Әлемдік тәртіпті, интеграциялар формасын анықтайтын барлық институттың жиынтығын пән ретінде қарастыратын халықаралық қатынастар теориясында ұйымдардың рөлі ерекше бағаланады. Қандай да бір халықаралық ұйым негізсіз құрылмайды. Ортақ мүдде, ұқсас идеялар жемісінен туындап, халықаралық қатынастардың дамуына ықпал етуші күшке айналған ұйымдар жетерлік. Солардың бірі – Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы. Бұл құрылымның сипатына келер болсақ, бұл – әскери-саяси одақ. Өкілеттілігі – мемлекетаралық, қатысушылар классификациясы бойынша аймақтық ұйым сипатына ие ҰҚШҰ-ның өзіндік тарихы бар.
Ұйымның қысқаша тарихы
Осыдан 19 жыл бұрын Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан Ташкент қаласында Ұжымдық қауіпсіздік шартына қол қойды. Бұл құжатқа Гүржістан 1993 жылдың 9 қыркүйегінде қосылса, араға 15 күн салып Каспийдің арғы бетіндегі Әзірбайжан да мақұлдады. Ал Беларусь 1993 жылдың күнтізбе бойынша соңғы күні қол қойды. Келісім 1994 жылдың 20 сәуірінде күшіне енді. Бес жылға есептелген келісімді 1999 жылы Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан тағы бес жылға ұзартуға келіскенде Әзірбайжан, Гүржістан, Өзбекстан сынды мемлекеттер қалыс қалды. 2002 жылдың 14 мамырында ҰҚШҰ-ның мәскеулік сессиясында толыққанды ұйым құру туралы шешім қабылданды. Осы жылдың қазан айында Кишинеу қаласында ҰҚШҰ жарлығы бекітіліп, қатысушы мемлекеттер ратификациялағаннан кейін, 2003 жылдың 18 қыркүйегінде күшіне енді. Осылайша, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы халықаралық қатынастар алаңына шықты. 2004 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұйымымен тығыз қарым-қатынаста.
ҰҚШҰ НАТО-ға бәсекелес пе?
Шыны керек, әлемдік сарапшылардың арасында ҰҚШҰ-ны НАТО-ға бәсекелес деп есептейтіндер аз емес. Қырғиқабақ соғыс пен биполярлы жүйе жойылды дегенмен, АҚШ пен Ресейдің іштей бәсекелестігі белгілі бір деңгейде сақталған. Бұл тұрғыда саясаттанушы Сейфолла Сапанов: «Ресей ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ шеңберіндегі мемлекеттерді АҚШ-тың бастамасымен құрылған әскери, саяси, экономикалық одақтарға жібергісі келмейді. Осыдан-ақ екі одақ арасында қайшылықтардың бар екенін, белгілі бір деңгейде бәсекелестік орнағанын айта кетуіміз керек», — дейді. Десек те, ҰҚШҰ-ны НАТО-мен салыстырып жатқанмен, ұқсастықтарынан гөрі, айырмашылықтары көп. Биыл НАТО-ның бюджеті 850 млрд доллар болды. Ал ҰҚШҰ-ның бюджеттік әлеуетін салыстыруға да келмейді. Бейресми деректер 10 миллионға да жетпейтінін көрсетеді. Осыдан-ақ көп нәрсені аңғаруға болатындай.
Ұйымның кемшілігі
Саясаттанушылар да, әскери сарапшылар да ҰҚШҰ кемшілігі деп ұйым шеңберіндегі Ресейдің өктемдігін айтады. Кез келген халықаралық ұйым белгілі бір құндылықтардың негізінде құрылады. Ұйымдағы аз ғана мүше мемлекет арагідік келіспей қалып жатады. Оңтүстік өңірде Өзбекстанмен шекара мәселесінде қайшылықтар болып тұрады. Былтыр Өзбекстан мен Қырғызстан өзара қақтығысты. Ресей мен Өзбекстанның келіспей қалған кездері де бар. Ал мұндай жағдай НАТО-ға мүше елдер арасында болып көрген емес. Батыс елдерін Солтүстік атлантикалық одақ аясына топтастырып отырған құндылықтар – олардың өзара ұқсас саяси жүйелері, экономикалық жүйедегі ынтымақтастықтары. Саясаттанушы Айдос Сарым өз пікірінде: «Кез келген ұйымды алға сүйрейтін локомотив елдер болады. ҰҚШҰ-ның алға сүйрері Ресей дейтін болсақ, бұл елдің өзі – қазір даму стратегиясын анықтай алмай отырған мемлекет. Аймақтық ұйымдар арқылы мүше мемлекеттерге тізесін батырғысы келетін Ресейдің ұстанып отырған саясаты ұйымды қожырата бермек», — деп ой қорытады. Яғни ұйымішілік бірлік мығым емес. Мысалы, бүгінгі бейресми жиынға ұйымға бір кіріп, бір шығып жүрген Өзбекстанның Президенті Ислам Кәрімовтің қатыспайтыны белгілі болды. Бұл туралы өзбектің «Харакат» басылымы бірінші болып ақпарат таратты.
Бейресми саммиттің күн тәртібі
Бүгін Астанада Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының кезекті бейресми саммиті басталады. Бұл жиында күн тәртібіне мына мәселелер шығарылатын сыңайлы. Біріншіден, 5 тамызда ұйым хатшысы Николай Бордюжамен болған кездесуінде Ресей Президенті Дмитрий Медведев Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы жағдайды реттеу туралы мәселелер көтерілетінін жария еткен болатын. ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер делдалдық жұмыстарды қолға алуды ақылдаспақ. Екіншіден, Ресей жағы мүдделі болып отырған ҰҚШҰ әлеуетін кеңейту мәселесі талқыға салынуы мүмкін. Бір жыл бұрын Қырғызстандағы жағдайды саралаған мемлекет басшылары бүгінгі бейресми саммит барысында аймақтағы жаңа сынақтарға төтеп беру, қауіпсіздік мәселелерін ортаға салуды көздеп отыр. Шанхай ынтымақтастық ұйымына бақылаушы мәртебесіне ие Ауғанстанның проблемасы мен аймақ елдерінің территориясы арқылы өтетін есірткі тасымалымен күресті күшейтуді көздейді.
Бір пікір
Сейфолла Сапанов, саясаттанушы:
– Кейінгі кезде «ҰҚШҰ-ның болашағы жоқ» деген пікірлер жиі айтылуда. Мен бұл пайыммен келіспеймін. Себебі Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде рөлі өте күшті. Сонымен қатар Қазақстанның мүддесі үшін тиімді. Бұл ұйым арқылы біз еліміздің әскери құрылымын модернизациялап жатырмыз.
Түйін
Ташкентте «өмірге келіп», Мәскеуде «буыны бекіген» Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының мүддесі Астананың тілеуімен астасып жатса, құба-құп дейміз.