Оралхан БӨКЕЙ: Ардақ (әңгіме)
Биыл қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы жарық жұлдыздарының бірі – жазушы, драматург ОРАЛХАН БӨКЕЙДІҢ туғанына 75 жыл!
Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданына қарасты Шыңғыстай ауылында дүниеге келген.
Оралхан Бөкей 1968 жылдан бастап Алматы қаласына қоныс аударған. 1969 жылы ҚазМУ-ді бітірген. 1965-1968 жылы Шығыс Қазақстан облысының Үлкен Нарын (Большенарым) ауданында «Еңбек туы» газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары, Шығыс Қазақстан облысы «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар» газетінде) әдеби қызметкер, кейін «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде (1988-1984), «Жұлдыз» журналында (1974-1983) бөлім меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактордың орынбасары (1983-1991), 1991-1993 жж. осы газеттің бас редакторы болды.
Әдебиетке өзіндік өрнегін сала келген жазушы оқырманын өзгеге ұқсамайтын ерекшелігімен таңқалдырды. 1970 жылы Алматыда жарық көрген «Қамшыгер» атты повестер мен әңгімелерінің тұңғыш жинағы жазушы есімін көпке таныс етті.
Оралхан мектепте оқып жүрген кезінен-ақ өзінің журналист, жазушы болғысы келетінін айтады екен. Мектеп бітіру кешінде жиылған ата-аналар мен мұғалімдер алдында: – «Көкшетау асқан сұлу болса, одан шыққан ақын, жазушылар одан әрі сұлуландырды. Біздің Өр Алтайдың сұлулығы одан әсте кем емес. Бірақ оны жырға қосып, сұлулығын көрсететін ақын, жазушылар жоқ десек қателеспейміз. Мен Алтайдың сұлу табиғатын, сарқылмас байлығын танытуды мақсат етемін. Сондықтан да мен жазушы болуды армандаймын. Адам арманын алдына мақсат етіп қойса, оған жетуге тиісті. Мен де мақсатыма жетемін деп сенемін», – деген екен. Иә, асқақ арман, үкілі үміт өшпеді. Алла ақ тілекті, ақ ниетті қабыл алды. Өр Алтайдың өр де өжет ұлы мақсатына жетті. Қаламгер атанды. Қатардағы емес, әрине. Киелі Алтайдың тамаша табиғатын көркем тілмен кестелеген бірегей суреткер көркемөнер көкжиегін кеңейтті, қазақ прозасын көкке көтерді. Сөйтіп Оралхан өзгелерден озып туып, озық тұрды. Осылайша, Ару Алтай мен Оралхан есімі қазақ әдебиетінде қатар астасып қала берді. Тарих сахнасы мұны ешқашан жоққа шығара алмайды.
«Менің повестерімдегі, әңгімелерімдегі барлық сюжеттер туған жер туралы естеліктер, жас шақтағы болған оқиғалармен байланысты, – деп жазады автор. Менің жерлестерім қазақтар – мінездері бір қалыпты, адал және жүректері ашық адамдар. Әйтеуір, не жазсам да өз заманымды, сол заманда табан ет, маңдай терін жұмсап жүрген қарапайым еңбек адамдарын тілге тиек етуге тырыстым», – деген болатын жазушы О. Бөкей.
Бірінші жинақтың ізімен басқа да еңбектері шықты: «Үркер» (1971 ж.), «Қайдасың қасқа құлыным» (1973 ж.), «Мұзтау» (1975 ж.). Жазушының орыс тіліне аударылған әңгіме-повестерінің жинағы: «Жасынның ізі» – «След молний» (1978 ж.), «Ән салады шағылдар» – «Поющие барханы» (1981 ж.), «Сайтан көпір» – «Крик» (1984 ж.), «Зымырайды поездар» – «Поезда проходят мимо» (1985 ж.), «Кісікиік» – «Человек – Олень» (1987 ж.).
Мұнымен қатар қаламгер туындылары неміс, словян, болгар, ағылшын, венгер, араб, қытай, жапон және ТМД елдерінің тілдеріне аударылды. Оралхан Бөкей – көркем сөз өнерінің хас шебері. Оның туындыларында форма жағынан ерекшелік басым.
1976 жылы Оралхан Бөкей «Құлыным менің» пьесасы үшін Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты, 1978 жылы «Найзағай ізі» повестері мен әңгімелері үшін Н. Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты, 1986 жылы «Біздің жақта қыс ұзақ» повестері мен әңгімелері үшін Абай атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты наградаларына ие болды.
Оралхан Бөкейдің Үндістанға барған шығармашылық іс-сапардан оралмағанын көпшілік біледі. Делиде, 1993 жылы 17 мамыр күні көз жұмды.
Оралхан БӨКЕЙ:
АРДАҚ
(әңгіме)
Шарықтыбұлақтың Марқакөлге құяр айлағында сыңарын атып тастаған сарала қаздай болып, жалғыз ғана қараша үй отыр. Үй жалғыз болса да, өріске маңқыстап шығатын малдың қарасы мол. Төрт түліктің қай-қайсысынан дақұр алақан емес. Бір қызығы, осы түлік бет-бетімен бытырап жайылмай, жұптарын жазбастан үйір қосып еретін. Ертенді-кеш таудың сонысына таскенедей жабысып, оттап жүрген қой-ешкіні топ ортасында қарауыл боп танауы саңырайған ақ бас атан тұратын. Кейде осы үркердей үйірілген үйірге Қожа шалдың мініп кеп тұсап жіберген торы шолағы қосылар еді. Қапталына кебік қатып, үнемі қаспақтанып жүретін торы шолақта таң атқанша тойым болмайды. Тарбағатай тауының қойнауында елден ерек отау тігіп, жалғыз-жарым қазақтың қоныс тебуі бұл өңірге таңсық емес, күні ертең өз бастарына келетін туасы қылықтар. Туырлық-тай жерге таласып, туысынан ат құйрығын кесіскендер тек ағайынның ғана жан жарасы ма, иісі қалың жұрттың басын ондырмай торлаған айықпас бұлты ғой. Қожа шал құйрық-жалсыз емес еді. Есіркеген кіндігінен жалғыз өзі болғанымен, үш-төрт ата аралаған ағайыны барды. Жиырма беске толғанда Есіркеген қайтыс болды да, жамағайындары Шалабай мен Далабай:
"Есіркеген саған әке болса, бізге аға" деп, еншіні қылдай ғып бөлісіп алған да, сырғақсып кеткен еді. Қожа жалғыз шешесімен жұрағаттан айрылып жұтағандай боп, ескі жұрттарында отырып қалған-ды. Ол әкесіне тартып пысық, біртоға болып өсті де, әкеден қалған шағын шаруаны дөңгелек айналдырып, шалқытып әкеткен. Кешегі мұрнының қаспағын жия алмай жүрген жаман Қожаның өз ақылымен іштеніп, терт құбыласын сай етіп алғаны жамағайындарының көңіліне қызғаныш құртын түсіріп, көре алмас күңкіл-күңкіл сөз тудырды. Інісі арғы ауылдан біреудің бүлдіршіндей жас қызын алып, ұлы жіңгір той жасап жатқанда: "Өзі болған қыз төркінін танымас" деп, бізбен ақылдаспай қатын алып отыр ғой. Бармаймыз!" – деп, үш рет ат сабылтып кісі жібергенде, аяқтарының басын қай-қайтып жатып алған. Жайымен жатса тағы бір сәрі: "Қожа тоқты сойып, Есіркегеннің сүйегіне таңба етті", - десіп, ғайбаттасыпты. Шалабай мен Далабайдың жат бауыр, қайырымы жоқ қатыгез болып өсуі Қожаның шешесі Қадишаның көңіліне сынық түсіріп, ақ сүтін тел еміп өспесе де, қайындарының айында-жылында: "Жеңеше, аман отырмысың?" - деп сәлем бермеуі арқасын аяздай қаритын. "Шалдан қалған дүние тең бөлінген жоқ, кемпір өз ұлы болған соң, Қожаға екі тұсақты бізден жасырып берді, қазір бес қойы артық болып отырса, ол - сол тұсақтан өрген тұқым", – деп, Шалабай мен Далабай тапа-тал түсте қозылы қойын айдаттырып алған. Есірген қайныларының бұл қылығына Қадиша ашуланған жоқ. "Ауыл-аймақтан ұялмай дәті барып істеген ерліктері ғой", - деп, қабақ шытып, күйінген де, іштей тынған. Сосын Қожаға оқыс байлам айтты:
– Ағайынмен алысқанша, алысқа кетіп абыройынды сақтағаның жөн, балам. Ырылдаса беруге аналардың жүзі шыдап, қарабет бола берсін, сенің инабатың бар еді ғой. Ел-жұрттан ұят-ты. Марқұм әкең көксей беретін жері бар еді ау, анау Шарықтыбұлақтың Марқакөлге құяр сағасында иен жатқан алаңқай бар, ауылдан безіп ауа көшіп кеткендердің алды-арты біз емеспіз, үйді жығып, ертең таң құлан иектене-аттанып кетейік сонда. Аш құлақтан – тыныш құлақ.
Қожа отауының түтіні ертеңінде кемпір мезгеген жерден шығып жатты. Содан бері аттай зулап ширек ғасыр өткен екен. Осынау уақыт - Қожаны ырыс болып қонып, жарылқап тастамағанымен, тым жайсыз қоныс емес екен. Бар байлығы – бір шайлығы. Қадишаны бұл дүниеден өзі көксеген тынышты мүрдесіне арулап аттандырған. Дүниеден кемпір кеткенімен, Ардақ атты қыз келді. Қожа қаншама тықыршып қыңқылдағанымен, қатыны Ардақтан соң қайтып бала көтерген жоқ. Қожаның көз алдынан шешесін қалай арулап аттандырғаны әлі де кетпейді. Бәрі күні кешегі запыран құстырар зарлы оқиға. Ол күн-күн сайын абзал анасының томпайып жатқан қабіріне барып, етпетінен түсіп құшақтап, өксіп-өксіп ұзақ жылағысы келетін. Өксіп-өксіп ұзақ жылағысы келетіні, ет-бауыр шешесін сағынғанда, басына қиын-қыстау кезең туғанда, ақыл сұрап сырласқысы келгені еді. Ежелден сүйеккесінді бір беткей, қыңырлығы бар кемпір жарық әлеммен қоштасар шалажансар сәтінде де көңілі босап, көкірегін қарс айырып күрсінген жоқ, сергек, әмірін жүргізіп, самбырлай сөйлеп жатты. Әжім әдіптеген көзі кіртейіп, үзілер үміттің аса бір қорқынышты үнін паш еткенмен, жанар түбінде болымсыз сәуле жылтырап, әлі де сөнбегені несі... Қош деп ұшар тіршілік құсының ең ақырғы сілкінісі тәрізді осынау жанарда жасырын жатқан, қоламта арасындағы жалғыз шоқтай болар-болмас сәуле кемпірдің, қайтып келмеске кетер кемпірдің, ұлы өмірге деген іңкәрлігіне шырақшы ғана. Ол өлетінін, өлген соң ағайын-туған қайтып көре алмайтынын сезген, сезе тұра іштей таусылып, босаған жоқ. Өйткені ол, әйтеуір, ақыры бір мәңгілікке көз жұмарын ес білгеннен біледі. Ес білгеннен соң аруақты сапарға дайындап та жүретін. Кемпірдің өлімі, сондығынан жеңіл тиді. Бірақ Қожаға оңай соққан жоқ. Қожаға оңай соқпайтыны жүрегі ет әр бала әз анасын ақтық сапарға азапсыз, жылап-сықтаусыз шығарып салмас еді. Елден шалғай оңаша тірлігінің запылығын осы шешесі қайтыс болған мезетте пысықтай түскен еді. Сөйтсе, айналайын адамдар керек екен. Қадиша қатты қысылғанда, жанын қоярға жер таппай, басу айтар басалқы кісі болмаған соң, солқылдап көп-көп жылады. Жылап отырып ауыл-аймақты тұңғыш рет сағынды-ай. Кісі өлімі - тіріге сын, арулап, ардақтап қойды дегендері – адамдардың көп-аз жиналғанына себепті. Бір үйдегі бір қария тек ұлының ғана қолынан аттанайын деп жатыр.
– Есің барда елінді тап, – деген арыздасып жатқан кемпір. Біздікі әншейін битке өкпелеп, тонымызды отқа салу екен. Кең дүниенің кемшілігі болмай тұрмайды. Басқа тепсе де жұртының қасыңда жүрсең, басың ауырып, балтырың сыздағандай болса, қол ұшын беруге жарар. Алғашқы ашумен аттанып кетсек те, сол ел-жұртты сен де, мен де көксемей жүргеніміз жоқ.Несін жасырайын, пеңде дегеніңегер өлерінде бар шыны мен сырын айтар болса, балам, менен көп ағаттық кеткен екен. Ит жесе де, қайтып еліңе бар... еліңе бар... Қалың жамиғаттан бір уыс топырақ бұйырмаған соң басқа біткен ырзықтың молдығынан не пайда. Біле білсең сүйегімді орар кебін де жоқ-ау, бұл айдаладағы адасқан үйде. Қарызға ала қоятын қоңсыласың жоқ. Құдайдың тарттырған жазасы да...
Қожа шешесінің қабірін жалғыз қазды. Тас шыққан жоқ, суыр топырақты жұмсақ екен. Жаңа ғана көмілген жас қабірдің басында үшеу тұр: Қожа, әйелі және төрт-бас жасар Ардақ. Өлітірінің не екенін парықтауға жетпеген сәби, жаңа ғана ұйқтап жатқан әжесінің, анау топырақтың астында көміліп қалғанын байыптай алмай аң-таң. Бала тілімен балдырлап, қайта-қайта қабірді ымдап көрсете береді. Қожаның ойы алай-дүлей. Ол шешесімен ұзақ бақылдасып, ағыл-тегіл сырласқысы, ары қарай тіршілік кешудің жөн-жосығын сұрағысы келді-ақ. Ананың асылдығы тірі кезінде білінбейді екен. Кімнің болсын, көзі тірісінде қадірі болмайды ғой. Не көрсетті, қандай ұшпаққа шығарды... Құлқу алланы үш қайырып - ақиретсіз аттанған ананы жарылқаған. Рас, бой-бой боп терлеп лақатын әзірледі. Бұл туған ұлдың ғана емес, кез келген адамның парызы. Құдай-ау, аналық ардақ борыш немен өтеледі? Топырағың торқа болсын, аналар. Қожа ернін күбірлетіп бетін сипады. Әйеліне қарап еді, ол әйелге тон қасиетпен үнсіз жылап тұр екен. Ардақ анадай жерде дымқыл жас топырақтан үй жасап, ойнап отыр...
Уақыт дегенің пенденің уысында тұрған ба, кеше ғана айқайлап, жарық дүниені аңсай алақанын жайған, ертеңгі күнге талпынған Ардақ он бестен асып, он алтыға иек артты. Ал он алты жас қыз үшін нағыз көктемнің көріктеп бір құлпыратын шағы іспетті ғой. Бір үйдің ұлы да, қызы да өзі боп, тым-тым еркетотай шалықтап өскен Ардақтың тілі де шолжың еді. Қаншама ысылдаса да "р-ға" тілі келмей, әке-шешесінің дымын құртты. Тіпті ата-анасы осы жалғыз қаріпті көп-көп қауіп санап, бойшаң тартып, соқталана өсіп келе жатқан сүп-сүйкімді қыздың бар бақытын жоқ ететіндей шошынатын. Бірақ Ардақ үшін осылай сөйлесу керек сияқты; әйтпесе қорланып, бар еркелігінен, бар ажарынан айрылып қалатындай, әдейі шолжаң сөйлеп жүрді.
– Аспаннан былғары жауса, құлға оқшантайлық тимейтіннің кері болды, қатын, - дейді Қожа кәдімгідей кейісті түрде. - Жалғыз қызымыздың сақау болуы санымызды талай соқтырар әлі. Еркек бала емес "әкеңнің аузын уйайын, мал бейшем тимегеніңді көйейін" деп, ат үстінде шіреніп тұрып алатын, қызың сақау деп, бетке басып айттырмай қоя ма деймін. Елде ес бар ма? Түріне емес, тіліне қарайды, көрерсің.
– Ұлың да, қызың да Ардақ қой. Алмаса – асып жейміз бе? Жүрсін көз алдымызда. Қолғанат болар. Өзі де еркешора ғой, – деген әйелі.
– Әй, қайдан білейін, өзіне қиын болады әлі. Қыз болған соң - қызықпай тұра ма...
– Өзімізден көрмесек кімге артайық жаланы. Ауыл-аймтың ортасында өсіп, бала-шаға араласа берсе, бүйтіп сақау болып қалмас па?.. Жау қуғандай ауа көштік. Қожа қызының тал бойындағы мінді ойлап, талай-талай ұйқысыз түндер өткізетін. Бұйрықты күндерінің балын да, зәрін де татып, таласып-тартысып жүрген шақшадай басы шарадай боп, титімдей ғана нәрсеге әңкі-тәңкі болар деп ойлап па еді! Кейде Ардақтың көзі ұйқыға бара бергенде: – Қатын-ай, ұйқтап қалғанбысың?
Әй, қара басқыр-ай, күндіз-түні қалғып кеп жүргенің, ұйқыдан басқа бітірерің бар ма, түге. Анау қызыңның болашағын ойламаймысың? - деп бұлқан-талқан болар еді. Ондайда еруліге қарулы боп, шалының ырқына жығыпмаса, құлағынан маза кетпейтінін білетін әйелі:
– Акырын, Ардақты оятасың, – деп, қайтадан үнсіз қалатын. Қатынының дым сызбай жатуы Қожаның одан әрі шамына тиіп, бүйірінен шынтағымен нұқып жіберер де:
– Маубас! Қызынды бай алмайды! – деп шаңқ етіп, іргеде жатқан шалбарына жармасатын. Жаңа ғана көзі іліне берген әйелі селк етіп шошынып, шашы дудырай ол да өре түрегелетін. Сосын бір-біріне ақылшы боп қайта жатысатын.
– Ту, әп-әдемі түс көріп жатыр едім.
– Ой, түсіңді ұрайын. Екеуі біразға дейін үнсіз жатып:
– Әй, кемпір, қалай болғанкүнде де қамсыз отырмайық. Ардақтың жасау-жабдығын ыңғайлай жүр, – дейтін Қожа. – Әкеңнің аға болмады, қасқыр болды ғой Шалабай мен Далабай. Қожаның қызы сақау деп, алты алашқа сауын айтып адақтап шығыпты. Сол жылы келгенде, үйге қондырмай, қамшының астына алып айдап салуым керек еді. Сен емеспісің "Өз қаның, ағайыннан безіп қайда барамыз", – қылымсып қалған... Әй, естимісің? Егер ел-жұртқа қатын өсегін таратпаса, баяғыда көшіп барар едім-ау... Бұл кезде әйелі жеңіл ғана тыныстап, пыс-пыс ұйқтап жататын.
– Өй, ұйқыда басың қалғыр. Әй, ит-ай...
Сонау бір жылдары жазда үлкен ағасы Шалабай арғы беттегі ауылға әйелін төркіндетіп бара жатып, жол үстімде болған соң, Қожаның үйіне түскен. Көп жыл бойы көріспеген ағасының қылықтарын әлі де ұмытқан жоқ еді. Әсіресе, шешесі қайтыс болғанда,естісе де дым сызбай жатып алуы бұрынғыдан бері бұғып жүрген кек отына май боп кұйылды.
– Ассалаумағалейкүм! - деп, сумаң ете қалған шоқша сақал Шалабайдың сәлемін ернін жыбырлатып алған болды да, есік көзінде не әрі, не бері жоқ, состиып тұрып қалған ағасына міз бақпай шаншыла қараған.
Аңқылдақ әйелі ғана "Үйбай-ау, үлкен қайнағам келіп қалыпты ғой, төрге шығыңыз", - деп, жуып-шайып, Ардақпен даңқұрдас ұлының бетінен сүйген. Бұдан кейін Қожаны ымдап далаға шығарып алып: "Таспен атқанды аспен ат" деген, қайтесің егесіп, өз қолынды өзің кесемісің, қонақ етіп жіберейік, енемнің аруағы риза болсын", - деп, ақыл қосқан. Қожа жібіді. Өрісте жүрген малды қайырып кеп, тоқтылардың бірін ұстап: – Ал, аға, ықылас білдіріңіз, – деп, Шалабайды қатты ұялтып еді.
Шалабайдың ұлы Ардақпен тез табысты. Бірін-бірі қуып жасырынбақ ойнаған Ардақ:
– "Ыстықтап кеттім, Аймас, суға түсейік", – деген соң, екеуі бірдей тырдай жаланаш шешініп, көлге шомылды. Көлге шомылып жүріп осынау қаршадай қара ұлдан адамдар әйел-еркек болып екіге бөлінетінін, өзінің – қыз, Алмастың – ұл екенін түсінген. Адалбақанда ілулі тұрған он екі өрімді қамшы Шалабайды қатты қызықтырып еді; шаншылып көп қарады. Көз құрты жыбырлап болмаған соң, үйде ешкім жоқ оңаша сәтті аңдып отырды да, екі бүктеп лып еткізіпсаптамасының қонышына тыға салды. Шалабай інісінің ықыласына риза болып аттана берген де, Ардақ Алмасқа: – Аймас, тағы кейіп түй, шуға түшіп ойнаймыз, – деген. Атына енді ғана қонған Шалабай қыз тіліне таң қалып:
– Қожа, Ардақ сақау ма? – деді. Қапелімде не дерін білмей сасқалақтап қалған Қожа:
– Жо-жоқ, өзі еркелеп сөйлейді, - деп қызарақтай жауап берді. Бірақ Алмас әкесіне: сақауланып сөйлейтінін, тіпті өзінің қыз екенін білмейтінін айтып қойды. Шалабай мырс-мырс күліп, бәлем, бар күйікті осы ерке қызыңнан тарттырамын деп, атын бауырына тартып-тартып жіберіп, борт-борт желе жөнелді. Осыдан бір ай өткен соң, Қожаның жалғыз қызы сақау екен деген лақап бүкіл аймақты кезіп жүрді. Қожа ағасын оңаша бір жолықтырудың ұрымтал кезегін күтіп, іші қара қазандай қайнады-ау. Оның да сәті түсті. Өткен жылы күзде Қожа торшолағын тағалатып алмақ болып, Жәкібай ұстаға шыққан. Екі күннен бері қарлы жаңбыр сабалап тұрған: түс әлетінде беті қайтып, күннің көзі жылтыраған соң, бұдан былай қара қатқаққа айналып, мүддем тобан аяқ болып қалармын деген қауіппен атқа қонды. Тау асып, ащы ішектей шұбатылып жатқан жалғыз аяқ жол тайғақ, жүруге жайсыз. Бұлттың жыртық-жыртығынан жылт етіп сығалап қап тұрған күн сәулесі екі тәулік жауған нөсерге малшынған жерді дегдіте алған жоқ.
Әлі де айран-ботқасы шығып, терлеп-тепшіп жатыр. Ауа салқын, теріскейден сыбызғылап сызды жел еседі. Кәрі теректің ұшар басында бір топ қарға қысты қалай қарсы аламыз деп, мәжіліс құрысып отыр. Бұтақ-бұтақтың басында әлі де ілініп тұрған сарғыш жапырақ күз желі ызындаған сайын, әлсіз өлімсіреген , үн шығара қалтырайды. Қожа күз күнінің лайсаңдығына қабағын кіреукелендіре қарап өтті де, жел жұлмалаған шапанының етегін қымтана түсті. Мынау ұңғыл-шұңғылы мол тау ішіндегі соқтырмасы көп соқпақпен тек өзі ғана сапар шегетін. Жарты ғасырдан асқан ғұмыры ішінде бір-ақ арман,бір-ақ мақсаты болыпты. Дүнне өртеніп бара жатса да, парық қылмайтын саспастығы тек соңғы жылдарда шілдің қиындай пышырап бопсалана бастаған. Өне бойы тірі пендеге жалынышты боп көрген жоқ, табан ет, маңдай терімен ел қатарлы тіршілік құрып келеді екен. Жә деген қызуы мол,қызықты әрі думанды шақтары болмағанымен, "әттең-ай" деп, сан соғар өкініші де көп емес. Ол ертеңін ойлап, әсте де бас қатырмайтын. Бүгінгі дастарқанның қамы мен ауласынан аспайтын күйбеңі зор іске бағышталмай, асыл арманды арқандаулы аттай шырғалап ұстайтын. Ол тіпті мынау Тарбағатай тауының ұшы-қиыры бар ма, анау өзен қайда құяды,қазақтан өзге жұрт, Шалабай мен Далабайдан басқа жауы бар ма – қай-қайсысын сана сарабына салып көрген жоқ. Бұл пәниге келіп-кеткенін ауыл-аймағы болмаса, өзге жұрт білмейтіні есіне түскен сайын, бұл да бұйығы тартып, керең боп өтуді мақсұт тұтқан. Оның ішкі есебі де осы. Ол көп ойланды. Не үшін ғұмыр кешіп жүргенін, неге талпынып, алғы күндерінен қандай үміт күтетінін білмейді. Бұғанасы бекіп, ат жалын тартып мінгелі көргендері мен түйгендерін зерде елегіне салып, екшеп көрген емес, екшесе де дән мен қарамығын ажыратып ала алмайтын. Т-үу иенге бүйі тигендей бүліне көшіп келуі - әсте жетіскендіктен емес ау, өз ел, өз ағайынының шымшылай берер қысастығытын. Еруліге – қарулы болғысы келмей, біржола пәстеніп жеңілгендей боп аттанған. Бірақ ол кімнен жеңілгенін, неге жеңілгенін және білмейді. Көкірегін шоқтай қарып жүрген ыстық өкініш бар, оны сумен де, умен де сөндіре алмады. Қайта шыжылдатып қуырған сайын, шиыршық атып ширай түсер. Көр көкіректе шер жоқ, шеменделген уайым бар. Ел-жұртын сағынбайды дейсің бе... Ақшоқының үстіне шығып алып, ертеден қара кешке дейін көз сата ұзақ телміретін арғы бетке. Бұлдырап, мұнартқан қапсағай таудан өзге еш нәрсе шола алмай мысы құрып, зәрезап күйде қайтып оралушы еді үйіне. Жалғыз үй – ауыл емес. Өз бас панасы өзін тағы зәрезап етер... Ол құлақ етін жер қаңқу саңқу сөзден ғана қашаң тартпаған, қалың тобыр бар жерде болмай қоймайтын жамандық атаулыдан безген, екі қолын төбесіне қойып зәтте бола безген. Сөйтсе, онысы бекер болыпты. Жамандықтан қашып құтылу қиын екен. Жамандық қайда болсын іздеп табады екен. Жамандық қайда болсын іздеп барады екен. Ағайын-туған арасын ащы қылар, ұйыған елдікті індеттеп, ірімтіктер бақастықтың көп-көп кесірін жалғыз қызы көрмей-ақ, білмей-ақ өсуін тілеген. Қызының таза өсуін көксеген көңіл шіркін, сол Ардақ күні ертең бой жетіп, құтты қонысына ұзатылғандай гәп болса, бәрібір сол қиқу-сиқу ел ішіне баратынын бағамға алды ма екен. Сынықтан басқаның бәрі жұғады, бая-шая жұрт кіршіксіз жанды бұзбауына кім келілдік бере алады. Жо-жоқ... Ел іші алтын бесік дейтін қайда, әлде басына іс түсіп, қысылған шағында, немесе өзге жұрттың бодауында жүрсең – кәдірі білінер ме. Мүмкін, мұныкі әншейін еркелік шығар, еркелік қой... Артымызға қарамай, басымыздан сөз асырмайтын намысшылмыз. Әйтпесе, бір атым насыбайға өкпелескен абысындардай тосыраңдай қашатып құлық мұның ғана міні мс? Егер шайлығыңнан айрылып, отпен суға қарап қалшы – бәрібір сол, ит те болса, туғаныңды табасың. Ырылдайсың қаппайсың, содан артық таппайсың...
Мұныкі еркелік қой... Мұның және қимайтыны – шешесінің елге бар деген өсиеті-тұғын. Шақшадай басы шарадай болған Қожа өзін екі оттың ортасында жүргендей дәрменсіз сезінетін. Әйткенмен ол сол туған жер, өскен елін қаншама ет бауыры елжіреп жақсы көрсе, осынау шағын ғана шаңырақтың іргесі сөгіліп, қариясы сұлап жатқанда, сол елден, сол ағайын-туғаннан жаназаға бірде-бірі қатысып, бір уыс топырақ салмағаны, бірде-бірінің төбесін көрсетіп көңіл айтып бата оқырға келмегені, елжіреген ет-жүректі суыта, мұзда түсетін. Ол мәңгі бақида сол ауылға қайтып көшіп бармайтынын түйген көкірегіне. Шешесінің мүрдесін тастап қайда бармақ... Тіріде сыйласпаған, өлгенде жыласпайды деген, тегі, раста. Заман деген қандай алақұйын едің. Мынау күздің аласапыраны секілді, мынау күздің қатал да, қатқыл суығы секілді, мынау күздің өңменнен өтер ызғары секілді, мынау күздің қош-қошын айтып, өлімсірей сарғайып бара жатқан өңі секілді - тегі, мынау астындағы атын тебініп қалғып-шұлғып келе жатқан Қожаның өмірі секілді. Қожа Ақшоқы кезеңіне іліне бергенде, сонадай жерде өзі іспеттімойнын ішіне алып, бүлкек-бүлкек желіп келе жатқан салт атты жолаушыны көрді. Құба жон, қу даладағы жалғыз аяқ жол, екеуін адастырмай тура беттестіретін еді. Атқа мыжырайып отырысы және қамшыны солақай ұстауы өз туыстарының бірі екенін айнытпай танытты. Шалабай! «А, құдай», – деді ішінен Қожа. - А, құдай, өзің жар бола көр Ата жауым сен болсаң - атыммен соғып қарсы алайын". Торы шолағынан қарғып түсті де, атының айылын шаптай тартып, тымағын баса киіп бауын байлады. Торы шолаққа секіріп қайта мініп, қамшысын оқтап ұстаған: түсі бұзылып, тісін шақыр-шұқыр қайрады да, "Есіркеген, Есіркеген!" деп, ұрандай ұмтылды ағасына. Шалабай да саспайтын марқасқа екен, бұл да атының айылын мықтап тартып, тымақ бауын байлаған да, "Есіркеген, Есіркеген " деп ақырып жіберіп, қарсы тебінген-ді. Жалғыз аяқ жолда жолыққан ағалы-інілі жау жеттілеп, құйын-перен шауып келіп, ағып өте бере қамшымен бір-бір салысып қалды. Бірақ екеуі де қайтып қайрылған жоқ, қайта беттесуге жүздері де шыдаған жоқ. Тек екеуі де іштерінен жаңа ғана адақтаған, "әкеңнің..." деп, Есіркегеннің аруағын аунатып кетісті. Екеуі де мынау тар да тайғақ жолда әлі де сан рет бетпе-бет келетінін, мына қылықтары қара қазан, сары қарын баланың қамы, ел сауғасы емес, өздері сезіп-сезіктеніп, зерделеген сап бағамдап көрмеген жалған намыс пен жарға жығар кекшілдіктің итаршылдығы екенін, бастарына іс түсіп, тағдыр гүрзісі төнгенде ғана, аһ ұрып, жұртта қалған күшікше ұлитындарын болжамады. Болжайтын ой-өре болса, арғы аталарының бір екенін ұмытып, асық ойнап атысып, бір төсекке жатысып, тел қозыдай тең өскен шақтағы туыстықсезімдері арын шымшып, ата-бабаларының аруағы алдында жүгіндірер ме еді. Бірақ осынау сорлы сорап үстіндегі ағайын арасында өткен шатақ шайқастардың қайсыбірі де от басының бықсыған шекісінен туып, бәріне де сіңісті боп кеткенін ешкім де есептей бермейтін және түбі осы дерт алып жейтінін де ескермейді. Қанша ғайбаттасақ та, бүгін бет жыртысып жатқан ағасы Шалабай бес жылдан соң дүние салып, "ой, бауырымдай" атап, асына торы шолағын сойып тастайтынын қайдан білсін мұндарлар.
Ардақтың өмірінде де өз әлінше қым-қуыт тартыстар өтіп жатқан. Ғұмырында әке-шешесінен өзге жан, торы шолақтан өзге ат көрмеген қызға ары өткен, бері өткен жолаушының бәрі-бәрі таң-тамаша ертек сынды жәйттер еді. Бұлдыр-бұлдыр күн артынан күн жылжып өткен сайын, бой жетудің бар ыстық-ыстық тыншуы жоқ қытықты қылықтары жақындап келе жатқанын, ал бойжеткен қыз өмір бойы осылай құлан-таза күйінде қалмайтыны есіне келмеген. Бұрынғы әке-шешесіне жасайтын шолжаң ерке-шоралығы бірте-бірте нәзік еркелікке ұласып, өзгеше көрініс тауып, кешегі былдырлап жүрген тұрымтайдай қыздың жарқ етер қырларын таныта бастады. Осы ересекке тән мінез-қылықтары, әке-шешесіне уайым, көңілдеріне қаяу саларын біле бермейді ғой. Білген күннің өзінде сезімнің еркінен тыс дырдуына тосқауыл болар, қажыр-қайрат көрсетер шама бар ма жас қызда. Ол санасында жүрген сан-сапалақ ойдан сейіле алмай, ұйқылы-ояу, ұйқы-тұйқы халде сенделіп жүруші еді. Кейде мынау құлазыған тау қойнауына ермек, дос-жаран іздегендей ұзақты күн үйге жоламай сырғақсып, Марқакөлдің бірін-бірі қуып ойнаған тентек толқындарына жас баладай мәз болып қарайтын. Кейде толықсып жатқан толқындардың ойыны мұның да жанын қытықтап, еліктіріп, қол бұлғап шақырғандай шолпыса, денесі от боп жанған Ардақ дәті шыдамай кетіп, мұздай суға күмп беретін. Кейде оқшаулана жұмыр жаратылған қатқыл өз денесіне өзі қызыққандай, тоңазып құс еттеніп қалған ақ санын уқалап, сызғылап ермек ететін. Ардақтың үш ұйқтаса ойында жоқ қылықты сонау жыл Алмас қоздырып кеткен. Алмастан өзге еркек бала көрмеген қыздың санасында сол болмаса да, қараң-құраң бір сүлде көлденеңдеп, қысқа түнде қырық оятып тұрып алар еді. Ол осынау азапты әрі тәтті сезім асқынған сайын, барлық дүниеден оңашаланған оқшау сандалысқа салынып, өңі түгіл түсінде көрмеген жұмбақты бейнені қуып, сағым даланы кезе беретін. Көлден ескен самалға омырауын аша, балқыған балғын әрі күнәдан пәк денесін төсейтін. Адам бойына оқу-тоқусыз-ақ ұялайтын табиғи құштарлықтар, аңсаулар мен асыл армандар Ардаққа да өгей емес, өзгелердей мұның қақысы бар нұрлы да сиқырлы еншілер ғой. Ардақ өзін осыншама алапат өрт күйге түсіріп, қинап жүрген құдіретті күш жастықтың секемшіл сезімдері екенін аңғарған жоқ. Бірақ күндердің-күні жай оғындай жалт етіп жайпап өтерін де аңғарған жоқ. Тылсым күштің тегеуірінді әсері өзін бір мәрте қинаса, әке-шешесін үш есе азаптап, ой отына қақтайтынын да қайдан білсін. Ардақтың бой жетіп соқталанғанынан, ерке-шора шақтары әлдеқандай тыншу еді жандарына. Ол бола ма, өспейтін, өнбейтін пенде бар ма; қырсыққанда бойы ғана есіп қойса ғой, күн санап ой да түлеп келеді емес пе? Ол бүгін де ұйқтай алмады. Шал мен кемпір әрі-бері кермалдасып алып, қор ете түскен. Ағаш тамның сығырайған терезесінен жұқалаң сәуле тарап, үй іші алакөбең. Ардақ тағы да Алмасты ойлады. Екеуінің балалық қылығын ойлады. Балалық қылықтарын ойлап еді, жалғыз сәттік жүздесудің бақилық әмсе әсерін қайта таусап, енді бұрынғыдай еріккен бала көңілден гөрі әлдеқайда мәнді, әлдеқайда қызулы, лүпілдеген жүрекпен сезінді. Шыдай алмады білем, іш көйлекшең сыртқа шығып, көктемнің салқын лебіне бетін тосты. Көктемнің лебі өтімді емес, қоңыр салқындау екен. Ал Ардақ ызғарды сағынған, місе тұта алмады. Өзі де сезіп, біле бермейтін үйірсек іңкәрлік, ыстық ынтызар жетелеп, Марқакөлдің жағасына алып барды. Жар жағасында отырып, көлдің көл-көсір бұйра толқынына ұзақ қарады. Ай астында ағарып отырған он жеті жасар қыздың қақтаған ақ күмістей сұңғақта сұлу бітімі - ертеректе ғана болатын су перісіне ұқсайды. Әттең, осы асқан сұлулыққа куә болар, ие болар пенде жоқ. Жар сабалап жарысып жатқан тоқпейіл толқындар дүлей, қыз мұңын, қыз әнін тындай алмады. Телегейі мен тереңі бірдей салқар көл Ардақ алдында таңғажайып көрініс беріп, кербез керіліп жатты. Ол самаладай саулап төгілген ай сәулесімен анау айнадай жарқырап, ауыр тыныстаған көл тілсіз табысып, құшақтасып жатыр-ау деп ойлады. Жұп-жұмыр қос тізесін құшақтап, шешесінің айта беретін "Сұр мерген" әнінақырып бастап, қоңырлата созып әкетті.
Ауылың көшіп барады таудан асып... Ардақ есейген шағында, алғаш рет шыншыл, қылаусыз көңілмен егіле жылады. Сосын көлдің аса салқын суын омырауына дейін кешіп барды да, алқынған үнмен: "Алмас, келші жаным, тағы да... Тағы да су шашысып ойнайық", - деді көзі ұшқындана. Әлі де балалық желіктің уыздай құшағындда жүрген ол Алмас екеуінің арасында өткен сонау жылдағы оқиға, күнәсі мен кір шалған кірбіңі жоқ, балдырған қылықтар екенін және ойнағаны өз жұрағаты екенін де сезбеген. Тағы боп өскен қызға адамдардың бәрі бірдей секілді еді. Су шашысып ойнап, көңіл құртын өлтірсе болды. Тіпті де олай емес екен. Көл шолп-шолп сүйісіп мазасын алды...
* * *
Марқаның жағасы ерте кеуіп, ерте көктеді. Жауқазыны қарды жарып та шыға беретін тау бөктерінің былтырғыдан қалған күреңсесі күлтеленіп, каулай тебіндеп келе жатқан көкпен араласып, алашабырланып жатыр. Тау ішінде көкжиек жақын болады. Тауда тұрғанда аспан да аласа көрінеді. Сол көктемгі көкжиек қою-қою жалқынды сағым іркіліп барып, әлгі көк күмбезімен көмкерілген. Жазғытұрымның кірбіңсіз ашық аспаны мөлдіреп, көлде көрініс беріп тұр. Кілкіген жұқалаң мұнар арасынан оқшау көрініп, мұнда-мұндалап аппақ болып жататын Тарбағатай шың-құздарын ұзыннан- ұзақ созылған жіп-жіңішке ақ бұлт екіге бөліп, аспан тауына ұқсайтын. Енді-енді бүршік атып, көктемнің шуағына алақанын жая бастаған орман соңғы нөсерден жаңа ғана ес жиып бусанады. Көктемгі ауада сарай ашар жағымды саумал иісі бар. Сымпылдай ұшып келген бір топ шүрегей Марқакөлдің айдынын төсімен тілгілей қонды да, мамырлап жүзе жөнелді.
Осы көріністің қай-қайсысы да Қожаны қызықтыра алған жоқ. Жаралғалы көзқашты қылған, қайталана беретін мезгілдің әр түрлі мінез-қылықтары Шал үшін таңсық емес. Қайта жанын қажап, зәрезап қылатын. Кей ретте өлкенің осы күйінен қарадай жиреніп, басы ауған жаққа лағып кеткісі келетін. Бірақ қия алмайтын құрғырды. Құлан қағынан жерігенде барар өрісі, шығар биігі қайсы. Қайда барса да Қорқыттың көрі, ат айналып қазығын таба бермей ме. Қожа, шынында да, Марқакөлдің жағасына шешілмейтін болып арқандалып қалған. Ақшоқының өз маңдайы іспетті қасқая біткен беткейінде өмірінің базары секілді бар малы табын құрып жайылып жүр. Қожа көзін сығырайта, тесіліп ұзақ қарады. Өткен өмірінің ой-қырын шолып көріп еді, бәрі-бәрі анау төрт аяқты хайуандарға телулі екен. Егер әзірейіл келіп малын сұраса, жанын берері хақ. Қожаның дөңгеленген шағын шарасы молайып та, азайып та көрген жоқ. Бөзжорғадай майпалып өткен есте қалар жылдары болмаса да, ертеңін ойлап қынжылмайтын.
Үміт деген ол да бір қыл арқан: алға - баян-бағасы болымсыз шаңдақ дүниеге байлап-матап апарады да, қылша мойнын талша болдырып тұрган сәтінде жігер-қайратыңа тұзақ болып оралады. Қожаны шаршатқан осы - жан жолдасы көп-көп үлпілдек үміт еді. Бұрынғы үміт-арманы - мал басын көбейтуге апарып соға беретін. Былтырдан бері Ардақтың болашағын мазалап, ерте ме, кеш пе ұядан ұшар қызының қонар қонысы қинайтын кәрі жанын.
– Өлмеген құлга тағы да біржазкелді, – деді Қожа қысықтау келген өткір көзін әлі де қия беттен алмаған қалпы.
– Ерттеулі аттай, таң асып өткен жылдар-ай!
- Қолын беліне ұстап, ырғала басып үйіне беттеді. Күн Ақшоқыны жарып шығып келеді.
– Кемпір, – деді Қожа, мосы асыпжүрген әйеліне.
– Ардақ тұрды ма?
– Ұйқысы қанбай жатыр-ау деймін.
– Жатсын, жата берсін. Саған тартқаны ғой.
Ошақтың үш бұтындай боп бір шаңырақтың астындағы үшеуі ертеңгі шайға отырды. Қараша үйдің Ақшоқыға қарап тұрулі тұрған есігінен көктемнің салқын самалы шалқыды. Тау басынан жаңа-жаңа көтеріле берген күн нұры да ашық есіктен таласа төрге ұмтылады. Есікке бетін бере отырған Қожа анау жап-жасыл боп жайнап жатқан бетегелі беткейдің бар аумағын болжай алады. Шай үстінде де құны бардай қадалып қалған. Бір кезде сықсиған көзі бағжаң ете кадды. Ақшоқыдан жалғыз атты жолаушы еңіске қарай құлдилап келеді екен.
– Әй, кемпір! – деді кәрлен кесені төңкере беріп. Үнінде сасқалақтау бар. Ақшоқыдан бері біреу құлдады ғой, көремісің. Жиыстыр үй-ішін. От пен суға қарап жұтаған сиқымызды білдірмейік. Сосын өзі апыл-құпыл атып тұрып, астауға жармасты. Қожа бір астау тезек әкелгенде, Ардақ пен кемпірі үй-ішін тап-тұйнақтай жинастырып қойған еді.
– Әй, қатын, жи мына жапаны жүкгің астына, бер жағына тұскиіз ұстап қоярсың.
– Неге, ойбай?
– Миғұла, жүкті биіктетпеймісің. Қызыңның жасауы тіреліп тұр ма?
Төтенше абыр-сабырдың түпкі сырына түсіне алмай дел-сал тұрған Ардаққа Қожа:
– Ки, камзолыңды! Қонақ келгенде, тілің қышымасын. Үндемей отыр, тегінде, – деп зекіді. Жолаушы, шынында да, ұятты қонақ боп шықты. Отыздың ар жақ, бер жағындағы қутың қаққан сақа жігіт. Есіктен "Ассалаумағалейкүм!" - деп, даусын соза амандасып кірді. Жан-жағына тояттамаған бүркіттей жалт-жұлт қарап, шиыршық атып отыр. Сөйлеген сөзі де пысық, үйіріп барады. Қожаны әңгімеге айналдыра беріп, Ардақтың үлкен қой көзін ұстап арбап ала қойды да, сүйкімді келбетпен жымиды. Қожаның іші жылып салды. "Күні-түні қайғы жұтып, жан тоздырып жүргенде, күйеу баланы айналайын алланың өзі айдап келді емес пе. Ақсарбас, кемпір, ақсарбас".
– Иә, балам, жөн-жосығынды айта отыр, – деді Қожа жігіт дидарынан әлденендей жақсылықтың нышанын тінте.
– Қай ауылдан шықтың?
– Ақшоқының арғы қапталындағы Мәметек ауылынанмын, сүйегім – Қожамбет. Мына күншығыс теріскейдегі жыныстан аң қарай шықтым да, Марқакөлді жиектей отырған не қылған оңаша үй деп бұрылғаным ғой. Және сізді сырттай естуім де бар.
– Жөн, шырақ. Келіп-кетіп тұр. Мәметек би әлі қуатты ма?
Нарыннан бері бөтен жан жібермей, тыртысып-ақ отыр-ау пәлекет.
– Шүкір, әзір өткізе қойған жоқ.
– Алтайдың бытқыл-бытқылын өзінің-ақ қалың жылқысы ақтаңдағын шығарып тоздырды емес пе. Бар жылқысы қаз-қатар тұрып бас қойғанда, Қара айрықтың суын тауысып кетеді деуші еді, рас па?
– Рас, отағасы.
– Пай-пай, заман-ай. Бұдан отыз жыл бұрын менен әрі сірі шыққан тақыр кедей еді. Қулығымен емес, ақылымен-ақ жиып алды ғой үйір-үйір жылқыны. Өзі зәбірсіз адам.
– Оныңыз рас, отағасы. Отымен кіріп, күлімен шығып жүрміз. "Әй, сен сондайсың" деп көрген жоқ. Обалы, кәне. Шайды сарқа ішіп, кесені төңкеріп, кейін шегіне берген жігітке шал:
– Есімің кім, балам? - деді.
– Салық.
Қожа кемпіріне дастарқанды жина деген ишара білдірді. Өзі ернін күбір-күбір еткізіп, бетін сипап тұрып кетті. Сырттан:
– Қой айдап келдім, әке! – деген қыздың жіңішке даусы естілді. Қожа мен кемпірі сойыс қамына кірісіп кетті де, жолаушы жігіт пен Ардақ оңаша қалған. Жігіт үріп ауызға салғандай қыздың аса сұлу бітіміне таңырқай қарап, тамсанып отыр. Әсіресе, жұп-жұмыр аппақ мойны анау бұйра қою қара шашпен камзол жағасын қосып жатқан алтын мойнақ секілді. "Аққудың көгілдіріндей екен? – деді ішінен. Қатын ғып ап, бетіне қарап қана отырар ма едім. Әттең, тілінің мүкісі болмаса. Үйленер едім, әйелің сақау деп, жолдастарым құлақ етімді жеп қояр". Өзіне мөлие қараған жігіт жанары Ардаққа пәлендей әсер ете алмады; көкейінде көбіктеніп жатқан әсіре қызыл құштарлықтың да нышанын аңғармаған. Ол мұндай жігітті де, мұндай көзқарасты да тұңғыш рет көріп отыр. Кім де болсын, осылай қарауға тиісті, кім де болсын қарай береді. Несі бар, Ардақтың өзі де тайсақтай қойған жоқ. Бірақ Алмас баяғыда дәл мынау алпамсадай жігітше жұтынып, қылмандамай-ақ ойнап еді ғой. Ал мынанікі не? Ардақ бұл құпияның байыбына бара алмай дал болды. Ол мынаны ұқпады: Әкесі қонақтың көзінше аузыңды ашпа деп кетті. Неге?! Сөйлемейтін адам бола ма екен? Сол үшін жаратылған жоқпыз ба? Он жеті жылда жалқы сәт дидарласқан жігітпен әңгімелеспеу... Анау Ақшоқының ар жағында жер қайысқан ел бар дейді, сол туралы сұраса, несі сөкет. Мүмкін, мынау кеудесі есіктей қара бұжыр кісі Алмасты танитын шығар... Есен-саулығын сұрап көрсе... Бұл үйге келе ме екен өзі? Әттең, келсе ғой... Ардақ екеуі тағы да суға шомылып ойнар ма еді! Мүмкін, Алмас мұны әлдеқашан ұмытып та кеткен шығар. Мына кісі оған мүлдем ұқсамайтын секілді. Ардақ та дәл осы жігіттей әрі күлкілі, әрі қорқынышты қараған бірде-бір адамды көрген жоқ...
Қыз көз алдына әнеугүні көрген түсін елестетті. "Түсі екен дейді. Мезгілдің көз жасындай ақ жауын сіркіреп тұр. Ардақ осы құйып тұрған нөсерге қарамай, әдетінше Марқақөлге шомылып жүр екен дейді. Бір мезгілде судан сойталдай-сойталдай он шақты қара бұжыр жігіт шыға келді де, Ардақты ұстап алды. Сосын... сосын қызды сен алмайсың - мен аламын деп жақ-жақ боп таласып, төбелеседі екен дейді. Сосын... сосын оны бірдей суға батып кетеді де, қып-қызыл боп қан шығады шеккен тұстан. Ардақ тағы да жалғыз, мүлдем жалғыз қалған еді...". Мынау кісі соның біреуі секілді. Өз ойына өзі күліп жіберді.
– Неге күлдің, құрбым?
– ?!
– Үндемейді екенсіз... Онда үндемес ойнайық...
– ?!
– Әлде сөйлей білмейсіз бе? Сіз секілді дала періштесіне ойын-той, сауық-сайран ғана өріс бола алады... Атың Ардақ қой?
Ардақ ақырын ғана басын изеді. Сұмдық-ай, сөйлесе не етті. Әкесі естіп қояды ғой. Жо-жоқ, бірдеме деу керек шығар. Жарылып кетермін. Мына кісінің сөзі де, қарасы да қытықты келтіреді екен...
Суға түсер ме еді. Мүмкін, жүзу білмейтін шығар... Қазандай басын суға тығар ма едім.
– Жалғыз өзің иен тауда зерікпей қалай тұрасың?
Сол сәт Қожа:
– Ардақ, бері кел, шешеңе ішек-қарын аршыс, – деп дауыстады сырттан. Ет желініп болған соң, төсек салу қамы басталды. Ол кезде Салық тысқа шығып кеткен.
– Қонақ жігітке қайда саламыз төсекті? – деді Қожаның ақылынсыз қия баспайтын кемпірі.
– Уай, қолабай, салсаңшы осы үйдің бір бұрышына.
Ардақ тағы да көз ілген жоқ. Шал мен кемпір төсекке жамбастары тиісімен, өтірік-шынын кім білсін, қор ете түскен. Қонақ жігіт те ұйқтап кеткен секілді. Жер ошақтағы оттың шоғы әлі де сөнбей, қоламта арасында жылтырап жатыр. "От та ұйқтаған жоқ, – деді Ардақ күбірлеп. - Мен де ояумын. Ана кісі Апам секілді маубас екен". – Салық жөткірініп барып, бері қарай аунап түсті. Ұп-ұзын боп өлік іспетті сұлап жатыр. Беті көрінбейді. Ардақтың далаға шыққысы келді. Сыбдырын сездірмеуге тырысып, төсектен ептеп түсті де, шапанын жамылып есікке беттеді. Кемпір мен шалдың жарыса пысылдағанынан өзге дыбыс естілмеді. Қонақ жігіт енді іргеге аунап түскен. Ояу жатқан секілді... Ай қорғалапты. Қараңғы. Құлаққа Марқакөлдің бір қалыпты сылп-сылп етіп таңдайын қаққаны ғана естіледі. Жұлдыздар тіпті жақын тұр. Көлден ескен қоңылтақ самал бар. Көктемгі ауадан жас балаусаның иісі шығады. Ақшоқы жақтан ат кісінеді. Үйірін сағынған торы шолақ болар. Мал екеш – мал да жалғыздықтан құлазиды екен-ау. Обалың жер қойнына итше ырылдасып кіретін адамдарда шығар...
Марқакөл Ардақты тұнжырап, томаға-тұйық қарсы алды. Өкпелеп жатыр. Беті қара барқынданып көрінбейді. Шешіне бастап еді, сырт жағынан сыбдыр шығып, қалт тұрып қал-ған. Өзіне қарай жасқаншақтана жакындап келе жатқан қонақ жігітті таныды. "Бұл ұйқтап жатыр еді ғой". Ол ұйқтап жатпаған екен.
– Түнде кісі суға түсе ме? – деді Ардақты қолынан ұстап.
Қыз қымсынған жоқ.
– Мен ылғи шомыламын.
– Тоңбайсың ба?
– Жоқ.
– Қорықпайсың да ғой.
– Неден?
– Аю-қасқырдан... Қазір, айталық, менен...
– Мен қолқу дегенді білмеймін.
– Оның жақсы екен. - Салық екінші қолын қыздың мықынына апара беріп еді, ыршып кетті. Салып жіберер деп Салық та сасып қалған еді. Қыз енді алыстау тұрды.
– Оның не, Ардақ?
– Қытығым келеді. Салық жорта күлген болды.
– Қытығыңды басармын мен. Ол тағы да тақала түсті.
– Қайтіп?
– Құшып-сүйіп.
– Құшып-сүйгені несі? Менің қытығым суға түспей басылмайды... Кел, онан да шомылып, су шашысып ойнайық.. Баяғыда Алмас екеуміз тәуи-ақ ойнағанбыз.
– Мен малту білмеймін ғой.
Жүрексініп тұр. Әйтсе де қыздың жалаңаш тәнін көргісі келген Салық:
– Түссек түсейік, – деп, шешіне бастады.
Салық тоңғанын білмей де қалды. Уылжыған жас қыздың қызулы денесін құшақтап, алысып, қуысқан боп, аймалап құмарынан шығып-ақ жүр. Екеуі жеті қараңғы түнде ақ шабақша асыр сап, меңірейіп, жусап жатқан тауды азан-қазан қылды. Ардақ есінен мүлдем ауысты білем, Салықтың көп-көп дарақы қылықтарына мән бермеді. Бойжетудің қақпай көрмей пісіп-жетілген жанар таулары бір-ақ түнде жарылып, мас қылып, буын-буынын алған. Алпамсадай жігітті алқымынан алып, сығымдап апарды да, қауға басын сұп-суық суға тығып-тығып жіберді. Егер қыз шындап кетсе, өз әлінің жетпейтіндігін сезді ол. Енді ол сақтыққа, алдауға көшкен. Аш белінен қапсыра қысып тұрып, ернінен, көзінен, алкымынан қаба-қаба сүйіп, қытығын әбден кетірген соң ғана, Ардақ шым-шымдап жуасып, ырқына көше бастап еді. Өне бойы жылқы бағып, неше сықылды асауды үйреткен сартақым дәніккен қыр жігіті ендігі сәтте оны қолына лып еткізіп көтеріп алып, жағаға шықты. Жағаға шықты да өз киімдерінің үстіне сұлата жатқызды. Ардақ қарсылық көрсете алған жоқ. Баяғыда Алмас екеуі дәл осылай ойнаған. Қыз денесі әлі де суыққа сорғызбай, күйіп жатыр. Су иесі Сүлейменнің қызындай жарқырап жатқан аппақ дене бір сәт бұлықсып, бір сәт тулап барды да, алпамсадай жігіттің бауырында тұншығып қалды. Ақ шағаладай айқасқан қос дене тылсым тыныштыққа көшіп еді:
– Кет алы! Аймас бүйтіп, ауылтып ойнамайтын, – деген булықты сөзден кейін шорт үзілді. Салық сонандай жерге жалп ете түсті. Ардақ атып тұрып қаша жөнелген. Ол түн түнегінің қап-қараңғы қойнына ағараң қағып сіңіп бара жатты. Қожа құзғын сәріден тұрса да, "күйеу жігітті" көре алмады. Етігі жатыр, өзі жоқ...
* * *
Қожаның күдігі дәл келді. Ардақты айттырып келген ешкім болмады. Салық төбесін қайтып көрсетпей, судай сіңіп, тастай батып алған. Түн жамылып бірер келіп кеткенін де білмейтін сияқты. Шалды қазір қинап жүрген есен-сауында қызын ұзату қамы емес, барған сайын аяғы ауырлап, жүріс-тұрысының сылбыр тартуы-тын. Анада кемпірі құлағына әлденені сыбырлағанда, шашын бұрап-бұрап, тұтамдай ұстап алып, соққыға мықтап жығып еді. Отыз жыл отасқан кемпіріне тұңғыш рет қол көтерткен сөз, күнді-күн тықсырған сайын, бұлтартпайтын дәлелін көз алдына көлденең тарта берген. Торы шолағын мініп, тау асып қашырып кеткісі келген, мынау тірі қорлықты көрмей, мерт болғысы келген; қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі деген осы-ау, он жеті жыл еркек-ұрғашының не екенін білмей тағы боп өскен қызын өз қотанынан ұзатпаса да, уыз тазалығын уысынан шығарып алыпты. "Болмайтын іске бордай егілмей, болаттай берік болу" ғана қалыпты. Ұшар құсты темір торға қамап, алақаныңмен басып отыра алмайды екенсің. Көңірсіген көп дүниеден көз жазып қала бересің. Қызыңның көргенділігін көршіңнен сұра деген сол. Жылайсың - шыдайсың". Қожа бір-ақ күнде күрт түсіп, жүні жығылып жүдеп кетті. Бұрынғыдай емес ашу шақырып айқайлап, пейілін тарылтпай, жуас әрі немкетті қарайтын боп алған әр нәрсеге. Ол елге көшіп бармағанына енді өкінді.
Ардақ та өзгеше халде еді... Алғашқы белгілері біліне бастағанда, қызық көріп шешесіне айтқан. Сонда шүйкедей кемпір мұны тас қып құшақтап алып, ертеден қара кешке дейін аңыраған еді... Содан бұған ет пісірім уақыт өмір турасында, сол өмірдегі Адам-Ата мен Қауа-Ана турасында әңгіме шерткен. "О, баста, – деген шешесі, – адам бір-ақ дене екен. Төрт қол, төрт аяғы болған деседі. Жасаған ием пайда қылған пендесі бұлайша біреу-ақ боп ғұмыр кешіп, ұрпаққа қалдыра алмайтынын ескеріп, – екіге бөлген екен деседі. Қыз бен жігіт те, сүйіскен ғашық жандар да осыдан басталған екен деседі".
– Ғашықтап деген не? – деген сонда Ардақ.
Шешесі жауап бере алмай көп қиналап. Көп қинала отырып, ертегі хиссалардағы бірін-бірі сүйген ұлы махаббат иелері жайлы әлінше әңгімелеп көрген. Сонда Ардақ тағы да: "Әкем екеуіңнің аланда да ғашықтық болды ма?" – деп еді. Кемпір тағы да қиналған: "Қайдам, қалқам, жылтындап біздің ауылға келгіштеп жүруші еді, бір күні алып қашып кетті ғой". Бірақ мынау мазаң дүниенің сиқырын кеш түсінген. Анасының әлгі әңгімесі осы жасында емес, сегізінде айтылса, мүмкін, дәл осындай ағаттық жіберіп, әке-шешесін осыншалық сарсаңға салмас па еді. Тегі, қателік - өмір өрлеріндегі сүрініс үлкендерден басталады-ау деймін. Кейінгі ұрпаққа сол ағалар ағаттығын не қайталайды, не жаңсақ істі сол қалпында үйренер. Қателіктер әсте өздігінен, әмбе төтеден пайда болып көрген емес. Қателіктер ғайыптың қайғысынан тумаған, төрткүл дүниедегі әр минут сайын теріс-қағыс атталып жатқан қадамдардан, бір кезде қате басқан адамдардан келер ұрпаққақа ауысып отырған секілді. Салықтың жалт етіп жоқ бөлу мақсатын, Ардақта, шал-кемпір де сезген жоқтын. Жайы келсе, ол сонау Ақшоқының қойнауында ағайын-жұртан аласталын қараша үй отыратынын білмейтін де. Мұның бәрі-бәрі Шалабайдың айтағы еді. Інісіне шындап өшіккен Шалабай қайтіп мұқатудың айла-шарғысын іздеп жүріп, солқылдап бойжетіп отырған Ардақтың абыройын төгуге байлам жасап, ауылдағы ең еті тірі, жылпос жігіт Салыққа астыртын қолқа салған: "Қожа сақау қызын ұзатып, қалың мал алмақ қой. Кей ақымақтар тіліне емес түріне қарап айттырып қояр. Тілеуінді құдай берсін, сол қыздың шаруасын барып тәмамдап қайт", – деп қадалған соң, атқа қонғанды Салық. Бұл оқиғадан Қожа бейхабар болатын. Сезіктенсе, қанын ішер еді ғой, жылпос неменің. Кедейдікі кезеңде деген сол да. Үш күн болды, Қожа мен кемпірі Ардақты күзетіп отыр. Жастық базардың көп-көп қызық дәуренінен аттап етіп, аналықтың қауызына бірден оранған жас ару аяғы ауырлаған сайын, тыншу көре алмады. Ауық-ауық жүрегі айнып құсқысы келеді, бұрынғыдай емес, тамаққа да тойымсыз; сіркесін су көтермей есеңгіреп жүр. Бүйірі бүлк етіп, ішіндегі сәби тебініп қалған сәтте, шыңғырып далаға қашатын. Мінсіз ақ бетіне сепкіл қаптап, мұрнының үстіне ноқта пайда болды. Балтыры мен қара саны да жуандап, домбығып кеткен. Өте көңілсіз, салғырт. "Неге екенін білмеймін, – деді бір күні шешесіне, – өлгім келеді". Бүгін де көз іле алған жоқ. Кірпігі-кірпігіне айқаспай көрер таңды көзімен атқызып жатыр. Дәл шығар есікте көлденеңінен төсек салып, Ардақты аңдып жатқан әке-шешесі күбір-күбір сөйлеп, көпке дейін ояу отырды. Қазір үндері шықпайды. Қалғып кеткен секілді. Май шам бықсып жанып тұр. Түтіні қолқаны қабады. Үй қара көлеңке. Ардақ быршып, терлеп, ерні кеберсіп, шөліркеп жатыр.
Өмірдің ащы-тұщысын көрмеген басы толғақтың алғашқы толқынында-ақталмаусырап, құлында-құлынын шығарды. Бірақ көпке дейін дәтке қуат етіп, тыпыршымай шыдап баққан. Сылып тастайтын сырттағы жара емес, шыбын жаны бар бала болған соң, не лаж? Машығында жоқ төтеден келген құбылыстың түпкі бір сыры тұманды. Ардақтың кәперіне кірмеген бұлың-бұлың кері баққан дүниелер. Өмір мен өлімнің, арзан мен қымбаттың парқын әлі де айырып үлгермеген жас қыз өз жүрегінің нәрін де, барын да кәделі іске бағыштар халге жетіп, бағамдай алмай мерт болмақ па? Ыза, кек, ашу дегенді білмей бейкүнә өскен қыз қыр қызғалдағындай құлпырған шағында, шадыр-шатағы мол тайғақ тағдырдың құрбаны боп кетпек пе? Жо-жоқ, Ардақ әлі қауашағын ашпаған балауса; айықпас ауыр мұңға батып, аза қылатындай панасыз емес, аюдай ақырған әкесі бар; кем-кетіксіз ғұмыр кешетін пенде жоқ; кең әлемнің кем-тарлығы болмай тұрмайды... Ардақтың өңі реңсіз, жүдеу. Әр нәрсеге нанғыш бала жүрегі рақат, бақыт атаулы ұшпаққа арман құсын ұшыра алмай, қор болып жатыр. Ол дәл осы ретте үмітсіз де еді. Тұла бойын талдырып, тепсінген нәресте жарық дүниеге нұрлы сәулені көругеасыққан сайын азаптап, құрсағын тепкіледі. Іңірлеген үй, ірімтік-ірімтік ой, тұлан тұтқан жүрек пен өлсіреген жүйке: бәрі-бәрі арпалысып, күш күресіп, туар тұманың жолын күтіп, дайындық қамына кіріскен сияқты. Ардақ қаттықысылып барып, ішін тарта ышқынып қалды да, төсектен аунап түсті. Жаңа ғана көзі ілінген қос қария бұл дүрсілге оянған жоқ. Шыдай алмайшыңғырып қоятынын сезді. Ішін басқан күйі атасының үстінен аттап, сыртқа шығып кетті.
Таңнан хабар сезіледі. Ақщоқының ар жағы жұқалаң ғана ақ сәулеге оранған. Жым-жырт ұйып жатқан жайлы түн алакөбең тартып, бірте-бірте бозғылттана бастады. Көл үстінде көкшіл тұман бар сияқты. Таң алдындағы тау қойнауының мына қалпы мұңға бейім. Алаңсыздық, бейқамдық басым. Өз ішін өзі айқара басып алған Ардақ көлге жете алмай жығылды. Өзегін өкініштің өрті емес, дененің дерті жайлаған: өзінен гөрі өзгені кінәлағандай. Кеше ғана толқынына салып тербеткен қол алыстап бара жатқан балалық шағындай қашаңдау қалыпты. Ерні кеберсіген. Ардақ қанша жан-таласып жылжыса да, жете алмай-ақ мысы құрыды. Шіркін, шөліркеген таңдай бір жұтым суға зар. Ол суға жерік еді.
"Мені кінәлап көрші!" деп тепкіленген қыз құрсағындағы нәресте жылдар бойы қараңғы қапаста қалып, енді-енді еркіндік аңсап, алтын арайлы аспанға ұшар алдындағы құлшынысын жасап жатқан сұңқардай, ұлы сапарға шығар табалдырыққа таяп тұр. Бұлқынған сайын, "енді сен анасың!" деп, Ардақ атына зілсіз, әрі тілсіз сәлем жолдап қалады. Дүние рақымсыз, әрі керең екен, шыңғырған дауысты ешкім естіп, елеп-ескермеді. Бәрі де күмілжи мүлгіп, "шыр" еткен үнді тыңдауға құштарланғандай. Әне, бір бозторғай да пыр етіп ұшып, шырқай самғап өскелендеп барады, таң ата-рын хабарлап тұр-ау... Күн шығар ма, жалпақ жаһан шуақтышұғылаға батар ма... Әттең, бір жұтым суға қол жетер ме... Апыр-ай, осындайда Алмас та келіп қалмайды екен... Су шашысып ойнаса, жаны жай табар еді. Ардақ бар қуатын жиып, тағы да жылжыды алға. Бұл жақындаған сайын, Марқакөл алыстай береді... алыстай береді... Одан тек Марқакөл ғана емес, барша ғалам жырақ тартып, жападан-жалғыз талақ тастап кеткен секілді. Ол тұңғыш рет әлсіздіктің бар дерті: Жалғыз жанашырсыз қалуда екенін зерделеді. Ол тұңғыш рет ананың не себепті ардақты, салқар да шалқымалы айдындай айбарлы екенін ұғып, ана жүрегінің зар-запыранын еншіледі. Ол өз шешесін биіктен көрді. Қайран ана; жаны не деген берік еді.
Сәбиді дүниеге келтіруден – Ақшоқыны аунатып жіберу әлдеқайда оңай шығар! "Айналайын, анам-ай, ақылынды айтшы, мынау жалмауызды қайтып қана жұлып тастаймын денемнен! Айналайын, анам-ай, айтшы ақылынды - мен тағы... тағы да осындай дертке душар бола берем бе, әлде алды-арты осы ма?! Айналайын, анам-ай, айтшы ақылынды – менің кінәм не, жазығым суға түсіп ойнағаным ба, сол ғашықтар жайындағы ертегіні ертелеу айтсаң, осынша отқа күймес пе едім, өрт күйге түспес пе едім. Айналайын, анам-ай, айтшы ақылынды неден сорлы болдым, әлде мен туғанда қалжа жемедің бе, әлде әкемді сүймеп пе едің, әкем сені сүймеп пе еді; бір-біріңе жылы сөз айтып, күле қарағандарыңды көрмедім ғой. Айналайын, анам-ау, жұлып тасташы мынау тыпырлаған жаман немені. Кең дүние не деген тар едің, жаңа сездім ғой... Жазығым не, жаратқан ием... жазығым не... суға түсіп ойнағаным ба? Әке, ағайыныңмен татуласып, елге көшіп барар күн туар ма екен... Шықты ғой жаным... құдай-ай, өртендім-ау... өлдім-ау... айналайын, ана, қайдасың, ұсташы... ұсташы белімді! Сынды ғой! Әттең! Ойбу-уу... а-аа,-а!" Ардақтың ашық үлкен қой көзі тұнжырап, тұңғиықтар-тып барды да, баяу сөне жаздап, қайтадан шатынап, қанталап ақиып кетті.
– А-а-а... ааа!
Баж еткен дауыс естілгенде, құстай ұшып шешесі де жетіп еді.
Таң аппақ атып, шығар күн Ақшоқының басына қан-қан сәулесін себезгілей бастады. Әлемді алып ұйқысынан таң емес, күн емес, жылаған бала даусы оятқандай, дүр сілкінісіп, түлеп-түрленіп сала берді. Түн түнегін серпіп тастап, зіл болып басқан ауыр мұңнан арылған адырлар ертеңгілік мөлдір шуақты сағынышпен қарсы алды. Ақшоқыдан асып кеп түскен күннің қияс нұрын Марқакөл көптен күткен қадірменді ғашығындай кеудесіне қонақтатып, айнымастай боп аймаласып жатыр. Бір-бірін қанша қуаласа да, қосыла алмай, қор болып құрып, ізінше жаңасы туындап жататын Марқакөлдің көк бұйра толқындары арпалысып, баз кешкен ағайындардың бірікпейтін тірлігіне ұқсап, қаз-қалпында - бөз қалпында ілгерінді-кейін итінеді. Қанға бөгіп, аппақ болып есеңгіреп жатқан балғын денені бар күнәдан, бар азаптан арашалап алғысы келген көлдің әлгі көп толқыңдары жағаға қаншама асығыс ұмтылса да, өз ырқынан, өз арнасынан асып кете алған жоқ. Осының бәрі менің құдіретім деп, табиғат мұртынан жымияды.
– Қарғам-ау, не болды! – деп ұмтыла берген Қожадан қызының денесін далдалай берді кемпірі. Далдалай берді де: "Ұста! Арбандамай", – деді. Бұл шалына алғаш рет жүргізген әмірітін. Қожа тырбаңдаған қызыл шақа нәрестені жоғары көтеріп тұрып:
– Әкесінің аузын ұрайын! Байға тимесе – тимей-ақ қойсын. Артымда ат ұстайтын тұяқ қалды... Кемпір, әй, қатын, мына жылбысқа еркек бала ғой!
– дегі, Марқақөлге бір малып ап қойнына тыға салды.
Сәбидің дүниеге келу мінін өз мойнына алған Марқақөл: "әкең менмін, әкең менмін" деп, тебірене күбірлеп жатыр...