Еркінбек СЕРІКБАЙ: Раушан гүлдің иісі
РАУШАН ГҮЛДІҢ ИІСІ
(әңгіме)
...Сұлу қыздың қасынан өтсем,
–Е,құдай, мына қызға осындай бақ бере көріңіз деп тілеймін.
Автор
Биыл жоғарғы оқу орнын аяқтап, қолына диплом алғанымен, мамандығына сай жұмыс табылмағандықтан Айнаш замана шақтарының қисынсыз желінің қиыншылықтарына мойынсұнбай, жастық жігерін жасытпады. Қайта осы бір ісін өзіне берілген мақсатының мәні мен арманының айғағы деп түсінетін. Жұмыс қарастырып, барған жерлерінің «ставкасын» тауып бере алмай, туысқан ағасының гүл дүкеніне сатушы ретінде орналасқан. Бас кезіндегідей емес, мұнда жұмыс жасап жүргеніне төрт айға жуық уақыт өткендіктен, ағасы бар жауапкершілікті Айнашқа сеніп тапсыруды әдетке айналдырды. Өзі де осы жерге бойы үйреніп кетті. Біздің Ай (ағасы мұны осылай атайтын) өзіне артылған сенімге селкеу түсірмей, жұмысын ыждақаттықпен жасап, осындағы әр күніне шүкіршілік ететін. Қуанышты күндер өрнегімен өрбіген сәтте Айнаштың саудасы жақсы дөңгелейді. Оның үстіне жанында екі мектеп пен жоғарғы оқу орны орналасқан. Әйтеуір, гүл алушылар қарасын көрсетпей кетпейді. Сондайда келушілерді шат көңілге бөлеумен өзінің де жаны жадырай түсетін. Айнаш бұл жерде ұзақ уақыттан бері істеп келе жатқандай өз ісіне тындырымды. Әрбір гүлдің өзіндік берілу сипатын, сақталу ережесін айта отырып, тұрақты келіп тұратын алушыларды да тапқан. Мерекелерде ғана емес, басқа да күндерде азын-аулақ алушылар табылып отырады. Дегенмен, адам баласының шаттығына себепкер болатын мерекелік отырыстарға, туған күн иелеріне гүл апару қазіргі күннің дәстүріне айналған.
Күздің алғашқы ызғары сезіле бастаған шағы. Күні бойы сіркіреп жауған қар аралас жаңбыр адамды мезі еткен еді. Осы уақытқа дейін дәл бүгінгідей гүл саудасы жүрмей қалған күні болған емес. Содан ба, Айнаштың ештеңеге ықыласы соқпады. Ыбырсып жатқан дүкен ішін жинауға да зауқы жоқ. Әйтеуір, кешқұрым батар күн қызыл арайымен ұясына сырғыды. Ақшам ауып, айналаны қара көлеңке басты. Шапшаң басып, табалдырық аттаған жігіт мұның көңілсіз ойына тоқтау салды. Дүкенге кіре, әрбір гүлге қараумен асығыс кейпі көрініп тұрды.
– Хош келіпсіз! Гүл алуға келсеңіз, кеңес берермін.
– Иә, бүгін менің анамның туған күні. Аяулы анашымның арқа сүйер жалғызымын. Оған сыйлықты мен жасамасам, басқа кім көңіл бөлер дейсіз? Сондықтан, есте қалардай ерекше сыйлық жасағым келеді. Мына гүлдердің қайсысын аларымды білмей тұрғаным. Мүмкін өзіңіздей әдемі гүлді таңдап, маған көмектесерсіз?
– Мені бұлай мақтаудың қажеті жоқ. Дегенмен шын пейіліңізге рахмет.
– Шын пейілім екенін қайдан білдіңіз?
– Көзіңізден...
– Мына екі жанарымды айтып тұрсаңыз, қатты қателесесіз! Адамның парасаттылығын көрсететін жүрек көзінің адал, адами рухқа толы екенін білмей тұрып, ешкімге сенуге болмайды. Есіңізде болсын, «жылтыраған заттың барлығы жылу бере бермейтінін әсте естен шығармауымыз керек». Мынадай сөзді естігеннен кейін ойсыз айтылған өзінің сөзіне ыңғайсыздана,
– Оқығандарымның ішінен «сөйлеп алып ойлама, ойлап алып сөйле!» –деген мақалдың еріксіз есіме түскені өзіме үлкен сабақ болды.
– Мені түсінгеніңізге рахмет. Осындай әдемі ойыңызды гүл тандап берумен аяқтасаңыз.
- Өзіңізге айтар ұсынысым, анаңызға арнайы жасалған мына гүлдестені алыңыз! Ұялмай тапсырасыз. Айнаш та қыз ғой шіркін, маңдайын жоғары тарта қағылған кірпігімен көз жанарын жадырата түсіп, сөзін биязылықпен аяқтады.
– Талғамыңыз жақсы екен. Айнадай көзге ұрып, ерекше ұнайтын екен өзі. Иә, осыны аламын және мына гүлді қоса есептеңіз – деп бір тал раушан гүлін қолына ұстағанмен, екі көзін Айнаштан алмай, оның кіршіксіз келбетіне тамсанумен қарап тұрғаны еді.
– Кешіріңіз. Сіз әлі оны көрген жоқсыз ғой.
– Көрмесем де сіз таңдаған гүлдің әдемі және анама ұнайтыны анық.
– Оны қалай білдіңіз?–деп Айнаш сөзін кібіртіктей аяқтады.
– Көзіңізден..., - дегені сол еді, екеуі де ашық-жарқын күлкіде қалды. - Ендеше сіздің еңбегіңіздің қарымтасы – деп таңдаған раушан гүлін Айнашқа сыйға тарты.
– Ой... Бұл қалай? Алушыларға кеңес беру міндетім. Cондықтан...
– Ешқандай да сондықтан болмайды.
– Жоқ, алмаймын.
– Анамның туған күнінде мені ренжіткіңіз келе ме? – деумен қолын созған күйінде Айнаштың мөлдіреген жанарынан көзін алмай ұзақ қарады.
– Жоқ.
– Онда алыңыз! Сіз сияқты сұлу қызға гүл ұсынып, «көңіліңізді көктем ету - біз үшін міндет» десем артық болмас, – деп өзінің ашық мінезімен бір көргеннен ғашық еткен бейтаныс аруға ой түкпірін жайып салды.
– Иіскеген сәтте ерекше әсер беретін осынау гүлдердің иісі ұзақ уақыт сақталмайтыны өкінішті. Өмір де осы раушан гүлдің иісіндей ғана тым келте.
– Иә, адам да гүл сияқты, өз уақыты келгенде солып, қурап қалады. Оның қандай адам болғаны артында қалған ғибратты істерінің кейінгі ұрпаққа берер пайдасымен өлшенбек.
– Дегенмен, өмірге деген ынтызарлығыңды арттыратын гүлдің иісі үшін өмірін арнайтын жандар біздің арамызда жүр. Әттеген-айы, біз оларды түсінуге ұмтыла бермейміз.
Әкесі маскүнемдікке салынып, отбасын тастап кеткеннен кейін бұл жігіт жастайынан ана тәрбиесімен ер жеткен. Аурушаң ананың көңіліне қараумен қыз жүрегін түсінуге бір табан жақын болып өскен-ді. Сондықтан, бота көзді, ақ құба келген жіңішке мүсіні жан дүниеңді баурап, сыпайы күлкісімен жүзі жадыңда жатталатын сүйкімді сұлуға гүл ұсынуы солай қалыптасқан жүректің әмірі десе де болғандай.
Шын көңілмен рахмет. Бұлай деп ойламаған едім.
Айнаш үшін осы сәттен бастап дүкен ішіндегі гүлдердің ең әдемісі - бір тал раушан гүлі. Сондай әдемі гүлді сыйға алған мына әлемдегі ең бақытты жан өзі шығар. Ұяңдау өскендіктен болар, ерекше көңіл-күй сыйлаған жігітке іштей көңілі ауғанымен, ештеңе айта алмады. Тек маржандай тістерін көмкерген езуіне күлкі ұялай бірде жігітке, енді бір сәт қолындағы гүлге тоқтаған көзі сондай мейірімді еді.
- Жарайды, мен жүрейін. Ертең міндетті түрде келемін! Әңгімені сол кезде жалғастырайық – деп қолын бұлғап шығып кетті.
Шын жүрекпен ұсынылған гүл адамның жан дүниесін қалай жадыратты десеңші?! Жаңа бір әзірде ештеңеге зауқы соқпай отырған Айнаштың қазір, міне, көңілі көкжиектен асатындай көтеріңкі. Солай жүріп демнің арасында шашылып жатқан дүкен ішін мұнтаздай етті. Гүл сыйлаған жігіттің көздеріне жанары тоғысқан сәтте мұның есі шығып абдырап қалғаны есіне қайта-қайта орала берді. Мұндайды бұрын басынан өткермегендіктен, осы бір сәт жүрегіне ерекше сезім ұялатты. Тәтті қиялдың құшағында жүріп, күндізгі ауысымды өткізіп, раушан гүлмен үйге қайтқан Айнаш дәл бүгінгідей соңғы рет қашан қуанғанын есіне түсіре алмады. Жол үстінде келе жатып, гүл сыйлаған жігіттің есімін сұрап алу ойына келмегені есіне түсіп, өзіне іштей қапалы болды. Дегенмен, «Ертең келемін деп кетті ғой. Жігіт болса, міндетті түрде келеді. Оқыстан келмесеші? Атай көрме! Келеді. Келеді!» –деп екі қолымен құлағын жауып, өзімен-өзі бір сәтте әрі-сәрі күйге енді.
Айнаш екі жасына жетер жетпесте анасы көлік апатынан көз жұмған. Ес біле келе өгей шешесінің жұрт алдында уақытша ғана көрсететін алдамшы мейіріміне көңілі толмай, аяулы ана алақанының мейірімін аңсаумен қаншама әділетсіз күндерді бастан өткізді. Айнашты күң есебінде сол үйдің бар жұмысына салуын қоймай, кейде қол жұмсайтын. Екі ұл тауып берген әйелінің ығында кеткен әкесі де бұған қамқорлығын жалтақтаумен жарытып жеткізе алмайтын. Туған қызына қамқорлық жасап, мейірімін білдірсе болды, өгей шешесінің мазасы кетіп, үй ішінің берекесін алатын. Осыдан кейін әкесіне де ашылып ештеңе айта алмай, томағасы тұйықтала беретін-ді. Сол Уазипа бір отбасын ғана емес, өзі қызмет етіп жүрген мектепте де белсенділігін танытып, ықпалды адамға айналған. Оның мұндай жағдайға жетуіне қазіргі ауыл әкімінің себі бар, өйткені, мектепте басшы болып тұрған кезде екеуінің талай ым-жымдары бір болған, соның арқасында қазір оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарып жүр. Бастығына жағынатыны соншалық, бірде облыс орталығында өткен жиналыстан кейін екеуі қонақүйге жайғасқанында, өгей шеше Айнашты мектеп директорына ыңғайлап беретінін айтқан еді. Қыз өсіріп отырғандықтан, мектеп директоры мұндай ойды дер кезінде тыйып тастаған. Анасы сияқты мөлдіреген көзінен үлкенге әдептілігі білініп тұратын, талдырмаш денелі Айнашты бастық өзінің отыздар шамасындағы үйленбей жүрген жиеніне қосу туралы ұсыныс жасаған. Мына хабарды естіген өгей шешенің жүрегі жарылардай қуанып, директормен құда болу әрекетіне кіріскен болатын. Құдай сәтін салғанда, мемлекеттік қызметте біраз жылдан бері істеп келе жатқан анасының туған сіңлісі білім министрлігіне жауапты қызметке ауысып, Айнаштың білім грантымен оқуға түсуіне септігін тигізген. Осы әпкесі бұған ерекше көңіл бөліп, тәртібі мен тәрбиесін қадағалаумен ақыл кеңесін айтып, жылдық киімдеріне дейін өзі әперіп, қолынан келетін бар жақсылықты аямайтын. Дегенмен, бұл оқуын бітіретін жылы сол әпкесі пара алып ұсталған бастығының кесірінен жұмыстан босатылып, мемлекеттік қызмет істеуіне тыйым салынған. Жабыққан жанына демеу болып жүрген жақынының мұндай жағдайға ұшырағаны Айнашқа үлкен соққыдай әсер етті. Жоғары жақта туысқаны болмауының салдарынан өзіне лайықты жұмыс таба алмаған еді.
***
Ертеңгілік нөсерлетіп жауған жаңбыр тамшылары терезе әйнектерін тырсылдата бастағанынан оянып, күнделікті уақытында дүкенге келіп, қалыптасқан дағды бойынша гүлдердің суын ауыстырып, дүкен ішіндегі басқа да жұмыстарды ретке келтірді. Кешегіден ызғарлана түскен күннің суығы Айнашқа әсерін тигізбеді. Қайта бүгінгі көңіл күйі ерекше көтеріңкі, өзінше әндетіп жүр.
– Сәлем, Айнаш! Қалың қалай? – деп ағасы жанындағы қонағымен бірге дүкенге кірді.
–Сәлеметсіздер ме?- деп ойда жоқта келген ағасының бұл жүрісіне түсінбей абдырап қалды. Көңілі құрғыр шаттыққа ынтыққанымен, өмір мұны шыр айналдыруын тоқтатпаған екен. Әңгімесін сабырмен бастаған ағасы жанындағы қонақтың дүкеннің жаңа қожайыны екенін жеткізді. Осы сөзді естіген Айнаштың көз алдына өгей шешесінің жасаған қатігездіктері мен озбырлықтары еріксіз орала, көкірегін кернеген ыстық жас сыртқа шыға алмай жас жүректі булықтырған. Айнашты қолынан ұстап шеткерірек апарған ағасы:
- Айнаш, алдын-ала ескертпегеніме ренжіме. Күтпеген жерден жоғарыдан арнайы бұйрық келіп, қызметте жоғарылаған едім. Соның шаруасына көлемді ақша қажет болғаннан соң сатуға тура келді. Жайғасар жұмысымның осындай шараларын бітіріп алғаннан кейін, саған жаңа жұмыс қарастырамын. Әзірше демала тұр. Өзім хабарласамын.
Осы кезде дүкенде ары-бері жүрген дүкеннің жаңа қожайыны қолына қалам-қағазын алып, бұрыш-бұрышта әрнәрсені есептеумен жүрген. Кенет ұялы телефонымен көмекшісіне хабарласты.
– Қанат, Бейсеннің гүл дүкенін толықтай өзімізге алдық. Өзі тамаша жерде орналасқан, жақсылап қол жүретін болды. Тездетіп өзіміздің жігіттерді ұйымдастыр да, бүгіннен қалдырмай осы жерге он бес ойын автоматын орналастыр. Айтпақшы, жаныңа екі үш жігіт әкеліп гүлдерді далаға шығарып, дүкен ішін тазалап тастаңдар. Бірінші осыны істеп алғаның дұрыс болады. Біз қазір Бәкеңнің жаңа қызметке орналасқанын тойлауға барамыз. Барлығына өзің бас-көз бол. Әлдеқандай шу шығып жатса, дереу маған хабар бер. Ал жақсы, жаңағы айтқандарды тездетіп істе – деген жаңа қожайынның дауысы әрең шықты.
Бұл да өмірдің бұралаң жолына енді ғана қадам басқан жас қыздың басынан өткізген аянышты күндердің бірі болған. Құлазыған көңіліне демеу, жабырқау жанына алданыш болып жүрген бұл мекен де Айнашты бауырына баса алмай, жетім жанды жатсынғандай. Дүниедегі ең асыл адамын жоғалтқандай, сатылған дүкенге бұрылып қараумен, аяғын сырғыта басып амалсыз қайтуға тура келді. Бірақ кешегі жігіттің «Ертең келемін» – деген сөзіне үміт жалғап, күздің қар аралас жаңбырының астында екі сағаттан астам уақытын өткізді. Тапжылмай бір орында келер жолды күтумен тосқаннан бойын суық қармаған Айнаш ақыры сөмкесін аяғына ұрып, келген автобусқа отырып кетті. Аялдама маңындағы көлшіктерге жиналған жаңбыр суларын шетке шашырата, тежегіштің арқасында әрең тоқтаған келесі автобустан кешегі гүл сыйлаған жігіт түсті.
К Ө Ң І Л Д Е Г І Ж А Р А
(әңгіме)
Бәрі жиналыста. Астаналық шенеунік жаңадан салынып жатқан станциялардың болашағы мен теміржолды барынша дамыту туралы көп айтып жатыр. Өткен жылдың есебі мен келер жылдың жоспарына бірі таңданып жатса, екіншісі жиналыстың бітуін күтіп зорға отыр. Ақыры қорытынды сөз айтылып, бас қаладан келген шенеунік белсенді қызметтері үшін екі қызметкерді марапаттады. Оның бірі - станция бастығы, екіншісі - жас маман Аян. Шетелге екі аптаға отбасылық демалысқа жолдама. Шенеунік Аянның қолын қысты. Осы сәтте есіктен біреу шығып кетті. Әзірге кім екені белгісіз. Құшақ гүл, марапаттау қағазы, қаржылай сыйлық, демалысқа жолдама, екі езуі екі құлағына жеткен Аян орнына келді де, әлгінде отырған Ғалымның жоқ екенін байқады.
Отбасымен демалуға баратынын ойлап, Аян одан сайын қуана берді. Талайды іскерлігімен таңдандырып жүретін оған жанұяның бақыты бәрінінен биік. Жарына деген сезімі әлі жігіт кезіндегідей. «Әйелімді аялап, мәпелеп жүрсем, жұрт сол арқылы мені де қадірлейді» деп ұғатын. Жақсы көріп сыйлайтыны соншалық, мейлінше ренжітпеуге өзіне іштей серт берген-ді. Үлкендер жағы «Қатынға әуел бастан қатал қарау керек!» – деп әңгіме айтып жатса, Аян үйленгеннен бері аялап келеді. Өзінің жанында еркелеп, құлпырып, еркін жүргенін қалады.
***
Ғалым үйінде. Ол үшін жиналыстың мәні болмады. Әйел, баласымен тамақтанып отыр. Бұған да жұмыс реті осы жаңа станциядан бұйырды. Айналасы жиырма шақты үй. Мұндағы шаңырақтың барлығы теміржол саласының қызметкерлері. Дастархан басында отырғанда үш жасар ұлы былдырлап, түсініксіз нәрселер айтып отырды да, Ғалымға қарап:
– Әке, бір нәрсе айтайыншы – дейді. Маңғаздана сөйлеген балаға ешкім назар аудармады.
– Кеше моншаға барғанда, Аян ағаның әйелінің мынандай жерінен үлкен анандайын көрдім.
Рәзия шыж ете қалып:
– Ой, мына бала да қай-қайдағыны айтып, ұят болады, балам, қой! Айтпа!
– Қандайы бар, балам, кәне айтшы? – Ғалым баласын бауырына тартып, ұшы шыққан әңгімені толығымен сұрап алғанша жаны жай табар емес.
– Ғалым, ұят емес пе? Кіп-кішкентай баладан болмайтын нәрсені сонша сұрағаның.
– Сен еркектердің тірлігіне араласпа! Қане, балам, не көрдің?! – Баласы еркелеп, бәрін айтты. Түгел айтты.
– Ой, сен де болмай қалған адам екенсің. Балаға тәлім-тәрбие берудің орнына қайдағы жоқты сұрап отырсың.
– Ей, Рәзия, сен қатынсың. Білсең... Балам маған үлкен ақпарат айтты. Енді әкесі сол ақпаратты керегіне пайдаланады. Ғалым қызғаныштың қызыл отына талай күйген. Ненің не екенін айырып білмейтін баласынан естіген әңгіме ішін жарып барады.
***
Мына сөзді естігеннен бастап Аянның қаны басына шапты.
– Менің әйелімнің оң жақ бөксесіндегі қалды Ғалым қайдан біледі? – Аянның жүрегі көтеріліп, өзінен барған сайын жиіркенді. Не істемек керек? Айналаны басына көтеріп, жылап алайын десе, көзіне тамшы жас келмей басын қайта-қайта шайқаумен әзер келеді.
Керемет көңіл-күймен үйге келе жатқанда... Бес жыл. Қарлығамен отасқанына. Сол уақыт аралығында әйелінің бөксесіндегі қалын қанша еркек көрді екен? Содан бері... Қанша адам? – Аянға мүсіркей, жиіркене қарады десеңші... Ішек-қарны аузына шығып кетердей құсып, Аян әрең жеткенде үйде Қарлыға жоқ екен. Әйел жоқ. Рухани әлсіз адам мұндайда жаман нәрсені бірінші ойлайды. Қайда кетуі мүмкін? Кіммен екен? Тағы да бөксесіндегі қалы бөтен еркектің көзіне оттай басылып, шоқтай ысып жатыр ма екен біреумен. Әйелім алдымда құрдай жорғалап, жайылып жастық, иіліп төсек болатын еді. Тегін емес екен. Бәрі түсінікті болды. Мынадай албасты басқыр, оңбаған жүрісіне секем алдырмау, күдік туғызбау үшін жасайды екен.
Әйел адал болмаса еркектің кеуде көтеріп өмір сүргені бекер. Осы бір ой Аянды тірідей жерлеп тастады. Аянның қазіргі күйі тірі адамның басына бермесін деп мүсіркейтін жағдай.
Үйге кірген әкелерінің аяқ дыбысын ести сала Ерлік пен Сәния бөлмелерінен шықты да «әкелеп» жүгіріп, күндегідей мойнына асылмақ болып еді, Аян оларға сұстанып қарады да:
– Өй, арамтамақтар, сендердің «әке» дегендерің құрысын. Әкеден садаға кетіңдер! Балам деп бауырыма басып жүргендерім жолшыбай еркектің жолай төгіп кеткен бәлесі екен ғой. Құрыңдар! – Әкелерінің... бозарған кейпінен шошыған Ерлікпен Сәния жылап сыртқа шығып кетті.
«Мамалап» жылаған екеуінің даусы ауланы жарып тұр.
***
Жылаған екі баланы жұбата жетектеп үйге кірген Қарлығаның жүрегі суылдап, екі-үш рет жұтқынып, демікпесі ұстады. Алдында тұрған күйеуінің түрінен түр жоқ. Шашы ұйпа-тұйпа. Екі көзіне қан ұйып қалғандай қып-қызыл. Мұрнынан аққан қанды қолымен жауып отырғандықтан екі қолы қан-қан. Қарлыға екі баласын жібере салып, күйеуіне қарай жанұшыра жетіп, тізерлеп отыра кетті.
– Жаным-ау, саған не болған? Не болды, Аян? – Шешелерінің соншалықты құрақ ұшып жатқанын көрген екі бүлдіршін жылауларын тия қойды. Аян қолын сілкіп қалғанда шөкелеп отырған Қарлығаның иығына тиіп, отырған жерінде құлады. Қайта шыңғырып жылаған екі бүлдіршіннің дауысы үй ішін азаға толтырып жіберді.
Балаларын құшағына қыса түсіп, оларды жұбатып жатқанымен бар ойы күйеуінде. Оның бұлай бұрқан-талқан болуына не себеп болғанын біле алмай дал.
Отау құрғандарына бес жыл уақыт өтсе де Аян арыға барып, Қарлығаға дауыс көтеріп, қатты сөйлемепті. Өмірдің мәні отбасының бақытында екенін ерте ұғынып, танысқан, отау құруға серттескен күннен бастап, әйелімен рухани түсінісуді алдына қойды. Қарлығаның көз шарасы жасқа толып, алдында тұрған балаларын көрмей тек бастарынан сипай берді. Аянға қарай берген кезде қос құлағының түбінен «мама, мама» деп айқайлаған дауыстар одан сайын үрейлендіре түсті. Төне келіп, қолынан ұстап, көтеріп алған Аян Қарлығаны табалдырыққа дейін сүйреп «Кет, құрыңдар! Енді көрмегенім сендер болсын!» – деп өзі үйге кіріп кетті.
