Серік Асылбекұлы: Бөтеннің тойы (әңгіме)

Серік Асылбекұлы: Бөтеннің тойы (әңгіме)

Құлтай қыр төсіне қыз емшектеніп шаншыла біткен биік боз төбенің басында шынтақтап жатыр. Ауық-ауық мойнын созып, төмендегі кең жазыққа бытырадай шашылып кеткен отардың о шеті мен бұ шетіне байырқалай көз салып қояды. Бұл мезетте отардың алды көз ұшында нар түйедей көлбеген Қоспақтөбенің қырқасына барып ілінген. Манағыдай емес, ауыздары көп шиыр бола қоймаған таза жердің күреңселі мол отына тигеннен кейін жөңкуін саябырсытып, қадалып қалыпты. Арқасын кеңге салып бытырап кеткенімен, пырдай боп қозғалмастан жатыр.

«Мейлі, жайыла түссінші жануарлар...» Құлтай отарды қайыруға асыға қоймады.

Боз төбенің етегінде тұрқы қысқалау келген ерттеулі торы ат жайылып жүр. Иесінің тұсау салмай, бос жібергеніне қарағанда, илеуге көндіккен жуас жылқы сияқты. Аттың жайылуынан тұруы көп. Ауық-ауық оттауын доғара қойып, күнмен бірге көтерілген даланың анау-мынау қоңыздай дәубас көк соналарымен «айқасып» кетеді.

Сәске түс. Көкжиектен арқан бойы көтерілген шілденің шағырмақ күні ақ шағыл белдердің иығына шығып алып, елсіз құм ішін маужырата бастаған. Үп еткен жел жоқ. Ту...у алыстан мұнартқан көгілдір сағым көштері бабымен ұйыған тәтті қатықтың бетіндей дір-дір етеді. Әр жерден сексеуіл мен тарбиған дүзгендер ербиеді. Үй орнындай ғана оймақ тақырдың бір шетінде аптап пен аңызаққа ысталған күрең шөптесіннің арасынан жалғыз түп жыңғыл ерекше бөлектеніп, жап-жасыл боп көгеріп тұр, жыңғылдың үстінде көптен бері бір титімдей сары шымшық қонып отыр: сірә, ол ұясын бұтаның қою көлеңкесіне салған болуы керек. Алыстан темір жол разъезінің маңынан, салдыр-гүлдір сілкінген ауыр жүк составының орнынан баяу қозғалған үні құлаққа талып естіледі.

Құлтай мұқабасы мыж-мыж болып, әбден ескірген жуан кітапты көңілсіздеу жаба салды. Ауыр состав доңғалақтарының дүрсілдеген бірқалыпты ырғағы бірте-бірте бәсеңдеп, өше берді. Сәлден кейін пойыздың өзі де көкжиекке сіңіп көрінбей кетті, артында жалғыз белгі боп шүйкедей түтеленген жеп-жеңіл бұйра түтіні ғана шұбатылып қалып бара жатты. Құлтай бір түрлі жалғызсырап кетті. Әрі өткен, бері өткен пойыздарды көзбен шығарып салу оның жастайынан бойына сіңген әдеті еді. Жаңағы беймәлім қиырларға жол тартқан ауыр жүк составы да оның көкірегін сағынышқа толтырып, жүрегін шым-шым сыздатып өте шықты.

Мектепте оқып жүрген кездері Құлтай интернаттан босанып, жайлаудағы қойлы ауылға оралар шақты қатты аңсаушы еді. Әсіресе қыр төсі бәйшешекке оранып, жазғы демалысқа шығар сәт таялған сайын ұйқысы қашып, сағыныштан, сол бір бақытты шақты іштей тағатсыздана күтуден тым жүдеп кететін. Оңаша қойлы ауыл, айлы аспанның астында мүлгіген қараша үйлер, қотандағы бырт-бырт күйіс қайырған отар жақтан лүп еткен желмен бірге ауада тербеліп тұрып алатын шуаш пен көңірсіген қи иісі, бет-аузы ерте әжімденіп, торала-торала боп кеткен шешесі мен үңірейген суық жүзді, биік қара сұр кісі — әкесі есіне түссе-ақ болды, бала жүрегі қанасын тарлық еткендей дүрсілдеп қоя берер-ді. Ауылға келгеннен кейін де екі-үш күнге дейін сол сағыныш оты бәсеңдемей, өзінің осы шадыман, бақытты шағына шын иланар- иланбасын білмей, өң мен түстей бір халде жүретін.

Келген күннің ертеңіне-ақ Құлтай көкесінің мыжырайған ескі қырғыз қалпағын бастыра киіп ап, қой соңынан кетеді. Бала тек сол үшін ғана өзінің тағдырына шексіз риза еді.

Бір ғажабы, ол кезде Құлтай мұндағыдай жалғызсырауды, іш пысуды білген емес. Айдалада қой жайып жүрген адырақ көз, қара балаға ермек қылар бірдеңе дәйім-ақ табыла кетер-ді. Әсіресе оның ерекше құмартатыны — қойдың алдын бір қайырып астап, дала төсінде домбыраның қос ішегінше сымдай тартылып жатқан шойын жолдың екі жағын армансыз шарлау еді.

«Дүниеде пойыз жолаушыларынан өткен бай халық жоқ шығар. Тамақтың ең асылын, темекінің де ең тәуірін солар шегетін болуы керек, — деп ойлайтын бала жолдың жиегінде бей-берекет мырзалықпен шашылып жатқан консервінің небір әдемі құтыларын, кәмпит, темекі салған жылтырақ қорапшаларды қолына алып, тамашалап тұрып, — Әйтпесе осынша тегін дүние қайдан келе береді».

Жылтырақ қорапшаларды тастап кетуге қимай Құлтай көпке дейін оларды айналдырып қараумен тұратын. Қораптардың сыртындағы әрбір жазуды да шұқшия зерттейтін. Болгария, Венгрия... тіпті құтылардың сыртында алыстағы ғажайып ел, мәңгі жаз жайлаған Индияның да аты кездесіп қалатын.

«Апыр-ай, жер дүниенің затын қалай жинай берген. Рас, пойызда нағыз мықты, мырза адамдар ғана жүреді екен». Қара бала ол кезде экспорт-импорт атты құдіретті сауда жолдарын қайдан білсін... Қызық еді. Құлтайдың таппайтыны болмайтын. Тіпті бірде ойда жоқта ақша да тауып алды-ау. Бұтаның түбінде нарттай қызарып бір он сомдық жатыр! Бала алғашқыда өз көзіне өзі сенбеді, шынында, мұндай кездейсоқ, ерекше олжаның оған бірінші кездесуі еді. Сол күні Құлтай күнді батыра алмай қойды. Кешкісін ат басындай алтын тапқаннан кем қуанбай ерекше олжаны шешесіне салтанатпен табыс етті. Өңінде ерекше мақтаныш бар еді.

— Жаным-ау, мынауың не? — деген шешесі әуелі дәнеңе түсіне алмай дал болып. — Мұны қайдан алып жүрсің?

— Шойын жолдың жиегінде жатыр. Тауып алдым! — деді Құлтай қуанғанын жасыра алмай. Шешесі жақтырмай қалды.

— Тә, кәпір! Онда саған не бар, парауыз қағып кетсе қайтесің? — Дәл осы кезде қойды иіріп болып, үйге әкесі де ене беріп еді. Шешесі енді соған бұрылды.

— Көкесі-ау, мына жертартқырың шойын жолды жағалайтын көрінеді ғой. Өткен жылғы әлгі Ермақанның баласы құсап...

— Жә, тантымашы... — Әкесінің онсыз да қатал жүзі түтігіп кетті. — Аузыңа құдайдың екі елі қақпағы жоқ-ау сенің. Сөзін сөйлейтін кісі табылғанымен, Құлтайдың әлгі екпіні, тау құлатқандай өрекпіген көңілі су сепкендей басылып қалды. Айтты-айтпады адырақ көз қара баланың басқаларға қарағанда бір мұңы артықтау боп өсіп еді...

Шешесінің тыйым салғанына қарамастан, Құлтай бұдан кейін де темір жолды жағалауды қойған жоқ. Әрі өткен-бері өткен пойыздарды шығарып салу енді үйреншікті кәсібіне айналды. Дүниедегі ең бақытты адамдар пойыз жолаушылары болып көрінетін оған. «Шіркін-ай, осылардың біріне мініп алып жер жиһанды бір айналып шығар ма еді», — деп қиялдайтын бала көкжиекке сіңіп бара жатқан жасыл вагондардың артынан телміріп.

Қазір Құлтай жиырманың үстіне шықты. Бірақ пойызға деген құмарлығы басылған емес. Рас, одан бері пойызға бірнеше рет мінді. Алайда ары кеткенде облыс орталығынан аспапты. Онда да бесінші класс оқып жүргенде құлағы ауырып, жергілікті дәрігерлер әрі-бері себебін таба алмай қойған соң, көкесі емдетуге апарған. Ақыры емделу мерзімін ұзатып алғанның кесірінен сол құлағы шала еститін болып қалды. Дәрігердің айтуынша, кішкене күнінде суық тигеннен.

Облыстық емхана Құлтайды ұзақ емдеді. Сол жылы класта орнында қалды. Келесі күзгі сентябрьде оқуға келсе, балалардың бәрі мұның құлағының тарихына әбден қанып алыпты.

«Саңырау!» деген ең қорлық мазақты көтере алмай, күздің қара суығында совхоз орталығынан қырық шақырым жерде отырған аулына бір түнде қашып шықты ғой Құлтай. Жолда келе жатып өксіп-өксіп жылады-ай. Ол жолы интернаттың тәрбиешілері машинамен жер ортадан қуып жетіп, қайта алып кетті. Бірақ тәрбиешілердің еңбегін үнемі зая кетіріп, Құлтай түнделетіп қашуды жиілетті. Ұрысқанға да, алдағандарына да көнбеді, меңірейіп тұрып алды. Оның үстіне басқа балалар жыл өткен сайын интернатқа бауыр басып, еркін үйреніп кетсе, Құлтайдың даланы, әке-шешені аңсауы ес білген сайын ұлғайып, күшпен ұстап тұруға болмайтын бір ішкі долылыққа айналған еді. Ақыры әке-шеше де, тәрбиешілер де көнді. Құлтай он үш жасында мектепті, оқуды, у-шу поселке өмірін тастап, қойлы ауылмен бірге қыр жайлап кетті...

Кейін сол құлақтың себебімен әскерден де қалды. Пойызға мініп, жер жиһанды бір айналып шығу туралы қиял осымен доғарылғандай еді. Сол бесінші кластағыдан кейін мынау тұрған облыс орталығына да бармапты. Рас, қыдырып қайтуға да болар еді, онда Құлтайдың туған ағасы тұрады. Әлдеқашан өз алдына үй боп кеткен. Әйелі, екі-үш баласы бар. Өзі автопаркте механик. Соған барудың бір иіні келмейді. Ағасы да керім-ақ. Құлтай баққан жылқының қазы-қартасын қапқа салып тасығанда жақсы, ал інісін айында-жылында бір ретін тауып қонаққа шақыруды білмейді. Жалпы, бір туысқаны болмаса ағалы-інілі екеуінің тумысы да, түрі де екі басқа. Бірі — заман ағымына икемделгіш пысық, бірі — көктемде арнасынан қашып шығып дариядан бөлектеніп қалған қара судай тұнық. Ағасы — құлағынан күн көрінген жұқалтаң, сары; інісі — түз сексеуіліндей тарбиған төртбақ, қара торы. Мұның биыл оныншыны бітіретін інісі де сол ағасына тартқан сары. Ол да пысық-ақ: тіпті өзінен бес-алты жас үлкен Құлтайды үйретіп отырады.

