Президент ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыру сөзсіз шешімін табуға тиісті стратегиялық міндет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми қызметкерлерді кәсіби мерекесімен құттықтады.
"Ғылым саласының қызметкерлерін бүгінгі кәсіби мерекесімен құттықтаймын! Осы айтулы датаның аса көрнекті ғалым Қ.Сәтбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келуінің мәні зор. Перспективасы бар ғылыми зерттеулерді қолдау, ұлтымыздың зияткерлік әлеуетін арттыру – сөзсіз шешімін табуға тиісті стратегиялық міндет", - деп жазды президент Twitter-де.
Сонымен қатар Тоқаев Қазақстан халықаралық бағдарламаларға қатысуды жалғастыратынын атап өтті.
"Осыдан 60 жыл бұрын адамның ғарышты игеру дәуірі басталды. Юрий Гагариннің Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшуы – әлемдік ғылым дамуының жарқын көрінісі. Қазақстан халықаралық бағдарламаларға, ғарыш технологиясын игеруге белсенді атсалыса береді", - деді мемлекет басшысы.
Бүгін, 12 сәуір Қазақстанда – ғылым саласы қызметкерлерінің күні. Мереке 2011 жылы сол кездегі президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен бекітілді.
Бұған дейін ғылым саласының қызметкерлерін төл мерекесімен білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов құттықтады.
Министр бүгінгі дата кездейсоқ таңдалмағанын атап өтті. 12 сәуір – Ғылым академиясының тұңғыш президенті, көрнекті ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келген күні.
"Бүгінгі таңда ғылым саласының жетістіктері айтарлықтай көп, дегенмен проблемалар да жоқ емес. Сондықтан біз өз тарапымыздан еліміздегі ғылымның одан әрі дамуы үшін кешенді шаралар қабылдап жатырмыз", - деп жазды ол Facebook-те.
Аймағамбетов ғылым саласында орын алған оң өзгерістерге тоқталды.
Айтуынша, ғылымды республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі соңғы екі жылда шамамен екі есеге артты. 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыру көлемін жалпы ішкі өнімнің 1%-іне дейін ұлғайту жоспарланған. Бұл – отандық ғылымның дамуына үлкен серпін берері сөзсіз, деп санайды ведомство басшысы.
Сондай-ақ білім және ғылым министрлігінің гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстары бұрынғыдай үш жылда бір рет емес, жыл сайын өткізіледі.
Тағы бір маңызды жайт – 2020 жылы алғаш рет гранттардың жаңа түрлері бекітілді. Олар – коллаборация бойынша, қысқа мерзімді, жеке, жас ғалымдарға арналған және тағы басқа.
Докторанттардың стипендиясы 80%-ке артты. Одан әрі олардың шәкіртақысы жыл сайын 15%-ке өсіп, 2025 жылға қарай 260 мың теңгеге жетеді.
Бұған қоса, министр диссертациялық кеңестердің жұмысына қатысты ережелерге өзгеріс енгізілгенін еске салды. Докторанттар үшін диссертацияны қорғау мүмкіндіктері кеңейтілді.
"Тағы бір жаңалық – енді жыл сайын 50 үздік ғылыми қызметкерге 5 миллион теңге сыйақы тағайындалады. Мұндағы механизм "ЖОО үздік оқытушысы" конкурсына ұқсас болады. Бұл "Ғылым туралы" заңға енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес мүмкін болып отыр", - деді ол.
Биылдан бастап 500 ғалымды әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына тағылымдамадан өтуге жіберу және "Жас ғалым" жобасы аясында 1 мың грант бөлу бойынша жұмыстар қолға алынады.
Одан бөлек, еліміздегі 20 университет "Академиялық артықшылық орталықтары" жобасы аясында қаржыландырылады.
Біз үшін жас ғалымдарға қолдау көрсету маңызды. Сондықтан заңға енгізілген өзгертулер арқасында жас ғалымдарды қолдау үшін докторантурадан кейінгі зерттеулерге бағытталған арнайы гранттар бөлу жүзеге асырылады. Бұдан басқа, ҒТҚН коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру практикасы да жалғасады, деді Аймағамбетов.
Білім және ғылым министрлігінің ақпаратынша, Қазақстанда қазір ғылым саласында 21 782 адам жұмыс істейді. Зерттеушілердің 35%-і ғылыми немесе академиялық дәрежеге ие, олар – 1697 ғылым докторы, 4165 ғылым кандидаты, 1340 PhD докторы және 293 бейін бойынша доктор.
Ғалымдардың 34%-і – 35 жасқа толмаған; 43%-і – 35 жастан 54 жасқа дейінгілер; 23%-і – 55 жастан асқандар. Әйелдердің үлесі – 54%, ерлер үлесі – 46%.