Биліктің төртінші бұтағы саналатын Журналистің этикалық кодексін қабылдау туралы мәселе бұған дейін де қоғамда бірталай сөз болғаны бар. Бірде дүркіреп, бірде ұзын сонар пікірталаспен басылып жататын осынау кәсіби құжат туралы әңгіме Елбасының өткендегі «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты БАҚ-та жарияланған айтулы мақаласынан кейін қайта күш алған. Кеше Астанада Қазақстан Журналистер одағы мен «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі тарапынан әзірленген әлгіндей Журналистің этикалық кодекс жобасы талқыға ұсынылды.
Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Мәдениет және ақпарат министрлігіне Журналистік этика кодексінің жобасын, сондай-ақ отандық БАҚ-ты жаңашаландыру жоспарын әзірлеу туралы тапсырма жүктегенде, ең алдымен, тұтынушыны бұрмаланған және жалған ақпараттардан сақтандыру мәселесін қаперге салған еді. Расында, бұл – ақпарат ғасырындағы аса өзекті һәм жауапкершілігі ғаламат мәселе. Оның үстіне, журналист атаулы халықтың ортақтаса мойынсынатын кодекс ұстануы туралы мәселе еліміздің Тәуелсіздігінен бері көтеріліп келеді десек, артық айтқандық емес шығар. Өйткені дәл сол ұлттық Тәуелсіздікпен бірге ұлт баспасөзінің де бостандығы анық айқындалған болатын. Кейіннен заман ағымына сай Журналистік этика кодексі туралы мәселе көтеріліп, онда қоғамдағы баспасөз өкілінің орны ғана емес, оның құқының қорғалуы да айшықталуы тиістігі туралы әңгімелер көтерілді. Сөйтіп, әлсін-әлсін айтылып келген кодекс мәселесіне соңғы нүкте Елбасының пәрменді тапсырмасынан кейін қойылатыны анық болған сыңай бар. Ендеше, журналистер қауымы жаппай мойынсынарлық этика кодексі қандай болғаны ләзім? Міне, ендігі басты мәселе де осында. Ал әріптестер талқысына ұсынылған Қазақстан Журналистер одағы мен Бас редакторлар клубы бірлесе әзірлеген кодекс жобасына келер болсақ, құжат негізгі сегіз бөлімнен тұрады. Кодекстің мақсаты – журналистердің және бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби қызметіндегі моральдық-этикалық қағидалары мен нормаларын белгілеу.
«Кодекс қоғам тарапынан журналистер мен баспагерлерге, БАҚ иелеріне және БАҚ-тың өзіне деген сенім мен құрметке ие болуына мүмкіндік туғызатын журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби қызметіндегі ішкі тәрбие құралы және моральдық-этикалық бағдары болып табылады», – делінген жобаның кіріспесінде.
Жобаның бірінші бөлімі журналистің кәсіби парызына арналса, одан кейінгі кезекте жазарманның әлеуметтік жауапкершілігі, журналистік адалдық пен әділдік, анықтық пен объективтілік секілді қағидаттар қамтылыпты. Дереккөздер мен құпиялылық мәселелері де тұтастай бір бөлімге арқау болса, жеке өмірді, ар-ұжданын және іскерлік репутациясын құрметтеу, бәсекелестік пен ынтымақтастық, сондай-ақ журналистерді қорғау мен олардың жауапкершілігі де жеке-жеке бөлім болып ықшамдалған. Әзірлеуші тарап кодекс жобасын пысықтағанда журналистиканың кәсіби этикасына қатысты халықаралық қағидаттарды, ЕҚЫҰ сарапшыларының ұсынымдарын пайдаланғанын алға тартады. «Литвада, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Украина мен Ресейде, Қырғыз елінде осыған ұқсас қолданылатын құжаттық тетіктер бар екен, солардың мазмұндары сараланды. Сондықтан да мұндай кодекс жобасын қабылдаудың қажеттігі қазақстандық қоғамның тілдік саясат, дін, ұлттық дүниелер секілді мәселеге сұранысы төтенше артып отырған заманда аса өзекті. Оның үстіне, бүгінгі таңда қазақстандық журналистиканың деңгейі ешқандай да билікті араластырмай-ақ өзін-өзі реттей алатын деңгейіне дейін көтерілді деп санауға болады», – дейді Қазақстан Журналистер одағы Астана қалалық филиалының директоры Мағжан Садыхан.
Сөйтіп, одақ пен қоғамдық бірлестік бірлесе әзірлеген журналист этикасының жобасы алғаш талқыға түсті. Талқыға түсісімен сынға да ілікпей қалмады. Мәселен, Central Asia Monitor газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллин құжаттың шикі тұстарын ұзын сонар жіпке тізіп, «төртінші билік» толғана күтіп отырған құжатты қабылдауға еш асықпауға шақырды. «Шынымды айтайын, жоба кеше ғана қолыма тиді. Көзді бір жүгіртіп шыққанның өзінде құжаттың шіп-шикі екенін бірден аңғардым. Бізге асығыстықтың қажеті шамалы. Ешкім қуып келе жатқан жоқ. Бүгін талқылайық, ертең тағы. Сосын біршама күзелген соң барып кодекс жобасын баспасөзде жариялап, асықпастан қайта оралып, тағы пысықтап барып қабылдағанымыз орынды», – дейді Бигелді Ғабдуллин. Осы тұста журналистер әдебіне қатысты ешқандай «жаңалық ашудың» да жосықсыз екенін еске салды Бигелді Қайырдосұлы. «Журналистика этикасында «велосипед» ойлап шығарудың қажеті шамалы. Журналистика ертеден келе жатыр әрі біздің журналистік өміріміздің ережелерін айқындайтын баршаға мағлұм он шақты қағидат бар. Мінеки, этикалық кодекс дәл осы он шақты қағидатқа негізделуі шарт», – дейді Бигелді Ғабдуллин. Ал Ғабдуллиннің «асықпау керек» деген пікіріне құжатты әзірлеуші тарап саналатын Бас редакторлар клубының президенті Кенжеболат Жолдыбай қарсы. Ол журналистік этика мәселесінің онсыз да уақыты озып бара жатқанын айтады. «2002 жылы Қазақстан журналистерінің тұңғыш конгресінде бұл мәселе көтерілген-ді. Содан бері құр сөзбұйдамен келеміз. Маңыздылығына қарамастан әлі күнге кейінге сырғып тұр. Бұлай жарамайды. Бүгін бап-бабымен талқылап, ұсыныстар болса, кеңінен пікір алмасып, оның ішінде биліктің де пікірімен санасуға тиіспіз. Сол үшін қазір ең құрығанда кодекстің қаңқасын салып кетсек, ертеңгі күні оны толықтырып, пысықтап шығармыз, тек «асықпау керек» дегенге салуға болмайды. Иі қанғанша жеткілікті айтылған мәселе», – дейді Кенжеболат Жолдыбай.
Сөйтіп, Журналистер одағы мен қоғамдық бірлестік әзірлеген кодекстің жобасы ортаға тасталған сәттен бастап «шикілік» тұрғысынан сынға ілікті. Әйткенмен қатысушылардың баршасы журналистерге арналған этикалық кодекстің қажеттілігін сөзсіз мойындайды. Тек бұл қандай болуы керек? Оны ертеңгі күндерге жалғасатын талқылаулар анықтайтын болады. Ең басты белгілі жайт – қазақ журналистикасына керегі – қағазда қалатын кодекс емес, оның кәсіби қызметін қанаттандыратын қарекетті, қауқарлы этикалық кодекс. Кодекс жобасы қазақстандық журналистиканың одан әрі серпінді дамуына стимул бола алса құба-құп. Журналистік этика кодексінің жобасын талқылау әлі де жалғасады. Кешегісі – жұмысшы нұсқа ғана.
Бигелді ҒАБДУЛЛИН, Central Asia Monitor газетінің бас редакторы:
– Журналистің этикалық кодексінің жобасы – ең алдымен біздің өзіміз үшін аса қажетті маңызды құжат. Этикалық кодекс – жоғарыдан нұсқаумен жасалмайтын біздің өзіміздің ішкі құжатымыз. Мұндай журналистің этикалық қағидаттары көптеген Еуропа елдерінде бар. Ресейдің өзі екі мәрте қабылдады. Ал Қазақстанға келсек, Президенттің өзі мұны бұдан 15 жыл бұрын айтты. Төрт жыл бұрын қарағандылық журналистер, сосын батысқазақстандық журналистер осы мәселеге мұрындық болып көрді. Кәсіби этика – бұл заңдық құжат емес. Бұл – біздің кәсіби өмірімізді айқындайтын құжат. Ал олай болса, біз осы құжатқа барынша салмақты қарауымыз керек.
Марат БАШИМОВ, заң ғылымының докторы, «Человек и закон» газетінің бас редакторы:
– Этикалық кодексте, негізінен, құқықтық нормалар болмауы, тек моральдық-этикалық нормалар болып, олар сол журналистердің өздерінің құқын қорғауға жұмыс жасағаны жақсы. Оның үстіне, бүгінгідей ақпарат ғасырында әртүрлі дереккөзден келетін ақпараттан нақтылықты ажырата алмай дал болғанда, әрине, журналистің әлеуметтік жауапкершілігі де арта түседі. Ендеше, этикалық кодекс осындай жайттарды өз ішінде реттеуге қауқарлы болар.
Болат ҚАЛЬЯНБЕКОВ, Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы:
– Қазірдің өзінде қызу пікірталас тудырып отырған құжаттың қажеттілігінде дау жоқ. Біздің министрлік – бұл құжатты әзірлеуші емес. Дегенмен, біздің ойымызша, журналистің этикалық кодексі – өздерінің ішкі мәселелерін реттейтін салалық кәсіби құжат. Мысалға, дәрігерлерде болатын Гиппократ анты бар емес пе?! Бұл да – құқықтық-заңдық құжат емес. Дәл осындай кодекстің журналистерде болғанынан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Ең бастысы – журналистер өздері қабылдайтын мұндай кодекс БАҚ-тың өзін-өзі реттеу механизмін де жүзеге асырса екен. Оның үстіне, мұндай тәжірибе әлемнің озық елдерінде жүзеге асып жатыр. Мысалы, кейбір дамыған Еуропа елдерінде журналистік этика кодексін білмейтіндерді жұмысқа алмайды. Қайсыбірінде жұмысқа алар тұста әлгіндей кодекстен тестілік сынақ та тапсырып жатады.
Журналистің этикалық кодекс жобасы әзірленді
Последние статьи автора