– Не болды, айтсаңшы! – Қарлығының бар айтқаны осы. Отбасын құрған күннен бері шаңырағында ұрыс-жанжал, көз жасы деген болмаған. Бұл жай түсінбестік. Қарлыға солай топшылады.
Табалдырықтан тұрды. Үшеуі де үйге кірді. Осы сәтте Аян:
Ей, арсыз салдақы, үйден құры. Мына екеуін қоса алып кет.
Аян тағы төне келді. Әйелге сыйластықпен қарап үйренген Аян қанша ызалы, ашулы болса да қол жұмсамады. Тістене қараған кейпі өте сұсты. Мұндай түсінбестік бірінші рет отбасында. Әйелі мен балалары Аянның көзіне жын болып көрінді. Үй іші ойран-топан. Қолына түскен заттың бәрін сындырды. Қиратты. Қарлығаның үні шықса болды, Аянның одан сайын жыны қозып, долданып кетеді. Содан бұл екеуі көзбе-көз отырып, әңгімелеспеді. Күні бойына нәр тартпаған балалары шешелерінің бауырына тығыла түсті. Күн бата аздаған уақыт тыныштық орнағанда Қарлығаның Ерлік пен Сәнияны тамақтандырып жатқанын көріп, Аянның қаны қайта басына шапты. Жақындап келді де, Қарлығаны мойнынан ұстап, қылқындыра түсті. Аяғымен жер тепкілеп, жаны шығып жатқан аналарының аяғынан құшақтап, Ерлік пен Сәния бар дауыстарымен боздай түскен дауыстары көршілерге жетерліктей еді. Бетіне түкірді де, итеріп жіберді. Әл-дәрмені құрып тұрған Қарлыға жалп етіп құлап, тоңазытқышқа басын оңдырмай ұрды.
Керекті заттарын сиғанынша салып, екі жол сөмкесімен Аян үйден шығып кетті. Бұл кетудің біржолата екенін білмегенімен үйдегілер іштей тынышталды.
***
Әйелінің айтуына қарағанда жұмыста жүріп қатты соққы алып, ауруханаға түскен Ғалым екі апта жатып емделіп шығыпты. Қарасы көрініп үйінде жүр. Науқасы ауыр болған-ау шамасы. Жүдеген. Жанары ұсқынсыз.. Көзін осы үйден алмай, күндікке көшені бермей, кешті де батырды.
Түн. Есік қағылды. Көптен ұйқысыздық мазалап, бүгін қаннен- қаперсіз ұйықтап жатқан. Түсінде сияқты. Өңінде екен. Оянып кетті. Қарлыға қолына түскен киімдерін киіп, есікке барды.
– Кім бұл?
– Қарлыға, мен ғой.
Таныс дауыс. Ғалымдікі. Есікті ашты. Көзі қойға шабатын қасқырдікіндей қанталап кеткен. Жайсыз уақыттағы жүрісі түсініксіз.
– Қарлығажан, қалдарың қалай? Өзін бөтен еркектің бұлай атауы құлаққа түрпідей тиеді екен.
– Түндетіп жүруге жол болсын!
– А, иә, сендердің жағдайларыңды біле кетейін деп бұрылған едім.
Қарлығаның қабағы қатулана түсті. Беймезгіл мазалағанды кім жақсы көрсін?
– Естияр адам ері жоқ үйге бейуақыт кірмейтін еді. Ғалым Қарлығаға жақындай
келіп: – Қарлығажан, сенің ері жоқ үй дегенің аянышты естіледі екен.
– Үйіңе баршы! Өзің ішіп алыпсың ғой, – деп Қарлыға Ғалымды итеріп еді, ол осыны күткендей қорғансыз әйелдің қолынан ұстап алды. Қарлыға қанша терең дем алып жатса да ауа жетпей құр жұтына берді. Жүрегі дүрсілдеп, зәре құты қашты. Қатты ұстап алғаны соншалық қолы ауырып, сыздатып барады. Жіберетін түрі жоқ. Қолын бір екі рет тартып еді жібермей, қайта мазақ қылғандай одан сайын келемеждей күле түсті. Күлген сайын, Қарлығаның ызасы келіп, Ғалымның қорлығы өтіп бара жатыр.
– Оңбаған, жібер! – Қарлыға қатты ышқынып еді. «Ал, не істейсің?» дегендей Ғалым оның қолын жібере салды.
Қарлыға ызаланып, жұдырығымен Ғалымды түйіп қалды, ол тіпті де ауырсынбай қайта мырс-мырс күліп, бар екпінімен Қарлығаға атылды да, сол қарқынмен құлатып, бірден үстіне шықты. Ғалымның сумаңдаған қолдары Қарлығаның бүкіл денесін тіміскілеп шықты. Тырна ашуын тырнаудан алар болса, Ғалым Аяннан жеген таяғын Қарлығадан қайтармақ. Ыза мен кекті қайтаратын уақыт. Сол үшін ол ауруханадан асығып шықты. Аянның жоқтығын бүгін пайдаланбаса, ертең өкініп қалар.
Қарлыға бар даусымен айқай салып жатыр. Кімнен көмек сұрап жатқанын өзі де білмейді. Түн жарымынан ауып кеткен. Кім естір дейсің? Әйтеуір арпалысып жатыр. Мынадай уақытта кім келеді көмекке? Көз ілестірмес сәтте енгезердей еркектің астына түсіп, не болғанын білмей, жан таласқанымен ештеңе келмеді қолынан.
Құтқарындар! Құтқарыңдар! Қарлыға шыңғырып осы сөзді ғана айтып
жатыр.
Қарлығаның айқайынан Ғалым рахаттануда. Жүз жылдан бері ала алмай
жүрген кегін қайтарып жатқандай Қарлығының үстіне шығып алып мырсылдап, бар даусымен қарқылдап күліп отыр.
«Мама, мама» деген балаларының даусын естігенде, Қарлыға одан сайын жылай түсіп, ызаланды. Қорлықтан құтылмақ болып бар күшін салғанымен Ғалымды аударып тастай алмайды екен.
Кенет бар күшін жинап келіп, соққы жасады. Ғалымның арқасына тиді. Көмекке келген кім?
Сәт тыныштық. Ғалым жаймен бұрылып артына қарады. Жұдырығын түйіп алыпты. Келсін-келмесін бар даусымен тағы да қарқылдап: - Ой, боқмұрын енді жетпеген сен едің! Жоғал, әкеңнің.., - деп Ғалым қолын ербеңдеткенде, әлгіндегі батырлығынан түк те қалмай, Ерлік шошып кетті.
Тыпыршыған Қарлығаны одан сайын келемей түсті.
– Ғалым?
Бар даусымен айқайлап келіп, Ғалымды итеріп жіберді. – Оңбаған, хайуан не істеп жатырсың?
-О, әкеңнің... мынау қайдан келіп қалды? Ұйықтамаған ба, сонда? Мұнда қалай келген түннің жырымында? Ғалым өз әйеліне бір, жылап балаларын құшақтап отырған Қарлыға бір қарап, аң-таң болып, меңірейіп қалды.
***
- Орындарыңыздан тұрыңыздар! Сот келеді.
Сотты күтіп алды да екеуі де жайғасты. Өмірлік жар болады деп қол ұстасқан жандардың ажырасу соты. Арсыз, ештеңенің парқына бармайтын адаммен бір шаңырақтың астында тұра алмайтынын айтып шағымданған әйелінің арызын қараған сот ұзаққа созылмады. Екі тарапты тыңдады да, сот қаулысын оқып, Ғалым мен Рәзияны заңды түрде ажырастырды.
Өмір жолында үлкен армандарға жетуге мақсаттас екеніне айтып сендіргенімен, досы Аянға жасаған іштарлығынан өзі де жапа шеккен Ғалым қолындағысынан түгел айырылды. Рәзия заттарын жинап. баласымен қалаға кетті. Өткендегі сорақы ісі бүкіл станция тұрғындарының құлағына жеткен соң, ол көпке бармады. Басшылық үйден де айырды.
***
Күйеуінің шарт бүлініп, алды-артына қарамай, отбасын тастап кетуін Қарлыға қалай жоритынын білмеді. Екі бала да «әкеміз қашан келедіні» соңғы кездері жиі айтып жүр. Қаншама жабықса да, торықса да, сағынса да Қарлыға «әне-міне келіп қалар» деп үміттенеді.
Соңғы үш-төрт ай бұларға қиын соқты. Қолда бар азын-аулақ жиған терген қорды талғажау етіп келе жатыр еді. «Ертең-ақ келіп қалар» деген ой басымдықта тұратын үмітке толы күндердің түнінде өмірінде еркек қуатын, жалынын, жылуын алғаш сезіндірген жарының ыстық құшағын аңсайды... Сондай түндердің бірі... Талықсып жатып, ұйықтап кетіп түс көріпті. Айнала тыныш. Аян аяғын жаймен басып келе жатып, көршісі Ғалымның үйіне сұстана қарап, өз ауласына еніп кетті де, үйінің есігін ақырын ашты. Үй іші тып-тыныш. Балалар тәтті ұйқы құшағында. Қонақ бөлмеде теледидар қосулы қалған. Сірә, теледидар көріп жатып ұйықтап қалған Қарлыға Аянның келгенін сезе қойып, орнынан атып тұрды да:
– Қайда болдың? Неге келмей кеттің, Аян? Сені қатты сағындық, – деп, күйеуін бас сап, сүйіп жатып жылап жатыр. Жылап тұрып сөйлеп жатыр. Ақыры ауа жетпей алқынуы арта түскенде Қарлыға түсіндегі бір сәттік бақыттан ажырап қалды... Бал сезімнің түнгі ұйқымен жұптаса көшіп кеткеніне іші аши қалғанымен, ұлының қайтадан дене қызуы көтеріліп жылап жатқанын естігенде, ұйқысынан оянып кеткеніне қуанды. Жұбата бастаған баласы:
Мама, әкем қашан келеді? Жаңа оны көрдім маған қарамай кетіп бара жатыр. Артынан жүгіріп жете алмай қалдым.
Қарлыға ұйқылы-ояу, баласын бауырына тартты.
– Жылама балам, әкең келеді. Әлі-ақ бізбен бірге болады.
– Жаңа неге бұрылмай кетіп қалды. «Әке, әке» деп қатты айқайласам да маған қарамай кетіп қалды ғой.
– Келеді...
– Ертең азанда келе ме? Мен қатты сағындым. Ерліктің жылаған даусынан Сәния оянып кетті. Түннің тынышы бұзылды. Үйдің іші жылаған дауыстан азан- қазан. Қарлыға не істесін? Бүлдіршіндеріне жұбату айтқаннан басқаға шарасы жоқ. Әйтеуір амалын тауып тоқтатты. Өзі де жылады. Қашанға жыласын? Рухани мықты әйел, босқа езілмей, үлкен ойдың биігіне шығады. Қолға алды өз-өзін. Ерлігі мен Сәниясын ертіп, таңсәріде жолға шықты. Күйеуімен тілдеспекші.
***
– Аян, өлтірсеңде айтшы?
Аян Қарлығаны адам көзінен тасалау жерге апарды да тістеніп, жан-жағына алара қараумен тұра берді.
– Тыңда! Сенен әрнәрсені сұрап тұратын уақытым жоқ. Оған менің еркектік намысым жібермейді.
– Еркектік намыс дейсің... Отбасыңды тастап кеткеніңде еркектік намысың қайда қалды?
– Доғар! Мүләйімсіп сөйлеуді... Шын мәнінде менің таза отбасым, адал әйелім болғанда, олардан бас тартпас едім.
Қарлыға көз жасын шапшаң сүртті де, тістене түсіп:
– Не деп тұрсың? «Таза отбасы» дегенің не сөз, – деп Аянның көкірегінен ұрардай болып өзің әрең ұстап қалды. – Ештеңені бұқпалама, отбасымыздың ойраны шықты. Енді бәрін ашық айт! Жаныңды жеген не?
– Сол күні таныс адам арыңның қандай дәрежеде екенін айтып берді. Сені арбап, жалаңаш тәніңді түгел көріпті. Бәрін айтты. Сенің мұншалықты арсыз екеніңді қалай білмей келгенмін?
Аян бұл сөздерді ойдан шығарған жоқ. Естігенін айтты. Шындай айтылған соң, сенген. Сол сәттен бастап, өмір жолы мүлдем өзгерді. Аянның да, Қарлығаның да...
Жылай түскен Қарлыға Аянды тізерлей түсіп, аяғынан құшақтай бергенде ол артқа жүріп кетті.
– Кім? Кім айтты? О, жалған дүние не дейді?
Қарлыға ағыл-тегіл жылап отыр.
– Мені өлтірдің! «Қатынға әуел бастан қатал болу керек» деген сөзге бекер ден қоймаған екенмін – деп, Аян көп кідірмеді, жүріп кете барды.
***
Өмір толқындары Аянның кемесін жағаға ысырып тастағалы қашан? Талай асау
асуларды басып өтіп, жігерін жарға әзірше соқтырмай жүр. Өзінің кезіндегі «Дүниенің бар бақыты - жанұяның шаттығында» деген пікірін ескермейді. Станциядан кеткеніне үш жыл өтті. Өлместің қамын жасап, қазір мүлдем басқа саладан жұмыс тауып, жападан жалғыз күн көріп жүр. Бір сарындағы күндер. Кеудесін көтеріп, жер басып жүргені болмаса, өзін толық адам деп есептемейді. Отбасылық шат күндер мен қызметтегі сәтті қадамдарын бір күнде тастап кету - өте ауыр тауқымет. Талай рет сыраханада даяшы қызға тапсырыс беріп тұрып, «кешіріңіз» деп шығып кеткенін ойлап өзінің адамдық рухани күшінің жоғалмағанын сезеді. Қара тастай жылжымайтын түнгі уақытты қабырғаларына темекінің иісі сіңіп қалған пәтерде отырып-ақ таңды ұйқысыз қарсы алу Аянды мезі етті. Тәкаппар дүниенің тынышын сезіне алмай жалғыздық ауруына ұшырады. Қарлығаға барып, оны қайта құшағына басқысы келгенімен, жүрегіндегі жара бір сәтте жанын жадыратпады.
Түскі үзілістен келіп отырғаны сол еді, күзетші Аянға сыртта бір әйелдің келіп тұрғанын айтып, бір сәтке шығып кетуін өтінді. Ұжымдағылар үшін бұл қызық жайт. Жұмысқа тұрғалы бері томаға тұйық жүрген адамды қандай әйел іздеп келуі мүмкін?
Аян өз көзіне өз сенбеді. – Бұл қайдан жүр? Менде несі бар? Қалай тауып келген?
Аянның соншалық таңданысын Рәзия бірден сезіп:
– Иә, Аян, бұл мен - Рәзиямын. Сонша таң қалатындай ештеңе жоқ.
– Иә, қандай жел айдап келді?
– Өтінемін! Мені жақсылап тыңдап алшы, Қарлыға екеуіңнің ажырасуларың - Ғалымның ісі.
– Ол оңбағанды дос деп жүрсем, нағыз сатқын екен. Менің әйелімді арбап, төсекке тартқаны қалай?
Ғалымның айтқан әңгімесінің бәрі өтірік.
Рәзияға тіскене қараған Аян: - Бос қиялдап уақытымды алма! Сөзді доғар, мен кеттім.
Аян бұрылып кетіп бара жатқанда Рәзия:
Қарлығаның бөксесіндегі қал туралы әңгіменің қайдан шыққанын біліп кет
тым болмаса. Аянның намысы келіп, Рәзияның білегінен қатты ұстап, шеткері шығарып: - Рәзия, қазір кетпесең, өзім қуып шығарамын. Бұл сөздердің біріне Рәзия мән беріп қараған жоқ.
Станциядағы әйелдер бірлесіп, моншаға кішкентай балаларын да
апарып, жуындыратын еді. Оны өзің де білесің. Қарлығаның бөксесінде қал бар екенін біздің кішкентай бала көңілмен былдырлап қалған еді, Ғалым іліп әкетіп, сенің шаңырағыңның ойранын шығарды. Ол саған іштей қызғанышпен қарап жүретіндіктен, баладан естіген әңгімені қалауынша түрлендіріп, жеткізген екен. Аянның Рәзияны тыңдаудан басқаға шамасы жоқ. Ләм-мим ауыз ашпай тұр.
Бар жағдай осы.
Рәзия айтамын дегенінің бәрін жеткізді. Аянда әлі тіл жоқ. Рәзия табыстырамын деген ниетпен келіп еді, ойындағысы болмады.
Мазасыздық. Сол күннен бастап, ұйқысыз түндер. Сол кезде мәселенің ақ- қарасын ажыратпай, әйелінің өзіне адал екені туралы мүлдем сезінбеді. Алғаш естігенде жүрегіне дақ түсіп, көңілі сынып кеткен. Жүректегі жара мен көңілдегі кірбің Қарлығаны ұмыттыра түсіп, сезімдерді суыта берді. Кейде алғаш танысқан, махаббаттың бал шарабын татқан күндері мен түндерін ойлағанымен, қазір Қарлыға туралы терең ойға бара алмайды. Өткен күндерге көз жіберсе болды, ұшқыр ойдың соңы сол күні естіген әңгімеге тіреледі. Жүрегі ала-құйындатып, жаны көзіне көрініп ұялады, жиіркенеді өз-өзінен. Аян үшін алғашқы пәк махаббат жоқ.
Қарлыға үшін де... Ол қос бүлдіршінінің қамымен, күндіз түні талмай еңбектенуде. Жағдайын күйеуі жасап үйреніп қалған әйелге жалғыз тұрып, қос баланы бағу оңай болмады басында. Қаншама түндерде жастығын малмандай етіп, ертеңгілік бар күшін бойына жинап, қу тіршілікке қайта араласатын. Қанша жерде мұқалып, мазаққа түсіп, жәбір көрсе де, жігерін еш жасытпады. Қарлыға келісті келіншекті болған соң, өзін қақпайлағысы келген талай еркектің ойын үш-төрт қадам ілгеріден байқап, ешқайсысын жанына жуытпай, өзінің шын мәніндегі адал кейпін сақтай білді. Қос баласының бақыты үшін, тағдырдан соғар ағыстар мен қағыстарды жалғыз қарсы алуға рухани күші мен адал болмысы сарқылмастай екен.
***
– Менің кезіндегі махаббатым қайда? Өмірдің мәні ғашықтық деп ұйқыға жатқан түндерім қайда кетті? Бәрін де жоғалтыппын. Жоқтыққа жұмыс істеу мағынасыз ғұмыр кешумен тең екен. Арман... Мақсат... Бағындырамын деген белестерім тым алыста қалып, өмір сүру мен үшін құнсызданып кеткен еді. Жүрегіме тиген сол бір сөз көңіліме жара болып жабысты. Сол сөзді естігеннен бері жеті жыл өтіпті. Жеті жыл... Осы аралықта Қарлығаға барғым келсе де арсыз, ұсқынсыз көрініп, жүрегім сезім мен махаббаттан суынып кеткен-ді. Оның арының, таза ниетінің адал екеніне көзім жетсе де, оған қайта қол соза алмадым. Маңдайыма жазылғаны сол деп өзімді алдаймын. Қарлығамен ажырасуымның күнәсі де- өзімдікі. Қыздай сүйіп қосылған әйелім мен бала-шағамды, қызметім үшін берілген баспанамды бір кеште тастап кеткеніме жеті жыл. Менің бар жағдайым осы. Неге екені қайдам, басымнан өткеніне жеті жыл болса да, бұл туралы ешкімге тіс жармаған едім. Саған айтып отырғанымды қарашы. Мүмкін өзіме жақын тұтып жүргендіктен болар, бар сырымды ақтарып отырмын. Сен енді мені толық таныдың. Жалғыздықтан шаршасам керек, өзіңе тез бауыр басқанымды байқамай қалыппын.
– Байқамай қалыппын емес. Байқамай қалыппыз деңіз, Аян.
– Қаншама жылдан кейін жүрегіме сезім отын жаққан өзіңсің. Сондықтан, сіз
емес, сен де!
Сол бір қызға өткен өмірі туралы баяндағаннан бері арада төрт ай өткен соң, Аян қайта шаңырақ көтерді.
НӘЗИГҮЛ
(әңгіме)
Алматыға келіп жұмысқа орналасқаныма жұманың жүзіндей уақыт өтті. Қайнаған тіршіліктің орталығына айналған қарбаласы көп қалаға әлі де үйрене алар емеспін. Жаңа жұмыстың жай жапсарымен толығырақ танысу үшін бұрынғы құжаттарды қарап отырғанмын. Ұялы телефоныма сырлас досым хабарласып, ағынан жарыла хал-жағдайды сұрастырды. Әңгімесін айта отырып, хабарласуының мақсатына көшті. Ойымда ештеңе жоқ...
–Досым, саған бір қуанышты және ұнамсыз хабар айтқалы тұрмын. Қайсысынан бастағанымды қалайсың? –деп түсініксіз күйде қалдырды.
–Қуанышты хабарыңды естуге дайынмын. Ал ұнамсыз хабарыңды айтпай-ақ қойсаң қайтед?
–Жарайды. Ал, ендеше, тыңда. Махаббатта «өмірдің сырлы мәні бар» деп түсінуші едің ғой, сол махаббатыңның мәні саналатын Нәзигүл күйеуге шыққан екен. Басқадан естігеннен көрі өзім айтайын деп асықтым.
Нәзигүл - Монғолияның қазақтар ең көп қоныстанған Баян-Өлгий аймағынан келген қазақ қызы. Қазір қытай тілін тереңдетіп оқытатын халықаралық жоғарғы оқу орнында оралман жастарға бөлінген арнайы жеңілдікпен білім алып жүрген. Менен екі жас үлкендігі бар еді. Оны көргеннен жүректе ғашықтық оты маздай жанып, кәусәр сезімнің лебімен жасына да аса бір мән бермей ынтыға ұнатқанмын. Ер жүрегіме ауыр тиіп, көзім қарауыртса да сабырлы қалпымды сақтай отырып:
–Иә,хабаршы мырза, сонымен бұл айтқандарыңды жаңағы екі ақпаратыңның қай түріне жатқызайын? Ендеше бөгелме, екіншісін айт. Бәрін айт!
Досым кекесінді үнмен:
–Ғашығыңның кімге шыққаны сені қызықтырмай ма?
–«Қыз мақсаты – кету», кіммен жұп құраса - жұлдызы сонымен бақыт биігінен жарқырасын.
Айтарын айттым, бірақ ішім әлем-жәлем.
- Жо-жоқ... Сен олай қайтелеспе... «Әр адам ата-қоныс, отанымен ғана бақытты» екенін әсте естен шығармауы керек. Менің саған айтайын дегенім, ол - оралман қыз. Өзегі тала өзім деп, атамекеніне келіп жоғары білім алып жатқанына көп уақыт жылжи қойған жоқ. Ол жағын маған қарағанда Нәзигүлге ғашық сен жақсы білесің. Аумалы-төкпелі қилы бір заманда оның ата-бабасы мекендерін тастап, өз қолдарын амалсыз кесулеріне тура келді. Шындығында олар кетуге мәжбүр болды. Ал қазір сол атамекеніне қоныстанып жатқан бауырларымызды шеттен келген қандастарымыз дейтін халге жеттік. Бұл хал кезінде екі түйенің сүйкенген сәтінде өлген шыбын десе де болады. Жанымызға бататыны, осыларды кімнің жасағандығы? Әрине, сол заманда қазақ халқының көзбен көрген қиындықтары. Ал қиындықты құрушы да, пайдаланушы да және зиянын көптеп көруші де сол адамдар емес пе? Міне, әңгіме қайда келіп тірелді...
Бұдан әрі досымның мылжың әңгімесін тыңдауға шыдамым таусыла кекештене:
–Ө-өй сенде бір, қайдағы тарихты, саясатты айтып адамның миын су қылмай, Нәзигүлдің кімге тұрмысқа шыққанын айтсаңшы!
–Білгін келсе айтайын, тыңда! Өзімен бір факультетте оқитын түрік жігітінің жары атаныпты. Осы сөзді естігенде төбемнен бір шелек су құйып жібергендей күй кештім. Отырған орнымнан атып тұрдым да, алдымда жатқан бір-екі қағазды алақаныммен мыжып, үстел үстіне қайта лақтырып жібердім.
–Нәзигүлдің мұнысы қалай?! Атамекеніне оралған қыздың түріктің етегінен ұстағаны несі? Бір көргеннен ғашық еткен арудың тұрмысқа шығып, жұбайлық бақытты ғұмыр сүргенін әрине, қалаймын. Дегенмен... Досымның бұл айтқандарына сенгім келмеді.
–Саған мұны кім айтты? Жай ойдан шығарылған сөз шығар? – деп өз-өзімді жұбатқандай ма, әлде алғашында аузыма келгені осы болды ма, әйтеуір, әп-сәтте есімнен адастым.
–Сенің Нәзигүлге қалай ғашық екеніңді білемін. Бұл жағдайды осылай ойдан шығарылғандай етіп қабылдадың ба?! – деп қайта өзімді сұрақтың астына алды.
–Атамекенге келгені кеше ғана еді ғой? Қазақ жігіті құрып қалғандай, түрік жігітімен жұп құрағаны қалай, осыны түсіне алар емеспін? Мәнісін білсең, түсіндірші маған...
– Әлгінде айтып өткен бар жағдай- өз бойына сақтаған, тарих қатпарында жатқан саясат салдарының жаңаша түрі ғой. Сол кездегі мәжбүрліктің мәні өзгеріп, мағынасын сақтап, біздің заманымызға жеткендігінде.
–Сенің айтқандарың мен ой қорытындыларың жөн делік. Бірақ ол кездегі қиыншылықтар адам төзгісіз дәрежеде емес пе еді? Сонымен қатар, қолдан жасалған не бір қиыншылықтардың әсерінен өз жерін амалсыз тастады. Ал мына мамыражай заманда Нәзигүлдің бұлай істеуіне қандай қиыншылық нендей жағдай түрткілік етті?
- Ия, досым, солай... Білесің бе? Оған қаншама рет сезіміңді білдіріп, ғашықтық сөздеріңді айтып, ет бауырың елжіреп, өзіңнің бақыт құсыңа балап жан жолдасың етуді басты мақсат еттің. Ол бақытын басқадан іздеп, сенің айтқан сөздеріңнің біріне әлі күнге жауабын бермей, ақыр соңы осыған келіп тірелді емес пе?
–Сөзіме жауап қайырмағанын қайдан білесің?
–Оны білудің қажеті шамалы. Әуелі тыңда! Мен осылай көңілсіз аяқталарын және саған келісімін бермейтінін білгенмін. Сенің көңіліңді қалдырғым келмей, үндемей жүруіме тура келді.
– Нәзигүлдің түрік жігітімен бұрыннан жүретінін білетіндей, нені меңзеп отырғаныңды түк түсіне алар емеспін. Және сөзіңді жұмбақтамай, істің ақ -қарасын ашып айтсаң, маған сөз жәрдем болар еді.
–Онда сөзімді бөлмей, жақсылап құлақ сал. Назарыңды салып, сезіміңді білдіргеннен бастап, Нәзигүл де саған ғашық екен. Бүгін азанда онымен Стамбулға кетіп бара жатқан кезінде оқыстан кездесіп, сөйлескенде сен туралы ой түкпірін айтып, ағынан жарылды.
–Досыңа шын көңіліммен ризамын. Маған ғашық екенін алғашқы кездесуімізде білдірген. Қанша кездессек те, дәл сонша астарлай сөз салып, тұспалдай отырып сезімін білдіретін. Кейде мен сөйлей бастасам, сезіміне жауап күтумен тынышы таусыла үміті үзілердей үнсіз отыра беретін. Сондай кездесулеріміздің бірінде ол мені ауылына қонаққа шақырды. Онда да мен амалсыз баяғы әдетіме басып, ананы-мынаны сылтау еттім. Себебі, досың мені жақсы күтіп, аяулы жар ететініне шүбә келтірмеймін. Бірақ, оның ағайын-туыс, дос-жарандары мені қабылдай алатын ба еді? Міне, мәселе. Осыған ұқсас толып жатқан жағдаяттар жеткілікті. Осындай қайшылықты жағдайлармен оны да, өзімді де мазалағым келмеді. Ғашықтық сезімдер замана желісіндегі екі оттың ортасына келгендіктен, еріксіз басқа жолды таңдадым. Көкейіндегі ойларын өрбіте айтып, дауысы дірілдеп, екі көзі жасқа толып, саған үлкен-үлкен сәлемін жолдап, асығыс баса, жол жиегінде тұрған таксиге қарай беттеді. Міне, солай досым. Көңіліңе келмесін, бір жағы Нәзигүлдікі де дұрыс шығар. Біздің қоғам әлі шеттен келген бауырластарына бүйірден бөлек біткен бұтақтай қарап, қанатының астына алуды үйренген жоқ қой.
–Басқа былай тұрсын, сенің бұлай оттауыңа жол болсын? –дедім, ызаға қатты булыққанымнан.
–Меніңше, екеуміз әңгімені біраз жерге жеткіздік. Ал бауырым, «ғашығым басқаға кетті» деп салыңды суға кетпей, еңсеңді көтергенің жөн. Есендікте жолыққанша, сау тұр.
–Жақсы. Сау бол.
Ми қайнататын аптапта мынадай жағымсыз хабарды естігеннен кейін, ештеңеге зауқым соқпады. Берілген тапсырмаларды көңілсіз атқардым. Бар ойым «Нәзигүлдің басқа ұлттың жігітіне тұрмысқа шығуына не түрткі болды екен» деумен болды. Осылай жүріп, жұмыс күнін аяқтадым. Денемді дөңбектеп тастағандай сүлделеп, аялдамаға жеттім. Баратын жеріңе әлдеқайда жылдамырақ жеткізетін автобусқа мінбестен, бүгінгі құлазыған көңіл-күйіме сай трамвайға міндім. Өз серіктесін кез-келген сәтте баса озып, артына қалдырмай, қайта қалыс қалған талай жолаушының үмітіне қол жалғау қызметін атқаратын трамвай жүрісінен аларым бар екен. Ішке жастары егде тарқан жеті-сегіз қария жайғасыпты. Олардың барлығы маған аянышты көзбен қарағандай ма, әлде трамвайға бірінші рет мінгеннен кейін маған осылай көрінді ме, әйтеуір ыңғайсыздана артқы орындыққа жайғастым. Жүрісі баяу көлікте отырып, ой-санам да біршама байыпқа келгендей. Салмақты кейпіммен кешкілік қала көрінісінен көз алмай келемін. Сабырлы қалпымды досымның «саған айтар жағымды және жағымсыз екі хабарым бар» – деген сөзі қайта бұзды. Айтқандарының оңды хабарын тауып, таразылауды өзіме қалдырды. Қарама-қайшы пікірлер санамды астаң-кестең қылып, бас көтермей ой түбінде тұншықтым. Өткен айда ғана университетте бір топта оқыған дос қызымның араб жігітіне қолдан ұзатылу тойында достарыммен бас қосқанмын. Сол кезде дәл бүгінгідей құлазып, тойдан емес, жаназадан қайтқандай көңілім жетімсіреп қайтқан едім. Осыдан кейін Нәзигүлді ашықтан-ашық кінәлап, сөге жамандаудан аулақпын. Оның түрік ұлтына күйеуге шығуына күйіп-пісуімнің басты себебі - өз Атамекеніне келіп, көп тұрақтамағандығы жаныма қатты тиді. Бақыт құсымдай ғашығымның өзгені қолтықтағанына ішім удай ашып, меңдуана жеген адамдай қалың оймен жол үстіндемін. Көрікті, сылаң қаққан жүрісі мен ашық-жарқын күлкісі, нәркес көздері адамды өзіне еріксіз тартатын. Есімін атасаң, көз алдыңа енді ғана қауыз жарып, айналасына ерекше көрік беріп тұратын жайқалған нәзік гүл елестейтін. Гүлдің де сан алуан түрі болатындай, бұл гүлдің әуел баста құнарымен бойына жиған нәрі жақсы екенін бірден білу қиын емес. Осындай ажарлы да тәрбиелі қыз мені бір көргеннен өзіне ғашық етті. Ретін тауып таныса келе, оған іштей бауыр бастым. Ол да маған бар сырын айтып, екеуара мұңымызды шағатынды шығардық. Кейде бар жұмысымды жиыстырып, Нәзигүлді кездесуге шақыратынмын. Басында әрнәрсені сылтауратып кездесуімді құп көрмей, ұсынысымды жаратпай тастайтын. Біртін келе өзі кездесуімізді әңгімесінде астарлай жеткізетін. Қаланың абыр-дабырынан шаршап, ауылға қайтайын деп жолға жиналып жатқан сәтімде Нәзигүл хабарласып, кездесуге сыңай танытты. Қанша дегенімен қыз баласы ғой, ойын ашық айтпай тұспалдай жеткізіп, айтарын шолақ қайырды. «Ауылға ертең-ақ барармын» деп, Нәзигүлдің ойын түсінгендей, әуелгі ұсынысты айтып, кездесуге шақырдым. Келіскен уақытта уәделескен жерге жетсем, ол менен бұрын жетіп алған екен. Жылы амандасты, бірақ, жүзі солыңқы, көзінде мұң бардай көрінді.
–Жеткенім осы болды. Көп күтіп қалдың ба?
–Жоқ. Өзімнің де келгенім осы ғана еді.
–Қалың қалай, саған қарасам бір түрлі ауырып тұрғандайсың ба?
–Анау айтқан дәнеңе жоқ. Кездесуге шығардың алдында Баян-Өлгийден анам хабарласып, хал жағдайымды сұрастырды. Содан сәл көңілім босап, мазам болмай тұр.
–Әйтеуір, бәрі дұрыс па?
–Иә. Бәрі жақсы. Тек анамды көрмегеніме бір жарым жыл уақыт артта қалды. Содан қазір қатты сағынып жүрмін. Сағынғанымнан не істерімді білмей беймаза күйге түсемін. Жанымдағы адамдардың барлығы менің анама деген сағынышымды түсінбейтіндей, ал мен мына әлемде жападан-жалғыз қалғандай жабырқау жадаулықты бастан өткерудемін. Тіпті қиыншылық пен қайғыдан қашып, басқа бөтен жаққа бас сауғалап, жан бағуға болады. Сағынышты қайда тастап кетесің, қалай құтыласың?
Нәзигүлдің сөзін тындап тұрсам, менің де көңілім босап, жылап жіберетін сияқтымын.
–Нәзигүл, біздің ауылға жүр, қонақ етейін. Таңғажайып табиғат пен көрікті жерлерді аралатайын, көңілің басқа нәрселерге ауса, сағынышың басылар. Осы бір сөзді айтқанымда ол маған оқырана қарағандай болып:
–Жо-жоқ, рахмет. Сабақта берілген тапсырмаларымды орындауым қажет, келесі айдың аяғында Қытайға іс-тәжірбиеден өтуге барамыз, соған дайындаламын.
Бір орындықта отырсақ та, екеуміз екі жақта жүргендей біраз уақыт үнсіз отырдық. Әңгіме ауанын атамекеннің қасиеті мен қастері туралы ой толғасам, Нәзигүлге жеңілірек болар деген ниетпен әңгіме бастадым.
–Қазақ жері- кең байтақ Отанымыз. Атақоныс мекеніміз-жер бетіндегі қазақ халқының мақтанышы. Әрдайым ұлан-ғайыр дархан даламыздың жолында әрбір қазақ баласы жанын беруге дайын болғаны абзал.
Осы ойды айтқан сәтімде ол ауыр күрсіне орнынан тұрып, алдымда ерсілі-қарсылы жүрумен өз ойын айтты.
–Қасиеттің құнын бағаламай, қадірін аяқ асты ететін сәттерді көріп, мына өмірден түңілген шақтарыма кездестім. Өмірдегі қымбат құндылықтар- халықтың деңгейі мен сапасын көрсетері хақ. Айтайын дегенім, адам баласы пенделікке салынып, сатылмайтын асыл құндылықтарын өткінші ләззатқа айырбастайтын кезін көзім көрді. Менің аңсарым ауып, атажұртыма келген кезде байқағаным, атамекенде ана тілін білмей-ақ, өзің қалағандай жақсы өмір сүруге жағдайдың молынан екеніне көзім жетті. Неткен масқара тірлік! Олардың өз жерінде отырып, ана тілін құрметтемейтіні қандай сорақылық. Ата-бабасының кіндік қаны тамған жерде отырған олар онда неге бізді «оралман» деп айтады? Біз жердің қай шетінде, тіпті айда күн кешсек те, қазақ ұлтының өкілі ретінде есепке алынамыз. Ал өз атамекенімізге келген кезімізде «оралман» атын жамыламыз.
Нәзигүлдің осы бір әңгімені нықтап айтқаны әліге дейін көз алдымда.
Атамекенінің түрлі жағдайына бей-жай қарамайтын қазақ қызына ішім одан сайын жыли түсті. Екеуміздің осы бір соңғы, әрі мағыналы кездесуімізден кейін Нәзигүлге сөз салуды ұйғардым. Ол кезде бұл біздің соңғы кездесуіміз екенін білмедім, қайта Нәзигүлге ынтызарлығым күннен-күнге артып, оның маған ерерін күткенмін. Мұндағы бар ойым, шеттен келген қазақтарға иненің көзіндей қолымнан келген көмекті беру еді. Осылай атажұртына қайта оралған бауырларымызбен біріміз құда, енді біріміз жекжаттай араласып жатсақ, «мынау – оралман», «бұл – қандас» деп екіге бөлініп даурықпас едік. Санамды билеген тұманды ойлардың жетегінде отырып, үйге де жетіп қалдым. Күннің көзі қайтып, кешкіліктің жайдары самал ескенімен, ол маған жағымды әсер бере алмады. Жолдың келесі бетіне өтіп, сол маңдағы тоғыз қабатты үйлердің бірінен бес жігіт бірлесіп жалдап тұрып жатқан пәтерге жетуге асықтым. Үйлердің ауласынан өте бере қазақ жігітінің орыс қызын құшағына алып, ернінен құшырлана сүйіп тұрғанын көріп, Нәзигүлді қатты аядым. «Менде осылай Нәзигүлді құшағыма алып, келе-келе арманымыз бір болса»–деп, ортақ бақытқа жетуді қалаған едім. Бірақ мен емес, мендік қылып бөтен біреу оның әйелдік тағдырының тұсауын кесетіні туралы ойлар еңсемді езді. Дәлізге кіріп, жеделсатының алдында ілулі тұрған «Лифт на ремонте» деген сөзді көріп, терең күрсіне, амалсыз баспалдақпен сегізінші қабатқа көтерілуге тұра келді. Екінші қабаттан аса аяқтарымның әлі кетіп, маңдайымнан аққан ащы терді сүртумен жоғары қозғалып келемін. Күндіз естіген жағымсыз хабарыма үйлестіре, біреу әдейі дайындағандай жеделсатының да бұзылып тұрғаны жанымның қайратын алып, жігерімді жасытқандай... Жыларман күйде жетінші қабаттан әрең дегенде өтіп, терезеден сыртқа өз-өзімді тастап жіберердей рухани әлсіз күйде тұрмын. Кенет тағы да сол ұялы телефоныма біреу хабарласып жатыр. Қалтамда тұрған телефонымды көтермей, бірінші қоңырауын өткіздім. Дәліздегі терезеден әлі қарап тұрмын. Баяғы әуеніне басып ұялы телефоным қайта шырылдай бастады. Көтермеске амал жоқ. Әуелі кім екенін біліп алайын деп телефоныма қарасам әлгінде хабарласқан досым. Көңілсіз асықпай көтере бергенім сол еді телефоным қолымнан шығып, терезеден төменге түсіп кетті. Жетпегені осы еді! Не күлерімді, не жыларымды білмей, жел соққан теректей теңселіп тұрмын. Бәлкім, басымнан өткен бүгінгі оқиғалардың жалғасы осылай тізбектелгені дұрыс та шығар...