Тарих таразысында ел басқарушылар мен ұлт зиялылары бiрдей жауапкер

Мұхамеджан ТАЗАБЕК, белгілі айтыскер:

– Мұхамеджан, қазіргі атақты дегеннің бұрынғы зиялымен мағынасы өте жақындау болушы еді. Шын зиялы сіздің ұғымыңызда кім? Қазақ зиялысының бүгінгі беталысы жайлы не ойлайсыз?

– «Зиялылық» араб тіліндегі «зия» деген түбір сөзден шығады. Мағынасы «өзінен жарық таратушы», «нұр шығарушы» дегенге келеді. Зиялы жүрген жерінде жарығын түсіріп, жақсылықтарды туындатып отырады. Мұны күн мен айдың мысалында қарастырсам, күн, рас, ол өзінен жарық бөледі, нұр шығарады, жылуын төгеді. Ал ай өздігінен жарық шығармайды, күннің нұрына шағылысып, айна секілді сәуле таратады.

Сондықтан зиялылықтың осы күн мен айға ұқсайтын түрлері болады. Шын мәнінде, өзі жақсы адам күн сияқты жақсылық қылмай жүре алмайды, ізгілігін таратпай тұра алмайды. Екінші жағынан, жұрт көзіне зиялы боп көрінгенімен, ай сияқты біреудің жақсылығын өзіне жапсырып, сол арқылы жақсы боп көрінетін де зиялылар бар. Сол себепті, осы екеуін ажыратып қарауымыз керек шығар деген ойдамын. Әрі тәуелсіз елдің зиялысының бет-бейнесінің бар болмысымен айқындалатын кезі әлі алда деп ойлаймын.

– Мұның себебі не? Неге бүгін емес?

– Қазақ зиялысы бар. Ел ер туғызбай тұра алмайды. Бірақ қатары өте аз деп ойлаймын. Олар көптің ішінде көрінбеуі, біз оны танымауымыз да мүмкін. Менің ұғымымда, зиялы, Абай айтқандай – единица. Абай «единица болмаса, не болады өңшең нөл» демей ме?

– Зиялылықты екіге бөліп тастадық, олай болса енді оны қандай үлгілерімен тануға болады?

– Зиялылықтың жалпы идеал пошымына, қандай болуы керектігіне мысалдар тарихымыздан көптеп табылады. Бертіндегі Алаш арыстарының өзін алып қарайықшы. Ахмет Байтұрсынұлы Орынборда «Қазақ» газетін шығарып тұрған кезде, патша үкіметінің жандайшаптары келіп: «Не мына газетті жабасың, не түрмеге кетесің» деп шарт қояды.

Сонда Ахмет атамыз абақтыны таңдаған. Ал «Қазақ» газеті ең керемет таралды деген жылдың өзінде үш мың данамен шыққанын ескерсек, Ахмет Байтұрсынұлы «қалың ұйқыда жатқан» қазақ даласындағы сол санаулы адамның санасын ашу үшін тар қапастың сыз еденінде бүргеге тәнін талатып, жан тыныштығын тастап, әйелін қалдырып, түрмені таңдады. Аз мүмкіндік үшін өзіне зиян келетін қадамға барды. Зиялыға үлгі ме? Үлгі!

Сәкен Сейфуллин қолында сәбет билігі тұрғанда, Семейдегі кірпіш зауытына бөлініп тұрған ақшаны Александр Затаевичтің қалтасына салады. «Мә, сен барып, ауылдарды аралап, қазақтың ән-күйін жинап қайт» деп қоя береді. Сол кездің де, бүгінгінің де заңына салсаң, зауыттың ақшасын талан-таражға салу нағыз жемқорлық еді. Алайда олар келер ұрпақтың қамын, қазақ мәдениетінің ертеңін ойлап, қолда бар мүмкіндікті сарқа пайдаланды. Басын бәйгеге тікті. Ендеше, зиялылықтың ең биік шыңы – пайда- зиянды таразылай отырып, өз мүддесінен халықтың мүддесін жоғары қою, ұлтының игілігі үшін құрбандыққа бару.

– Сонда халық, билік, зиялыларға байланысты көзқарасты сырттан таңа ма? Кім таңады?

– Атаңның емес, ақпараттың аузы дуалы боп тұрған заман емес пе? Отбасының мәселесінен сериалдың сюжеті қызық болып, бабаңның бұлақ-дәстүрін Голливудтың блокбастері ұмыттырып, жетімнің басын сипайтын қолдар смартфонның бетін сипап кеткен жоқ па? «Жынды әкесін байлап баққан» ел едік, қазір сау әкесін қарттар үйіне апара жатқанды көрдік, «Ақтабан шұбырындыда» бір жастыққа сыйған бастардың, азаттық алғанда бір үйге сыймай, отау құрғандардың үштен бірі ажырасқанын көрдік. Демек, ата-анасынан жеріп, жанындағы жарынан безіп жүрген жүгенсіздері бар қоғамға билігі мен зиялысын қарсы қою қиын дейсіз бе? Дұрыс айтасыз.

Бізге, тіпті қалай ойлау керек екенін де үйретеді. Әсіресе, бізді дамыған елдермен салыстырып дамыл таппайтындарға таңғалам. Бодандықтан босап шығып, тәуекелмен мемлекет құрған Қазақстанмен, билеуші елдер жанын салып тұрғызған АҚШ-тың қалыптасуы арасында қаншама бөлек бағыт, ұқсамайтын заңдылықтар бар. Әлемдік қауымдастыққа жаңа түскен келіндейміз. Бәрі ақыл айтқысы келеді. Сондықтан біз сияқты енді ғана еңсесін тіктеп, тамырын тауып, тарихын жазып жатқан халыққа ауызбірлік, ішкі тұтастық ауадай қажет. Ал сол ішкі бірлік болмас үшін бізге халықты организмдегі «көз», билікті бөлек тұрған «без» секілді көрсеткісі келеді. Жоқ, бұлай емес. Біз Шалкиіз бабамыздың би Темірге айтқанындай, орнымызды біліп, «Ақ- орданың» арқа сүйеуіне жарауымыз керек.

– Сен – жібексің, мен – жүнмін,

Сен – сұлтансың, мен – құлмын,

Сен – сұңқарсың, мен – қумын,

Жемсауыңа келгенде,

Сұлтан ием, сом жүрегім аяман!

Саған дұшпан – маған жау,

Керекті күні алдыңда

Ғазизленген сұлтан жаным аяман!» – деп ел тұтастығы үшін тұрып беретіндігін жеткізген.

– Қазір заман тыныш, қарын тоқ. Ендеше, зиялыларымыз бар әлеуетімен неге жарқырып көрінбейді, неге бір-бірінің немесе әйелінің етегіне тығылып қалуға бейіл тұрады? Ешкім тұншықтырып жатқан жоқ, жат көзге жәутең болып отырған жоқ...

– «Қазанына қарай қақпағы, қазығына қарай тоқпағы», «Көтерем биеден көркем құлын тумайды». Осындай сұрақ қойғанда, қай қоғамнан шығып, қай толқынның ұрпағы екенімізді ұмытып кететін сияқтымыз. Мемлекетшілдікті «мемлекеттік сыйлық» алғаннан кейін ғана түсінетін, жеке басының бұйымтайы орындалмаса, «көптің көші тоқтап қалғандай» байбалам салып, шу шығаратын адамдары бар қоғам аяқ астынан пайда болған жоқ қой. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы айтпақшы, тәуелсіздік қалыптастырған жаңа тұрпатты азаматтың бет-бейнесі енді қалыптасып келе жатыр. Бұйыртса, тәуелсіздік тұсында тәлімді тәрбиеден өткен, бірнеше тіл біліп, талай жұрттың жақсысын үйренген, даладай кең пейілмен дария-дәстүрін игерген, көк көздің тізесі батпаған, көк туын ешкімге сатпаған зиялыларымыздың жарқырып көрінетін кезі әлі алда.

Тәуелсіздік пен тыныштыққа кеше ғана қол жеткізіп, одан қайта айырылып қалғанның қандай қасірет екенін бастан өткеріп көрмеген буынбыз ғой. Кім не айтса да сенеміз. Болмағыр грант, оңбағыр мақтау үшін өзімізді нұқып, көзімізді шұқып беруге даярмыз. Отырықшы болғасын, мінезі мен дәстүрі, тарихы мен талғамы бөлек, дамыған елдердің «демократиясы» далалық дархандықты шығыстың нәзіктігіне кіріктіре білген көшпелілердің ұрпағына бірден дари қояр ма екен?

Жасына қарамай жұдырық түйіп, жағдайды білмесе де жаны күйіп, билікке дегенін бір сәтте істету қазақтың қай дәстүрінде бар еді? Кісінің қызын алу үшін, кұдаласып барғанда әңгімені алыстан бастап, сөз тізгінін көпті көрген, көнекөз қарияға ұстатып, жауабын жыл күткен сабырлы қазақ емес пе едік? Аяулы адамға жақынының қазасын естірткенде де, төбеден түскендей дүңк еткізбей, жолын тауып, жанын ауыртпай жеткізетін дана қазақтың ұрпағы емес пе едік? Ханға сөзін өткізу үшін де қадірлісін жұмсап, алдына барған абыройлымыз: «Алдияр тақсыр, дат!» деп, тізесін бүгіп, қолын кеудесіне қойып, сөзге қонақ берген көшелі қазақтың мұрагері болғанымыз осы ма?

