Журналистің этикалық кодексі қабылданды
Журналистердің ортақ мойынсұнатын этикалық кодексінің керектігі жөніндегі мәселе жазарман қауымның арасында біршама сөз болып, кейіннен бұл іспен шындап айналысқан Қазақстан Журналистер одағы мен «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі арнайы жобаны жұртшылықтың талқысына тастаған болатын. Кодекс жобасы ала жаздай әртүрлі деңгейде қаралған-тын. Пісіп жетілген құжат кеше Астанада еліміздің бірқатар жетекші БАҚ басшылары, республикалық басылымның бас редакторлары қатысқан алқалы жиында ақырғы талқыдан өтіп, соңғы нұсқасы арнайы хаттамаға қол қою арқылы қабылданды.
Әуелгі сөз журналист этикасы кодексінің керектігі хақында: Президент Нұрсұлтан Әбішұлы этикалық кодекс жобасын, сондай-ақ отандық БАҚ-ты жаңашаландыру жоспарын әзірлеу туралы тапсырма жүктегенде, ең алдымен, тұтынушыны бұрмаланған және жалған ақпараттардан сақтандыру мәселесін қаперге салған еді. Расында, бұрмаланған һәм жалған ақпараттан қоғамның арасында әлеуметтік алауыздық туындайтынын да көзіміз көрді.
Оны айтасыз, ақпарат ғасырында сөз бостандығын бүрке ұстанғандардың абайламауға, әдейі арандатуға барып отырғанын да бақылап, байқап та жүрміз. Басқасын ысырып қойыңыз, күні кеше өркениетті, сөз бостандығының қадірін қатты біледі деп жүрген АҚШ пен Еуропа қандай даудың төркініне айналды. Сөз бостандығын желеу еткендер күллі мұсылманның намысын қорлайтын фильм түсірді. Ол аздай, дәл сол дау өршіген тұста еуропалық белді баспасөз отқа май құйып, пайғамбардың карикатурасын баспа бетіне жариялап, одан сайын жағдайды ушықтырды. Кейіннен ресми биліктен бастап, саяси, рухани көшбасшылардың баршасы сөз бостандығын желеу етіп шектен шыққандардың ісін айыптады. «Бұл сөз бостандығы емес» деді олар бірауыздан. Ал арандатушылардың әлгі ісі онсыз да берекесі кетіп отырған бірқатар араб әлеміндегі бүліншілікті онан сайын өршітіп, тұтастай мемлекетке деген жеккөрінушілікті қаузатқан еді. Осының өзі-ақ журналистердің ісіндегі арандатушылық ақауды білдіріп, теріспиғылдылықты танытса керек.
Әлбетте, шекараны елемейтін ақпарат ғасырында елдің ішінен де, сыртынан да қатер аз емес. Сол үшін Наполеонның газетке қатысты кезінде айтып кеткені әлі де өзекті. Түйіндей келсек, ақпараттық қауіпсіздікке бекем болғанымыз ләзім. Ендеше Қазақстанға да, еліміздің төртінші билігі саналатын саладағы жұртшылыққа да мемлекеттік мүддеде әрекет етуде үлкен жауапкершілік жүктеледі. Осындай дүниелердің өзі журналистің этикалық кодексін қабылдауды күн тәртібіне шығарып отыр десек, қателеспеспіз.
Ал әлемдік тәжірибеге келсек, көптеген өркениетті жұртта дәл осындай журналистер қауымы ұстанатын кодекстер, хартиялар, ортақ ережелер баршылық. Оның сыртында көптеген кәсіп иелері де өз ісіне адалдығына ант беру, ұранды ұстану арқылы да білдіреді. Ендеше, көп жүкті көтерген журналистканың да ар-ожданды жинақтауының еш өрескелі жоқ. Ал бастысы – мұндай этикалық құжаттың қабылданғаны оны сақтауға кез келген журналисті мәжбүрлейді дегенді еш білдірмейді. Яғни журналистің этикалық кодексі қабылданды екен деп, оны ұстануға ешкім міндетті бола алмайды. Тек қызмет барысында арға салып, қаперге алып жүргені құпталады. Бір сөзбен айтқанда, бәрі жазарманның арына салынатын салмақпен өлшенеді. Сондықтан да, этикалық құжатты журналистің ары деп түсіндірсек те болады. Екінші жағынан ізгілік сипатындағы бұл кодекс – ешқандай да заң күші жоқ, тікелей әсер етпейтін құжат. Көптеген елдерде қолданылып жүрген адамгершілік пен ар ережелерін белгілейтін құжат.
Осылайша, ала жаздай талқыланып, алға тартылған кодекс жобасы соңғы нұсқада ұсынылғанда оны қабылдаудың өзі 1,5 сағатқа созылды.
Қанат ҚАЗЫ
Әріптестер пікірі
Сейітқазы МАТАЕВ, Қазақстан журналистері одағының төрағасы:
– Мен Журналистің этикалық кодексін моральдық-этикалық бағыт деп санаймын. Ол, шын мәнінде, тікелей әсер етуден ада, гуманитарлық сипаттағы құжат болып табылады. Жасыратыны жоқ, қай кезде болмасын, журналистер биліктің оппоненті болып, оған қарсы жұмыс істеді. Ал мына өзіміз қабылдағалы отырған кодекс ендігі күні біздің өзімізге қарсы жұмыс істейтін болады деп ойлаймын. Тоқтала кететін жайт, бүгінгі басқосуда отырғандардың бәрі ардагер журналистерміз, бұрыннан осы саладамыз. Кәсіби саламызға қатысты көп нәрсені жүректен өткізіп, санамен тоқығанбыз. Осы тұрғыдан алғанда, Кодекс жас журналистерге, осы кәсіпке енді араласа бастаған өрендерге моральдық-этикалық бағыт болса игі.
Александр ТАРАКОВ, «Казахстанская правда» газеті басқарма төрағасының орынбасары:
– Журналистік этика тек қана ережелер жиынтығынан, кодекстер мен хартиялардан тұрмайды, дәл осы саланы зерттейтін ғылым да бар. ХХ ғасырдың ортасында журналистік этика дүниесі ғылым ретінде белгілі бола бастады, яғни мұндай проблема мен оның өзектілігі ғылыми тұрғыдан дәлелденді. Оның үстіне, көптеген Батыс елдерінде мұндай кодекстер баяғыда-ақ қабылданған. Ал бізде осыдан он жыл бұрын Қазақстан журналистер конгресі этикалық кодекс жобасын ұсынғанымен, одан әлі күнге нәтиже күтіп жүрдік. Сондықтан да, журналистер қауымына өздері қатысып, өздері үшін қалыптастырған ортақ ережені басшылыққа алудың маңыздылығы зор. Сонымен қатар, көптеген кәсіп салаларында, әскерилерде, медқызметкерлерде, мемлекеттік қызметкерлерде ортақ мойындалып қабылданған анттар, ұрандар, кодекстер баршылық. Бұл бізге де керек-ақ.
Бигелді ҒАБДУЛЛИН, белгілі журналист:
– Бұл құжатқа қалыпты нәрсе ретінде қараған ләзім. Ешқандай насихаттың да, үндеулердің де қажеті шамалы. Неге? Өйткені біз қазіргі күні кейбір әріптестеріміздің сөз бостандығын мүлдем дұрыс түсіне алмайтын аса жауапты кезеңде өмір сүріп отырмыз. Тіпті мұның кейде адамгершіліктен аттатқызатынын да байқап қалып жатамыз. Сондықтан этикалық құжат керек. Ресейдің Уфасында дәл осындай хартия қабылданды. Ал сол Журналистік этика хартиясына қосылған сайттар мен мерзімді баспасөздің барлығы өз сайтының бірінші беттеріне, газеттер мұқабасына «ШЖ» логотипін, яғни «Шыншыл журналист» логотипін орналастырып, оны қолдағандар Этика хартиясының ережелерін басшылыққа алып отыратын болған.
