Жаңа Рим папасы кім болуы мүмкін?
Қазақстан мұсылмандары үшін Бас мүфтидің ауысуы тың жаңалық болса, ақпанның 11-і күні Рим Папасының жасаған мәлімдемесі де жалпы саны бір миллиард екі жүз мыңды құрап отырған католик әлемі үшін күтпеген жаңалық болды. Ол мәлімдемесінде жуырда қызметінен кететіндігін денсаулығы жарамайтындығымен түсіндірді.
XVI Бенедикт (Йозеф Алоис Ратцингер) 1927 жылдың 16 сәуірінде Германияның оңтүстігінде діндар отбасында дүниеге келген. Ол Рим католик шіркеуін 1055-1057 жылдары басқарған Папа ІІ Викторден кейінгі неміс ұлтынан таңдалған екінші понтифик. 1523 жылдан 1978 жылға дейін Папа тағына тек италиялықтар отырып келді. Ал Рим католик шіркеуін екі мәрте француз ұлты өкілдерінің басқарғаны заң жүзінде мойындалмады. 1978 жылы алғаш рет поляк ұлтының өкілі Иоанн Павел ІІ таққа отырғаны мәлім.
Ратцингер 2005 жылғы 19 сәуірде осы лауазымға тағайындалған Римнің 265-папасы болып табылады. Бұған дейін 1415 жылы XII Григорий өз еркімен киелі тақтың жоғарғы басшысы орнын босатқан. Сондай-ақ ол XII Климент кезінен бергі жасы ең үлкен мемлекет басшысы. Жасы қазір 85-те.
Жалпы алғанда, католик шіркеуінің жоғарғы басшысының толық лауазымы былай болып келеді: ол – Рим епископы, Иса Мәсіхтің өкілі, апостолдар князының көмекшісі, ғаламдық шіркеудің жоғарғы понтифигі, Батыс, Италия патриархы, Рим провинциясының архиепископы әрі митрополиты, мемлекет-қала Ватиканның монархы.
1870 жылы I Ватикан соборында Рим Папасының сенім мен моральға қатысты істерде қателеспейтіндігі мен күнә жасамайтындығы догматы қабылданған. Бірегей теократиялық мемлекет болып табылатын Ватикан басшысы Рим Папасы осы мемлекеттің зайырлы әрі рухани көшбасшысы болып табылады.
XVI Бенедикт осы қызметті сегіз жылдай атқару барысында Константинополь патриархымен диалогты жандандыруға күш салып, 2006 жылдың қараша айында Стамбулда І Варфоломеймен кездесуі үлкен тарихи оқиға болды. Бірақ жағымсыз оқиғалар да кездеспей қалмады. Айталық, шіркеу қызметкерлерін педофилдік әрекеттері үшін жазалау керектігі мәселесі де 2010 жылдары жиі көтерілді. Оның 2006 жылы Регенсбург университетінде (Германия) лекция оқу барысында исламды күш көрсету, зорлық әрекеттерімен байланыстырғаны ислам әлемінің үлкен қарсылығын туғызды.
Ал Қазақстан мен Ватикан арасындағы дипломатиялық қатынастар Тәуелсіздіктен кейінгі 1992 жылдың қазан айынан басталды. Өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған 1998 жылы Қарағанды қаласында Орта Азиядағы бірінші католиктік жоғары оқу орны «Мәриям − шіркеу анасы» деп аталатын рухани семинария өз жұмысын бастады. Қазақстанның Мемлекет басшысы – бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің ішінде осы бағытта саяси қадам жасаған алғашқы президент. Деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта республикада Рим-католик шіркеуінің 79 субъектісі діни қызмет атқарады.
2011 жылы Рим Папасы ІІ Иоанн Павел Астанаға келіп, Елбасымен кездесіп, өз сөзінде «Ашықтық пен ынтымақтастық рухы сіздердің дәстүрлеріңіздің бір бөлігін құрайды. Өйткені есте қалмас ескі замандардан бері Қазақстан түрлі мәдениеттер мен дәстүрлердің бейбіт тоғысқан жері болып келеді» дегені Қазақстан жұртшылығының есінде.
2012 жылдың 18 қазанында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы мен қасиетті тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл заң жобасы Рим-католик шіркеулері діни бірлестіктерін Қазақстан Республикасы заңнамасының діни бірлестіктерді тіркеу және қайта тіркеу мәселелері жөніндегі қағидаларын сақтау үшін жасалды. Осыған орай берген түсініктемесінде ҚР Дін істері агенттігі басшысы Қ. Лама Шәріп қасиетті тақпен қатынас орнағанымен, католиктердің Қазақстанда көбейіп кету қаупі жоқ екенін мәлімдеді.
XVI Бенедикт те атышулы мәлімдемесін жасамас бұрын ҚР Парламенті Сенат төрағасы Қайрат Мәмиді қабылдап, еліміздің дінаралық әрі ұлтаралық бейбітшілікке ұйытқы болып отырғанына жоғары баға берген болатын.
Бүгінде жаңа Рим Папасы болып кім тағайындалатыны қызу талқылануда. Қазіргі үміткерлер қатарында Нигерия кардиналы Фрэнсис Аринзенің есімі жиі ауызға ілігуде. Сондай-ақ афроамерикалық Питер Терксон мен канадалық кардинал Марк Уэлле де өзгелерден озып тұр.
Конклав (кардиналдар әріптестігі) Римнің жаңа Папасын наурыз айының соңына дейін сайлауы тиіс деп күтілуде.
Қорыта келгенде, Рим Папасы ауысса да, Ватиканның өзге елдермен дипломатиялық қатынастары аса өзгере қоймайтыны анық.
Құдайберді БАҒАШАР, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ PhD докторанты, дінтанушы