Мәулен ӘНЕРБАЙ: БІР УЫС БИДАЙ
(әңгіме)
Мен ол кезде ана сүті аузынан арылмаған ойын баласы едім. Бойды балбыратар балдырған шақтың қызығын өзгелерден артық көрмесем, кем көрмедім. Қыс қызығына ауған көңілім даладан басқа ештеңені аңғармайды. Таңды атырған бойда ескі шанамды сүйретіп, қыр кезіп кетем. Кеш батырып қайтамын. Сондағысы не істедім десеңізші, белімнен асар омбы қарда садағымды қолға алып, шыбық сәйгүлігімді мініп, әжем аузынан тастамайтын Қобыланды болып ел қорып, Наурызбай батыр сынды атойлап жауға шабамын. Әбден тоңазып, тісім-тісіме тимей үйге жасқана басып кірсем, әжімі көп әжем – Рәзима «айналайынына» басып маңдайымды иіскеп сарсаңға түседі. Ал менің сәбилік аңсарым оң жақ бүйірдегі қызуы әже мейірімінен де ыстық көрінетін пеште-тұғын.
Таңсәріде қораздың шақыруымен бірге есікті алқына ашып кірген Әнербай атамның жуан дауысы бірге шығады: «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық», Данияр, Қүляйхан тұрыңдар, малдың астын тазалап, жемшөбін реттеу керек. Әй, жүгермек, сен менімен жүр», – деп жаңа туған күшіктей қыңсылап, көзімді аша алмай жатқан мені көк биесіне мінгестіріп, өзімен бірге ала кетеді. Жанында жүріп талай қызыққа кенелдім. Жемеген жылы-жұмсағым, тіл үйірер тәттілерім қалмады. Тауға барса да, бауға барса да кіндігім байланғандай қасынан бір елі қалмаймын. Атам жоқта Күмісжан апамның арқасы ермегіме айналады. Шаршадым дегеніне қарамай қырсықтығыма басып, түспей қоямын. «Сары балапаным менің, әкесінің аузынан түсіп қалған», – деп жүріп, ауыл арасын тағы да аралатады. Әдеттегідей: «Анау не, мынау не, неге олай?» – деп жалғаса беретін сауалдарымды саулатамын. Ұялшақ қыздай күн сәулесі тау бөктеріне тығыла бере мен де әжемнің құшағына асығамын, есімді алар ертегілерін бірінен соң бірін қайталап тыңдап, мұрнымды бір тартып аламын да мысық сынды пысылдап тәтті ұйқыға кірісемін. Бұл менің «балалық шағымның аспаны».
Таңғалатыным, сексеннің сеңгіріне шыққан әжем алпысты алқымдаған атамды көрмесе құлынынан көз жазып, тыпыршыған мама биедей шарқ ұрады. Бір күн келмесе бала мінезіне беріліп, өкпесін қара қазан етеді. Шыдамы шегіне жеткенде: «Шақырып кел», – деп мені жүгіртіп жібереді де іштей сыбырлап, назын білдіріп жатады. Сол сияқты алыс-жақын ағайындарының басын бір қосып, немере-шөберелерін иісін иіскемесе тұра алмайды. Содан болар, үлкен шаңырақ атанған біздің үйдің іргесінен қонақ ажырамайтындығы. Арқа-жарқа әңгіме айтып, өңі кіріп қалады. Соның буымен біразға дейін жүреді де атын атап, түсін түстеп қайта түгендей бастайды. Бас қосылғанда әдеттегідей менің миыма кіріп шықпайтын әңгімесін өрбітеді.
– Бізді ашаршылық та, соғыс та ажырата алмады. Ағайындар шетел асып, жан сауғалап жатқанда, жаман шал екеуміз мына сендердің қамдарың үшін, жанымызды тәуекелге тіктік. Бір уыс бидай үшін хан сарайындай қол жетпес қырманды торуылдап, ертелі-кеш сонда боламыз. Соны суға бөктіріп, пісіріп, барлығыңа да жеткізетінбіз. Сөйтіп, сендердің өзектеріңе бір уыс бидай талқажау болатын. Дәмі әлі күнге дейін аузымыздан кетпеді. Ол аздай сұрапыл соғыс басталып, тынымсыз тірлікке кірісіп кеттік. Табанымыз тілініп, аш-жалаңаш жүріп тағы да төзімге тізгін бердік. Қорғаушым, қолдаушым жаман шалды да аты өшкір сұм майданның оты жалмады. Әке де, шеше де болып, осы шаңырақтың отын өшірмедім, шырағын сөндірмедім, – деп терең ойға шомып, біраз үнсіздіктен соң үміті мен аманатын артып, ой-шұңқыры көп далаға ұқсаған әжімді жүзімен барлығын бір шолып шығады. «Мен мәңгілік емеспін, әне-міне дегенше араларыңнан кетемін, өле-өлгенше тілеулеріңді тілеп өтем. Аманатым – араларыңды үзбеңдер, ат ізін салып аман-саулықтарыңды білісіп тұрыңдар. Ағайындықтан алшақтамай, бауырмалдықтың бауын үзбеңдер», – дейді де ойын қуған бізге кәмпит ұсынады.
Қалың қазақтың басына қара бұлт үйіріліп, қажытқан сәтте осы бір уыс бидай тегіс бір әулеттің, тіпті, бір елдің тағдырын сақтап қалуға себепші болды. Қадірі артып, ат басындай алтынға бергісіз қазынаға айналды. Түнде түске кіріп, өңінде қол жетпес армандай қылаң берді. «Аштықта жеген құйқаның дәмі таңдайдан кетпейтіні» секілді бидай десе елең ете қаламын. Соның қадыр-қасиеті, ауып келген киесі ме екен, әжемің алақан толы бидайы көз алдыма елестейді.
Балалық дәуренімнің бірінде Әнербай атам төсек тартып, бойын ауру дендеді. Алып денесі кішірейіп, көзі кіртиіп кетті. Тіпті, өздігінен тұрып-жүруге жарамай қалды. «Ата, жүрші, тұршы», – деп күні бойы құлақ етін жеймін. Менімен бірге көк бие де кісінеп, иесінің көрінбей кеткеніне реніш білдірген сыңай танытады. Әжем Рәзиманың да өңі қуарып, бауыр еті баласының сырқаты жүрегіне бата берді. Аузынан Алласын тастамай, ұлының тілеуін тіледі. Ал тағдыр өз дегенін істеді, арамыздан атамды алып кетті. Пайғамбар жасына келгенде дәм-тұзы таусылды. Мен болсам «атам ертең келедімен» күн кештім. Әжем болса бұрынғыдай ертегі айтуды қойды. Күні бойы ұршығын иіріп, құрағын құрайды. Оңашада көз жасын сығып алып, іштей тынады. Ұлының өмірден өзінен бұрын өткендігі қабырғасын қайыстырды білемін. Қайғыдан қан жұтып, тұла бойын мұң торлады. Жеті шелпек пісіріп, Құран бағыштаудан әсте жалыққан емес. «Бір айналдырса, шыр айналдырады» демекші, араға аз уақыт салып әжем де о дүниеге аттанды. Қос бірдей қаза әулетімізді қажытты. Шырылдап жылаған қарындасымның көңілін анам әжемнің кимешегін киіп, қолына таяғын ұстап қана таба алды. Мен сол баяғы бәз қалпынша: «Әжем мен атам ертең келеді», – деп жүре бердім...
Ол кезде қыс мезгілі еді. Үйіміздің іші жылап-сықтаған жандарға, ал сырты маған қызық болған әртүрлі «темір тұлпарларға» толып кетті. Көлік қызығына тойғасын қолымдағы шанамды алып, Үйгентас желінің қора бойымен бірдей үрлеп тастаған қарымен төмен қарай ызғытамын келіп. Сол қыстан кейін атамның артынан шұбырып жүретін иттері ғайып болды. Көшеден адам өткізбей ысқырып, айтақтайтын ойынымның ойраны шықты. Ал әжемнің отырып алып ертегі айтатын төсегі бос қалды. Шыр-пыр болып үздіксіз айналатын ұршық та қайтып жіп иірмеді. Үлкендер жағы текемет тебуді доғарды. Өзгермегені – менің ақ қарға, ойынға деген құмарлығым. Етегіне салып баққан шөбересі ержетті, міне. Өкініштісі, пештің қызуынан әже алақанының әлдеқайда ыстық екендігін енді ғана түсінгендігім.
zhetysu-gazeti.kz