Жиын өтті, жадымда жаңғырығы қалды

Жиын өтті, жадымда жаңғырығы қалды

Былтыр жылдың соңында өткен мемлекеттік, әлемдік деңгейдегі ең бетке ұстар жиын – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мы­ның саммитінен кейін оған қатысушы елдердің мемлекеттік лауазымды тұлғалары, түрлі мемлекеттік ұйымдар өзінше талдау жасап, өзінше ой түйді. Тобықтай түйін жаса­ған тағы бір құрылым болды, ол – үкіметтік емес ұйымдар яки қоғамдық бір­лестіктер. Азаматтық құқықтық қоғам келбетін түзуде үлкен рөл атқаратын осы санаттағы ұйымның өкілін – «Халықаралық құқық қорғау орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Жанділда Әжіғалиұлы Жақыповты әңгімеге тартқан едік.

– Жанділда Әжіғалиұлы, сіз осы дүбірлі мәжіліске тағы бір беделді жиын­нан соң, атап айтқанда, «Аза­мат­тық қоғамның ЕҚЫҰ параллельдік кон­ференциясынан» кейін қаты­с­ты­ңыз. Саясаткерлер «параллельдік саммит» деп атап кеткен осы мәжіліс туралы айтып өтсеңіз.
– Параллельдік конференцияда кейбір мем­лекеттердің қоғамдық өміріндегі, құ­қық қорғау саласындағы жетіспеушіліктер мен кемшіліктер туралы біраз айтылды. Дегенмен сол жиын барысында басқа елде орын алып жатқан құқық бұзушылықтарды естігенде, төбе шашым тік тұрып, өзімнің мемлекетім үшін ризашылық, тәубешілдік сезім бойымды толқытты. Дәл осы өз еліміздің, өз үйіміздің берекесі үшін қана­ғат­танарлық сезім 2009 жылы Польша жерінде болған ЕҚЫҰ-ның адам құқығы саласындағы шолу конференциясында ал­ғаш рет бойымды тебіренткен еді. Армения, Шешенстан, Грузия секілді бізге жақын елдердің өзінде адам құқығының аяқасты болып жатқандығын осы ЕҚЫҰ мінберінен естігенімде, ішімнен «біз айналайын екенбіз ғой» деген ой келді де отырды. «Сы­зық­тың түзу екендігін сол сызықтың қасын­да қисық сызық болғанда ғана білесің» деп айтқан екен бір данышпан философ. Жалпы, шетелдерге шыққан өзге де сапарларымда бастан кешкен кейбір эпизодтарым біздің өмірімізді осы салыстыру ар­қылы көп биіктетіп жүрді.
– «Астана саммиті Стамбулдан кейін 11 жылға үзіліп қалған жоғары дең­гейдегі кездесулер өткізу дәстүрін қалпына келтіреді. Ал мұның өзі – ұйымды дәуірлету белгісі. Біз бүгін Еуроатлантикалық және Еуразиялық біртұтас және ажырағысыз қауіпсіздік қауымдастығын қалыптастыруды бастап береміз»,  – деді ғой Елбасы. Сіздің бұған қосарыңыз?
– Хиллари Клинтон ханымның өзі біз­дің жетістіктерімізді мақтаныш етуге ша­қы­рып, жетіспеушілігімізді сынға алу керектігін дипломат ретінде айтты деп санаймын. Себебі параллельдік конференцияның өзінде Қазақстандағы билікті сынау көп болды. Алайда сол отырыс барысында өзі­міз­ге көрші өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжік елдері мен Ресей және Қиыр Кавказда көптеген адам өлтіру мен мыңдаған заңсыз бас бостандағынан айыру, еркін сөз бен әділ соттың мүлдем жоқтығын т.б. адам құқығы жағынан орын алған оқыс мысалдарды көп естідік. Оның қасында біздің елімізде «бәрі жаман» деп айтушыларға көңілім толмады.
«Біз кедейшілік өзіміздің жас демократиямызды кемсітпеуі үшін алдымен экономиканы дамыттық, – деді Президентіміз. – Өйткені Қазақстандағы тұрақтылық – бұл, ең алдымен, сенімді экономикалық өсу». Барлық 140 этностың және 46 кон­фес­сияның төзімділігі, татулығы мен келі­сімі республикамыздың қоғамдық өмірінің бе­рік іргетасы болып отырғанын да Елбасымыз қадап айтты.
Осыдан екі ай бұрын мен «Рухани мә­дениеттің әлемдік форумына» қатысып, өзімнің Қазақстан азаматы екеніме риза болып қайттым. Себебі де – сол. Еліміздегі тыныштық, тұрақтылық, сосын қаза­ғы­мыз­дың кеңпейіл қонақжайлылығы, мен айтар едім – қонақ күтудегі бірегей ерекшелігі. Мен осы жиынға келген Үндістан елі­нің өкілі мен АҚШ азаматтарына түскі үзіліс мезетінде ел ішінде жүрген бір әңгі­мені, құқықтық қиссаны айтып күлдіргенім бар. «Осыдан бірнеше ғасыр бұрын үлкен жол­да арып-ашып келе жатқан жолаушы ас­тындағы көлігі болдырып, күн бата кезік­кен бір ауылға түнеуге мәжбүр болса, әлбетте, кездейсоқ кез келген үйдің қазы­ғына атын байлайды. Киіз үйде құлып түгіл, көлденең адамға кедергі болар дәне­ңе де болмайды. Енді жол жүрген жолау­шы­ның, қонақтың құқығына бірден көшейін. Қонағымызды сол тоқтаған үйінің отбасы түгел жылы қабақпен төрге отыр­ғы­зып, алдына асылған ет пен жылы-жұм­сағын қояр, қалыңдап көрпе-төсегін салар, атына да жем-азық қояр. Тіпті үстіне ша­пан жауып, шаршаған көлігін де тың атқа айырбастап берген. Бірақ қандай да бір себеппен осы қонаққа немкетті қара­л­са, онда әлгі жолаушы ауылдың ақсақалдар кеңесіне уәж айтқан. Үлкендер бәтуаласып, салғырт қараған үйге жазасын жариялап, қонақты тиісті дәрежеде күтіп жіберген».
Тарих қойнауында жетілген бұл мінез – біздің саф қазақшылығымыз! Мен осыны ағылшынша шетелдік әріптестері­ме жеткізгенде, олар таңданыстарын жасы­ра ал­май, өте риза көңілмен мәз-мей­рам бол­ды. Оларға біздің табиғи дарқан­дығы­мыз бен жұмсақ мінезіміз шынымен таңсық дер едім.
– Сіз көптеген жыл бойы Ресей елінде, оның алдында Германия мемлекетінде қызмет еттіңіз. Соңғы 15 жыл­да туған жеріңізге қайта орал­дыңыз. Екі бірдей адам құқығы жөнін­дегі ұйымдарға жетекшілік етесіз. Көкейі­ңізге сауал боп орнайтын қандай келеңсіздіктерді байқайсыз?
– «Халықаралық құқық қорғау орта­лы­ғы» қоғамдық бірлестігі сонау 1997 жылы Қазақстан халқы Асcамблеясы мүше­ле­рінің қолдауымен халыққа тегін заң­гер­лік кеңес беру мақсатымен құрыл­ған. Женева қаласындағы БҰҰ-да тіркелген. Хегай Аркадий Юрьевич атты беделді азамат басшы болған, өзі ІІ дәрежелі мемлекеттік кеңесші, әділет генерал-майоры, «Құрмет» орденінің иегері. Сол азамат басшы болып тұрғанда, репрессиядағы 20 мыңға жуық азамат пен олардың үрім-бұтағы сот, прокуратура арқылы толығымен ақталып шықты.
Мен 2007 жылы мемлекет қызметінен ден­­саулыққа байланысты босап, осы ұйым­ға президент боп тағайындалдым. Бір­лестіктің негізгі миссиясы: азаматтардың заң­герлік сауаттылығын көтеру және құ­қық­тық жауапкершілігін арттыру, еліміздегі демократиялық процеске өз үлестерін қосуына жағдай жасау. Бүгінде біз 32 мың­нан астам адамға заңгерлік көмек көр­сеттік. 2009 жылы біздің бірлестік Мәде­ниет және ақпарат министрлігінің қол­дауы­­мен елі­міз­дің сегіз облысында халық­қа тегін заңгерлік кеңес беру орындарын ашты. Осы жұмыстың нәтижесінде біздің ұйым лауреат есебінде марапатталды. Әлеу­­меттік мәселелер төңі­ре­гінде көз жеткізгеніміз – еліміздегі аза­мат­тардың құқық­тық сауаттылығы өте төмен болып шық­ты.
Ал екінші бірлестік «Қылмыстық атқару реформасы» деп аталады. 2002 жылы Халық­аралық құқық қорғау орталығының қолдауымен құрылған. Міндетіміз – түр­меде отырған, сотталған азаматтардың құ­қығын қорғау, олардың проблемаларына бейжай қарамау, қоғамдық өмірге қай­та қосылуына көмектесу. Өз басым осы са­лада қазір ғылыми жұмыстар жүргізу­де­мін.
Тағы бір көңілімнің толмайтыны – тіл мәселесі. Осы 2010 жылы өз басым мемлекеттік тіл төңірегінде көп ойландым, осы жағдай туралы мәселелер де көтердім. Қара қазағымыз Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы туралы өз тілінде басылымдарды толығымен көре де, таныса да алмады. ЕҚЫҰ құрылғаннан бергі шығарылған декларация мен ұсы­ныс­тарды қазақ тіліне аудару мәселесі толы­ғымен шешілмеген. Нұрсұлтан Назар­баев­тың: «Тіліміздің мемлекеттік қызметте де, өндірісте де, ғылымда да, білім беруде де дәл орыс тілінше қолданылуы үшін қолдан келгеннің бәрін істеу керек», – деп түйіндеген сөздеріне қарамастан, тілге деген ілтипат кем.
– Елімізді төрткүл дүниеге таны­ту­дың әліппесі әлі де парақталуда. Ай­ты­ңызшы, қазақ елінің жер-жаһанға мәшһүр болуы қаншалықты маңыз­ды?
– Бұрын-соңды елімізді білетіндер тек қана Қазақстанның Қытай мен Ресей елде­рі­нің ортасында орналасқанын, география­сын білетін еді. Тағы бір білетіні – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық бомбадан бас тартуы, сосын бірнеше жыл бұ­рын біздің ЕҚЫҰ-да 2010 жылы төраға болатындығымыз туралы ақпарат.
Азиаданы өткізумен басталған жаңа жылда тағы бір маңызды төрағалық тосып тұр емес пе? Исламдық конференцияны басқару, сонымен қатар Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекесі 2011 жылы Қа­зақ­стан­ды әлемге таныту қарқынын кү­шейт­пек.
Бұл болғалы отырған шаралар қазақ­стан­дықтардың ұлттық мақтанышын одан ары өрістетуге жаңа мүмкіншіліктер беріп отыр.
ЕҚЫҰ саммитінің алдында Қазақстан туралы сыртқы саясат алаңында «ашулы Бораттар» туралы ғана айтылып, әлем жұрт­шылығының еліміздің респектабельді саясаткерлері мен мемлекеттік қайрат­кер­лері туралы бағасы жоғарылау емес еді деп ойлауға негіз бар. Ал енді әлемдік қауым­дастық біздің Мемлекет басшысына өткізілген саммит үшін, Астана үшін, ты­ныш­­тық пен ынтымағымыз үшін жылы ле­біз­­дерін білдіруде. Өздеріңіз ойла­ңыз­дар­шы, қандай заманда да әлемнің бір бұ­ры­шын ұстап тұрған Рим папасының елшісін саммит мінберінен Абай Құнанбаев ата­мыз­дың Махаббат пен Адалдық туралы данышпан сөздерін айтқызуға көндіру мүмкін емес еді ғой! Жоғары жиындардың биік мінберлерінен небір саяси қатал сөздерді мен өз құлағыммен еститінмін. Ал біздің еліміздің атына, төрағалығымызға мысқалдай да теріс емеурін, мін айтылған жоқ. Осыған мың да бір тәубе!
– Әңгімеңізге көп рақмет! Азамат­та­рымыздың құқықтарының аяқасты болмауы жолындағы қажырлы еңбе­гіңіз жемісті болғай!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста