Жиделі-Байсын жеріндегі «шербешнай»
Кезінде ата-бабамыз Жиделі-Байсын атандырған Ауғанстан Ислам республикасында бүгін президент сайлауы өтпек. Сайлау деп шапқылаған ауғандар кеше өздерінің тәуелсіздігін тойлауды да ұмытып кетті. Кезінде елді басып алмаққа келген ағылшындардың көзіне көк шыбын үймелеткен ауғандар 1919 жылы тәуелсіздігін жариялағанымен, тек Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Захир шахтың тұсында 30 жыл ғана дамылдағандай болды. Блоктар арасындағы тайталас, бертінгі тәліптер әрекеті, қазіргі Карзайдың қам-қарекеті – қай-қайсысы болса да тек мазасыздықпен сипатталады.
Аламан сайлау
Бүгінгі сайлауда бақ сынап жатқандар саны – 31. Солардың ішінде іске татырлары – қазіргі Президент Хамед Карзай, бұрынғы сыртқы істер министрі Абдолла Абдолла және бұрынғы қаржы министрі Ашраф Ғани Ахмадзай ғана. Х.Карзай 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан кейін уақытша үкіметті басқарып, кейіннен президент болып сайланды. Оның бес жылдық мерзімі таусылғанымен, екінші мерзімге де сайлана алады. А.Абдолла мен Ғ.Ахмадзай да осал емес. Олар әуелде Карзай үкіметі құрамында болғанымен, кейін шеттетілген болатын. Олар таза оппозицияға қосылып кетпегенімен де, Карзай басқарған билікті сынаумен келеді. Бұл жағынан алғанда, президенттікке үміткерлердің барлығы дерлік, ең алдымен, қауіпсіздік мәселесіне басымдық беріп отыр. АҚШ-тың алқауымен билікке келген Карзай ендігіде ел қауіпсіздігі үшін тәліптермен ымыраға баруға да әзір. Ал А.Абдолла мен Ғ.Ахмадзай Карзайдың жемқорлықты жүгендей алмай отырғанын бетіне басады. Сондықтан Абдолла қауіпсіздікпен қатар жемқорлыққа тойтарыс беретіндігін айтса, Ахмадзай қауіпсіздікпен бірге ел экономикасын көтеру жайын жалаулатуда. Көпұлтты Ауғанстан билігінен үміткер Карзай мен Ахмадзай пуштун болса, Абдолла – тәжік. Осы үшеуінің ішінде жеңу мүмкіндігі бәрібір Карзайдың қолында қалып отыр. Өйткені ол өткен бес жыл ішінде осы сайлауға қажетті алғышарттарды әзірлеп үлгерген болатын. Ол алдымен жергілікті хандарды алмастырып ойнады. Оларды Кабулда жоғары қызметке шақырып, артынан қызметтен босатып, жергілікті аймақта жаңа тұлғалардың қалыптасуына және олардың бір-біріне қарсылығын туғызуға тырысты.
Карзай өзі пуштун болғандықтан, оңтүстік пен батыс аймақтар тұрғындары арасында кәдімгідей беделге ие. Оның сескенетіні орталық және солтүстік аймақтағы түркітектестер мен тәжіктер болатын. Сондықтан ол билікке келген бетте солтүстік аймақтар мәселесін реттеуге тырысты. Ол ең алдымен, Герат әкімі Исмаил ханды Кабулға алдырды. Қазір Исмаил хан – энергетика министрі. Оны жақын жерден бақылау арқылы Карзай елдегі Иран факторын әлсірете білді. Сонымен қатар солтүстік серкелерінің бірі генерал Әбдуррашид Достымды да қарулы күштердің орталық қолбасшылығы штабының басшысы етіп, артынан оның Түркияға кетуіне себепші болғанымен, Карзай оны қайтадан елге алдырып отыр. Өзбек генералы осы аптада ауылына оралды. Достым оралмас бұрын Карзай Түркияға сапарлап, онымен бірнеше сағатқа созылған мәміле жүргізген болатын. Ендігіде Исмаил хан да, Достым да Карзайдың кандидатурасын қолдап отыр. Сондықтан қос серкенің қолдаушылары көп боларын білетін Карзай енді солтүстіктен де керекті дауыс жинай алады деп топшылауға болады.
Жар астындағы жау
Карзайдың алаңдайтыны – тек тәліптер және Батыстың қитұрқы ойыны ғана. Тәліптермен мәміле мәселесін қаузап отырған ол кезінде Батыстың қолдауымен билікке келгенімен, енді өзінше әрекет ете бастағандай әсерде қалдырады. Айталық, АҚШ пен НАТО оның Достымды алдыруын жаратпай отыр. Бұл тиісінше Карзай тағы сайлана қалса, Пәкістан жақтағы Солтүстік Вазиристан факторының күшейе түсетіндігін көрсетеді. Шекаралас елдердің ешқайсысының бақылауына жатпайтын Вазиристанды қажет тұсында Батыс елдерінің өзі қолдап отыратыны белгілі. Ал Вазиристан тыншымай, Ауғанстан алаңсыз болмасы хақ.
Батысша байыптау
Ауғанстан – әлемдік алпауыттар мен аймақтық алпауыттар мүддесі түйіскен даулы нүкте. Карзай болсын, басқа кандидаттар болсын билікке келе қалса, АҚШ пен НАТО, Қытай, Ресей және Иран мүддесі қайшыласып, жын атып жатқан осы елде әлдеқандай бейбітшілік орнай қалады деп күту де қиын. Қайта қазіргі салыстырмалы тыныштықтың берекесі кетіп, біршама уақыт аласапыранға жол берілуі ғажап емес. Ауған билігінің кеше БАҚ өкілдерінен сайлау кезінде қауіпсіздікке қатер төне қалғандай болса, ол жайында ақпар таратпауын өтінуі ықтимал әрекеттің алдын алу ниетінен туындап отырса керек.
Ирактан әскер шығарып жатқан АҚШ соның бір бөлігін Ауғанстанға бағыттайтын түрі бар. Бұған қоса түбі ауғандық болғанымен, АҚШ-қа қызмет жасайтын, кезінде Американың Ауғанстандағы және Ирактағы елшісі болған, барлау ұйымдарына жақын тұлға Зелмай Халилзадтың да сайлаудан кейін Кабулда мемлекеттік төңкеріс жасау пиғылы әшкере болып отыр. Мұның өзі сайлау соңы қалай болады деп алаңдаған Батыстың қапы қалмауға тырысып жатқандығын көрсетеді. Батыс елдері қазір Ауғанстанда 95 мың әскер ұстап отырғанына қарамастан, өз мүддесі үшін сақтандыру шараларының қай-қайсысынан да бас тартып отырған жоқ. Кезінде Карзайды да десанттық топтармен ауған жеріне аттандырып, оны билікке жетектеп әкелген сол Батыстың өзі еді. Болмаса Усама Бен Ладеннің де кезіндегі Кеңес Одағына қарсы ойынға Батыстың қолдауы арқылы араласуы бұл елде былықтың бүгін-ертең таусылмасын көрсетсе керек.
Тоқетерін айтқанда
Ауғанстанда мемлекеттік жүйе енді ғана қалыптасып жатқандықтан ба, қоғамның саяси белсенділігі жоғары көрінеді. Алайда сауатсыздық салдарынан «шербешнай» кезінде өздерінің кімге шар салып жібергенін білмей, дағдарып қалатындар да мол болатындығында шүбә жоқ.
Ал аймақ елдері үшін қалпақты Карзайдың билікте қалғаны тиімді болады. Өйткені өзге үміткерлер жеңіп, билікке қол жеткізгендей болса, оның арты мазасыздыққа ұласып, белгілі саяси бағыт алғанша біршама уақыт өтіп кететін түрі бар. Әрі-беріден соң сайлау екінші кезеңге сырғығандай болса да, оның салдары оңайға соқпасы хақ.
Сіз білесіз бе?
Қазақ арасында «Аяз би» аталған, Шығыс елдері тарихына «Аяз ибн Оймақ» атымен тіркелген Жаман – Х-ХІ ғасырларда Ауғанстан жерінде, Ғазне шаһарында өмір сүрген тарихи тұлға. Ол үнділерді дінге кіргізген, Фирдоусиге «Шахнама» жырын жаздырған, атақты патша Махмұд Ғазнауидің кеңесшісі қызметін атқарған болатын. Асқан әділдігімен тарихта қалды.