Тәуелсіздікті нығайту идеясы – Жерұйық Қазақстан
Әлеуметтік мәселелерді шешумен қатар адамның рухани сұранысын қанағаттандыру кезек күттірмес маңызды шаралардың бірі екені белгілі, өйткені ол адами капиталды күшейтудің бірден-бір жолы. Тәуелсіздікті нығайта түсудің басты шарттарының бірі – адамдардың бойында еліміздің Тәуелсіздігін баянды ететін ұлттық келісім рухын және отансүйгіш ұлттық идеологияны нығайту. Елдің рухын және идеологиясын көтеру, ұлтжандылық қасиетін қалыптастыру Тәуелсіз мемлекетіміз үшін айрықша маңызды мәселе болып отыр. Cол жолда ұлттың рухани діңгектерін нық қадайтын ұлттық идея, алға қойған биік мақсат болуы тиіс. Серпінді дамып келе жатқан жас та тәуелсіз мемлекет Қазақстан жағдайында қоғамның ұйытқысы, мемлекеттіліктің тірегі, ақпараттық саясаттың негізі боларлық ұлттық идея мәселесі өзекті. Осы орайда «Жерұйық» концептінің идеологиялық әлеуеті сөз болмақшы.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» деген Қазақстан халқына Жолдауында тиянақтап көрсетіп кеткеніндей: «Болашаққа белгіленген ұлан-ғайыр міндеттерді біріктіруші ұлттық стратегиясыз жүзеге асыру мүмкін емес. Егер біз табысқа жеткіміз келсе, онда біздің әрқайсымыз мынадай қағидаттарды негізге алуға міндеттіміз:
Бірінші – бәрінен бұрын біздің Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстан!».
Біздің ұлттық идеямыз да, ұлттық идеологиямыз да биік адамзаттық құндылықтарға негізделген ұлттық келісім рухы негізінде құралып, Тәуелсіздік құндылығын ұлықтауы тиіс. Ал сол айтылғандардың барлығын өз бойына сыйдыратын, қысқа да нұсқалығымен бағалы идея – «Жерұйық Қазақстан» болмақ.
Адам адам болғалы – әуелi тайпа, ұлыс, кейiн келе ұйысқан қоғам – елге айналғалы – жер үстiндегi өзінің жұмағын iздеп келедi. Елдің оңаша ойға көмген хәкімдері, ақылман-ойшылдары болсын, артына жұртын ергізген көшбасшылары болсын – бәрі-бәрі «қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын» Жерұйықты желмаямен іздеген арманшыл Асан қайғыдай өз еліне малға шүйгін жері бар, жанға жайлы елі бар болашақ тілейтіні мәлім. «Құтты қоныс» іздеу – әлем халықтарының дүниетанымында жақсы өмірді күткен арман-аңсардан туған рухани интенция. Ғалымдар бұл интенцияны әлеуметтік утопияға жатқызады. Сондықтан Асан қайғының атына тағы бір анықтауыш қосамыз... Онда тұрған несі бар?! Утопист болса болған шығар. Честертон айтпақшы, «утопиясы жоқ адам мұрны жоқ адамнан да қорқынышты». Утопия болмаса қоғамдық қозғалыс та, алға ұмтылу да болмайды. Меніңше, Платон өзінің мінсіз мемлекет туралы диалогтарын жазғанда, әл-Фараби құт дарыған қала тұрғындары туралы толғағанда, Мор утопияны ойлап тапқанда, Кампанелла күн қаласы туралы қиялдағанда, сол сияқты, Асан қайғы да Жерұйығын іздеп зар илегенде елінің жарқын болашағын көз алдына елестеткені күмәнсіз.
Асан қайғы... Қайғыру – біле білгенге, ақылдың көрінісі. Экклезиаст «Көп ақылдан – көп қайғы» деп бекер айтпаған. Ақылсызда қайғы жоқ. Антикалық философияның бастауынан ақылының артықтығынан күңіренген Гераклитті естіген болсақ, түркі елінің ақылмандарынан Асан қайғыны көреміз. Ақылды адам бір күндігімен шектелмейтін, алдын болжап отыруға деген талпынысымен, биік мүдделерге қол созған қиялқанаттылығымен ақылды. Ішкен-жегеніне, салған сайранына мәз, ақыл иесі – адам деген ортақ атты жамылған қаншама жан бар, бірақ шынайы ақылмандар аз.
«Асан қайғы Жерұйығын таппай зар жылады» дегенде біз оның қиялындағы елінің болашақ замандағы ешкімнен (батысы – орыс, шығысы – қытайдан) қысым көрмей, өз жерінің амандығын тілегенін меңзейміз. Сондықтан да Жерұйық идеясын бүкіл халқының қамын ойлаған Асан қайғының елді берекелі бірлікке, шынайы түсіністікке, адал еңбек табысы арқылы мамыражай заманға жетуге шақырғаны деп ұғынған жөн. Ендеше, Асан қайғы кезінде таба алмаған Жерұйық қай бір заман адамдары үшін шындыққа айналуы әбден мүмкін. Олай болса, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан – Асан қайғының Жерұйығы емес деп кім айтты?!
Идеялар тарихы ұғымының өз тарихынан мүлде бөлек болуы да заңды дүние. «Жерұйық» концептіне мәдени-әлеуметтік талдама берген академик Ғарифолла Есім оны «жерге ұю» деп этимологиялық тұрғыдан әрі сол Асан қайғы тұсындағы тарихи жағдайды ескере отырып, яғни қазақ жеріне қол сұға бастаған орыс экспансиясының басталған тұстағы жер мәселесінің өткірлігін ескере отырып, жердің құндылығы тұрғысынан түсіндіреді.
Сол алыс замандар қойнауынан қайта жаңғырған Жерұйық идеясын қазіргі Қазақстанның, жаңа замандағы жаңа Қазақстанның ұлттық идеясына айналдыруға негіз жетерлік. Таратып айтар болсақ, Жерұйық идеясы өзінің халықтың архаикалық санасымен астасып жатқандығымен құнды.
Қазіргі геосаяси сахнаның менмін деген «ойыншылары»: АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Жапония, Қытай, Ресейдің болсын ұлттық идея мен идеологияға қатысты рәміздік әлемінде, тіпті саяси институттарының бүгінгі тыныс-тіршіліктерінде де архаиканың алар орны зор. АҚШ Конституциясында архаика жеткілікті, ағылшындардың әлемдегі ең ірі колониялар солардікі болғанына қарамастан өздерін «Мейірімді қартаң Англия» (Добрая старая Англия) деуі, француздардың «Әсем Франциясы», жапондардың «Күншығыс елі», Ресейдің «Киелі Русінен» (Святая Русь) бастап, қазіргі «Ұлы Ресейіне» (Великая Россия) дейін, қытайдың «Аспан асты империясы», «Айдаһарлар елі».... – барлығы да тұнып тұрған архаикалық бейнелер. Оларға қарап ешкім архаикалық рәміз-сөздер оларды артқа тартты демесі мәлім. Ендеше, неге бізге «Жерұйық Қазақстан» бейнелі атауын мәдени-саяси дискурсқа салмасқа?!
Сонда біз, түптеп келгенде, Асан қайғының іздеген Жерұйығы ел-жұртының әлеуметтік келісім негізіндегі бейбіт рахат өмірі екендігін; елді адамгершілікке, бірлікке, бауырластыққа бастағаны екендігін; бүгіндері соны іс жүзіне асырып отырған жасампаз қазақ елінің барлығын әрі онда ұрпақтар сабақтастығының үзілмегендігін көреміз. Ендеше, Асан қайғының Жерұйық деп жар салғаны біздің ортақ Отанымыз – Қазақстан.
Қазақтың өз әпсанасында, тілінде, ділінде қайнауы жеткен Жерұйық түсінігі – өзінің халыққа ұғынықты қарапайымдылығымен де, соған қарамай, идеалға тән трансценденттілігімен де өте қисынды идея. Идея ешқашан нақты, жуық арада қол жеткізер мақсатты білдірмеуі тиіс. Өйтсе ол идея болудан қалады. Озық дамыған 50 елдің қатарына ену де, индустриалды-инновациялық даму да, интеллектуалды ұлтқа айналу да – біз үшін бүгін болмаса, ертең орындалатын шындық, сол өршіл мақсаттардың барлығы келіп тоғысатын бір нүкте – біздің Қазақстанның өзін мекендеген елі үшін Жерұйыққа айналу идеясы.
«Жерұйық Қазақстан» идеясының патриоттық әлеуеті өз алдына үлкен сөз. Жерұйық сөзінде туған жерге деген үлкен құрмет жатыр. Қазақтарда атамекенге табыну сезімі басым, сондықтан да қазақтар үшін Қазақстан қашан да, қайда жүрсе де қайта айналып келіп тұратын қазық мекені – Жерұйығы. Қазақстан тек қана қазаққа ғана құт-береке болған жоқ, Қазақстан өзін мекендеп отырған бүкіл ұлыстарға қайырлы Отан болды. Демек, аталарының тұрағы бөлек отандастарымыз үшін де Қазақстан Жерұйыққа айналуы тиіс. Өйткені кіндік қаның тамған жерің, жора-жолдастарыңмен қызық ғұмыр кешкен жерің, бала-шағаң өскен жерің, көрші-қолаңмен тату-тәтті өмір сүрген жерің Жерұйық болмағанда, не Жерұйық болмақ?!