Билік пен зиялы қайшыласып жүру берекелі елдің бейнесі ме? Қайта қасірет емес пе? Мысалы, Қырғызстанда бір жылда 700 – 750 ереуіл-шеру өтіпті. Күніне екі рет сонда. Мұның себебі халық пен билік арасындағы байланыс үзілген, қоғамдық қатынас бұзылған. «Алтын аралық» болуға тиісті зиялылар «бас-басына би болған өңкей қиқымдай» жеке-жеке партия құрып, бір елді оңтүстік пен солтүстікке бөліп тынуға үлесін қосты.

Негізі, теорияға салсақ, нағыз зиялы деген билікпен текетіреске де түспейді, одан жәрдем де күтпейді. Өйткені тарих таразысында ел басқарушы мен ұлт зиялылары бірдей жауапкер. Біріне билік, біріне бедел берілген. Бұған сол бағана айтқан Алаш арыстарының әрекетін мысал етуге болады. Қазір де осындай зиялылықтың үлгілері жастарда бар. Айталық, мынау бәріміз қолданып жүрген Фейсбукті осыдан екі-үш жыл бұрын бес-алты адам үкіметтен жәрдем алмай, қолдау күтпей, алаңға шықпай, үндеу тастамай-ақ, қазақшаға аудара бастады. Сөйтіп, өткен жылы Фейсбукті 97 пайызға қазақшалап тастады.

– Не істеу керек дегенге жауабыңыз бар ма?

– Тарихқа қарайықшы. Қарашаның сөзін ханға жеткізу үлкен дәстүрді, ғылыми негізді талап еткен. Бұл сөздің аманатын алғандар биліктің психологиясын терең зерттеп түсінген және ханның алдында қадір-қасиеті бар, жақсылығы өткен адамдар болатын. Олар бір ауыз сөз айтса да, біліп айтатын. Сөзі қабылданатынын алдын ала сезіп және оның нәтижесіне дейін болжай алатын еді. Бұлай етпеген жағдайда, бұқараның тынышын кетіріп, билік пен қарашаны қырылыстыратын сөзді айтпай, барынша бейтараптық ұстануға тырысатын.

Сондықтан елдің басында ынтымақ пен татулық салтанат құрып тұратын. Ал енді кеше Отырардың кітапханасы өртенгендей, қаншама рухани орталықтарымыз күйреп, үлгі қалдырар көсемдеріміздің орынын сипап қалған жоқпыз ба? Соның арқасында біліп айтып, билікке сөз өткізбек түгілі, туған балаң тіліңді алмай, туған қызың үйде болғанмен, қылығы интернетте боп тұрғанын кімнен жасырамыз? Билік егелеріне ақиқатты жеткізу, әділдікке шақыру мәдениетінің тетіктерін жоғалтпақ түгілі, ұлт ретінде жойылып кете жаздаған жоқпыз ба?

Х-XIX ғасырларда өмір сүрген бабаларымыздың рухани деңгейіне маңайлай алмай жатқанымызға жаным ауырады. Біз соларды зерделемегендіктен, Бұқар болғымыз келеді, Абайдың шалғайына жармасқымыз келеді. Кезінде Асқар Тоқпанов өзін «зиялымын» деп кеудесін ұрып отырған бір кісіге «Сен Бұхар емес, бухариксің» деген екен. Бұқар жырау Абылайға жұмсақ та, қатты да айтып, халықтың үнін жеткізіп отырды.

Сабырға шақырды немесе қайратын жанып, жігерлендірді. Бірақ Бұқар осы тарихи миссиясын атқару үшін қаншама өткелекті басынан кешірді! Абылай ханмен жорыққа бірге шықты. Қиын-қыстау кезеңде қасында болды. Аты сүрініп болғанша, ақыл тауып, өзінің қадір-қасиетін дәлелдеп шықты. «Ей, Абылай, сен кім едің? Тұрымтайдай ұл едің!» деген сөзді айтудың ар жағында қаншама еңбек жатыр, қаншама бедел, абырой жатыр. Қаншама жерде хан үшін басын бәйгеге тігіп, қаншама жұрттың алдында абыройын сақтауға атқарылған шаруалар жатыр.

Сондықтан сол мәдениеттерді қалпына келтірмейінше, хан мен қарашаның ортасындағы зиялы қауымның қалпын орнына келтірмейінше, нәтижеге жету емес, керісінше, барымыздан айрылып қалуымыз мүмкін. Естілерден қалған ескі дәстүр бойынша, патшаға насихат жұрт көзінше айтылмайды. Ал жеке айтқан күннің өзінде де, «айттым» деп ағайынды құлағдар етпеген. Біздің естімегеніміз, насихат айтылмады деген сөз емес. Ақорданың ашылуында шапан киіп, бата берген Мырзатай, Әбіш, Ақселеу ағаларымыз сол құрметке бекер еге болмаған шығар. Елбасының алдында еркін сөйлеп жүрген Шерхан, Дулат ағаларымыздың да не жайлы толғағанын біреу білсе, біреу білмес.

Біздің қоғамдық деңгейдегі қарым-қатынас – отбасылық деңгейдегі қарым-қатынастың үлкейтілген моделі. Мысалы, бір ер кісі отбасында әйелімен дауыс көтермей-ақ тату-тәтті өмір сүреді делік. Жарасымдылық, үйлесімділік бар. Соны көріп тұрған көршісі «мынау әйелінен қорқады, әйелінен айбынын асыра алмайды екен» деп оны әйеліне қарсы айдап салуы мүмкін. Себебі оның ұғымында еркектің мықтылығы әйелін қабағымен ықтырып, жұдырығымен жым қылып отыратындығында. Енді дәл осы ойдың көрінісі біздің қоғамда орныққан. Билікке қарсы шығу, Елбасына сыртынан жұдырық түйгендерді батыл адам ғып көрсетуді қалыптастырып отырғандар бар. «Қортық қошқар қой бұзар» дейді.

Елдің берекесін кетірудің одан артық жолы жоқ. Қазір ілім бар, ақпарат бар. Бірақ қорыта алатын ми аз. Себебі негіз бен тұғыр жоқ. Жаңғақты тасқа лақтырып жару керек екенін қарға да біледі. Ал біздің дұшпандарымыз қарғадан ақылды. Төңіректегі көрініп тұрған кемшіліктерді төндіріп айтып, БАҚ арқылы байбалам салған кезде, билік түгілі, бұл дүниеден безіп кеткің келеді. Жақында бір жағдай болды. Жемқорлықпен аяусыз күресіп, күндіз-түні күрсініп жүретін беделді бір ағам бар еді. Аяқ астынан кенже қызы тұрмысқа шығатын болды. «Құдалар кім екен?» деп сұрап жатырмыз.

Білсек, бас құда білдей бір кеденнің басшысы екен. Інісі де кара жаяу емес, құқық саласының құрығы ұзын құрметтілерінен боп шықты. «Қап, ағам мұндайларды жақтырмаушы еді, жағдайы не болар екен?» деп уайымдап қалдым. Бекер уайымдаппын. Аздан соң ағамның сөзін естіп айран-асыр болдым. Ағам ақылдасуға жиналған ағайынға: «Болашақ құдам бекер адам емес екен. Текті жерден шыққан, бақандай бір басқарманың бастығы екен. Өсіп-өнген ел ғой, інісі де елдің елеулі азаматы екен» деп қуанып, мәз болғаннан жүзі бал-бұл жанып тұр екен. Үнсіз қалдым, ойландым. «Е, е, бұрын джип мінгендердің бәрі – жегіш, шенділердің бәрі – шөміш байлық калқитын» деп, ағамның айтатыны, өзінде болмаған соң екен ғой» деп бас шайқадым.

Ауқатты адам ауласына келіп еді, «жемқор», «парақор» дегеннің бәрі ұмытылды. Жақсылап ойлансақ, жатыпішерлік, жемқорлық аз мөлшерде болса да, әрқайсысымыздың қанымызда бар екен. «Жеміс ағашынан алысқа түспейді». Осы қоғамның жемісіміз ғой. Қазанда не болса, шөмішке сол ілінеді. Сондықтан билікке есесі кетіп бара жатқан адам сияқты боп жүрген бәзбіреулерді «маған көлік мінгізе алмасаң, КИМЭП-ке түсіре алмасаң, несіне туғыздың?» деп әкесін бұрышқа тақап, лажсыз жағдайға тастап қоятын ерке перзенттер сияқты көремін. Биліктің жағдайына кіріп көрмеуді, қоғамның ахуалына сараптап қарамауды дәл бір анасына «мені асырай алмасаң, неге тудың?» деп міндет артатын баланың ісіне ұқсатамын.

aikyn.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста