Гүлзат НАРЫТБЕК: САЯ (Әңгімелер)

Гүлзат НАРЫТБЕК: САЯ  (Әңгімелер)

ТӘЛКЕК

Қоңырқай күз мезгілінің алғашқы аптасы болса да дала қара суық. Жер бауырлай көшкен сұрықсыз қара бұлттар, жаздың соңғы күндерінен бері қатыгездік жайлаған жер бетіне шуақты күннің нұрлы шапағатын көрсеткісі келмегендей, аспанды тұтас жауып, батыстан шығысқа қарай зулап, бірін-бірі қуып көшіп, жергілікті жер иелерінің әлек-шәлегін шығарды: не жауын болып жаумайды, не ашылып күн көзін қылтитпайды. Кең даланың көрінісі тым жадау, аянышты. Табиғатқа көрік беретін ағаштар да әлден қушиып, жапырақсыз қалған. Жапырақтар қайдан болсын қара суықтан үсіген оларды жел алып кетсе? Иә, күзгі суық аздай дала тас боран. Бұл ауылға да жергілікті Арыстанды-Қарабас желі тән. Басқасын былай қойғанда шіліңгір шілденің өзінде екі апта күн ысыса, қалған жартысы осы желге «тиесілі». Ал, қыстың дауылы... айтпаса да түсінікті шығар? Кей жылдары қарды суырып, үйлердің шатырына дейін нығыздап үйіп тастап, «қолы бос» ауыл тұрғындарына жұмыс «тауып» беретіні бар. Ал олар төзбегенде қайда барады Атажұртты тастап? «Топырақ туған жерден бұйырсын» дейтін Қазақ емес пе? Оның үстіне бұл ауылдықтардың да «үйреніп» қалғандары сондай, бір айдай белгісіз құдіреттің күшімен жел тұрмай қалса:
– Ойпырмай, мына тыныштықтың сонша ұзаққа созылғаны қалай, а? Өкпеміз де қысылып кетті ғой... – деген әңгімелер кетеді үлкендер арасында. Ал кейде жел әбден титығына тиіп, жұмыс істетпей қойғанда әйелдердің:
– Ит байласа тұрғысыз жер! – деп кейитіні бар.
Пендеміз ғой ештеңені жақтырмайтын... Осындай желді күндердің бірінде, шыдамы шегіне жетсе керек, ауылдағы Күләш дейтін келіншек әлгі «жаттанды» сөзді айтып бұрқан-талқаны шығып жатса, күйеуі еш саспастан:
Осы біздің Мойнақ байламаса да жүр ғой!.. – депті. Ауыл адамдары арасында жел жайлы сөз қозғалса осы әңгіме міндетті түрде ауызға алынып, соңы күлкіге ұласады...
Осы ауыл тұрғындары қазір қалың ұйқыда. Тек жел ғана әлденеге ашулы секіліді ызалана тынбай есіп тұр. Ауылда кегі қалғандай уілдейді. Биылғы қасиетті Ораза айының соңғы күндері күзге келіп тірелген. Таң атуға әлі біраз уақыт бар болғанымен, ниет еткендердің ауыз бекітетін шағы болып қалды. Әне, ауласы ағаш шарбақпен қоршалған еңселі үйдің терезесінен жарық көрінді де аздан соң сыртқы есік ашылды. Ұзын бойлы, қара шашын төбе тұсына түйген қара торы қыз сыртқа беттеді. Сірә, осы үйдің сүт кенжесі – Жанерке болса керек. Ерке болса да есер емес. Кішкентайынан әжесінің қолында өскендіктен бе екен, ақылы бар, ибалы, тәрбие көрген. Бірақ әжесі осыдан бес жыл бұрын, 87 жасқа келіп ауырмай-сырқамай, апталап, айлап төсекке таңылып ұл-қыздарын әбіржітпестен, өмірдегі өзінің қайратты қалпын сақтап көз жұмған. Сол кездегі 11 жасар Жанеркенің жылағаны ешкімнің есінен шыға қоймағна болар, сірә. «Өлім» деген суық сөздің мағынасын анық білмесе де, енді қайтіп жан әжесін көре алмайтынын сезген бала жүрек қиналып ұзақ жылаған. Жаназасын шығарарда кішкентайларды үйге кіргізіп, есікті сырттан іліп қойған. Есік ашылмағасын терезенің әйнегін қолына түскен затпен сындырып, сыртқа шықпақшы болып ұмтылғанда қолына сынған шишалар кіріп кетіп, бетінің де кей жерлері тілініп қан-жоса болып жылап еді. Бұл сұлудың әжесіне деген махаббаты сондай-тын... Жанұясында әкесі, анасы, екі әпкесі, ағасы болса да қатты жалғызсыраған. Әжесі өзімен бірге дүниенің бар әсемін ала кеткендей сезілетін. Көндіге алмай біраз қиналды. Әжесін қатты сағынды. Оның ыстық құшағын, өзге ешімде жоқ қоңырқай жағымды иісін, «Көзімнің қарашығы!» дейтін сөзін, мейірімді жүзін, күніге ұйықтар алдында бұған түсініксіз бірдеңелерді айтып күбірлейтін дауысын сағынды. Күтті. Жан әжесі барда, бір үйде тұрса да, анасы мен әкесіне көп бара бермеуші еді. Олар құшақтап, маңдайынан өбіп еркелетсе әжесіне қарай асығып тұрушы еді. Ондайда анасының зілсіз:
– Тіфу, жаман неме! Бізден қашып кәрі әжесіне асығуын өзінің!.. – дегеніне шамданып қалатын: «Неге кәрі дейді?!».
Сол Жанерке әжесінен көріп, бойына сіңірген өнегесін жасап жүр бүгінде.
...Үйден шыққаннан Тарғыл бұған қарап үре берді.
Тарғыл, мен ғой, танымай қалдың ба? Неге үресің? Тарғыл! – деп бөтен емес екенін білдіргісі келіп сөйлеп еді, қоймады. Қайда барса да артынан қалмай үре берді. Үргенде де арада өзі белгілеп алған шекара бардай қатты жақындамайды. Кейде қорыққандай болып шегініп кетеді де, қайта келіп үреді. Жанерке итінің мынасынан қорқайын деді. «Құтырудан аман ба, әйтеуір?» деген ой сап ете қалды да жылдамдатып асханаға кіріп кетті. Қатты қорқып, өзін біреу аңдып келе жатқандай, айналасына алақ-жұлақ қарай берді. Ал, шындығында, мұның соңынан ілескен біреу бар еді. Иә, иә, біреу бар. Оны тек Тарғыл ғана көре алған. Манадан бері ол иесіне емес, иесін алып кеткісі келіп жүрген ермеге үріп жатқан. Есін білер кезінен тете өскен, бірге ойнаған досынан айырылып қалатынын біліп, Жанеркені өзі байыбына бара алмайтын ажал апанына бергісі келмеді. Сол үшін де арсылдаған. Оның үстіне әлгі неменің ешкімнен қорықпай, алшаң басып жүргені тіпті ызасын келтірді. Жанерке асханаға кіргенде соңынан ілескен Қараның қап-қара етегінен тістеп тартып, иесінен аулақ алып кеткісі келіп еді бәтшағардың киімі арандап ашқан аузына ілінбеді. Бұл тірліктерінен мән шықпағасын тегінде жоқ әдетті бастап, соңынан асханаға күмп берді. Табалдырыққа мүлдем жақындап, маңайламайтын бұл ісінен Жанеркенің зәре-құты қалмады. Өзіне тап беріп, қауып алатындай:
– Кет, Тарғыл! Шық үйден! Кет!.. – деп айқай салды. Құтқарамын деп жүріп өзінің не «бүлдіріп» қойғанын енді бағамдаған Тарғыл иесіне аянышпен қарап, оған емес оған төнген қауіпке үріп жатқандығын білдіргісі келді. Мұның адал ойын адам баласы қайдан ұқсын? Әттең, тілі болса!.. Бәрін, бәрін айтып, өзіне соншалық ыстық иесінің өмірін алып қалар еді. Әттең!.. Білуінше, адамдардың қолынан келейтіні жоқ. Тіпті, өлгелі жатқан ауруды да емдеп жазады екен!.. Мына қауіпті ескерте алса ғой! Өздері бір қамын жасап, қаршадай қыздың тағдырының келте қайырылуына жол бермес еді. Енді расымен де қарсы алдында тұрған сұлу иесін көрмей ме?!.
Тарғыл әлгі Жаналғышпен таныс-тын. Осыдан дәл бес жыл бұрын, бұл әлі күшік кезінде алғаш рет көріскен. Жаздың ми қайнатар аптап күндерінде көлеңке жағалап жүріп, нұрға бөленген жап-жарық даланы қап-қара киімімен, қап-қара пейілімен қақ бөлген мына Сұмды көрген еді. Өзін қорғаушысы санап жүрген үйді торуылдап жүр екен. Алғашында күшік жүрегі дір етіп, сосын бар күшін қайта жиып, жауына тұра шапқан. Қанша бекінгенімен кішкентай жүрегі жақын баруға бата алмаған сонда. Шәуілдеп, үркіткісі келсе де қара киімді батырдың қорқатын сыңайы байқалмап еді. Мұның дауысын шыбынның ызыңы құрлы көрместен шаңқай түсте үйге еніп кеткен... Түктің парқына жете алмағанымен, әлгі кеткесін иелері естігеннің жанын сыздататын дауыспен ауылды басына көтере жылағаны, үйге көп-көп адамдардың, танысы, таныс емесі бар, топырлап келгені, келушілердің де жылағаны (бірі – шын, бірі – өтірік...) есінде қалыпты. Содан соң... содан кейін осы үйдегі ең мейірімді, өзімен адамша сөйлесіп жүретін, қысы-жазы басынан қалың ақ жаулығын, аяғынан қара мәсісін тастамайтын кішкентай ғана, өзгелер үнемі «Әже» деп атайтын иесін көрмеген... Сол кездегі жайсыз оқиғаның басты себепкері деп өзінің күші келмеген Сабазды таныған. Дәрменсіздігіне налып, «қорғай алмадым» деп иелерінің алдында кінәлі сезінді. Сосын «Келесі жолы келе қалса жолатпаймын! Мені көріп қорқатындай мықты боламын!» деп уәде берген өзіне. Енді... тағы қорғай алмады. Тағы да әлсіз болып шықты. Ауылдың адамдары мен өзге иттері қорыққасын, өзін кезінде арман еткен «мықты» сезінуші еді. Жоқ! Әлсіз екен, өте әлсіз болып шықты. Сотқалдай бола тұрып, кішкентай нәп-нәзік қыздың өмірін сақтай алмауы қалай? Тарғыл үшін бұл өте ауыр ой еді. Ол адамның, өзге де жаны барлардың еркінен тыс бір күш бар екенін білмейтін. Сол үшін де өзін кінәлі сезінді. «Енді бұл үйге ешқандай жаудың аяғын аттап басқызбаймын!» деп жүргенінде мынаның әрекетінен булығып кетті. «Ішке кіруіне жол беріп алдым... енді тағы жылайды... тағы қайғырады... бәрі осыдан бес жыл бұрынғыша болады да... мен мына иемді көрмеймін... мүлдем көрмеймін!..»
Қанша жерден ызаланса да, өзінен өзге тірі жан көрмей тұрған уақиғаның соңы немен аяқталарынан хабардар болса да, мейірімді иесінің сөзінен аса алмай сыртқа шегіншектей берді. Өзінің тым, тым шарасыздығына налып, алдыңғы екі аяғына басын қойып, ызғарлы желден қорғаныш болар қуыс іздеместен ашық алаңқайға жер бауырлай жатып алып, қыңсылап үрді. Тіпті көзінен тамшылар да үзіліп, тарғыл түсті сабалақ жүніне еніп жасырынды. Өзіндей мақұлықтарға тән жан қиналысына түсіп жатты... Арада аз уақыт өткесін әлгі неме жұмысын тындырып, жайына кете берді. Тарғылдың дауысы мен ырылы тұрмақ, табиғаттың мына дүлей дауылы да әсер етпейді екен мына бәтшағарға: боран бар ызасын төгіп ышқына соғып жатса да әлгінің қап-қара шапаны үп етіп желпілдеген жоқ-ау!? Бұл не құдірет сонда?! Мұны шешер дәрмен иттерде жоқ. Ит тұрмақ пенденің қолынан ештеңе келмейді. Ол орнынан қозғалмады. Әзірейіл дәл жанынан өткенде де етегінен алардай болып ұмтылып, жүгіріп соңынан қумады... Өзі көрген тылсымды бағамдап, әлі келмейтінін мойындаған секілді...
Тарғыл уақытты білмесе да, иесінің тамақтанып шығар кезін жобалайтын. Уақыты асып кеткелі біраз болды. Енді манадан бергі «...шығып қалар...» деген үміті біржола өшті де, таңғы ауылды басына көтере ұлыды. Жанының қиналысын өзгелерге білдіргісі , естірткісі келіп, мұңын шаға ұлыды. Алайда жүгермек жел дауысын өзге түгіл өзіне естіртпей ұшырып әкетіп жатты. Қаттырақ ұлыса жел де бұған қасарысып тұрғандай өршеленіп үре түседі. Мүлгіген ауылды оятып, мұңын шаққысы келсе де ессіз жел есерлігін жалғастыра берді. Ішке кіріп иесінің жансыз сұлқ жатқан кейпін көруге батпады... ұли берді... ұли берді... Тарғылдың бұл қиналысы – кейбір адам аталып жүрген біреулерге таңсық сезім еді...