«Ол да мұнда тұрақтамас, — деп ойлайды Құлтай қабағын шытып. — Оқуға түсем, түсе алмасам, заводқа кіремін. Мұнда не, құлаққа ұрғандай тыныштық... басқа не бар қызығатын. Құлтай, (ол мұны атымен атайтын) осы сен қалай жынданып кетпей жүрсің? — деп отыратын еді ғой. — Иә, мұнда ол ешқашан қалмайды». Құлтай іштей туысқанының екеуіне де ерегісіп алды.. «Әй, қалмаса атамнан әрі, жөніне кетсінші бәрі...»

Туысқандарының ішінде мұның іші жібитіні — осыдан үш-төрт жыл бұрын совхоз орталығындағы бір жалғыз басты тракторшы жігітке күйеуге шығып кеткен қарындасы. Жиірек қатынасып тұратыны да соның үйі. Қанша айтқанмен, кейде қойшының бірқалыпты тірлігі жалықтырып жібереді. Өрекпіген жас көңіл бір кездері бірге өскен құрбы-құрдасын, шат-шадыман сауық кешін, жинақы жылы үйді, ең бастысы адамдардың ықыласын аңсап алабұртады-ай. Сондайда қыстаудан отыз-қырық шақырым жердегі совхоз орталығына тор дөненді аяңдатып тартып кетеді.

Жүрісті атқа отыз-қырық шақырым дегенің бұйым емес: ауылдан ертерек шықса, түс болмай-ақ поселкенің еріккен иттерін абалатып жетіп барады. Енді бірде торы дөненнен көңілдене ырғып түсіп, көлігін қарындасының шағын албарына байлап жатады. Дәл осыны күтіп тұрғандай-ақ, сенектен делеңдеп жүгіре шыққан қара торы жас әйел Құлтайдың мойнына асыла кетеді. Қойшы жігіт қарындасының жылдан-жылға мүсінденіп келе жатқан шынардай балғын денесін бір ауық үнсіз құшақтап тұрады. Шашынан, маңдайынан иіскейді. Өзіне бала күннен етене таныс қышқылтым айран иісі келеді. Бұл сәт тым-ақ ыстық... Мұндайда Құлтай өзін тек осы бір аяулы сәт үшін, анда-санда сағынып келгенде қарындасын бір ауық өсітіп үнсіз құшақтап тұру үшін ғана өмір сүріп жүргендей сезініп кетеді. Көзіне еріксіз ыстық жас... қуаныш, бақыт жасы мөлтілдеп шыға келді.

Бұдан кейін екеуі де құшақтарын жазып, бірінен-бірі көзін ала алмай, сол мауқы басылмаған күйлері ішке енеді. Дереу шай қойылып, ыстық- ыстық әңгіме-қауқыл басталады.

— Апам қалай, ауырмай жүр ме, басының сақинасы ұстап қала беретіні бар еді, — дейді қарындасы самаурынға шоқ салып жүріп. Сөйтеді де, екі көзі елжіреп, төрдің алдында таудай боп дөңкиіп отырған ағасының суыққа тоңып ісінген, қабарыңқы жүзіне жаутаң-жаутаң қарап қояды.

— Жүр ғой... — Сөзге епсіз Құлтайдың жауабы дәйім қысқа болады.

— Көкем ше? Белінің құяңы білінбей кетті ме?.. Қартайғанда олар қисайып қалса, саған қиын ғой, аман жүрсе екен, әйтеуір. Біздің қолымыздан тілектеріңді тілегеннен басқа не келеді.

Құлтай қарындасының үлкен кісілерше аяқ астынан уайымдай қалатынын қызық көріп, басын шайқап күледі. Өзіне әлі бала сияқты.

— Сәл нәрседен сезіктене беретінің не?

— Қайтейін енді... Соңғы бір айда хабарларыңды мүлде үздіңдер ғой...

Кешкілік Құлтай өзін біраз тәртіпке келтіреді. Сақал-мұртты жылмитып, тамағының астындағы, иегіндегі аздаған бөрткен жерлеріне ептеп иіс май себеді. Үстіндегі қалың киімдерін тастап, күйеу баласының шақырыспа мен мейрам күндері ғана иығына сұғатын кремплин костюм-шалбарын, қаракөл жағалы әдемі сұр драп пальтосын киеді. Қарындасының айтуымен киіз байпақ та шешіліп, добалдай аяғына жеп-жеңіл қара хром ботинка қона кетеді. Өзінікінен қалатыны — басындағы үлпілдеген түлкі малақай ғана. Малақайға қарындасы да қарсы бола қоймайды.

Осы кезде сағат кешкі сегізді соғады. Құлтай фабрикадан жаңа шыққан бұйымдай жасанып алып, хром ботинканы сықырлата клубқа беттейді. Клуб іші көбіне суық, от жағылмайды, жағылса да аз жағылады. Сондықтан келушілер де сирек: көпшілігі — мектеп оқушылары, үлкендер жағы некен-саяқ. Артқы қатарда самайға шыққан таздың шашындай селдіреп бес-алты еркек пен екі-үш бойжеткен отырады.

Есік алдындағы билет сатушы әйелдің қолына үш сомдықты қыстыра салған Құлтай ауысқан тиын-тебенді шылдыратып санап жатпастан кино жүріп жатқан қап-қараңғы залға кіріп барады да, жамбасына қисая кетеді. Кино болған соң оның лентасы үзілмей тұрмайды. Механик лентаны жалғаймын дегенше жарық жағылып, қап-қараңғы зал іші қапелімде самаладай жарқырап қоя береді. Жұрт көздерін сығырайтып жан-жағына қарайды. Ересектердің ішінде мұны танитыны болса:

— Ей, Құлтаймысың?! Қашан келдің? — деп, бір шетте мұздай жасанып ап, сіресіп қалған қойшы жігітке түрегеліп барып қолын ұсынады. Ал танымайтындары: «Шіреніп отырған мына неме кім?» дегендей малақайлы бейтанысқа өші бардай бір-бір бажырайыса қарап алып, өз жөндерімен болып кетеді.

Құлтай кейде клубтан бірге оқыған құрбы- құрдастарын да кездестіріп қалады. Ондайда көптен саяқ кетіп, үйіріне қайта кезіккен бесті аттай көзінің алды сәл кіреуке тартып, жүрегі қатты-қатты соғып қоя береді. Барып амандасады. Жігіттер мұны әлі баяғыша жымиып қарсы алады, бірақ аралары бір түрлі салқын, сөздері де жуыспай, кібіртіктесіп тұрғандары. Ал, қыздар... қыздар мұны әлдеқашан естен шығарып үлгерген.

Қыздар дейтіндей, мұнымен бірге оқыған қыз да қалмаған, көпшілігі — келіншек. Басы бостары бірен-саран ғана. Ұлдардың да дені үйленіп, өз алдына отау боп кеткен. Алдының екі-үш баласы бар.

Құлтай келесі күні кеш тұрады. Қарындасының төргі бөлмедегі болыскей кереуеттің үстіне қалың ғып салып берген шағаладай аппақ таза төсегін қиып кете алмай, манаурап ұзақ жатады. Сосын орнынан қинала тұрып, қол жуғыштағы жылы сумен рақаттана жуынуға кіріседі. Соның арасында екі иығынан демін алып самаурын да дайын бола қалады. Екеуі тағы қаймақ қатқан күрең шайды ұзақ-ұзақ сораптайды. Шайдан кейін бір ауық телевизор көреді, онан қалса бір жарым жасар жиенін үстіне мінгізіп, ат болып ойнатады. Түстен кейін моншаға барады.

Совхоз орталығына екі-үш қонғаннан кейін-ақ жігіттің іші пыса бастайды. Көңілі алабұртып, қайтқысы келеді.

«Шіркіндер, айында-жылында бір келгенде үйіне шақырып қонақ етуді де білмейді. Қыздардың жайы болса, анау...» — деп бірге оқыған жолдастарына ренжиді. «Шынымен-ақ мені ұмытайын деген екен. Әттең, егер оныншы класқа дейін бірге жүрсе, бүйтіп шеттетпес еді-ау» деп мұңаяды.

Ақыры Құлтай қайтуға бекінеді. Қайтпас бұрын совхоз кассасына барып айлығын есептетеді. Будыраған көк ала қағаздарды жамбас қалтаға қалай болса солай сұға сап, дүкенге қарай аяңдайды. Қоржынның екі басын шешесі тапсырған ол-пұл дүниелікке, шай-шекерге толтырып алып, түс ауа тор дөненге ер салады. Содан ымырт түспей-ақ құм ішіндегі жалғыз қыстауға салып ұрып жетіп барады. Кештетіп өріске кеткен әкесінің алдынан шығып, қой қораласады. Әкесі алғашында мұны байқамағансып, отардың бір шетінде үнсіз келе жатады. Құлтай да амандасуға асыға қоймайды.

— Не ғып тез қайттың? — дейді бір кезде амалсыз тоқайласып қалған әкесі сүңгіленіп мұз қатқан шалғы мұртын тараштап. Баласы күмілжіп төмен қарайды. Қара шал ұлын бір ауық қабағымен үнсіз барлап қатар жүріп отырады да, теріс бұрыла беріп бұған білдіртпей жай ғана күрсініп салады. Құлтай іштей қатты қорланып, бір түрлі намыстанып қалады. «Әй, ендігі барғанда тура он күн табандатып жатып алармын-ау» деп түйеді ертерек қайтқанына өкініп.

Әкесі аздан кейін тағы тіл қатады. Бірақ әлгіндей емес, үні едәуір жұмсарып қалған.

— Қарлығашжанның үй іші аман ба? Әлгісі қалай?...

Өсіп пе өзі? Ана жолы мен барғанда қолдың басындай ғана бірдеңе еді.

— Өсіпті ғой.

Бұдан кейін екеуі де үндемейді...

... Отардың алды Қоспақтөбеден әрі асып түсіпті. Бір топ қой шығысқа қарай бөле жайылып барады екен. Бастаушылары кәдімгі қайда болса да қырсығына жүретін көк туша.

«Қой, енді қайырмаса болмас... Күн де едәуір көтеріліп қалыпты-ау». Құлтай орнынан созалаңдай түрегеліп, үстіне жұққан шеге құмды түрпідей жап-жалпақ алақанымен бір қағып өтті. Сосын анадай жерде ұмыт қалып бара жатқан кітабын алып, қойнына тықты.

Торы дөнен ұзай қоймаған екен.

 

* * *

Су тартатын шығырдың үстіндегі төрт таған ағашқа бекіткен кішкене мотор тынымсыз зіркілдеумен тұр. Ыстықтан қаталаған отардың алды әлдеқашан ауылға құлаған. Әкесі құдықтың жанындағы цемент науаға өлермендене топылған саулықтарды таяғымен жасқап қойып, «тәртіп» орнатып жүр екен. Құлтай тор дөненнен баяу сүйретіліп түсіп, суға шыдамсыздана ұмтылған аттың ауыздығын алды. Шап айылын босатып, қайта тартты.

— Атты өзім жайлармын. Үйге барып бір-екі кесе шайыңды іш, — деді шал, торының шалбырын қайымдай. — Есқалидікі тойға шықырып кетті.

Құлтай аңырып әкесіне қарады.

— Әли құрдасың келіншек әкеліпті, — деді ол ұлының сөздің төркінін аңдай алмағанын түсініп.

— А-а, қашан?

— Түнде. Тыр-р! — Тор дөнен жолындағы қозы-лақты тізесімен қағып жіберіп, науаға ентеледі. — мына жамандатқыр қайтеді-әй?..

— Таң алдында Қоспақтың жолымен бір машина өткендей болып еді...

— Иә, солар көрінеді.

Құлтай қуанып кетті.

Әли — осы арадан қозы көш жердегі Есқали қойшының баласы. Баяғыда екеуі бірге оқыған. Өзі мұнымен түйдей құрдас. Бірақ бұл секілді оқуға қырбай емес еді. Он жылдықты мақтау қағазымен бітіріп, астананың ең таңдаулы оқу орны — университетке түскен. Енді, міне, келіншек әкеп отыр.

«Келіншегі қандай екен? — деп ойлады Құлтай үйге қарай асыға адымдап келе жатып. — Әдемі шығар. Әрине, әдемі. Астанада оқыған адамдар... ең болмаса қасы-көзін бояса да...»

Ақ фатаға оранған көркем қалыңдықты әрі-бері көз алдына ойша елестетіп көрді. «Қыр мұрын... қиғаш қабақ... көзі ботаның көзіндей үлкен, жоқ, үлкен болмауы да мүмкін, сәл қысықтау. Дегенмен сүйкімді, күлімдеп тұр». Бірақ бәрібір айқын елестете алмады. «Қойшы, барған соң көрерміз».

Шешесі де самаурынын бұрқылдатып, дайын отыр екен. Ұлын күндегі әдетімен сампылдап сөйлей қарсы алды.

— Саржалақтың (Есқалидің ерні үнемі шыт-шыт боп жүретін) үйіндегі оймақ ауыз келініміз де апы кіріп, күпі шығып жатқан көрінеді. Әли келіншек әкепті. Уһһ!.. — Томашадай сары кемпір қолындағы өзі қарайлас ондық самаурынды подносқа шықыр еткізіп қоя салды. — Жұрттың аузының салымы бар, әйтеуір. Біздің жүрісіміз мынау ... бүкшеңдеп.

Құлтай естімеген кісіше арқасын күн жеген ескілеу пиджагын керегенің көгіне іле салып, жуынуға тысқа шығып кетті. Шешесінің сыры бұған мәлім. Біреудің үйіне келін түссе, өстіп бір тырыспай қалған емес. Сонда қапелімде не қыла қой дейді екен...

— Апа, сүлгі қайда? — Құлтай қапелімде сүртінетін дәнеңе таба алмай қарманып қалды.

— Е, қайдан білейін!.. Жатқан да бір жерде оратылып.

Осы үйде сүлгі жинап, сызылып тұрған біреу бар ма?

— Түу..у, қойыңызшы енді...

— Қоймаймын!.. Қой дейді ғой маған. Одан да дүниеде тіпті осы ұрғашы әулие боп кетсе де, әкелмеймісің жұрт қатарлы біреуін.

Ол шешесін сөзбен тоқтата алмасын білді. Сондықтан үндемей жүріп, (шынында, жүктің артында оратылып жатыр екен) сүлгіні тауып алды да, ішіп-жеміне кірісті. Сәлден кейін әкесі де келіп, шайға отырды.

— Торыны жемдеп қойдым. Соны мініп барарсың.

Құлтай үндеген жоқ. Бірер кесені апыл-ғұпыл төңкере сап, жинала бастады. Бір жағынан тойға асықса, бір жағынан шешесі шалдың көзінше тағы сөйлеп тастай ма деп, содан қысылды.

— Апа, әнеукүнгі қара шалбар қайда?

— Қайсы, жаным-ау? — Шешесі дәнеңеге түсінбеген кісінің кейпімен аузына апара берген кесесін көтерген күйі аңтарылып қалды.

— Мырқының лавкасынан алған ше?

— Ойбай-ау, оны әлгі Нұртай мектеп бітіретін пешіріме кием деп алып кетті ғой.

Төрдің алдында қисайып жатқан қара шал дереу басын көтеріп ала қойып, кемпіріне оқты көздерімен атып жіберердей адырая қарады.

— Қайдан білейін...— деді шешесі шалдың қабағына көзі түсіп кетіп. — Жертартқыр... емізіктеніп тұрып алған соң, бере салып едім.

— Ә-ә, бәтшағар! Сол шалбар осы баланың үстінен түсіп қалатын шығар. Түнеугүні емес пе осы, кәстөм тіктірем деп тоқсан сом алып кеткені.

Құлтай қабағын тыржитып, мұрнының астынан күңк ете қалды.

— Жә, қойыңдаршы...

Жүктің астындағы қара чемоданды ақтарып жүріп қыстыгүні барғанда совхоз орталығындағы универмагтан қарындасының алып берген күрең түсті лавсаннан тігілген жаздық шалбарын тауып алды. Үстіне киюге шолақ жең жейдені таңдады. Кебеженің қуысында тот басып жатқан шоқ үтікті де тауып алды.

Шалбары сәл қысқалау екен, балағы тобығының үстіне шығып тұр. Оның есесіне шолақ жең шақпақ жейдесі шойындай мығым денесіне қолмен құйғандай жабыса қалды, Арада жарты сағаттай мезгіл өткенде Құлтай бақшадан жаңа жұлған қиярдай жылтырап, торы дөненнің үстіне қонжиды.

Ол айналаға көңілсіздеу көз жүгіртіп қойды. Күн тас төбеге шығып алып, шыжғырып тұр. Төңірек құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Ақ шағыл құм жүгерінің бадынағындай күреңтіп кеткен. Баялыш бұталарының басында шешек дағындай бұжыр-бұжыр арқасын күнге қақтаған кесірткелердің құрықтай ұзын мойындары қылқияды. Қия беткейлерде қара сұр құм жыланның иір-иір ұзақ жымы сайрап жатыр.

«Былайша қарағанда, апамдікі де жөн-ау» деп ойлады Құлтай үйлену жайы есіне түскенде. Көз алдына темір жол станциясындағы кітапханашы қыз келді. Оның мөлдіреген қарақат көздері, кере қарыс ақ маңдайына еркелей оратылған бір тұтам бұйра кекілі және де шүберек астында жатып байқаусыз өсіп жетілген балғын мүшелерін жасыра алмай тұратын жұқа шыт көйлегі...

Құлтай жайлауға ең жақын елді мекен — шағын темір жол станциясындағы кітапханаға айына бірер рет соғып тұратын. Кітап оның сүйікті ермегі ғана емес, есейген шақтағы бар көрген қызығы, бүкіл өмірі еді. Бәрі де сол әуесқойлықтан басталған. Әуелі іші пысқанда буат-буат боп анда-санда бір келетін газет-журналдарды ақтаруды үйренді. Келе-келе лавкашының көңілі түссе ала шығатын, қоймада жата-жата сүрленген бірен-саран кітабын сатып алып оқитынды шығарды. Қойшы, ақыр аяғында жас жігіт көркем әдебиетсіз тұра алайтын күйге жеткен.

Мұның көп оқитындығына, құр оқып қана қоймай, соны өзінше түйе білетін қабілетіне тіпті университеттің дырдай студенті, астананың мол қазыналы кітап қоймаларын алаңсыз кешіп жүріп, тұнығынан еркін сусындаған Әлидің өзі қатты сүйсінуші еді.

— Құдай біледі, сенде көмулі жатқан асыл қазына бар, дарын бар, — дейтін ол жолдасын барынша сендіруге тырысып. — Әттең, оқымай қалғаның. Құлтай, шыныңды айтшы, осы сен баяғыда интернаттан неге қаштың?

Бірақ Құлтай ішінен. «Мені сергіту үшін, анда-санда келгенде көңілімді көтеру үшін айтқаны ғой», — деп, жолдасының көтермесіне пәлендей мән берген емес.

Оның станцияға соңғы рет соққанына да біраз болыпты. Бұрынғы кітапханашы станция бастығының әйелі-тін. Жас ортасынан асып кетсе де, шашын ескі интеллигенттердің үлгісімен желкесіне түйіп қоятын, таза, сыпайы кісі еді. Жердің шалғайлығын ескеріп, Құлтайға кітапты қанша алам десе де шек қоймайтын. Бұл жолы да оқыған кітаптары қоржынның екі басына толды. Әдеттегідей торыны телеграф бағанына байлай салып, қаннен-қаперсіз кітапхана үйіне кіріп барса, бұрынғы таныс жеңгесі көрінбейді, ұзын үстелдің бір шетінде бұйра кекілді жап-жас қыз отыр. Қыз мұның ыстықтан күреңіткен қып-қызыл тершең жүзіне, кітап салған қоржынына мысқылдай көз жүгіртіп, мырс ете қалды. Құлтай қапелімде қатты қысылды, әрі бір жағынан жас кітапханашыға ашуы да келді.

Қыз кітаптарды біртіндеп мұқият тексеріп алды. Тексеріп жатып: “Шынымен осының бәрін бір өзің тауыстың ба?” дегендей, көзінің астымен сынай қарап қояды.

— Енді не аласыз? — деген ол кітаптардың аман-есендігіне әбден көзі жеткеннен кейін бұған мойнын бұрып.

Құлтай тағы да ыңғайсызданып қалды. Бұрынғы кісі бүйтіп тергемейтін, әркім қалаған кітабын сөрелерден өзі таңдап алушы еді. Дегенмен бұл жолы жігіттің “өзім таңдаймын” деп, қызды билеп-төстеп кетуге батылы жетпей қалды.

— “Соғыс және бейбітшіліктің” үшінші, төртінші томдары болса... — деді, кітап “әміршісінің” тағы қай жағынан шығып қалар екенмін дегендей қипақтап.

Қыздың аласы мол қара көздері таңдана төңкеріліп түсті.

— Толстойдың ба?

— Иә!.. — деді Құлтай ананың тым пысықтығын ұнатпай. Өзіне салса: “Толстойдікі емей, сенің атаңның басінікі деп пе едің? — деп бір салғысы кеп те тұрды.

Ол “Соғыс және бейбітшіліктің” томдарына қосып, және екі-үш кітап алды. Тағы да алғысы келіп еді, “келесіге де қалсын да” деп кітапханашы мысқылдаған рай танытты. Қыз кітап алғандығы жөніндегі қағаз бен өзінің сүйіріктей қаламсабын ұсынды. Құлтай қағазды ғана алып, ананың қаламсабын мүлде елемеген кісіше, қойнындағы бір отар қойдың кіріс-шығыс есебін өткеріп жүрген добалдау қарындашпен айдақтата қол қойып шықты. Ашуланғандікі ме, қойған қолының екі-үш түйір қарпі алақандай қағаздың жарым-жартысын түгелдей алып кеткен екен.

Қыз басын шайқап күлді.

— Маған ренжіп қалдыңыз-ау деймін...

Құлтай естімеген кісіше қоржынын қолтықтаған күйі есікке беттеді. Сенекке шыға бергенде, қыршаңқы қыздың үні тағы сыңғыр ете түсті.

— Қоштасу қайда? Сізді де жігіт дейді-ау... Кәмпитке өкпелеген балаша бұртиюын қарашы.

— Сау болыңыз... — деді Құлтай мұрнының астынан міңгірлейді.

Содан бері станцияға қайтып соқпаған. Ол қазір сол қылығына өкпелеп келеді. “Бәлсініп нем бар десейші. Тым жақсы қызбен тіл тауып, танысып алудың орнына... Әй, өзімнің де қыз дегенде қырым жоқ-ау. Орталықтан ерте қайтқанда көкемнің күрсініп салатыны содан ғой.

...Әлидің вечеріне жан-жақтан қыздар жиылатын шығар. Осы жолы ішіп алса да, солардың біреуіне тиіспесе болмас. Әйтпесе қарап жүрген кісіге кім жолайды... Түу... у, өзім де қызықпын ғой. Әрине, қыздың өзі жабыспайды...”

Шеге құмы жылқының шашасынан келетін борпылдақ қия қабаққа асыла берген торы дөнен құлағын қайшылып, елеңдей қалды. Ылдидан дөңгелете тігілген үш-төрт қараша үйдің үзіктері ағараңдады. Ауыл маңы қара-құра мал. Ошақтан будақ-будақ түтін шығады. Есқалидың ақ боз үйі ары-бері сапырласқан халыққа жүзіп кеткен. Есік алдында көлденеңдеп ферманың маңдайындағы жалғыз водовозы тұр.

«Апыр-ау, демнің арасында мұнша жұрт қайдан жиыла қалған». Құлтай таң-тамаша қалған күйі торыны тебіне түсті.

 

 

* * *

Ол әуелі шопанның мініс аттарына жалатып отырған азын-аулақ жемі мен жеке малдарынан түскен жүн-жұрқа, тері-терсек сияқты майда-шүйде керек-жарақтарын жинауға тіккен, отырықшы елдің сарайы іспетті жапырайған шыта қостың жанында көлеңкелеп отырған бес-алты еркектің қолын алып шықты. Бұлар — осы арадағы бір қауым малшы әулетінің бас көтерер азаматы.

Жасы-кәрісі аралас. Күн қақтаған қара күрең жүздері мына әрі өткен-бері өткен бота-тайлақ сүйкене-сүйкене жантайып, бір жамбасына құлауға таяу шыта қостай жүдеу. Еріндері шыт-шыт. Кейбіреуі жалақ. Көпшілігінің шүңірейген көздері терең құдықтың суындай түбінде ғана жылтырайды. Араларында көптен ұстара тимеген сақал-мұрттары кірпінің қылтанындай қолайсыз ербиісіп тұрғандары да бар. Әйтсе де өздері тым көңілді. Сыңайы жас еттің өкпе-бауырымен бірге бір-екі жүз грамды қылғытып үлгерген тәрізді.

Құлтай «құтты болсынды» кімге айтарын пайымдай алмай, бір сәт жан-жағына аңтарылып тұрды. Соның арасынша ошақ жақтан жаңа ғана үйтілген бас-сирақтарды істікке қадап әкеле жатқан Әлидің шешесі — Мырзагүлді көзі шалып қалды. Мырзагүлдің артынан табақ көтерген екі-үш жас келіншек бір нәрседен құр қалғандай, шұбатылған етектеріне сүріне-қабына осылай қарай келеді екен.

— Қуаныш қайырлы болсын, апа!.. — деді Құлтай, жер ортасынан ауып кетсе де сын-сипатын жоғалта қоймаған, жасында осы аймаққа әдемілігімен даңқы шығып, қазір жасы елуге келген шағында да баяғы кербездігін ұмыта алмай, үнемі шатырдай боп таза жүретіндіктен абысын-ажындарына «оймақ ауыз сал шешей» атанған келісті бәйбішенің қолынан алып.

— Айтсын, құлдығым!.. Жаңа келдің бе? Міне, мынау... құрдасың келіншек әкеп, қапылып жатқанымыз.

— Дұрыс қой... — Құлтай ыржиып. Соның арасынша жаңағы табақ көтеріп келе жатқан келіншектің біреуі жігітті бас салды.

— Шешей-ау, көрімдігін біз аламыз.

— Қағынғырлар, сендер екенсіңдер ғой... — деді Мырзагүл әлгілердің жан-жақтан Құлтайға тап-тап ұмтылғанын қызық көріп. — Е-е, алыңдар! Сендер алмай, мен алат деп пе ең, түге.

— Мен алам, мен алам!.. деп бұрын жеткен екеуі не қыларын білмей сасып қалған жігіттің жан қалтасына білектерін бойдатып кеп жіберді.

Осы кезде сыйлы қонақтар отырған үлкен үй жақтан тағы біреуі жүгіріп шықты.

— Әй-әй!.. Ту... у, мыналар нысапсыз екен. Ашық ауыз қайнымның көрімдігі менікі дегенім қайда мана. Мүйіздерің шығатын болса, ертелі алуларыңның кемісі жоқ қой.

Аналар оны тыңдайтын емес. Тіпті әрі-беріден кейін қолына ештеңе іліге қоймаған соң, әлгі бұрын жеткен екеудің көзі жайнаңдаған жастау біреуі жігітті жуан санынан үзілердей қып аямай шымшып алды.

— Ойбай, ене-ау, ала беріңдер дейсің. Бұ байғұстың қалтасында өзінікінен басқа зымырақ та жоқ қой!..

Отырғандар ду ете қалды. Күлегештеулері ішін басып, отырған-отырған жерлеріне қисайып қалысты. Құлтайдың құлағының ұшына дейін қып-қызыл боп кетті.

Қойыңдаршы әрі! Құтырасыңдар-ау іштерің толып.

Қазандағы былқи піскен жас еттің көбігін алып отырған томашадай қара кемпір, әйелдердің кіші бар, үлкен бар-ау деп елемей, тым дандайсын кеткендерін ұнатпай, тыржың ете қалды.

— Жас бала қайдан білсін. Әлгі быжылдақ шешесі осындайын біліп, қалтасына бірдеңе ырымдай салуды да ұмытып кеткен ғой.

Құлтай сол қызарған күйі жұрт көзінен жылыстап барып, көлеңкедегі еркектердің жанына отыра беріп еді, жаңағы көзі күлімдеген жас келіншек ізінен қалатын болмады.

— Әй, ендеше құдыққа барып су әкеле ғой, — деп, әрқайсысына анау-мынау бір науаның суы кететін абажадай екі шелекті дәл аяғының астына қаңғыр еткізіп тастай салды.

— Қағындың бар ма? Өзің неге әкелмейсің, — деді келіншектің көлеңкеде отырған күйеуі әйелінің орынсыз жыртыңдай бергенін жақтырмай.

Бірақ «Қой, байым айтқан екен, ұят болар-ау» деп жатқан ол көрінбейді, тіпті жырына да кіріп шығатын емес.

— Не, тасысын!.. Бет моншағы үзіліп бара жатса, ана тентек қайным құсап, бір шөпжелкені әкелмей ме мөтеңдетіп.

Отырғандардың көпшілігі енді келіншек жағына шығып кетті. Тұс-тұстан:

— Дұрыс, дұрыс... Әй, Құлтай қарағым! Осы жолы қымылдап қал енді. Астанандан келген құдашалар да ешкімнен кем көрінбейді. Көздері сүзіліп, арғымақтай жарап тұр, — десіп жатыр.

Құлтай мына дау-дамайдан тезірек құтылуға тырысты. Жан-жақтан анталаған қалжыңбас сұрақтарға не деп уәж қайырарын білмеген күйі домалап жатқан шелектерді алып, құдыққа беттеді. Келе жатып: «Апыр-ай, әлгілердің мені қолайлауын-ай. Басқаға өйте алмас еді, — деп ойлады. — Осы жұрт әңгімені қалай қиыстырып ала береді екен».

Су әкелгеннен кейін де желігіп алған жас әйелдер жігіттің болмашы нәрсеге ұяла қызараңдайтынын қызық көріп, олай-бұлай жұмсай берді. Самаурынға салатын сексеуілді томшалады, үйітілген бастың жағын айырып, тісін қақты, жас етті мүшелеп, жіліктеді, ең аяғы үлкен үйдегі сыйлы кісілерге де суды Құлтай құйды. Не керек, қашан тамақ түсіріліп, қонақтар бір жайлы болғанша тыным тапқан жоқ.

Ас желініп, бата қайырылғаннан кейін, үлкен үйдегілер дабырласып сыртқа шықты. Шалдар жағы есік алдындағы ақ шағылға көтеріліп, алқақотан жайғаса бастады. Есқалидің інісі Досқалидің отауы жақтан қызыл ала киінген бір топ қыз-жігіттер көрінді. Орталарында осы бір қауым ел ынтыға күтіп отырған жас келін де бар. Мұны көріп: «Беташар!.. Алақай-алақай!...» — деп шуылдасып, құдық жанында алаңсыз ойнап жүрген бір топ бала да сандары жарқылдап соларға қарай шауып ала жөнелді.

Құлтай да қалың дүрмекке ілесе берген, кенет әлгі отау жақтан шыққан жастардың арасынан жылыстап бермен бұрылған бір жігітті көрді де, аңырап тұрып қалды. Бұл — Әли еді. Кәдімгі құлын-тайдай тебісіп бірге өскен құрдасы. Қойшы жігіттің деі жиілеп, көздері еріксіз күлімдеп қоя берді. Анау мұны жанына жеткенше таныған жоқ. Тек аралары есік пен төрдей қалғанда ғана анық шырамытып:

— Ау, Құлтай? Аман-сау бармысың, — деп қолын созды.

Құлтай сол күлімсіреген күйі жолдасының ап-арық салалы саусақтарын сілкілей қыса берді.

— Құсың құтты болсын...

— А-а... айтсын. Ертелі қайда жүрсің?

— Қол тимей жатыр ғой. Мынау апамдарға көмектесіп.

— Ә-ә, дұрыс-дұрыс. Қалай енді, өзіңнің жағдайыңды айтам... десаулық мықты ма? — Күйеу жігіт құрдасының қақпақтай жауырынын үлкен кісілерше қағып-қағып қойды.

— Мықты ғой... — деді Құлтай қанына сіңген әдетімен момақан ыржиып.

— Сен қашан аласың енді?

— Нені?

— Өй, құдай-ай, қатынды деймін де. Денсаулық мықты болса, енді бір шүйкебас керек қой, солай емес пе?

«Апыр-ау, мыналар бірінің аузына бірі түкіріп қойған ба?» деп ойлады. Құлтай қалай жауап берерін біле алмай қызарақтап.

Астаналық студент енді мұның бар-жоғын ұмытқан қалыппен әңгімені басқа арнаға бұрып жіберді.

— Әлгі біздің кемпушканы көрмедің бе? Ә, ана жақта жүр екен ғой. Апа!.. — деді сосын ошақтың жанында әлденендей шаруамен күйбеңдеп жүрген шешесіне дауыстап. — Апа, бермен келіп кетіңізші.

Мырзагүл дауыс шыққан тұсқа елең ете қалды.

— О не, құлыным-ау?

— Ойпырым-ай, енді берірек шығып кетіңізші.

— Қазір-қазір...

— Шампан таусылып қалған ба, жаңа жоқ деп жіберіпсің ғой, — деді баласы шешесімен оңашарақ шыққаннан кейін.

— О тағы неменесі, жаным-ау? Әлі бортылдақты айтамысың?

Әли шешесінің ешіктей бергенін жақтырмай, шырт ете қалды.

— Иә-иә!..

— Ол құрғырың бітіп қалыпты ғой.

— Біткені қалай? Сонша бөтелкеден шынымен-ақ түк қалмағаны ма?

— Бір-екі шынысы қалған екен, жаңа әлгі су су таситынның шофері қарқылдап тұрып алған соң, бере салып едім. Ол көтікелгірдің дәрі екенін қайдан білейін.

— Әне, сүйтесіз де жүресіз, әйтеуір, — деді ұлы қабағын шытынып. — Немене, су тасушыға шампаннан басқасы жарамай қалып па?

— Ойбай, құлдығым-ау, қойып жатыр ма?.. «Жеңешетай, жүрегімнің қыжылдайтыны бар еді, анауыңнан берші» деп тас табандап қалды ғой жертартқыр.

— Туһ!.. — Әли қолын шарасыздана бір сілкіп, теріс айналып жүре берді.

— Қап, мына баланың мені тағы бір әуреге салуын-ай! — деді Мырзагүл біресе ашуланып кеткен ұлына, біресе манағы орнында состиып тұрып қалған Құлтайға кезек-кезек жалтақтап. — Әлгі шалы құрғыры қайда кеткен жоғалып. Сол-ақ желпілдейді де жүреді-ау. Мына жақта тозаққа күйетін бір итаршы болған соң, қайтсін!

— Е-е, жүрген де. Беташарға кетті емес пе, — деді ошақ басындағы кемпірлердің біреуі Мырзагүлдің не болса соған күйіп-пісе қалатын шыдамсыздығын ұнатпай. — О байғұс не көріпті. Көрсін баласының қызығын.

— Жоғ-ау...

— Апа, қажет болса мен-ақ барып келейін, — деді Құлтай бір шеттен сөзге араласып. — Стансадағы дүкеннен өткен жолы көргенім бар еді.

Мырзагүл қапелімде қабағы жадырап, бәйек болды да қалды.

— Үйбай-ау, дәп қазір, тал түсте ме? Қап, қара тігілгір, жаңағы «бадауыздың» да қапелімде кетіп қала қойғанын көрдің бе?! Сәл іркіле тұрсаңшы, ең болмаса күннің қызуы басылсын да.

— Ештеңе емес. Онысыз да мен барып қайтам дегенше кеш болады.

— Онда мен сөмке даярлай қояйын... — Мырзагүл етегіне сүріне-қабына үлкен үйге енді де, іле-шала жүннен тоқылған бір ала қоржынды алып қайта шықты.

— Құлтайжан-ау, мынау бола ма? Масқара болып әлгі стансадағы жаман қыздар күліп жүрмесін, әйтеуір.

— Болады... — деді Құлтай басын изеп.

— Қайдан білейін. Күлмесе болар, жаным. Үйбай-ау, әлгі біздің ұлдың кейде осындайда қылтиып қалатыны бар ғой. О, тоба... баяғыдан бері ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмей жүре беріппіз ғой. Енді қартайған шағымызда жөн-жосықты солардан үйренетін болдық.

— Түһ, мына қатынның мылжыңы-ай! Быжылдамай болсаңшы енді, — деді әйелдердің біреуі асықтырып. — Станса дегенің де ит өлген жер ғой, көктігілгір. Жарық кезінде барып қайтсын ана бала.

Мырзагүл абыржып:

— Құлтайжан-ау, мә, — деді камзолының жан қалтасынан бес-алты он сомдықтарды қызарта суырып алып. — Осыған түскеніше молырақ қылып аларсың. Жетпей қалса, әлгі ұл тағы мазамызды май ішкендей қылып жүрер.

Құлтай торы дөненді жол жорғасымен аяңдатып отырғанның өзінде станцияға бесіндетіп әзер жетті. Қанша асыққанымен, қыш кірпіштен сомдап құйылған вокзал үйі мен станцияның атамзаманғы ескі бағындағы зәулім қара ағаштар сонадайдан қылтылдап, жеткізбей тұрды да алды.

Ол атын бергі жағаға тастап, темір жолдан өзі жаяу өтті. Күн біраз еңкейгенімен, шағырмақ сәулесі әлі шекеден өтіп барады. Оның үстіне үп еткен жел жоқ, ауа сондай қапырық. Бақтағы ағаштардың көлеңкесі екі-үш кісі бойындай боп, едәуір ұзайып қалғанымен, әзірге қоюлана қоймаған. Асфальттап тастаған шағын перрон тып-тыныш. Егер су құбырының аузындағы бір-біріне су шашып, ойнап жүрген екі-үш бала болмаса, мұндағы ел тегісімен бір жаққа ауа көшіп кеткен бе деп ойлап қалғандайсың.

Құлтай сол су құбырын айналып өтіп, вокзалдың қарсы жақ қапталындағы тас дүкенге беттей беріп еді, балалардың бірі соңынан дауыс салды.

— Аға, жабық тұр.

— Дүкенші қайда? — деді Құлтай ойындарын тастай салып, балаға тән әуесқойлықпен мұның артынан аңтарыла қарап қалған оларға бұрылып. — Паһ, түрлеріңе болайын... — Жігіт мырс етіп күліп жіберді. — Немене, күлге аунап тұрғансыңдар ма өздерің?

Дәл судың жанында жүрсе де қара домалақтардың үсті-басы сауыс-сауыс. Ала жаздай күн жеп, ескіріп қалған тоқыма мәйкелердің түсін ажыратып болмастай әбден оңып кеткен. Қол-аяқ, бет-ауыздары қап-қара: ақсиып тістері ғана көрінеді.

— Үйінде, — деді шетте тұрған біреуі бұған қарай екі-үш адым алға шығып.

— Сендер оның үйін білесіңдер ғой, ә?

— Білеміз-з!.. — Балалар осындай да сұрақ болады екен-ау дегендей, бейтаныс кісіге таңырқай қарап қалыпты.

— Ендеше сілтеп жіберіңдерші...

— Әй, ертіп барсай... — Ішіндегі бойшаңдау біреуі шегіншектей берген майқұйрық тапал қараны түртпектей бастады. — Аға, мынау соның баласы, дүкеншінің...

Тапал қара анаған адырая қарап қойып, амалсыздан Құлтайдың ізіне ерді. Бұлар бір отар қойдың қотанындай ғана ойпаңға сыйып кеткен шағын ауылдың шет жағындағы тоқал ешкідей шұнтиып қалған қазақы қоржын тамға барып кірді. Су сеуіп, сыпырып тастаған ауызғы бөлме тастай қараңғы екен. Ыстықтан әбден қаталап келген Құлтайдың қойны-қоншына тоңазытқыштан соққан мұздай лептей болып, сап-салқын самал соғып қоя берді. «Шіркін-ай, жанның рақаты мұнда екен ғой, — деп ойлады жігіт отырықшы өмірге қатты қызығып кетіп. — Төсекке қисая кетіп, сәл ғана дамылдап алар ма еді?»

Соның арасынша бірдеңе қаңғыр ете қалды. Есік алдындағы бос шелекті байқамай тізесімен қағып кеткен әлгі бала екен. Іштен іш көйлегінің етегі ағараңдап, ұйқылы-ояу бір әйел апыл-ғұпыл атып шықты. Қолында сыпыртқының басы сықылданған бірдеңесі бар.

— Ә-ә, кебенек келгір, тіміскілейді де жүреді ғой бұлар өстіп.

— Апа, бұл біз ғой,— деді бала шешесінің абыржыған кескініне пәлендей таңдана қоймай. — Мына кісі көкемді сұрайды.

— Сәламатсыз ба, — деді Құлтай жартылай ашық-тесік әйелдің жүзіне тіке қарай алмай.

Анау не дерін білмеген адамша аузын жыбырлатқандай болды. Содан кейін жалма-жан төргі бөлменің ашық қалған есігінен басын сұғып:

— Әй, мұнда біреу сені күтіп тұр ғой, шығып кетсейші, — деді.

— Кірсін да... — деді іштегі дөнен қошқардың үніндей қоп-қою, салмақты дауыс ұйқылы-ояу маужырап.

— Кірсіні несі?! Жұмысым бар деп тұрған жоқ па. Азаннан-кешке дейін керіліп-созылады да жатады-ау бұл, — деді әйел ананың жайбарақаттығына күйіп кетіп. — Түс қайтты. Тұрсаңшы енді.

Сөйтті де есікті тарс жауып, күңкілдей сөйлеп ішке қайта енді.

— Осы жұрт-ақ қаңғырады да жүреді екен. Жұмысы жоқ-ау деймін, сірә. Кішкене көзіміздің шырымын ала қояйық деп едік.

Арада бес-алты мүйнет өткенде қысқа жең ақ көйлектің сыртынан май тостағандай қарны шертиген дүкенші шықты.

— Ассалаумалейкүм,— деді енді не істерін білмей қипақтап тұрған қойшы жігіт қуанып кетіп.

Абырой болғанда, дүкенші мұны таныды:

— Ә-ә, сен екенсің ғой. Қалай аман ба, бала? Кемпір-шалың күйлі-қуатты... дұрыс-дұрыс. Ал енді... шешініп, былай үйге кірмедің бе?

— Ойбай, аға, осы ара да болады ғой. Асығыс едім,— деді Құлтай ананың жылы-жылы амандасқанына кәдімгідей іші жылып. — Өзіңізде бір кішкентай жұмысым болып...

— Иә?..

— Бір он шақты шиша шампан керек еді.

— Шампан деймісің?— Дүкеншінің бетіне әлгінде ғана жылтырап шыға келген жылы шырай біреу оқыс үрлеп қалғандай, лып етіп, лезде қайта сөнді.

— Шампан жоқ. Мейрамға қарсы екі-үш жәшік келіп еді, әлдеқашан өтіп кетті ғой. Құлтайдың іші қылп ете қалды.(Сонша жерден ат сабылтып келген еңбегін айтсайшы).

— Аға, енді ең болмаса бір... үш-төртеуі қалған шығар, — деді сосын дереу шынының санын азайта қойып,— Бір сыйлы қонақтарға керек болып тұрғаны. Әйтпесе...

Дүкенші де бұның жағдайын түсінгендігін байқатып-ақ жатыр.

— Дұрыс қой. Бірақ сол шіркін...

Жігіттің енді тіпті есі шықты.

— Ағажан, бір лажын табыңыз,— деді суға кетіп бара жатқан адамнан әрі жалбарынып. — Сіз бірдеңе қылмасаңыз... — Құлтай «Құрыдық» деген сөзді айтып қала жаздап барып, тілін тістей қойды.

— Қой, енді болмас... — Дүкенші Құлтайды бұдан әрі қинаудың артықтау екенін түсінгендей, қолын бір сілтеді. — Өзіміздің баласың, әйтпегенде... Қаладағы балдыздарым келет деп, сары майдай сақтап отырған бес-алты шынының бары рас еді... Әй, қатын, сарайдың кілтін әкелші.