Серік ЖАНБОЛАТ, «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы:
– Мен бұл жобаны1954 жылы қабылданған Журналистердің іс-қимылы қағидаларының халықаралық декларациясымен салыстырдым. Сосын Журналистердің кәсіби ұстанымының халықаралық қағидалары атты 1983 жылы Парижде қабылданған құжатпен салыстырдым. 1994 жылы Ресей журналистерінің қабылдаған Этикалық кодексімен де салыстырдым. Бақсақ, бүгін талқыға түскен Этикалық кодекс жобасының сол құжаттардан еш айырмашылығы да, еш қайшылығы да жоқ екен. Тіпті болмаған соң, 1948 жылы қабылданған Адам құқының жалпыхалықтық декларациясымен де салыстырдым. Одан да қайшылық тапқаным жоқ. Әрине, әрқайсысында әртүрлі ұстанымдар баршылық, дегенмен баршаға ортақ сегіз қағидаттан тұрады. Ал кодекс не үшін қажет дегенге келсек, әрине, біз журналиске сырттан ештеңе таңа алмаймыз. Солай бола тұра, әрбір журналистің өз ішінде ұстанымы, принциптері болуы керек. Сол принциптерді сүзгіден өткізу үшін осындай кодекс қажет деп санаймын. Мәселен, күні кеше ғана Зулфия Чиншанло мәселесі дүркіреді. Ол Қытайда қалып қойды ма, жоқ әлде, елге оралады ма, ол жағы белгісіз болғанына қарамастан, біздің журналистер Қытайға кетті екен деп, «қасқырды қанша асырасаң да, орманға қарап ұлиды» деп жазуға бардық. Осы қаншалықты этикалық нормаға сай? Кодекс осындай кезде өз-өзімізді тәрбиеге салу үшін қажет. Екінші жағынан, біз журналистердің мәртебесі мәселесін айтып, соған ұмтыламыз. Журналистерді мемлекеттік қызметкер деңгейіне жеткізсек дейміз, олай болса, бұл кодекстің болғаны бізге артық емес. Кодекс журналистердің статусын биіктете түседі деп ойлаймын.
Қазақстан Республикасы журналисінің этикалық кодексі
СӨЗ БАСЫ
– Бұқаралық ақпарат құралдарының жұртшылықты объективті ақпаратпен қамтамасыз етудегі маңызды рөлі мен миссиясын сезіне отырып,
– жалпыадамзаттық құндылықтар мен моральдық-этикалық үлгі-қалыптарға жақындықты тұтастай бөлісе отырып,
– сөз бостандығы мен ой-пікір білдіру журналистің ажырамас құқығы, еркін бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің міндетті шарты екенін мойындай отырып,
– Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясын, БҰҰ-ның Баспасөз бостандығының бүкіләлемдік хартиясын, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен қолданыстағы заңнамаларын басшылыққа ала отырып,
Қазақстан журналистері Қазақстанның журналистері мен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің моральдық-этикалық қағидаттары мен кәсіби қызметінің нормаларын қалыптастыратын Қазақстан Республикасы журналисінің этикалық кодексін (бұдан әрі қарай – Кодекс) қабылдады.
Кодекс өзіндік тәртіп пен моральдық-этикалық бағдардың құралы болып табылады, жұртшылық тарапынан журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарына сенім мен құрмет көрсетуге қол жеткізуге ықпал етеді.
1. КӘСІБИ ПАРЫЗ
1.1. Журналист өзінің қызметінде кәсібі, сөз бен ақпарат бостандығы, ішкі саяси тұрақтылықты, конфессияаралық, этносаралық келісімді сақтау, ұлттық ақпараттық қауіпсіздік пен қоғамдық адамгершілік ахуал мүддесі үшін қызмет жасайды.
1.2. Журналист қолы қойылған, бүркеншік немесе анонимді атымен, бірақ рұқсаты және келісімі бойынша таратылған кез келген хабарламаның сенімділігі үшін өзінің атымен және беделімен жауап береді.
2. ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІК
2.1. Журналист қоғамның моральдық және этикалық қағидаттарының нығаюына ықпал етеді.
2.2. Журналист өзіне жүктелген қоғамдық жауапкершілікті сезінеді және оның қызметі қоғамдық мүддеге залал келтірмеуін үнемі қадағалайды.
2.3. Журналист қоғамдық тәртіптің тұрақсыздығын, әлеуметтік араздықты қоздыруды болдырмас үшін дәлелденбеген ақпараттан, асығыс және тексерілмеген ақпаратты жариялау мен таратудан бас тартады немесе аталған ақпараттың тексерілмеген сипатын көрсетеді.
3. АДАЛДЫҚ ЖӘНЕ ҚАСАҚАНА ІСТЕМЕУШІЛІК
3.1. Журналист адалдық пен қасақанашылдық емес қағидаттарын ұстанады, кез келген сырттан жасалатын қысымды жоққа шығарады.
3.2. Журналист кәсіби міндеттерін орындау барысында ақпарат алудың заңды тәсілдерін қолданады, ақпарат көзіне қысым көрсетпейді.
4. СЕНІМДІЛІК ЖӘНЕ ОБЪЕКТИВТІЛІК
4.1. Журналист объективтілік, қасақана емес қадам жасау қағидаттарын ұстанады.
4.2. Журналист белгілі бір мәселелер бойынша пікірлердің толық ауқымын қаперге алады және өзі сенімділігіне көз жеткізген ақпаратты ғана жариялайды.
4.3. Сенімділік, толықтық және объективтілік мақсатында журналист ақпараттарды түрлі көздерден алу үшін барынша күш-жігер жұмсайды.
4.4. Журналист өзінің қызметінде деректерді, пікірлерді, бағамдарды, болжамдарды, нұсқаларды және жорамалдарды жеке көзқарасы тұрғысынан нақты айыра біледі.
5. ДЕРЕККӨЗДЕР ЖӘНЕ ҚҰПИЯЛЫлыҚ
5.1. Егер дереккөздің кінәсінен шындықты саналы түрде бұрмалаушылық орын алған немесе оны көрсету дүрбелеңнің, саяси немесе әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың, болмаса жалпыұлттық ауқымдағы материалдық зиянның алдын алудың жалғыз тәсілі болып табылған жағдайларда журналист дереккөзінің ақпаратын ашу немесе құпиялығын сақтау туралы шешімді өз бетінше қабылдайды.
5.2. Журналист құпия ақпаратты өзінің кәсіби қызметінде жеке мүддесі немесе басқа адамдардың мүддесі үшін пайдаланбайды.
6. ЖЕКЕ ӨМІРДІ, АР-НАМЫСТЫ ЖӘНЕ ІСКЕРЛІК ҚАСИЕТТЕРДІ ҚҰРМЕТТЕУ
6.1. Журналист жеке өмірді, адамдық ар-намыс пен іскерлік қасиетті құрметтеу қағидатын басшылыққа алады.
6.2. Журналист азамат пен заңды тұлғаның заңнамалық тұрғыда қарастырылған жағдайлардан басқа кездерде қандай да бір ақпаратты ұсынудан бас тарту құқығын мойындайды.
6.3. Журналист айрықша кінәсіздік қағидатын ұстанады.
7. БӘСЕКЕЛЕСТІК ЖӘНЕ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
7.1. Журналист зияткерлік меншікті, оның ішінде өз әріптестерінің кәсіби қызметінен туындайтын зияткерлік меншік құқығын құрметтейді.
7.2. Журналист әріптестерінің құқығын құрметтейді және адал бәсекелестік заңнамаларын ұстанады.
7.3. Журналистер кәсіби парызын орындау кезінде зардап шеккен өзінің әріптестеріне жәрдем көрсетеді.
8. ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК
8.1. Журналист зорлық-зомбылық немесе зорлық-зомбылық қатері, тіл тигізу, материалдық немесе моральдық зардап жағдайында Қазақстан заңнамасында қарастырылған тәртіп бойынша сот және басқа да барлық қорғану кепілдіктерін пайдаланады.
8.2. Журналист Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларын мойындайды және оны бұзғаны үшін жауапкершілікті сезінеді. Дегенмен кодекс журналисті заңды және жеке тұлғалар тарапынан сот тәртібімен қудалауға негіз болмайды.
8.3. Журналистің кодекс ережелерін бұзуы моральдық жазғыруға әкеледі.
ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
Аталған кодекс журналистердің – Қазақстан азаматтарына және қатысы бар.
Журналистің кодекске қарым-қатынасы ар-ұятына байланысты. Кодексті ұстануға немесе бұзуға мәжбүрлеуге жол берілмейді.
Қазақстан Журналистер одағы және Бас редакторлар клубы басқармаларының бірлескен отырысында қабылданды.
2012 жылғы 30 қазандағы №1 хаттама. Қазақстан Республикасы, Астана қаласы