***

Терезенің дәл түбіне тақалып алып ұлып, мазасын алған итіне ыза болған Ермек төртбақ келген ауыр денесінзорға көтеріп, амалсыз сыртқа шықты. Қоятын шығар деген дәмемен біраз уақыт күтіп көріп еді, болмағасын ақырды:
– Тәйт! Жаман ырымды бастамай!.. Таң атпай ұлып не көрінді?! Қой болды!
Бұл қанша бұрқан-талқан болғанымен ащы дауысы итіне әсер ете алмады. Ұлыған үстіне ұлып жата берді. Таңғы тәтті ұйқысын бұзғанымен қоймай тыңдамағанына тіпті ашуланған Ермек қолына іліккен кесек тастарды атты. Олардың бірі асып, бірі жетпей, бірі тиіп жатқанымен Тарғыл елең қылар емес. Үлкендеу біреуі дәл шекесіне сарт ете қалғанда да қыңқ деген жоқ. Тіпті бірінің артынан бірі келіп тиіп жатқан ауырлықтардан қашқысы келмеген ол басын да көтерместен өзі секілділер ғана түсінетін «жоқтауын» жалғастыра берді. Шыққанда бойын ашу кернеген Ермектің ойын енді үрей биледі. Ол итінің алжымағанына, әлі де болса сол баяғыдай адал екендігіне сенімі мол. Сөйте тұрып «...Тарғыл алжасса екен...» деп тіледі. Себебі итінің мұнысы тегін емес екендігін өте жақсы білетін. Дауысын естігеннен жүрегі жайсыз бірдеңені сезсе де, сенбеген. Кейде түйсігіміз ащы шындықты алдымызға жайып салардай болып ұқтырса да, өзімізше жақсылыққа жорып, жақсылықтан дәметеміз ғой. Бұл да өзін өзі алдап, бар кінәні әумесер итіне жауып құтылғысы келді. Бірақ тағдырдан құттылу мүмкін бе? Ермек итінің қандай «жамандықтан» хабар беріп жатқанын өзінше бағамдаған. Соны ойлап, жүрегі өрекпіп, тамағына келіп тығылды. Іштей «Жаратқан, Қанатымды қайыра көрме!..» деп тіледі. Тілегін іштей қайталай жүре басып асханаға беттеді. Ондағы ойы – қызынан да бір хабар алып кету. Білуінше ауызын бекітіп болатын кез өтіп кетті. Жеңіл киініп шықса да қорқынышты ойы мен жалынышты тілегі жаурағанын сездірмеді. Желдей алысқан ойын арқалап асхана табалдырығын аттай бергенде осы кезге дейін сезінбеген сұп-суық лептің бүкіл денесін шарпып өтіп, бойын түршіктіріп жібергенін білсе де мән бермеді. Өйткені әкенің қызы жайлы еш «артық» бағамы жоқ еді. Оның бар ойы ауруханада үзілуге шақ қалып, ес-түссіз жатқан жалғыз ұлы Қанатта-тын. Манадан бергі тілегі де, қорқынышы да тек сол жайлы. Соданасханаға кірді де қызына қарап әкелік мейіріммен жымиып қойды: Жанерке сырттай қарағанда екі шынтағын үстелге тіреп алып басын қойып ұйықтап жатқан секілді. Перзентінің мына кейпін көрген Ермек іштей аяп «Әй, қызым-ай!..» деп таяп келді де, «көпті көрген» күректей алақанымен Жанеркенің маңдайынан сипап еркелете оятпақ болғанда... жүрегі тарс етіп жарылып, бар денесі бөлшектеніп, әлемнің астаң-кестеңі шығып опырылып бара жатты. Ермектің тұла бойы қалшылдап, өзі ұстап тұрып қалған маңдайдан бетер суып кетті. Опырылған әлеммен бірге өзі опырылып бара жатып көргені – қызының мөп-мөлдір үлкен қара көздері бір жерге жансыз қадалып қалыпты...
Сумаңдаған суық хабар күн шыққанша ауылды аралап, алыс-жақын туған-туыс, ағайын да құлағдар болып үлгерлі. Расын айтқанда, барлығы осы үйден әйтеуір бір хабарды демдерін іштеріне ала күткен. Жақын арада бұл шаңырақты шаттыққа толтырып сүйінші хабардың, болмаса бүтін бір отбасыны ортасына түсірер қайғының орнары хақ еді. Бірақ бәрінің күткені бойынша Жанерке тек қайғырушы немесе қуанушы ғана болуы керек-тін. Оны қайғыртушыға айналады деп тірі пенде күтпеген.
Қарапайым ғана, өзге ауыл үйлерінен артықшылығы жоқ бұл отбасы жағдайының дәл қазіргі күйі айтпаса да түсінікті болар? Бірақ, бұл шаңырақтың шатырына қара бұлттың үйірілгені бүгін емес еді. Анығырақ айтқанда, ауылда апта бұрын басталған жел бұл үйде осыдан екі апта алдын тұрған. Тұрғанда да бар екпінімен ышқына соғып, үй иелерін әбден есеңгіретіп-ақ кеткен. Әкесі мен анасының үкілі үміттерін арқасына артып жүрген жалғыз ұлдары Қанат аяқ астынан көлік апатына ұшырап, өте ауыр жараланған. Бас сүйегі, бірнеше қабарғасы, қолы, аяғы сынған дей ме, сау тамтығы қалмаған. Екі апта бойы есін жимай, аурухананың жансақтау бөлімінде жатты. Есін жимауы ұзаққа созылғна сайын үміттің сансыз шамдары бір-бірлеп сөне берді. Дәрігерлер де айтарларын «...бәріне дайын болыңыздар...» деп жұқалап жеткізіп үлгерген. Соңында зар илеп ата-анасы, жары мен түктен бейхабар құйтақандай ғана періште егіздері, ағаларына арқа сүйеп өскен үш қарындасы күндіз-түні тілеуін тілеп, Жаратқанға жалынды. Үйге тән жылылық тым-тырақай қашып кеткендей, үңірейіп қалған. Барлығының қабағында кіреуке, бұрынғыдай жарқын жүз, таусылма әңгіме жоқ. Әсіресе Ермек пен Сұлуханның күрсінулері көбейген. Жастары біразға келіп, ұл-қыздың қызығын енді көреміз бе деп жүргендерінде сең соққандай есеңгіреп қалды. Алданыштары – балдан тәтті немерелері ғана. Екеуі екі жақтағанда басқа ешнәрсені ойлауға мұршалары болмай, кішкентайлармен алысып-ақ кетеді. Қылықтары енді-енді шығып келе жатқан періштелердің тілдері де тәтті. Атасы мен апасын мұңнан бір сәтке болсын серпілту тек екеуінің ғана қолынан келеді. Келіндері Еңлік те қайбір жетісіп жүр еді, кейпін көріп ата-енесі шошыды. Ақ сазандай болып толысып жүретін десе ешкім сенбестей. Құр сүлдерін сүйретіп, тек үміттің арқасында ғана тірі секілді. Қанша қиын тиіп жүрсе де өз міндетінен қашқан емес. Ата-енесінің алдында астары уақытылы дайын тұрады. Бірақ көбіне түртілмеген күйінде жинап алады. Әншейінде асқа шыдамайтын Ермектің өзі анда-санда ғана шұқып-шұқып қоятын болған. Үнемі өзінен бұрын күйеуінің қамын ойлап жүретін Сұлуханның:
– Онсыз да ауыратын асқазаныңды құртасың ғой... – дегенін тыңдайтын ол жоқ. Дәл қазір барлығының қылтамағынан су да түйірленіп кеткендей өтпейді. Қу жалғыз мынадай күйде жатса қалайша жегені – желім, ішкені – ірің болмасын?
Қатты қамығып, ағасының тірі қауын Жанерке де тілеген. Ол ағасын өз өмірінен артық жақсы көретін. Екі әпкесі де алыста, бірі – оқуда, бірі – тұрмыста. Барлығын көзімен көріп отырғасын, кіші болса да екі әпкесінен артық қайғырып, жағдайды екеуінен артық түсінген. Ол «О, Жаратушым! Сенен асқан құдірет жоқ ғаламда!.. Сен бәрін көріп-білушісің!.. Жұмыр басты пендеңнің бір тілегіне назар аудара гөр!.. Өтінем, тілегімді бере көр!.. Ағамың орнына менің жанымды алшы!.. Ол ата-анама, жеңгеме, перзенттеріне өте керек... мені алып, ағамды қалдыра көрңіңіз!.. Өтінем, АЛЛАМ!..» деп жайнамаз үстінде тілейтін, ауызашар, ауызбекітер дұғаларын осы тілекпен аяқтайтын. Бар жанымен, бүкіл болмысымен ниеттене тілейтін...
Бар дұға-тілектері Қанатқа арналып жүргенде, қапияда сап-сау кенжелерінен айырылып қалғандары қалай? Түйеден түскендей әсер қалдырып, ес жиғызбай ауру-сырқаусыз Жанеркенің кетіп қалғаны несі?
Хабардың өте тосын әрі ауыр болғаны соншалық, алғашында Сұлухан жылай да алмай қалды. Өз-өзіне ие бола алмай сандалып жүгіре бергенін, сосын аспан айналып кеткендей болып омақаса құлап бара жатқанын біледі. Есін жиған бойда өзін қоршап тұрған адамдарды жарып өтіп, асханаға құстай ұшқан. Түкпіргі бөлмеге кіріп, беті жабылған біреудің жатқанын көрді – ақырзаман орнап кеткен болар деп ойлады... Өксік, зар, өкініш, арман – өңкей мұң ұштасқан бұл дауысқа шыдап тұру, көкірегі қарс айырылған Ананың қайғысын жеткіу мүмкін емес. Оның жоқтауы семіп-қатып жатқан тау-тасқа жан бітірердей зарлы еді. Үш тұрмақ мың ұйықтаса түсіне кірмеген күтпеген жаңалық Сұлуханды «тірідей өлтірді». Шашы бір күнде қудай ағарып, еңселі денесі еңкіштеніп, жылай-жылай жасы да таусылғандай. Алғашқыдай зар қақсайтын дәрмені де қалмаған...
«...Жаратушым, неге алып кеттің оны? Шиттей ғана қызды неге керек еттің екен?.. Бар өмірі, бар болашағы алда еді ғой!.. Түк көрместен кетті де қалды... оның орнына неге мені алмадың?.. Қазір мені жоқтап ол отырса жараспас па еді?!. Жанеркем!.. Өмірдің ыстығына күйіп, суығына тоңбастан қайда кеттің?!.» осылай әлсіз ғана өкіріп, теңселіп отыра берді. Қанша қиналса да, зарлап жоқтаса да, тіпті қызының көкпеңбек болған жансыз түрін көрсе де сенер емес. Жанерке бір жаққа кеткен секілді. Кез келген күні күлімдеп келіп, мойнына асыла кететіндей сезінді... күтті...іздеді... таппады... Тағдырға мойынсұну қашан да оңай емес...
Өмірінде тек төзу үшін ғана жаралғандай болып, үнемі сабыр сақтап жүретін Ермек те, ішке жинай-жинай «жарылатын» кезі жетті-ау, ақтарыла төгілді – Сұлуханнан қалыспай жылады...
Дүниенің астаң-кестеңі шығып, бірі талып, бірі жылап, бірі «күліп» жатқанда қаладан қуанышты хабар жетіп келді – Қанат есін жиыпты!..
...Өмірдің қанша ащысын тартса да қаймығып көрмеген қажырлы-ақ жұп еді, тағдыр дәл осы жолы екеуінің әлсіз тұсын қателеспей тапты да, өз алдында дәрменсіз екендігін мойындатты... «...Ал, енді қайтесіңдер? Күлесіңдер ме, жылайсыңдар ма?..» – деп мысқылдап қарап тұрды...

ҚазҰУ, 1-курс.

 

БИҒАҢ

...Бұ кісі О.Бөкейдің Биғасына ұқсамайды... Жо-жоқ, тек оған ғана емес, бізге де ұқсамайтын. Мұны оқып көзіңізге бір «құбыжықты» елестетіп отырған жоқпысыз, әйтеуір?.. Ол да кәдімгі адам. Біз секілді. Өзгешелігі де бар еді. Көзге ұрып тұратын. Сол өзгешелігін, өзгешелігінің сырын ешкім, тіпті ешкім ұға алған жоқ. Оны түсінбегендердің қатарына жатсам да, көпшілігі кемшілік деп есептегендері маған артықшылық болып көрінетін...
Биғаң... осы атауымды өзі есітер болса, білмеймін тіпті, мәңгілікке құлдық ұрып өтетін шығар. Өйткені, бүкіл ауыл адамдары оны Бектіғали дейтін (Азан шақырылып қойылған есімі сол-ау...) Тек қана Бектіғали. Есімінің соңынан «қайным», «інім», «бауырым», «аға», «көке», «тәте», «жезде» деген сөздер тіркеспейтін. Үлкенге де, кішіге де – Бектіғали. Бітті.
Өзі ұзын бойлы, арықша келген кісі болатын. Қолында таяғы жоқ кезін көрген емеспін. Аяғында еш кемістік жоқ болса да (әлде, біз бейхабар ма екенбіз?) тастамайтын. Қадамы нық. Кеудесін тік көтеріп жүргенде көз алдыңа француздың джентельмендері келеді. Тек үстіне ілген жұпыны киімі: тозығы әбден жеткен, түсі оңып, іріп тұрған көйлек, бірнеше жерінен жамалған қырсыз, бұрынғы қара, қазіргі қоңыр шалбары мен сыры түсіп, ұшы кертілген таяғы оның джентельмендерге еш қатысы жоқ екенін айқындағандай. Ал жүзіне қарасаңыз... бетіндегі мәнсіздікті шырадай жанып тұрған от-жанары жойып жібереді.
Бала кезіміз... Ешкімде шаруасы жоқ, өзімен-өзі анда-мұнда жүре беретін Биғаңнан себепсіз қорқушы ек. Ойнап жүргенде алыстан қарасы шалынса қуыс-қуысқа кіріп кететінбіз. Кейде ойын қызығына беріліп, дәл жанымызға келіп қалғанын бір-ақ байқаймыз. Ондайда біріміз икемге келмей сіресіп, біріміз еңіреп жылап, енді бір жылпос, ұшқалақтарымыз шаңдатып зытып бара жатамыз. Ал, ол бізге тіпті де мән бермейді. Таяғын тық-тық еткізіп өтіп кетеді. Бізге тиіспейтініне, зияны жоқтығына талай рет көз жеткізіп, куә болсақ та қорқамыз, сосын тағы қашамыз жан-жаққа бытырай. Әлі тілі шығып үлгермеген баланы жұбату үшін «Бектіғали әкетеді!» десең сап тиылатын...
Ауылдың әдеті ғой – Ол жайлы пайымдаулар да жеткілікті еді. Біреулер айтатын:
«...Бектіғали сабақты өте мықты оқыпты. Мектепті де, жоғарғы оқу орнын да қызыл дипломмен бітіріпті. Бірақ, бір төбелес кезінде басынан қатты соққы тиіп, содан жынды болып қалыпты».
Енді біреулер айтатын:
«...Иә, керемет оқыған. Тек төбелес кезінде емес, әдейі ұрған екен көре алмағандар!». Үшіншілер:
«...Жоқ, ұрмаған. Жатақхананың жоғарғы қабатынан құлатып жіберген.» Өзге біреулері былай дейтін:
«...Ол әдейі осылай істейді екен. Ешқандай да жынды емес көрінеді»...
Бұларлардың қайсысының шын, қайсысының өтірік екенін анық білмеймін. Бірақ, бір білерім – оның зейіні керемет, есте сақтау қабілеті тамаша еді.
Шіліңгір шілденің кезі. Ми қайнатар аптапқа қарамастан шаңқай түсте шақырайған күнге күйіп жүгіріп жүрміз. «Күнге қақталмай ұйықтаңдар. Тұрғасын-ақ ойнайсыңдар. Ойын ешқайда қашпайды!» - дейтін әке-шешеміздің өздерін ұйықтатып, терезеден қашып кеткенбіз күндегі әдет бойынша.
Қаладан ағам келген. Өзі қатарлар жиылып, 3-4 адам үлкен қара талдың көлеңкесінде шахмат ойнап отыр. Ағам өте жақсы ойнайды. Бірнеше жарыстарда бақ сынаған. Құрмет грамоталары да жоқ емес. Олардың ойындарына қарайтын біз бе, мына жақта өзіміздің «базарымыз» қызып жатқанда. Кейде добымыз солай қарай ұшып кетеді. Бірінің басына ұрылса да үндеместен қайта өзімізге қайтарады. Ал абайсызда тақтадағы фигураларға тиіп кетсе, ойынымыздың тас-талқанын шығарып, үйді-үйімізге қуып тығады.
Осы қызған шақтың шырқын «Бектіғали келе жатыр!» деген ащы дауыс бұзды. Бірімізді біріміз итеріп, қағып-соғып тығылатын жер іздеп кеттік. Мен жүгіріп келіп, шахмат ойнап отырған ағама арқамды сүйеп отыра қалдым. Бұрындары ешкім таба алмайтын қуысқа тығылсам да, «көріп қояды» деген ойдан арыла алмаушы ем. Бұл жолы қорғанышым бар дедім бе, тасада отырғаным болмаса бойымда түк қорқыныш жоқ. Қол созым жердегі енді өсіп келе жатқан қоразталдан екі «қоразды» алып алып, «төбелестіріп» отырдым.
– О, Ассалаумағалейкум! – деп, өре түрегелген ағамдар «кімге амандасып жатыр екен?» - деп қарай қалсам... иә, дәл өзі! Сол Бектіғали үнемі жүретін түзу жолынан қиғаштай бұрылып бізге, жоқ, маған қарай келе жатыр! «Мені көріп қойды! Енді ұстап алады!..»
Біз оның адам жейтіні, өлтіретіні, болмаса ұратыны жайлы ештеңе естімегенбіз. Ұстап алған күннің өзінде не істейтінінен бейхабармыз. Әйтеуір бар ойымыз – ұсталмау.
Бейқам отырып қапелімде мұндайды күтпеген мен тіл-ауыздан қалдым. Тұра жүгірейін десем, екі аяғымда жан жоқ секілді. Бірақ, оның менде шаруасы болмады. Сол жердегі үлкендермен қол алысып амандасты да, маған қарап:
– Сұлу қыз, қалайсың? – деді. Болды. Менің өзінен қорқып тұрғанымды да білмейтін сияқты. Бектіғали мен ағам екеуі ойынды бастап кетті.
– Қалай, бұрынғыдан жақсы ойнайсың ба? – дейді ағама!
– Өткенде коллективтің атынан облыстық жарысқа қатысып, 2-орын алдым...
– Әй, жарыстарың бар болсын!.. Жүр одан да...
Біраз уақыт өткенде Ол жеңді де:
– Наша-ар!.. – деп тұрып кетіп қалды.
Мына қор жүрісін-ай!.. – деді біреу соңынан.
«МЫНА ҚОР ЖҮРІСІН-АЙ!!!»
Содан бастап мен одан қорықпайтын болдым. Жоқ, аздап қорқам. Бірақ өзімді ұстай алам. Ол кезде біз үшін адамдардың екі түрі ғана бар еді ғой: жақсы адам, сосын жаман адам. Мен оның жақсы адам екеніне сендім. Ойымның оқыс әрі түбегейлі өзгеруіне дәл не түрткі болғаны өзіме де беймәлім әлі күнге...
Ойынымыз жалғаса берді. Бектіғали көрінсе қашу да бұрынғыша. Тек, мен қашпаймын. Көз ұшында көрінгеннен таса болғанша қарап, сансыз-сансыз сұрақтар басымды шырмап алатын: «Неге?.. Неге?.. Неге?..». Сол сансыз сұрақтың 1-2-не ғана жауап тапқан шығармын осы кезге дейін. Оның өзі толық емес. Ал, қалғандарына... білмеймін... кім жауап бере алады?..
Достарым аң-таң.
– Асылзат, сен қалай қорықпай тұрдың?
– Шынымен қорықпайсың ба?
– Дәл қасыңа келсе де ме?
– Ұстап алса, қайтесің?
Балалықтың бейкүнә, қулық-сұмдықтан ада, аңғал сұрақтары ғой...
Тағы бір осындай сәтте, Ол бұрылып менің жаныма келіп, маңдайымнан сипады.
– ...Ақылыңнан сенің!.. Ағаң келмеді ме?
Басымды шайқадым. Үндеместен тұрды да жөнімен кете берді. Қуыс-қуыстағылар топырлап шығып, мені қоршап алды.
– Не айтты?
– Қорқытты ма?
– Ұрысқан жоқ па?
– Жаңа басыңнан ұрды ма?
– Не айтқанын түсіндің бе?
– Жындылар да кәдімгі біз сияқты сөйлей ме екен?
– Ол жынды емес! – дедім.
Енді достарым менен қорқатынды шығарды. Дәл Бектіғалидан қорыққандай қашпайды, әрине. Үйге «Ойнайсың ба?» деп келмейді. Жақсы ойыншы болсам да, «Біздің топқа бол!» деп таласпайтын болды...
Өздері мен жайлы былай айтады екен:
– Бектіғали сиқырлап алған...
– Ол да үлкен болғанда Бектіғали сияқты жынды болады екен...
Енді ойласам, көбі түсіне бермейтін қиялилық менде сол шақтың өзінде болған екен-ау...
Көктемнің күлімдеген күндерінің бірі болатын. Ыстық күн алаулаған будақ-будақ бұлттардың арасына жасырынып, жер бетін жанға жайлы жұқа көлеңкеге бөлеп тұрған. Мектептен төменгі ауылда тұратын алты қыз келеміз. Алтаумыз бір сыныпта оқимыз. Руымыз да бір. Енді 1-2 аптада оқу жылы аяқталмақ. Қимаймыз. Мектепті емес, апайымызды. Бастауышпен қоштасамыз. Сосын ұстазымыз зейнетке шықпақ. Әңгімеміз сол жайлы. Біз жаяу жүргіншілер жолы – тротуарда келе жатқанбыз. Оған параллель, 5-6 метр қашықтықта мәшинелер жүретін жол. Сол жолда Бектіғали келеді екен. Байқамаған едік:
– Балапандар! – дегенге жалт қарастық, – сол жерге отыра қалыңдар...
Біз түсінбей бір-бірімізге қараймыз. Сосын тізіліп жол жиегіне тізе бүктік. Ол мәшие жолдың біз жақ шетінде. Жақындасам қорқытып алам деді ме, орнында тұрып, Қазақ, тек жайынан бастап бірталай дүниені ашты. Майда, жеңіл тілмен бізге өте ұғынықты етіп көрсетті. Сонда отырған алтаумыздың бір-бірімізге қаншалықты жақын аталас екенімізді айтты. Сөздері өте сауатты. Жеті атамды білгеніммен, Биғаңнан естіген көөөөөөп нәрседен бейхабар екем. Таң қалғаным – ол тұрмақ, дені саулардың өзі біздердің кімнің бала-шағасы екенімізді білмейді ғой. Ал, Ол... үлкендерден кейінірек естуім бойынша, бүкіл ауылды солай жатқа айтып бере алатын көрінеді! Ондай шежірешілер тым-тым аз қалды ғой...
Кейін, әйтеуір, бір құдіреттің күшімен, Одан ешкім қорықпайтын болды. Ойнымыз бел ортасынан үзілмеді. Келе қалса жамырап амандасамыз. Ол сәлемімізді тек басын изеп қана алып, бізге беймәлім бағытымен кете беретін...
Оның жынды еместерге қарағанда дені сау екенін білдік. Бәрі білді. Сонда да «жынды» болып жүре берді... «жынды» болып өмірден өтті...

10.06.2012 ж

 

ОЛ КӨКТЕМ ОРАЛМАЙДЫ

...Кеудемді кере түскен сағыныш енді қайта оралмасына масаттанып, жанымды қоярға жер таптырмады. Осы қиналысымды аз көрді ме, өкініш деген азап шақырусыз келіп, ішкі бар әлемімді қан-жоса етіп тырнап өтті. Сағынышым әдіре қалды...

Сонау адырдың арғы жағында қол бұлғап қалған балалығыма бұрылып қарасам, мүмкіншілігімнің жоқтығына анық көзім жетіп тұрса да солай қарай жүгіргім келеді. Білетіндердің айтуынша, өткен – сағынышпен, болашақ – үмітпен қымбат. Алайда... мен... балалығыма сағынғаннан емес, өкінгеннен оралғым келеді... иә, өкініштен...
Кімді кінәлаймын? Кінәліні тапқан күннің өзінде не келеді қолымнан? Өткен өміріме үңілу қаншалықты ауыр соғатынын білесіздер ме? Кейде көзімнен жас шыға ызаға булыққанымда «бассам аяқ астындағы бәледен» сақтағылары келген асыл ата-анама да тілім тиіп кетеді. Сосын... соным үшін өзімді жек көре тағы желінем. Тамағыма ащы өксік тығылады.
Ол шақта ауылдағы өзім қатар ұл-қыздардың әке-шешелерінің аузында болдым.
– Осы саған қашан ми кіреді!? Қыз басыңмен қаңғымай Ербол құсап тыныш жүрсең болмас па!? – деп қызының жер-жебіріне жетіп жатқан жеңгелерімді талай көргем. Дәл сол қызықтың ортасында болмағаныма өкінгенім әлгі сөгісті естігеннен-ақ тарап сала беретін. Содан соң менен тәртіпті, менен ақылды бала жоқ екен деп айқұлақтанып, «бұзықтардан» іргемді тіпті аулақ салушы ем.
«Қызыл жалау» ойнап жүргенде, ойына қайдан келетінін, бірі «Бүлдірген теруге кеттік!» деп салатын. Бар баланың ойы сонда ауып жап-жақсы ойынның шырқы бұзылады. Іштей «бармай-ақ қойса екен...» деп тілеймін. Ал олармен ілесуге жібермеген қандай күш екенін әлі де білмеймін. Шұбыра кетіп бара жатып, артта қалып қойған маған қолдарын бұлғай шақырады. «Жүр!»
– Тауда аю бар. Апам жеп қояды деген, – деймін көзім жасаурап. Өз-өзімнен жәбірленіп, қыстыға жылап үйге қайтам.
«Қашпа доптың» қызығына батқанда тағы бірі «Өзенге шомылайық!» деп лепіріп, бар баланы соңынан ертіп кетіп бара жатады.
– Апам ұрсады...
– Өй, білмей қалады, – дейді. Жанарым суланып, белгісіз күштің жетегінде еріксіз басымды шайқаймын. Күн ұясына бата, өрістен қайтқан малдармен біз де «маңырап», «тығылмашақпен» ауылды азан-қазан қылып жатқанда, ыстық қайтып, жазғы кешкі самал еседі. Үлкендерден естігенін қайталап «Желкем!» дейді біреуі. «Алмалар түскен шығар... Сәмен атаның бауына барайық! Бөтен іздеп кетті өзі...» Бұл желдің үзілейін деп тұрған жемісті түсіруге қауқары жоқ, өте майда ескек екенін білсе де күнде айтылады. Күнде бауға барады. Күнде Сәмен ата қуып шығады. Мәз болып, етек-жеңіне тыққандарын ұстап «ұрлықшылар» қашып бара жатады...
– Апам «ұрлаған – жаман» деген, – деймін мен...
Әдеттегідей, ойынның дәл қызу тұсына келгенде талқаны шықты. Бұл жолы үйдегілер. Түскі тамағыңды ішіп ал деп, жетектеп әкетті. Апыл-ғұпыл тамақтанып, қайта келсем, ешкім жоқ. «Тауға кеткен бе? Өзенге ме...». Кенет, зымырап бара жатқан Есенді жанымнан өте бере тоқтатып алдым.
– Қайда бәрі?
– Ақжолға атасы әңгі есек әкеп беріпті! Тоңқиды екен! Кеттік, мінейік!.. Бәрі сол жаққа кетті – деді.
– Апам «құласаң, аяғың сынады» деген, – дедім... «Өөөй, қорқақ!» деп кіжініп кетті. Расында, есек тоңқи Ақылбекті құлатып, үстінен басып өтіп, қол-аяғын сындырыпты. Сол Ақылбек қандай бақытты!.. Балалық ақымақтықтан таяқ жемеген, балалық бұзықтығы үшін ұрыс естіп көрмеген әлемдегі дені сау бейшараның алды-арты мен шығармын... Тұт талға өрмелеуден жарысқа – бұтағы көзіңе кіріп кетеді деп қатыспайтынмын...
Қош, қайсы бірін айтайын... Өзегім өртеніп кете жаздады. Бір жасап қалғым келіп, саяхаттап едім... ойыма апамның тыйым салған сөздерін қайталап, ұбап-шұбап, бақытты бал балалықтың кезекті естен кетпес дәмін татуға кетіп бара жатқан достарымның соңынан жылап қалған сәттерім ғана оралды... Неткен сорлылық!.. Неткен бейшаралық!.. Менде балалық деген болмаған да екен ғой! Мен бала да болмаған екем ғой!..
Кенет... көз алдымнан көлбеңдеп кино лентасындай бір оқиғаның бейнесі өтті. Сенер-сенбесімді білмей үңіле түстім. Шынымен мен бе?! Сәмен атаның бағы ғой мынау! Еріктің қасында отырған... мен... иә, менмін ғой! Мен! Мен! Шие талдың төбесіне өрмелеп барам ба?.. Төменде... менің қимылымды бағып, Сәмен атаның келіп қалмауын қадағалап тұрған достарым – Әділбек, Алмас, Жалғас, Мейіржан, Тоқтар, Берік, Сая, Жанар, Анаргүл... Сондағы алманың, шиенің, өріктің дәміне жетер жеміс татпаппын ғой әлі күнге дейін!.. енді татпасымды да білем... мейлі... әйтеуір, татқан екем! Татыппын!..
Бетімді жуып кеткен өкінішке толы жастарымның соңынан бір тамшы қуаныш үзіліп түсті...

21.10.2012 ж

 

САҒЫНЫШ

(немесе «өгей» қыздың Туған жері)

...Ауылыма қайтуға керемет мүмкіндік туып тұр... Әй-шәйға қарамастан тартып кетсем бе екен?.. Сағынбаған екен деп қалмаңыз, сағындым! Өте қатты сағындым! Онда ойланатын не бар деп тұрмысыз? Мен өзім аздап біртүрлілеумін, қазір айтсам түсінер ме екенсіз? Әй, қайдам... жынды деп ойларыңыз анық... Айтпай-ақ қояйын, «жынды» емес, «біртүрлі екен» деп жүре беріңіз... Жарайды, қоймадыңыз ғой...

***

– ... Бақытгүүүүүл, сағынып кеттім!.. – деймін мен.
– Мен де сағындым. Келсейші...
– ... Мен сені сағынған жоқпын... – қаншалықты жақсы көрсем де өзіне айтпай, кертартпаланып қисық сөйлейтінімді білетін құрбым бұл жолы да солай деп ойлап:
– Білем! – деп күлді.
– Сен неге күлесің?! Менің жылағым келіп тұр!..
– Неге?
– Сағынып кеттім деймін!..
– Сағынсаң келсейші енді!..
– Қойшы...
– ал, жарайды, кімді сағындың?
– Ауылды!
– Сосын?
– Болды!
– Болды ма?!
– Иә!..
– О, тоба! Бірақ сенен шығады...
– Шын айтам, Бақытгүл, мен тек қана ауылды, туған жерді сағындым. Адамдарын сағынғаным жоқ...
Менің манадан бері ойнап отырмағанымды біліп, ол да салмақтыланып тағы не дейсің дегендей үнсіз тыңдады...
Иә, оның орнында өзге біреу болса, күлкіден ішегі түйілері анық. Ал, Бақытгүл күлген жоқ: ол біледі. Менің біртүрлі емес, жынды екенімді. Аздан соң:
– Бұлай «ауырмасаң» Асылзат боласың ба?! – деді. Айтысынан мені түсінгендігі айқын аңғарылды, – ...Енді, келсейші. Сен сағынбасаң да, олар күтіп жүр ғой. Үйіңдегілерді де бір қуантып, өзің де сағынышыңды басып кет...
– Үнсіз ғана барып, бір жылқыға мініп алып, сайын далада армансыз шауып ешкімді көрмей, ешкімге көрінбей, туған жер төсіне аунап-қунап қайта қайтып кетсем ғой, шіркін!..
– Асылзат, сенің шынымен ешкімді көргің келмей ме? Анаң ше?.. Әкең ше?.. Бауырларың ше?.. Оларды мүлдем сағынған жоқпысың?..
Ал, енді, жауап беріп көр! Тек күнделігім екеуміз ғана білетін сырды айтамын ба, қайтем?..
Осы сұрақ ауыр тиді. Жауап таппай қиналғаным жоқ. Бұл сауалды өзім де өзіме қойып, жауабын тапқам. Қазір, білсем де айта алмай тұрысымды қарашы. Дайын жауап та осылай қиналтады екен-ау!?.
Сағындым! Сағынғанда қандай!? Көргім келеді! Бірақ, онда менің көргім келмейтін нәрселер көбірек болып тұр ғой...
Әкемді көргім келгенімен, оның үнемі түюлі қабағын, бір ауыз жылы сөзі жоқ, зіркілдеп жүретін түрін көргім келмейді! Анамды көргім келгенімен, жабығыңқы көңілін, әбден әбіржіген бейшара кейпін көргім келмейді! Екеуінің бітпес айқай-ұрысын естігім келмейді! Інімді көргім келгенімен, оның әкеден үнемі сөз естіп, жылы көзқарасқа зәру, өзіне сенімсіз, жасық болып қалған қалпын көргім келмейді! Сіңілімді көргім келгенімен, жүйкесі әбден тозып, әкеме деген ашуы мен өкпесін алатын анам мен інімнің «әлімжеттік» жасағандағы көзін, өз үйінде «жетімдік» көріп жүрген жүрісін көргім келмейді! Үйді көргім келгенімен, ондағы берекесіздікті, қазына-әжем жоқ «кедейлікті» көргім келмейді! Әпкемді көргім келгенімен, аға-жеңгелернің біреуі үйіне тұрақтата алмай, пәтер жалдап, «мейірімге» қарық болып қалғанын көргім келмейді! Аға-жеңгелерімді көргім келгенімен, олардың тас қаланың тас тұрғындарына айналған жатбауырлығын көргім келмейді! ТУҒАН ЖЕР!!! Сені көргім келгенімен, сенің жүдеу жүзіңді, «оңбағандар» отап, «жарыместер» жүнжітіп жіберген көңілсіз көрінісіңді көргім келмейді! Бауырыңдағы өзеннің арнасы жыл санап тартылып барады, төскейіңдегі көркің ай санап азайып барады. Қураған ағашыңды кесіп алуға миы жеткен тұрғыныңның орнына бір шыбық қадап кетуге келгенде басы істемей қалатынын көргім келмейді!..
Осылай деп айта алмадым... Есесіне өзімнің сұрағыма жауап таптым! Таптым да құрбыма:
...Ертең күтіп ал! – деп тұтқаны қойып, жинала бастадым...

***

...«Көргім келеді» мен «Көргім келмейдіні» салыстырғанда екінші жағы тартып кете берген. Соңына, ең соңғы «қарсыластарымды» таразыға салғанда өзім де түсінбей аңырап қалдым: «Көргім келедінің» салмағы жерге тиіп, қарсыласы аспанда жел ұшырған қаңбақтай қалықтап жүр! Түк салмағы жоқ!..
Сен үшін «Көргім келмейтіндерді» көретін болдым. Естігім келмейтіндерді еститін болдым. Мейлі! Есесіне СЕНІ көремін, ТУҒАН ЖЕР! СЕНІ! Басқа сезімсымақтар саған деген сағыныштың тырнағының ұшына тати ма екен?!.
Өлеңдердегі сағынышты асыра сілтеушілік деуші едім, қателесіппін!.. иә, сенің әр тасың – алтын, әр тамшы суың – гауһар, әр тал шөбің - балғын екен!..
О, ТУҒАН ЖЕР! Сенің қасиетің, сенің құдіретің, сенің «тартылыс күшің» осындай ма еді?! «Тасжүрек» қызың осыны енді ұғып, енді сезініп жатыр... Кешіре гөр!..

ҚазҰУ. 1 курс.
(23.04.2012ж)


БЕЙМЕЗГІЛ ҰЙҚЫ

...Көзімді ашсам әлгінде ғана күйіп-жанып тұрған күн көзі көрінбей, қап-қара бұлттың арасына жасырынып қалыпты. Дала алай-дүлей. Жаңбырдың желі ағаш бастарын ары-бері жұлқиды аямастан.
Міндетімді өтедім де оны-мұны парақтап отырдым. Тағы да мызғып алғым-ақ келіп еді, тыйдым өзімді: біраздан соң Намазшам уақыты. Ес білгелі ести-ести құлаққа әбден сіңісті болып қалған ғой, бейкүнә бал балалықтан қалған әдет дейін бе, әлде тәрбие ме, әйтеуір бірдеңе нәпсіге ергізбеді.
«...Батар күнмен жарысып жатпаңдар, таласып ұйықтамаңдар!.. Мұндай уақытта төсек тартып жатқан аурудың өзін, шамасы келсе, отырғызып қояды...» – дейтін...
«...Осы кезде жындар жүреді екен жер бетінде. Ұйықтап жатсаң иманың әлсірейді екен де, жын бойыңа кіріп алады екен...» – дейтін...
Алғашқы ескертпені анам мен апам миымызға құйған-ақ аямай. Ал екіншісі... үнемі үлкендер айта беретін ескертпесіне орай тапқан өзіміздің «себебіміз» бе еді, жоқ әлде сол үлкендердің өздері айтпақшы, осы секілді қорқынышты нәрселер айтып қоймаса оңайлықпен тыңдай қоймайтын біз секілді «құлақсыздарды» айтқандарына көндіру үшінгі айлалары ма еді – ол жағын анық білмейді екем... Әйтеуір, кезіндегі ең өтімді «хиттеріміздің» бірі болатын...
Есік ашылып, ішке Айжан кірді. Шәйін ішіп алды да, төсегіне құлай кетті. Айжаны кім деп отырмысыз? Менімен бір бөлмеде жататын қыз ғой. Бірге тұрып жатқанымызға бір жылға таяу болса да, әңгімеміз онша жараса бермейді. Кей-кейде ғана болмаса, ашылып сөйлесуіміз тым сирек. Жарайды, ол жайлы, реті келсе, кейін бірде айтып берермін. Содан жатталып қалған сөз аузыма түсті:
– Айжан, батар күнмен таласып жатпа!..
Ол өзінің бұрқылдауық әдетіне басты:
– Ой, қойшы, шаршап кеттім...
Не дейін, үндеместен ісімді жалғастыра бердім. Үйдегілер мені осылай тәрбиеледі екен деп, өзгелерге де солай жасатқыза алмаймын ғой.

Намазшамның кіруіне аз ғана қалды. Дала сүреңсіз болып тұр. Бағанағы құтырынған жел тоқтаған. Жаңбыр жауған жоқ. Бұлт та қап-қара болып мыңқ етпестен орнында тұр. Көк аспанды бізге көрсететін ойы жоқ секілді. Кеш әлі толық түсе қоймағанымен, бұлттың арқасында сұрықсыз қараңғыланып тұр. Әншейінде жап-жасыл болып, көздің жауын ала терезеден сығалайтын ағаштар да қорқынышты көрінеді.
Азан. Ақшам. Біраз уақыт өтті. Айжан шырт ұйқыда. Бөлме іші жым-жырт. Әлденелерді шимайлап отырдым өзімше. Кенет сол тұсымдағы кереуетте ұйықтап жатқан Айжан басы мен кеудесін төсегінен оқыс жұлып алды. Селк етіп, жалт қарадым. Оның қашан қарап үлгергенін қайдам, көзімен атып барады екен. Шошып кеттім. Әйтсе де, қорқынышты түс көріп оянған болар деп өзімді сабама түсіріп-ақ жатырмын. Бірақ... бірақ... көзі... иә, көзі... өзінікі емес! Мүлде жат! Жансыз секілді. Әдеттегідей жалындаған жастықтың ұшқыны көрінбейді. Оның орнында ыза мен мысқыл ойнайтын секілді ме, қалай? Қадалған қарашық әлі бір жұмылмады – өңешімді суырып барады. Мұздай тер маңдайымнан бұрқ ете қалды. Бүкіл денем қатып икемге, тілім күрмеліп сөйлеуге келмейді. «Айжан! Айжан! Саған не болды?» деймін ішімнен (Дауыстап айтар дәрмен қайда?) Көзін әлі тайдырар емес. Өңменімнен өтіп кетті. Тынысым да тарылып, ауа жетпей кеткендей. Тілімді кәлимаға келтірдім (әрине, ішімнен). Содан бойыма бір күш дарығандай болды да, батылданып:
– ... А...й...жж...ааан...н... – дей беріп едім, бөлмені басына көтере айқайлай күлді. Дауысы... сұмдық! Тым жағымсыз! Басқа теңеу таба алмадым – әлгі... жалмауыздың, мыстанның мысқылдап, кекете күлетіні бар ғой фильмдерде... дәл сондай! Әлі күліп жатыр. Өн бойым қалтырап, көзімнен қорқыныштың жастары еріксіз парлап шығып, бетімді жуып кетті. Тіптен ес-ақыл қалмаған. «Бисмилладан» бастап бар білетін сүрелерім мен дұғаларымды айтып жатырмын, айтып жатырмын. Қашып кетейін десем, біреу мені сол жерге шегелеп қағып тастағандай қозғала алмаймын.
Осынша уақыт Айжан не істеді деп отырмысыз? Адамның ойынан жүйрік нәрсе жоқ қой...
«О, Құдайым! Әлі күліп отыр!.. Не көрінді оған?!.». Манадан бері ойласам да сенбей отыр ем, енді оның бойына жын кіріп кеткендігіне күмәнім қалмады. Ол қадалған күйде мыстан-күлкісін тыймастан төсегінен түсті де, маған қарай қадам басты. Енді үш-төрт аттаса жанымда болады!.. Сосын... Өлген жерім осы болар дедім... Жүрегім дәл алқымымда дүк-дүк, дүк-дүк соғады. Енді болмаса аузымнан шығып кетердей...
...Сосын... одан соң не болғанын білмеймін, есімді бір жисам дәлізде алқынып жүгіріп барам. Бар ойым – жетінші қабатқа көтерілу. Денеме қорғасын құйып қойғандай, жүрісім өнбей, зорға жеттім «межеме». Осы қабатта тұратын иманы кемел, намазхан ағалардың бөлмелеріне жұлқына кіріп бардым. Әрқайсысы өз тірлігімен айналысып отырған олар мына сұрқымды көріп үрпиісіп қалды. Сол түрімді өзім енді көз алдыма әкелем: бетімде қан-сөл жоқ, сұп-сұр; қорқыныштан көзімнің шарасы кеңейіп кеткен, жылап жатқаным жоқ, бірақ жас тоқтамастан атқылауда. Ентігіп кірдім де, әй жоқ, шәй жоқ, қолымды ербеңдетіп бірдеңелерді түсіндірмекші болдым. Қорқыныштан байланып қалған құрғұр тіл бұралып, икемге келмей қойды. Үрей мен ызаға булығып тұрған мен босаңсып өкіре жылап жібердім. Не болдылап бәрі жинала қалды. Демеп отырғызды, су ішкізді де «тыңдап тұрмыз» дегендей үнсіз аузымды бақты. Аздап басылғаныммен қалш-қалш етем. Өксігімді тыйып, әрең сөйлеп:
– ... Ша...й...таннн!.. – деп оларды да бір сілкіндірдім, – ббөл...ме...де...
Анықтап ұғындыра алмасам да, өздерінше жобалап, бірі тәспісін арқалай, бірі қамшысын ұстай дұғалатып төменге түсті. Менің қайта баруға, көруге дәрменім жоқ. Сонда да амалсыз ағаларға сүйеніп, дірілдеп, бөлмеге келдік. Есік айқарыла ашық тұр. Іштен еш дыбыс естілмейді. Кіре алмадым. Олар, жігіт қой не десең де, еніп кетті. Не болар екен деп жанымды шүберекке түйіп мен мен тұрмын. Ағалардан тығылып шығып, сыртта тұрған маған бас салатын секілді сезініп, тіпті тұра қашуға да дайындалдым. Не деген сужүрек едім десейші? Аздан соң бірі шықты да «...ештеңе жоқ...» деп зорға дегенде алып кірді. Буын-буыным босап ішке беттедім. Қорыққаным жоқ. Жүрегім мені тастап кетіп қалған секілді...
О, тоба! Өлі тыныштық! Бар бөлменің астын үстіне келтірген болар деп едім. Жоқ, заттар орнында. Оларды қойшы... Айжан!.. ол да орнында! Иә, түк болмағандай ұйықтап жатыр. Алғашында әдейі солай жатыр деп сенбедім. Қазір де әлгіндегідей атып тұрып бір сойқанды бастайтын болар деп күттім. Жо-оқ, бейкүнә сәбилер секілді аузы ашылып, мұрны пысылдап шын ұйықтап жатыр. Мен есімнен адастым... Осылай ақылымнан ауысып тұрғанымда Айжанның көрпесінің сыртында қалып қойған қолының білегіндегі тырнақтың жырған ізін көзім шалды. Қанталап тұр, әлі кеппеген. Дереу қос қолымды жайып, тырнақтарымның бастарына қарадым. Сол қолымның балаң үйрегінің тырнағының ұшында жаңа жұққан, қатып үлгермеген қанды көрдім... Мен анық жынданғанмын-ау... Ертіп келген ағаларым тіл-ауыздан қалған маған түсіндір деп әлек. Не айтам? Не түсіндірем? Өзім де түк ұқпай тұрғам жоқ па?..

 

САЯ

Мен оның көңіліне сая болғым келетін. Сол үшін уәде бергенмін. Қашан екені есімде жоқ. Мүмкін бес жыл, мүмкін алты жыл бұрын... әйтеуір бірталай уақыт өткен. Сол сәт оның қиын тағдырын ерекше сезіндім бе екен, әлде алдыма жылап келгенде жұбату үшін айттым ба:

– Кейі-і-ін, оқу бітіріп, жазушы болғанымда сен туралы жазам, – дегем. Жазушы болу үшін оқу бітіру міндет деп ойласам керек. Алайда қандай жазушылықтың арнайы оқуы бар деп есептегем-ау. Жәрәйд, сонымен... Енді ойлаймын ғой, сол кезде осы уәдені беріп жатпай-ақ, үйге кеп қолыма қағаз-қалам алғанымда жақсы туынды шығар ма еді деп. Не десем де бірге жүрген сәтіміз мол еді ғой, сырымыз да, шынымыз да көп шертілетін. Оны өте жақсы танушы ем. Ал қазір айтатыным өткен шақтың еншісіндегілер ғой. Естен шыққаны бар, сананың түкпірінде жасырулы жатқаны бар... Десе де араға осынша уақыт салып, еске түсе толқытқаны тегін емес шығар деймін...
Әке-шешесіз өсті. Кәрі апа, ащы суға үйірсектігінен өзге не білімі, не сауаты, не жұмысы, не құрған отбасы жоқ, қарындастарының мемлекеттен бөлінетін көмек қаржысына телмірген нағашы екі аға. Қайдан оңа қойсын, ауыр тағдыр иелерінің бірі-тін. Пікіріміз, ойларымыз, сөздеріміз үнемі бір жерден шығатын. Тым ұқсастығымызға өзіміз таң қалушы ек. Үй шаруасынан қолымыз қалт етсе, мен оған, ол маған «ұшып» тұратынбыз. Әңгімеміз таусылмайтын. Туған бауырыңмен келісе алмай қалатын сәттер болады ғой. Ал онымен екіұдай пікірде қалып қалғанымда тіпті есімде жоқ. Болашағымыз бұлыңғыр болса да, «арамыз ешқашан алыстамайды, қай кезде де осы жақындығымыз сақталады» дегенге қапысыз сенетінмін. Екеуміз де достығымыздың тек шынайылықтан тұратынын білетінбіз. Сонымен мақтанатынбыз да. Осыншалық жақын болған адамыңмен бет көріспей кету мүмкін деп ойлайсыздар ма? Жоқ дейсіз бе? Мен де...
Осы біздің ЖАРАТУШЫ емес, жаратылыс екендігімізді естен көп шығарып алатынымыз-ай...
Кешке тірлігімді бітіріп, бес үй жоғары оған тарттым. Шарбағынан ішке енгенімде алдымнан апасы шықты. Амандасып үлгермедім, дауысы дірілдеп өзі сөйлей жөнелді:
– Аналар бүгін де ішіп кепті. Қолы сынғырдың біреуі тағы ұрған ғой дейм... Гүлдарханның үйінен келсем, жылап шығып барады екен. Тоқтата алмадым. Саған барды екен десем... Тапшы, айналайын. Екі кештің ортасында қайда кетуі мүмкін? Мына жел де үдеп кетті ғой. Бірдеңеге ұшырап қалмаса болғаны...
«Уайымдамаңыз» деп, қалың киімін алдым да жүре бердім. Қайда баратынымды жақсы білем. Жалғыз болғысы кеп тыныштықты қалағанда сонда барады. Қазір де сол жерден табылатынына сенімдімін. Аяғымды жылдам басып, бәрі, әсіресе балалар қорқатын, көшенің ең шетіндегі иесіз үйге беттедім. Барлық балалар секілді мен де ол үйден айналып өтетінмін.
«Қарғыс атқан үй» дейтінбіз. Неше түрлі етіп аңыз-әңгіме құрастырудан жарысатынбыз. Асыра сілтеушілер ол үйден өз көздерімен елес көргендерін айтатын. Кішкене шақалақ көтерген жас келіншек «тұрады». Баласын қызғанған елес-әйел ол үйге жақын барғандардың бәрін өлтіреді екен дейтінбіз. Үлкендердің айтуынша, ертеректе ол үйде жас отбасы тұрған екен. Ертерек дейтінім – көшенің қариялары да онымен аңыз күйінле танысқан. Қалыңдықты айттырып қойған өзге жігіт болса да сүйгенімен бірге қашып осы ауылды паналапты. Алғаш келген уақыттарда елеңдеп күн кешкен олар арада жыл өткенше ешкім мазаларын алмаған соң, арқаларын кеңге салған екен. Сонша ай тыныш қалдырғандар енді іздеп келмес деп ойласа керек. Бұл уақытта өмірге тұңғыштары келеді. Жігіт ауылдағы бір байдың жылқысын бағып күндерін көрген. Бақытты өмірлері жалғасып жатқанда аяқ астынан жігіт қаза болады. Біреулер «сабап өлтірген» дейді. Біреулер «пышақ сұққан» дейді. Көзбен көрген ешкім жоқ, аңыз бойынша оның қасақана өлтірілгені ғана мәлім. Және қылмыстылар қалыңдығын айттырған ру екені анық. Ал олардың неге кештетіп әрекеттенгені жұмбақ. Көз жасын көлдетіп күйеуін жер қойнына тапсырған келіншек оның ұрпағын жеткізуді ғана ойлап белін бекем буған. Жарының қазасының қайдан келгенін білетін келіншек қатты мазасызданса да, қазақ әйеліне тән қайсарлықпен алға ұмтылады. Күйеуін өлтіріп, енді өз аяғымен табалдырығымызға келеді деп күткендер ойлағандары орындалмаған соң баласын тартып алмаққа әркеттенеді. Перзентін қорғап, сол жолда Ана да ажал құшады. Ал кішкене шақалақтың тағдыры белгісіз. Сан-саққа жүгірген болжамдар бар.
Көзімді байлап, «күшті жерге» апармақшы болған оған еріп, дәл сол үйдің ішінен шыққанымда қалтырап, буын-буынымнан әл кетіп, жылауға шамам келмей қалған. Кіп-кішкентай болып өзі ғана қалайша ол үйге кіре алған?! Таңданысымда шек қалмаған. Ал кейін ол үй менің де жабырқаңқы көңіл-күйім мен көз жастарымның куәсіне айналды.
Егіліп отырған оның үстіне әкелген сырт киімді жаптым да, қасына отырдым. Біріміз жыласақ екіншіміз жанында үндеместен отыра беруге келісіп алғандай үнемі солай етеміз. Жылаған адамның алдымен тілге келуін күтеміз. Ол қатты жылады. Өте қатты жылады. Шашынан тартқылаған ба, самай шаштарының түптері қанталап тұр. Құлар халге жеткен ескі үйдің терезесінен, тесік-тесігінен уілдеген жел демде-ақ қалтыратып жіберді. Менен бұрын келген оның тісі сақылдап барады.
– Оранып отыратын қалың көрпе, киім әкелемін, – деп кұбірлей орнымнан тұра бердім де, «Келме!» дегенінен жалт қарадым. Бір нүктеге қадалып отыр екен. Қазіргі күйінде айтқан сөзі тұрмақ, істеген ісіне де жауап бере алмауы мүмкін екенін білгендіктен ештеңе естімегендей есікке бара бердім.
– Келме дедім ғой саған! Келме! Естімейсің бе?! Келме! Сен-ақ бәле болдың ғой!.. Кет! Келме! Көргім келмейді сені! Қатысың жоқ жерге араласасың да жүресің үнемі...
Ашумен айтқан десем де, көңіліме уға малып атылған жебедей қадалды. Басында өзімді ыңғайсыз сезінгеніммен, артынан ашу қысты. «Сипағанды білмейтін сиыр» дедім іштей. Ашулансам да бір мазасыздық билеп, жылағым келді. «Расымен жек көре ме, әлде... Онда сонша сөз айтпайтын еді. «Сен-ақ бәле болдың!» деді ғой. Сонда осыған дейін қалайша өтірік күліп жүрген бетіме?!» Мың түрлі ойлар миымды шарлап жүріп алды. Мәңгірген күйімде атамның қалың шапанын апарып иығына жауып қайта шығып кеттім.
Өмірде біреуді толық танып білдім деу бекер екен ғой. Өтірік. Бәрі өтірік. Бәрі жасандылық. Осы уақытқа дейінгі шынайы көңілі қайда? Бүгінгісі не? Қалайша жек көріп тұрып жақсы көргендей рай таныта алуға болады? Иә, білем, ондай сәлемі түзу жандар арасында көп кездеседі. Бірақ, біз ше... жан құрбы санамаушы ма едік өізімізді? Мұндай қатынаста да көлгірсу болушы ма еді?! Неге керек болды олай ету саған?
Екеумізге қарап қалған ештеңе жоқ қой, ауылдың күні әдеттегіше күйбең тірлігімен мимырттап өте берді. Күніне әйтеуір бір көрісіп сөйлесетін онымен екі айдай бұрынғы әлгі оқиғадан соң арамыз сап тиылған. Өзін сағындым да...
Қыстық қақ ортасы. Қақаған аяз. Уілдеген жел. Оның кенет ауырып, аудандық аруханаға жөнелтілгенін естідім. Уайымдадым – жағдайын көзбен көріп, өзінен сұрауға бармадым. Қатысым жоқ нәрсеге араласпайын, ең болмағанда ауруханада менен «құтылсын» дедім де
«Жағдайы ауыр екен» деп естіген соң, шыдай алмай жол тарттым. Осы жолы «кет» десе бәрі бітеді деп буынғам. (Онсыз да бітпеген не қалды?) Жылады. Мені көріп. Ал менің қырсықтығым ұстады. Еркімнен тыс.
– Кешір. Бірақ олай айтпағанда сен кетпейтін ең. Кетпеген соң қазір менің қасымда жатар едің...
– Сонда мені ойлағаннан сонша сөз айттым дегің келе ме?
– Сенбейтініңді білем...
– Бәрінің беті ашылған соң енді ақталудың керегі жоқ...
– Сол жерде үсп өлсем деп ем, қайда екенімді апама айтып қойыпсың...
– Мені кінәлап тұрсың ба?
– Иә. Ақыры ренжіген екенсің, жаның ашымауы керек еді...

Үндемедім. Жылағым, құшақтап сағынғанымды айтқым келді. Оның да мендей күй кешкенін білем. Ол да білді менің хәлімді. Алайда екеуміз де иілмедік, сыртқы суық қалпымызды сақтай қоштасқанбыз...

Әупірімдеп жазылды. Ауруханадан шықты. Алайда әбден дендеп алған суық ағзасын әлсіретіп-ақ тастаған екен. Қит етсе ауырып қалатын болған. Түрлі дәрілердің көмегімен ғана кеудесін тік көтеріп жүре алды. Бәрінен хабардар едім. Сырттай. Онымен арамыздың бұрынғыша болғанын қаласам да, бұлай ауыруына әлгі суық кештің қатысы көбірек екенін білсем де, «мені қумағанында осы күйімде сау болмас едім-ау» десем де, (мені неге қуғанынан өзге) бәрін-бәрін біле тұра басымды үйіне бір сұққам жоқ...
Қушиған сүреңсіз ағаштар желегін жамылып, көктемгі желмен маңғаздана баяу тербеледі. Ары-бері қозғалған бұталарда шықылықтаған құстар әні құлақ тұндырады. Осы құстарға қосылып мектеппен қоштасу әнін шырқады. Арамызда сол күздегі салқындық сақталып қалған. Екі тараптан да жақындауға қадам басылған жоқ. Сыныққа сылтау таппай жүргендей сол күйі «үзілдік»... Оқуға кетті... Үйінде үздігіп күтіп жүрген ешкім болмаған соң ауылға тым сирек келетін. Келгенінде арнайы көріспесек те күтетінмін, ауылға жиі келгенін қалайтынмын. Оның ауылда екенінің өзі маған жететіндей. Іштей үйіне барғым келетін немесе оның маған келгенін қалатынымды неге жасырайын?.. Араға жыл салып оқу жайымен мен кеттім ауылдан. Екеуміз екі қалада. Бір уақытта ауылда болуымыз жоққа тән. Олай шыққанның өзінде өзгерер ешетең жоқ. Енді оның да, менің де жаңа ортамыз бар. Сол ортадан жанына жақын құрбы табылмайды дейсіз бе? Маған да жолықты. Бірақ бәрібір... Орның бөлек еді...
P.S. Мен тек сенің жаныңа сая болғым келген...
Сенің ше, Сая?..

 

АПАМНЫҢ ШЫРАҒЫ

Кенезем кеуіп кеткесін дорбамнан алып «Сарыағаштың» құтысына құйылған құдықтың мұздай суын қылғыттым. Енді жартысы қалды. Су емес, жолдың. Бір шақырымдайы ғана. Шөлдегенім болмаса шаршамаған ем, сап-салқын су демде бойымдағы ыстықты сыртқа теуіп, тыңайтып тастады. Күн жанып тұр. Қара тасқа жұмыртқа қуырып алса болғандай. Шақырайған бетін көлегейлер бір шөкім бұлт жоқ-ау. Көкжиекте, менің қарсы тұсымнан солтүстік-шығысқа қарай дөңгелене қарт Қаратау созылып жатыр. Алдымда – Қос Тұра. Қазір мына қырға шықсам, біздің ауылдан көрінбейтін Жетім Тұра мен мұндалайды. Содан бастап Қаратаудың төбелері жерге жақындай береді, жақындай береді....
Тәпішкемді қолыма лыпшаңдата жүгірдім. Бар екпініммен келе жатып кілт тоқтап, артқа бұрыла қалдыам. Келе жатқан жолмен қоса зімнің де бір сәтке шаңнын арасында қалып қойғаныма мәз болып тұрғанымда табанымды топырақ күйдіріп бара жатқанын сездім. Қанша уақыт шыдай алатыным қызық көрінді де, тапжылмадым. Тұра-тұра жаным шырқырағанда аяқкиімімді қайта іліп алдым.
Бұл малдың өріске барып-келетін жолы. Майда, жұмсақ топырақ жол. Жолдың ұзына бойына бір қылтанақ – тікен, жантақ, керек десеңіз әншейін шөп те өспеген. Басына аяқ борпылдап жатқан қоңыр топырақ. Жаңбыр жауғанда бірігіп қалады да, малдар жайылымға бір барып келгеннен қайта қалпына келед. Біздің «Жарыспақ» ойнайтын алаңымыз да осы. Қой-сиыр келіп, орынды-орнына жайғасқан соң, жұп-жұп болып жалаңаяқ жүгіріп, шулап, енді басылған шаңды қайта көтереміз.
Шаңқай түс. Кезек келіп, қой бағып кеткен әкеме түскі ас апара жатқан бетім. Затым қыз болса да, үйдің жалғызымын. Сол үшін ұлдай көріп, анамның жұмсаған түрі. Сайдағы «Домалақ ананың» ақ күмбезінің ұштары көрінгенде, арт жақтан аттың тұяғы тарсылдады. Шырақ екен. Қасқабасын сонадайдан танып, қуана жүгірдім. Арқасына мінгестіріп алды.
– Әкеме келе жатырсыз ба?
– Әкеңді қайтем? Сені жеткізіп тастайын деп келе жатырмын. Жаңа үйлеріңе барсам, анаң сені осылай жұмсап жібердім дейді. Ұрсып бердім неге жұмсайсың деп... – Өтірік айтып келе жатқанын білсем де, мәз болып қалдым. Үйден шыққаннан анамның жұмсағанына өкпем қара қазандай әлі тырсиып келе жатыр едім, Шырақтың «ұрыстым» дегенінен айызым қанып, іштей «Мен жаңа бармайм дегенде ұрсып едің, қалай екен?» дедім.
«Домалақ ананың» алдынан өткенде үлкендерден көргенімді қайталап, күбірлей бет сипадым. Бала Бөген көрінді. Сонау Қостұрадан бастау алған Бөген өзені солтүстікті біздің ауылға жетпей екі айырылады да, осы Бала Бөгені ауылдың оңтүстік-шығысын, Үлкен бөгені солтүстік-батысын айнала қоршай өтіп, оңтүстігінде қайта бірігеді. Әне, анау – Домалақ ана бұлағы. Қолдан қазып қойған тік жартас секілді төбенің түбінен басталып, Бала Бөгенге қосылады. Кесене мен өзеннің арасында үлкен қыр бар. Төбесі – зират. Сол қырдың етегі ала қойлардың біразы жусап жатыр екен, енді бір бөлігі өзенді өрлей жамырап барады. Бөгенді қиып өтетін тас жолға жақындап қалған қойларды қайырып әкем жүр. Күрең ат қазықталып тұрған жерге жақын қараталдың көлеңкесіне келдік. Талдың түбінде әкем оқуға ала шыққан Е.Тұрысовтың «Темірланы» кішкене көпшіктің үстінде төңкеріліп жатыр. Біз жайғасқанша әкем де келді. Анам дайындап берген астан үшеулеп жеп алдық. Мен барып бұлақтан су әкелдім. Екеуі әңгімелесіп болған соң, бізді қойдың басына қалдырып, әкем қырға шығып кетті. Не себептен кеткені белгілі. Құран бағыштайды, қоқыстардан тазартады. «Мен де барайыншы?» дегім келді де, тілімді тістедім. Өйткені маған бару керек болса сұрамай-ақ ертіп кетер еді. Ал әкем өзі кетті. Демек бармағаным дұрыс деп ойладым. Шыраққа қарасам, әдеттегісінше білегіндегі тыртықты сипап отыр екен. Осы бір қарыс тігіс орнын үнемі сонша аймалап отырғанын түсінбейтінмін. Талай рет сұрағам да өзінен. Жайшылықта сұрақ қойсам тоқтата алмайтын ағамның аузын дәл осыған келгенде ашқыза алмаймын...
– Апам да ана жерде жатыр ма? – деп сұрадым әкем кеткен бағытқа қарап.
– Иәәәә, сол жерде... Жақында мен де брып қалармын апаңның қасына.. – деді....
«Алжа-алжасы шығып отырғандай мұнысы несі?! Ойланып сөйлемей ме екен?!» деп тыжырынып, жүрегімнің езілгенін білдіргім келмей алардым. Жанарына қарағанымда ішім тағы қылп ете қалды: Шарасы жасқа толып, мына жарыққа қимастықпен қарап тұр екен. Шыдай алмай, жүгіре жөнелдім. Аңырап келем. «Неге олай айтады?!» деймін өкіре. Ана биік қырдың төбесіндегі сансыз төбешіктері бар бөлігі – алған бағытым. Апама келем. «Апа, ұрсып берші оған! Неге өйтіп айтады?! Енді айтпасын! Ол сені тыңдайды ғой. «Айтпа!» деп айтшы!..» деймін барған соң...
...Бейіт басына алғаш кіруім. Жооқ. Кішкентайымызда талай «таптағанбыз». Орыстардікін. Иә, жайылым жақта көлемі аядай ғана мазар көрініп тұратын. Христиандардың «пасха» дейтін мерекесі кезінде, зират тұрғындарының туыстары болуы керек, мәшинемен келіп, сырты түрлі түске боялған жұмыртқалар қойып кететін. Ауылда барлығымыз тауық асыраймыз. Базардың жұмыртқасын көрмеген біздерге ол бір таңсық. Мәшине келгеннен аңдимыз ойынның бәрін тоқтатып. От алдырып, ұзап кеткеннен жүгіреміз жарыса. Соңында қалып қойғандарымыз арттан: «Молаға қарай жүгірмейді!» деп даауыстайтын. Кейде тыңдасақ, кейде естімейміз. Сонда деймін-ау, біз орыстарды адам, олардың жатқан жерлерін бейіт ретінде көрмегенбіз бе?.. Ештеңе сезінбей, беймарал аттап түсіп-шығып жүре беруші ек.
Ал енді мына үрейді қара! Әлгінде апама айтам деген арызым да ойымнан шығып кеткен. Қоршалғаны бар, қоршамағаны бар бүйідей томпиған үйінділер. Бірінің топырағы кеуіп үлгірмеен, бірі жермен-жексен. Бірінің басына белгі қойылған, енді бірінде ештеңе жоқ. Дәл аяғымның астында да біреу жатқандай аттап басуға қорықтым. Қара терге түсіп, бар денем мұздап кетті. «Мыналардың ішінен апамды қалай табам?» деймін өзіме күбірлеп. Айнала көзіммен шолып шығып ем, белгітастың біріндегі сурет апама ұқсап кетті. Биік жерлерді айналып өтіп келіп, тізе бүге кескінге үңілдім. Тұла бойым қалшылдап сала берді. Жоқ. Апам емес. Бірақ... «Мынау не?!» Төңкерілген астаудай болып жатқан қабірді шұр-есік етіп тастап, быжынаған бірдеңелер жүр. Бұрын көрмеген жәндіктер адам жанын алатын Әзірейілдей көрінді. Құмырсқа дейін десем, бұрын-соңды көрген ең үлкен құмырсқам мынаның жартысынан келеді. Пішіні де өзгеше. Қорқынышты. Топырақ астындағының етін жеп, сүйегін кеміріп жүр ғой бұлар! Осыны ойлағанда, өрмелеп, мені де тірідей мүжіп жатқандй қол-аяғым жыбырлап, денем тітіркеніп кетті. Асығыс тұрып, жылдамдата жүре бердім. Үйілген топырақты шөп қаумалағаны мен мына залымдардың өруіне қарағанда, көмулі пенденің жайғасқанына көп болмаған сияқты. Сол кезде мен өлердей қорыққан «Әзірейіл» – арқасында төңкиген өркеші бар түйе-құмырсқа екен...
Анадайда күйбеңдеп жүрген әкемді көзім шалды да, солай қарай аяңдап баса бердім. Кенет... апам көз алдыма келе қалды да қорқыныштың бәрі тым-тырақай жоғалды. Мына топырақтың астында апам бар-ау! Менің алтын апам! Жанары жұмулы... мейімді жүзін күректеп алынған топырақ жауып жатыр, жауып жатыр. Көрінбей қалды. Көзіме жас толы. Сенбеймін. Менің апам топырақтың астында емес, аспанда! Бұрын бәрі солай айтатын еді, енді жердің астында дейді. Өтірікшілер! Жасым тыйылмай әкемнің жанына келдім. Қоршаудың қисайған жерлерін түрткілеп жүр екен. Ал темір шарбақтың ішінде үш төмпешік: әжем, атам, сосын... сосын апам... Ақ жаулығын оранып, маған қарап тұр: «Келдің бе, қарашығым?! Сағындым ғой!..» – дейді.
– Апа-а-аа! – дедім өкіре жылап. Әкем мені байқамаған екен, жалт қарады. Мына бейсауыт жүрісімді жақтырмады ма екен деп іштен тына, жым болдым.
...Таяп келді де, «Сен де сағындың ба? – деп, бауырына басты. Енді маған еш пенде тоқтау сала алмайды. Жылай берем, жылай берем...

...Осы оқиғадан соң үш жыл өтті. Есейдім. Қуандым. Мұңайдым. Күлдім. Жыладым. Алайда есте қалғаны ілуде біреу ғана. Дәл сол күн есімде қалса да, ұмыт болған тұстары бар екен. Ол араға уақыт салмай-ақ жадымнан алыстапты. Үш жылдан соң бармағымды тістете қйта оралды санама. Кеудемде жан барда ешқашан, ешқайда кетпейтінін де білем. Бірақ... жегі құрттай жеп, қажап өтеді. Өйткені, кеш, өте кеш...

Апам оны Шырақ дейтін. Әкемнің немере інісі. Үйі ауылдың ортасындағы үлкен қырдың арғы бетінде. Ол қырат екі отбасының бір шаңырақ мүшелеріндей араласуына кедергі бола алмады. Ас-суымыз ғана емес, құпия-сырларымыз да ортақ еді. Апамның жаны Шырақ тәтемнің үстінде болып көрінетін. Кей-кейде іштей қызғанып та қалам. Үйге келгенде жақтырмай отырғаным, мені еркелетіп, мойнына сала көтергеннен-ақ сейіліп сала беретін. Өйткені бала болсам да, Шырақтың Біздің Отбасыға деген шынайылығы мен ақ көңілін сезуші ем. Әкемнен бастап бәрі оны азан шақырылып қойылған есімімен Нұрлан деп атайтын. Ал мен апамның қызы болғасын, өзімше, Шырақ деймін...
Маған қызық... қайталап сұрай берем: «Апа, не үшін Шырақ дейсіз оны?». Әдеттегіше, апамнан бұрын өзі сөйлеп:
– Бір жылы қыста қатты боран тұрды, – деп бастайды. Мен әлгі сұрағымды қойған сайын еститін жаттанды жауабымд болса да, күліп қойып тыңдай берем. – Дауыл болғанда сұмдық. Талдар тамырымен қопарылып, үйлердің шатырларын ұшырып, шарбақтарды қиратып кетіп жатты. Қанша от жақсақ та үй жылымады. Өйткені, ауылдың терезелері мынандай, – дейді жамалған әйнекті көрсетіп.. – жел деген бәле иненің ұшындай ашықтан өтіп кетеді ғой. Ауылға қазіргідей аптасына емес, айына бір-екі рет қана жарық беретін. Бірақ жел сымның бәрін үзіп тастаған. Мынамен күні-түні отырамыз. – Өлеусіреп жанып, әйнегінің сына ойылған жері газетпен жамалған шырақтың пілтесін шығарады. – ...Содан бір күні апаң қорадан тезек әкелуге барады ғой түнде панармен.
– Иә? – деймін ынтыға қостай түсіп.
– Сол панарын жел ұшырып, сынып қалады, – Осы жеріне келгенде қорқынышты бірдеңе айтатындай даусын өзгертіп, қолын ары-бері ербеңдетеді. Содан соң бірден: «Енді сендерде бір-ақ шам қалды ғой?» – дейді үнін оқыс өзгертіп.
– Иә.
– Шаммен боранда далаға шыға алмайсыңдар. Панарларың жоқ болып қиналып қалған кездерің екен. Бір күні мал жайып болғасын кештетіп, күйген дүние күйіп кетсін деп сендерге келген едім. Түн болғасын мен де панармен жүрем ғой. Сендерден садаға дедім де панарымды сендерге қалдырып кеттім. Апаң айтты «Сені Панар дейін бүгіннен бастап» деп. Мен «Панары несі?!» деп шыр-пыр болып, «Одан да Шырақ деп айт» дедім. Болды. Содан бері Шырақпын, – деп ойнақыланып кеп, тауып айттым дегендей өзіне риза кейіпте рахаттан күледі.
– Өтірікші, - деп мен де бұртиып қалам.
– Баланың миын ашытып... жөнді әңгіме айтуды білмейсің... – деп, апам көзімше ұрысқан болды да маған қарап, – менің жарығым болғасын Шырақ деймін, – дейді.
– Ол қалай?
Айтқанын ұғына алатын жасқа жетпегенімді білгендей, қалай түсіндірерін ойлап кетеді. Осы кезде әкем араласып:
– Әне, қарашы, тәтеңнің көзінде шырақ жанып тұр. Көрдің бе? – Үстелдің үстіндегі май шамның жарығын оның көзінен көрем де, басымды изеймін. – Сол үшін. Оның көзі үнемі осылай жанып тұрады, – деп түсіндіреді.
– Мысықтың көзі сияқты ма? – деймін, қараңғы үйде екі нүкте болып қызара жанып тқрғаннан қорыққаным, ол мысықтың көзі болып шыққаны есіме түсіп. Үшуі үйді бастарына көтере күледі...
Қыз мезгілі-тін. Желтоқсан. Жаңа жылды қарсы алып болып, өзіміз отырғанда удай мас болып келгені есімде. Татып алмайтын оның мына кейпіне әкемдер де таң қалған.
– Бұл менің қарсы алған соңғы жаңа жылым... мен биыл өлем!.. – деп еңкілдеп жылағаны көз алдымда.
– Қой әрі! Жап-жас болып, менен бұрын қайда кетесің?! – деп ұрысқан апам. Сосын өзі де жылаған...
Кейін білсем, ол ота жасатыпты. Жүрегінің бір тамыры істен шыққандықтан қан толық таралмайды екен ішкі құрылысына. Үнемі сипап отыратын білегіндегі бір қарыс тыртық – жүрегіне арнайы алынған тамырдың ізі болып шықты. Сонда түсіндім. Осы он елідей орын екінші рет өмірге келуінің, жарық жалғанды тағы біраз көре тұруының «кілті» екен ғой. Әлгі тамыршаны жүрегіне орнатқасын сегіз жылдан соң ауыстырылуы шарт екен. Жаңартуға қаражат жоқ. Сол жаңа жыл Шырақтың отадан кейінгі сегізінші жылының кірген күні екен...
Бірінен соң бірін ілестіріп бірнеше жаңа жыл өтіп кетті. Жасаған Иемнің құдіреті шексіз ғой. Тосын сыйы таусылған ба? «Менен бұрын қайда кетпексің?!» деп ұрысқан апам арамыздан кетіп қалды. Ал Шырақ... апам өлген күні:
– Енді мені кім Шырақ деп атайды?! – деп өкірді.
Әкем, Шырақ үшеуіміз қой баққаннан соң үшінші жыл дегенде төбемнен үлкен тас тастап жібергендей ауырлық мойныма артылды.
– Шырақ тәтең... енді... жоқ!.. – Өз жасына тұншыға, булығып айтқан басқа сөздерін естігем жоқ. Есіме апама арыз айтатын күнім түсті. Үш жыл... Сол кезде айтқанымда ғой апама! Неге ұмыттым екен?! Апам түсіне кіріп болса да ұрсушы еді. Шырақ тыңдайтын еді! Он бес жылдан аса соққан «жасанды» жүрегі тағы біраз жыл өмір сүрер еді!.. Неге ұмыттым екен?!
Келмеске кеткен апам мен екі өмірдің шекарасын күзеткен Шырақтың қолдарынан бірдеңе келердей-ақ өкіндім. Бәрі-бәрінің тағдыры тек Жаратушының ырқында екенін жақсы білем. Сенем де. Бірақ... менің балаң жүрегімнен орын алып, орнығып қалған, әлі күнге жай таптырмайтын тап осы өкінішке істер амалым жоқ...
Кешіріңізші мені, Шырақ! Сіз тек апамның емес, менің де Шырағым едіңіз! Кешіріңізші!..

11.11.2012
ҚазҰУ, 2-курс

 

ҚИЯЛ

Телефоным безектеді. Алтынай екен. Университетте бірге оқығанымызбен жасым үлкен болғасын «аға» дейтін. Бұл қызды мен де қарындасымдай жақсы көрем. Тұтқаны көтергенім сол еді, арғы жақтан:
– Ағаа-а! – деп жылаған даусы естілді. Күтпеген жерден шыққан үн денемді түршіктіріп жіберді. Аузыма сөз түспей мелшидім де қалдым.
Ол «ағалап» жылап әлі тұр. Келер сәтте:
– Не... болды... тыныштық па? – деп тілімді әрең икемге келтірдім.
Жылауы тіпті күшейіп:
– ...Өліп қалды!.. – деді. Өзім де осындай бір хабар айтарын біліп-ақ тұр ем жыласынан.
– К-кім?
– Айданаа! Өліп қалды!..
Айданасы кім еді? Түсіндірмесіз тек атын ғана атауына қарағанда мен жақсы танитын біреу болды. Әйткенмен есіме ешкімді түсіре алмадым. Бізден курс жоғары оқитын бір қызды білем. Бірақ ол үшін Алтынай бұлай жыламайды. Жақын туысы-ау. Тілім күрмеліп, өксіген даусына жағаласып бергі беттен:
– Арты қайырлы... болсын! – дедім.
Алтынайдың үдемесе басылар сыйқы жоқ. Менен бір жұбату күтіп хабарласқанын білсем де, еріксіз тілімді жұтып қойдым. Жыласынан қатты қиналып тұрғаны байқалады. Өзіндей қинала да, ауырлықты сезіне алмасым белгілі. Бірақ бірдеңе деуім керек. Жұбатуым керек. Мені үлкен деп ес көріп айтып тұр ғой. Алтынайдың даусы жүрегімді езіп, не айтарымды білмей тағы қиналып қыстың аязында қара терге түстім. Қасында болғанымда ғой, ең құрығанда түк айтпасам да басынан сипар ем... Қара басып Талды қалада жүрісімді қарашы!
Бірінші жартыжылдықтың сабағы біткен. Енді емтихан тапсырып, ауыл-ауылымызға қайтамыз. Осы екеуінің аралығында он күндік демалыс бар. Соны пайдаланып, жақындау болғасын әпкемдікіне келген бетім еді. Қайта Алматыға қайту билетім бес күннен соң жүретін пойызға тиесілі.
Алтынай тұтқаны қоя салды. Тобық жұтып қойғандай мелшиіп тұрып-тұрып, қайта хабаласып ем, алмады. Қамығып тұрып ойсыз әрекетке барып қала ма деп қорықтым. Қырсықты қарашы! Дереу жатақханадағы өзім танитын құрбыларына қоңырау шалып шықтым. Ешқайсысы студенттер үйінде болмай шықты. Осылай жігіттерді де тізіп шықтым. Олар да іште емес екен. Тек біреуінен басқасы. О неме де дені түзу әңгіме айта қоятын адам емес еді. Ардың-гүрдің етіп жүрген әумесер әншейін. Не де болса да бар дедім, Алтынайдың бөлмесінің нөмірін айтып. «Сабасына түскенше қасында отыр. Қайғы үстінде бірдеңеге ұрынып қалмасын!». «Ештеңе де сөйлеме. Сенің есуас сөздеріңді көтеретін жағдайы жоқ!» деп әбден-ақ тапсырдым. Қай кезде болмасын қисық сөйлеп қалмаса ас батпайтын мінезіне қанықпын ғой. «Болды, қатырам!» деп тастады тұтқаны. Мен тықыршып ары-бері теңселдім де отырдым.
Алтынай... десе дегендей-ақ алтын қыз. Жазушылыққа ептеп аяқ басып келе жатқан оның әзіргі қалам тербесі жаман емес. Екеуміз байтақ қазақ жерінің екі түкпірінен болсақ та араласқанымызға көп өтпесе де, ең жақындарымның тізімінде. Оның ойын қайдам, менің пікірім осы. Алтынайға дейін де бір-екі көріп сөйлескеннен жақын тартып, сыр бөліскім келген адамдарым өте-өте сирек еді. Бұл қызға неге сонша сенем? Мүмкін екеуміздің де шығармашылыққа бейім, қиялилау болғандығымыздан шығар?! Бірақ біздікілердің көбі солай ғой. Неге басқа емес, дәл Атынайға елжірейім де қалам? Қызық... Ал, ол... біле ме екен менің өзіне қалай сенетімінд? Әй, қайдам, білмейді-ау. Мен айтпағам да ғой, қайдан білсін? Алайда, білуі керек. Ер жігіттерге айтпағандарымды айтам ғой оған! Көшеде біреуге ренжи қалсам дереу өзіне келетінімді біледі ғой. Демек, неге олай ететінімді де білуі тиіс! Ал, білмесе... сезбее... менің қателскенім... оғбай сүрінгенім. Кейде осылай ойлаймын. Сенімімді күдігім бір сәтке шырмап алдады. Қткені мен ол туралы көөөп нәрседен бейхабармын. Тіпті білмеймін десем де болады... Сонда ол маған сенбейтіндіктенайтпайды ма?! Солай шығар...
О, Құдайым, мен не ойлап кеттім?! Әлгі есерсоқ неме қайтіпті?! Қайғылы қызды ашуландырып кетпесе жарар еді... Айдана деді ме? Ол кім еді...»
Ойымды қоңырау үні бұзып жіберді. Жұмсаған жігітім екен, жалма-жан тұтқаны көтердім.
– Не қылд... – сөзімді аяқтамай жұтым қойдым. «Мынағны жын ұрған шығар?! Күлгені несі?!» – Әй! Не болды?
Жауап қатуға шамасы жоқ ол күле берді, күле берді. Сөзімен үнемі біреудің шамына тиіп жүретін бұл бәле тағы бірдеңені бүлдірмесе не қылсын.
– Айтасың ба, жоқ па?! Не болды?!
– Қазір... – деп алып тағы күлді. Оның сонша күлгеніне еріксіз жымидым. Жақын арада басылар түрі жоқ болғасын айылымды жидым да айқайлап бердім:
– Әй!!! Болды енді! Әкеңнің... Ыржалақтай бергені несі қатын құсап?!
«Осы бәлені бекер-ақ жұмсаппын!» Зорға басылды.
– Әлгі Алтынайыңның дені сау емес қой!.. – деп алып тағы күлді.
– Не бопты?
– Сен жаңа бір жақын туысы қайтыс болып, соған жылап жатыр» деген жоқ па ең?
– Енді?
– Жақын тұрмақ алысы да өлмепті оның...
– !?
– Естіп тұрсың ба?
– Айтсаңшы енді не болғанын?!
– Мен де жөнді білмейм. Кітаптағы біреу өліп қалған ба?! Соған жылап жатыр жынды қыз...
– ...
– Адам сияқты жұбата қояйын десем... Білген соң ішегім түйілді-ау әбден. «Неге күлесің?!» деп айқайлап бөлмесінен қуып шықты. Ойбай, ойбай, ішім-ай! Осындай да адам болады екен-ау!.. – деп тағы шиқылдап күле берді.
Мен де күлдім. «Әй, Алтынай-ай!.. Қандай кітап оқып жатыр екен? Айдана... қай шығарманың кейіпкері еді?.. Өлімі тым аянышты болған ғой, сірә?»
Алтынайға хабарласайын деп ойладым да қоя қойдым. Шыдай алмай күліп жіберсем (мазақтап емес әрине) ренжіп қалар...
Кейін білсем Айдана Алтынай оқыған кітаптың емес, Алтынайдың өзі жазған шығармасының кейіпкері екен... Мұны білген «жұбатушы»:
– Жылайтын болсаң неменеге өлтірдің ол қызды? – деп, тағы күлді.
– Әдейі істеді дейсің бе? Біткен соң «не жазыппын?» деп қарасам, өліп қалыпты ғой... қайдан білейін?!».. – дейді әрі ұяла, әрі ренжи.

15.12.2012 ж
ҚазҰУ, 2-курс

 

АВТОБУСТА

...Жүдеген жаным мен құлазыған көңілімді автобус баяу ғана тербеп келеді...
Неге сонша жабырқадым?! Неге сонша жалғызсырадым?! Білмеймін. Жұтқыншағымда жұтылмай бір түйін тұр. Сол қинап келеді. Маған жұмбақ көңіл-күйімнің шешуі де сонда секілді. Қызық... Аам деген өзінің қалауын білмеуші ме еді?! Қалауына қолы жетпегесін көңілі түспес пе еді?! Ал менікі... өзім де ұқпайтын бірдеңелер... Дәл осындай күй менде өте көп болып тұрады. Сонда, мен өзімді танымайтын, өзімді тыңдай алмайтындардың қатарына жатқаным ғой...
Терезеден шексіз түзге көз тастадым. Аспанмен таласқан Алатау алыстап барады.: «Қош, Алатау! Қош! Сенің қарлы шыңдарыңның сәлемін Қарт Қаратауға жеткізейін! Қарт Қаратау... ол да жетімсіреп тұрған шығар. Бейшара кейпін көргім келмейді! Сонша мұңанып не көрінді маған№?! Қой, өзімді қолға алайын. Бірақ... жылағым кеп отыр. Ары-бері өткен біреудің қолы оңбай тиіп кетсе ғой, аңырап кеп жіберер ем... Өзімді басудың орнына себеп іздеп отырғаныма жол болсын!.. Түүүу, не күй мынау?!
Кешіріңдер!Сендердің түк қатыстарың жоқтай отырайын деп едім. Кімге олай көрсеткім келді? Өзім білсем бұйырмасын. Білем ғой. Бәрін. Мына қаладан не үшін кеткім келмейтінін, ауылға не үшін барғым келмейтінін жақсы біле: бірің қимай қарап шығарып салмайсыңдар. Бірің сағынышпен желкілдеп қуана қарсы алмайсыңдар...
Сен үшін ғой. Мына арсыз қаланы сен үшін қимай барам. Ұнамайтын еді, сен болған соң еселеп сүйдім. Естисің бе?.. Өй, ақымақ басым-ай, ол қайдан естуші еді?! Қайдағы жоқтар басыма келетіні несі осы?!
Ауыл... ал, ауыл,,, Сағындым. Өлердей сағындым. Бірақ, барғым келмейді. Сіздің жоғыңызды көргім келмейді, мама. Бауырларымның жетім екендігін көруге жүрегім дауаламады. Қубас әкемді, менің нар тұлғалы болмысынан қайсарлықтың лебі есіп тұратын әкемді көріп... Аяғым келмейд. Бар... тірі... менің жолымды екі көзі төрт болып күтіп жүр... деп... алыста ойлап жүре берсем ғой...
...Мына көз тесп жібере ме қайтеді? Сонша қадалғаны несі?! Бір қатар бойында отырғанымызбен, Құдай сақтап, арамызға жол төсеп, мына апайды жайғастырыпты. Мән бермесіме қояр емес қой. Әп-әжептәуір есті жігіт сияқты түріне қарасаң, мынасы несі енді?! Қайдағы жоқ біреу кеп ойымның тас-талқанын шығарды-ау! Мынау көзін тайдыра м, жоқ па?! Енді қайттім?! Қарадан қарап қысылып барам. Ұрсып берсем бе екен?! Егер маған қарап отырмаған болса ше?! Жәй көзі менде болғанмен ойы басқа жақта жүрсе ше? Еее, бәсе, солай болды онда...
Бері қарай созылып, жанымда отырған апайға бірдеңе айтты. Бас салып ұрыспағаным қандай жақсы болған, мына апайдың танысы екен ғой. Бағанадан бері осы кісіге қараған болуы да мүмкін. Бәәәсе... Жоқ, олай емес екен. Не дейді мына сабаз?! «апай, кешіріңізші, мына кісі тансым еді... Орын ауытырыңызшы, өтінем». Танысы кім? Мен бе? Қандай таныс?! Бағана бір ауыз сөйлегенін таныстыққа балап тұр ма? Не деген ақымақ? Өзінше білгішсініп еді.
Шалыс естімедім бе деп бақыраып апайға бір, жігітке бір қарадым. Апай да маған көзін салды да, мен үндемеген соң ернін бір сылп еткізіп түруға әркеттенді. Сонда ғана тілге келе алдым:
– Мен бұл жігітті танымайм. Отыра беріңізші осында.
Даусымды өзім танымай қалдым. Басқа біреу сөйлеген сияқты. Жарықшақтанып шыққан сөздерімді тыңдады да, қутың етіп орын ауыстыра берді. Қайда барады? Танымайм дедім ғой... Ренжісіп қалған жігіт пен қыз деп ойлады-ау...
Мынау жайғасып алды. Өзі тым салмақты ма, қалай? Жаныма отырып ап, жыртыңдап кұліп, сөйлей беретін шығар десем... тіпті көзі мен жүзінде күлкінің ізі де жоқ. Сөйлеп, танысып, миымды жер дегінімнің менде шаруасы болған жоқ. Алдында жақтырмай тыжырынып отырсам, енді қызыға бастадым. Немене, ұйықтап отыр ма?! Сонда... ұйықтау үшін ауысқан ба?! Көзімнің қиығымен оның мырс еткенін шалдым да, өз ойымнан өзім ұялып, өрттей қызардым. Ойымды оқып отыр ма, әлде байқамай дауыстап айтып жібірдім бе?!..
...Мойнымды әйнекке бұрдым.
Күн атып кетіпті ғой... Алматы алыстап барады... Не істеп отыр екен Ол?.. Ең құрығанда қоштасарда қолымды қыспады-ау...


***

Өзін автобустың жанынан көргенде-ақ ыстық тұттым. Апыр-ау, осынша ұқсас адымдар да болатын ба еді?! Еркем, Назым, сенен бір аусайшы өзі. Жасы да сенімен шамалас екен. Сол күні... 4 жыл бұрын... сенің жансыз кейпіңді өз көзіммен көрмегенде... мына тұрған сен емес дегенге ең, еш сенбес едім... Тірі болғаныңда сен де осындай сұлу болып жайнап жүрер ең, қайтейін? Жезтырнақ-шарасыздық қолды байлап ап, түк істей алмасыңды бетіңе басып сылқ-сылұ күліп, ішті аямастан тырнайды-ай! Қатты сағынып жүр ем өзіңді, мына қызды қысып құшып, маңдайынан иіскегім келіп кетті. Жанынан өттім. Тым жақын жүріп, иығын иығыммен қағып кеттім. Жалт қарасының өзі... жооқ, оны қойшы, иісі... иісінің өзі сенен аумайды, Назым! Жылағым келді!.. Бағытымыздың бір екеніне қуандым. Бірақ, ол отырған автобуста орын қлмапты. Жалынып жүріп, онымен қатар орын алған бір кісіге өзге көліктен билет алып бердім. Дәл жанындағы апайға айтуға жүрексіндім. Білмеймін... жаұын барсам жоқ болып кететіндей. Ол да елес боп сағымданып кетсе қайтпекпін?!
Мен... мен бар ғой... түсінбедім өз-өзімді. Оны бұрыннан танитын сияқтымын. Жоқ, тану былай тұрсын, тіпті, не ойлап отырғанын, не мұңы барын да білем. Бұлай болуы мүмкін емес қой, Нащм! Бірақ, солай... Рас айтам. Қайдан, қалай білетінімді білмеймін. Мұндайдың бар екенін де білмеппін. Не құдірет бұл? Не тылсым? Ең алғаш көргенде-ақ ойыма Кәусар деген есім түскен. Сенесің бе, шынымен солай болып шықты! Ол жайлы бәрін білетіндеймін. Рас, ол қайдан пайда болғансенімділік?! Бірінші рет көрген адамыңның бар құпяиысн біліп тұруың мүмкін бе? Әлде менің бойыма көріпкелдік сияқты бірдеңе қонайын деген бе? Басым қатты әбден. Ағаңды түсінесің бе, еркем!
Ол автобус от алғанша сырта біреуді күтті. Өте қиналды. Оның келмейтінін біле тұра күтті. Қандай сиқыр бұл? Мен бәрін біліп-сездім. Іште отырып-ақ оның бар күйін таныдым. Ол өзін паң ұстады. Тек сырты еді, бірақ. Көзі... өте аянышты еді... Мен оны аяғым келген жоқ. Аяғым келмейді. Бірақ...
Шыдай алмадым. Сыртқа шықты да «Келмесін біле тұра неге күтесің?!» дедім. Жалт қарағанда жанарынан жас саулап кетті. Неге айттым? Айтқаннан бұрын қайдан білем мұның бәрін? Қателессем-ау деген ой да жоқ. Тіпті сенімдімін ғой. Аузыма ойымда жоқ сөздер қайдан түсіп жатыр?
Көлік жүрерде орнына жайғасты. Сырттан кз алмай тағы ойлады соны. Сағынды. Сенесің бе, назым, мен оның кімді ойлап келе жатқанын да білемін! Өзіме өзім таң. Оның жылағысы келді. Себепсіз жылауға ыңғайсызданып, біреу байқамай соғып кетсе деп тіледі...
Батылданып жанынаотырдым. Сенің мен сағынған жұпарың танауымды жарып, бұрынғы кезді, ауылды, үйді, асыр салған бала шақты есіме салды, Назым! Сол сәт сені кішісініп жылатқан, ренжіткен кездерім үшін жылап кешірім сұрағым келді. Жүрегімнің тілініп кеткенін білесің бе, күнім?!
Әй-шәй жоқ қасына отырып алғанымды жақтырмаған. Өзіне назар аудармаған соң қызық ойлай бастады. Мен шыдамай күліп жіберім. Қып-қызыл болды. Ұялғаны қандай жарасымды!..
Қазір... жылап отыр. Көзім жұмулы болса да біліп отырмын. Бұл ісі сен жыдлағаннан кем әсер етіп отырған жоқ, еркем. Қайтсем екен? Жұбатайын ба? Не үшін жылап отырағанын білем ғой. Демек тоқтататын да сөз таба алуым керек. Не десем екен? Тоқта. Мен білмейм ғой. Алдымен оның жылау себебін өзіме айтайыншы... Айта алмайм... Білмеймін деген сөз бе? Жоқ, білмейм, бірақ, білем. Білетінім анық.
...Еркімнен тыс бір күш сөйлетті. Үндемейді. Тіпті бұрылып қараған да жоқ. Не айттым өзі? Мен жынданған сияқтымын. Не өң емес, не түс емес, әңкі-тәңкі отырысым мынау. Не дедім өзі? Қап, есіме түсіре алмай отырғаным-ай! Көңіліне келер сөз айтып қоймадым ба екен? Не деп ем?!
...О, құрғұр! Тағы бірдеңе айттым. Өз дауысым өзіме естілмей жатқаны несі? Әлде айтпадым ба? Тек ойлаған шығармын. Болмаса, өз дауысымды қалай естімейм? Олай болуы мүмкін еиес қой!.. Маған қарап бірдеңе деп жатыр. «Ау?».
– Оны қайдан білесіз?! – дейді.
Нені?! Жаңа шынымен-ақ бірдеңе деген болдым ғой. Не айттым екен? Көзі бақырайып таң қала сұрап отырғанына қарағанда дәл айтқам-ау не айтсам да. Расымен-ақ қайдан білем ол туралы? Ал өзімнің не айтып жатқанымды неге білмеймін? Енді не дейм? Не болып кетті өзі? Өң бе мынау? Есім неге бір бар, бір жоқ.

***

«Ұлға бергісіз қайсарым-ау...» Осылай атаған сайын бойыма күш құйылатын. Сіздің сиқырлы сөзіңізден. Сосын еріксіз шыдамды болатынмын. Ал, қазір... қазір бордай езіліп отырғаным мынау. Сол сөзіңізді естгім келеді! Дауысыңызды естігім келеді, мама! Кімге барып шағынам енді?! Кімге барып жылаймын енді?! Мені өзіңіздей кім жақсы көреді енді? Кім?! Кім?!
– Саған жылаған жараспайды, – деді.
Еее, енді бастадың ба «дәрісіңді». Мырс еттім. Көзін де ашпастан мені танитын адамдай тым сенімді сөйлегеніне жыным келді. Үндемедім. Кенет... Жанарым шарасынан шыға бетіне жалт қарадым. Бойым тітіркеніп, миым шатысып кетті. Мынау адам ба, жын ба?! Ол тағы бірдеңе айтып еді.
– «Ұлға бергісіз қайсары» емес пе едің? – Не? Не дейді?! Қайдан біледі?!
Расымен мені танитын болғаны ма? Мен шырамытып та тұрғаным жоқ қой, алғаш көріп тұрған адамым. Кім бұл өзі? Менің ең, ең құнды дүниелерімді білетін ол кім еді? Адам ба өзі? Біссіміллә! Біссіміллә! Біссіміллә!

 

ҚЫЗ СЫРЫ

(монолог)

Қыз сыры – ішінде
Естілмес сөзінен.
Қыз сыры – ішінде
Көре біл көзінен.
Сазынан,
Назынан...
Ж.Молдағалиев

...Сабыр, жүрегім, сабыр! Теңіздің асау толқынындай тулай бермей тынышталшы! Неге өзгердің? Қалай өзгердің? Баяғы моп-момақан, түк сезбес қалпың қайда қашып кеткен? Өзіңді қалап, сен дес бермеген соң алдыда еңіреп жылаған ер жігітті көргеніңде де селт етпеп едің ғой. Енді... мынау қайткенің? Оның жылауы былай тұрсын, бетіме қарап сөйлемесе де, кездесіп қалған кездерде мойын бұрмастан паңданып өте шықса да, тіпті өзі көрмей-ақ есіме алсам, аузымнан атып шығардай болып алқынасың, кеудемді керіп, жарып шығардай тулайсың. Неге?..
8 жыл бойына бүлк етпеген сені «бүлдірген» бұл дерт екеумізге де оңай соғып жатқан жоқ. Маған да қиын. Толқымашы! Сен бұлай бұлқынғаныңда жаным қатты, өте қатты ауырып кетеді. Сосын сен денемнен шығып бәрін-бәрін «айтып» қоятын секілденесің... Сол үшін десол жақ кеуде тұсыма қолымды жиі апарып, сыртыңнан еріксіз басамын... Оған сезім сергелдңімді сездіргенше, осылай сенімен «арпалысқаным» мың есе артық емес пе? Жауап берші, жүрегім? Білемін, өте ауыр. Сыздағаныңда бар әлемнен баз кешіп кетемін. Кең дүние иненің жасауындай ғана болып, жанарымнан иөлдір тамшылар мөлт-мөлт сырғанайды. Тамған әр жасыммен бақыт, наз, сағыныш, шер, астасып жатады... Бірақ мені де түсінші! Мен нәзік қызбын ғой. Өз болмысымнан қалайша асып кетемін? Ақ жаулықты ақ Әжемнің тәрбиесінен қалайша аттап кетемін? Сабыр етші?! «Сабыр – сан жараны жазатын ем» деген ғой, мүмкін жазыларсың, мүмкін алмассын... Сонда да сабыр сақташ... жанымды ауыртпашы...
Аға! Менің жүрегіме не істедіңіз, айтыңызшы? Бұл құрғұр ешқашан біреуге бұрылмақ түгілі бұрылуға талпынбаған да еді. Мынау қайткені? Қайткеніңіз? Өзгелермен «жұмысы» болмай тымпиып қана тып-тыныш ұйықтап жатқан жүрегім, тіпті өз иесі – маған да байқатпастан, сізге «кетіп» қалғаны қалац? Қалай ғана байұамағанмын? Тынысым тарылып, маза кетті ғой менен. Осыелай да болады екен-ау?! Таң қаламын, аға! Қандай «құдіретіңізбен» «қырсықтырдыңыз?» Әлдилеп, бұрынғы бесігіне бөлеп, мамыражай тіршілігіме оралайын десем, «маубасыма» «ұйқыдан» да сіз «тәтті» болып тұрсыз ғой!.. Жүрегімнің тыныш өмірді талақ етіп, «аласапыранға» қойып кеткен себебін қға алмадым... Қуанышынан гөрі мұңы басымырақ болса да, өзіне осы күйі ұнайтын секілді... Ал, сіз... сіз тек жүрегімде ғана емес екенсіз, аға! Сіз менің миыма да «орналасып» алыпсыз! Ойпырмай, бір сәтке болсын есімнен шықпастай не істегенсіз?! Ойлап қанша жабықсам да, сіз есіме түскенде езуіме күлк үйіріліп еріксіз жымиямын: қинап тұрып қуантасыз, мұң сыйлап тұрып шаттыққа бөлейсіз! Не құдірет бұл?! Жаным қанша ауырса да сізді жек көре алмаймын, аға! Неге? Неге «Ей!» деп қолымды бір сілтей слмаймын? Неге?!
Мейлі ғой... мейлі.... Мойындадым... Көндм... Басқалай жасар амалым, қолымнан келер іс жоқ... Ерікті бола тұра еріксіз болуды енді ұқандаймын. Сіз мені жалғыз ауыз сөзіңізбен, секундтық көзұарасыңызбен «өлтіріп-тірілтетініңізді» білесіз бе? Білмейсіз, онда майтайын, менің «өмірі» сізге, сіздің сөзіңіз бен қарасыңызға байлаулы екен. Өзім де сенбедім. Сеім келмеген. Ал қазір... «өлдім» де, «тірілдім» де...
Қанша жасырғым келгеніммен, сіз менің сезімімнен хабардарсыз, аға. Солай ма? Әбден мүмкін! Өзіңізді көргенде сабырсыз қалыпқа түсетінімді, айтқан сөзіме, істеген ісіме жауап бере алмай тұрған кейпімді талай көргенсіз. Бұл айтылғандардан бұрын бал-бұл жайнаған көздерім-ақ бар құпиямды жайып салады ғой алдыңызға... Сезесіз. Білмесеңіз де сезесіз. Сезбеуіңіз мүмкін емес!.. мүмкін емес...
Ал мен сіздің көзіңізден не көретінімді білгіңіз келе ме?..

ҚазҰУ, 1-курс


БАЙҒЫЗ

...Тып-тыныш бөлме... жалғызбын. Терезені айқара ашып қойып, құлағымды сыртқа тосамын: «Не дейді өзі?..»
Ауылда бұл дауыс өте сирек естілуші еді. Қатты қорқатынмын. Нақты қорқу себебімнен өзім де бейхабармын. Апамдар айтып отыратын:
– Бұл құс кімнің ауласына келіп дауыс шығарса, сол үйде жақын арада болатын қуаныштан немесе қайғыдан хабар бергені... – деп.
Кім біліпті?!.. Осыны ойыма әбден сіңіріп алған мен мүмкін, әлгі қайғының орнарынан қорқатын болармын. Білмеймін. Әйтеуір, даусы естіле қалса, сыртта жүрсем келіп мені жеп қоятындай-ақ үйге тығылатынмын ауылда.
Мұнда сол дауыстың, жоқ, сол дауыстардың дейінші, көкесін естідім. Қорқынышым бойыма әбден орнығып алған, бір емес бірнешеуінің қосылған дуэт-триосы алғаш құлағыма жеткенде тұла бойым қалтырап, денем тітіркенді. Кейін-кейін қорықпайтын болдым. Сонда да жағымсыз. Естігім келметін. Бізде тек түнде ғана, анда-санда шығатын дауыс мұнда күндіз-түні бір өшсеші. Қазір қорықпайтын себебім де осы ғой – етім өліп кеткен...
Бұрындары жек көретін оны қазір әдейі, мән бере тыңдап отырмын. Мына біреуі манадан бері тынар емес. Дауысы тым жақыннан шығады. Арагідік алыстан екіншісі қосылады. Тым ащы естілетін үні зер салсам, аянышты ма, қалай өзі?.. Өзін көрмесем де де көзіме бір сұрқия, зымиян болып елестеуші еді, енді тіпті басқаша... иә, түрі сол баяғыша, өзгерген жоқ санамнан. Тек көзінен зұлымдық емес, мұң көретін секілдімін енді... мұң болғанда да шексіз, шетсіз, біз ұға алмайтын мұң... бізге беймәлім шер...
Дауыс үзілді. Өлі тыныштық орнады...
«Ей, бейшара құс! Неге тоқтаттың зарыңды?.. Үнің неге шықпай қалды?.. Қазір саған бұрынғыдай «Жағың қарыссын!» демеймін. Ашық тұрған терезені жауып, дауысыңды алыстатпаймын. Сені естімейін деп өзге әуен қоспаймын. Енді ырғағың әлдебіреуді қарғап жатқандай естілмейді. Сондықтан «Қара басыңа көрінсін!» деп те айтпаймын... Дауысыңды барынша қатты шығарып зарлай бер! Мен енді сені тек тыңдап отыра берем... Мүмкін бірдеңе ұғып қалармын зарыңнан?.. Маған, ең болмаса, бір «сырыңды» айтарсың ішіңе сыймай кеткен. Сен де тірі жаратылыссың ғой... Қорықпа, ешкімге айтпаймын!..»
Әне, тағы бастады...
Кім біледі, мүмкін, дәл қазір айтып жатқан шығар маған «сырын»?.. Шертіп жатқан болар «мұңын»?.. Мен бейбақ ұқпай отырған болармын...

ҚазҰУ, 1-курс
17.05.2012

 

ЖІГІТ СӨЗІ

Қалқашым-ау! Жүрегіңнен қан тамғандай тағы да мұңға батып кеткенбісің? Неге үнемі осылай жүресің? Не тұңғиық ол сені тереңіне батырып шырмалап алған? Көңіліңнің көк дөненін езіп-жаншып тұратын не нәрсе? Терезеңнен өмірі толастамас неткен жауын ол? Қащан көрсем көзіңде мұң. Қайтейін? Сол кіреукені кері итеріп бір серпілуің үшін не істейін? Сенің көзіңе қарағанымда менің жаным жылайды. Неге дейсің бе? Білмеймін... Жо-жоқ, білемін! Өте жақсы білемін. Сенің өміріңнің барлық сәтерінің маған да қатысы бар. Өйткені менің өмірім көзге көрінбес мықты арқанмен саған байланған. Сені әр көрген сайын сол арқан бір құдіреттің күшімен қысқарып барады; мен саған жақындап барамын; менің өмірім сенікіне «тәуелді» болып барамын...
Сол жанарыңның «жұмбақтығы» мені де өзгертті. «Неге?» деген сұрақ алдында қызықтырса, уақыт өте келе уайымға сала бастады ағаңды. «Жұмбағыңды» шешемін деп жүріп қақпаныңа (мүмкін, өзге біреуге құрғаның болар...) түсіп қалғанымды аңғармаппын. Қазір өзім де «жұмбаққа» айналып барам-ау. Кейде қатты күліп кетсем сенің мұңға толы жанарың елестейді де, сап тиылам. Сөйтем де қанша ойласам да миым жетпей жүрген, жалықтырмайтын сол баяғы «...Неге?...» деген сұраққа ойша жауап іздеп, әлемді шарлап кетемін.
Нәзігім-ау, сен неге өзге қыздар секілді еркелеп, жадырамайсың? Бірдеңе тартып тұрғандай жай ғана жымимай, неге сыңғырлап, наздана күлмейсің? Неге айналаға көзіңді төңкере тастап, сылтың басып жүрмейсің? Неге?.. Бірақ... мені өзіңе баураған да өзім айтқан өзге қыздарға ұқсамайтындығың ғой. Сен ерекшесің! Сен бәрінен артықсың!
Қорықпа, қалқам, мен әлі-ақ еңсеңді зген батпан жүкті иығыңнан сылып алып тастап, шаттықтан бал-бұл жанған жанарыңа тоймастан көз тастайтын боламын. Ол жүкті қайда тастайсыз деймісң? Сол да сөз бе екен, өзім-ақ көтеремін! Тек сен бұлай тұнжырамашы... Сені көргелі бері бар арманым – саған тек қуаныш сылау, жаныңды жадырату!..
Неткен жұмбақ едің? Сенің бұл тылсымыңа өзіңмен жақсы араластындар да түсінбейді екен. Бұйығып алып оларға да ештеңе айтпайды екенсің... Мұның қалай? Нар жүгіндей ауырлықты морт сынбай көтеріп жүрген қайсар қызбысың, әлде... сырт кейпің ғана солай, ішің үңірейген бос, қуыс кеудемісің? Жооооқ, мүмкін емес... менің ойым – алғашқсы... Өйткені ішіңде түк жоқ болса, көзіңде де ештеңе болмас еді. Ал сен елге салмақты жымиысыңды көрсетіп, өз жасыңмен өзің арпалысатын секілдісің...
Ой! Бұл не?! Шынымен бе? Иә, иә, иә! Сен күлдің! Жоқ сен емес, көзің күлді! Көзің! Қажып жүретін, үнемі бір мұңның табы анық көрініп тұратын жүзіңнен ойда-жоқта жарқ ете түскен бір сәуле көрдім ғой! Қақаған қыстың қытымыр аязында көрікті көктемнің көркем лебі есіп өтті ғой, қалқам! Түнерген қабағың кенет жарқ етіп ашылып кетті! Неге? Сені осыншама шаттандырған кім болды екен? Мен үнемі көретін сәулесіз көңіліңді кім серпілте алды? Кім екен сені осынша ауыр ойдан бір сәтке болсын алып шыға алған? Көзіңе қай серінің бейнесі елес берді?.. Кімді ойладың екен? Кімді?..
Ей, тіл-аузы жоқ, сүлкіні түскен, меңзығыр ұйқы басқан меңіреу дала! Жауап бер маған – Менің қалқашыма осынша бақыт сыйлаған кім?!..

 

НӨСЕР

...Күн бұлттанып, жаңбыр жауатын тәрізді. Жауса екен! Неге екенін қайдам, титтейімнен жауын дегенде шықпаған жаным. Сонымды білетін ата-анам күз бен көктемнің салқын нөсерінде мені сырттан іздеп тауып, «...суықтап ауырасың!..» деп үйге қуып тығады. Ал жаздың жылы жаңбырында менің құдайым береді. Құмарым қанғанша болмаса жауын басылғанша ешкім маған ләм деп ауыз ашпайды...
Алақай! Нөсер себелеп бастады да құйып берді!.. Бірақ әлдене жетіспей тұр жаныма. Бұрындары бар-жоғым осы жауыннан табылып, түгелденетіндей көрінуші еді... бар қайғым төпелеп құйған нұрмен шайылып кетіп, жан-дүнием тазарып, сергіп қалушы еді... бүгінгі күйім тіптен қарама-қайшы.
...Әлдеқайда елегізимін... әлдекімді іздеймін... әлдекімді сағынамын... әлдеқайдан келіп қалмас па екен деп елеңдеймін... әлдеқайдан көрініп қалмас па екен деп жалтақтаймын... әлденеге алаңдаймын...
Мына нөсердің әр тамшысы бір мұң болып тәніме жабысып, бар денемді ауырлатып, зіл тартқызып әкетіп барады...

30.04.2012 ж


...Құй, жауын! Жау, жаңбыр! Төпе, нөсер!
Жауа түс! Күн күркірей түс!
Ей, найзағай, неге тоқтап қалдың? Жарқылдасайшы! Қап-қара аспанды жарқ-жұрқ еткізіп тіліп-тіліп өтсейші отыңменен!..

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста