Майра ФАЗЫЛ: Ұйқы

Майра ФАЗЫЛ: Ұйқы

(әңгіме)
Селт еттім, әйтсе де денемді санаммен қоса осып өткен үшкір сәуленің қайдан пайда болғанын бір сәт ойлап үлгердім. Көптен бері көз ілгенім осы еді. Жүрегім атқақтап тұр. Орындықтың арқалығынан арқамды ажырата бүкірейе, қаумалаған шашыраңқы ойларды жинақтағым келіп бетімді бастым. Шілтері пердеден жамырай сығалаған көше жарығы бөлме ішін қою күмістендіріп тұр. Қабырғаны саталдандыра жыбырлай дірілдеген майда көлеңкелер үрейлі ойды ары қарай жетелей түседі. Өлі тыныштыққа ие боп, еркінше ойнайтын көлеңкелер әлемінде бір сәттік өткір сәуле қайдан туылды? Бәрі де сол сәуледен басталды емес пе?!
Жарықты жаққым келді. Алқымыма жабысқан жағымсыз сезімдерді сол үркітетіндей. Бірақ орнымнан қозғалғанмен қолым тетікке емес, есік жанындағы киім ілгішке созылды. Жарықты аңсағаным бекер еді, бір айдан бері жарықсыз бұл бөлме. Ал дәл қазір басымдағы қоюлықты сейілтер жалғыз тәсіл - қозғалыс, жеңіл күртемді жолай иығыма іле сыртқа беттей бердім.
Мүлде соқыр секілді сезіндім өзімді. Дәліз бойы тастай қараңғы, тек екі жақтағы қабырғаның сұлбасы ғана байқалады. Тек аяқ тықырының жаңғырығы арқылы бұл дәліздің ұзын екенін білуге болады. Оң жақ беттен желпіп тұратын жел арқылы баспалдаққа жақын келгенімді біліп, сипалай жүріп жақтауды тауып алдым да, соны демей ақырын аңдай төмен түсе бердім.
Алабұртқан көшеде де еңсемді басқан көңілсіздіктің сұлбасын мазақтай ойнақтаған көлеңкемнен айнытпай көремін. Алақаным тершіпті, саусақтарымның арасы былжырап сырғи бастағанын сезгенімдіктен бе жағымсыздықтың ағыны сол сәтте ақ денемді бойлай жөнелген. Саусақтарымның ұшы қалтамның түбіндегі әлдебір затқа жаналып келе жатқанына енді мән бердім. Ол дөңгелек дәрілер болатын. Екі үш түйір болуы тиіс, оларды алып қарауға құлқым да болған жоқ.
Дүңгіршектің есігін итере ашқанда ішкі және сыртқы кеңістіктегі мүлгіген ауаны быж-тыж ғып бұза жоғарыдағы темір сылдырмақтың даусы естіледі. Бейнесі таныс сатушы шал үнсіз бетіме бажырая қарап сөзімді күтті. Сөрелерге мағынасыз бір көз тастадым. Анық нені қалайтыным белгісіз-тін. Маңдайымды бас бармағыммен сипап алдым да бірнәрсе деп айтуға оқталдым. Тағы да сылдырмақ сылдыры. Сатушы екеуміз де есікке жалт бұрылдық. Қара киімді адам, қараңғылықтан әбден мезі болғандықтан ба, сол сәтте-ақ назарымды бұрып әкеттім.
– Бір жарық... шам, балауыз шам. – Қалталарымды қармана бастадым.
– Әлі жарық бермеді ме? – Сатушы міңгірлей теріс айнала берді.
Қолыма тек дәрілер ғана ілінді, ақшыл, сұрғылт сопақша дәрілер.
– Біреу ме? – Шал күйбеңдеп қолында бір уыс балауыз шамы бар, жақындап келді.
Мен күмілжіп:
– Әәә, жооооқ, қоя беріңіз!
– Ала беріңіз, мен төлеймін, - деген дауыс іле шала құлақ түбімнен гүр ете қалды.
Шал аңтарыла маған, қара киімдіге кезек қарайды. Мен де еркінсіген дауыс иесіне көз қиығымды бір жүгіртіп өттім де ықыласымды білдіре әлсіз жымия:
– Рахмет! Иә, біреу жетеді.
Шал целофанға оралған балауыз шамды ұсына берді.
Дүңгіршектен біразға дейін ұзап кетсем де одан шыққан келесі сылдырмақ үні мен дауыс қуып жетті.
– Тоқтаңыз!
Еріксіз бұрылдым, жағымсыз бір сезім бойымды бір қарып өтсе де қара киімдіні күтуге мәжбүрмін.
Асыға жеткен қара киімді ентелей жақындай берді.
– Сіз түсіріп алдыңыз.
Ол маған алақанын жайды. Саусақтарының жартысынан кесілген шолақ қара былғары қолғабынан бір түйір ағарған дәріні көрдім. Не аларымды, не алмасымды білмей аз аңтарылып қалдым. Сонда да саусақтарыммен оның алақанындағы түйіршік дәріні шымши алдым.
– Бекерге әуре болдыңыз. Ол маған соншалықты қажет те емес еді.
– Біреу жетеді деп ойлайсыз ба?
Мен мырс етіп күлдім де, дәріні қалтама сүңгіте салдым.
– Қам жемеңіз!
– Шамды айтам, біреу жетеді ме?
– Иә, бүгінгі түнге жетсе болды.
– Көптен жоқ па жарық?
– Иә.
– Неге?
– Дауыл желілерді үзіп кеткен секілді.
Ол менімен бірге ілесіп келеді. Аз үнсіздіктен кейін мен:
– Сіз айып етпеңіз. Мен қалтамда ақшаның жоғына мән бермеппін.
– Ол не дегеніңіз?!
Жанымыздан зуылдатып дабылын қоса жедел жәрдем машинасы өте шықты. Екеуміз де оны бұрылып көзден таса болғанша көзімізбен шығарып салдық.
– Мұнда жайланып отыратын дәмхана бар ма?
– Жоқ.
Менің бұрылар жолым тақалып қалды, ол да соны сезгендей ыңғайлана бастады.
– Мен сізді үйде қонақ ете аламын. Дәмханадағыдай болмаса да, жайлана отыра аласыз.
Оқыс шешімді менен күтпесе керек, аз мүдіре ойланып қалды.
– Қорықпайсыз ба? – деді ол баспалдақпен жоғары көтеріліп келе жатқанда.
– Қорықсаңыз білегімнен ұстаңыз.
Оның күлкісі бізден бұрын жоғарыға өрлей жөнелді.
– Көршілеріңіз қайда?
– Білмеймін. Бұл жер күндіз де дәл осылай тұрады. Әзірге дейін ешкіммен соқтығысып көрмеппін.
– Иә, бұл жерде үрейден жүректің жарылып кетуіне болады.
– Еріп келесіз бе? Қазір дәлізге шығамыз.
Оның қимыл дыбысынан өзге ауыр демін де естіп келемін.
Балауыз шамның жалыны бөлме ішін қоңырқай тарттырып, қонағымның бейнесін анық көре бастадым. Ол шашын желкесіне буып қойған екен. Оң жақ маңдайында болар болмас тыртықтың ізі бар.
– Атыңыз кім?
– Менде тек қана кофе бар екен, - Қарсы орындықта отырған оның алдына саптыаяқты қоя бердім.
Ол қалтасынан қорап шығара берді де, ішінен темекі алды. Темекісін саусағына қыстырып «бола ма?» дегендей ымдады.
– Әрине.
– Сіз ше?
– Жоқ. – Мен оның еңкейіп балауыз шамға темекісін тұтатқанын бақылап отырдым. Бұрқ ете үрленген қою түтін саптыаяқтан сыздықталып шығып тұрған кофе буын басып кетті.
– Дәрілер не үшін?
– Ұйықтау үшін, бірақ мен оларды ішпеймін.
– Неге?
– Кофенің қанты аз емес пе?
Ол темекісіне алақанын төсеп күлін шертетін нәрсе іздеді. Сөйтті де бұрышта тұрған қоқыс шелегіне көзі түсіп сонда қарай ұмтылды.
Қайта отырарда өзімен бірге шелекті сүйрете әкеліп қасына қойды.
– Қашан басталып еді?
– Немене?
– Ұйқысыздық.
– Есімде жоқ.
Ол басын төмен түсірді. Асықпай саптыаяққа қол созды.
– Сіздің аяқтарыңыз әдемі екен.
– Таксиде отырғанда басталған. – Ол басын көтерген жоқ. – Әдеттегідей жұмысқа бара жатқанда. Қалғып кетіппін. Бір сәттік өткір жарықтың жырқылынан шошып ояндым. Сонда такси айнасынан күнді көрдім, қап-қара.
– Найзағай емес пе?
– Олай деп ойламаймын. Жабық бөлмелерде де болған.
– Сіздің өткеніңіз қайда?
– Қандай өткен?
– Өткен күндеріңіз?
Мен еріксіз мырс еттім.
– Менің дәрігерім сияқты болдыңыз ғой. Шынында да бақытсыз балалықтың салдары демексіз бе?
– Жоқ, тек өміріңіз жайлы білгім келген. Бірақ... – Ол саптыаяқты ерніне апарды да, ұрттады. Қайта орнына қойғанымен айтар ойын аяқтаған жоқ. Мен аз күтуден кейін:
– Балалығымның қазіргі өміріммен тіптен байланысы жоқ. Екі әлем де бір-бірімен қабыспастай шорт кесілген, – дедім.
– Шаршадыңыз ба?
– Менің жаным әжептеуір тәжірибе жинап қалған.
– Жүрер жолымды анық білем деп ойлайсыз ғой?
– Солай десе де болады.
– Онда мені неге үйіңізге шақырдыңыз?
– Таңды атыру үшін. Ол ұзақ уақыт емес.
Ол демін терең алып менен көзін алмастан арқалығына шалқайды. Өзін еркін ұстауы менің де қобалжуыма жол бермеді.
– Жалғыз болсаңыз да бақытты көрінесіз. – Бұл сөзі менің аңғал күлкімді келтірсе де құр жымиюдан аса алмадым. – Сонда не ойлайсыз таңға дейін?
– Өзімді. Қараңғылықта өзіңнен басқа түкті де сезбейсің және күндізден гөрі қараңғыда шынайылық анық көрінеді. Өйткені шынайылық нәзік түйсікті қажет етеді. Неге маған сонша тесілесіз? Мен ешқандай да ауру емеспін. Ал дәрілер болса дәрігердің құр алдамшылығы.
– Мен көріп тұрмын.
– Нені? Сәулені ме?
– Жоқ, ұшқын. Сансыз қайшылықтардың арасында бір ұшқын.
– Қайда?
– Жанарыңызда.
– Шамның оты болар көзімде ойнап тұрған.
– Соншалықты қымбат қой сізге?
Мен еріксіз көзімді тайдырып әкетіп, балауыз шамға тіредім. Қысқа түйірлі жалын тік қалпын сақтағысы кеп әлсіз қалт-қалт етеді. Кілкілдеп еріген балауыз кемерінен асып жан-жағына құлай созыла қатып қалып жатыр.
– Сіз мені көріп тұрсыз ба?
Қайта жанарымды көтердім де басымды шайқадым. Өз ойының теріс емес екеніне шаттанды ма шолақ қолғаптағы саусақтарын айқастырып желкесіне апарды.
– Өзіңді сонда жібер! Және ұйқыдан оянатын уақыт келді.
– Кофе құяйын!
– Жоқ. – Алақанымен саптыаяқтың бетін көлегейледі. – Қазір таң да атып қалар.
Ол орнынан тұрды. Жүре бергені сол еді, оқыстан аяғымен қоқыс шелегін дөңгелете жөнелтті. Шелектің қиралаңдай қалпына орныққанына дейін бақылап тұрды да есікке қарай беттеді. Соңынан сұлықсыз беттеген маған табалдырықтың қасына жеткенде басын бір иді де шығып кетті. Сырт ете жабылған есік дыбысымен қатар бөлмедегі қара көлеңке де шайқатылып барып тыныштықпен бірге орнықты.
Қайта отырдым. Өзгенің болғанының белгісі болып ауадағы мұрын қытықтар темекі исі мен түбі қарауытқан саптыаяқ тұр. Ол қазір екінші қабаттың баспалдағына жетіп қалуы мүмкін. Немесе бірінші. Қараңғыда тәлтіректеп жүріп бірнәрсе айырғысы келіп жоғарыға қараған шығар. Әлде көршілердің біреуін кездестіріп қалды ма екен баспалдақта?
Шам шөгіп барады, түйір жалын сумаңдай қасқайып тұр. Ұйқы бермейтін сол бір сәуленің неге сонша өткір болғанын әлі де түсінгім келеді. Бағанағы шышыраңқы ойлар сығалай бастады. Әйтсе де балауыз шамының әлсіз жалынынан сескенгендей аңдай аялдайды.
Сары үшкір жалын жанарымның тереңіне сүңгіп өзіне тартып барады.
Сөнгісі келмегендей қалтырай бастады. Бара бара кішірейіп бара жатып, еңсесін көтергісі келгендей біресе ирелеңдей, біресе жалп жалп етеді. Соңғы рет бір бұлғаңдап алды да баяу жоғалды.
Тағы да селт еттім. Бұл жолы ешқандай өткір жарықты байқамадым. Ұйықтап кеткен секілдімін. Қою бозғылт күміс сәуле перденің арғы жағынан ентелей сығалап тұр.
Пердені ысырдым. Шынының арғы жағындағы тұнған жарық мені баса көктей бөлменің шегіне дейін ұмтылды.
 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста