлығын қылмай қоя ма? Мен НКВД-ға хабарлаймын.
Дәмелі шыдамнан кетіп қалды.
– Бәйбіше, тартыңыз тіліңізді. НКВД тұрғай, құдайға хабарлаңыз. Балаңыздың кебін кигіңіз келмесе, қайқайыңыз. Басқарма болдым деп басымызға тышамысыз. Сөзіңіз қандай жаман. Бұларды жау дегеніңіз, мына мені жау дегеніңіз. Бұлардың әкесі де, шешесі де мен. Көзімнің тірісінде ешкімге жәбірлетпеймін. Қылатыныңызды қылып алыңыз. Тастап жіберіңіз аспаныңызды.
Ертең өз баланыздың осындай күйге ұшырамасына кім кепіл. Бір күнгі тойған тамаққа семірмеу керек.
Ауылда алдынан ешкім кесе көлденең өтпейтін Дәмелі де долданып кетті. Дауылға дауыл қарсы тұрды.
– Осы қазір МТС-қа, дәрігерге барам. Спрәпке алам. Ана бұзығыңды түрмеде шірітпесем, Күмісбектің әйелі деген атым құрысын.
Дәмелі мырс етіп күліп жіберді.
– Балалардың жанжалына әкеп күйеуіңіздің атын салмаңыз. Ел басқарған еркекке шама келсе, шаң жуытпас болар. Бүгін төбелеседі, ертең татуласады балалар.
– Жоқ, бұл қорлыққа мен шыдай алмаймын. НКВД-ға айтам, НКВД-ға айтам.
– Айтпасаң, Айтбайдың тоқалы бол ендеше. Бара бер баратын жеріңе. Менің көрген құқайым бір сен дейсің бе? Неге екені белгісіз, көптен бері Дәмелінің бойын кернеп жүрген ашу ағытылып кеткендей болды. Ол «сенге» кешті.
Ығытып алам ба деп келген басқарманың қатыны есебінен жаңылды. Оның алдындағы колхоздың жай егін қорушысының әйелі емес, үрлеп қалсаң, өршіп кететін от болып шықты. Ашуына мінсе, балапанын қорғарда бәрін ұмытатын қырандай, бүріп тастайтыны бар ма, қалай?
Бажылдап-бажылдап, баласын жетектеген күйі басқарманың әйелі үйіне беттеді. Жадыраның ойынша, баласы бір нокауд алса, шешесі екі нокауд алды. Бірақ төреші кім, әңгіме сонда. Нокаудқа жығып тұрып, жеңілді деп жарияланатын боксшылар болады. Бұлардың ері кері кетіп тұрған күн емес пе.
Жәңгір мен Жадыра көпке дейін ұйықтамады. Күбір-күбір сөйлесті де жатты.
– Сенікі дұрыс емес. Боксты білмейтін адамды бокстың тәсілімен неге ұрасың? Көрдің бе, қандай жанжал. Дүлдүл тәтемді ұятқа қалдырдық қой, – деді Жәңгір.
– Пусть не обижает маленьких.
– Нам надо быть очень осмотрительным. Мы под колпаком. Знаешь ты об этом?
– Знаю, – деді Жадыра күрсініп. – Может нам куда нибудь уехать?
– Куда, куда! Кругом есть НКВД.
– Какие мы несчастные.
– Інісінің даусы тарғылданып шықты. Жәңгір аяп кетті. Қараңғыда басынан сипап, бауырына тартқандай болды. Жадыра Жәңгірдің қойнына сұғыныңқырап кіріп, ұйықтап кетті.
Таңертең бұлар тұрғанда қар қалың жауған екен. Қорадағы шашылған шөпке түнімен қамаулы тұрған қойлар ашқарақтана жабылып жатыр. Сиырларға Дәмелі су жылытып беріп жүр. Қандай ауыр жұмыс. Отын суырады, шөптің кәшегін жинайды, сиыр сауады, тамақ пісіреді. Бір тыным жоқ. Бір-біріне жалғасып жатқан таусылмас тірлік. Екеуі де – ұлғайып қалған адамдар. Кеңесжан мен Амангүл әлі жас. Түндегі бір жаққа кетіп, жұмыс істесек деген ойларынан Жәңгір тез қайтты. Мына кісілерді аяп кетті.
– Жәңгіржан мен Жадыраш келгелі қолым ұзарып қалды, – деген болатын бірде Дүлдүл тәтесі. Яғни көмектерінің болғаны ғой. Әсіресе, Кеңесжан разы. Қиналып жүрген орыс тілінен де «бес» алып келдім деп қоқиланады.
Торы биені шанаға жегіп жатқан Малыбай:
– Ақылжандардікіне барамыз, – деді күлімдеп.
Жадыра «ура» деп айқайлап жіберді. Жәңгір үндеген жоқ. Бұл қандай оқыс шешім. «Өздері келіп қалар» деп отыр еді ғой. Мүмкін, бәріне түрткі болған кешегі жанжал шығар.
Малыбай мен Дәмелі де түнімен біразға дейін ұйықтамаған-ды. Әңгімелері екі баланың төбелесі төңірегінде болды.
– Жатқан жыланның құйрығын басып нең бар. Сенің де жының қозбайтын жерде қозып кетеді, – деді Малыбай.
– Жоқ, «жаудың баласы» дегені өтіп кетті. Неғылған жау?
– Ойбай-ау, қазір солардың қолында болып тұрған жоқ па. Бетегеден биік, жусаннан аласа болғаннан басқа не қалды бізге.
– О, көлеңкесінен қорыққан сорлы. Көрінгеннің табанында жаншыл демексің бе?
– Көлеңке ме екен? Бұлт, қап-қара қалың бұлт басып тұрған жоқ па. Құр көкірегіңді ұра бергеннен не шығады? Сақтанбайсың ба, ана балаға қырсығын тиіп кетсе, қайтесің. Басқарманың долы қатыны ештеңеден тайынбайды. Сен тұрғай, одан Күмісбектің өзі қорқады.
– Ой, еркек болғаныңа. Күмісбектің орнында болсам мен оның терісін сыпырып алар едім.
– Саған ол Анарбай емес. Ауданда бұлардың үлкен сүйеушілері бар дейді. Бір кезде ауылнай болғаныңды қайтсін. Билік кімде болса – күш сонда. Сен – бүгін жай ғана Дәмелісің. Апталдай бауырың Нарғазы да, таудай тірек болып жүрген Жүсіп те жоқ. Бәрі бір жіппен байлаулы. Енді сол көгенге апарып Ақылжанды тықпақсың ба?
Дәмелі ойланып, біраз тіл қатпады. Үндемей жүрсе де, жуас Малыбай өзінен арырақ ойлайды. Шындығында асыл азайып, жасық жанданып бара жатқан жоқ па. Омыраулы жігіттердің біртіндеп омыртқасы үзілгендей. Сонда не, ендігі заман айналасына он қарап, бір шұқитын сауысқандардікі болғалы тұр ма? Дәмелінің оған іші пысып өлер. Бір кезде Ақылжанға өз тұқымының өрлігі жетпейді деп өкінетін сияқты еді, енді Ажы тұқымының абайлағыштығын берсін демек пе. Ол да керек екен-ау.
– Сонда сен не істе демексің? – деді шалына.
– Мына балаларды Ақылжандарға апара тұрайық. Басқарманың қатыны да сабасына түссін. Бұлар көзіне көрінген сайын оның қыжылы өрши береді. Ашу адамға не істетпейді. Арандататын тегі ашу ғой.
– Сонда сені ылғи арандатып жүрген мен демексің бе? Менің өрлігімнен ұпайыңның кеткен жері бар ма?
– Анарбаймен де, Лепірбаймен де тіл табысуға болатын еді. Тегі егесті өршітпеу керек. Қайнаған шайға бір қасық су құйсаң да, оның сақылы басылмай ма? Адам да сол секілді. Сол бір қасық суды таба алмай жүрсің ғой. Нарғазыны мына жағдайды пайдаланып, Анарбайлар мен Лепірбайлардың ағайын-туғаны көрсетпесіне кім кепіл. Меніңше, балаларды қазір бұл жерден әкету керек.
Дәмелінің ашуын Малыбайдың қисыны жеңгендей. «Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» деген қазекеңнің мақалы осындайдан тумасын. Кешегі қызулықпен айтқан сөздері басқарманың қатынының ішінде қан болып қатты, әрине. Оның әрекетінің алдын алу керек. Бұл да – бір амал. Күйеуінің ұсынысына мақұл деді. Бәтиманың, Жүсіптің ұрпағы деп, көз алдынан кетіргісі келмеп еді, қарашы жағдай қалай-қалай билеп барады. Ойламаған жерден шыққан жанжал енді бұлардан да ажырайын деп тұр. Анасы Балжан «баланың арасына түспе, бауырыңнан да кетіреді» деуші еді. Рас болып шықты. Өз баласы болса, мүмкін, килікпес те еді бұл жанжалға. Құдай да, адам да жәбірлеп тұрған өзге балаларды қорғайтын біреу шығуы керек қой. Түйенің жүгі бір қисайса, аумай қоймайтын. Өмірің де солай екен-ау, ой, тоба-ай.
Бұл шешімге Малыбай мен Дәмелінің осыншама қиналыстан кейін келгенін балалар қайдан білсін. Торы бие шанаға жегулі тұрған соң, киіне бастады. Екеуінде да жаңа былғары етік. Олардың ішінен ақ киізден жұқа жылы байпақ тігіп және берген. Тондары да шап-шақ, әп-әдемі болып далаға шықты. Бас киімдері ғана жүдеулеу, қаланың малақайы.
Дәмелі үйге жүгіріп кіріп кетті. Нарғазының осыдан бірнеше жыл бұрын ұстаған түлкісінің терісі төрдің алдында ілулі тұрушы еді, соны алып шықты.
– Мынадан барысымен Қайшаға тымақ тіккізіңдер. Екеуіңе шығады. Сонда нағыз қыр қазағы боласыңдар да қаласыңдар, – деді қалжыңдап Дәмелі.
Қимағандығынан ба, түлкінің терісі сыртқа алып шыққанда Малыбайға тіпті әдемі көрініп кетті.
– Нарғазының көзіндей еді, – деді жай ғана сыбырлап.
– Түлкісі тұрғай, өзінен де айырылып өлмей отырмыз ғой. Тілекші балалары кисін, – деді Дәмелі.
Алған бетінен қайтпайтын әйелінің сыры өзіне мәлім Малыбай сөзді одан әрі қоздырған жоқ. Ат дорбасындағы жемін жеп болысымен, тор биенің ауыздығын салып, белін көтерді. Осы кезде Дәмелі Жәңгір мен Жадыраның беттерінен сүйді, көзіне жас алды.
– Қыдырып қайтыңдар. Аға-тәтелерің де мәз болып қалсын.
Малыбай шу деп, шананы орнынан қозғады. Бұл үйден қастарында сабаққа кеткен Кеңесжан мен ұйықтап жатқан Амангүл ғана жоқ. Қорадағы қойлар мен аңырып тұрған сиырлар да шанадағыларға қарап бастарын көтерді. Қалың жауған қарда шана табаны жарыса түскен қос ізді қалдырып бара жатты.
Осынау екі жастың жарыса жаңа басталған өмірі секілдініп кетті Дәмеліге. Омбыға тірер ме екен, әлде сайрап жататын іздей жақсы тағдыр болар ма екен. Келешектері алда ғой. Осы бір от жылт-жылт етіп, әлденеден үміттендіреді.

7

Жеті тәулік жол әбден титықтарына жетті. Оның үстіне, аңғал-саңғал жүк вагондарынан құралған поезд болдырған аттай әр станцияға бір тоқтайды. Ылғи әйел, осының бәрінің күйеуі жау болған ба? Егделері де, орта жастағылары да, тіпті тым жасаңдауы да бар. Ұлттары да әртүрлі. Бәтима алғашқы күндері өзін тұйықтау ұстады. Орысша жетік білмейтінінен әйеншектенді. Бір-бірлерінен көп жөн сұраспаса да, бастарына түскен тағдыр бәрін бір тілде жақсы ұғыстырғандай. Біртілім нанды бөле жеп, бір кесе суды беле ішіп, ұзақ сапар шегіп келеді. Апаратын жерлері «КарЛАГ» дегенді жол жөнекей еміс-еміс естігенді. Суық вагонның асты-үстінен соққан жел біразын ауыртып, қызуын да көтерді. Түн баласы ұйлығып отырып, бірін-бірі жылытып, көз іледі. Күндіз күзетші милиционердің айдауымен поезд тоқтаған жерден кезектесіп ыстық су әкеледі. Кей күндері бүкіл вагон болып нәр де татпайды. «КарЛАГ»-қа жетсе, қарық болатындай көрінеді көбіне. Жол азабынан тәуір шығар.
Міне, сол «КарЛАГ»-ы. Ұсталғандардың Қарағанды лагері деген сөз екен. Айналасын темір тормен қоршаған мидай далаға әкеп түсірді. Аяз ызғып тұр. Ұзыннан-ұзақ салынған бірнеше барак ішіне кіргенде үлкен қойма секілді боп көрінді. Көңілге медеу қатар-қатар, қабат-қабат нар бар, соған жатып бір уақыт тыныстауға болады.
Басқа түссе – баспақшыл, тұтқындықтың тұзағын бәрі де мойындап, зыр қағады. Іштерінде Қазақстанның Орталық Атқару Комитетінің (ҚазЦИК) төрағасы Құлымбетовтың әйелі, оқу-ағарту халық комиссары Жүргеновтің әйелі бар деп естіді. Олардың балалары да өзінің Жәңгірі мен Жадырасы құсап қорғансыз қалды ма екен? Олардың үйін де тартып алды ма екен? Республикалық көлемдегі ірі адамдар ғой, мүмкін, жеңілдеу келген шығар. Әй, қайдам, жол бойы, поезд үстінде оларға деген ешқандай жеңілдікті байқай алмады. Сонда мынау құрық өздерінен де жоғарылап арыға кеткен-ау, ә.
НКВД-ның өз күйеуімен өзін беттестіргені көз алдына келді. Ол көріністі есіне алса, Бәтима талып кетеді. Поезд үстінде де бірнеше рет солай болды. Су бүркіп, жанашырлық жасап, жапырлап тұрған әйелдерді көрді. Ол жақсылыққа құрғақ рақметін білдіруден артық қолынан не келеді. Сонда ұзын бойлы, аққұба бір әйел:
– Талма ауруың бар ма еді, құрбым, – деп сұрады.
– Жоқ, осы жағдайдан тапқаным бұл. – Үзіп-үзіп әрең айтқанды ол сөзін.
– Онда өзіңді-өзің қолға ал. Кетеді, – деді. – Сірә, дәрігер болса керек. Берер дәрі-дәрмегі болмаса да, сөзімен әркім-әркімге кеңес беріп келе жатты. Бәтима өзінің оқымай қалғанына осы поезд үстінде тағы өкінді. Ескі заманның сойылын соққан әкесі мұны оқытпақ тұрғай, қайтсем тезірек қалың мал алам деп асықты. Жаңа заман келгенде есейіп қалған. Жүсіптің хат танытқанына рақмет. Одан балалы-шағалы болды. Жақсы жағдай, жайдары көңіл ол олқылықты аса білдіре қойған жоқ еді. Мына басқа күн түскенде дұрыстап қарману үшін сауат керек екен. Бәрін Жүсіпке сеніп, көп нәрседен құр қалыпты ғой аңқау басы.
«Талма ауруың бар ма еді?» Қояншықсың ба дегені ме? Жүрегі су ете қалды. Ертеде, жас кезінде елде бір қыздың қояншық ауруынан өлгені бар. Жап-жақсы жүреді де, қалшылдап-селкілдеп көзі аларып қоя береді. Содан барып ес-түссіз құлайды. Серең-серең етіп жатады да, аузынан ақ көбік кетеді. Әлден уақытта есін жиып, «уһ» дейді. Басын көтеріп, түк болмағандай жүріп кетеді. Бір күні жүн түтіп отырып құлағанын өз көзімен көрген. Зәресі кетті. Ол кезде қарататын дәрігер бар ма? Әке-шешесінің аһылап-үһілегеннен басқа қолынан келері жоқ. Құдайдың салғаны, көнбеске лаж бар ма деп отырғаны. Ақыры жер ошақ басында талмасы ұстап, отқа күйді. Ап-ажарлы қыздың бет-аузы адам көргісіз болып бұзылды. Ағайын-туғаны тіпті әке-шешесі оның өлгенін тіледі. Қойшы, түптің-түбінде ақыры қор болып өлді-ау, сорлы. Оған қабырғасы қайысқан ешкімді көрмеді. Қайта қуана-қуана көмді. Сондай ауру болса, құдай мені мықтап сорлатқан екен. Әлгі дәрігер әйелге бәрін айтып, дауасы бар ма деп сұраса қайтеді.
Пәле сол Жүсіппен беттестірген күннен басталған. Айран көз тергеуші екеуін столдың екі жағына отырғызып қойды. Жүсіп анадағы көргенінен қатты жүдеген, құр сүлдесі қалған сияқты. Көзінің оты ғана орнында.
– Ал, айтыңыз, Есбергеновтің үйге ұлтшылдарды шақырып, жасырын мәжіліс құрғаны рас қой.
Жылымшы күлкімен тергеуші Бәтиманың бетіне қарады. «Ей, мынауың қазақша сайрап тұр ғой». Бұл ойынан Жүсіп елең ете қалды.
– Оны кім айтты сізге? – деді Бәтима.
– Сіз айттыңыз!
– Қашан?
– Өткендегі жауабыңызда.
– Жала!
– Жала емес, тоқтаңыз!
Айран көз қара қатырғы папканың арасынан үш парақ қағазды алды.
– Міне, оқып берейін. Бізде іс орыс тілінде жүреді. Сіздің жауабыңыз орысшаға аударылған. Сіз оған қол қойғансыз.
Мәнерлеп оқи жөнелді. Бәтима бір сөзін ұқты, бір сезін ұққан жоқ. Магазинге барып, ет, май, нан, қант қана сұрайтын орысшасының өресі оған жете қоймады. Сол себепті де селқос тыңдады, бірақ Жүсіптің көзі шатынап бара жатты.
– Мынау сұмдық қой, – деді қазақшалап.
– Сұмдық ар жағында, тұра тұрыңыз, – деп кекетті тергеуші.
Ол қағаз бойынша Жүсіп жетісіне бір рет үйіне ұлтшылдық пиғылдағы адамдарды жинап тұрған. Олар көп мәселелерді талқылаған. Соның ішіндегі бастысы – Қазақстанның бүгінгі халі. Егер ол дербес болғанда, ашаршылыққа да ұшырамайтын, бүгінгідей сорламайтын да еді. Халықтар достығы деген – құр алдамшы сөз. Шын мәнінде, отардың табанында отырмыз. Бұл күйінде халық ретінде құруымыз мүмкін. Жерімізден де, салтымыздан да айырыламыз. Алашордашылардың алаңдағаны бекер болмаған. Сондықтан бөліну керек. Мына жағымызда Қытай, арысы Жапония бар. Жеріміздің кеңдігі, қазба байлығымыздың молдығы бізді ешқашан қор қылмайды. Тек жетіспейтіні дербестік, тәуелсіздік. Одақтан қалай да бөліну керек. «Мұндай пиғылдағы күйеуімнен шындығында кейінгі кезде айныдым. Оның ұсталғаны дұрыс деп есептеймін. Балаларымның бақыты үшін Есбергеновтен мен атқұйрығын үздім. Фамилиямды да өзгертіп, өз әкемнің атына көшіруге дайынмын Бәтима».
– Бәтима-ау, мына жауапты сен бердің бе? Қайдағы жиын? Қашан жиналдық?
Жүсіп айғай салды. Айран көз рахаттанып күлді.
– Қандай жауап? Мына оқығанын түсінбедім ғой. Менің орысшам өзіңе белгілі емес пе.
Жүсіп қазақшаға аудара бастады. Тергеуші оны қақпақылдап сөйлетпеді. Сонда да негізгі мазмұнын аударып үлгерді.
– Сұмдық-ай, сұмдық-ай, – деді Бәтима шашын жұлып. – Мынау менің сөзім емес. Жүсіпжан-ау, ақыретте иман көрмей кетейін, мұны мен айтсам, арғыбет асып кеткен әкемнің қатыны болайын. Тағы қандай ант-су іш дейсің. Бұл сөздерді айтсам, ана екі ұлымның қара сорпасын ішейін. Сенбе, сенбе бұларға, Жүсіпжан. Асылым, арманым, ақ иығым менің.
Тергеуші сап-салқын күйімен Бәтимаға қағаздың астындағы қолын көрсетті.
– Жоқ, сұмырай, маған қазақша оқығансың. Ондағы сөздер бұл емес. Айт десең, қазір айтып берейін. Басымда таста қашалған таңбадай жаттаулы. «Жүсіп пен Зылиха» хикаясын жатқа білетін менің басым ол сөздерді ұстап қалған. Мынау соның орысша аудармасы деп қол қойғызғаның бар еді. Алдаған екенсің ғой, сұмырай.
Жүсіп те қол-аяғы кісендеулі күйімен айран көзге тұра ұмтылды. Бірақ қасында тұрғандар оны сүйреп алып кетті. Сол арада Бәтима есінен танды.
Жүсіп артына қарап:
– Қазақ тілін білгеніңді қандай қара ниетке пайдаланғансың, сволочь. Сендерге тіл білгендерің үшін он бес процентті осындай арамзалық жасасын деп төледі ме?
Бірақ бұл сөздерді Бәтима естіген жоқ. Талып жатты. Осы әңгімені айтқанда, дәрігер әйел:
– Бұл – нервінің ісі. Әрине, ол жүрекке әсер етпей қоймайды. Уақыт керек. Шамаңыз жеткенше ол көріністі еске алмауға тырысыңыз. Бұл қояншық емес.
Бәтиманың жүрегі орнына түскендей болды. Әлгі тұтқын дәрігер әйелдің бір ауыз сөзінің өзі жегідей жеген ойын сейілтті. Мүмкін болғанша таза ауаға ұмтылыңыз деген сөзі ұдайы есінде. Осы лагерьдің қойын бағуға кім барады дегенде, бірден қолын көтерді. Ескі кәсіп, баяғы әкесі Бимендінің қойынан көп емес шығар. Көңіне малтығып, іркітіне іріп жүріп еді ғой. Жастықта қалыптасқан малсақтықтың бір пайдасы тиер.
Қыс өтіп, жаз келді. Еркін далада емін-еркін өзі. Үстіндегі киімі – кәдімгі қойшының киімі. Бұтында көнетоз сырыған шалбар, аяғында шоқиған керзі етік. Үстіндегі жұлма-жұлма сырма кеудешені ыстықтаса шешіп тастайды. Мынау арқаның шипалы ауасы жүрегін жазып, кеудесін кең тыныстатқандай болды. Адам аямағанмен, даласының жасаған даруы шығар бұл. Оған да шүкір. Жүсіптен мүлде күдер үзді. Ана қисықтығымен оны тірі жібере қоймас. Қос құлынына аман-есен жетсе екен. Ендігі денсаулығы соларды көруге жараса. Кеше алған хатты қайта-қайта оқи берді. Бәрін мұқият жазыпты. Жәңгірдің қазақшасы кәдімгідей түзеліп қалған. Дүлдүл тәтесінің өздерін шыттай киіндіргенін, қыс бойы Ақылжандарда болғанын, қазір колхозда, әскерге сұранған екен, алмапты. «Әкесінің ұсталғаны алдынан шықты-ау» деп ойлады Бәтима.
О, қайран Дүлдүл тәтем. Қайратыңнан айналдым. Өзім де сенен басқа пана жоқ деп санап едім. Дегеніңе жет. Ақылжаның аман болсын.
Бәтиманың қойшы ретінде ғана емес, қасапшы ретіндегі беделі тез танылды. Лагерьдегі бір бастық қазақ еді, бірде үйіне келген қонаққа арналған қойды соятын адам таппай, дал болды. Лагерьдегілердің бәрі әйел ғой. Сасқалақтап тұрған бастыққа:
– Пышағыңызды әкел, мен сойып берейін, – деді.
Әлгі бастық жерден жеті қоян тапқандай қуанды. Білекті сыбанып жіберіп, қойды алып соқты да, аяғын байлады.
– Мұсылманда малды әйел бауыздамайды, бауыздап беріңіз, – деді. Анау ат-тонын ала қашты.
– Сенсеңіз, қорқам! Атып өлтіріп берейін.
– Астапыралла! – деді Бәтима. – Құдай кешірсін. Өзім-ақ бауыздайын.
«Адамды атқаннан қорықпайсыңдар. Малды бауыздаудан қорқасыңдар. Сонда сендерге адам мал құрлы болмағаны ма?» Осы сөзді айтып қала жаздап, өзін-өзі әрең тоқтатты. «Пәлелі көтке бармағыңды тықпа, тырнағың қалады» деген емес пе. Өзім мүшкіл халде жүргенде, оның жынына тиіп қайтем.
Әп-сәтте терісін сыпырып, өкпе-бауырын бөліп, жіліктеп, қазанға салуға дайын етті.
– Ішек-қарнын аршып берейін бе?
– Ойбай, оны боқ сасытып қайтесіз. Қонақ аса сыйлы адам, – деді әлгі қазақ. «Е, ештеңені көрмеген, кейінгі, әлгі, адам ұстаумен тез көтерілген көбік жастың бірі екенсің ғой, мал-жаның аман болсын». Бұл ойларын да мұрнының астымен Бәтима өзіне-өзі айтты.
– Онда ішек-қарнын маған беріңізші, ана арестант-әйелдердің аузын бір майлайын, – деді.
Әкесінің қолында тұрғанда да, Жүсіпке күйеуге шыққанда да біреуге бүйтіп ділгәр болып көрмеп еді. Ішек-қарынды сұраған соң не сорым. Намыстанып кетті. Бірақ әділетсіздік намысыңды қайтсін. Бұл арада талай намыс тапталып, талай арлының жігері құм болып жатыр емес пе. Кімнен әулиемін.
Мал иесі ішек-қарынға қарсылық білдірмеді. Содан бастап, Бәтима қой союға кетті десе, арестант-әйелдер кәдімгідей қуырдақ дәметіп отыратынды шығарды.
Арестант-әйелдер емес, бұлар шетінен арыстан әйелдер болып шықты. Іштерінен мұғалімдер де, дәрігерлер де, ғалымдар да, инженерлер де табылды. Құрылысшылар лагерьді жайнатып жіберді, ағаш егілді. Бармағынан бал тамған тігіншілер шықты. Ателье ашылды. Осындағы бастықтардың әйелдері тіпті анау Қарағандыдан келіп, жұрт киім тіккізетін болды. Алғаш меңіреу көрінген мынау далаға жан бітті. Шіркін, адамның қолы-ай! Тиіп кеткен жерін гүлдендіріп жібереді. Осындай талай қолдар құр босқа түрмеде шіріп, талай бастардағы асыл ойларға бекерден-бекер бұғау түсті-ау. «Жау» деген қарғыбау тағылғанның өзінде жапырып істеп жатқандары мынау. Еркіндікте болса ше? Неткен ізетті адамдар. «Бәтиманың қуырдағы» деп менің ішек-қарын қуырып бергенім үшін бастарына көтереді. Көргеннің аты көрген-ау. Осынау лагерьдегі абзалдықтарының өзінде адалдық жатқан жоқ па!
Осының бәрін хатқа жазғысы келді. Бірақ ол хатты кім жібереді. Қайта өзіне пәле болып жабысып жүрер. Бұл жақтан кететін хат шолақ. «Аман-есенбіз. Бұрынғыша жүріп жатырмыз. Хат жазып тұрыңдар». Ел жақтың амандығын да сирек естиді. Ақылыңнан айналайын Жәңгір, бөтен сөз қыстырмай жазған соң жетті ғой бұл хатың. Амандықтарыңды білдіріп, шолақ та болса осылай жазып тұрыңдар.
Бір уақ қос құлыншағы елестеп кетті көз алдына. Соқа айдаса, табаны тілім-тілім, жүзі тотығып, ерні жарылып жүр-ау тегі. Еркелеу еді, Жадырасы не істейді екен? Намысқойлығы тура әкесіне тартқан, біреу жанына тисе, қолында қиқылдап өлуге бар. Жаудың баласы деп әлдекім қамшының астына алып жүрмесе жарады.
Дүлдүл тәтесіне арнайы хат жолдағысы келді. Бұл жақтан өлі қайта ма, тірі қайта ма? Рақмет сөзін естісін ең болмаса. Әйелдерге келген әредік хабардан байқайтыны – көбінің туысқандары ат-тонын ала қашып, ұсталғандардың балаларын жуытпай жатқан көрінеді. Олардың қасында Дүлдүл тәтесінікі ерлік қой. Ақылжанды салып, Жәңгірдің оқуға қайта баруына далбаса жасаса. Заң институтына қайдан түсіп еді, мына жағдайда оны қайта жуытпайды-ау, тегі. Тіпті басқасына ауысып кетсін. Жоғары білімді болса, өз күнін өзі көрер. Бұл ойларды хатқа жазуға болатын шығар. Пәле іздегенге ілік табыла береді екен ғой. Тергеуде «балаларыңның атын неге Жәңгір қойдыңдар» деп те қиғылықты салды-ау. «Жәңгір деген – өткендегі атақты ханның аты, бұлай деп қоюларыңда да бір құпия бар». Осылайша, Жүсіпті де қысқан болар. Әркім-әркімнің айтуынша, Сталиннен бір жылы лебіз болыпты, «әкесі үшін баласы күймейді» депті. Оған да шүкіршілік. Балаларды институтқа, мектепке қайтарып жатыр дейді. Осы хабар Дүлдүл тәтесінің құлағына тисе, бір далбаса жасап қалар. Әттең, бәрі қағазға симайды, оны тіпті сыйдырмайды да ғой.
Күнде өріске шыққанда осы ой басын шырмап кетпей қойды. Есіл-дерті – екі перзентінің болашағы. Қай ана бала жөнінде ойламайды? Ана болғанда қандай еді. Балалары «мектепке ата-аналардың жиналысына келгенде, жұрт саған қарап қалады, оған біз мақтанамыз» дейтін. Сол Бәтимадан енді не қалды? Бір күні айнаға қараса, кәдімгі қойшы. Өзін-өзі қараудан тіпті қалыпты-ау. Бүйте берсе, әйелдің пішінінен мүлде айырылып, еркек болып кететін шығар. Қыста қигені тымақ. Жазда да басын орамалмен шарт байлап алғандікі ме, шашы түсе бастады. Баяғыда Жүсіп қызыққан тоқпақтай қос бұрым күн өткен сайын жіңішкеріп барады. Көз алдына екеуінің қосылғаннан кейін түскен суреті келді. Бұрымдарын алдына салып, Жүсіптің қасында гул-гул жайнап тұрған шағы еді. Сол суреттің бір данасын ауылға Нарғазыдан беріп жібергені де есіне түсті. Әсірелеп айтса, жаяу кісі жатып, атты кісі түсіп қарайтын сурет еді. Шіркін, жастықтың өзі де сұлу ғой. Сол сымбаттан түк қалмағаны ма?
Бір уақ тәтті қиял сүйрей жөнелді. Мұның бәрі қате деп табылып, Жүсібі қызметіне қайта оралыпты. Өзін осы «КарЛАГ-тан» машинамен алдырыпты. Сонда осы буынтық-буынтық, еркек боп кеткен күйімен бармақ па? Қой, Жүсібімнің жанын жүдетіп жүрермін. Қиындықта суарыла түсетін асыл темір ме десем, жасық екенсің ғой деп жүрер. «Қанша жыл қасымда болғанда менен түк жұқпаған ба?» Бұл сынды неге естуім керек, неге Жүсібімнің көңіліне олқы соғуым керек? Өмірімдегі ең биік арманым әрқашан Жүсібімнің ойынан шығу емес пе еді, «хорошая пара» деп тамсанатын Шодыр, бірге түскен суретті алып көргенде «көз тимесін» деп хат жаздырған Дүлдүл тәтесі не дейді? Жүнжіме, жүнжіме Бәтима деп бір ішкі күш сыбырлағандай болды.
Сендегідей бітім екінің біріне беріле бермейді. Жүсібің қызыққан сұлулықты сақтай біл. Бәрін Қарағандының лагеріне тастап кетіп жүрме. Қолға ал өзіңді, қолға ал! Бірде алдын, бірде артын беретін алма-кезек дүниенің өтінен ең керегіңді – Бәтималығыңды алып шық. Жаның кеудеңде тұрғанда оны қайғы түтіні қарайтпасын. Бәтималар жиі кездесе бермейді. Сол үшін де Жүсібің саған қызыққан. Сол үшін де бүкіл Ажы ауылына жасыңда-ақ сүйкімді болғансың. Мүмкін, сол үшін де қой бағып жүрсең де, осы КарЛАГ-та сені қадірлейтін болар. НКВД-ның қатыгез қызметкері де қос бұрымың ерекше ажар берген сымбатыңа түрме алдының өзінде-ақ жұтына қарамап па еді. Қолға ал өзіңді, қолға ал!
Қиын жағдайың бәріне ет өліп, үйренгеннен кейін де бұлқынып тұтқын болғысы келмей тұрған осы бір әйелдік сезім өзін аямай қамшылағандай болды. Жүсібін сағынғаны ма, әйтеуір, бір күш тұла бойындағы қан тамырдың бәрін керіп барады. Қиялды да шақырып, қызық күндерін көз алдына оралтып та тұрған сол. Әйтеуір, бір сілкініс келді бойына. Өріске кішкене қол айнасын ала шығып, ауық-ауық оған қарататын да сол болу керек. Тымағы құрғырды қыста бекер киген екен. Басын терлетіп, қайызғақты көбейтіп, шашын уыс-уыс күйімен түсіре бастаған сол-ау. Әттең, Жүсіптің бірде Мәскеуден әкелген сұйық сабыны қазір болар ма еді. Оның сыртындағы «шашты түсірмейді, жылтылдаған түс береді» деген жазуын өзі оқып берген-ді. Сонда-ақ ол менің шашымның ерте түспеуін ойлаған екен ғой.
Шынында да, әйелдің көркі ең алдымен шаш емес пе. Неге ұнжырғам түседі, бар болғаны биыл 35 жаста екем, Жүсібім әлі 40-қа да жетпепті. Нағыз қызық шағымызда түскен екен ғой бұл құрық. Жыл өтер, екі жыл өтер, бір жақсылық болатын шығар. Өзен теріс аға берер дейсін бе? Ендеше, өзімді-өзім қолға алайын. Алдымен әйелдігімді жоғалтып алмайын.
Осы ойлардың үсті-үстіне келе беретініне таң калды Бәтима. Қара дауыл қанша дірілдетсе де, үсікке шалынғысы келмейтін тіршілік күлінің тік мінезі-ау бұл. Оны үсітуге ешкімнің күші жетпес. Ендеше, өзім неге үсітуім керек? Қайта оралар қыранымның қызығатын қырмызы қызыл түлкісі неге болмаймын.
Бір сәт қайта шұрқырау құрметіне жасалған дастархан елестеп кетті көз алдына. Top алдында Дүлдүл тәтесі. Оған жақын әмсе ұян Нарғазы отыр. Ақылжан мен Қайша зыр жүгіріп қызмет істеп жүр. Алматының алмасы да биыл ерекше піскен сияқты. Дастарқан үстінде көздің жауын алады. Бірнеше табақта жаңа үзілген мөлтек жүзімдер. Құмыраның неше түрі қойылыпты бүгін. Ақ бас шампан соның бір тобының ортасында ақ бурадай паң көрінеді. Тығыны атылған соң ол көбігімен бокалдарды толтырды. Коньяктар шағын рюмкелерде мөлтілдеп ол тұр. Қазақстанның он бес жылдығына арналған үкімет қабылдауын көргені бар еді. Дастарқанды тап сондағыдай жасаған екен. Өзге суық тамақты былай қойғанда, Жүсіп әдейі сойдырған тайдың жас қазысы мен қартасы бүгінгі салтанатқа ерекше ажар беріпті. Еті ас бөлмеде былқылдап ол жатыр. Екі-үш жас әйел нан жабуда. Оның ішінде татар көршісі бар. Әлденеше айтуына қарағанда, ол нан жаюдың керемет мектебінен өткен. Әниі жасынан таптап, нанды жақсы жайдырыпты. Жайған нанын көтеріп, жарыққа қарап көреді екен. Сонда күн көрінбесе, қайта илетіп, қайта жайдырған. Талай жылаған да, бірақ осындай мектеп оны ас пісірудің әбден шебері еткен. Қадірлі қонақтар келерде оны шақыру – Бәтиманың қашанғы әдеті. Өзі де соз айтқызбай жетіп келеді. Өнер адамы қашан да өнерін көрсеткенше асығады ғой. Одан ол үлкен ләззат алады. Ac пісіру, стол жасау да ол өнердің төресі. Сондай күш қыса ма, әлде көрші хақысы деген қанына сіңген бе, бүл құрбысы ағып жетіп келеді. Ол жүрген жерде ас бабына алаңдаудың қажеті жоқ. Алаңдап тұрғандары Шодырдың кідіріп жатқаны.
Жүсібіне қиыла қарады. Ол сәл кідіре тұрайық дегендей ишарат білдірді. Жәңгір мен Жадырасына көзі түсті. Ақылжан, Қайша – төртеуі столдың аяқ жағында есік алдында тікесінен тік тұр. Кәдімгі даяшылар секілді. Жадыра алдына алжапқыш байлап алыпты. Бәтима мырс етіп күлді. «Қызметші болған сиқыңнан айналдым» деді ішінен. Жәңгірдің қолында фотоаппарат. Осы бір сағынған кешті түгел түсіріп алғысы келген ғой.
Жұрт ду ете қалды. Өйткені есіктен Шодыр көрінді. Шашы аппақ, аяғын сәл сылтып басады. Бір көзі әйнек секілді. Қасында Марусясы жоқ, жалғыз келді. Еңгезердей болып орнынан көтерілген Нарғазы отырғандардан қызғанғандай ең алдымен өзі тарпа бас салып құшақтады, бетінен сүйді. Қасына әкеп отырғызды. Шодыр отыра бере қайта атып тұрды. Өйткені Дәмеліні көрді.
– Даша, Дәмелі, Дүлдүл әпкем! Сені де көретін күн бар екен ғой. Келші, келші, құшақтасайық.
Еңкілдеп жылады. Жас бір көзінен ғана шықты, бір көзі өлген адамдікіндей шақиып түр. Дәмелі де бар мейірімен құшақтады оны.
– Нарымның жанын үзген тамыры, көңілі алаңсыз орыс баласында бөлек жаралған Шодырым. Асыл тұлғаңның аман қалғанына шүкірлік. Марусяның жағдайын бізге Жүсіп айтты, иманды болсын.
Иә, ол бір жантүршігерлік жай еді. Нарғазыдан хабар болмаған соң, Алматыға Марусяның өзі келеді. Неше күн жүріп, өлдім-талдым дегенде Шодырмен кездесуге рұқсат алады. Неге екені белгісіз, НКВД сипақтатып көрсеткілері келмейді. Ақыры аяғынан жүре алмай қалған Феодор Афанасьевичті қол арбамен кездестіреді. Маруся шар ете қалады. Мынау өзі қасынан кеткен күйеуіне тіптен де ұқсамайды. Бет-ауыз адам танығысыз, бір көзі жоқ. Қол арбамен сүйреткеніне қарағанда, аяқтан да айырылған ғой.
– Бір басқа бір көз жетеді, Маруся, – деп әйелінің еңсесін көтермек болды ол. – Көзімді алғанмен, көңілімдегі сенімді ешкім ала алмайды. Мен партияма адалмын.
– Кім біліп жатыр оны. Мұны кімге айтып тұрсың? Мынау қапас түрменің төрт қабырғасына ма?
– Арыма айтып тұрмын. Сенің алдыңдағы, өз арымның алдындағы есебім. Сен білсін, көңілінде күдік қалмасын деп тұрмын. Бұларға сөз қор, бұлар мынау меңіреу қабырғадай тас керең. Бұлар үшін адам шыбын құрлы болмай кетті. Берік бол!
Маруся берік бола алмапты. Содан шыққан бетімен көрген қорлығына шыдай алмай, поездың астына түсіп өлген. Бұл жағдайды отырғандардың бәрі бірдей біле бермейді.
Жүсіп қолына боқалды алды. Сәл жұтынып, тебіренгендей кейіп танытты.
– Достар, ағайын-туғандар! Мен діншіл емеспін. Бірақ Құранда мынадай сөз бар деп отыратын әкем Есберген. Күніне мың адам өліп, мың бір адам туады екен. Сол артық туған бір адамнан осынша ұрпақ тарапты. Бұл менің есіме табиғаттағы тепе-теңдіктің заңын түсіреді. Физика деген пәнде оң заряд, сол заряд деген болады. Бардың жоғы бар, аздың көбі бар. Жамандық пен жақсылық, жоқшылық пен тоқшылық, ақ пен қара, қыс пен жаз, күн мен түн болып кете барады. Түн қанша жасырғысы келгенмен, күн тіршіліктің бұла күшін оятып шығады. Түн қанша теңелгісі келгенмен, тіршілік атаулы, оның ішінде адамзат, мына біздер күнді жақсы көреміз, одан күтеріміз көп. Түннің қараңғысы көрсеткісі келмесе, күннің жарығы жария етуді қалайды. Қоғамда да солай. Онын аяқтан тартар күші түн секілді де, ілгері сүйрер күші күн секілді. Жанағы артық туған бір адамнан тараған сияқты осы күштің артық салмағымен адамзат дамиды. Ғылым тілінде оны прогресс дейді, яғни ілгері басу, тірлік, тіршілік атаулының ілгері басуы. Оны тоқтата алар күш жоқ. Осыған берік сенгеннің ғана тасы өрге домалайды.
Сіз боп, біз боп оған берік сендік. Ол сенімімізді жаңа заман мұраты күшейте түсті. Өйткені оның негізі – ең алдымен адамды ойлау, адамның қанауын болдырмау, барлық адамның адамша өмір сүруіне көшу. Сол үшін революция жасадық, сол үшін қан төктік, қиындықтар көрдік. Осы күрестің шуағы қызулана келіп күндей қуатқа айналарына сендік. Озбырлықтың уын жұтып келсе де, сол сенімнен тіптен айырылмағандар бар ортамызда. Қиын сәтте жанымызды жебеген де, бойымызға өрлік берген де сол сенім. Әрине, құрбандықтарды ұмыта алмаймыз, ол жүрегімізді қан жылатады. Оның ендігі өтеуі – сол сенімді күшейткен үстіне күшейту. Озбырлықтың авторлары халықтың қарғысына ұшырары сөзсіз. Ол қарғыстың қаһары сұмдық! Халық зердесінен ұғымтал еш нәрсе жоқ. Тарихтың шежіресін жасаушы сол зерде. Ол күнгейімізді де, көлеңкемізді де жасырмайды. Тарих тағылымы деп соны айтады. Халықтың есінде қарақшы ешуақытта қалмайды. Халық қаһармандарды ғана қастерлейді. Біздің қазақта «халықтың қарғысына ұшыраған» деген сөз бар. Содан сақтасын. Бір күнгі атақтың, бір күнгі артық тірліктің желеуімен халқын сатқандар сол қарғысқа ұшырайды. Мың да бір тәубе, меніңше, ол қарғыстан аманбыз. Өзгесінен халық зердесінің өзі-ақ аршып алады.
Сол халықтың қарғысына ұшырамағандар, қаһармандар үшін қандай қиын сәтте де адамгершіліктің алтын діңгегінен айырылмағандар, айырылмайтындар үшін бір алып қояйық.
Бәрі орнынан тұрды. Жүсіп ең алдымен Дүлдүл тәтесімен, Шодырмен, Нарғазымен, отырғандардың бәрімен, ең соңында Бәтимамен соғыстырды. Көңіл күйінің бапты шағында елжірей қарайтын бір мінезі бар еді. Соған басты, сол бабында. Ішіндегі бүл сағынышы қос жанарына жиналғандай. Сыңғырлаған бокалдар кезек-кезек төңкеріліп жатты.
Орнынан ауыр көтеріле Шодыр тұрды. Сау көзімен Жүсіпке бір қарады. Шыны көзі жұрттың бәріне бірдей қарап тұрғандай.
– Жүсіп, сен арыдан тербеп, әдетіңше пәлсапалап сөйледің. Айтқаныңның бәрі жұғымды астай бойымызға сіңіп кетті. Айтпағым мынау. Мен сенен де бұрын мына Нарғазымен таныспын. Екеуіміз тамырмыз. Осы «тамыр» деген сөзге ұдайы таң қаламын. Неге дейсің ғой? Адамның арақатынасы айталық, бауыр, туған-туысқан, құда-құданда, жекжат, жиен, нағашы, дос, жолдас деп өлшенеді, ә. Тіпті сол «дос», «жолдас» деген сөздер тұрғанда қазақ өзге ұлттың өкілімен жарастыққа «тамыр» деген сөзді неге таңдап алған? Тамыр өсімдікке нәр береді, тамыр адам, хайуанат тірлігін қамтамасыз ететін қан ағзасын дұрыс арнаға салады. Тамырды тереңге жіберген қарағай, шырша қысы, жазы көкпеңбек болып тұрады. Сен философ болсаң, осыны түсіндірші маған, неге қазақ «тамыр» деген сөзді таңдап алған? Талайыңның басыңды қатыратын сұрақ бердім-ау деймін, ә? – деп Шодыр күлді. – Бұл сөзде менің ұғымымда халықтың жанының айнасы жатыр. Мен жастайымнан осы айнамен жүзімді көріп келе жатқан адаммын. Мынау жалғыз көзбен де қазір бұл айнаға рахаттана қараймын. Мынау отырған Нарғазы, егер сала алатын дәрігер табылса, жоқ көзімнің орнына сау көзін беруге де тайынбас еді. Осындай халықты неге «ұлтшыл» дейміз. Қайдан шыққан бұл пәле? Осы бір қырғышпен қаншама тағдырға қиянат жасалды. Мұның аты – берісі әпербақандық, арысы рухани бітеулік. Маған түрмеде «қазақ ұлтшылдарына қалай көмектестің» деген масқара сұрақтар қойылды. Соны мойындамағаным үшін мына бір көзден айырылдым. Ұрып-соғып менен ұлтшыл жасамақ болды. «Екі көзімді ойсаң да, бұл халықты ұлтшыл дей алмаймын. Бұл сөзді кесек тастай кез келген жерде лақтыра беретіндердің арғы жағы шикі» дедім.
Сөз неден шығып кетті өзі, әлгі «тамыр» дегеннен екен ғой. Мен мына қасымда отырған тамырым – Нарғазым үшін, оны дүниеге әкелген халық үшін тост көтеремін, – деді Шодыр.
– Нағыз философ мына сен, – деп келіп Жүсіп Шодырдың бетінен сүйді. Еңкілдеп жылағысы келіп тұрған Нарғазыға қарап:
– Нәке, Нәке, батыр адам сөйте ме екен. Сабыр, сабыр, – деді. Нарғазы күле жылап екеуін бірдей құшақтады. Отырған жұрт бәрі тікесінен тік тұрды. Қайшаның көзінен Бәтима тарам-тарам жасты көрді. «Сенің де өшкенің жанып, жоғалғаның табылар. Оңды бір заман лебі есті емес пе. Ақылжаныңның қасында қалғаныңа мың да бір шүкіршілік ет» деді ішінен. Ақылжан мен Қайшаға, уыздай екі ұлына қарап тұрғанда қасына Жүсіп келіп қалыпты.
– Сізбен соғыстыруға болар ма екен?
Осы бір тәтті сезімнің тұтқыны болып тұрғанда Бәтиманың алдында жатқан қой дүр ете қалды. Бір тобы бөлініп өзіне қарай жеңкілді.
Бәтима жападан жалғыз сасқалақтап өз-өзінен сөйлеп жүр.
– Шәйт, шәйт, – деп айғай салды. Қойлар үрке-мүрке дауыс шыққан жаққа қарай ұйлықты. Тік құлақ көк қасқыр анадай жерде едірейіп тұр. Қойға бір, қойшыға бір қарайды. Әйел дейін десе басында тымақ. Ол тағы бір тап берсе, мына отардан түп-түгел айырылуы мүмкін. Бұрынғы он жылының үстіне шімірікпестен қосып келіп жіберуден тайынбайды мұнда. Сорлыға – тоқпақ деген сол. Осы ой келгенде, жаңағы тәтті қиялдан түк те қалмай ұшты да кетті. Енді бар күшін дала тағысына қарсы айбат көрсетуге жұмсамақ.
– Айтақ, айтақ, – деп қаттырақ айғай салды. Көңілсіз бүлкілге салып қасқыр кейін бұрылғандай болды. Күн еңкейген екен, отарды лагерьге қарай қайыру керек. Ояу тұрып көрген әлгі бір түсі қайтадан жылт етті.
– Сізбен соғыстыруға болар ма екен?
Жүсібі көз алдына қайта келді. Тік құлақ қасқыр едірең етіп тұра қалды. Киноның кадрындай алма кезек ауысқан бұл көріністер жанын біресе жұбатып, біресе дірілдетіп келе жатқанда алдынан лагерь, үйіндей үйреншікті болып қалған КарЛАГ-і көрінді.
Малыбай Ақылжандардан келісімен Дәмелі жолға жиналды. Қайткенде Нарғазыны бір көріп қайтпақ. Қыстың күні, қар қалың. Қолға қараған шулаған мал. Кеңесжан мен Амангүл де жас. Біреуінің сабағы, біреуінің тамағы дегендей. Не істейді енді? Жасы ұлғайған шағында онда тартса – онда, мұнда тартса – мұнда жетпейтін күйге тап болды. Зейнепті не де болса көшіріп алуы керек. Бәрінен де жүрегін сыздатып бара жатқаны – Нарғазыны көре алмай қалам ба деген күдікті сезім. Оның темір шарбақтың ар жағында отырғанын елестеткенде түн ұйқысы төрт бөлінеді.
Көршілеріндегі бес келіншекті жиып алды. Бір-бір күннен біздікінде кезекші боласыңдар деп тапсырма берді. Керек болса, күйеулеріңе де айтам. Мен келгенше екі балам мен күйеуімнің қабағын шыттырмаңдар. Бәрі бәйек болып келісіп жатыр. Жаздағыдай емес, колхоз жұмысынан қолдары бос. Жалғыз тұқым тазарту ғана. Мұның өзі де мынау қыста әйелдер үшін жеңіл боп тұрған жоқ. Тастай суық қамбада қорбиып киінген күйлері бір қамбадан екінші қамбаға арқалап тасиды. Кешке дейін қап кетеру оңай ма? Үйлеріне ұшып-жығыла жетеді.
Тұқым тазалаудан бос күндері Малыбайды балаларымен бағуға көрші әйелдердің бәрі де сөз берді. Нарғазыдай бауыры ұсталған соң жанашырлық білдірулері де бар онда. Алғаш естігенде Дәмелі жылап жүрді, жасып жүрді. Елдің бәрі басқарма Күмісбектің керауыз қатынындай ойлайтын шығар деп қалды. Жоқ, байқаса, Нарғазының қамалуы бұған деген құрметті өсіре түспесе кемітпепті. Нарғазының өзінің де құрметтілігі шығар ол.
Жатса-тұрса есінен кетпейтіні немере қайнысы Қоспанбет. Ұшты-күйлі ашаршылық жылы бір түнде үй-ішімен жоқ боп кетті. Көз алдында аштықтан жан тапсырған екі баласын көмген жерден жаны түршікті ме екен, әйтеуір, жым-жылас. Айғаным келіні болса өзге әйелдерге күнін салып несі бар, бәрін өзі-ақ тап-тұйнақтай ететін еді. Мына жолға жалғыз аттанбай, Қоспанбетті ерте шықса тіпті дұрыс қой. Құдай оларды да қимады. Тірі ме екен? Морт мінезді неме, жан саялар жер тапса, жарады. Бұл төңіректе жоқтығы анық. Міне, алтыншы жыл боп барады, қаншама сұрау салды, ұшты-күйлі жоқ. Аштық кеп қазақтарды ішкі Ресейге қуып тыққан деуші еді. Солардың қатарында болса, жарады онда. Екі-үш қайырым орысшасы жетсе, жараған шығар. Үркіншілік жылдары байқағандай, орыстарға өзі үйірсек болатын. Қашпағанда қайтсін, басындағы үйін Анарбай ақымақ өртеп жіберсе, екі баласын аштық жалмады.
Үш бауыры да сөйтіп кетіп қалуы керек пе еді? Нарғазы сонда ұсталмас па еді. Бәрі бір жазғанның қолында ғой, айтты не, айтпады не. Атамекен, атамекен деп, міне, ақыры не болды?
Шанамен барудың керектігі – Нарғазы ұсталған соң, олар тілін тістеп отыр ғой, астық салмайды. Бір-екі ұраны аштырып, өздеріне деп арналған астықтан екі қап бидай, бір қап тарыны ала кетсе. Бидайды ұн ғып тарттырмаса, олар тарттыра да алмас қазір. Ақылжан үкімет ат берді деп Шабдарды қайтарып жіберіпті. Ауылнай мінген ат қоңы жақсы екен. Торы бие өзі буаз, ұзақ жолға обал шығар. Атты жегу, доғаруы әйел адамға ауыр-ақ. Амал не, қаста еркек жоқ. Әттең, Қоспанбет-ай, жоқтығың осы жерде білінді-ау. Алдыма салып қуып кете беруші едім. Ажы тұқымынан алты-ақ үй, онда да кәрі-құртаң. Қармыстан қалған бір шоқ гүлдің алды үсікке ұрынды. Қалғанын мынау мезгілсіз келген сыпырма сау қалдыра қояр ма екен? Амал не, бармаса болмайды, не көрмеген Дәмелісің. Нарғазыдан жаным әулие емес. Тәуекел!
Малыбай байқұс бір түнде бидайды тарттырып әкелді де, жолға Шабдарды әзірлей бастады. Шананың бас жағы қаңсып, табан темірі босаған екен, оны ұстаға апарып жөндетті. Үйдегі ең бүтін қаптарға ұраны ашып, астықты салды. Тары сабанының шынында қасиеті бар екен, жерге жарты кез тоң қатса да, ұрадағы астық құп-құрғақ. Тыңға салған Бастұманың ақтарысы баданадай, көздің жауын алады. Жол түссе, жақсы, арада бір қонып барып қалар еді. Әттең, серік болмады-ау. Антоннан ары станцияға астықтартқан лау кездесіп қалар мүмкін.
Антон дегенде есіне Шодыр түссе, лау дегенде ойына қара атан келді. Мынау қыста ұзақ жолға таптырмас келік түйе ғой, шіркін. Көп бап та керек емес. Қалың қарды су жарған кемедей есіп отырады. Ашаршылық жылы колхозда шөптің жоқтығынан алғаш опат болған қара атан Дәмелі үшін түйе малының ең соңы сияқтанып кетті. Бұл түлікті еске салатын Малыбай мен Ақылжанның анда-санда киетін биязы тоқылған түйе жүн шекпендері. Қайша қанша пәлте сатып әперсе де, Ақылжан оларды шекпеніне теңгермей жүрді. Әрі жеңіл, әрі сулық.
Сөйтіп, Қара атан да жоқ, Қоспанбет те жоқ. Тұрғанбектің үш ұлының ортасындағы жалғыз қара қызы Дәмелі ғана бар. Оған да мынау аяздай қарыған ауыр жағдай жер ортасында, егде шағында кез болды ғой. Жастық болса, бәрін де көтерер еді-ау. Черкеш қорғанысының қиындығын білдірмеген қайран сол шақ қол бұлғағалы қашан. Нары, Нарғазы мұндай күйге қалай түсті, оның адам алдында да, Құдай алдында да кінәсі жоқ еді ғой. Қисайып бара жатқан мынау дүниені түзейтін жан бар ма? Нарғазының ұсталғаны Дәмелінің жанын осылайша ышқынтатын секілді.
Екі күнгі азапты жол артта қалды. Лепсі станциясындағы Ерғазының үйін сұрай-сұрай әрең тапты. Бірақ алдынан кіші бауыры шыға алған жоқ, оның бала-шағасынан да ешкім көрінбейді. Қақпа алдынан орыстың егде тартқан ер-азаматы көрінді.
– Бұл үй біздікі, біз мұны сатып алдық, – деді ол жартысы қазақша, жартысы орысша. – Олар кошевать болганский.
– Солай болмаса жарар еді-ау деген Дәмелінің ойы дәл келді. Қорыққан ғой, біржола қараларын өшірген ғой. Дәмелі сүйегі сол жерде қалса да, НКВД-ның қақпасынан шықпауға бел буды. Мұнда да тұмсығы тасқа тиген балықтай есеңгіреді. Осыдан екі күн бұрын Нарғазыны он жылға соттап, Сібірге алып кетіпті. Мынау үйден бір ауыз жауап алудың өзі қияметтің қайымы екен. Сұп-суық сұсты адамдар. Еріндерінің ұшымен ғана әрең сөйлеседі.
– Халық жауларына қайырым жоқ, кімі боласыз? – деп ақырды біреуі.
– Әпкесі боламын. Сенің де туған-туысқаның, әке-шешең, апа-қарындасың бар шығар. Мұсылманның баласы екенсің жөніңді айтшы.
– Мұсылман, кәпір деп бұл үйде бөлменіз. Бауырыңыз бәрімізді боқтап, қырып-жойып кете жаздады. Баяғы сойылдың заманы бар дейтін болса керек.
– Ашынған ғой. Жазықсыз жапа шексе, кім де болса сөйтер.
– Ол ең қауіпті жаулар Есбергеновпен, Белозеровпен байланысты болған. Бәрі дәлелденді, өзі де мойындады. Сол үшін жазасын алды. Кетті кететін жеріне.
– Тірі ғой, әйтеуір, атып тастаған жоқсыңдар ғой?
– Сіз де бауырыңыз секілді көкжалсыз ба деймін. Тіпті сескенбей сұрақ қоясыз: атылғаныңыз қалай?
– Ойбай-ау, күнде газетке жазылып жатыр ғой. Анау атылды, мынау атылды дейді. Сол қасіретке ол да ұшырады ма дегенім ғой. Бір сұрақ берейін, қарағым. Соған жауап берші.
– Ал беріңіз?
– Осы НКВД Совет өкіметіне қарай ма?
Көзі қанталап кеткен жігіт:
– Осы сұрағыңыздың өзінде шикілік бар. Біле білсеңіз, бұл күнде НКВД-дан артық Совет өкіметінің сойылын соғатын ешкім жоқ. Егер НКВД болмаса, мына жаулар не істер еді Совет өкіметіне? Құлатар еді, түсінесіз бе? – деді әкіреңдеп.
– Иә, сойыл екендерің рас.
– Дәмелі ауыр күрсінді.
– Не дедіңіз?
– Өзіңнің сөзіңді қайталадым. Сойылын соғамыз дедің ғой.
– Жоқ, жоқ, мен әншейін, – деді ол жан-жағына алақтап қарап. – Қазақта сондай бейнелі сөз бар емес пе?
Сонда бұлардың өзі де бір-бірінен күдіктенетін болғаны ма? Басқаларға не сорым. Екі адамның басы қосылмай, бір-бірінен үркіп тұратын күн туды ғой. Бірін-біріне аңдытып қойған ба? Әнеукүні ауыл арасынан бір әңгіме құлағына жеткен. Көрші колхозда бір топ еркек бас қосып арақ ішеді. Үй иесі құйып болған соң, қонақтарына алып қойыңдар дегеннің орнына «ал кеттік» дейді. Соның ішіндегі біреуі ертесіне «пәленше, пәленшелер Қытайға кетейін деп жатыр» деп көрсетіпті. Сол күні кеште болғандардың бәрін қамауға алыпты. Өз ауылындағы аусар Жаурын да біраз әуреге түскен жоқ па. Жиналыста сөйлеп несі бар десеңші.
– Колхоздың жұмысынан қатынымыз босамайтын болды. Бала-шаға жайына қалды. Өйте берсеңдер, Совет өкіметі біржола өзіне қатын қылып алсын да.
«Сен Совет өкіметін келмеждедің, түбің шикі» деп жеті атасынан бері қарай тексеріп, әбден есін тандырыпты. Мүлде сасқан Жаурын «айналайын пәледен аулақ, бердім мүлде қатынымды» деп тіпті асқындырып алыпты. Сол «пәледен аулақ» дегені өзіне пәле боп жабысып, қазір түрмеде отыр. Ал Жаурын сорлыны да көрсеткен біреу бар ғой. Мынау жағдай адамның мінез-құлқын өзгертіп жіберді ме, қалай? Қызғаншақтар, іші тарлар енді жаламен-ақ күн көретін болды ғой, көре алмағандарын көрге тығып отырады десеңші. Өш алудың да ең оңтайлы жолының табылғаны-ай. Ақты қара деу түкке тұрмай қалды. Әрине, бұған арлылар бармайды, арсыздар ғана барады. Сонда арсыздардың ту көтеріп, шабуылға шыққаны ма. Қанша сақтансаң да, ол бір жерден қапысын тауып, қақпанын құрады десеңші. Обал-ау деген олардың ойына келеді дейсің бе? Бақайшағына тұрмайтын сондай біреу Нарғазысының түбіне жетті-ау, жетті-ау. Шынымен өзен теріс аққан екен.
– Дүлдүл тәтесін көрісімен Зейнеп Бертістегі азғана балықшы ауылды басына көтеріп дауыс салды. Екеуі Нарғазыны тірідей жоқтап ұзақ жылады. Кеудені кернеп, кептеліп қалған шердің тиегін ағытып жіберді дейсің. Үш күн бойғы ұзақ жолдың шаршатқаны ма, әлде мынау мұң оның да сай сүйегін сырқыратты ма, Шабдар ат та басы салбырап біртүрлі жүдеу бүрісіп тұрды. Қасқыр алғыш Қарақұлақ тазы ұлып-ұлып жіберді. Нарғазы ұсталғалы ең жетімсіреген сол. Бір-екі рет тіпті жоғалып кетіп, қайтып келді. Иттің ұлығаны мен екі әйелдің сарнаған даусы ауылды тітірентіп жіберді.
Нарғазы да атылған екен деп қалса керек, адамдар дереу жинала қалды. Бұлар екеуі әлі де жылай беретін бе еді, өзінің Балжан шешесі кейіптес бір кемпір:
– Тәйт, жоқ сұмдықты шығарып бұларың не? Мынау апақ-сапақта жаман ырым бастамаңдар, тірі адам келмей ме, – деді. Осы сөз Дәмеліні селт еткізді. Бірақ сағынып қалған Зейнеп құшағынан жіберер емес.
– Жұртта қалдым деп едім, іздеп келген ер тәтем, енді сенен қалмаймын. Бір күн кешіккеніңізде НКВД-ға барып, мені де ұстаңдар, мен – жаудың әйелімін, атсаңдар да азаматымның қасында атыңдар дегім келді. Нарғазыдан қалып, қу құрсақ мен не тірлікті қызық етем, – деп зарлайды.
Зейнептің «қу құрсақ» деген сөзі Дәмелінің жүрегіне біздей қадалды. Бала көтермегенін қатты қайғырса да, бүйтіп ашық ашынғанын көрмеп еді. Мынау жағдай ғұмыр бойы жүрегін сыздатқан жанды жараны тіпті жалаңаштап жібергендей болды. «Ер ортақ, жер ортақ» дейді қазақ. Сол ортақтығын ат жалын тартып мінісімен сезінген Нарғазы өзінің ұрпақсыздығына аса мән бермейтін-ді. Қармыс ауылында туған баланың бәрі, қала берді туған-туысқандарының ұрпағы түгел өзінікіндей боп көрінуші еді. Жеме-жемге келгенде көрмейсің бе, шеше қасында қалған біреуі жоқ. Алла аямаған соң, адамның алдарқатқанына, не пайда? «Қу құрсақ» деп өзін-өзі қарғағаны ащы шындық-ау.
Дәмелінің көз алдына «мен Нарғазиновпын» деп домалап шауып жүретін Кеңесжаны келді. Өз жатырынан шықса да, өзегі талып тұрған мына Зейнепке біржола қиғысы келді. Мынау сөзі сүйегінен өтіп кетті ғой. Кеңес өкіметінің құрметіне осылай атандар деп, атын қойған да Нарғазының өзі еді. Сол Кеңес өкіметі не көрсетті, түрмеге оны неге салады? Нарғазы да, өзі де құдайдай сенген әділдікті тұншықтырып отырған кім? Мынау әділетсіздіктің сойыл соғарларын қаптатып жіберген кім?
Солардың кесірінен анау алаңсыз көңіл, жас жүрек Кеңесжан да бұл күнде жасып жүр. «Сен – жаудың баласысың» деп оқушылардың арасынан көзге шұқитындар көбейіп келеді. Оқушыларға не кінә, жас балшық секілді олар қалай илесең, солай кенеді. Пәк көңіл не айтсаң, соған сенеді. Күмісбек басқарманың керауыз қатыны да былш еткізіп бетке басқан жоқ па.
Тірі пәнидің ішіндегі адалы Малыбай да Нарғазының аты аталса, қазір жан-жағына алақтап қалады. Атын естуден қорыққаны ма? Бір кездегі пір тұтқан Нарғазысы емес пе еді. Адам жөніндегі қалыптасқан пікірді өзгерту қандай оңай. Анау газет дегендердің сөзі құдайдың сөзіндей. Күнде шулап жазып жатқан соң, жұрт иланбай қайтеді. Құранның таңбасы да қағазға түскен соң күш алған ғой. Қағазға жазылғаннан құдіретті ештеңе болмай тұр. Қағаз қаласа, қалпақтай түсіреді, тұтқын да етеді, үстіңнен арыз жазылды, қоштаса бер ауылмен. Баяғыда, сонау ескі заманның өзінде небір шиеленіскен дауларды өзара беттестіріп, кінәластырып, бірінің алдына бірін мойындатып шешпеуші ме еді. «Алдыңа келсе – атаңның құнын кеш» деген сөз содан қалса керек. Қазір бәрі жым-жылас құрдымда жатқан құпия бірдеңе. Бүгін бар адам ертең жоқ. Бәрі қағаздағы құпия. Аңқау халық бас шұлғудан басқа ештеңе білмейді. Жапа-тармағай жаптырып жатқан да сол қағаз. Үш адам қол қойса, бітті, тағдырың шешілді. Неғылған адамдар ол, тексеріп жатқан жан бар ма? Егер де арам ойлы арамзалар бас қосып қалса ше? Қанша тыпырласаң да қара машинаның көмейіне кіріп жүре бергенің бе? Ол соншама неге тойымсыз?
Бұл жұмбақтың шешімін табар Дәмелі мен Зейнеп емес-ті. Олардың әлі келгені екі көздері, одан сорғалаған қанды жас. Енді ер-азаматтан айырылған соң, бір-біріне қайтсе сүйеу болудың қамын ойламақшы. Жанғазы мен Ерғазының жан сауғалап, түріле үй-ішімен көшіп кеткенін Дәмелі бұл жерден естіді. Сол да дұрыс шығар. Нарғазысының солай етпегені-ай, оның қолы ұзындау, қарекеті тіпті ширақтау еді ғой. Аштық осынау түбекке әкеп тыққанда да біраз ағайынды аман алып қалған сол емес пе еді. Енді аштықтың тырнағынан құтқарған ағайындары өзіне қол ұшын да бере алмады. Сонда мынау пәле аштықтан да зор болғаны ма? Бәрі жоғарыдан айтылады, жоғарыда тағдыр шешіледі. Атам заманнан бері жаратушы жоғарыда, ол не айтса, соған көнесің деп, сол жаратушыға табынып өскен аңқау да қараңғы халыққа жаңа заманда да «жоғары» деген сөз құдай сөзіндей болып естіледі. Жоғарыдан келді десе, зыр жүгіріп бәйек болады, алдында құрдай жорғалайды, жоғарыдан айтылды десе, басын тұзаққа өзі ұсынуға әзір. Әу, сол жоғарыда отырғандардың бәрі әулие ме? Бүйтіп күмәнданушы бір жан болған жоқ. Бас көтерерлерді біртіндеп бұтаған секілді.
Тіпті ауылдағы еңселі деген азамат Нарғазыға туған күн мынадай. Не жазығы бар еді сонша? Он жыл айдау! Кедей табының кегі сол кедейлердің сойылын соққандардан алынбақ па? Шын қанаушылар баяғыда-ақ баратын жеріне барды, алатын жазасын алды емес пе. Енді әлгі социализмін дүрыстап орната бермей ме!
Күн ойла, түн ойла, Дәмелінің түсінігі осы, түсінбейтіні де осы. Алып келген екі қап ұн, бір қап тарыны Нарғазының жолына балықшы ауылына құдайы ғып таратты да, Зейнепті тік көтеріп, Бастұмаға көшірді де кетті. Нарғазыны бір көрсем деген арманына құдай жеткізбеді, өле-өлгенше енді ең болмаса Зейнебі қасында болсын. Кеңесжанын қолына беріп, бөлек үй етіп шығарады. Нарғазының түтіні өшпесін, әйтеуір.
Жаңа салынған жолдан сәл бұрыс болса да, қайтарда Балжан шешелерінің күмбезіне соғуды екеуі де жөн көрді. Жанындағы Жаңалық деген колхозда бір малды сойып таратпаққа келісті. Сол үшін де балықшыларға үлестірген малдың ішінен ақ бас қара қойды әдейі тірідей шанаға салды.
– Күйкі тіршілікпен жүріп, анамыздың басына құран оқыттыратын дәстүрді де қойып кеттік. Сол үшін сазайымызды тартып жатқан шығармыз, – деді Зейнеп.
– Ананың қаһары ма, Алланың қаһары ма, адамның қаһары ма, былыққан бір дүние болды ғой. Киелі адам еді, бізге өкпелеген шығар, – деді Дәмелі.
Ол алғаш шанаға жаттыға қоймаған Шыбықжиренмен алысып біраз шаршаған-ды. Салт мінгенге ғана үйренген жануар Бертістен шығарда шананы біраз тепкілеп, қияпастанып жүрмей қойды. Дәмелі ашуы келіп, оны біраз омбыға салды. Қан сорпа боп терлеп, қарғылауға шамасы келмей, ақыры зорлықшының дегеніне көнді. Дәмелі аяп кетті. Бауырының тақымында сынаптай сырғитын қайран жылқы қамыт киіп, қос тәртенің арасында қыспаққа түсті. Артындағы шананың сырылдаған, шиқылдаған даусына да үйренді. Оған керегі еркіндік қой. Қиқақтасам, тағы омбыға сала ма деп қорқатын сияқты енді. Тоқпағы күшті болса, киіз қазық жерге кіреді, амал не, тұлпардың тұлғасын мысықтың көнбіс кейпіне алмастыруға тура келді. «Сенің Нарғазың да қамыт кейпіне түскен соң өстіп қайқаң қаққан шығар» деді ішінен Дәмелі.
Енді Шыбықжиренді қамшылауға дәті бармады. Төрт аяқтыдан бауырынан қалған белгі осы Шыбықжирен мен Қарақұлақ тазы ғой, екі аяқтыдан – анау Шабдар жегілген шанада бара жатқан Зейнеп. Белгі, белгі, белгі! Жаңа омбыда қамшының астына түскен де сол белгі.
Көнсең – жөніңе, көнбесең – қамшы. Нарғазының да көрген күні осы шығар. Қарақұлақ та бүлк-бүлк желіп, еріп келеді. Бұлар тұра қалғанда шоқиып ол да отырады. Артына қарайды да, жөтеліс үріске салады. «Әйел азарда – жүргіш, тазы азарда – үргіш» деуші еді. Мынау Қарақұлақтың ауылдағы төбеттей мінез көрсеткені қалай? Тазының үргенін жақсы ырым санамайтын Нарғазы мұндай кезде оны қамшының астына алатын. Бұған Дәмелі де, Зейнеп те барғысы келмеді, белгі ғой, белгі!
Шыбықжирен де жымдай, Қарақұлақта жымдай. Сырғытқан күйі екі шанамен бұлар «Жаңалықтың» бір шеткі үйіне ат басын әкеп тіреді. Жөн сұрасқан соң әлгі үйдің шалы жік-жапар болды.
– Алда айналайын-ай, Нарғазыны Садыр, Матайда кім білмейді. Құдай айдап келген құтты қонақ болдыңдар, – деді.
Бұлар суыққа тоңған күйі алдына шайды жаңа ала бергенде үйге жас жігіт кірді. Қабағы салыңқы, ернінің ұшымен амандасты. Осында бригадир болып істейді екен.
– Қонақ апайлар, ұят та болса айтуға тура келеді. Сіздер бұл үйге қонбаңыздар. Уақыт қиын. Нарғазының әпкесі мен әйелін қондырыпты дегенді біреу білсе, онда мен ертең құримын. Ол кісі ұсталған адам ғой. Маған жан керек.
Дәмелі де, Зейнеп те төбесінен біреу тастай су құйып жібергендей болды. Тілі байланғандай үндері шықпай қалды. Өзге қорлық аздай, мына қорлық тіпті жерге тығып жіберді-ау.
– Қарағым-ау, мынауың сұмдық қой. Қазақ болудан қалғанбыз ба? Естіген құлақтан ұят емес пе. Анау іргеңде тұрған Балжан бәйбішенің аруағынан қорықсаңшы, – деп безілдеді шал. – Сенің емес, менің қонағым деші.
– Әке, сен не білесің? Талайды естіп жатырмыз. Ұят емес, жан керек. Бастың амандығы керек.
Дәмелі безек қаққан қарияға қарап:
– Ақсақал, таусылмаңыз. Балаңыздікі дұрыс. Біз де қырсығымызды тигізбейік. Сол шешеміздің басына барып қонармыз. Одан басқа пана жоқ екенін өзіміз де білеміз. Көшіп келе жатырмыз ғой, киіз-текеметіміз бар. Мынау екі атқа біраз шөп берсеңіз болды. Енді жау ала қоймас. Алса, бізге дейін кеткендерден әулиеміз бе?
– Мына қақаған аязда бейіт басына қонбақсыңдар ма?
– Құдай басқа салған соң амал бар ма?
Дәмелі қысылған, тарыққан кейіп көрсетпеді. Ер адамша қайраттанып, екі атты лезде жегіп жіберді. Шалдың қора үстінен тастаған шөбін нығырлап шанаға басты.
– Балаңыздың басын қорғағаны дұрыс. Сол сақтық жетпей сорлаған жандармыз біз, – деді тағы.
Шал байғұс Нарғазыны өзі ұстатқандай кінәлі кейіпке енді. Оған жіберсең, қораның төбесіндегі шөпті түгел түсіруге әзір.
Екі атты шаналы ауылдан аса қашық емес зиратқа беттеді. Дәмелі оның ығында шаналарды доғарды. Екі текеметті екі аттың үстіне жапты. Темір тор терезесінен зираттың ішіне үңіліп еді, кәдімгі үй, құп-құрғақ. Пеші жоқтығы демесең, бір түнге пана болуға әбден жарайды.
– Ойбу, есігін қайтып аштық?
Үлкен қара құлыпты көргенде, Дәмелі осылайша ышқынып кетті.
– Қазір, – деді Зейнеп. – Нарғазының дүниесі салынған сандықты ашты. Соның түбінде ақ орамалға ораулы жатқан ауыр кілтті әкелді. Тат басқан қара құлып, алғаш ұстай алғанда Дәмелінің қолын қарып жіберді. Сақылдап тұрған мына аяз қойсын ба?
– Ұсынақтылығыңнан айналайын. Зираттың кілтін ала шығу қайдан ойына келді?
– Апамның үйі ғой. Мен жоғалмай, ол кілт жоғалмайды, – деді Зейнеп.
Ішке кірісімен екеуі жүресінен отырды. Дәмелінің «құлқуалланы» білетіні бар-ды. Құран оқыды. Беттерін сипап болған соң қабірді айналып көрді. Ағайындарының кезінде айғай салғанына қарамастан, Нарғазы әкесі мен шешесінің бір жағынан өзіне, екінші жағынан Зейнепке орын қалдыртқан болатын.
– Бұл араның топырағы бұйырмайын деді-ау. – Солқылдап жылап жіберген Зейнепті Дәмелі ала көзімен атты.
– Үмітсіз шайтан. Аман келмесіне көзің жетіп тұр ма, – деп зекіді. – Мана шалдан бір түнге жетерлік қи сұрап алғанмын. Әкел ана шанадан. Шешеміздің басын көңірсітейік. Өзіміз де жылынайық. Қазанды да тап осында көтереміз. Сонда бір түнге бізді құдай да алмайды, адам да алмайды.
Зейнеп сыртқа шығып, Балжан шешелерінің күмбезін айнала шолып шықты. Дүниенің мықтысы қызыл кірпіш екен ғой. Әлдерінің бар кезінде салдырып қалдырғандары қандай жақсы болған. Күмбезі, оның ұшар басындағы айы таттанайын депті. Есігінің сыры әбден кеткен. Ағашы кеуіп, ара-арасында саусақ сиятындай саңлау бар. Бірақ мына өңірде зират демесең, мектептен кейін бұдан еңселі үй жоқ. Батыс жағына балалап, көптеген қабір түскен. Осы ауылдың елік қоятын жеріне айналса керек, сірә. Бастарын қарайтуға шамалары келмеді ме екен, олардың көбісі жалаңаш жатыр, томпақ төбешік қана. Тірісінде де серкедей бөле-жара өмір сүріп еді жарықтық. Өлгенде де күмбезінің ұшынан менмұндалап тұрғанын қарашы. Қондырмай шықса да, жаңағы бригадирдің жапырайған тоқал тамынан бұл көш ілгері. Еңсесі төмендеп көрмеген Нарғазысы ұсталса да, бұл жерде де өздері биік тұрғандай сезінді. Нарғазының шешесінің күмбезі дейді ғой ең болмаса.
– Қайда жоғалып кеттің, – деп айғайлады Дәмелі.
– Мұндамын. Қазір.
Зираттың ішінде маздап қи жанды. Түтіні торкөзді терезеден далаға шығып кетті.
– Қойды енді өзіміз соямыз, – деді Дәмелі.
– Ойпыр-ай, әйел мал бауыздамайды деуші еді. – Зейнеп үрейлене сөйледі.
– Керісінше, болып жатқан дүние аз ба, Алланың өзі кешірсін, – деді оған Дәмелі.
Зираттың сыртында екі әйел ақ бас қара қойды шанадан түсіріп, аяғын байлай бергенде, тысыр естілді. Екеуі де жалт қарады. Өгізге мінген, жалбыр тонды шал келді қастарына.
– Мынау зираттан түтін неге шықты, – деп келсем. – Қай баласыңдар?
– Осы Балжан бәйбішенің ұрпағымыз. Басына құран оқыта келдік. Өзіңіз кім боласыз?
– Осындағы бір сорлымын. Жергілікті әкімдердің зорлығымен анау асырасілтеу жылдары осы күмбездің басындағы айды алам деп, жалғыз балам құлап өлді. Содан бері мынау аруақты бәйбішенің басында апта сайын құран оқып, күн сайын кешірім сұраймын. Зираттың қорықшысындай болып кеттім, қарақтарым. Атым – Бөлтірік.
– Бәке, онда тілеуіміз дұрыс екен. Мына қойды бауыздаңыз. Осы кісіге арналған мал.
– Қарақтарым-ау, қой тұрғай, бізде қазір тауық сойдырмайды. Бір кезде ортаққа саламыз деп бүкіл малды қырып алды да, енді соның орнын толтыра алмай әуре. Өз малын сойғанға да «бұл Совет өкіметіне қастандық» деп айып салады. Әуелі қамап тастайды. Сендердің бұларың ерлік.
– Жалпы өсір дегені дұрыс қой, малсыз қазақта не күн бар?
– Ақсақал, сізге бір тілек. Осы қойдың еті пісті-ау дегенде бір соғыңызшы. Ол кезде қараңғы да түсіп қалар. Еңбегіңіз бар екен, түп-түгел етін алып кетіңіз. Өзіңіз жеңіз, өзгеге таратыңыз, құдайы мал ғой.
Әлгі шал ұзақ құран оқыды. Мынау үш пенде неғып отыр дегендей, Шыбықжирен мен Шабдар құлақтарын қайшылайды. Алдарындағы шөпті күрт-күрт шайнап тұр. Қарақұлақ тазы зират түбінен сәл ғана жерден шыққан түлкі ізін көріп, тыпыр қақты. Жерді иіскеп, иіскеп жіберді. Мынау пенделер өзіне, жаңа түскен түлкі ізіне пышту да дейтін емес қой.
Тазы елеңдеген кезде Шыбықжирен де үш-төрт рет қозғалақтап, босат дегендей қылды. Екеуінің іштей бір үндестігі ойнап кеткендей сезілді.
Мүсәпір шалға Дәмелі бір санын шикідей берді.
– Асып жегенде анамызды есіңізге алып құран оқыңыз. Зейнеп шанадағы қазанды ошағымен алып, маздап жанып жатқан қидың үстіне қойды, қар ерітті. Ішек-қарын аршымақшы.
– Апамның үйін былғамайын, – деп сақылдаған аязда ішек-қарынды далада тазартты.
Дәмелі өкпесінен, бауырынан алып, тағы да ет қосып, шағын легенмен Қарақұлақтың алдына қойды. Ашығып қалган неме, әлгі жынын қоздырған түлкіні ұмытып, салп-салп еткізіп қомағайлана жеп жатты.
Қойдың шикідей бір саны атам заманнан тісіне ет тимеген Бөлтірікке жерден алтын тапқандай болды. Қойнына симаған қуанышы өгізге мінісінен де, оның үстіне жарбия қалған отырысынан да көзге ұрып көрініп тұрды.
– Ақсақал, ет піскен кезді ұмытпассыз.
– Ол не дегенің, қарағым-ау.
Былқып піскен етті маздаған қидың жарығымен ел орынға отыра үшеуі алдына алды. Бөлтірік шал ұзақ құранды тағы қайталады. Үйінен үлкен ағаш шелекті ала кепті. Дәмелі оны толтырып бір қойды.
– Өлі разы болмай, тірі береке таппайды. Бұларың құдайға қарағанның ісі, – деді Бөлтірік. – Жөн, жөн, деңдер. Құдай тегін жаратпаған тұқым екенсіңдер. Бәрі орнына келер. Өзім көрген адамым емес, естігенімді айтам. Бір аруақты кісі болса керек аналарың. Мынадай күмбез тұрғызған баласын қолдар, жарықтық. Налымаңдар!
– Бұл жақта ит-құс жоқ па, – деді даладағы екі аттан қауіп қылған Дәмелі.
– Балжан бәйбішенің аруағының өзі-ақ жолатпас дала тағысын. Адам тағысы бұл күмбезді бұзбақ болғанда, сазайын тартты емес пе. Бұдан соң сәл ойланды да:
– «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» деуші еді, Нарғазы ерді ұстатқан қай зымиян екен, ә. Құдай жазасын берсін, – деді мүсәпір шал.
Әрі аузы майланып, әрі үлкен шелек піскен етті алдына өңгеріп, Бөлтірік үйіне кетті. Екі әйел, екі ат, бір тазы Балжан бәйбішенің қасында қалды. Зират басына түнеу қорқынышты деуші еді. Манадан бергі жағылған от, асылған қазан, желінген ет кәдімгі үй ішінде отырғандай еткендіктен бе, әлде өз шешелерінің зираты болғандықтан ба, Дәмелі мен Зейнепті үрей аса билей қойған жоқ. Шанадағы жылы-жұмсақты астарына әкеп салды.
– Қарақұлақты қайтеміз? – Зейнеп итті ішке түнетеміз бе дегендей күдікпен сұрады.
– Баласының сүйікті тазысы ғой. Ит ақ тілеулі болады дейді. Ана
есіктің жанына астына мықтап шөп сал, жылы болсын. Жатқыз да үстіне жаман тон жаба сал. Сарп етпесе болды ғой, – деді Дәмелі.
– Үйде жүргенде сарп етерде далаға шығып кететін. Нарғазы қалжыңдап, «біздің Қарақұлақ иттердің ішіндегі Төре тұқымынан» деп күліп отыратын. Зейнеп әлде бір аяулы сөзді еске түсіргендей, елжірей айтты.
Бұлардың сөзін адамша түсінгендей осы кезде Қарақұлақ сыртқа шығып кетті. Оны көрген Шыбықжирен оқыранып жіберді. Зейнеп көзіне жас алды. Нарғазысының аты мен тазысы қалай бір-біріне үйреніскен.
Шыбықжирен өзі далаға шыққанда да оқыранды. Кекілінен, тамағының астынан сипады. Нарғазының қолындай қайдан болсын. Қақаған аяз болса да, дала сүттен жарық екен. Айналасының бәрі ап-анық көрініп тұр. Аспандағы жұлдыздар да күндегіден көп, күндегіден жарық секілді. Далаға көп шықпай, үйде бұйығып қалғандікі ме, бүгінгі түн ерекше секілді. Үлкен тегенедей болып, жаңа туып келе жатқан ай жарықты тіптен күшейтті. Әуелі қардың жылтылдағаны да көрінеді. Меңіреу зират басында емес, бір сәт өз үйінен шыққандай боп кетті Зейнепке.
Дәмелі таңға жететін қи қалатты.
– Отты өшірмейік. Маздап жанып тұрсын.
Екеуі от жанғанмен терезесі ашық, қара көлеңке, салқын күмбездің ішінде киімшең көрпеге оранып жата кетті. Әке-шешелерінің қабірі оттың жарығымен анық көрінеді, дөңкиіп жатыр. Бырт-бырт шайнаған аттардың шөп жесі анық естіліп тұр.
«Жылқы малына шөп шақ келмейді деп, қазекемнің қыс бойы тебіндікке салатыны бекер емес екен-ау, ә» деді ішінен Дәмелі. Ұйқысы келмейтіндей.
– Жұрт үйіне қондыруға да қорқып, қойныңа әкеп тықты, апа! – деді дауыстап.
Зейнеп өзіне арналған сөз бе деп, бүркеулі басын ашып еді, Дүлдүл тәтесі о дүниедегі анасымен тілдесіп жатыр екен. Осы адамның қасында болғандығынан ба, зират ішінде жатырмын-ау деп жүрегі аса лүпілдемеді. Бұл тұқым шетінен, әйелі демей, еркегі демей, тірек болуға жаралған ғой. Зейнеп Дәмеліні медеу тұтса, Дәмелі шешесінің аруағын медеу тұтып ұйқыға бет түзеді. Қорқақтығы Нарғазының барлығынан екен. Екі үйдің арасына Зейнеп түн баласы шығуға беттемейтін. Енді, міне, меңіреу зиратта түнеп жатыр. Басқа түссе баспақшыл, құдай салды ма, адам салды ма, көнбеске амал жоқ.
Дәмелі ішінен дұға оқыды. Байқағаны, от жағы жылы да, арт жағы салқын. Өмір де солай ғой. Отың маздай жанса жылынасың, аяз қарыса тоңасың. Табиғаттың аязынан емес, өмірдің аязынан тоңып келіп тығылған анасының осынау күмбезі мынау маздаған қидай жылу берер ме екен? Бұлардың жаны бір жылуға ынтық қой. Ең болмаса, түсіме кіріп, аян берші, ана!
Талып барып, көзі ілініп кетті. Алдымен кебінін сүйретіп шыққандай көрінген анасы бір уақытта кең ақ жібек көйлегімен алдына келіп тұра қалғандай болды. Кимешексіз, жалаң бас.
– Арпа ішіндегі бір бидайым. Үш ұлдың ортасындағы жалғызым, неге налыдың? Мынау айналаңа қарашы, алшы анау көзіңдегі қара әйнекті.
Дәмелі байқамайды екен, айнаға қараса, көзінде шынында қара әйнек, жұлып алды. Бертістен бастап, өздері баяғыда жылда жазда жайлайтын Ойжайлауға дейін ғажап салынған қалалар. Саялы бақтар қаншама. Кәдімгі ұжымақтың төріндегідей алмалар төбенде салбырап тұр.
– Жүр, жүр, – деп шешесі жетектеп келеді. Дәмелі айналшақтап, төңірегіндегінің бәрін көруге ынтық. «Мың бір түндегі» естігендері көз алдында. Бір шаһардан бір шаһарға өткенде әрқайсысының өзі бір әлем. Адамдар неткен көңілді, әйелдердің малынған киімдері қызықтырып көздің жауын алады.
Тас төбеде шаншылған күнде сәл ғана дақ бар. Шыжғырып ысып та тұрған жоқ. Қоңыр самал жанға жайлы.
– Бұл жерде күн батпай ылғи осылай тұрады, – деді шешесі қызына. – Сол себепті де жемістер мәуелі, тәтті. Сол себепті де бұл маңда енді қыс болмайды.
Бақтың қақ ортасындағы әдемі гүлзар қасына қойылған орындыққа Жүсіп пен Бәтима келді. Дәмелінің бұлар қосылғалы жақыннан тұңғыш көріп тұрғаны. Екеуі де ақ киінген. Бәтима тіпті сұлуланып кетіпті. Жүсіп оны иығынан құшақтап, өзіне тартады. Бәтима табиғи биязылығына басып, кет әрісі жоқ болса да, имене басын алып қашады. Қастарында екі кітап жатыр. Бірі қарамен, бірі ақпен тысталыпты. Бәтима қашқақтай берген соң, Жүсіп қолына қарамен тысталған кітапты алды. Бетін аша бергенде, Бәтима оны жауып жіберді. Оқытпайтындай ишарат білдірді. Сосын ақпен тысталған кітапты күйеуінің қолына ұстатты да, бетін өзі ашып отырды.
Дәмелі анасының бұларды айналып өткісі келетінін байқады. Ұялтпайын дегені шығар. Ал өзінің олармен тілдескісі келіп, ындыны құрып барады. Бірақ анасы мұны жетектеп айналып өтті.
– Мына шаһарыңызда толған өзіміздің таныстар ғой.
– Сосын ғой сені ертіп келгенім, – дейді шешесі.
– Шодырды таныдың ба?
Өңінің жастығы тура Черкеш қорғанысы кезіндегідей. Астындағы ақ боз аттың әдемісін-ай. Баяғы Жүсіп жегіп келген пар ақ боздың бірі ме екен? Мына күннің батпайтынынан болу керек, мұндағылардың кигендері ылғи аппақ. Дәмелінің бірінші көріп тұрғаны, ақ былғарыдан етік тігеді екен-ау. Шодырдың ақ етігі қызықтырып жіберді, әйел киер ме еді сондай етікті. Астында ақ боз, үстінде жеңіл ақ костюм, аяғында ақ етік – неткен үндестік. Саялы бақ, айнала атылған судың ақ тамшылары өз алдына бөлек көрініс.
– Шодыр Нарғазысыз неғып жалғыз?
Бұл екеуін бөлгісі келмейтін көңілі енді бауырын іздегендей.
– Сабыр ет, бәрін де көресің. Әдейі келдің ғой, мен саған бәрін көрсетем, – дейді анасы. Сонда баяғысынша осынау өңірді Шодыр ашса алақанында, жұмса жұдырығында өзі ұстап тұр ма екен?! Бәрін орын-орнына қойып қойған болды ғой.
– Қара ана самұрыққа!
Анасының даусына селк еткен Дәмелі аспанға көз салды. О, ғажап, құсқа мініп ұшуға болады екен-ау. Ұшып келе жатқан өзге емес, өз бауыры Нарғазы. Еңгезердей Нарғазыны көтерген мынау неғылған алып құс. Қанаттары кәдімгі сары алтынмен жалатқандай жалт-жұлт етеді. Одан жоғары аэропланға ұқсаған, тіпті ұқсамайтын да, жемге түсерде жерге қарап сорғалайтын қыран секілді басы үшкір, жұп-жұмыр аппақ бірдеңе. Одан бастарын қылтитып отырған Жәңгір мен Жадыра Нарғазы мінген самұрықты көкте жетектеп ала жөнелді. Нарғазы шешесі мен әпкесіне қолын бұлғады. Сөйтті де, ақ шүберекке оралған бір нәрсені тастап жіберді. Шүберек ауада қалқып қалды да, ішінен төрт бұрышты хат түсті. Хатты Дәмелі табан астында оқытқысы келді. Жан-жағына қараса, не Ақылжаны, не Қайша, тіпті Кеңесжаны да жоқ.
– Қап! – деді санын соғып.
– Кейін оқисың, – деді анасы зілдірек.
Көз қимайтын әсем шаһардың шетіне шыққандай болғанда теңіздей толқыған егінге тап болды. Ұшы-қиырына көз жетер емес.
– Мынаны қоримын деп айналып шыққанша торы бие мен Малыбайдың соры қайнайды ғой, – дейді ішінен Дәмелі. – Сонша егінді қайтіп жинап алады?
– Әне, Малыбайың.
Жалт қараса, ол торы биеде емес, кәдімгі ауылда көрген, алғашқыда бәрі соңынан бір күн қалмаған комбайнға мініп отыр. Комбайнды сүйреткен тракторы қайда? Тракторсыз өзі жүріп келеді. Малыбайдың екі құлағы екі езуінде. Артында кәдімгі әскер қолындай сап түзеген тап сондай көп комбайндар. Екіншісінен Қоспанбетті көрді.
– Қоспанбет, – деп тұра ұмтылғысы келіп еді, шешесі қолынан тартып қалды.
– Комбайнның астына түсесің.
О, тоба, мына күйімен мына алқапты бір-ақ күнде жинайды ғой. Осының бәрін анасы қолдан жасағандай Дәмелі таңырқап қалды. Малыбайы қоқырайып өзіне қарамайды, әуелі. «Үйге келерсің, сазайыңды берермін» деді тісін қайрап.
– Аңдарды көргің келе ме?
– Немене, оларды қой құсатып бір жерге жиып қойып па едіңіз? Шешесі мырс етіп күлді: – Көр, көр алдымен.
– Мынаны «Андар ауылы» дейді. Қызығы – бұларды бірінен соң бірін көру. Жалпы, аң аталғанмен олардың мінезі де адамдардікіндей әртүрлі. Жыртқышы да бар, жымысқысы да бар. Егер бөлек-бөлек торға қоймаса, бірін-бірі құртып жібереді.
Дәмелі қатар-қатар торларды жағалап көріп келеді. Top ішінде тұрғандікі ме, аң тәңірісі арыстан жуастау ма деп қалды. Көзін жұмып жатыр, әлде сырт көзге момақанси қалуы ма? Жемтігін атылып барып жарып салғанда көзі оттай жайнайтын шығар. Жолбарыс тек ырылдай береді. Тісінің ақсиюы мен қанды көзі аяусыздығын аңғартып, зәреңді алады. Жыртқыштық бейнесін жасырып тұрған жоқ. Тірі арыстанды, тірі жолбарысты көргені осы. Түстері неткен суық!
Қасқырдың үш түрін қатар қойыпты. Қорқау қасқыр, кәдімгі өздеріне таныс қойға көп шабатын көк сұр қасқыр, сосын шибөрі. Бір сәт дала қасқыры Дәмелінің көз алдына ауылын қырып кете жаздаған Лепірбайды елестетті. Қасқырдың басы, шатынаған кезі Лепірбайдың басы мен көзіне ұқсап кетті. Ырылы да оның ақырғаны секілді сиықсыз екен. Ақылжанын иығына салып ала қашып, жеп қоя жаздаған жоқ па. Ал анау қорқау қасқырдың бүксендеуін. Порымы Анарбайдан аумайды. Ол құлқыны үшін еш нәрседен тайынбайды. Көрдегі өлікті де суырып жей береді. Сол үшін де қорқау атанған. Өлі адамға өштігіне қарағанда, қасқырдың бір сүйкімсізі болу керек. Ашаршылық жылы бұлардан тоқ хайуан болмады. Жолбарыс өзге аңның бәрінен тартынбағанда қорқау қасқырдың етін жемейтін көрінеді. Жыртқыш болса да, өлікті қорлауды жақтырмағаны ғой. Адамның қорқауынан сақтасын. Шибөрі өздігінен тамақ тапқаннан гөрі өзгенің қалдырған жемтігіне әуес. «Шибөрідей үймелеп» деген сөз содан қалса керек. Жемтіктің иісін сонадайдан сезіп, жетіп келуге қабілетті-ақ. Үшеу болып қол қойып, жапырлата ұстатып жатқан жалақорлар құр шулаған сол шибөрі тақылетті емес пе. Кім болса ол болсын, жемтік болса жаны жайланады олардың. Айналасына жалтақ-жалтақ қарап, сүйретіле жүруінің өзінде жиренішті кейіп бар. Қасқыр болып шаба да алмайды, өздігінен жейтін асын таба да алмайды. Жыртқыштың дәрменсізі. Бірақ арланның алғанына негізінен қарық болатын осылар. Бүкжиіп жүріп бүтінді жейді. Сөйтсе-дағы, қуғыншы бұлардың соңына емес, арланның соңына түседі. Қор болған «бөрі» деген атақ-ай.
– Мынау әдемі шаһарлардың қасына «аңдар ауылын» қоңсы қондырғаныңыз қалай? Босанып кетіп, біреу-міреуді жазым қылса қайтесіз?
– Босанбайды, олар мықтап торға салынды. Бірақ жақсы өмірдің мастығымен пенделер жаманшылықты ұмытып кетпесін деп әдейі осылай етілген.
– Көрдің бе, көрдің бе, – деді анасы Дәмеліге. – Анау кек сұр қасқыр тордан құлақ шекесін көрсетіп тұр. Яғни бір арам ой келді деген сөз. Шапқысы келеді. Бірақ шаһарлар негізінен қауіпсіз. Әрі күн батпайтын болған соң, жыртқыштар өз-өзінен бұғулы ғой. Түн жамылған пәлелерге бұл да құрсау. Сол жамылғышын, бәрін жасыратын түнді түріп құдайым дұрыс істеді емес пе.
Дәмелі аспанға қарады. Алыстағы аппақ күн қадалған күйі әлі түр. Бір қоңыр самал жанды желпіп, көңілді шалқытты. Маужырап тұрып қапты. Қараса, қасында анасы жоқ.
– Aпa, апа, – деп айғай салды. Өз даусынан өзі шошып оянып кетті. Зейнеп те атып тұрды.
– Уһ, – деді Дәмелі көзін уқалап. – Апамды көрдім. Аян берді. Күндіз айтам, түнде түс жорымайды. Айқайға оянған Қарақұлақ та басын көтеріп, селтиіп отыр. Сыртта екі аттың шөпті бырт-бырт шайнағаны әлі естіліп тұр. Шыбықжирен үн шыққан соң оқыранып қалды. Қи маздаған күйі жанып жатыр, сөнбепті. От жағы жылы, сырт жағы салқын. Өз түсіне өзі мәз болып Дәмелі қайта көзін жұмды. Мынау жаман түс емес. Мүмкін, анасының тағы да аралатар жері бар шығар. Манағы әдемі көріністер тұншыққан көңілді бір жадыратып кетті-ау...
9
Ақылжан да үйреншікті тәсілмен ұсталды. Ауданға барған бір жиналыстан қайтқан жоқ. Бұл күнде артынан жүріп ешкімді алып қалуға болмайтынын білген Қайша Жәңгір мен Жадыраны ертіп Бастұмаға көшіп келді. Малыбайдың айналдырған үш бөлмелі үйіне сөйтіп төрт семья тығылды. Қайша мүғалімдіктен шығарылды. Ендігі қарағандары қартаюға бет бұрған Малыбай мен оның қора-қопсысындағы азын-аулақ мал.
– Мына колхоз ең болмаса қара жұмыс берсе, – деді Қайша. Дәмелі баласының ұсталғанына жылаған жоқ. Жүсіптің, Нарғазының, Шодырдың қамалуы мұның жүйке тамырын қатайтқан тәрізді. Қайғыны жеңуге де қайрат керек. Аяп жүргені Малыбай. Ол күрт түсіп кетті. Бес күн орнынан тұрмай жатып алды. Айналып кетейін, оның орнын жоқтатпаған Жәңгір мен Жадыра. Ауыл өміріне кәдімгідей үйренген. Шөп салу, отын суыру, малдың астын құрғату, уақытында суару, қар еріту осылардың мойнында. Ақылжанның ұсталғанына өздерін айыпты санайтын секілді. Сол жаққа несіне барды, несіне осынау жандарды былғады? Балаларды осы ойлардың жасытып жүргенін сезген Дәмелі:
– Сендердің түк те кінәларың жоқ, уақыт солай, – деп жұбатты. Есейіп қалған Жәңгір осынау адамның бойындағы қайратқа таң қалады. Ал бұл жаққа келгелі де анда-санда бой көрсетіп қалатын еркелік Жадырамен біржола қоштасқандай. Сөз айтқызбай лыпып тұрады. Анасы аян бергенде бұлар бір сорғалаған темір қыранға мініп жүрген жоқ па еді. Ұшқандары жаман ба түсте? Әлде Апам, сенің де аруағын алжасайын деді ме? Дәмелі өз ойынан өзі шошып кетті. Анасының аруағына тиісіп несі бар.
Жолда келе жатып жорығанда Зейнеп:
– Болашақ Жәңгір мен Жадыранікі болады екен. Олардың көкке өрлеп ұшып жүргені, мінгендерінің біз танымайтын бірдеңе болғаны жақсы ғой. Алда не боларын, бүгінгі аэропланның ертең қалай өзгерерін біз қайдан білейік. Бірақ түсіңіздің ең керемет жері самұрыққа мінген Нарғазыны бұлардың жетектей жөнелгені. Нарымның ғұмыр бойғы абыройы самұрық емей немене. Егер Жәңгір мен Жадыра оны көкке сүйреп жүрсе, түбі бір жақсылық болады екен.
Зиратқа түнеп шыққан күннің ертеңінде бұлардың қиялына қанат бітіп, сақылдаған аяз да жұмсарған секілді, жүрістері өнімді болып еді. Түні бойы шөпке тойып алған Шыбықжирен мен Шабдардың жүрістері де бөлек көрінді. «Түрікмен түсімен бай» демекші, сөйтіп келгенде аспан тағы қарс айырылды. Бір жетіге жетер-жетпесте Ақылжанның ұсталғанын естіді. Қайша қан жылап көшіп келді. Жақсы түстін де жүрек жалғаған ләззаты ұзаққа бармады.
Қайша мен Зейнеп біржола іс тігуге көшті. Зейнептің бойынан Қайша сарқылмас өнердің қайнарын көргендей. Нарғазының өзі көрген киімдеріндегі сәнділік осы қолдың табы екен ғой. Соны үйреніп қалғысы келді. Ғұмыр бойы серік қылған Зейнептің «зингер» тігін мәшинасы бұл үйде дамылсыз зырылдай бастады. Зейнеп келгелі «мамалап» қасынан шықпайтын Кеңесжан.
– Бар апаңа, шешеңе. Жетті енді менің сені асырап-сақтағаным, – деді бір күні Дәмелі қалжыңдап. Содан бері Кеңесжан Зейнептің қойнында жатады. Оқуға да ертемен киіндіріп, тамақтандырып шығарып салатын сол шешесі. Кішкентай жүрегінің осы бір үлкен әрекеті Зейнепке таудай медеу болғанын ол сезе де қойған жоқ шығар-ау. Бірақ жалғызсыратқысы келмегені айдан анық.
Бірде Амангүлді жылатып қойғанда, Дәмелі:
– Ей, Зейнеп, ана балаңды тый, Нарғазының ұлы болмақ тұрғай, құдайдың ұлы болса да жазасын беремін, – деді.
Осы бір қалжыңның өзінен Қайша ғажайып жарастықты көрді.
Зейнептің күліп қана қоятын жайлы мінезі өзіне ұнайды. Өнерімен қоса құдай қандай бай мінез берген. Тағдырдың осындай адамды ең алдымен перзенттен қысуы, сосын Нарғазыдай азаматынан айыруы қандай әділетсіздік. Осы ойлар келгенде өзінің де бойы шым ете қалады. Бұл да әлі құрсақ көтерген жоқ қой. Енесі:
– Ақылжан мен Кеңесжанды мен де барып-барып көтергенмін, – деп жұбататын. – Енді не деп жұбатар екен. Көзінің ағы мен қарасындай Ақылжаны да қамауда. Өлі келе ме, тірі келе ме. Өзінің бала көтермей жүргенін ана жылғы ашаршылықтан қатты қорыққанынан көреді. Яғни Құдайдың ісі емес, бұл – адамның ісі. Ал Зейнеп апасынікі неден болды екен?
Екеуі іске қатар отыра қалғанда осы ойлар Қайшаның Кеңесжанға тіккен арты жыртық бешпеті мен балағы жырық шалбары болды. Әскердің шошақ қалпағын пішіп, оның мандайына қызыл шүберекпен бес бұрыш жасады. Біреу-міреу алып кетпесін деді ме, әлде баласының бөлек белгісі болсын деді ме, астына «Наргазинов» деген жазу түсірді. Бұған ұсақ балалар тұрғай, Жәңгір мен Жадыраның өзі қызықты.
– Тозып қалады, папам келген соң кием, сандыққа салып қой, – деді Кеңесжан бір күні. Зейнеп те, Қайша да үнсіз көздерін сығымдады.
Дәмелі бұрын ауылдағы ісмерлерді жинап, өзгеге күні түсуші еді. Енді Зейнеп пен Қайшаның арқасында жұрттың күні бұларға түсетін болды. «Шешеннің сөзі ортақ, шебердің қолы ортақ» деп бірдеңелерін тастап кетеді. Негізгі шебер – Зейнеп, Қайша – көмекші. Екеуі де ешкімнің бетін қайырғысы келмейді. Ен алдымен төрт сай етіп Малыбайға керемет бір түлкі тымақ тікті. Сыртын қара батсайымен тыстады. Қызыл, қара. Екеуінің үндесуі тым әдемі. Қайшаның тымақ тігуі бірінші рет. Зейнеп өзі басшылық етті. «Қолыңа қарап отырмыз ғой, осының көңілін табайық деді ме екен. Тағдыр табыстырған екі бейбақ! Жақсы ниеттерің бе, жалбақтағандықтарың ба?» деді ішінен Дәмелі. Сұлық жатып қалған Малыбайды төсектен көтерген де осы тымақ.
– Тұр, көтер басыңды. Мынаны өлшеп көрейікші, – дейді шеберлер.
– Нені? Қайдағы шебер?
– Зейнеп пен Қайша ше? Өздері келуге ұялып тұр.
Малыбай басын көтеріп, тымаққа сүлесоқ қарады. Зейнеп пен Дәмелі кигізіп, айналасын көктеп көрді. Үйреніп қалған қол емес пе, сайлары дәл шықты.
– Әке, өзіңіз көріңізші, – деп Қайша алдына айна әкелді.
Төрт сай тымақ, екі жағы суалып, көзі шүңірейіп сақал-мұрты ғана қалған Малыбайды өзгертіп жіберді.
– Мына күйіңмен жездеңе Қармыстың тағы бір қызын айттырып жүрерсің, – деді Дәмелі Зейнепке қалжыңдап.
– Қай шекең қызып қалжыңдайсың осы сен, – деді Малыбай. Ғұмыр бойы Дәмеліге екі қатты сөз айтса, мынау – соның бірі.
– Неге қалжыңдамаймын, өз күйеуім қасымда.
– Сенің қасыңда болмай-ақ, Ақылжан мен Нарғазының боз қасқасы боп неге кетпедім? Неге олардың артында қалдым?
– Жоқ сұмдықты шығарма, – деді Дәмелі зілдене. – Кімнің кімге топырақ саларын әлі құдай біледі.
– Рас-ay, жезде. Сіз енді қайратыңызға мініңіз. Анадағы тәтемнің жақсы түсінен мен үміткермін. Қолымыздан кебін кидірген жоқпыз ғой, – деді Зейнеп.
Малыбай селт етті. Ақылжан ұсталды дегеннен дүниенің бәрін мансұқ еткен-ді. Мынау үй-жай, қора-қопсы, мал – бәрі оған бос, құр әуре секілді көрінді. Олардың қызығы Ақылжанның барында, алыста жүрсе де, соның амандығында екен. Өмір жолы есіне түсті. Келмеске кеткір ескі заманның езгісімен отыз жасқа келгенде әрең үйленді. Онда да алғаны жетпіске тақап өлген ағасының әйелі, мынау Дәмелі. Он жеті жасар қызды алжуға аз-ақ қалған шалға қосып, қазақ, сенің де құдай сүйер қылығың жоқ-ау. Ағасы Бимендінің малы болғаннан не пайда, бұған қалың мал жинауға көмектеспек тұрғай, өзі жарымай, ақыры арғыбет кетті. Осынау Қармыс ауылына иек артқалы көзі ашылды. Ақылжан туғалы бұл өмірге қайта келгендей болды. Перзент сүюдің құдіретіне не жетсін. Бергеніңнен жазбағыр, Алла тағала, жаман ұл сыйламадың, маңдайым жеті қарыс екен деп жүретін. Ес білгелі жаңа заманның түндігін көтеріп, босағасын берік етуге атсалысты. Аянған жоқ, азабын да көрді, ашаршылықтан да өтті. Баласы ортан қолдай ауылнай болды. Ажы ауылының арқа сүйері атанды. Осының бәрі мені семіртті. Онымнан күн, солымнан ай туды деп жүрдім. Малыбайдың Ақылжаны дегенде төбем көкке сәл-ақ тимеуші еді. Артынан бақытына мынау күшіктер ерді. Менен бай кім бар еді. А, құдай, осының алдында ал, осыдан топырақ бұйыртсын деп жүрмеп пе едім. Ашаршылықтың алдында жаңа ұйымдасқан колхоз малын аман алдырып қалғанда, мынау егін қорығыш боп тыным таппай жүргенде де қуат беретін сол Ақылжанымның барлығы емес пе. Соның атына кір қелмесін деп тірлік ететінмін. Соның атын атап ұйықтап, сол үшін құдайға күніне жүз жалбарынып жұмыс істейтінмін. Етеусіз Малыбайдың еңсесін көтерген сол ұлым емес пе. Көз тиді-ау, көз тиді. Мандайыма жазбасы бар, бетегеден биік, жусаннан аласа Малыбай, малдан басқада шаруасы жоқ Малыбай болып неге жүре бермедім? Бәсе, мұндай баланы менің маңдайыма қайдан жазсын. Не болды енді? Тіршілік тоқтап, аспан жерге түскендей болды-ау мен үшін.
Неткен жолың қатты еді деп келінін де жазғырғысы келді, бірақ оны да аяды. Бұл да біреудің үкідей баласы, құдайдан тіледі дейсің бе? Тиісерге қара таппай, кейде осынау қора жайды өртеп, малды түгел қырып салғысы келеді. Кімге керек ол? Ешкімге білдірмей қораның түбіне барып, асылып өлуді де ойлады. Бұл тірлікте не мән қалды?
Құдайым-ау, неғылған жаулық, өзін әлпештеп, қолын дәрежеге жеткізіп отырған өкіметке адам жаулық ойлай ма екен? Қастандық қара ниет дегеннің қанында тамшысы да жоқ қой. Қайдан ол жау болады? Совет өкіметі үшін уыздай он сегіз жасында түрмеге бір түсті. Қош, әйтеуір, әділеттік жеңді. Осы баланың арқасында Ажы ауылында ошан еткен бір бөтен ниет болған жоқ. Өкіметтен жарылқасын деді. Басын құрбандыққа тігіп жүріп, «Қарауыл төбеде» ашаршылыққа қарсы күрескені анау. Үш ауылда колхоздасу жұмысын жүргізді. Нағашысының беделі, шешесінің беделі, әйтеуір, жұрт соңынан ерді. Оқимын деп талпынып еді, оқытпаған өздері. Төрінде Сталиннің суреті. Қай жері жау мұның? Жүрегін жарып көрсе де, қаны Совет өкіметі деп ағатын шығар. Бәріміз де солаймыз ғой. Рас, Жүсіп ұсталған кезде «бұл – әділетсіздік» депті. Әділетсіздікті неге әділетсіздік демеске? Шодырды да туған нағашысынан кем көрмегені рас. Оның жасаған жақсылығын қалай ұмытуға болады? Тегі орыс демесең, ата заманнан араласып келе жатқан жандармыз. Жақсыларға жанасқаны, жақсыларды жақсы көргені үшін адам жау бола ма екен? Жұмысы да құрсын, дәрежесінен де аулақ, баламның шыбын жанын қалдырса екен. Мынау «атылды, атылды» деген хабарлар қандай суық. Сұрықсыз, жауапсыз, тексеріп, тергемей, ақиқатына көз жеткізбей қыра бере ме? Мал екеш малды бауыздарда да алдымен «пісміллдә» дейді ғой.
Бұл күнді нендей күнәм үшін көрсеттің? Намаз ұстап, құран оқымағаным үшін бе? Онда күн-түн демей үйренейін. Бес уақ емес, он уақ намаз оқиын. Сүзеген молданың қарғысы тиді ме екен? Ашаршылық жылы жанын аман алып қалды ғой. Батасын берді емес пе. Не жаздық, адамға болмаса, құдайдың алдында жазықты емес сияқты едік. Адамның алдында не жазығымыз бар? Ешкімнің ала жібін аттап көрген емеспіз. Өкімет алдында, адам алдында, құдай алдында ақпыз. Сонда не үшін?
Қияпастанып жатып кеше Дәмеліге де тиіскен.
– Сенің әлгі Черкеш қорғанысының мықтысымын дейтінің қайда? Жалғызды арашалап қалуға жарамаған ол мықтылығың кімге керек.
– Мен тұрғай, осы өңірге Совет өкіметін орнатқан Жүсіп пен Шодырды қамағандар кімді аяйды дейсің. Көпке келген бір зауал ғой бұл. Ақырын күтейік, ақыры қайырлы болсын.
Дәмелінің осы сөзінен кейін Малыбайдың көңілін сергіткен мынау тымақ. Кәдімгідей кигісі келеді. О, тоба-ай, адам, қызықсың-ау. Асылғалы, өртегелі, бәрін құртқалы жатқаның қайда. Енді сәнді киімге кәдімгідей елеңдейсің. Мынау жік-жапар болып жүрген әйелдер құрлы жігерің болмағаны ма? Олар да өмір сүргісі келеді ғой, ендеше, мен неге өлуім керек? Қанша дегенмен бақыр басты еркек емеспін бе. Олар мені қара тұтқанда, мен оларды неге бағаламаймын. Тірліктің өз заңы бар-ау. Адам қанша бір қапас құзға құласа да, кеудесінде жаны болса, сәл сызат берген жарыққа ұмтылады екен. Мүмкін, менің жарығымның бәрі сөнбеген шығар. Ақылжаным аман қалып, баяғы базар күнім қайта оралар. Ол күнге жетуге неге үміттенбеске! Үміт өлмей, адам өлмек емес. Ендеше, бұл жатыстың не жөні бар.
Былтырғы сымға ілініп қалғаным секілді, Дәмелінің мазағына тағы ұшыраймын. Құдай оңдап, жақсы күн қайта келсе, бұл жатысымды ол неше саққа жүгіртіп, мықтап бетіме басар. Балаларының алдында артист болып, өз қылығыммен өзімді ұялтар. Дәмелінің ол қолынан келеді. Осы ойлар «тұр, Малыбай, тұр» деп түртпектеді. Бес күн бойы дәм сызбағаны да өзін әлсіретіп тастапты.
Түлкі тымақ, сырт көзге болса да Дәмелінің сыр бермей, қайраттанып жүргені мүны төсектен көтерді.
Күндер өтіп жатты. Митың тірлік қайта жалғасты. Сөйтіп жүргенде Бәтимадан хат келсін. Ол хат бұл әулетті дүр сілкіндірді. Қысқа ғана жазылыпты. «Босандым. Алматыға барып ақтау қағазымды алам. Тағы бір шаруа бар. Аман-есен жолығысуға жазсын». Жәңгір мен Жадыра тіпті өзгеріп кетті. Дәмелі «көзі ашық Жүсіп бір саңлауын тапқан шығар, шиеленіскен жіптің басы одан бастап тарқатылса, бәріне де бір жақсылық болар. Жүсіпке жұмсармай, Бәтиманы босатпайды ғой» деп ойлады.
Жәңгір шешесін Алматыдан қарсы алуға аласұрды. Қысқа жіп күрмеуге келмей, жібермесі жібермей жатты. Осы үйде көк тиын ақша жоқ. Қайша жалақылы жұмыстан кеткелі қашан. Олардың тіккен киімдеріне жұрттың сыйлайтыны заттай дүние. Біреу бір жілік етін, бір шайқама қаймағын, мықтағаны бір қойдың жүнін береді. Көбінесе «тәңір жарылқасынға» тігіп жүр. Алған ақылары ел жүрегіне орнаған сүйкімдері ғана. Тіпті Антон базарына барып, шай алатын тиынның қалмағанына да біраз болды. Не істеуі керек?
Дәмелінің ары ойлап, бері ойлап тапқаны қоңы түзу төрт бойдақ қойдың екеуін саттыру. Мынау сарыөзек шақта алып қалушылар табылар. Он сегіз шақырым жердегі Антоновкаға оны апарудың өзі бір күш. Апарған соң, өтсе жақсы. Тыпырлаған Жәңгірге бұлардың ақша аяп отырғандай көрінуі мүмкін. Балалардың өзін жіберсе, ұқсата ма, жоқ па? Қарыз сұрайын десе, жалақы тауып отырған адамы жоқ әулеттің қайтарар-қайтармасына күмәнданып бермеуі мүмкін. Кейбіреуі бұлармен ақша қатынаста болуға қорқар да. Басқарманың өзіне баруға былтырғы долы әйелімен ұрысқан соң, аяғына жығылғандай болып көріне ме деп намыстанды. Қысқасы, бір жағы намыс, бір жағы мұқтаждық, бір жағы баланың алып ұшқан көңілі – үш жақтап қыспаққа алды. Ақырғы шешім Жәңгірді ертіп, екі қойды жетектеп, алдағы жексенбіде базарға бару болды.
Сылпылдап еріген қар. Бірі атты, бірі жаяу екі адам екі қоймен алысып жолға шықты. Жәңгір қойлардың мойнына байланған арқанды беліне салып сүйрейді. Дәмелі атпен артынан айдайды. Екі құнан қой біресе ары, біресе бері тартып, әп-сәтте Жәңгірдің қан сорпасын шығарды. Алыса-алыса әрең деп ауыл сыртындағы дөңнен асты. Ауыл көрінбеген соң жүрер деген үміт те ақталмады. Қойлар тек кейін ғана тартыншақтайды. Дәмелі Жәңгірді аяп кетті. Өзі түсіп, оны Шабдарға мінгізді. Қойлар мұның үлкендігін де сыйлай қойған жоқ. Малдың аты мал емес пе. Мына күйімен базар тарқаған соң бәрі босқа қайтып жүре ме? Жәңгір ат үстінде көп отыра алмады. Еркек басымен өзі атта, Дүлдүл тәтесінің жаяу қоймен алысқанына арланды. Түсе қалып, Дәмеліні қайта атқа мінгізді.
Қойшы, екеуі итшілеп түске таман базарға әрең жетті-ау. Антоновканың қарасын көрген соң қойлар жүрейін деді. Базаршылардың алды кете бастаған екен. Елтірі тымақты бір мосқалдау адам келіп екі қойға қырық сом берді. Дәмелі тағы он сом қосуды сұрады. Осында әкелген азабының өзі не тұрады. Жәңгірдің мал базарын тұңғыш көруі. Адамдар қандай қатал. Сонша еңбек сіңіріп өсірген малға тіпті су тегін арзан береді. Оның шебі, оның бағып-күтуі не тұрады. Амал не, базардың өз заңы бар.
– Сен тұра тұр, мен аралап келейін, – деді Дәмелі.
Бір-екеу келіп Жәңгірді тағы да қырықтың төңірегінде айналдырды.
Қайтып келген Дәмелі:
– Біздікінен қонды қой жоқ екен. Көктем ғой. Тырысып көрейік, – деді.
Әлгі елтірі тымақты қайта соқты. Бес сом қосты. Дәмелі көнген жоқ. Бір жағынан базар тарқауға айналып, қылпылдап барады. Манағыдай азаппен қайта алып қайтып жүре ме? Жүрегі зу ете түсті.
– Қырық бес сом саған Алматыға барып қайтуға жетеді ғой? Жәңгір Дүлдүл тәтесін аяп кетті. Есіл-дерті осы балаларды шешесіне аман-есен табыс ету екені айдан айқын көрініп тұр. Әлгі елтірі тымақты қайта айналып келгенде:
– Сен де дінің қатты қасарысқан неме екенсің. Болсын сол қырық бесің. Мә, ал, – деді. Ол да малсыз қайтқысы келмей жүрген болу керек, ақшасын санай бастады.
Ол қойлардың жонын басып тағы көрді.
– Құнан қой. Мынадай Сарыөзек шақта мұнан семіз мал таба алмайсың. Жемде тұрған, – деді Дәмелі.
Шынында, осы төрт қойға Малыбай бөлек жем бергізетін. Ойы қоңын төмендетпеу. Жәңгір өз қолымен кейінгі кездері талай жем берген. Іші біртүрлі удай ашып кетті. Баққан малы ақшаға айналып, біреудің қолында бара жатты. Қойдың біреуі «мә» деп маңырады. «Шынымен қидыңдар ма» дегендей. Бауыздарда: – Сенде жазық жоқ, бізде азық жоқ, – деуші еді. Дәмелі ақшаны қалтасына салып:
– Сенде жазық жоқ, бізде ақша жоқ, – деді.
Жәңгір кәдімгідей қынжылып тұр. Байқайды, өзіне шаруа мінезі біте бастайын деген. Малсақтық малды қимаумен қонсылас.
Дәмелінің есіне Ақылжаны түсіп кетті. Кем алған бес сомы соның жолына садаға. Балаң босанды десе, екі қойды ол босқа беруге де бар еді. Ондай күн қайда! Қырықтын үстіндегі бесеуіне шай алып кетсе...
– Ақ құйрық шай, ақ құйрық шай, – деп жанынан жыбырлап өтіп жүрген әйелден айырылып қалды. Жан-жағына қарады. Базар тарқады деді ме, әудем жерде кетіп бара жатыр екен. Соңынан Жәңгірді жүгіртті. Жәңгір жетіп келгенде, әлгі әйел баж ете қалды. Жәңгірдің өзі де шошып кетті.
– Бізге шай керек.
– Шайым жоқ, бітті, сатып жібердім. – Мынау зіңгіттей жігіттен тартып ала ма деп, қорқып тұрса керек. Осы кезде Дәмелі келді.
– Қорықпа, бұл – менің балам. Жаңа сен жылтыңдап өзің ұсынып жүргенде бізде ақша жоқ болатын. Адал малымызды сатып, жаңа ғана тиынды болдық. Маған екі шерік шай тауып бер.
– Шерігін бес сомнан алсаң, тауып берейін.
Жәңгірдің көзі бақырайып кетті. Сонда білдей екі қой сегіз шерік шай ғана болғаны ма?
– Сен өйтіп «иттің боғы дәрі болса, дарияға тышадының» керін келтірме. Адамның баласымыз ғой. Бізден де сенің бір керегін табылар, – деді Дәмелі.
– Мен бүгін астыққа айырбастасам ба деп келіп едім. Ешкім базарға астық әкелмепті, – деді әлгі әйел мұңайып.
– Саған керегі астық па? Мен саған бір ұра астық берейін. Мына Бастұмаға кел. Кім әкеледі астықты, су тегін арзан мұнда. Өткен күзде жұрт астықтың астында қалып еді, кім алады базарда оны? Әкелген еңбегіне тұрмайды.
Әлгі әйел «бір ұра» дегенге жіби бастады.
– Онда бес сомға екі шерігін берейін. Ауылыңызға барғанда сөзіңізде тұрыңыз.
– Оған титтей күмәнің болмасын. Малыбайдың үйі қайда десең бәрі біледі.
Таңның алаң-елеңінен азапқа салған екі қой өтіп, екі шерік шай қолға түсіп, бұлар өздерінше олжалы қайтты.
Екі аяғы салбырап, артына мінгесіп алған Жәңгірге:
– Жалпы, дұрыс болды-ау, жақсыға жорып келе жатырмын. Ойымдағымыздың бәрі орындалды, – деді Дәмелі.
– Дүлдүл тәте, мен басқаны ойлап келе жатырмын. Шаруа еңбегінде түк құн жоқ екен. Соншама азаптанып өсірген мал, астық қандай арзан. Есіл еңбек.
– Мен қойдың өткеніне қуанып келемін. Манағыдай азаптанып қайта алып қайтсақ не болды?
– Міне, міне, тап осы қиындықты мықтап пайдаланатындар бар. Егер артық малды, артық астықты мемлекет тарапынан қабылдауды дұрыстап ұйымдастырса, шаруаға керек шай-қант, киім-кешекті ауылға әкеп сатса, екі жаққа да пайдалы болар еді.
– Ойбу, қарағым-ай, ондай күн қайда? Біреудің артын салмақтап, тәуелді болып жүргеніміз. Анау ауылдағы кішкентай дүкенде былжыраған «жастық» кәмпиттен басқа ештеңе сатпайды. Өздерің Ақылжандарға кеткенде кездеме түсіп, осы ауыл қырылып қала жаздады. Малыбайды шаптап дүкенге алып барып ем, кеудесі қысылып өлуге аз-ақ қалды. Біреулер әуелі кезекте тұрғандардың үстімен жорғалап дүкенге баса-көктеп кірді. Ішінде соқталдай жігіттер бар. Көрмейсің бе, құдай одан да айырды. Аудан жақын, Қайша күнім содан алып үзбей жіберіп тұратын. Қант-шай тұрғай, қызыл құлақ ақшаның өзіне зар болып қалдық. Екі қолың тас байлаулы. Сол ақша қолыңда тұрған соң ғой, анау көксау дүкенші бұл күнде ешкімге қарамайды. Тіпті кекірейіп кеткен. Азын-аулақ түскен дүниені алдымен басқарманың қара шұбар қатынына, осындағы ауылнайға көрсетеді екен. Олар жең ұшынан жалғасып, өздері бөліп алады да, қалғанын ғана саттырады. Құрсын, ақша болса, Антонымның базарынан жарылқасын. Сол ақша құрғыры қолға түспей тұр ғой. Бүгінгі азапты сапарымыздың төркіні де сол ақшада жатқан жоқ па.
Жәңгір үндемеді. «Бар дүниені қолдан жоқ қылу қандай жаман. Мал бар, астық бар, ақша жоқ. Соның ауырлығын алдымен шаруа тартады... Бұл қиындықтың тұйығынан шығаратын тек қана оқу. Әке атына кір келтірмеудің жолы да оқуда ғана». Ауылдың сабағы ащы болса да, осындай ойларға жетектеді. Осынау қарапайым жандардың ертеңгі күнін кім ойлауға тиіс. Жаңа тебіндеп келе жатқан интеллигенцияны кім толықтырады? Оқу жөнінде көмескі тарта бастаған көңілін мынау базар көсеп-көсеп, ар жағындағы отты маздатқандай болды. Өзі біртүрлі қуанып кетті. Жақсы ойлардың жылуы жанына дем бергендей. Аяғы салбырап, атқа мінгесіп келе жатқанмен, қиял шіркін болашақ бағын аралатты. Ол мынау сылқылдақ қарды да, тайғанақтап әрең келе жатқан шабдарды да, күні бойғы азапты да ұмыттырды.
– Сол әлгі көксау дүкенші, құтырғаны сонша, енді ауылдың келіншектерін айналдыратын бопты, – деді Дәмелі. Жәңгір қалың қызықты ойынан селт етті. – Екі-үш метр бұлды, шайды тығып қояды екен де, келіншектер келгенде оны итке тастаған сүйектей жылтыңдатып, қылжақтайтын көрінеді. Көксау деп оған қыздар шықпай қойған болатын. Енді көрдің бе, құтырғанын. Шынымды айтсам, сол дүкенге Қайшаны жібергім келмейді. Арсыз неме жаралауы мүмкін.
– Қайша тәте оны әкесіне танытар, – деді Жәңгір.
– Көрмейсің бе, білдей мұғалім, орысшасы да жап-жақсы, жұмыссыз отыр, ал көксаулар көкиіп, білгенін істегісі келеді, – деді Дәмелі. – Әнеукүні осы ақшадан қысылғанымды сезіп, анқау балам «дүкеншіден барып қарызға сұрап келсем қайтеді» деді-ау. Жібермей қойдым. Көксауға жалынғанша, көрге кіріп өлейін.
– Көксау болса оны тегі магазинге жолатуға болмайды ғой. Жұрттың бәрін ауру қылады. Ана Кеңесжанға ол дүкеннен кәмпит сатып жеме деу керек.
– Оған кім қарап жатыр. Көксау тұрғай, күлмерез болса да, оған жұрт бармай тұра алмайды. Жалғыз дүкен.
– Жоқ, дұрыс емес. Мен мұны жоғарыға жазып жіберем.
– Қой, сосын бүкіл ауыл боп соңымызға түсіп жүрер. Онсыз да құйрығымызға шоқ байлаулы. Тәңірдің бір жазғанын көрдік.
Мынау базарға келмес бұрын мұның жол ақшасы үшін Дүлдүл тәтесі қанша жан азабына түскен. Қайратына болайын, шешесі Бәтима «Дүлдүл тәтелеріңе жет» дегенде, оның бойындағы осы қасиеттерді білген екен ғой.
Бұлар келе жатқан төбеге шығып біреу тесіле қарайды. Ол, әрине, Малыбай. Жетектеп келе жатқан қойдың жоқтығына қуанды. Сатқан екен ғой. Бауырсақ, шелпекті пісіріп, етті асып, Қайша енесінің келуіне ерекше әзірленді. Аңшы мен базаршының жолы әрқилы болады. Бірде олжалы, бірде қанжығасы бос. Қойды сатқандары бәрін қуантты.
– Теперь ты поедешь в Алма-Ату, – деді Жадыра.
– Үлкен көпірден өткендей, кеудесіне тығылған құсаны шығара айтты.
Малыбайдың соңғы кезде үйдің төбесіне шыға беретінін Дәмелі жиі байқайтын. Сорлы, баласы келе жатыр ма деп ойлай ма екен? Көбінесе аудан жаққа қарайды. Кейде тіпті мынау қара суықта ымырт түскенше тұрып қалады. Сосын жөтеліп, ауырады. Базаршылар үйге жайғасқаннан кейін де Малыбай көрінбеді. Жадыраны жіберіп шақырттырып алды. Әлі үйдің төбесінде тұр екен.
Шай үстінде базарға барғандарын Дәмелі азап көргендей емес, театр көргендей жыр ғып айтты. Оның суреттеуінде Жәңгірдің қоймен алысқаны цирк артисінің ойынындай болып шықты. Ең қызық жері – шай сатқан әйелдің қорыққаны болды. Сол базарда бетіне тұз жағып лағып жүретін бір нақұрыс болатын. Аты – Құрым. Ол ыржалаңдап, ананың бірдеңесін, алып қашып жүретін. Сол келіп қалды деп қорықса керек, әлгі әйел базарды басына көтеріп айғай салды. Жәңгірдің зәресі ұшқаны сонша, әлгі жерде ол шай алмақ тұрғай, өзінің қырық сомын беруге дайын тұрды.
Үйдің іші ду күлді. Әсіресе, Кеңесжан мен Амангүл мәз болды. Оларға қарады да Дәмелі:
– Мына ағаларың қой көнбей қойған соң екеуін екі қолтығына қысып алып жүріп берді дейсің, – деді. Бұған, әрине, үлкендер сене қойған жоқ. Бірақ Амангүл:
– Ой, ой, қандай күшті Жәңгір көкем, – деді.
Жәңгірдің таң қалғаны – Дүлдүл тәтесінің азапты сапарын жеп-жеңіл етіп, ойынға, қалжыңға айналдырғаны. Өздері көрген қиындығын өзгелердің жүрегіне түсіргенде не пайда. Бұл да өзі байқамаған бір қыр. Ауырлықты өзгеден қашықтатып, жүкті өз мойнына алу. Ерлерден табылмайды мұндай мінез. Қара аспанды жаудырып, көргендерін болған күйінде суреттесе, ең болмаса бір күн бұл үйді мұң басады. Жүсіп болса, Нарғазы болса, Ақылжан болса, бұл болар ма еді деген жараның аузы ашылады. Соншама қиындықпен келген ақшамен Жәңгірдің Алматыға барғысы келмей қалуы да мүмкін. Жұрттың бәріне сор болған сол ақшаны қайтем деуі мүмкін. Осының бәрін білдірмей, жуып-шайып Дүлдүл тәтесі үйдің ішін жайма-шуақ етті де жіберді.
Осы көңіл күймен Жәңгір де Алматыға жол тартты.

10

Бәтиманың еңсесі ағайын-туғанын көргеннен кейін ғана көтерілейін деді. Алып-ұшып келген көңілі Алматыда судай басылған-ды. НКВД онда үш-ақ күн тұруға рұқсат етті. Бұрынғы тұрған үйлерін көріп ағыл-тегіл жылады. Өз үйлеріне танымайтын біреу кіріпті. Екі-үш көршісінің есігін ашып еді, кірпідей жиырылды. Шынында, бұл жерде қалуға болмайды екен. Қорқыныш, үрей адамгершілік, аяушылық дегеннің бәрін ығыстырып жіберген секілді.
Жәңгір алғашқыда шешесін танымай қалды. Қап-қара қою шашы мынау екі жылдың ішінде көк бурылданып кетіпті. Бөтен үй, шерлерін шығарып жылай да алмады. Бірін-бірі қысып ұзақ тұрды да, бір сағатқа жетпей, бірін-бірі жетектеп шығып кетті. Қаланың бір асханасынан тамақ ішті. Жәңгірі «түфә, түфә» көз тимесін, алпамсадай жігіт болған. Ойлылығы ма, мұңлылығы ма, сөйлеген сөзінің бәрі салмақты.
– Мама, Дүлдүл тәтеме кетейік. Мен күзде қайтсем де, оқуға келем. Баласы бұл сөзді нық айтты. Алғашқыда Нарғазы мен Ақылжанның ұсталғанын шешесінен жасырғысы келді. Бірақ қанша жасыра алады. Анасы «солай болуы табиғи» дегендей қарсы алды. Бұл хабарға аһылап-үһілемеді. Дәмелінің онсыз да ауыр жүгіне енді барып бұл қосылады. Басқа не істейді? Барар жері, басар тауы қалмаған. Лагерьден босанғанмен, айналасы түп-түгел мынау Алматының әр көшесі де түрме сияқты көрінді. Айырмашылығы айдап жүрген милиционер жоқ. Қасында, әйтеуір, ұлы Жәңгір бар. Оның да мұнда келгені шешесімен кезіккені НКВД-ға айдан анық.
Төртінші күні баласымен «Лепсі станциясы қайдасың» деп тартып отырды. Май айының хош иісті көркін мынау кең далаға шыққан соң барып сезінді. Сақылдап жүріп келе жатқан поездың ашық терезесінен даланың иісі де, шөптің иісі де көңілді қытықтайды. Айнала көкпеңбек, ойдым-ойдым қызғалдақтың қып-қызыл аралдары кездеседі. Тұскиіздің түріндей небір әдемі жерлер бар. Адамдар өзгергенмен, өңірі өзгермепті. Өзінің әсем жазын, хош иісін, дархан даласын сол күйінде сақтаған сияқты. Туған жер қандай ыстықсың. Бәтима қызыға ұзақ қарады.
Өзі Жүсіппен қашқан сонау жылдары қай жолмен келгені есінде жоқ. Әйтеуір, атпен бес күн жүрген. Онда мына теміржол ұшты-күйлі жоқ. «Түрксіб» құрылысы кейін шықты, ол керемет шулы болды. Соның қамы деп Жүсіп бұл жолдың бойына талай командировкаға барып келген. Әр сапарында құрылыстың қарқынына, адамдардың асқан ерлігіне таң қалатын. «Айнабұлақ» станциясында жолдың екі жақтан келіп түйісу салтанатына қатысқан-ды. Түрксіб құрылысы жөніндегі очерк, өлең, поэмалардың бәрін жібермей оқып жүрді.
– Шын серпілісті, социализмнің мұндағы жүрек соғысын ешкім жеткізе алып жатқан жоқ. Ол өлеңді, очеркті құрылысқа тікелей қатысып жүрген адамдардың өзі жазса ғой, – журналист, жазушылардың құр сырттан тамсану, табиғатына еніп, адамдардың бойындағы, санадағы өзгерістерді терең көрсете алмай жүр, – деп отыратын. Бірде Бәтимаға:
– Түрксіб сенің төркініңе барар жолды қысқартады. Лепсі деген станциядан түсіріп, Антоновқа арқылы лып ете қаламыз. Пәленбай жылдан кейін әрен келген қыздарын қалай қарсы алар екен, көреміз, – дейтін қалжыңдап.
Амал не, бұл жол арқылы Жүсіппен бірге келуге құдай жазбады. Бірақ зымыраған мынау поездың әрбір тықылы «бұл жолда сенің күйеуіңнің көп еңбегі бар» деп сыбырлайтындай. Оның бұл өңірде еңбегі сіңбеген жер бар ма? Әрбір бұта Жүсіпті білеміз деп тұрған жоқ па. Осы арадан екінші рет өтуі, КарЛАГ-қа айдалып бара жатқанда да осы сыбырларды естігендей болып еді. Бірақ онда тұтқындаулы қиял алысқа шалықтап жібере қойған жоқ-ты. Алда не күтіп тұр, көбінесе ойлағаны сол болды. Бұл жолы қанша дегенмен төркініне келе жатыр, қасында ержеткен ұлы Жәңгір. Адам болды деген осы да, іздеп келуге, қарсы алуға жарады. Осы жай Бәтиманың қиялының да кісенін ашқандай. Жас кезінде керетін ойдым-ойдым киіз үйлі ауылдар емес, орнықты балшықтан салынған үйлер. Киіз үйлі ауылдарды бүгін көрсең, ертең таба алмай қалушы едің, көшіп кететін. Енді мектеп пе, кеңсе ме, менмұндалап әр ауылда екі-үш еңселі үйлер тұр. Адастырмай таптыратын белгілер. Жүсіптің жан ұшырып насихаттаған «отырықшылдығы» осы. Анау қап-қара, жолақ-жолақ болып жатқан жаңа жыртылған егістік жер болса керек. Тырбаңдаған тракторлар көрінеді. Ауыл шетіндегі ұзыннан-ұзақ қоралардың төңірегінде мал жүр. Ферма дегені сол шығар тегі. Бұл өмірге де жұрт үйреніп болды. Колхоздасу аяқталғалы қашан.
Көкем-ау, отарбасын жүйткітіп, тракторын дарылдатып, мектебін салып, сауатын ашып, колхозын құрып, мынау бүгінгі өмірдің бар жаңа белгісі жолында күрескендер неге «жау» болады? Қандай жаулық бар мұнда? Алматының өзі де бұлар алғаш қосылғандағыдан әлдеқайда өзгерді. Енді содан пана таба алмай келе жатқан күйлері мынау.
– Лепсімен екі ортаға машина жүре ме? – деді Бәтима ұлына.
– Өте сирек, мама. Жол-жөнекей көлікке кездеспесек. Осында келерде мен үш күн сондай көлік тостым.
– Ел ғой, бір қисыны болар, – деді шешесі жұбатып. Көз көгеріп күтуге үйрендік қой.
Бәтиманың босауынан үлкен үміт күткен Бастұмадағылардың көңілі судай басылды. Дәмеліге жас жағынан Бәтима өзін қуып жетіп қалғандай көрінді. Шаш көк бурылданып, бетте әжім көбейген. Көзінің нұры да таяйын депті. Нарғазы әкелген суреттегі Бәтима мен мына Бәтиманың арасы жер мен көктей.
Қанша күн айтса да, әңгімесі таусылар емес. Лагерьдегі жағдайды, онда отырған неше ұлттың өкілін, олардың қайсарлығын, зиялылығын, дарындылығын бұлардың көз алдына келтірді. Іштеріндегі ең сорлысы өзі болғанын айтты. Әйтпесе қой бақпас еді ғой.
– Өзіңді қалай босатты? – деді Дәмелі үшінші күні.
– Оның үлкен сыры бар. Түрмеге түскеннен бастап менде талма ауруы пайда болды. КарЛАГ-қа кетіп бара жатқан жолда да бірнеше мәрте қысылдым. Бағыма арамызда бір дәрігер қазақ әйел болды. Ол да – бір дөкейдің жұбайы. Лагерьде жүргенде де көзінен таса қылмады.
Ақыры «бұл қояншық, лагерьде ұстауға болмайды» деп қағаз жазыпты. Сол қағаздың арқасы менің одан кеткенім. Бірақ кетерімде құлағыма сыбырлап: «Сен шынымен солай екен деп қалма, сенікі нервіден, мен өтірік диагноз қойдым», – деді.
– Нерві деген не? Диагнозы қалай?
– Нерві деген жүйке тамырының жұқарғаны. Диагноз – аурудың аты. Таза ауада болсаң, елге барып ет жеп, қымыз ішсең, құлан таза жазыласың деді. Міне, сол адамның шарапаты тиіп орталарында отырмын.
– Құдай тілеуін берсін. Ер әйел екен. Біліп қойса ғой ол сорлыны онан әрі сорлатады, – деді Малыбай.
– Оныңыз рас, Кенже аға. Бірақ ол маған ғана емес, талайға сондай жақсылық жасап жүр. Дәрігерге құдайдай сенеді.
– Адамды тұтқындағанмен, адамгершілікті тұтқындауға болмайды екен-ау, ә? – деді Дәмелі. – Жүйке тамырдың жұқарғаны жазылады деші. Бәріміздің де шекеміз қызып жүр дейсің бе?
– Бірақ мен аңдулымын. Саяси айыбым алынған жоқ. НКВД ауық-ауық тексеріп тұрады. Сондықтан «қояншық» деп лақап тарата беріңдер.
– Да ну, мама, – деді Жадыра. – Какой позор!
– Әрине, қорлығы қорлық. Не амал бар? Қасыңда болғаным жақсы ма, жоқ тағы да түрмеде отырғаным жақсы ма?
– Конечно, қасымда болғаның.
– Ендеше, құдай салған соң, көнуге тура келеді. Оған жасыма, балам.
Дәмелі қатты күрсініп жіберді. Зейнеп пен Қайша жылап отыр екен. Малыбай да тұнжырап кетіпті.
– Жүрегіме талма пайда болғаны рас. Алматының ауасы жақпады ма, бір-екі рет нашар сезіндім. Қайта Арқада сергек жүрдім. Кіндік кескен жердің киесі мені осылайша қуып, қастарыңа әкелді. Әке батасын алмай қашқан қыз жазасын алсын деген шығар.
– Айтпақшы, – деді Бәтима ойына оқыс бірдеңе түскендей қуана. – Қоспанбет көкемнің қасынан келген бір адамға жолықтым.
– Не дейді.
Үйдің іші түгел Бәтиманың аузына төнді.
– Қашық болғанда қашықта екен. Бірақ жақсы тұрады дейді. Хабаровскі деген жер. Ол – анау Сібірдің бір түкпірі.
– О, сұмдық-ай, тірі екен-ау, байқұс. Бала-шағасы бар ма екен?
– Ашаршылық қуып тыққан үш қазақ семьясы бармыз депті. Мал бағатын көрінеді. Екі баласы орысша оқып, хат таныған. Әйелі жұмыс істемейді. Қастарында саяси тұтқындардың лагері орнығыпты. Ағаш дайындайды. Тұтқындарды өте ауыр жұмысқа салған. Содан әлгі бізге келген адамға ағаш құлап, белі зақымданыпты. Лагерь болған соң мұнда қазақтар бар ма екен деп, Қоспанбет келсе керек. Охрандар оны ауруханаға жіберіпті. Содан екеуі танысып кеткен. Әлгі адам жазылып шыққанша қымызын, етін үзбепті. Бие байлаймын депті. Менің аман қалғаныма бірінші себеп Құдай, сосын сол Қоспанбет деп аузынан тастамайды әлгі адам.
– Ел жаққа қайтпайсың ба деп сұрайды ғой. «Нем бар, ағам арғыбет асып кеткен, мені де өздерің секілді көзімді бақырайтып қамап қояды ғой», – депті. «Ашаршылықтың тырнағынан әрең құтылдым, енді НКВД-ның тырнағына түсіп нем бар. Мына жер жайлы. Әй дер аже, қой дер қожа жоқ. Малын бағып берсем болды емес пе. Үш қазақ үйі бір ел секілдіміз. Туыс боп кеттік. Олар анау Кереку жақтан келген. Бірақ туған жер ыстық қой, қатты сағынамыз. Сағынғанмен амал не, мына жағдайда қармаққа алдымен біз ілінеміз ғой» депті. Әлгі адам мені кездестіргенін, Қоспанбеттің бір хабарын бергеніне қатты қуанды. Өзі енді КарЛАГ-та отыр.
– Құдайым-ай, Нарғазыны ең болмаса сол жерге апарған жоқ па екен, – деді Зейнеп. – Қоспанбетті көрсе, ес қой.
– Ондай лагерь ол жақта толып жатыр. Сібір толған саяси тұтқын, араларында өлім көп дейді. Біреулер азапқа шыдай алмай, біреулер індетке шалдығып дегендей. Енді біреулерді тіпті қолма-қол жоқ қылып жіберетін көрінеді.
– Бәтима, көкем! Саяси айып, саяси тұтқын дей бересің, ол не өзі, – деді Малыбай.
– Кенже аға, ол өкіметке қарсы деген сөз.
– Сонда Ақылжан да қарсы ма?
– О, тоба, жау жасау оңай екен-ау, ә. – Әңгіменің ар жағын тындай алмай Малыбай үйден шығып кетті. Қалтасына қолын салып, орамал алғанын көрді отырғандар. Сөз жоқ, жылап барады. Еркектің кәдімгі үнсіз, ауыр жыласы.
Мына түрімен атасы ұзаққа бармас. Қайша қайратқа мінді. Осы отырғандардың ішінде көзі ашығы өзі. Түкпірдегі бір ауылда тығылып отыра бере ме? Сібірге неге тартпасқа. Картадан таныс қой ол. Мүмкін, Ақылжанды да сонда жіберген шығар. Есіне декабристердің әйелдері түсті. Жер түбі болса да махаббаты үшін олар не қиындыққа көнбеді, әйелі күйеулерінің соңынан кеткен жоқ па! Шын берілген жар деп соларды айту керек. Етектен тартып отырған балам жоқ, мен неден қорқақтаймын. Қайда барсам, Қорқыттың көрі. Ең болмаса Ақылжанның төбесін көріп немесе төбемді көрсетіп өлейін. Оған күнім үшін шыққандай болмайын. Адал махаббатымның жетегіне ердім.
Сол күннен бастап, Қайша далақтай шұбар қағазға қарайды да отырады. Ол – ССРО-ның картасы. Аудан орталығынан сатып алған атласы және бар, ондағы «Сибирь» деген бетті және қарайды. Бір күні қасына Жәңгірді шақырып алды.
– Мына жерлер ғой патша өкіметінің саяси тұтқындарды ұстаған жері. Ал біздікін қай жерде ұстауы мүмкін?
– Сен ауданға бармайсың ба? НКВД-дан ең болмаса жіберген жерін білмейсің бе?
– Олар маған айта қоя ма?
– Олардың да ішінде адамдары бар шығар. Әттең, папам атылмағанда, жердің түбінде болса да барар едім.
Жәңгірдің бұл сөзі Қайшаға қатты қамшы болды. Әрине, тұтқын адамды, оның ішінде саяси тұтқынды іздеу қияметтің қиыны. Бірақ адам өлімге де басын тігеді ғой. «Қаражат қайда, қаражат!» деп біреу ту сыртынан айғай салғандай болды. Жәңгірдің Алматыға барып келуінің өзі қаншама қиындыққа соқты. Шабдар ат осылардың меншігі ғой, соны сатқаннан басқа не қалды? Өзінің елтірі ішігі, Ақылжанның қасқыр ішігі бар. Мұндай киім қазір қат. Антонның базарына бір барғанда байқағаны бар. Ақылжанды таба алғандай күн болса, сол жерде біреудің кірін жуып берсе де, жұмысқа тұрады.
– Қарағым-ау, мына шұбар қағазыңа үңіле беруді шығардың, мұғалім емессің, мұның не? – деді бір күні Дәмелі.
– Апа, Ақылжанды іздесем деп жүрмін. Бәтима тәтемнің әңгімесі үлкен қозғау болды. Мынау сол жол көрсетер карта.
Енесіне қаражат жайындағы ойларын да айтты.
Екі ортада енді сенен айырылып жүрмесек?
Дәмелі ойланып қалды. Келінінің мынау ойында бір тәуекел бар-ау өзі. «Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесін». Нарғазы мен Ақылжаннан өзінің не жаны артық? Балаларға, Малыбайға енді Зейнеп, Бәтима бас-көз болар. Бір жылға қоянның терісі де шыдайды демекші, бір жазға бұлар да шыдар. Орысша білетін Қайшасын қасына алса. Әйтпесе құса болып өлетін түрі бар. Шыбықжиренді де сату керек, адыра қалсын. Нарғазыдан әулие ме! Екі қара бір сапарға қаражат болуға жараса, оларды көріп қайтатын күн туса, бәрі садақа, садақа!
Қайша ауданға бірнеше рет барып жүріп, бір саңылау тапқандай. Сұмдық-ай, адамдар қалай өзгеріп кетеді, ә. НКВД-ның бастығы, райкомның секретары жетінші ауылға келіп-кетіп жүріп, үйінде бірнеше рет қонақ болған, арағын ішіп, асын жеген еді. Екеуі де Қайша келгенде кірпідей жиырылысты. Артынан сәл жібігендей болып, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай:
– Қайша, әлде қалай біреу сұрай қалса, сен үйіңде қонақ болғанымызды ешкімге айтпа! – деді.
Өз-өзінен көлеңкесінен қорқып отырған біреулер. Баяғы Үмбет ағай болса, бұлай етпес пе еді. Ол батыл кісі еді ғой. Қайшаға батылдар құрып, қорқақтар жайлап кеткен секілді көрінді. Бірде үйіне қызып отырып райком хатшысының:
– Райкомның хатшылары тұрғанда, ауылнайлар осындай әдемі келіншектерді қайдан тауып алады? Әйеліміз әліпті таяқ деп білмей жүргенде, қайда оқытқансың? – дегені бар.
– Есі дұрыс қыздар хатшылығына емес, қасиетіне қарап шығады күйеуге. Хатшылық бүгін бар, ертең жоқ. Ал адамдық – қашан да сенімді серік.
Ақылжан кейіннен «сен сол сөзді тауып айттың, бірақ қатты айттың» деп бетіне салық етті. Сол хатшы бүгін ақ құйрық торғайдай қылп-қылп етеді. Есікті жауып қойып:
– Ақылжан тергеудің қысымымен үйлеріңде қонақта болғанымызды айтып қоймады ма екен? – деп бірнеше сұрады. – Онда бәріміз де құрыдық.
– Үрейленбеңіз. Малыбайдың тұқымының аузы қара құлып. Ондай әрекет қорқақтардан шығады. Ақылжан қорқақ болса, мына маған, тәркіленген байдың қызына үйленер ме еді? Сіз болсаңыз ғой көш жерден ат-тоныңызды ала қашар едіңіз. Ана НКВД-ынызға айтыңызшы, ең болмаса жіберген жағын біліп берсін.
– Ондай нұсқау беруге қақымыз жоқ. Бұл күнде НКВД-дан күшті ешкім болмай тұр.
Райком боқ басында қалды ма деп айта жаздап, әрең тоқтады.
– Сонда не, сіздер олардың алдында дәрменсіз болдыңыздар ма?
– Уақыт, уақыт, қайтесің. Оның үстіне, Ақылжанның да аса қауіпті жау Есбергеновпен туыстық қатысы бар дейді ғой.
– Есбергеновтің алдында бәріңіз де құрдай жорғалайтын едіңіздер. Жолдас Есбергенов былай деді деп, оның шешендігіне таң қалып отыратынсыздар. Қаншама цитата келтіруші едіңіздер. Мына сіз Сталиннен гөрі Есбергеновті көп аузыңызға алатынсыз.
– Не дейді, Қайшажан, мына сөзіңді ешкім естімесін. Қалжыңның да жөні бар ғой.
– Ендеше, ана НКВД-ға нұсқау беріңіз, ең болмаса кеткен бағытын айтсын. Әйтпесе түгел жазып, жоғарыға жіберем.
– Сөйлесіп көрейін, сөйлесіп көрейін. Сен өйтіп қатты кетпе! Аудандық НКВД-ның бастығы да сыздап, екі келгенде бұрын көрмеген адамдай қарсы алды. Үшіншіде Қайшаның ойына кулық түсті. Әйел емеспін бе, бар мәзірін киіп, жұтып қойғандай болып бір келсе қайтеді. НКВД кәдімгідей назар аударып қалды. Жөткірініп, жібіген кейіп танытты.
– Бізге айтуға болмайды. Бірақ бұрыннан таныспыз дегендей... Алмақтың да салмағы бар дегендей...
– Жігіт адам күмілжімей батыл айтпай ма! Көмейіңізде не тұр?
– Көмейде не тұрушы еді. Өзіңіз секілді әдемі келіншекті көргенде ер адамда шыдам бола ма? Оның үстіне, оқығансыз.
– Менің әйелдігім бе, әлде оқығандығым ба сізді қызықтырып тұрған?
– Екеуі де!
– Сіздің тілегіңізді біз қабыл алсақ, біздің тілегімізді сіз қабыл алар ма едіңіз.
– Әлбетте, ол не дегеніңіз. Қазір айтуға болады.
Ауыр сейфтің аузына екі кілтті салып, тағы бірдеңені бұрап, оның есігін ашты. Аржағына тағы бір кілт салды да, қалың папканы алып шықты.
– Соңғы дерек бойынша Магадан облысының Благогущенск деген жеріне жіберілген. Бірақ мұны сіз менен естіген жоқсыз. Сіз мені, мен сізді көрген жоқпын.
– Көрмек тұрғай, көңілдес болғалы тұрған жоқсыз ба?
– Ол құдайдан да, адамнан да құпия болсын.
НКВД бастығы Қайшаға жақындап, иығына қолын салды. Өзіне тартып, сүймекке ыңғайланды.
– Тападай тал түсте, кеңсеңізде мұныңыз қалай? Кеш жетпей ме? Терезеден біреу көріп тұрса қайтесіз?
– Бізді ешкім байқамайды. Бәрін бақылайтын өзіміз. Қайша құшағынан сытылып шықты да:
– Қазір айғай саламын, – деп қатуланды.
НКВД сенерін де, сенбесін де білмей ан-таң қалды. Жаңа ғана құшағына құлағалы тұрған келіншек шынымен доң шеге ме? Назы шығар. Ыржалақтаған күйі тағы жақындай беріп еді:
– Сіз қақпанға түстіңіз. Осының бәрін жазып жіберем. Орысшамның да, қазақшамның да бар екенін білесіз ғой.
Әлгінде ғана күшігіндей қоразданған «батырдың» зәре-құты қалмады.
– Менікі қалжың, қалжың. Қайтер екен деп едім. Ақылжанды танимыз ғой. Әлденеше қолыңыздан дәм татқанбыз.
– Танығаныңыздың түрі осы болса...
Қайша есікті тарс еткізіп шығып кетті. Сыртта ағыл-тегіл болып жыласын. Екі сөз үшін сайқалдыққа салдым-ау. Қандай жиіркенішті. Ұсталған азаматтардың өзі секілді жұбайларының бәрінің де көрген күні осы ма екен. Мыналар еш нәрседен тайынбас. «Бәрін біз бақылаймыз» деп тұр ғой. Жоқ, ең болмаса жастығымызды ала жатайын. Жазып жіберейін мұны. Адамымызға тиіскенмен, арымызға тиіспесін.
Аудандық почтаға келді. Жылап отырып бәрін жазды. Орысша жазды. Конвертке төрт бүктеп салды. Қайда жіберсе екен, райкомға ма? Түк те шықпайды. Қалтылдап өзі қорқып отырғанда, не істей алады? Обкомға? Жоқ не де болса республикаға жіберейін.
Парасат жағынан мыналар Ақылжанға астар бола алмайды ғой. Отырған креслоның қуаты кеткен күні үрген қуықтай бүрісетін шығар. Ақылжан ұсталғанда, бүкіл жетінші ауылдың қабырғасы қандай қайысты. Түнделетіп, ұрланып келіп, бәрі жұбату айтты. Қарттар:
– Бес уақ намазымызда болысымыздың тілеуін тілейміз, – деді.
– Ел болып, ес жиып қалып едік. Ол келгелі салық та бұрынғыдай төпеме болған жоқ. Қант-шайға да қарқ етті. Артық малымызды өкіметке өзі алдырып, ақшасын өз кеңсесінен төлеттірді. Алдына барсақ, бетіміз қайтқан емес, бар тілегіміз орындалады. Өзге ауылдан үсті-үстіне жұрт ұсталып жатқанда, бұл ауылдан ешкімді бермеді ғой, күнім. Азамат еді. Бәрінің төлеуі болып өзі кетті-ау. Қайшаның өз құлағымен естіген сөздері бұл.
– Кетпеші, қарағым. Сендей мұғалімді бізге кім береді, – деді біразы. – Құдай екеуіңді қосқан-ақ еді. Тіл-көзге ұшырадыңдар-ау.
Бастұмаға келгеннен кейін көрші ауданның «Қарауыл төбесінен» ұрланып болса да адамдар ағылып жатты.
– «Ашаршылықтан алдымен құдай, сосын Ақылжан бізді алып қалған. Оның жақсылығын ұмытқанды құдай ұмытар». Алланың алдында қарыз болмасын деп, бірі қойын, бірі торпағын ұсынды. Бір шал әуелі Кеңесжанға тай атап кетті. Кішкене қызметте жүріп-ақ осынша сый-құрметке жеткізген несі оның? Әрине, парасаты. Ал мыналар үлкен қызметте жүріп-ақ көмусіз қалары қақ. Тәубе!
Бір жағы, халықтың осындай кең кеңілі, бір жағы, мынадай қыспақ, зұлымдық. Арамдықтың безбені басып бара жатқандай ма, қалай өзі? Бір арамзаға болса да кем болсын. Хатты Қайша почтаның жәшігіне салды да жіберді. Біреуге жамандық ойлап көрмеген басы жан азабына түсті. Heгe өйттім? Залымдардың тәсілімен несіне әрекет жасадым. Таза қолымды, таза жүрегімді былғап алған жоқпын ба? Жоқ, ол менің арыма, намысыма тиді емес пе. Арансыздар сазайын тартуы керек. Ұят қой деушілердің кеңдігін қашанғы пайдалана бермекші. Ары үшін күресу ұят па екен? Өз тәсілдерімен өздерін мен де тәубеге келтірейін. Уды умен қайтармаса болмайды.
Бір аптадан кейін НКВД орнынан алыныпты деген хабар естілді. Бірақ бұл тікеннің жанға батқан бір шоңайнасы ғана. Сабағын бүкіл тамырымен суырмаған соң, ол балалай береді, қадала береді. Тамырымен суыру Қайшаның қолынан қайдан келсін. Ендігі келетіні – айламен әрең деп біліп алған жерінен Ақылжанды көріп қайтса, барлығына, тірлігіне көзі жетсе. Адал махаббаттың алдындағы көп парыздың бірін сөйтіп өтесе. Содан кейін ойына келгені – Ақылжанның адалдығын, пәктігін айтып неге жаза бермейді? Жоғарыға жете берсін. Зейнеп пен Бәтимадан мұның артықшылығы осынысы, орысша білетіні емес пе? Ол қараң қалғырдың қызығын енді қашан көрмекші.
Әкесі жарықтық қызды орысша оқуға беруді қолға алғанда, осындай әжетіне жаратсын деген шығар. Қайша балдан тәтті сәби күндерін есіне түсірді. Қыста, үйдің қасында айдын жасаттырушы еді. Кешке қарай сақылдаған аязда жылы киіндіріп, сол айдында пар атқа жегілген кошевкамен балаларына серуен жасаттыратын. Табанында емшек тағалары бар қызыл аттар мұз үстінде кірш-кірш cap желіске салғанда, қасқыр ішіктін жылуымен арты биік жеңіл шанада отырып рахатқа бататын. Бүгін салған суреттей көз алдында отырғызған ағаштар арасындағы үш-төрт кәк ағаш үйден кешке қарай будақ-будақ түтін шығып жататын. Оның бірі осы айналадағылардың балалары оқитын мектеп болушы еді.
Сол білімді жеріне жеткізе алмады-ау. Оқығысы келіп еді, әкесінің бай болғаны, тәркеленгені алдынан шықты. Кедейдің баласы деп етегінен ұстап еді, Ақылжанның жағдайы мынау. Жаңа қосылған шағымызда ашаршылық келіп, аранын ашты. Бақытым байлана берді-ау, тегі. Өзі ойынан өзі шошып кетті. Күпірлік болар, олай демейінші, Ақылжандай азаматты тапқанымның өзі бақыт емес пе! Сол бақытымды, ендеше, неге іздемеймін? Орысша білімім өзіме неге қызмет етпейді? Барған жерімде мүмкін сабақ та бере алармын. Онда мұндағылардай шаш ал десе бас алып тұрғандар жоқ шығар. Көрдің бе, біреу ұсталды деп, тұқым-тұяғымен қамап жатқанын. Есбергеновке жанама ғана қатысы бар ғой бұлардың. Ол кім, біз кім? Ол –асқар тау, біз – оның етегіндегі қиыршықтас қана. Ол, меніңше, жаланың құрбаны. Біз – қосақ арасындағы шыбын. Қыза-қыза мені де ұстап әкетіп жүрмесін. Әне, Бәтима барып келді ғой. Әлгі аудандағы НКВД орнында аман қалғанда арымды таптап, өзімді де түрмеден бір-ақ шығаратын еді. Бірден жоғарыға жібергенім қандай дұрыс болды. Бірақ қарғаның көзін қарға шұқымас деген бар ғой. Одан ақылды, кісілігі бар біреу келсе жарады, тағы сондай мынау науқанның қөбігіне семірген біреу болса, тыныштық бере қоймас. Аманымда Ақылжанның соңынан барайын.
Екі қараның, екі ішіктің қаржысы қалтаға түсті. Енесімен екеуі екі ай дайындалды. Алды жаз. Сібірде суық түсіп кетпей тұрып, баратын жерлеріне барып алғаны дұрыс. Алғашқыда үй-ішінің бәрі қорқып еді, Ақылжаннан өліп-талып, тұрған жерін дәйектеген қысқа хат келді. Енді кешігу ар алдындағы қылмыстай көрінді Қайшаға. Енесінің сенетіні – Қайшанын сауаты, Қайшаның сенетіні – енесінің өрлігі. Бірін-бірі толықтырып, алыс сапарға шықты. Үйдегілер бұлар үшеуін де жетектеп келетіндей үмітте қалды. Малыбай станцияға дейін өзі шығарып салды. Үйден аттанарда Кеңесжан Қайшаның қолына бір жапырақ қағаз ұстатты. Ашып оқып еді, өлең.
«Аман келсе көкем,
Арманыма жетем.
Аман келсе папам,
Қасына өзім жатам».
«Папам» деп отырғаны нағашысы Нарғазы.
– Ақылыңнан айналдым. Берем көкеңе, жеткізем өзім, – деді Қайша. Көзіне жас үйірілді. – Тәтелеріңе көмектес, дәу жігіт болдың ғой. – Он жастағы қайнысының есейіп қалғанын да мынау аласапыранда байқамапты. Амангүл де биыл оқуға барды.

11

Тас түйін екі әйел ұзақ жолға шықты. Екеуі де бұрын мұндай сапарда болмаған. Дәмелінің поезд дегенге өмірі мініп отырғаны осы.
Қайша Ақылжан екеуі оқуды тастап елге қайтқанда алғаш мінген. Сықап алған екі қап жүктері бар. Негізінен, жент, қозының құмалағындай етіп пісірген бауырсақ, ақтаған құрғақ тары. Әйтеуір, ұзақ жолға шыдамды деген қазақ тамағының бәрі бар. Қыстай ұн арасында сақтаған қос сұр қазы. Алла жазып таба қалса, ел дәмі деп бір-екі асып беруге жарар еді.
Бәтима келгелі екі баласымен бір ай балшық айдап кірпіш құйды. Ойлары –бөлек шығу. Малыбайға қашанғы масыл болады? Ол далбасаларына Дәмелі іштей разы. Алматыға тұрғызбайтын болса, бір жерге баспана салуы керек қой. Шіркін, мына ағаштардан оған мәтке, уық қияр ма еді. Қоспанбеттің бұл жақтан жан рахатын тауып жүргені бекер емес екен ғой. Шөп қандай шүйгін. Бірақ Қайшаның айтуында, қысы тым ұзақ сияқты. Ары бара тіптен ұзаратын көрінеді. Жаз көрмейтін халық та бар дейді. Онда астық жоқ десеңші. Ол жағы қиын екен. Астықсыз күн бар ма? Неге ит жеккен деп аталатынын да Қайша түсіндірді. Қалың қарда бұл жақта негізгі көлік – ит пен бұғы.
– Ит пен бұғы! – деді таңданып Дәмелі. – Кәдімгі өзіміз көріп жүрген итті шанаға жеге ме?
– Иә, оларың қалың қарда аттан кем жүрмейді, – дейді Қайша өзі күнде көріп жүргендей.
– Естімеген елде көп. О тоба, Құдайым-ау, не түрліге адам бейімделе береді екен-ау.
Мұндай әңгімені естігенде, мынау қалың орманға риза болып келе жатқан көңілі айрандай бұзылады. Нарғазы мен Ақылжаны ит жегіп, ирек қамшыланып жүргендей боп кетті. Анарбай ауылнайдың қит етсе, «ит жеккенге айдатайын ба» деп әкіреңдейтіні осы екен ғой. Мынау мамыра жаз сұп-суық көрініп кетті. Поездардың тиегені көбіне ағаш, көмір. «Осыншама дүниені қайда апара жатыр» деп те ойлайды. Ұшан-теңіз неткен байтақ ел. Сібірінің өзі осындай. Мына орманнан бір адасса бітті ғой онда. Ақылжаны адасып, айғайлап жүрген сияқты болды. Даусы құлағына анық келгендей. Неге екені белгісіз, күн өткен сайын үрей көбейе бастады. Алғашқы күндері алып-ұшқан жүрек әлде неден қорқады. Поездан түсісімен бұларды біреу тонап кетсе қайтеді? Өзге көлік болмай, ит жеккен шананы жалдай ма? Ол апарар жеріне әкесінің құнын сұрайды ғой.
Сібірден өткен соң кемеге мінетіндерін Қайша енесіне айтқан жоқ-ты. Оның қияметінен өзі де қорқады. Бірақ бір күш еріксіз сүйреп келеді. Келіні бейтаныс орыстармен поезд ішінде көп сөйлесетінді шығарды. Дәмелі тілдеріне түсінбейді. Сөйтсе, Қайша жөн сұраумен келеді екен ғой. Тап өзіндей күйеулерін іздеуге шыққан екі әйелмен танысты. Бірақ олар Приморье өлкесіне бара жатыр екен. Шынын айтқанда, Қайшаға тек қазақтар көп ұсталып жатқандай көрінуші еді, олай болмай шықты. Әлгі екі әйелдің бірі – Ленинградтан, бірі – Москвадан. Осы поезд толған жолаушы айдаудағы туыстарының, жарларының соңынан бара жатқандай боп кетті Қайшаға.
Бір күні Дәмелі оларды шайға шақыртты.
– Бастарына күн түскен біз секілді сорлылар екен ғой. «Айлас қатын – мұндас». Дәм татсын.
Олар жентке, ірімшік, құртқа таң қалды. Ұзақ жолға қандай шыдамды деді. Әлгі әйелдер алғашқыда алмай, азар да безер болды. Ақыры «үлкен кісі өкпелейді» деген соң, рақметтерін айтып алды.
Ол екеуінен ажырасқанда көңілдері кәдімгідей қоңылтақсып қалды. Біреуі тіпті «апа» деп үйіріліп тұратын. Қайшаның үйретіп қойғаны ғой.
Поездың көп күнгі тарсылдақ жүрісі, айналадағы бірыңғай көрініс енді Дәмеліні жалықтыра бастады. Күндіздің өзінде ол қайта-қайта ұйықтай берді.
Мынау – анада Балжан шешесінің басында көз алдына келген көріністер. Шешесі тағы да өзін жетектеп жүр. Жұмақ қаланы аралап кетті. Жүсіп пен Бәтиманың ғаламат жарастығы, самұрыққа мінген Нарғазы, Жәңгір мен Жадыраның құйылма құсы, енді ол Нарғазыны сүйреп, артынан от төгіп аспанға тік көтеріліп барады. Малыбайы егін мұхитында тағы еркін жүзіп жүр. Сәулелі, тым шуақты. Әдемі бір бақтың арасында, халық тым көп жиналған сәнді алаңда Ақылжан мен Қайша бірін-бірі атпен қуып жүр. Ақылжанның астында – Құдайторы, Қайшаның мінгені – Шыбықжирен. Қыз қуу жарысына түскен екен дейді. Құдайторыны Шыбықжирен тақымдап қоймайды. Ойпыр-ау, Құдайторыға не болған? Ақылжан әдейі басын тежеп жүр ме? Қайша қамшысын үйіріп, төніп келгенде:
– Мына шіркін шынымен ұрмақ па, – дейді Дәмелі.
Жоқ, ол Ақылжанды топ алдында ат үстінде бас салып сүйді. Екеуі қатарласып зымырап барады.
Бұл тамашаны аузының суы құрып қарап тұрғанда анасы келіп:
– Жүр бері, – деді. – «Аңдар ауылына» барамыз. Жақсылап көріп ал!
Өтірік көзін жұмған маңғаз арыстаны қатты шабаланып тұр екен. Мұндай кезде қамыс күлтелі құйрығы жерді сабалай бере ме, қалай? Мына ашумен темір торды быт-шыт етіп кетуі мүмкін ғой. Күңіренте гүрілдеген кездегі азу тістерінің қорқыныштысы-ай. Қанжардай сояу-сояу. Ақырған кезде ішінде күн күркіреп кеткендей, ар жағынан қорқынышты үн келеді. Ол үн біресе, айдаһарды, біресе таптап жібере жаздайтын зәрлі дауылды, теңіздің дүлей шуылын елестетеді. Шабаланғанда арыстанға тура қарау қиын. Бұл неліктен қатуланды екен, жынына тиген кім? Тыныштансын деп күтуші тор сыртынан лақтырған етті арс етіп қағып алады да, сылқ еткізеді. Мына күйімен дүниені түгел жалмаудан тайынбас. Қандай сәйкессіздік. Жұмақ қаланың қасында «Аңдар ауылы». Арыстанның ақырған дауысы малынған бақты анда-санда дір-дір еткізгендей. Әлде анау Жәңгір мен Жадыраның құйылма құсының дүрілінен шошып тұр ма екен? Анасы қорықпайды, батыл жүріп келеді, ал Дәмелінің жүрегі зу-зу етеді. Босанып кетсе, құртты ғой бәрін. Атылып келіп ұрынғанда темір торды салдыр-күлдір еткізгенінің өзі керемет үрей. Арыстанның даусын естіген басқа аңдар жым-жырт болған-ау тегі. Үнінің өзі мұншама үрейлі, ал босанып кетсе ше?
Шабаланып тұрған кезде күлтелі құйрығы жуан тордың арасынан сыртқа шықты да, тордың бір шарбағына оралып қалды. Құйрығынан біреу ұстады ма деп ашулана ақырған аң тәңірісі екінші жаққа атылғанда, желкесінен бастап терісі сыдырылып қоя берді. Қарсы жаққа қайта атылды, сыдырылған тері молая түсті. Ашулы аң ары-бері жұлқынам деп, әп-сәтте өз терісін өзі тірідей сыдырды да салды. Қып-қызыл жалаңаш еті қанталап көрініп түр. Ең соңғы терісі сыпырылғанда үлкен басы сылқ ете түсіп, екі көзі тарс жұмылды да қалды. Жаңа ғана құтырынып тұрған арыстан, сөйтіп, өз ашуының өзі құрбаны болды.
Осы кезде Дәмелінің көзі шеткі тордағы көксұр қасқырға түсті. Оның тұмсығы керінбейді. Құлақ шекесін тордың арасынан сыртқа шығарғысы келгендей.
– Aпa, апа, – деді осы кезде Қайша, біртүрлі тыжырынып жатқан енесін оятып.
Көзін ашып алған Дәмелі:
– Ойпырма-ай, адам күндіз де бастырылады екен ғой, – деді. Сәл есін жинағандай болды да:
– Қайшажан, сүйінші, сүйінші! Үлкен бір жақсылық болады екен. Бәріміздің зәре-құтымызды алған арыстан өз терісін өзі сыпырды. Өз құйрығына өзі шырматылып өлді. Тағы да күнді, аппақ күнді көрдім. Қасымда Апам жүр, Апам!
Қайша абдыраған енесін құшақтай алды.
Поезд жүйткіп бара жатты. Беталысы шығыс, күн шығыс жақ. Аяулысын сағынып, арманын қуған Жардың, бауыры мен баласы үшін еш нәрседен тайынбас Ананың қиялдары осынау жүйткіген пойыздан да жүйрік көрінді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста