Бір замандарда әлемге әйгілі болған көк түріктің бүгінгі ұрпақтары – түркітілдес халықтардың сөз бен істегі бірлігін, саясаттағы ынтымағын, ту түсірмес тұтастығын бекемдеу, ең алдымен, біздің өзімізге, дәулеті бөлек болса да тамыры ортақ туысқан елдерге керек. Өйткені аранын ашқан жаһандасудың алмағайып дәуірінде жұтылып кетпеудің бірден-бір амалы – ортақ мәдениеті мен тарихы тамырын тереңнен тартқан түпкі туыстыққа ұмтылып, түркілік бірлікте болу. «Астана–2012 жылғы түркі әлемінің мәдени ордасы» жылына орай кеше елордада ашылған «Түркі халықтары мәдениетінің диалогы: тарихы және қазіргі заман» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция осындай игі мақсаттың үдесінен табылған шара болды.
Әлқисса, түркілік бірліктің бастауы миуалы мәдениетіміздің түркі ұрпағына ортақ қайнар көздерін зерделеп, бүгінгі рухани мұраларымызбен сабақтастырудан басталары хақ. Үш күндік конференцияның кешегі пленарлық отырысында сөз алған мәдениеттанушы Мұрат Мұхтарұлы Әуезов мәслихатқа қатысушы ғалымдардың назарын бірден осы арнаға бұрды. «Мен мына мәселеге басымдық ретінде назар аудартқым келеді. Түркі халықтарының тарихында шартты түрде ино-болмыстан (инобытия) шығу, яғни өз қалпын табу кезеңдері болды. Біздің бәрімізге осы кезеңдерге назар аударған жөн», – деген Мұрат Әуезов бұл үдеріс қытай тілі, қытай мәдениеті басымдықта болған VI-VII ғасырларда өткенін айтады. Сол кезеңдегі хань мен түркінің күрделі әрекеттестігі аясында түркілер мықты ерік-жігер көрсетіп, қытай мәдениетінің ықпалынан, қытай саяси басымдығынан арыла алған болатын.
«Сәл кейінірек, қарахандық дәуірде, X-XI ғасырларда бүгінгі түркі жұртына, Орталық Азия халықтарына ортақ рухани тұлғалар дүниеге келді. Оларды атқарған қызметтері мен еңбектеріне қарап әлемдік деңгейдегі тұлғалар қатарына да жатқызуға болады. Менің айтып отырғаным, «Диуани Лұғат-ат Түрікті» жазған Махмұд Қашқари, ол түркі халықтары мекендеген барлық жерлерді аралап, түркі сөздерін жинады. Бірақ ол араб тілінің басымдық құрған заманы болатын. Сондықтан ол түркі халықтарының әдет-ғұрпын, салт-санасын, мақал-мәтелін жинаған осы еңбегін араб тілінде жазды. Және сол арқылы арабтілді әлемге түркі тілінің ұлылығын танытуды мақсат етті», – дейді ойын әрі қарай сабақтаған ғалым. Исламды далалық жағдайға бейімдеген Ахмет Ясауи, түркі жұрты туралы айтып қана қоймай, түркі тілінде ғажайып шығарма жазуға болатынын («Құтты білік» дастаны) паш еткен Жүсіп Баласағұни осы кезеңдерде өмір сүрді. Мұрат Мұхтарұлының сөзімен айтсақ, бұл да түркі халықтарының ино-болмыстан, яғни арабтілділік болмыстан, араб тілінің басымдығынан шығып, түркі халқының өз болмысын таныту кезеңі.
«XV ғасырда да осындай құбылыс болды. Бұл уақытта әйгілі тұлға Әлішер Науаи түркі халқының болмысын, мәдениетін парсы тілінің басымдығынан арылтты. Міне, біздер, түркі халықтары, өз тарихымыздың осындай кезеңдеріне баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Өйткені бізді біріктіретін, біздерді туыстастыратын түркі сөзі осы кезеңдерде әлемге дүркін-дүркін танылып, өз болмысын паш етті», – дейді мәдениеттанушы ғалым Мұрат Әуезов.
Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Түркі академиясының мұрындық болуымен ұйымдастырылған бұл конференцияға Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Ресей, Австрия, Ұлыбритания мен АҚШ-тан түркология, тіл білімі және әдебиеттану, этнография, мәдениеттану саласында еңбек етіп жүрген ғалымдар шақырылған екен. Олар «Түркі рухы төрімде шалқып...» тақырыбымен құрылған көрмені тамашалап, түрктілдес халықтарға ортақ рухани тұлғалардың шығармашылығы мен түркі мәдениетін үндестірудегі атқарған қызметтері турасында пікір алмасты. Атап айтсақ, осы конференция аясында бір туған қазақ-қырғыз халқының заңғар тұлғалары Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың, жазушы Оралхан Бөкейдің қалдырған мұраларына арналған, сондай-ақ «Қала мәдениеті және мәдениетті қала», «Түркі тілдері және әдебиеттің өзекті мәселелері» секілді тақырыптық сессиялар ұйымдастырылды.
Түркі ұрпағы түпкі тарихына көбірек үңілгені жөн
Последние статьи автора