Премьер министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов үкіметтің қашан отставкаға кетеді деген сұраққа жауап берді. Оның сөзіне қарағанда, атқарылып жатқан шаруаларға көңілі толады екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме беріп.
“Жұмыспен қамтуға байланысты жоспардың толық орындалуын көрдіңіздер. Эпидахуалға қатысты жағдайдың бәрін көріп жатсыздар. Сондықтан Құдайға шүкір. Мұны жасалынып жатқан үлкен жұмыстардың нақты нәтижесі деп қарастыру керек. Оның бағасын Президент береді, халық береді” – дейді ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.
Үкіметтің отставкасы туралы өткен аптадан бері айтылып жүр. Мәжілістің отырысынан кейін тілшілер мұны премьер-министр Асқар Мәминнің өзінен сұрап көрмек болған. Алайда Үкімет басшысы қаша жөнелді.
Соңғы кезде атқарушы биліктің жұмысына халықтың көңілі толмайды. Жанармай, азық-түлік пен тұрғын үй құнының тоқтаусыз өсуі қазір өзекті. Ал Мәмин бастаған Министрлер кабинеті мұнымен қалай күреседі, оның барлығы жабулы қазан күйінде. Айта кетейік, қыркүйек айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында өз міндетін орындай алмағандардың орынтағынан кетуін сұраған-ды.