— Рақмет!.. Ой, аға-ай, мынауыңыз естен кетпейтін жақсылық болды-ау,— деді Құлтай шыныларды қоржынға тыққыштап жатып, — қанша төлейін?

— Өзің білесің, мұның ауылдық жерде пайпұл дегені болады. Бесеуіне отыз сом бересің ғой.

— Мінекейіңіз...

— Айтпақшы, бала... — Дүкенші он сомдықтарды қалтаға баса беріп, ойда жоқта бірдеңе орала кеткендей, Құлтайға қайта бұрылды. — Қоспақ жақта бір торы төбел айғырдың үйірі көзіңе түспеді ме?

— Е, түскенде қандай? Әлгі қамшылар жақ құлағында солағы бар жуан айғыр ма?

— Иә-иә, сол менің жылқым ғой. Біз мына сауда-саттықтан босамаймыз. Соған олай-былай шыққанда көз қырыңды салып қойшы. Бәріміз де азаматпыз ғой, әйтеуір...

— Ойбай, о не дегеніңіз,— шопан жігіт манадан бергі бойында жоқ сөзшеңдіктің қай жерінен ағытылып кеткенін өзі де аңғармаған күйі. — Көз қырымызды саламыз ғой, өзіміз үшін олай-былай шықпай тұрмаймыз...

Тойлы ауылға Құлтай ымырттатып жетті. Тор дөненді Досқалидың отауының сыртындағы жер қазыққа байлады да, қанжығадағы қоржынды шешіп алып, шыта қостың босағасына апарып елеусіздеу қоя салды. Үлкен үйдің алдында шай қойып жүрген әйелдердің арасынан мұның келгенін бірінші болып байқап қалған Мырзагүл көйлегінің етегі делеңдеп, сонадайдан алдынан шықты.

— Әкелдің бе қарағым?.. Қап, тал түсте сені де қинадық-ау. Қой, енді ана жастарға барып қосыл. Дем ал, — деп дереу ошақ басындағы су толы құманды ала жүгірді. — Кел, әуелі шайынып алшы дұрыстап.

Құлтай асықпай жуынып, үсті-басын қаққыштап, Досқалидың жұмыртқадай ақ отауына беттеді. Отау іші араның ұясындай құж-құж қайнап жатыр. Құлтай баса-көктеп кіріп баруға бата алмай, есік алдында сәл іркіліп қалды. Үсті-басын тағы бір сипағыштап, бір-екі өп-өтірік жөткірініп қойып, ақыры батылсыздау күйде ішке енді. Киіз үйдің есігі жалп ете қалды. Ырду-дырду шыққан масаң дауыстар, сықылықтаған күлкі лезде тыйыла қалып, отырғандар табалдырықтың көзінде состиып тұрған бейтаныс жігітке одырайыса қарады.

— Ә-ә, келіп қалдың ба? Кел-кел...— деді қонақтардан төмендеу, есік жаққа таман жайғасқан Әли төрді нұсқап. — Қалай, таба алдың ба?

Құлтай басын изеді. — Бұл — манағы станцияға кеткен жігіт болды ғой,— деді қақ төрде құс жастықты бауырына басып, кесе-көлденең шәниіп жатқан бір түбіт мұрт, әдеміше келген ақ құба бозбала әр нәрседен хабардар екенін аңғартып.

— Иә, сол батырың. Әуреленбей-ақ қой дегенге болмай кетті емес пе. — Әли құрдасына енді бар денесімен бұрыла қарады. — Оу, неғып тұрсың? Жоғарылатсаңшы.

Құлтай жеңіл туфлиін аяғының ұшымен сыпырып тастап. Әлиге қарама қарсы тұстағы дастарқанның екінші шетіне барып жайғасты. Көңілді топ тым-тырыс дырайыса қалғандарын қойып, дереу өзді-өзі болып кетті. Қыздардың кісінің қытығын келтіргендей қылықты, назды күлкілері қайта сыңғырлап, жігіттердің масаң үндері жарқын-жарқын шыға бастады. Құлтай алдындағы суып қалған кесені қолына алып, шетінен көңілсіздеу ұрттап отырды. Жан-жағына көзінің астымен елеусіздеу ғана байырқалап өтіп еді, бұл отырғандардың ішінен Әлиден өзгесін танымайды екен. Құлтай бұлардың күйеу жігіт пен қалыңдыққа еріп келген астаналық студенттер екенін пайымдады. «Шамасы, совхоз жастарын кейін бөлек шақыратын болған ғой» деп ойлады.

Кілең жарау аттай боп, сымдай тартылып қалған мына қыз-жігіттердің шаш қойысы, киім киісі, ең ар жағы әдеп-ибасы, жол-жоралғыларына дейін алғашында оған тым таңсық, өзгеше боп көрінді. Жігіттер тегісінен кекілдерін аямай өсіріп, иықтарына төгілдіріп қойыпты. Қыздардың басым көпшілігі дерлік шаштарын қысқа қырқып, жан-жағына шашау шығармай, жылмитып тастаған. Әйтсе де көрер көзге сүйкімді-ақ. Иненің көзінен өтіп кетердей боп жұтынып отыр. Өздері бұл жоқта біраз қарқындатып тастаған сияқты, беттерінің ұштары бал-бұл жанады. Көздері кілгіріп, шала бурыл болып қалғандары да бар.

Құлтай келгеннен кейін де үш-төрт тост көтерілді. Екі-үш рюмкадан кейін бұған да жел бітейін деді. «Әй, несі бар, бір есептен осылардыкі де дұрыс. Жастық шақта күліп-ойнамағанда...— деп ойлады, төрдің алдында темекінің түтінінен ауаға сақина жасап, жанындағы жігіттің бөксесін шынтақтай қисайған бір толықша ақ сары қыздың қысқа етек көйлегінің астынан ағараңдаған сүңгідей сұлу балтырына көзі түсіп кетіп. — Тосырқайтын түгі жоқ. Бәрі де өзіміздей қазақтың баласы шығар».

Осы кезде тамада жаңадан тағы бір тост жариялады.

— Ау, Әли мырза! — Төрдегілердің бірі дастарқанның шетін жұдырығымен қойып қалды. —Ты, слушай... бізді мына жігітпен таныстырмадың ғой.

Жұрт тағы да жапа-тармағай дүрлігіп, әлгінің иегінің астына қарасты. Құлтай төмен қарап, қып-қызыл боп кетті. «Түу, адам көрмегендей мыналарға не болған-әй...»

— Ә-ә, бұл — Құлтай деген жігіт. Біздің көршіміз, — деді Әли немқұрайдылау үнмен. — Үйі осы арадан бес-алты қырқа жерде. Кейін қонаққа барамыз. Әлі сонда дұрыстап танысасыңдар.

Құрдасына Құлтайдың кәдімгідей қарны ашып қалды. Тіпті қатты ренжіді. «Көршім-көршім деп сөзбұйдаға салмай-ақ, бірге өскен досым, не жолдасым десе қайтеді екен...»

Аздан кейін дастарқан жиылып, жұрттың бәрі желпінуге тысқа шықты. Ертегідей қыр түні үнсіз ғана маужырауда. Арқадан білінер-білінбес жібек самал желпиді. Аспан шайдай ашық. Шетсіз-шексіз көк зеңгір мұқият жуылған жас табақтай мөлдірей қалған. Баданадай ірі-ірі жұлдыздар тым жиі. Мөлт-мөлт етіп, тамып кеткелі тұр. «Ертең тағы да шағырмақ болады екен, — деп түйді Құлтай ішінен, — осы ай түгелімен ыстық болатын түрі бар-ау».

Төңірек тым-тырыс. Өрістен іші-сырты бірдей боп тойып қайтқан мес қарын саулықтардың бырт-бырт күйіс қайырғаны, отардың бір шетінде адасып қалған қозыларын іздеп, ауық-ауық мекіренгені сол тым-тырыстықтың тәтті қайырмасындай құлаққа жылы-жылы естіледі. Түнгі жайылымға жіберілген екі-үш мініс аттың тұсауының шыңғасы сылдырап, есік алдындағы ақ шағылға асылып барады. Аттардың жұп-жұмыр сауырлары ай сәулесіне шағылысып, жылт-жылт етеді.

Желпінуге шыққан жастар сәл дабырласып барып басылды.

— Міне, біздің қыр түні, — деді Әли спектакльдегі өзінің ең бір жанына жақын сүйікті монологын айтып тұрған артисше екі қолын шабыттана жайып жіберіп. — Айтыңдаршы, керемет емес пе?

— Да-а!.. Настоящая идиллия. Бұдан артықты іздесең де таппассың, — деді қыздардың бірі оны іле қоштап. Қыз мұны жай қоштай салу үшін айтпаған тәрізді. Үнінде шынайы сүйініш бар.

Жанында тұрған жігіт оның табан астынан ынтыға қалғанын жақтырмай, тыржың етті.

— Идиллия, идиллия!.. Көлгірсуді жаным сүймейді. Мысалы, мына сіз осы жапан түзге байлап қойса да тұрмас едіңіз ғой.

— Неге тұрмаймын, тұрам! Сен жұрттың бәрін өзің секілді жанаяр деп ойламасаң екен.

Жігіт мекерлене мырс етті.

— Ондай ертегіңізді басқа біреуге айтарсыз. Мен мына өзіңіз секілді оқыған бикештердің ойын бес саусағымдай білетін кісімін, қымбаттым.

— Жә-жә, кикілжіңді қоя тұрайық, — деді мана дастарқанды жұдырығымен қойып қалатын жігіт мәмілеге шақырып. — Ау, халайық, осы біз той-думанға келмедік пе? Және алыстан ат сабылтып келіп отырмыз. Ендеше не тұрыс?! Қане, билейміз. Билегенде де түбін түсіруіміз керек.

Шала бурыл боп қалған көңілді топ іліп ала жөнелді.

— Музыка, музыка!..

Тамада ортаға су жаңа магнитофонды әкеп қойды. Қым-қиғаш джаз үні сарнап қоя берді. Жұрттың бәрі дау-дамайды ұмытып, лезде мәре-сәре болды да қалды.

— Қаттырақ! — деді бір мас дауыс қырылдап.

Желіккен қимылдар одан сайын өршелене түсті.

Құлтай қалтасындағы иленіп қалған мыж-мыж қорапшадан «Беломордың» бір түйірін алып, тұтатты да, анадай жердегі шыта қостың жанында иесіз қалған мүліктей жетімсіреп жатқан зілдей ағаш келіге жайғаса мініп алып, меңіреу кісіше бір шетте жым-жырт отырды да қойды. Ұзақ отырды. Ойына қайдағы-жайдағы орала берді. Қарсы алдында құтырына ойнақ салып жатқан астаналық «мырзалар» туралы, неге екені белгісіз, өзін «досым» деп таныстыруға батылы жетпеген құрдасы жайлы, тіпті әлденендей замандарда бір үйлі жанның ырзығы болған, бұл күндері әлдеқандай шыта қостың жанында ұмыт қалып, аяқ астында жатып тозуға айналған мына ағаш келі хақында да сан қилы толғанысқа кетті. Кісіні осындай көңілсіз сәтте аңдып тұрып бас салатын дүниенің өткіншілігі, жалғандығы жайлы беймаза ойлар жан-жақтан анталап шыға келді.

Ешкімнің мұнымен шаруасы болмады. Желіккен көңілді топ орталарында Құлтай атты бір бейтаныс қойшы жігіттің болғанын мүлде ұмытқан тәрізді. Әли де сол топтың ортасында. Жігіт көкірегі шым-шым сыздап, көзін бір нүктеге қадаған күйі мелшиіп отырды да қойды. Кенет көз алдына станциядағы кітапхана, кітапхананың ми қайнаған ыстықта да үнемі қоңыр салқын болып тұратын кең бөлмесі, сол кең бөлменің төріне ұзыннан-ұзақ қойылған көп үстелдердің бір шетінде күлімсіреп отырған ақ маңдай, кекілді қыз елестеп кетті. «Ол болса, бәлкім, бүйтіп жалғызсырамаған да болар едім, — деп ойлады бір ауық. — Жұрт қатарлы билеп, көңіл көтерер едік». Алайда, көп ұзамай бұл ойынан да айнып қалды. Қайдағы... күлегеш неме бұны баяғыда-ақ ұмытқан шығар-ау. Кітапхананы торуылдайтын қу жігіттер аз деймісің. Менікі есек дәме ғой әшейін деп қынжылды. Көптен бері Құлтай өзін дәл осыншалықты талайсыз сезініп көрмеп еді.

Тамада магнитофон лентасын ауыстырып, қайта қосты. Тамылжи сызылған жалғыз дауыстағы скрипка үні естілді. Ортаға екі-үш жұп шығып, баяу дөңгелене бастады.

Оның иығынан біреу жайлап түртіп қалғандай болды.

— Жас жігіт, менің сізді биге шақыруыма болар ма екен?..

Құлтай күңгірлеген өз құлағына өзі сенбей, жалт қарады. Міне, ғажап, қарсы алдында тоты құстай сыланған бір сұлу тұр. Жігіт дәнеңе түсінбей, абдырап қалды.

— Мені ме?..

— Болыңыз, болыңыз енді, — деді қыз еркелей әмір етіп, — былайырақ, ортаға таман...

— Кешіріңіз, мен онша білмеуші ем, — деді ол орнынан тұрарын тұрса да, бұдан әрі не істерін білмей.

— Оқасы жоқ, ана жүргендердің бәрі де сондай. Бірақ олар, сіз құсап білмейтіндігін мойындаған емес және ешқашан мойындамайды да.

Құлтай қызды енді даусынан тани қойды. Бұл манағы идиллия жөнінде таласатын қыз еді.

Абырой болғанда, музыка да көп құйқалжымай, шымырлай созылып тұрып алды. Вальс қайырмасына шыр көбелек айнала жөнелмегенмен, жігіттің баз бір шалағайлар секілді жұптасының аяғын басып кетпеуге жететіндей ебі бар-ды.

— Естуімше, сіз мына ми қайнаған ыстықта, станцияға барғансыз. Шампан үшін, солай ғой, — деді сәлден кейін қыз мұны әңгімеге тартып. — Сонда не үшін басыңызды қатырып жүрсіз деймін-ау. Мына маскүнемдерді суару үшін бе? — Қыздың өзінің демінен де жеңіл шараптың иісі бұрқырап тұрды.

Құлтай қапелімде не дерін білмей, қысылып қалды.

— Айып етпеңіз. Осы сіздің жасыңыз нешеде? — деді қыз.

— Жиырма үшке шықтық қой. — «Біраз жерге келіп қалыппыз-ау өзі».

— Жиырма үш?! Фууй-и-т! — Қыз еркек балаларша ысқырып жіберді. — Ал мен Сізді он сегіз бен он тоғыздың о жақ, бұ жағында шығар десем. Шындығында, өңіңіз уылжып тұр. Қараңызшы, тіпті сондай шіп-шикісіз.

— Қызық екен!.. — Құлтай ептеп көңілденейін деді. Астанадан келген оқымысты, сұлу қыздың өзіне тәп-тәуір ілтипат білдіріп, биге шақыруы және ешбір қиындықсыз шүйіркелесе кетуі — осының бәрі көңілін кәдімгідей марқайтып-ақ тастады.

— Ал Сіз ше? — деді жігіт те өз тарапынан үнсіз қалуды жөн көрмей. Соның арасынша көзінің астымен серігінің бет-жүзін бір шолып шықты.

Айдың піскен сүттей сәл көгіс тартқан ерекше нұрлы сәулесі оның жаздық көйлегінің төмендеу ойылған жағасынан қылқия қалған нәп-нәзік, үлбіреген мойнын, әнтек шолақтау біткен әдемі мұрнын, сүйір де, жалпақ та емес жұп-жұмыр иегін пілдің сүйегінен жонғандай тім мінсіз етіп тұрды. Қыздың томпиған құс кеудесі Құлтайды жып-жылы боп сүйкеп өтті. Жігіттің қытығы басылмаған қысыр емген тайдай шамшыл, қайратты денесі төменгі вольтты ток көзімен жанасып өткендей дір ете қалды.

— Мен бе?.. Мен... жиырма бірдемін, — деді қыз да әлденеге абдырап. — Бірақ кәп-кәрімін. Солай емес пе? Әрине, Сізге қарағанда...

— Жоғ-ә, ол не дегеніңіз... — Құлтай және бірдеңелерді айтқалы оқтала беріп еді, қыз еркелігіне салып, жар ортадан киіп кете берді.

— Стоп-стоп!.. Мен Сізді мына табиғат анамыздың өзіндей... — Ол бір қолымен құлашын жайып, ауада жарты шеңбер сызып шықты, — таза, мөлдір жаратылған деп білем. Сондықтан өтірік көлгірсу, алдау-арбау дегендер мені мен аналарға (қыз иегімен өз құрбыларын нұсқап қойды) қона кеткенімен, Сізге жараспайды.

— Қойыңыз, Сіз мені тым аспанға шығарып жібердіңіз, — деді дәл мұндай қолпаштауды күпеген Құлтай шын ұялып.

— Мүмкін, — деді қыз қарсыласпай, — бұл менің ойым ғой. Шынында да, сіз соншалықты періште болмассыз. Бірақ маған солай көріндіңіз. Жаңа Сіздің шойыннан құйғандай мығым тұғаңыз бен сондай тас-түйін мығымдықпен терең ойға батқан отырысыңызды тұңғыш көзім шалып қалғанда, есіме еріксіз Роденнің «Ойшылы» сап ете түскені. Меніңше. Роден де өзінің геройынан жаратылыстың дарқан кейпіндей ірілілікті, соның өзіндей биік, өзіндей кіршіксіз таза серпінді күткен болуы керек... Айтпақшы, сіз оны білмеуші ме едіңіз?

— Жоқ... — Құлтай қыз алдында бір түрлі кішірейіп, жаусып қалды. — Жазушы ма?

— Жазушы емес. Мүсінші. Мүсінші болғанда да ғажайып. Настоящий художник!

Магнитофон лентасы таусылар емес. Біраздан кейін жаңағы сызылған сазды күйді джаз оркестрінің құйындай ұйтқыған желікшіл үні басып кетті. Жұптар жазыла кетіп, шеңберге дөңгелене тұра қалысып жатыр. Құлтай енді не қыларын білмей, серігіне қарады.

— Менің түк зауқым жоқ. Жүріңіз, одан да құдық жаққа барып қайтайық, — деді қыз да мұның аса құмартып тұрмағанын аңғартып. — Сұмдық шаршап кеттім.

— Екеуі көңілді топтан елеусіз ғана жылысып, қырқаның етегіндегі құдыққа қарай беттеді. Құлтай біраз ұзағанша ұрлық қылған кісідей қысылып болды. Ту сырты өз-өзінен шымырлап, арттарынан біреулер оқты көздерімен атып тұрғандай сезініп кетті.

— Тезірек су алыңызшы, — деді қыз әудем жердегі құдыққа жеткен соң, цеменет астауға отыра кетіп. — Басым зеңіп барады.

Жігіт құдықты қоршаған ағаш шартақта ілулі тұрған қауғаны алып, су тартуға кірісті. Меймілдеген шелекті қиналмай іліп алып, қыздың алдына апарып қойды.

— Қараңызшы, тура жанып барады, — Серігі Құлтайды білегінен еріксіз тартып, жігіттің сап-салқын алақанын маңдайына басты.

Шынында да, қыздың ыстығы едәуір екен, шеке тамырлары солқылдап тұр.

— Ештеңе етпейді, жуыныңыз. Аптаптікі ғой, — деді Құлтай шелекті ыңғайлап.

— У-ух, мұздайын-ай!..

— Құдықтың суы салқын болады.

Қыз еңкейе беріп, басын дереу көтеріп алды да, қатты қалжындасға ниет еткен кісінің пішімімен өткір, әзілқой көздерін құтырына жалт еткізді.

— Ал Сіз ше? Сіз де сондай салқынсыз!..

Құлтайдың екі беті ду етіп, ыстық қаны басына ойнап шыға келді. Кеуде тұсы қатты-қатты соғып қоя берді. Бұл қыздың мұны ерікеннен ермек етуі ме, әлде жай әзіл ме, әлде... Әлде ащы қалжындай тұра, жанына жақын тұтып наздана еркелеуі ме — қойшы жігіттің әйел заты жөніндегі болымсыз тәжірибесі ештеңені пайымдай алмады. Бірақ наз, жай әзіл болғанның өзінде тым қатты тиді, жүрегіне бірдеңе дік ете қалғандай болды.

Қыз да жігітті тым қолайсыз күйге түсіргенін аңдап қалса керек:

— Жәй, ойнап айтам. Ренжіп қалғаннан саумысыз өзі, — деп, Құлтайдың қақпақтай жауырынын барынша мәпелей күтілген жұп-жұмсақ алақанымен аялай сипап өтті... — Енді аяғыма құйып жіберіңізші... — Құлтай қыздың ақ сазандай бұлықсыған жалаңаш балтырларына қарап, бір сәтке сілейді де қалды. Көзінің алды бұлдырап кеткендй болды. Тамағы да жұтындырмай, тұла бойы бір ысып, бір суып басылды.

— Түу, рақатын-ай!... — Қыз манағыдай емес,Судың салқындығына ұзағырақ бой алдыра, шалпылдатып алаңсыз жуынуға кірісті.

Ол әбден жуынып болғаннан кейін анадай жерде жатқан туфлиін қолына алып, мақпалдай сусыған ақ шағылды жалаң аяғымен сақтана басқан күйі құдыққа ентелей төніп тоқтаған қырқаның етегіне барып жантая кетті.

— Кел, қақимай отырсаңызшы,— деді сосын құдықтың жанына біреу шегелеп кеткендей бір орнынан тапжылмастан қалған Құлтайға қабағын шытып.

Жігіт аяғын сүйрете басып, қыздан сәл төмендеу барып жайғасты.

— Әлде де жақынырақ. Мен сізді жеп қоймаймын...

— Е! Міне, енді дұрыс болды. Айтпақшы, сіздің атыңыз кім еді осы?

— Құлтай.

— А-а, солай екен ғой. Древное имя. Дегенмен нағыз еркектерге лайық екен. Бір түрлі маңғаз, салмақты естіледі... Туһ, мына ғажайыпты-ай. Керемет қой тіпті. Сіздерге бұл әбден үйреншікті болып кеткен, сондықтан елемейтін де шығарсыздар.

— Нені айтасыз?— деді Құлтай түсіне алмай қалып.

— Мына ғажайып даланы, самсаған жұлдыздарды айтам. Былайша алып қарағанда ғой, біз тым көп білетін сияқтымыз. Институт, құрығанымызда онжылдықтың куәлігі бар (Құлтайдың іші қылп ете қалды. Ол өзінің не бәрі алты кластық білімін еске алған-ды.) Жасы бар, кәрісі бар, сұңғыла білімдісі бар, түк сезбесі бар — талай мұғалімнің шашын ағарттық. Соған қарамастан білмейтініміз қандай көп. Және сондай қарапайым, қолмен ұстатқандай ап-айқын нәрселердің парқын білмейміз. Мәселен...

— Браво-браво!...— Ту сыртынан шыққан оқыс дауыстан екеуі де селк ете қалғандай болды. Құлтай бұлардан есік пен төрдей жердегі құдық жанына тақап келіп қалған бір жігіттің қараңдаған тұлғасын енді ап-анық көрді. Өзі едәуір мас секілді, аяқтары жас ботаның тірсегіндей майысып қисаң-қисаң етеді.

Шөлден қаталап келгендей жете бере су толы қауғаға бас қойды. Құлтай жалма-жан серігіне бұрылып еді, қыздың түсі бұзылып кеткен тәрізді көрінді.

Жігіт шелектегі қалған суды үстіне лақ еткізе бір-ақ құйып, қырқаның етегінде үнсіз қалған екеуге қарай беттеді.

— Ну, продолжайте. Неиссякаемая тема вечной люби! Не так ли?

— Не твое дело!— деді қыз ананың бел алып бара жатқанын түсініп. — Что, нельзя немного отдохнуть?..

Құлтай енді мына жігітті де, оның бұзақы ниетін де таныды. Бұл— мына төрдің алдында қалай болса солай шәниіп жатқан түбіт мұрт бозбала еді.

— Отдохнуть?.. — Анау қалжыңбас серісініп, үсті-басынан малмандай су сорғалаған күйі жайына отырған қызға әдепсіз сүйкене кетті.

— Ах, да! Дем алуға төбенің етегі ыңғайлы болған екен ғой.

Қыз бұдан әрі төзбеген сияқты, орнынан ызалана ұшып түрегелді.

— Хватит! Ты тоже хорош»..

— Чего-чего!? Мен су ішуге келгенмін.

— Ладно уж. Я вас прекрасно знаю.

— Ах, ты!.. — Жігіт дереу жетіп барып, қызды шапалақпен тартып жіберді. — Еще хочешь меня винить?

Аяқ астынан не істерін білмей абдырап қалған Құлтай мәселенің дәл осыншалықты дәрежеде ұшынарын күтпеген еді. Мысықша атылып, бұдан әрі ештеңеге есеп бермеген күйі ананың шолтаң еткен шапаттай білегінен ұстай алды.

— Әй, мынау қайтеді? Жібер қолымды!— деді түбіт мұрт, бүркіттің қанды шеңгеліндей тым қатты қарулы алақандардан босана алмай.

— Жібермеймін»..— Құлтай өзін адам құрлы көрмеген мына бұзақысымақтың бейбастақтығына күйіп кеткен-ді.

Ананың да түрі өрт сөндіргендей түтігіп жақ жүндері бала қораздың кекіліндей үрпиіп шыға келген екен.

— Ах, ты, деревня!..

Қойшы жігіттің көз алды жарқ ете түсті. Қызылды-жасылды сан мың сәуле жерге шашылып түскендей болды. Қас пен көздің арасында санасы көлеңке тартып, қарауытып жүре берді. Бір қараса, ұзынынан сұлап жерде жатыр. Аузы жылымшы татиды. Мұрны қан-қан.

Ол жалма-жан атып тұрды. Көздері шатынап, тұла бойын тас-талқан еткен бір қайтпас долылықпен оп-оңай құлап түскен мұны қайта тұрғызбасқа ұмтылып келе жатқан бақталасына ызалана қарсы ытқыды. Бәрінен бұрын ол қайдағы бір қауқарсыз неменің бір жұдырығына төтеп бере алмағанына күйініп еді.

Құлтай бұл жолы бұзақы немені қол сілтеуге үлгертпей, қапсыра құшақтай алды да, тыпырлауға шамасын келтірмей көтеріп алып, аяғының астына сылқ еткізді. Қыз түнгі әуені жаңғырықтыра шыңғырып жіберіп, бетін басып отыра кетті. Құлтай бұдан соң не істеп, не қойғанын білмейді. Әйтеуір түбіт мұрттың жалынышты ыңырсығаны, өзінің бас-көз демей былшытып соға бергені ғана еміс-еміс есінде.

Бір қараса, екі жігіт екі қолтығынан тапжылтпай ұстап алыпты. Біреуі — Әли, біреуі — манағы мұны көпшілікке таныстыруды талап ететін биік қара сұр жігіт. Екі-үшеуі дедектетіп түбіт мұртты сүйреп барады. Қыз да солардың жанында, еңіз-теңіз боп жылап жүр. Жылады екен деп іші-бауыры елжірейтін анау жоқ, аузына келгенін ақтарып, сыпырта сөгіп барады.

Құлтай бір жағынан қызды аяды, бір жағынан сұмдық жек көріп кетті. «Бейшара!.. Бейшара!»

Әлгі екеуі қолтықтап мұны құдыққа қарай алып шықты. Әлденеге іші удай ашыса да, есесі кетпегенін біліп, Құлтай да көп бұлқына қойған жоқ.

— Әй, саған не көрінген? Бұл не басыну?!.. деді Әли «майдан даласынан» біраз ұзағаннан кейін бұған едірейіп. — Ауылға келген қонақты өсте ме екен?

Құлтай мына қорлыққа күйіп кетті.

— Қонақ болса қайтейін! Қонақ болса қайтейін, а-а?! — деп, жұлқынып-жұлқынып қалды.

Қойшы жігіттің қарулы қолдары екеуін екі жаққа ұшыруға аз-ақ қалып барып басылды. Әли әшейіндегі момақан құрдасынан тап мұндай ірілікті күтпесе керек, қапелімде басылып, жуаси қалды.

— Өзің де қызықсың ғой енді...

— Қыздың ешқандай жазығы жоқ,— деді Құлтай бұртиып.

— Жазығы болмаса қойсын! Жаңағы сен төбелесетін жігіттің жүретін қызы, ну почти что... қатыны ол. Түсінемісің?

Қара сұр екеуінің арасына басу айтты.

— Жә, ол үшін керіспей-ақ қойыңдар. Қызғаншақ неме ғой, өзіне де сол керек.

Құлтай бұдан әрі ештеңені ұққан жоқ: «Қатыны... қатыны!» деген бір ауыз сөз иесіз үйге соққан телфонның гудогындай құлағының түбінде дыңылдап тұрып алды. Көз алдына түбіт мұрттың қорлығына үнсіз шыдап бара жатқан бейшара қыздың аянышты кескіні елестеді.

... Ол таңдайын кептірген беймаза шөлден қаталап оянды. Таң мезгілі сияқты. Үйдің іші алагеуім боп қалыпты. Көзін ашса, киіздің астына алаша ретінде төселген мұп-мұздай брезенттің үстінде жатыр. Асты қап-қатты. Тұла бойы сірісіп ұйып қалған. Көтертпейді. Басы мең-зең.

«Шынымен-ақ, мас боп қалғаным ба?» Түнгі «жортуылдары» есіне еміс-еміс орала бастады. Қызбен құдықтың басына барғаны, одан төбелескені, төбелесіп жатқанда жүгіріп келіп Әлилердің айырып жібергені. Бір ауықтан кейін жұртпен бірге дастарқан басына жиылғандары, сілейіп тұрып ішкендері... Иә, ішті! Тіпті мөлшерден тыс көп ішкен болулары керек.

Құлтай орнынан қинала тұрып, босаға жақтағы су құйған бөшкені тауып алды. Кереге басындағы қолбақырды меймілдете іліп ап, қылқылдата жөнелді. Біреуін, екеуін, тіпті бесеуін, алтауын... қашан іші өлі суға қампиып кеткенше қотара берді. Құлтай сыздаған қарнын ауырсына сипап қойып, жан-жағына қарады. Бес қанат үйдің іші айқұш-ұйқыш айқасқан адам. Олардың да бұдан артық жері көрінбейді, қалай болса солай отырған орындарына аунай кеткен сияқты. Бірақ астарында төсек, жамылғыдан да құр емес. Ертерек қылжиған бұны босаға жаққа ысыра салыпты.

Кенет... о тоба, ашық-тесік жатқан көптің ішінен бейкүнә көзі кешегі өзімен оңаша қыдыратын қызға түсіп кеткені! Апыр-ай, ұялмай-қызармай түбіт мұртқа жабыса қалыпты. Әдемі мұрнын соның қойнына тығып жіберіп, дүниеден еш қамы жоқ пендеше шалжиып жатыр. «Жетіскен екенсіңдер!..»— деді Құлтай ызалана күбірлеп.

Ол жалма-жан керегенің көзінде ілулі тұрған тобылғы сап дырауды жұлып алып, төрдің алдында шалжиысқан екеуге бір сәт ызалана қадалып тұрды да, артына енді қайтып бұрылмастан сыртқа атып шықты.

Төңірек жап-жарық боп қалыпты, Жұлдыздар сөнген.

Анадай жерде торы дөнен тұр. Түндегі қаңтарулы күйінде қақшиып қалыпты. Қазан суытып жібермек боп қойған. Қыздың әлегімен жүріп тарс есінен шығып кетіпті. «қайырымсыздар-ай, біреуі босата салса қайтеді екен! Басқасын қойшы, малдың жайын әлгі Әли ит білетін еді ғой!...»

Ат иесін көріп, оқырынып жіберді. Ауыздығын қарш-қарш шайнап, шыдамсыздана ұмтылып қояды. Қыл шылбыр әбден бұратылған. Түнгі жайылымға кеткен аттардан көз жазып қалған жас жылқы таң атқанша ұрынып шыққан тәрізді. Құлтай түнімен бос сергелдеңге түскен атын да, өзін де аяп кетті. «Жануарым-ай, құдайдың аптабында ит өлген жерге сені де бекер қинадым-ау. Басымда ми жоқ менің...»

Дөнен иесінің ойын айтпай-ақ түсінгендей, аяғындағы тұсауын шешпекке еңкейе берген Құлтайдың маңдайын мақпалдай жібек тұмсығымен түртіп-түртіп қойды. Жігіттің бұдан әріге шыдамы жетпеді: тамағына лықсып келіп қалған удай өксікті әзер тежеп, жерден басын оқыс көтеріп алды да , торының мойынын тас қылып құшақтаған күйі аттың ащы тер мен қолаңса иісі аңқыған қатқыл жалына күнге пісіп қақталған, ып-ыстық бетін басты.

 

 

 

*______________________

Бұл әңгіме 2016 жылдың қараша айында, Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында өткен, әлемнің 43 елінен 1400 шығарма келіп түскен, «Open Eurazian literature Festival book Forum» халықаралық әдебиет фестивалінде «Көркем шығарма» номинациясы бойынша лауреат атанды.

qabylan.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста