Топанбай Мейірхан: Құралай-ғұмыр!..
Үмітімді үзгім келмейді, үзе алмаймын да. Ол үзілсе мен қалай өмір сүремін. Бақытты болуым үшін, мына аурудан жазылуым үшін... Қаламымды тастамауым керек, онсыз менің сырласым болмайды. (Күнделік дәптерімнен).
МЕНІҢ МҰҢЫМ – МӨП-МӨЛДІР ТАМШЫ,
ЖҮРЕГІМНІҢ МҰҢЫН СЕН ДЕ ТЫҢДАШЫ.
Кішкентай адам жанарының қауашағына сиып тұрған жер беті. Сол жер бетінен талай заман ауысқанмен, талай заңғар таулар шөккенмен, жаңарып, жаңғырып, өз қозғалысын бір сәтке де тоқтатпай айналып тұрған Жер Ананың төл перзенті бар. Ол – адам! Осыдан екі жарым миллион ғасыр бұрын пайда болған жұмыр басты пенде. Уақыт ауысып, ғасыр қарт талай тонын шешіп, ғасырға ғасыр жалғасқанымен, адам баласының өмір сүру үшін күресі әлі де жалғасып жатыр. Тек өздерімен өздері арпалысып, қазіргі өмірдің ажырамас бөлігіне айналған байлық пен мансапқа жету үшін, бір жанын пида етіп күн кешіп жүр. Бар әлемдегі жай осы. Адами құндылықтың негізі саналған – махаббат пен жақсы көру, аяушылық, қанағат пен тәубәлік сезімнен ескермей, елемей, ұлы мақсаттарға бастап тұратын өмір нышандарын таба алмайтын дәрежеге жеттік. Адамдықтың парқы төмендеп, адамдық қасиеттерден айрылып қалдық. Бәрінің көксейтіні – соқыр есепке сүйенген, әр адамның менімен қатар ғұмыр кешетін бас пайда ұғымы. Мен жиырма бірінші ғасырдың адамымын! Адам болып жаралған соң, адам болып күн кешкен жөн сынды. Біз Адам деген ұлы атқа лайықпыз ба? Лайық болсақ, адам баласының ең асыл қасиеті – мейрім қайда? Мейірім жүректе дерсіз! Алайда жүрегімізде арзан дүние көксеген сезімнен басқа не бар?.. Біреуді күндеп, біреудің бағына көз алартып, біреуді бостан-бос ғайбаттап, талантына мұрын шүйіре қарап, өзім ғана болсам деген кеудем соқтықтан туған надандықтан өзге?.. Тірлікте бар адамға Тәңір бірдей көзбен қарайды, алайда, әркімнің маңдайына сан түрлі тағдыр жазып, сан түрлі соқпаққа салып, сынап көреді. Қазіргі адамдар қасындағыларға жақсылық жасаса да, қол ұшын берсе де, оны жыр қылып айтып, өзінің ісін жарты әлемге жар салып жеткізуге тырысады. Оның өзі арсыздық. Жұдырықтай жүректе осыншама нәрсені жасырып, адалдық пен пәктікті бағыт қылып күн кешетін, мәңгілік нәресте болып қалуы тиіс жүректі адамилыққа жат әрекеттермен бұғаулап қоямыз. Басқа ешнәрсе де жоқ... Осы жәйтті жүрегі мен он екі мүшесі сау адам ұға алмайды. Неге? Себебі, жүрегі көрсоқыр.
Күзгі нөсер төпеп тұрған шақ. Ақ бөрікті Алатаудың баурайындағы жастықтың қаласы – Алматы. Алып шаһардың тірлігін саябырсытқан ақ жаңбыр. Аспан да адам сынды ағыл-тегіл жылайды екен-ау. Осы оймен бас қаңғыртып, жанарына мөлдір мұңды жасырып, Құралай да аспанмен бірге мұң кешіп, арқасына салмақ салған тағдырдың ауыр таңбасына ойша көз жіберіп жалғыз саяқ тұр. Көңілде мұң, жүректе жара. Көктемгі жас шыбықтай бұрала өскен, ақ мақтадай ақша жүзін қарашығынан тізіле түскен ақ моншақтар ажарландыра түскендей. Құралай ақ жаңбырдың астында тұрып, күбірлеп бір нәрселерді айтты.
«Менің тағдырым азаппен өрілген, қуанышынан гөрі қайғысы көп... Езуіме күлкі қонақтамайтын, бота көздеріме бір мұң қонақтап алып, жаныма маза таптырмайтын. Менде бір кездері еш нәрсе қалмап еді-ау, қалмаған болатын. Мені асау уақыттың өзі еш кідіріссіз тонаумен болды. Аямады. Өксітті. Мен сонда қалай шыдадым екен?.. Өмірді шексіз беріле сүйгендігімнен болар, бәлкім. Бақытқа сенгендігімнен шығар. Жүрегіммен бір бақыттың келеріне сендім. Кең дүниеден тарыдай үміт таппасымды білсем де соны іздедім. Армандадым. Талай қызарып күн батқан шақта, ақ қағазға сыр ақтардым. Бүгін тапқан секілдімін, ғұмыр бойына іздеген бал бақытымды! Жүрегім алғаш рет дір етті. Ғазиз басым сезім дегенді сезіне алады екен-ау!» – деді де түбіне жетіп болмас ойдың қамалына кіріп кетті. Жастайынан үзілген үмітінің жібін жалғай алмай қажыған, өмір жолында ауыр азаптармен бетпе-бет келіп жүрген Құралай! Құралай – өр даланың періштесі, ерке құсы. Қырандай күшті қанатты болмаса да нәзіктік пен пәктіктің, сұлулықтың бейнесі! Жер бетінде пенде боп күн кешіп жүрген Құралай – адамдықтың өр шыңы! Өмірін өзгеше өрнектеп, өміріне мән-мағына өнерім дейтін жалын жүрек. Сол жүректің қалауын орындаймын деп, ерке сұлу мұңның баласы атанды. Он тоғызға енді ілінген бойжеткеннің көңілін ылғи да бір мұң басып, еңсесін бір көтертпейтін. Оның мұңы –тірліктен ада, таза мұң еді. Таза дейтін себебім: санасында жыр тербетіп, ұйқас іздеп, күн батқанға дейін өлең деп жан ұшыратын. Кеш түссе болды, оның сырласы ақ парақ бoлушы еді. Қағазға түскен жүректің сырын бір шумаққа сидыру үшін жан ауыртатын. Көңілді қасаң кірден тазартып, жетім көңілді тағдыр мұңынан құтқарып, қарша борап жанды күйзелтетін сол мұңнан арашалап қалу үшін, аз да болса жанға ләззат сыйлайтын өлеңге бас ұратын. Өлең деген құдіреттің өзіне тән ерек мұңын тартатын. Тағдыр салған жазылуы қиын жараны өлеңмен емдеуге тырысатын. Өлеңнің мұңы – жүректің аңсары, өмірдің мұңы – уақыттың пендеге жұмсаған қанжары. Рас айтады, өмір оны әбден сынап келе жатыр. Жетімдік, мүгедектік, адамдар көрсеткен қорлық. Жетімдік – тәңірдің әмірі, мүгедектік те солай. Ешкім оны не тілеп, не сұрап алмайды. Жығылғанға жұдырықтың керін жасап, оған адамдар қосымша болады. Құралай тағдырында бір нәрсеге ғана шын қуанушы еді: ол туғанындай асырап баққан ата-анасы үшін.
Еш уақытта ол кісілерді бөтен жан деп ойлаған емес. Бірақ пыш-пыш елдің өсегі ғана бұларды бөлмелеп тұратын. Өткен жылы әкесі Асхаттың ағасы қызын тұрмысқа бергенде, ағайындармен ақылдас жиынына жиналған жұрттың көзінше Құралайды әбден тілдеген Күлсін жеңгей «көшеден келгендерге шақырту жоқ, түбі жоқ тексіздер мұнда не жоғалтыпты. Олай ма, Құралай ма кім еді анау? Тойға келмесін, қарасын көрмейін. Мақау еді, тілі шығыпты, арбаға таңылған еді, жүріпті. Кезінде қызымды бергенде иттен ары, шошқадан бері қылған жеңгеміз, соның асты-үстіне түсіп емдетті. Шетелге ай сайын апарып жүріп адам қылды. Өз анасы қажет етпеген айдаладан қаңғып келген біреуді төбесіне көтеріп шыға келді» – деді де, жалпақ жұртқа қарап ойланып, сүт пісірім уақытқа дейін меңірейіп ұзақ тұрды. Санасында қызғаныштың оты лаулап жанып жатыр. Құралайды іштей қарғап тұр. Бұл Күлсіннің күндегі әдеті. Іші тар адам ешкімге жақсылық ойламайды, ешкімге бақыт тілемесі анық. Ол былай тұрсын, біреудің қайғысы мен мұңына селт етпейтін. Тағдыр әбден сілікпесін шығарған бейбақты несі үшін, қандай кінәсі, яки күнәсі үшін жек көреді? Қолдың кірі – дүниеге бола. Қаршадай қызды соншалықты жек көруінің қолымен нұсқап, нақтылап көрсететін басқа бір себебі бар ма? Басқа себеп жоқ. Құралайдың жазығы не? Қарлығаш пен Асхаттың бар дүниесі жат біреуге бұйырады. Есі тесік, ақылы таяз абысынымыз өз қайнысының ұлын емес, атасы мен анасының кім екені белгісіз біреуді, ана тастандыны бауырына басты. Қасқырды қанша асыраса да орманға қарай ұлитынын, жаңа туған жыланның баласын жақындатсаң шағатынын, өзгенің баласы байласа да тұрмайтынын үнемі халық айтқан нақыл деп санасының түкпірінде сарқыттай сақтайтын. Құралайдың ата-анасына қайырсыз болып, абысынының жүдеу түрін көрсем деп тілейтін. Өзін соған іштей сендіретін. Жиында тілге тиек болған әңгіме талай рет әйелдердің өсегі болып, бүгін ауқымды әңгімеге айналған. Сөздің нүктесі қойылар сәт те осы. Құралай болмаса, Күлсіннің ұлы Қарлығаш пен Асхаттың бар жиған тергеніне ие болып, өмірді алаңсыз кешер еді. Күлсіннің өзі де жарымай жүріп жалшыған бір қу сирақ кедейдің қызы болған. Қолы әрең жеткен дүние оған ерекше ыстық көрінетін. Содан болар, Құралайды атарға оқ таппай отырғаны. Ой тұманын тез сілкіген Күлсін аздаған үнсіздікке бой алдырып, ойын одан әрі сабақтады. Ұл бала болса бір жөн, ертең біреудің әйелі болып шыққанда көрем жеңгемізді» – деп бір жанның бүкіл өмір жолын тізіп, алдынан шығып келген адамдай бөсті. Бұл жиынға Асхат пен Жәмилә Құралайдың дертіне шипа табамыз деп Ташкент шаһарына кетіп, қатыса алмап еді. Алайда, Асхат көзінің ағы мен қарасы – інісі Асланның қызының жасауын өз мойнына алып, қыздың назары пәс болмасын деп барын салған. Қарлығаш бәрін керемет етіп жасап бақты, тойға жиырма күн қалғанда қызының жасауын үйлеріне жеткізіп берді. Сол жолы барғанда Күлсін жаздай жадырап, көзінен нұр төгіп, жылы сөзбен қарсы алып, жылы сөзбен шығарып салған. Жиында айтылған Күлсіннің әңгімесі тез жетті, көктемнің келуін бар шабытпен жеткізетін бұлбұл құстай, айтылған сөздің тігісін жатқызбай жеткізіп келген – үш әйел. Жай түскендей әсер етті. Асхаттың жүрегі шаншып қоя берді. Қарлығаш ағыл-тегіл жылады. Өзім деген жандар мұның бедеулігін, ай жүзді алтынының өз перзенті емес екендігін неге жарты әлемге жар салып айтты? Қарлығашты осы сауал мазалап, кеш түсе саласымен бөлмесіне кіріп бүк түсіп жатты. Мен Тәңірден маған бала бермеші деп сұраппын ба, албырт шағымдағы қателігімнің өтеуін өтеп жүргем де жоқ. Тағдырдың менің еншіме берген азабы мен тозағы осы. Әрбір әйел ана болғысы келеді, бесік тербер жарының аяулысы, ардақты жары атануды аңсайды. Күлсіннің ойсыз, яки жаны мүжілсін деп айтқан сөздері Қарлығашты есеңгіретіп тастады. Қызын құлыным деп, нәзік үнмен еркелете алмайтын дәрежеге жетіп қиналды. Құдды қызы «мен сенің қызың емеспін, атама мені олай. Мені сен өмірге әкелген жоқсың, яғни бөтенсің» – деп үн қатқандай. Сол күннен бастап Құралай ешкімді туыс деп көрмейтін, тасбауыр адамға айналды. Бұрынғы балалығынан да айырған осы оқиға болатын. Шынында адамдар көрсеткен қорлықтан соң, өзге адамдарға сенуден қалады екенсің. Үнемі бойыңды бір үрей билеп тұрады.
* * *
Көктемгі жаңбыр... Жетімдік...
Күзгі жаңбыр, аспаннан тамған,
Мөп-мөлдір, пәк ол арман.
Шаттықтың шарасына пенде көңілін бір шайып алса, шын бақыт сол-ау. Мың тоғыз жүз тоқсан үшінші жылы көктемде туғалы ауылдан шығып көрмеген Назира Алматыға қарай бет түзеді. Кеше ғана мектепті аяқтаған аңғал қыз өмірді ертегіге балайтын. Адамдардың бәрі әділ сөйлеп, шындықпен өмір сүреді деп ойлайтын. Мүмкін бұл ауыл баласының бәріне тән қасиет болар. Мектепті қызыл белгіге аяқтаған Назираның арманы – журналист болу. Әженің тәлімін көрген жанның сөзге бейім болмауы мүмкін емес, әрине. Қазақтың әжелері – табиғат өзі түлеткен сөз зергерлері. Сөзді ойнатып, түрлендіріп, қазақ тілінің ғажабын одан әрі дәлелдеп, асқақтата түсетін ғазиз жандар. Жүректі бір нәрсе тербете алатын болса, ол – сөз. Қазақ халқы сан ғасырлар бойы иненің үстінде жүргендей бодан болып, туған жерден қапияда қуғын көріп, туған топырақты қимаса да ажырап, даланың киігіндей күн кешкені тарихтан белгілі. Сол уақытта халқымыз өз жүрегіне жыр ғып орап, ән қылып әуелетіп, рухани қазынаны місе тұтып, туған жерден өз ықтиярынсыз өзге мекенге аттанып кете барды. Талай заман солай болып келді. Сондай жәйтті басынан өткеріп, туған даланың топырағын бір сүюге зар болған – Түгелбаевтар әулеті еді. Сондықтан, тіл мен әдебиетті олар жүрекпен түсініп ұғатын. Заманның зәрі сыртына шығып тұрған алаң-елең шақта молданың отбасы деп Түгелбай қарт Сібірге айдалды. Содан кейін бұл отбасында кітаппен достасқан, білім алуға құлшынған жан баласы табылған жоқ. Табылса да оған мүмкіндік қайда?! Түгелбай қарттың үміті мен армандарын шындыққа айналдыруға бел буған осы – Назира. Батырлар жырын сүйіп оқудан басталған әдебиетке деген құмарлық, оңтүстіктің ерке қызын ерте есейтті. Дулат Исабековтің «Қарғын» романын оқып, Жасынның өр болмысы мен қызметіне деген адалдығына таңданып сан рет оқып шықты. Сол әдеби кейіпкерді, сол Жасынды үлгі алар тұлға деп санап, өзінің үкілі арманын өмірмен ұштастырып, төртінші билік өкілі атанар күнге жету үшін талмай ізденді. Үнемі қолынан кітапты тастаған емес. Қолы қалт етсе, құрбысы да, сырласы да кітап. Өмірде алдынан шыққан сан сауалға тез жауап тауып, өмірдің алдынан тосыннан тосқан мәселелерін қиналмастан қабылдап, сол жағдайға қажетті шешім қабылдай алуға дағдыланды. Соның нәтижесі шығар, емтиханнан сүрінбей өтіп журналистика факультетіне түсті. Қарбалас қаланың тірлігіне үйрене бастады. Жанында мәпелеп отырған ата-анасы жоқ, жатақханадағы қыздардың барлығы қала өміріне араласып, нан таба бастаған. Назира да құрқол отыруды жөн көрмей, бір күні біреудің ас-суын жасап, үйін жинап тапса, келесі күні газетке мақала жазып тауып жүрді. Кейбір күні нан таппай қалған кездер болған. Ара-тұра қағаз бетін шимайлап, өлең тізбелеп жүрді. Табиғат бойға дарытқан соң, Тәңір ауызға ой түсіріп, қызыл тілге бар ерікті беріп, сөз салғаннан кейін өнерді жасыру күнә сынды көрінді оған. Қандай қиындық көріп жүрсе де сағы сынып, тағдырдың соққысынан есеңгіреп кеткен жоқ. Адамдық ажарын сақтап қалуға тырысты. Көшеде қаңғып жүрген байғұс бір қайыршыға да қалтасындағы соңғы тиынын санап беріп жататын. Ақша тауып бере алмаса, өзінің аузынан жырып, өзі жеймін-ау деген нанын бере салатын. Сол қасиеттен бұл талай соққы жеп, жылап қалып та жүрді. Жүрегі нәзік адамның балалығы көзге ұрып тұрады екен. Назираның осы қасиетін жақсы таныған адамның бәрі алдап кетті. Соның ішінде өтеуі тым ауыр боп, өмір бақи аңғалдығына, сенгіш мінезіне лағнет айтқызып келе жатқан бір өкініші бар. Өкініш өзегін өртейді. Түндерде көз ілмей-ақ таңды қарсы алатын кездері тым көп. Ұйқысыз түннен соң жастығы малмандай су болып тұратын. Неге ғана сол жігіттің сөзіне имандай сенді? Желден өзге өппеген ақ бетін неге оған сүйдірді? Неге ол жігітпен тым ерте жақындасты? Қожайын мен үй қызметшісі болып жалданған адамның арасындағы махаббаттың баяны болмаса керек-ті. Назира бұл сұраққа бас қатырып ойлаған жоқ. Ауылдың аңғал қызы қаланың бір тіс қаққан көкжалының, дәлірек айтсақ, көкжалдың өтірігінің құрбаны болды. Әсем қаланы жаяу аралап, Назира қалың ойдың құрсауында жүргеніне бүгін он бес күн болды. Нәзік жүрегі тасқа айналып кеткендей. Шарадай басы шақшадай болып, сары уайымға салынып, өзін-өзі жек көрді. Жалынды жастық шақтың қаласында шалқып жүрер шақта есер сезімнің құрбаны болып, ақ пен қараны енді ажыратып келе жатқанда от басып қалам деп ойлапты ма? Жоқ, ойланған емес. Кеше дәрігерге барған. Құрсағында екі апталық шарана бар екен. Есіне бірден оралғаны, Жарас қуанатын шығар, кіндігінен түлеген нәзік жіп жалғанатын болды. Менің бойымда Жарастың қанынан жаралған, екеуміздің ақ сезіміміз бен айлы түнде бір-бірімізге берген сертіміздің куәгері осы нәресте еді. Күнәсіз бұл сәбидің тағдыры не болады? Құдайындай сенген Жарас мұны балaғаттап, жүрегіне өшпес жара салып, Назира жұмыс істеп жүрген үйден қуып шыққан. Тар төсекте табысып, бар асылын қиып берген Жарастың арсыздығына таң қалды. «Сені сүйемін, сенен басқа ешкімім жоқ» деген Жарастың өтірігі ашылды. Екі ай бойы бел жазбай атқарған жұмысының ақысына көк тиын ұстатпады. Назираның барар жер, басар тауы жоқ. Нәрестені қалай бағады, өзі көбінде аш құрсақ бос сенделіп, «шықпа, жаным, шықпа»-мен жүрген бейбақ. Өңешіне өксік толып тұрса да амал не, жылай алмады. Жылай-жылай жасы да қалмаған шығар-ау шамасы. Арада алты жарым ай өтті. Желтоқсан айының бел ортасы. Өмірде қателеспеймін-ау деп ойлаған жылы мекеннің, яғни көсіле, шапши ағатын, Қаратауды жағалай ағатын өзен – Арыстың ерке сұлуының тағдыры өзі күтпеген арнаға ауысты. Алғашқы айда шарананы алдыртамын деп бекінсе де іште жатқан періштені Тәңірдің өзі қағып жүрген болатын. Көкейінде балаға деген аналық сезім ояна бастаған. Жатақханада жалғыз қалған сәттерде ішін сипалап, ішіндегі тірі жанмен тілдесетін. Арман мен тәтті қиялын, үзілуге таяған үміті турасында ойын айтатын. Өмір болған соң, белді бекем буып күресу керектігін бойына бала біткен сәттен бастап шын ұғынды. Бұрын тек өзі үшін ғана тірлік кешетін болса, енді құрсағындағы сәби үшін өмір сүреді. Әне-міне дегенде өмір есігін ашатын жарығының болашағын ойлап шын қайғырды. Іші қан жылап, ботасының келешегін ойлап, уақыт сағатының еркіне бағынған күндердің жылжымауын тілейтін. Уақыт ағысын жылдамдатса күнәсі ашылады, сол жағдайдың орын алмауын тілейтін. Ар ойлаған ару еді, аңғалдығы мен сенгіштігінен қарабет атанды. Бұл ұғымның жан күйретер азабы мен мәңгі тарқамайтын мазағы бар, соны өлгенше тартып өтеді. Кішкентай күнінде әкесі үп-үлкен қолдарымен бұйраланып біткен шашын сыйпап, ашаңдау біткен маңдайынан емірене сүйетін. Әкесі мұның жайын естісе ұяттан өртеніп кетер, далаға шыға алмай қалар. Анасы құсадан өліп кетер. Өзін осы жасқа дейін аялап баққан, үкілі үмітім деп, перзенттерінің ішінде ең ақылдысы деп санаған қызын тәрк етер, ешқашан есіктерінен аттатпас. Шіріген жұмыртқаға балап бұдан қол үзер. Әке сөзін заң деп қабылдайтын, ана сөзін – ар мен ұяттың қазығы деп қарайтын жүрегі нәзік қазақ қызы үшін бұдан асқан жаза жоқ. Ауылға тартып тұрғысы-ақ келеді, өзі туып өскен Оңтүстігін өлердей сағынды. Шіркін, баладай алаңсыз, шаттанып, сайын даланың төсінде аунаса. Әрбір адам періште емес, жай ғана ет пен сүйектен жаралған пенде. Қателік жасау – адам баласының өмір сүруі, өмір сүрген соң сол қателікті түзету үшін жанталастың да болары сөзсіз. Алатаудың қабағы қатулы. Нағыз қыс енді қаһарына мінген. Жолдың бәрі көктайғақ. Өткен аптадағы жауған қар ерімей бедірейсе де қылаулап, аспаннан ақ мақталар тағы да жерге қонақтап жатыр. Тау баурайы қалың тұман құрсауында. Қытымыр қыстың күйі бейне Назираның өр басына көшкендей, қыбыр етпей үнсіз бүк түсіп жатты да қойды. Кірпігіне сол баяғыша мөлдір моншақты қондырған қалпы. Кеше түннен бері іші бүріп ауырып, жанын қоярға жер таппай, ақ тер көк тер тістеніп, оған үстеме болып, жан дүниесіндегі жара одан бетер жанын қиналтып, кірпік іле алмады. Жатақханадағы бірге тұратын қыздардың бәрі оқуға аттанған. Міне, екінші апта мазасы болыңқырамай, сабағына қатыспай жүргелі. Жасалған қателікті қанша жасыруға тырыссаң да түк шықпайды. Бәрі далбаса. Бұрын сабаққа барса, елден жүкті екенін жасырам деп, қыпша белі мен ішін қатты белдікпен қысып, байлап қоятын. Ішінде енді өмірді көремін деген бар күнәдән пәк жан иесін буып тастайтын. Анасының бұл әрекетінен құрсақтағы құрттай ғана сәби дұрыс жетілмеді. Мүгедектікті анасы өз қолымен жасады. Мүгедек қыламын деп, әдейі іштей бекініп жасаған жоқ бірақ. Ана құрсағында еркін өсуі тиіс тірі жанға Назира дұрыстап көңіл бөлмеді. Назираның өзіне көңіл бөліп, ақыл айтатын біреу керек. Өзі әлі кіп-кішкентай бала емес пе? Он тоғыз жасар жас қыз, кеше ғана мектепті бітірген ауыл қызы – өмірдің әліппесін енді ғана ашқан. Ол өз басында орын алған жүктіліктің өзін жете түсінбеді. Себебі, ауыл қызы үшін бұл көп қозғалмайтын жабық тақырып. Ауылда ағайын-туыс, көрші-қолаң болып етене араласқан соң, ешқашан ауыл жастары бір-біріне қыз немесе жігіт деп қарап көрген емес-ті. Ауылы аралас, қойы қоралас күн кешкен жұрт, әуелден бір рудың балалары. Ұлылық пен адамдықтың негізі – ауыл! Ауыл жұрты – бауырмал, көпшіл, ақ жүрек жанарында тазалықтың нышаны – кірпікке найзадай қадалып ғұмыр кешетін мөлдір мұң. Мектепте оқып жүрген кезде, ауылдан ертерек есейіп қалада өмір сүргісі келетін. Қаңғыбас ой қалаға жетелеп, орындалмастай көрінген асқақ арманы орындалды. Назира қалалық атанды. Ауылдан келгелі бері үнемі іштен тынып, жабырқап жүрген жаны жаралы ару көңілсіз күйден еш арыла алмады. Қаланың тірлігі қым-қуыт. Күнделікті әр адам өз тірлігімен әуре. Ауылдағы адамдар секілді, бір-біріне жанашырлық тантпайды. Біреуге сену дегеннен баяғыда айрылған. Ондай сезімнің сарқыншағы да кезікпейді, кездестіру мүмкін емес. Қоңыр сағат. Асау уақыттың хабаршысы. Назира осы бір қабырғадағы тұрған сағатты өлердей жек көретін. Тура сол сағат құрыса, әлемде уақыт тоқтардай көрінетін. Өр уақытты ешқандай күш тоқтата алмайды, ешкім оған қарсы тұра алмас. Уақыт әділеттілікті ту ететін, өр көкірек пендені мұңлы ететін, тәкәппардың жүнін жығатын, ақиқат пен арлыны ақтап шығатын әділетті сот. Назира қанша жасырып бақса да шындықтың ашылар күні жақын. Өмірге бала әкелер сәт те жақындап қалды. Арманшыл жүрек, ғашық көңіл бүгін бәрінен мақұрым. Ара-тұра ішіндегі сәби жарық дүниеге шығуға талпыныс жасағандай, анасының құрсағында қимылдайды. Дәл қазір де қимылдап, өмірге талпыныс жасап жатыр. Назира ішін сүйріктей нәзік саусақтарымен сыйпалап: «балапаным сол, көңілімнің алданышы, ардағым менің, сені өте қатты жақсы көремін, не істейін енді?.. Менің қателігім үшін сен жауап бермеуге тиіссің. Менің жазығым не? Ол кеткен күнен бері жүрегім отсыз, мен әлі де сенің әкеңді сүйем. Маған азаймас азап сыйласа да, күллі жұртқа мазақ етсе де жүрегім сол деп соғады. Сезімсіз ғасырда сезімге сенген сорлы басым-ай... Тас болып, ашылмай қалған сор маңдайым-ай. Ботам-ау, әкең әлі-ақ келеді. Шыдамдылық танытайық, төзімнің шекпенімен өмір сүріп көрейік. Өйткені, өмірдің бізге қойған талабы сол. Мен сені ешқашан жалғызсыратпаймын. Ант етемін, сенің алдыңдағы аналық парызды қайтсем де орындаймын». Осыны айтты да орнынан ақырын тұрып киіне бастады. Санасына маза таптыртпаған бір істің қиюын келтіру үшін жолға шығуға даярланды. Тағы да сол баяғыша, қайыс белбеумен ішін тартып байлады. Күн сайын өсіп келе жатқан құрсағындағы сәбиді жасырамын деп жасаған амалы. Сол амалды қолданамын деп жүргенде бүйрегі мен бауыры қатты ашып ауыратын. Қасындағы қыздар мұның жүкті екенін естіген күннен бастап бар мейірімдерін төккен. Сонда да бүгін жұмыс іздеп таппаса болмайды. Қашанғы біреудің тапқанына ортақ боп, біреулерге масыл болады. Қолына қалам алып, ақ парақты жанына серік етпегелі талай уақыт. Қиын шақта нанын әрең тауып, күнін зорға көріп жүргендерге газет сатып алып, оқу – ессіз адамның тірлігі сияқты көрінетін. Оқырманы азайған сайын, баспасөз өкілдері кім үшін қызмет етеді? Әрине, жабылып тынады. Талай газеттер сол жағдайды басынан өткеріп жатты. Жұмыс істеп тұрған газеттің өзі мақалаға ақы төлемейтін. Талай газеттің редокторлары өз қызметкерлерін ақысыз демалысқа шығарып, қызметкерлеріне көк тиын ұстатпай қуып шықтыға келтірген. Назира да бір газеттің бұқарамен байланыс бөлімінде хатшы еді. Бір күнде, бір сағатта ешқандай себепсіз жұмыстан шығарылды. Редактор бұған ала көзбен ата қарап, ұзақ үнсіз отырып: «Сен әлі студентсің, сені мен жұмысқа амалсыздан алған едім. Шырағым, саған төлейтін менде бір тиын жоқ. Жағдай қазір нашар. Сонда да саған тиын-тебен тауып бере алар едім. Алайда сенің жазған мақалаларың көңілімнен шықпады. Мынау құжаттарың, бөлменің есігін сырт жақтан жауып кет. Уақытты бос өткізбейік, тезірек босат бөлмені» – деп дүрсе қоя берді. Назираны күнде мақтап, жылы сөйлеп жүретін адам – тура ата жауындай қарады. Дүниедегі адам бойындағы екіжүзділікке қайран қалған. Сол себептен Назираға басқа жұмыс іздеуге тура келді. Жұмыс іздеп жолға шыққалы денесі ауыр тартып, көзі қарауытып, басы айналып құлап қалған. Көшеде екі сағатқа жуық есінен айрылып жатқанда алғаш есіне түскені құрсағындағы сәбидің жайы еді. Көзінің алды ақ тұман. Оңтүстіктің сайын даласында асыр салып ойнаған, өзінің еш дүниеден алаңсыз балалық шағы есіне түсті. Қандай бақытты! Таяқ қадаса тал болып, ерте туған қозы жаздың алғашқы айы маусым келген кезде-ақ тоқтыға айналып, өр даланы көктем құстары әнмен тербеп жататын қасиетті Түлкібас! Ұшқан құстың қанаты талар, шапқан аттың тұяғы талар қасиетті қазақ даласының шырайлы мекені. Қыран болмыс, жүрегі намысқа толы ұлттың пейіліне орай, жақсылықты ғана қалайтын ниетіне қарай, мына даланы сыйға тартқан Тәңірім! Осы даланың бір бөлшегі – Назира. Адам жаны қиналған кезде, бастаудың суындай тұнық балалық шағын есіне алып, жан жүрегімен шын мейірлене қуанатын. Назира өзіне бәсіреге нағашылары берген тұлпарды мініп алып құйындап келіп, шабатын. Жалынды жүрекпен, ақ ұлпа ақ қар көңілмен риясыз шаттанатын. Сол кезеңді бүгін өлі мен тірінің арасында жатып көрген. Сол есінен айырылған сәттен соң, есі ауып қалған адамның тірлігін жасап жүрді. Ауруханаға жүйке жүйесі бұзылған деген аурумен түсіп емделді. Түндерде кірпік іле алмай, адамдардан қатты қорқып, өзімен-өзі күбірлеп, сандырақтап, әлде бір елесті қуып жүретін. Күн ұзақ Жарасты келер деумен есіктен жанарын тайдырмайтын. Көзін жұмса болды қорқынышты түс көріп, еңкілдеп тұрып жылайтын. Жан дүниесі дертке шалдыққалы бері, оқтын-оқтын есін жоғалтып, талып қала беретін. Ауруханаға түскен күннен бастап, жасырғаны жалпақ жұртқа әйгілі болды. Қасындағы бір нанды бөліп жеп жүрген құрбылары қиын шақта қасынан табылып, ауылдағы Назираның ата-анасына хабар жіберген. Анасы екі күннен соң Алматыға алыстан ат арылтып келіп жетті. Әуел баста суық тиіп, суық ұстап қалған шығар деп жанын шүберекке тиіп жеткен. Қалаға келіп қызының бар жағдайын білді. Анасы қызының мұңлық күйін көріп тез шешім қабылдады. Бұл шешімге Назираның еш қатысы болмады. Есін көп жоғалтып, өз ісіне толық жауап бере алмайтын адаммен кім ақылдасады? Ең дұрыс шешім: туылған соң баланың көзін құрту. Оқудан шығарып алып, екі ай бойы қызының бала тууын анасы тағатсыздана күтті. Өз немересінен өзі безінді. Ағайын-туыстың алдындағы әулет абыройын сақтауды бірінші орынға қойды. Қызының көшеде ары төгілгенін, жасыру үшін барын салды. Жаман аты шықса, келешегіне балта шабылады деп, ой түйген Шара апа күнәсіз сәбиден анасын айырмақшы. Ананың сәбиіне берген анты мен уәдесі қайда? Жаны жаралы арыстанның күйін кешкен – Назираға анасының құрған жоспары белгісіз еді. Арада екі айда көзді ашып жұмғанша тез өтті. Нөсерлі наурыздың алғашқы күнінде Назираны толғақ қысты. Дүниеге тағы да жылап бір жан есік ашты. Дәрігерлер толғақ қиын боларын әуелден білді.Аспанның тығыны бүгін ашылған сияқты, аспанның жасы бір минут тоқтаған жоқ. Жаңбырлы маусым... Осы маусымда дүниеге келген – ҚҰРАЛАЙ. Анасының ыстық құшағында санаулы сағат қана пысылдап ұйықтап жатыр. Екі күнен соң тас жетім болып, мына әлемде өмір кешеді, не болмаса о дүниелік болып өлілер мекеніне пәк қалпында аттанып кете барады. Әжесі ертеңгі іске тас түйін бекінген. Анасының есі әлі де кіресілі-шығасылы. Балапанын қорғауға күш-қайраты жоқ. Туғанына екі күн болмай жатып, ана құшағынан мәңгіге ажырады, тағдыры үкім оқыған бейбақ. Көктемнің алғашқы ақ жаңбыры. Нәрестені перзентханадан білдіртпей алып шығып, кеш түсе оны бір мешіттің алдына тастап кетті. Жаңбыр тамшысы, табиғаттың әдемі әуені. Сол әуенді үсті басы малмандай су болып, әлсін-әлсін кірпігін әрең қимылдатып жатқан сәби көктемгі суыққа шыдай алмай әрең дегенде үн шығарып жылады. Тас керең дүние... Құралайды ести қоя ма? Өмір бақи азап тартып, мұң кешіп, жетімдіктің қыл бұрауын өмір бақи сүйретіп күн кешер-ау?.. Сараң тағдырдың оған тартқан сыйы осы... Осыдан артығын тәңірім, оның маңдайына жазбас. Ауырлықтың бәрін көтеріп, шыдамдылықпен күн кешуге өмір оны осы күнен бастап, үйрете бастады.
Тағдырдың жазған жазуы шығар,
жүрегімен жаны мұңға сыңар.
Құралай деп атапты-ау оны,
Жан болсын деп сүюге құмар.
Құралайдың сол күні жаңа тағдыры басталды. Жаңбырдың астында қалып, өзінің ет жақын туғандарына керек болмай қалған – бақытсыз бір жан баласының күрсініске толы өмірге қадам басты. Тағдырдың дегеніне көну – бар пенде баласының тірлігі. Көнуден басқа нендей шара бар? Шарасыздық... Тәңір әуелден әр адамның маңдайына бар өмірін шыр етіп дүниеге келген сәтте-ақ жазады. Құралайдың маңдайына да соқпағы көп, қиындығы мен қалтарысы көп жазылған. Бірақ ешбір адам баласы маңдайына жазылған жазуды оқи алмайды. Қар жауды, із басылды. Шара әжей өз қызын, күнәлі сұлуын жетектеп ауылға аттанды.Ал кеше ғана өмірге келген,қызының бір бөлшегі немересінің тағдыры оны алаңдатпады. Назира сол баяғы жан дертінен айықпады.Тәуіп пен бақсыны жағалап көп жүрді. Жаны жаралы Жан – өмірге өкпесі қара қазандай сұлу, есін жиюуы не ғайбыл. Жүрек екен адамды адам қалпында сақтап тұрған. Оңтүстіктің ерке қызы, жанары жалын атып тұратын – кербез сұлу, бүгін құдды тірі аруақ тәрізді. Айдай әппақ жүзінен түк қалмаған. Ақ құмды шиырлап жүретін кесірткенің кейпіне енген. Жас жүзіне қадау-қадау әжім түскен. Ара-тұра қос анары тызылдап тұрып ашыған шақта өзін-өзі қоярға жер таппайтын. Ана болу – біреулерге қол жетпес арман, ал желіккендерге тез қонатын бақ сияқты. Мүмкін, есер сезімнің соңына түсіп, тән тоятын сезініп, тар төсекте табысып жүруді үйренген жандардың абыройын ашу үшін тәңірдің ісі осы болар?.. Назираның бұл күйге түсуіне кім кінәлі? Әрине тек қана өзі. Адам өзінің қателігін жабудың сан түрлі амалын біледі. Соның ең негізгісі – тағдыр мен тәңір. Бәріде тағдырмен тәңірдің ісі. Оңай әрі ұтымды жауап. Өзінің түкте қатысы жоқ. Кінәсіз. Бұл қателіктің өтеуін – Жарас пен Назира өмірінің соңына дейін өтейді. Өтеуі тиісте. Жазықсыз сәби, жаңа бүр жарған бәйшешектің болашағы не болмақ? Сауал бар, жауап жоқ. Әке боп әлпештемеген, ана боп әлдилемеген жандардың күнәсі өте ауыр. Балапан жүрек-жазықсыз жараланатын болды.
Аядай ғана ауыл. Бір-бірін аңдысқан жұрт. Сол ауылдың қырық жылдан бергі тұрғыны Шара әжей қызының бала туғанын ел жұрттан жасыру қаракетінде бар күшін салып бақты. Қызының халін сұрағандарға әр нәрсені бір сылтау қылып жүрді. Шара әжей жалғыз қалса болды, өзі мешіттің жанына тастап кеткен сәби елестеп маза бермейтін. Қызының халі тым нашарлап, жүйкесі әбден жұқарған соң, бақсы мен тәуіптен еш көмек болмаған соң ауруханаға апарды. Алайда, жаңа туған қызының сүті қашып, қалыпты күйге оралған соң апарды. Ауылда сол кезде қайбір жөні түзу дәрігер бола қойсын, ештеңені аңғарған жоқ. Аудандық ауруханаға жолдама жазып берді. Ауданға бара салысымен Шара әжейдің жасырып жүргені айдай әлемге мәлім болды. Шара әжейде қызын ауруханаға жатқызбай, ашуы терісіне сыймай қайта келген. Ет-жақын туыстар теріс айналды. Ауылдағы жұрттың ауызы бір тынбай Түгелбайдың ұлы Ескендірдің қызының үйінде отырып, бала туғанын жарыса айтып жатты. «Басқа түссе-баспақшыл» – дегенді санасына құнттап, Ескендір қанша ашуланса да, ауру қызын одан бетер азаптағысы келмеді. Іштен тынып жүре берді. Содан бұл отбасы - өзге мекенге қоныс аударуға бекінген. Бетке алған жақ-шығыс өңірі. Шығысқа барған соң Назираны бірден ауруханаға жатқызды. Жаңа өңірде, жаңа өмір бастады. Талайларға қоныс болып, ас пен су болған мекенді Ескендірдің отбасы да қоныс етпек.
Туа сала жалғыз қалып, киіктің нәзік баласындай әп-әдемі нәрестенің жұлынына зақым келген. Енді қаз-қаз басып жүре алмайды. Өз құрбыларымен бірге асыр салып ойнай да алмайды. Өзі дұрыс жетілмей өмірге келген сәбиді жауынның астына кімнің дәті жетіп тастап кетті? Бұл сәбидің ата-анасы кім? Дәрігерлер мен құқық қорғау қызметкерлерін мазалаған сұрақ осы еді. Сұрақтар жауапсыз қалды. Іздестірді. Табылмады. Құралай арада екі ай аурухана төсегінде жатып, жетімдер үйіне өткізілді. Oндағы оқиғалар тым өзгеше сарынмен өрілді. Ананың аялы алақанымен, ананың әлдиін естімей өсіп келе жатқан сан мың қаракөздің ішіне Құралай да қосылды. Жетім қалып, мүгедектің қамытын туа сала өз әжесінің қатыгездігінің кесірінен киген нәрестеге ауыр сынаққа толы тағдыр маңдайына жазылыпты. Әр күні аурумен арпалысып, жанарынан қанша жас тамды. Кіп-кішкентай жүрек әр соққан сайын еңсесін езген бір сағыныштан бірегей арманнан арыла алмайтын. Сағынышы – өз қиялындағы анасы мен әкесін аңсайтын. Сол үшін еңіреп жылайтын. Анасы мен әкесі тезірек келіп өзі мекендеген мекеннен алып кетуін қалайтын. Бұл тілек һәм арман сол мекенде тұрып жатқан сан түрлі тағдырдың талқысына ұшырап, айдын күннің аманында ет-жақындарынан ажырап қалған бар сәбидің жүрегіндегі ең абат арман. Бірақ, ол арман шындыққа айнала ма, жоқ па, оны тек тәңір ием ғана біледі. Ондағы сәбилер өзін алып кететін анасының келетіне сенеді. Сол сеніммен өмір сүреді. Есейген сайын сол сенім жүректен өше бастайды. Ащы өмірдің соққысын жеген сәттен бастап сенімнің күллі көкке ұшады. Қазақстан мемлекет болып жаңа құрылып жатқанда өзімізді-өзіміз ұмытып, бәріміз сауда мен сақтықтың соңына түскен елең-алаң шақта дүниеге келген Құралайдың балалар үйіндегі жағдайы жақсы болмады. Ауру жас сәбиді балалар үйі жақсы көре қоймады. Аштан – аш қалған сәттерде көп болды. Күндер жаңарған сайын Құралайдың ауруы меңдеп, жүйке жүйесінің әлсіреуінен ауруы одан бетер үдеп, былдырап тілі шыға бере тілден қалды. Үзілген үмітті қайта енді ешбір құдіретті күш жалғай алмайтын көрінді. Тәрбиешілер Құралайды ешкім асырап алмайды деген ойда жүрді. Көбінде ызбайлана берген соң оған көбіне тек дәрісін беріп қана кететін. Қатты ауырған шағында ұйықтатын дәрімен тыныштандыратын. Сол бір шақта бейшара қызға жаны ашып, қасында мейірімділік танытқан жан болмады. Ең сорақысы, балалардың өзіне тамақ тапшы кезде балалар үйінің асына қол сұққан қатігез тәрбиешілерде табылды. Күннің артынан күн өтіп, апталар сырғып уақыт көші зулай берді. Көктемнің арайлы ақ таңдарының бірінде бейбақ қыздың бағы жанды. Көптен бері күткен тілегі орындалды. Отасқалы алты жыл болсада, бір шаранаға зар болған бір отбасы кішкентай ғана ақ сары қызды ұнатты. Содан Құралай екі жыл күткен әке-шешесін тапты. Екі жасқа келгенде Қарлығаштай ананы, Асхаттай әкені қуанышқа бөлеген қыз болды. Бір отбасының қызғалдағы болып, әке-шешесінің көз-қуанышына айналды. Алғаш рет ананың ыстық аялы алақанының жылуын сезді, әкесінің еркелеткен сөздерін есітті. Қарлығаштың бесік жырымен тәтті ұйқыға енді. Ауру жанына батса, түні бойы кірпік қақпай ояу отыратын анасының барын, ананың шексіз мейірімін көрді. Аурудың азабына ботасын тастағысы келмей, дәрігерлерге көп қаратты,дәрігердің айтатыны аурудың асқынғанына байланысты біздің қолымыздан тек ауруды бәсеңдетуге ғана жетеді. Одан өзгесіне біз шарамыз жоқ дейді. Қандай болса да қиыншылыққа төзіп, Асхат пен Қарлығаш қызын емдетпекші болып барынсалып бақты. Ойға да апарды емі табылар ма екен деп, ойға да апарды дерттен қызғалдағым айығар ма мекен деп. Бір үміт пен бір күдік тайталасы басталды. Сол үшін ерік-жігерлерін сарп етті. Дерттің күші мықты екен, ол өз дегенін істетпекші болып жатыр, Құралайдың ауруы қатты асқынып бара жатқаны сонша, ол астан қалуға таялды. Тек суды ғана ішеді. Асқа тәбеті шаппайды. Алты жыл бойы тып-тыныш құба түз сынды үйдің ішін қуанышқа бөлеген, Құралайдың жанар оты бірте-бірте сөніп бара жатты. Әкесі Асхатта қызы үшін не амал қаларын білмей басы қатты. Жылға жетер жетпес уақытта Құралайдың дертіне шипа тауып бере алатын жер табылды. Ол мекен – Тайланд екен. Бірақ ота құны тым қымбат. Әке мен ананың қолын байлаған мәселе осы. Ақшаның құны – адамдық пен ардан күшті болып тұрған заманда оларға кім түсіне кіріп көрмеген ақшаны кім бере қояды? Әрине, кімнің дәулеті тасып бара жатыр. Қайырымды жандардың бары рас па, әлде біреудің ғана бағына бұйыратын сәттілік пе? Қайырымдылық жасаған күннің өзінде үш отаны басынан өткеруі тиіс қой, бейбақ қыздың. Туған-туыстан қайыр жоқ. Себебі, Құралайды Қарлығаш пен Асхат өз қызым деп, жүрегін суырып беруге дайын болса, олар оны асыранды деп есептейді. Олар әуел бастан-ақ бұлардың балалар үйінен бала асырап алмақшы болған ойларына қарсылық білдірді. Күлсін абысыны сонда, Қарлығашқа қарап: «біздің балалардың біреуін алып, бақсаңыздар болмас па еді. Айдаладағы біреудің баласын бауырларыңызға баспақсыздар, ақымақтық қой бұл. Олардың түбінде тектілік жоқ қой. Әке-шешелері не алқаш араққа құныққан, не нашақор өзінің кім екенін ұмытқан. Не арын сатқан жезөкше түнде жүрістік қылып тамағын тапқан, сөздің қысқасы: тексіз біреуді бағып, не бастастарыңа күн туды. Жындысың ба? Ондай баланы қайтпексіңдер, сондай бала сендерге қандай опа береді? Оданда менің балаларымның бірін алып бауырыңа бассаңшы, алысың емес қой, күйеуіңнің бауырының баласы. Менің балам – сенің де балаң. Жақының болған соң саған ақыл айтамын, абысыныңның ақылын тыңдасаң адаспайсың, – деп Қарлығашқа сол сарындас, сол мәндес қанша әңгіме айтты. Қарлығаштың санасына басқа ой маза бермеді. Ойынан туғалы ана құшағын көрмеген кінәсіз сәбилердің жүзі кетпей қойды. Абысынының ойы да дұрыс сияқты. Алайда, әке-шешесінің қателі үшін олар жауап бермеуі тиіс қой. Олар – күнәсіз сәбилер ғой. Өзгенің баласы болса да, бойында өзгенің қаны ағып тұрса да, ол менің тәрбиемді көрсе – өз балам. Қатігездік қандай адамнан болса да шығады, оның жүрегінде иманы болмаса. Ол туған әке-шешесінің қолында тәрбиеленсе де. Қарлығаш абысынының бұған баласын беремін дегені – ішкі есепке құрылған шара. Ол адам таныса, өз баласын басы-бүтін ешкімге бермесін жақсы біледі. Берсе, бұл үйге де қожа атанары хақ. Баламды бергенмін деп, төбесін тесер. Әншиінде абысынын адам қатарына санап сырласпайтын, көшеге жаман аты қылып жанын жаралайтын оның бұл жақсылық ойлауы күдікті. Күдік қоюлана түсті. Сол аралықта абысыны келуін жиілетіп жіберді. Асхатқа да бұл ойын айтып, құлағын жәйлап үйрете бастады. Екі аптаның ішінде қайнағасын көндіріпте үлгерді. Бірақ, Қарлығаш оған ыңғай тантпады. Келгелі бері кемсітіп, ащы тілінің уын шашып, жүйкесін жұқартып, бала көтермегенін бетіне басып, жүйкелетіп келе жатқаны есіне түсе берді, түсе берді. Күздің үшінші жексенбісінде, абысының үнсіз жатып алған мінезіне шыдамаған Күлсін кіші алты жасар баласын ағайына сіздің балаңыз ертең үйден келіп,алып кетерсіздер деп хабар айтыпта қойды. Қарлығаш Күлсіннің ұлын бауырына басса жайы қиындайды. Мұны атарға оқ таба алмай жүрген абысынның бұған кенет жаны аши қалуы да күдікті. Қалың ой қажытып, әбден сілікпесін шығарды. Соңғы шешімді көп ойланып-толғанып қабылдады. Ол шешім-балалар үйінен бала асырап алу. Абысынына бұл хабарды Қарлығаштың өзі үйіне барып естірті. Абысыны сонда қатты-қатты тілдеп, неше түрлі жүрекке қатты тиетін сөздерді қарша боратты. Қарғады. Баяғы дағдысымен бұның ең ауыр жүрегіндегі жараны тырнап қанатты. Оның тағы ана бола алмағандығын бетіне басты. Қарлығаш сол үйден қалай шыққанын білмей, көшенің қақ ортасында еңкелдеп тұрып жылады. Тағдырына налыды. Үмітін үзбей жүргеніне тағы да таң қалды. Үйіне келісімен төсекке сұлқ құлады. Тірлікте оның шыдамы барлық таусылды. Мұң ғана оның сыңары, төсекте жатыпта солқылдап тұрып жылады. Асхат жұбатқысы келді, айтарға бір ауыз сөз таба алмай қатты қиналды. Үнсіз ғана шашынан сипап қана жатты. Баланы бұларға құдай тағала бермеді, бұлар да сол тәңірдің ісіне енді көнеді. Көнбеске тағы не лажы бар. Араларын жалғап тұрған мөлдір сезімнің кесірінен ажырасыпта кете алмайды. Сезімнің серті-тұрақтылық пен табандылық. Бұл шаңырақты құлатпай ұстап тұрған – сол. Ертесіне Қарлығаш таң біліне бере тұрды. Тұра салып, қасында ұйықтап жатқан ер азаматын оятты. Екеуі таңғы шәйларын жылдам ішіп бола салып, балалар үйіне жол тартты. Сол жолы барған кезде, балалар үйінің меңгерушісі бұларға балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балалармен таныстырып жүрген. Бір кезде Қарлығаш ебіл-дебіл болып жылаған қызды көре салып, қасына жүгіре басып жетіп барды. Көз жасы тарам-тарам болған кішкене қызды жұбатпақ болып көтерді. Меңгеруші жұбатып тұрған қыздың барлық өмірбаянын жіпке тізгендей баяндап берді. Денсаулығы жоқ екенін есітіп, Асхат сырт айналып кетпек болғанда күйеуін Қарлығаш білегінен тартып тоқтатты. Ешбір адамға көнбейтін нәресте Қарлығаштың құшағында пыс-пыс етіп тәтті ұйқыға еніп барады. Меңгеруші аң-таң. Нендей құдірет – дертті нәрестенің мына әйел қолына алған сәтте жылағанын қойдырып ұйықтата алған. Асхатта кішкентай қызға бір қарап, мейірленіп кетті. Сол оқиғадан соң бұл екеуі бұл нәрестені көруге көп келді. Былай айтқанда сол сәбиге мейірі қатты ауды. Алты айдан соң кішкентай нәресте Қарлығаш пен Асхаттың отбасы мүшесіне айналды. Туған-туысқан Құралай үшін соқыр тиынын бермес. Бұлар көмек сұраған жағдайда тегін бос ақылдарымен құлақты шірітер. Қарлығаштың бар өмірі-аурухана төсегіне таңылған бейбақ қызының қасында өтіп жатты. Жұмыста жайында қалды. Бұлардың жалғыз асыраушысы – Асхат. Ол да күндіз-түні жұмыстан бас көтермеді.
Мейірімді жандар табылады әрқашан,
Жүректегі ұлы сенімді жоғалтпасаң.
Аурухана төсегіне таңылып жатқан қызын күзетіп отырған Қарлығашты бас дірігер бөлмесіне шақырды. Қарлығаш бас дәрігердің алдына жеткенше жанын қоярға жер таппады. Санасында үмітті ойдан күдікті ой басым болып бас дәрігердің бөлмесіне кірді. Бас дәрігер мұны жылы шыраймен қарсы алды. Сөйтсе, Құралайдың бірінші отасын жасауға жеке кәсіпкер жәрдемдесетін болыпты. Бұл хабар жүректі шын қуанышқа кенелткен хабар болды. Қарлығаш өзін аспанда ұшып жүргендей сезінді. Жаратқан ием жар блса,енді қызы жазылады. Жазылсыншы! Тек сол ботасы жазылсын. Ел қатарлы өмір сүрсін. Риясыз езуін жимай күлсін, көз алдында қуаныш сыйлап асыр салып ойнап жүрсін. Бұл жаңалықтан Құралайдың әкесінің еңсесі тіктеліп,қызының ауруынан айығатына сенді. Құралайдың бірінші отасына дайындық басталды. Күндер тез өте шықты. Отбасылы үшеуі Тайландқа бет алды. Тайландтың ең үздік ғылыми орталықтарының бірінде өтетін болған отаның алдында қобалжудан арылмай дел-сал жүрген Қарлығаш тәңірге жалбырынып, түні бойы кірпік ілмей шықты. Асхат та ұйықтаған сияқты болғанмен, яғни көзі жұмулы болғанымен ұйықтаған жоқ-ты. Сәт жақындаған сайын үрей қалыңдап бара жатты. Өздері жаңа ғана сәбидің иісін иіскей бастағанда, осы қарғасынан айырылып қалмаса жарар еді. Сұм ойлар осындай сәтте көңілге мазасыздық сыйлап кететіні де рас. Мазасыздықты жеңетін тек үміт. Үміті үзілмесін. Сәтін салып, қызғалдақтары аяғына мініп кетсе бұлар үшін содан асқан – бақыт жоқ, болмаста. Уақыт сәті келіп, тілеуін тілеп, қыздарын ота жасау үстеліне жатқызды. Жас әке-шеше дәлізде теңселіп ерсілі-қарсылы жүрумен болды. Сағат тілі бір орында қатып қалған сияқты. Сәтін салып, ота сәтті аяқталды. Әйтсе де бойындағы бір аурудан құтылса да талма мен жанарының оты қайта тұтанбады. Баяғыдан оңалса бастаса да жүріп-тұруы қиын болды. Аяқтары баяғыдай сал ауруынан айыға бастағанымен, толықтай жазылған жоқ. Мұны әке-шеше қинала қабылдады. Шүкір, жаны аман қалды ғой қарғамыздың. Көзге көрінген ботамыздың амандығын тілеп өмір сүруді жалғай береміз. Осы ой екеуінің санасында тұрғаны жанарларынан белгілі еді. Алда әлі екі ота тұр еді. Бірінші отадан соң туған елге қуаныш жүректерін тербеп,көңілдің кейбір дертін емдеп оралды. Әлі де үшеуінің алдарында алынбаған асу тұрды. Себебі, екінші отаға Құралайдың жасы келмеген соң, алты жасқа келуін күтуіне тура келген болатын. Отадан кейін Құралайдың беті бері қарай бастады. Келген соң хал-жағдай сұрап ешбір бауыр, ағайын-туыс есік қаққан жоқ. Қарлығаш кеңдік көрсетіп, барша туыс-туғанның басын бір дастархан басына жинады. Дастархан жайылған үйге барлығы түгел жиналды. Бәрі де тілін жұтып қойғандай үнсіз. Бір кезде Асхат сөз бастады:
– Бауырларым, сіздер біздің шаңыраққа бас сұқпай қойдыңыздар. Шаңырағымызға адам қосылып жатқанда да жас сәбиге құтты болсын айтып келмедіңіздер, қызғалдақтай ардақты қызымыз сырқаттанып қалып, шекара ауып, ота жасатып қайттық. Түбіміз бір емес пе, ренжіткен жерім жоқ еді. Қиыс кеткен іс болмаған сияқты еді ғой, неге ат ізін салмай қойдыңыздар? – деп дастархан басында отырғандардың бәрін ызғар шашқан көзімен бір шолып өтті. Дастархан басындағылардың бәрі өзінше ақталып жатты. Сан түрлі себеп айтылды. Айтылған себептердің ішінде іліп аларлық нәрсе табылмады. Асхаттың қабағы қонақтар қарасы үзілгенше ашылмады. Қарлығаш та көңілсіз жүрді. Құралай өзімен-өзі ойнап отырды. Қонақтармен бірге үш-төрт бала келсе де ешқайсысы Құралайдың қасына жолаған жоқ. Қонақтардың ешбірі шаңыраққа шаттық сыйлаған сәби жайында тіс жармады. Бәрі тек Қарлығаш пен Асхат жайында ғана сөз қозғап отырды. Қарлығаштың байқағаны бұлардың ешқайсысы – Құралайға жылы қабақ танытпайды. Болашақта да танытуы екі талай. Ағайын-туыстан күткені жылы қабақ пен құтты болсын айтуы болатын. Бұл екеуі күтіп шаршады, аналар ауызының қиюуын ашпай тарқасты. Қуанышқа жайылған дастархан үй иелерінің жүректеріне бір сызат қалдырды. Ол – бұлардың қуанышына олардың ортақтаспауы. Екеуі жарым көңілмен, бір күнді тарих көшіне аттандырып салды. Қызының жалғыз қорғаны – өздері екенін түсінді. Қызғалдақтарының назары пәс болмауы үшін, өзгелер көңіліне қаяу салмауы үшін-өрлігі мен намыстарын қайрады. Қарлығаш ас үйдегі тірліктерін жайлап, күні бойғы тізе бүкпей істеген тірліктен шаршап қызының қасына қисая кетті. Қарлығаш алғаш рет ана атанды. Бірінші рет Құралайдың ауызынан ана деген сөзді есітті. Асхаттыңда қызы десе шығарға жаны бөлек. Жүреді ол қызын әркез демеп. Әкенің жүрегіндегі нәзік үміт қызғалдағының бүр жаруы. Әкенің жүрегіндегі бір тілек – қызының амандығы мен кемел келешекке басқан әрбір қадамы сәтті болуы. Көзіне ұйқы тығыла бастаса да, «қызым, нәзік гүлім, сенің жұлдызың әркез жарық болсыншы. Көңіліңе қылаудай кір түспесінші» – деп күбірлеп жатып ұйықтап кетті.
Дерттенде жазыласың-үміт болса,
Жүректе өлмейтін сенімің болса.
Үмітіңнен айрылма,
Үмітіңді, жігеріңмен қоса сайла.
Үмітіңді үзбегін, сезінсеңде күз лебін,
Жігеріңді күн сайын тоқтамай қайра.
Тек қана өмір атты – асау теңізде,
Бірінші ар мен намысты әркез ойла.
Он жыл бойы жаны дертпен алысты. Ауыр қиыншылықтың бәрін басынан өткерді.
Үміттің сөнбесін, сенімің өлмесін! Осы ойды мықтап санасына сіңірген кішкене қыз былдырлап жүрген кезде-ақ тақпақ айтатын. Үйге бас сұққан жандарға өнерін көрсетуге асығатын. Анасының үйреткен халық әнін бал тілімен шырқай жөнелетін. Бала кезінен көпшілікті қалайтын, үйлеріне қонақтар келуін күтетін. Дерттің ауылы бірден алыс қалмады. Күз бен көктем айларында әп-әдемі томпаң қағып ойнап жүрген бүлдіршіннің аяқ-қолының сіңірі тартылып қала беретін, кейбір кезде өзін-өзі ұстай алмай жүйке ауруының салдарынан талықсып кететін. Бағына орай, әкесі мен анасы Құралайдың бар азабына шыдап төзді. Ешқашан қыздарынан безінген жоқ. Сабыр суын тауысып, қызының дертінен жазылғанын күтті. Балалық шақтан мәнді ешнәрсе есінде қалмаса да, ол ыстық ұя шаңырағымен, көктемнің қызғалдағындай мәпелеп отырған әке-шешесін ұмықпақ емес. Ыстық ұя! Отбасы. Сол кезде бұл екеуінің мейірімі ерекше аумаса бәрі басқаша болар еді. Тірегі жоқ, тілеулесі жоқ тұлдыр болар еді. Бәлкім көктемде қырды ерекше сәнге бөлейтін бәйшешектей өмірді көрмей жатып солар еді. Отбасындағы анасы мен әкесінің жанарынан төгілген жан шуағы шығар, тірлікке мән үстеп тұрған. Ана мен әке! Қанша сәби сол асылдарын күтіп, күн ұзатады. Анам мен әкем келіп қалар мекен деп, есік пен терезені барлап күнін өткізеді. Балалар үйінде жаныңа жырдай нұр құятын, құлап қалсаң жұбатып тұрғызатын жан сірә жоқ. Өзіңді-өзің өрге сүйреуің керек. Намысыңды ешкімге бермей, өзіңді ешкімге ездірмей, көз жасыңды ешкімге көрсетпей, өмірмен тіресуің керек. Өмірмен ешбір тоқтаусыз күресуің керек. Бұл – өмірдің талабы. Отбасы – жақындық пен бауырмалдылықтың ордасы, ал балалар үйі-аз күндік баспана. Тәрбиешілер қанша мейірімін аямай төкседе, шаңырақтағы ана мейіріміне жетпейді. Құралайды тағдырдың аш бөрідей талауынан құтқарған да, киелі – отбасы. Отбасының қадірін білу үшін төрт көзің түгел отырып, отанасының пісірген асын сүйсіне тоя ішу, отағасының келелі кеңестерін қызыл күрең шай ішіп отырып есту. Отбасының жылылығын ешнәрсемен алмастыра алмайсың, алмастырам десең-адасқаның. Құралай әкесінің өзі соққан қара шаңырағында, берекелі дастарханы бар отбасында өзін жайлы сезінетін. Жақындарымызды бағалай білейік,отбасымызға онысызда зулап жатқан уақытымыздың жартысын бөлейік. Адам тек, отбасымен ғана толықтай бақытты. Отбасынсыз – биікке қарай өрлеуің күмәнді, айта алмасың және анық шарықтатып бір әнді. Отбасы – өмірдің мәні. Тағдырында Құралай осындай отбасымен мақтанатын. Сол үшін тәңірге сан рет шүкірлік айтатын. Отбасы – тектілік пен өрлікті бойына қатар дарытты. Сол өрлікпен өмірінде кездескен қиыншылықты жеңді. Үкілі домбыраның жан тебірентер үні. Бұл үн Құралайдың жүрегіне етене жақын. Анасы мамыражай маусымның қара түндерінде домбыраны қолына алып, Құрманғазы мен Секеннің күйлерін нақышына келтіріп орындайтын. Домбыра мен қазақтың жаны-егіз. Домбыраның сыры мен мұңын, қазақтан бөліп қарай алмайсың. Қазақтың шерін шанағына сыйғызған, күмбүр үнінде ауыр мұң тұншығып жатқан қос ішекті қара домбыра, сен әкеден балаға асыл мұра. Домбыраның қасиетін қызына Қарлығаш үнемі айтып жүрді. Домбыраның қазақ шаңырағындағы киелі орны – төрде. Оны төрден басқа жерге ілуге болмайды. Киенің қадірін-қасиетсіз ғана ұқпас, ақылды жүрегінде оты бар жан ешқашанда ана сөзін жықпас. Өнерге құштар Құралай анасынан күй тыңдап жүріп, өзі де күй тарта бастады. Күйдің құдіретіне жас жүрек құлай басын иді. Кейініректе өзінің жүрегінен саз түлеп ұшқанда,осы домбыра салып баптайтын. Ән жазғанда қолына домбырасын алып, жүрегін шымырлата шыққан нәзік әуенді көкке қалықтатын. Содан кейін барып нота парағын түгендеп, нотаға түсіретін. Жүректегі жазылмас бір ауыр мұңы бар Құралай аурудың әлегінен естіген сөздер, аурухана төсегінде таңылған сол кездер, адамдардың ұрланып қарағандай беретінін, туған-туысқанның мұның жігерін құм қылған сәттер, ешқашан жадынан өшпес. Өшпейді. Аурухананың тар бөлмесінде талай рет таңылған шақта, мұның халін сұрап келген бір пенде баласы болды ма? Болған жоқ. Тек қана әке мен шешесінен өзге ешкім Құралайдың жағдайын сұраған жоқ. Сынық та бітеледі екен, бірақ, жүректегі жара жазылмайды екен. Жазылар ма еді, мүмкін? Қаңтардың қары жүректен жоғалған шақта. Бұ жүрекке неге әсем гүлдері бүршік жарған көктем келмейді? Құралайдың тағдыры жүректі жанның жүрегін шымырлатары хақ. Алайда, сол тағдырдың ойранын шығарғысы келгендер де табылды. Мына әлемде әу бастан күштілер ғана бақытты. Ұры мен қарының есебі әр кезде түгел. Алшаң басып, уайымсыз солар ғана жер басып жүреді. Себебі, сорлы қызы үшін тісін-тісіне қойып, түн қатып, белі бүгіліп, ұйқысыз, ыстық тамақсыз, өздеріне-өздері қимай, есеңгіреп екінші отаны жасар шақта белгісіз біреулер отаға жинап отырған ақшаны үптеп кетті. Ұрлыққа түскендер әрине таныс адамдар, бөгде адам Қарлығаштың үйінде қомақты қаржының бар екенін қайдан білсін? Біреудің адал ақысын қалай өз пайдасына жаратады, есеңгіреп қалды. Тағы да қара түндегі қалың үрей жүректеріне қонақтады. Асхат пен Қарлығаштың салы суға кетті. Бір үмітті талғажау етіп жүргенде, ол үміттің де баяны болмады. Бір сиқыр болмаса, бұл екеуінің балапаны аждаһа аурудың құрбаны болмақ. Нәзік гүлі гүлдемей жатып солмақ. Уақыт өткен сайын Құралайдың ауруы тағы үдеді. Қайырымды жан кезіксе екен деп, Жаратқан Ием қиналған шақта оң көзін салса екен деп тіледі. Жанардан жасы тамшылап, Қарлығаш жағымды жаңалықты арайлап атқан әр таңнан күтті. Күткені зая кетпеді. Мейірімді жан табылды. Белгілі бір кәсіпкер Жазира есімді әйел Құралайдың екінші отасының қаржысын табуға жәрдемдесті. Құралайдың бар жағдайын жасап тұрды. Үнемі іздеп келіп, жылы қабақ пен жылы шыраймен жымиып, жарым көңілді демеп кететін. Өмірде жаны жаралы жанның жүрегіне ең керегі – жылы сөз. Жай ғана сөз. Қиын емес қой, бір ауызбен біреудің жанын жадырату. Бірақ... Уақыттың қадірін білмейтін кейбір адамдар саулықтың қадірін қайтіп түсінсін?! Оның үстіне бәрінің жүрегі мейірімге толып тұрған жоқ. Жазира апай сынды ауру адамның жайына алаңдайтындар да саусақпен санарлық. Сол Жазира апай тағы да Құралайдың үшінші рет отасының қаржысын төлеп, шетелге барып ем алуына қол ұшын берді. Аурудан айығар шақ туды. Ендігі өмір өзгеше өріледі. Енді мұң мен қайғыдан бойын аулақ ұстамақ, тек жүректің жырын санасында құнттамақ.
Үмітті ту еткен, күдікті санасына еш сіңірмей тұл еткен Құралай! Арман мен үмітті жыр мен саздың әсем үніне қосқан намысты ару. Аурудың азабына төзбей, жүректің жетімдігін сезінсе де, мұңнан көз ашпай жүрсе де өзін-өзі тастап жібермеген жан. Балалық шақтың белесінде дерт меңдеген жанын емдеу үшін үш рет ота үстеліне жатты. Үш рет мейірімді жандардың шарапатының арқасында дерттен құлан таза айықты. Қолына қалам ұстап, кешегі Мариям анамыздың жолын жалғауға тілек етті. Тірлікте сан түрлі тағдырдың соқпағынан жүріп өткен жандар ғана жетістікке жете алады. Өмір-сынақтардан құралған жол тәрізді. Шаршамау керек, ешқашан өр еңсеңді түсірмеуің керек. Жүрегіңді таза сақтап, балалық қалпыңнан айрылмасаң-шынымен бақыттысың. Бақыт деген шұғыласын шашқан нұрлы таңда, өз аяғыңа өзің мініп, өз көзіңмен, өз аяғыңмен қасиетті қара жерді басу, өзің туған сайын сахараның саумал ауасын кеуде кере жұту. Құралай бүгін терезеден күзгі баққа қарап үнсіз өткенін барлап отыр. Кенет есіне бала махаббаты түсті. Сол кезде жүрегінің дүрсілдегені сонша, шымшық сынды кеудесінен шығып кете жаздамап па еді. Махаббатқа басын идірген, күзді де көктемді де құлай сүйдірген, тәтті сағынышқа бөктірген жігіт. Алғашқы махаббаты. Қазір жырақта. Жанардан кетпей қойған жанды арбаған елес ғана. Өткенін өшіріп, бүгінін болашақпен сабақтастырмақ. Бұл ауырған шақта қасынан бір елі шықпай, сағат сайын хабарласып тұрған өне бойы мейірімге толы жан – Төреғали. Құралайдың үнсіз сүйріктей саусақтарын сипалай беретін еді. Құралай да асқан инабат пен иба танытып, ешқашан оның жанарына тіке қараған емес. Құралайдың жанарының мөлдірлігіне таңдана ма, ол қайта-қайта ұрланып қарай береді. Ұнатады. Айта алмай жүр. Батылы жетер емес. Құралай «аға» деген шеңберден бір қадам ілгері аттаған емес. Бұл – Қарлығаштың тәрбиесі. Құралайда ағаға деген сезімді арулық сезім алмастырғалы қашан. Бірақ, әлі де оны еш білдірген жоқ. Түнде ылғи түсіне енеді, сол түсіндегі болған жайттар өңіне қайта қайталанатынына сенеді. Қараша айының соңғы жексенбісі. Арқаның ақ самалы есіп тұр. Бүгін ол келеді. Сағатта тоқтап қалған сияқты. Ол келем дегелі күнтізбеде жылжымай зарықтырды. Қараңғы түнектен соң мына жарық дүниеге зорға үйренген еді, сол секілді сезімнің азабына да көне алмай жүр. Өз аяғымен Сарыарқаның даласының топырағын басуы үлкен қуаныш. Айна алдында толқындатып қара шашын тарап, иіс суын себініп, жылы киініп көшеге шықпақшы. Анасына сыртқа шығып бара жатқанын айтты да кең көшеге шықты. Ендігі бағыты – әуежай. Күткен серісі, аңсаған ғашығымен қауышады. Бақыт оған күреспен келді. Бақыт үшін қанша рет мөлдір моншақ жерге домалап түсті. Соңында бақытқа қолы жетті. Қазір санасында тек арман мен үміт. Қорлық пен сұмдық, қасірет пен қайғыны санасынан өшіріп тастаған. Білім алуда, өлең жазуда. Жақында тұңғыш жинағы жарыққа шықты. Мүгедек жанның жан сыры мен мұңы – оның өлеңдерінен айқын сезіледі. Сенімінің арқасында, ол аяққа тұрды, енді жығылмас. Бақыт күткен ақ таңдары оны алдамас.
Өмір – үміт, өмір – мұң, өмір – шаттық,
Жататын тоқтаусыз кезегімен алмасып.
___________________________________
Топанбай Мейірхан Мейрамбекұлы – жас ақын. 1994 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Республикалық «Шарапат» шығармашыл жастар байқауының бас жүлде иегері. Туғалы көз жанарының нашар көруі мен сал дертімен алысып келеді. Жастайынан ақ өлең жазуға машықтанған. Шығармаларын зағип әліппесіне сүйеніп жазады.