Суды үнемдеу формуласын қалай шешеміз?

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Өткен аптада ауызсу мәселесі қазақстандық әлеуметтік желілердің негізгі тақырыптарының біріне айналды десек болады. Бұған «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің суды қалай үнемдеу керектігі жөніндегі пікірі түрткі болды. Оның мысалы бойынша, германиялық бір кемпір ыдыс жуған суға еден жуып үнем жасайды екен. Сондай-ақ коммуналдық қызметтің бағасы көтерілсе тұрғындар ауызсуды үнемді пайдаланады деген пікір айтылды. Әлеуметтік желідегі белсенділер бұл пікірді жеңіл сөзге айналдырып жібергеніне куә болған едік.
Енді кеше Мәжіліс депутаты Андрей Бегене­ев батыс елдерінің тәжірибесімен «су салығын» енгізуді ұсынды. Мәселен, үйінің ауласына жаңбыр суын жинақтайтын ыдыс қойып, ол суды тұрмыстық қажетті­лік­терге (бау-бақша суғару, көлік жуу) пай­далан­ғандар су салығынан босатыла­ды.
Бұл ұсынысты да түрлі жолмен мазаққа айналдырып жіберушілер табылары анық. Дегенмен Бауыржан Байбектің де, Андрей Бегенеевтің де ұсыныстары орынсыз емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысы да электр мен ауызсуды ысырап етіп, душ ішінен сағаттап шықпайтындарды сынға алғаны бар еді. Ендеше Бауыржан Бай­бектің «үнемшілдік формуласы» бо­йын­ша, суды бірнеше қайтара пайдалануға қаншалық қажеттілік туып тұр? Осыған өз есебімізбен талдап көрсек.
Мамандардың есебі бойынша, әрбір адам орта есеппен күніне 200 литр су пайдаланады. АҚШ тұрғыны орта есеппен 280 литр пайдаланса, Германия тұрғыны бар болғаны 122 литрды қанағат көреді екен. 2005 жылы әрбір мәскеулік 360 литр­ден, кейбір аудандарының тұрғын­дары 500 литрден су пайдаланған. Әрбір қазақстандық күніне қанша су жұмсайтыны жөнінде нақты дерек жоқ. Дегенмен Аста­на қаласы бойынша бір сөткеде – 250 литр, Алматыда – 280, Павлодарда 300 литр судан артық жұмсауға болмайды де­ген шектеу бар. Яғни немістердің суды ерек­ше үнемділікпен жұмсайтыны ойдан құрастырылған пікір емес.
Ал енді баға мәселесіне келсек, Гер­ма­нияда суық судың текшеметрі қазақ­стан­дық валютамен есептегенде 352 теңгенің ша­масында. Ал Қазақстанда судың тек­шеметрі – 41 теңге. Айырмашылық көзге ұрып тұр. Оның үстіне, Германияның ауыз­су­ға қол жетімділігі Орталық Азия елдері сияқты апатта жағдайда тұрған жоқ. Оның үстіне аталған ел мұхитпен шектесіп жатыр. Су тапшылығы пайда болған жағдайда теңіз суынан тұщы су жасау технологиясын да бірден іске қосуға қабілетті мемлекет.
Қазақстан сумен қамтамасыз етуде ТМД елдерi арасында соңғы орынды ала­ды. Су тапшылығына қауіпті өңірде жатса да еліміз суды шамадан тыс пайдаланатын ел­дердің қатарында бар.
Елімізде жаппай көрініс беріп жатқан тағы бір сәйкессіздік бар. Мәселен, көпте­ген ауыл тұрғындары ауызсуды бірнеше ша­қырым жерден тасып әкеліп, малын суғара­тын су таппай жүрсе, суға қолы жетіп отыр­ған­дар оны орынсыз ысырап ету­де. Мә­­се­лен, жер үйлердің ауласында­ғы, кө­шелер­дегі колонкілер қыста қатып қал­мау үшін оны жылылаудың орнына тоқ­таусыз ағызып қоятындар бар. Мұны қада­ғалау жұмыс­тарын жергілікті басқару ор­ган­дарына мін­деттеген абзал. Немесе кей­бір дәулетті үйлер ауласындағы алып бассейннің суын күн ара ауыстырып жата­ды. Бассейн салуға ақшасы жеткен адам оның суын фильтр­леп қайта пайдаланатын қондыр­ғы­ны қоса алуға да міндетті болу керек. Сон­дай-ақ автожуу орындарында суды фильтр­леу арқылы қайта пайдалануға әбден бола­ды.
Жалпы еліміздегі тұщы судың 70-80 пайызы ауылшаруашылығы саласына жұмсалатыны белгілі. Сондықтан өндірісі дамыған елдер жаппай тамшылап суғару технологиясына көшіп жатыр. Дәл қазіргі жағдайда біз мұндай талапты жеке сектор­дың мойнына міндеттей алмаймыз. Деген­мен біртіндеп осы технологияны игеруге мәж­бүрміз. Ертерек қамданатын оның ауырт­пашылығы да аз сезіледі.
Тұщы суды үнемдеудің ең өзекті жолы – шағын және ірі көлемдегі су қоймалары­ның санын арттыру. Әсіресе трансшекара­лық су мәселесі ерекше назарда болуы тиіс. Қыста Шардараға артық мөлшермен ағып, жазда азайып кететін қырғыз суын тиім­ді пайдаланудың жолы осы екені айты­лып-ақ жатыр. Қытай өңірінен ағып ке­ле­тін сулардың азайып кетуі дипломатия­лық қайта қарауды талап етеді. Памир мен Тянь-Шань шыңдарындағы мәңгілік мұздықтар 1957 жылмен салыстырғанда 30 пайызға кеміген, ал ол 2025 жылға қа­рай 50 пайызға дейін азаймақ. Мұндай ға­лам­дық жылыну түбінде Орталық Азия­дағы, оның ішінде Қазақстандағы су арна­ла­рының суалып-тартылып, жаппай құр­ғақ­шылық жағдайына әкелуі мүмкін. Яғни еліміздің ауызсуы Ресей, Қытай, Орталық Азия елдеріндегі су жолдарына тікелей тәуел­ді екеніне көз жеткіземіз.

Әлемдік дерек
БҰҰ дерегі бойынша әлемде 900 миллион адамға таза су жетіс­пей­ді, ал 2,7 миллиард адам сани­тар­лық талаптар сақталмаған ауыр жағ­дайда өмір сүріп жатыр. Әлем­де сапалы ауызсудың жетіс­пеу­ші­лігі­нен күн сайын 8-20 мың адам, жыл сайын 3-7,5 миллион адам өмірмен қош айтысады. Су­дың ғаламдық тап­шы­лығы алда­ғы 20-25 жылда күр­делене түседі. Егер ХХІ ғасыр басында судан әлем халқы­ның 40 па­йызы тар­шы­лық көрсе, келесі 10-12 жылда бұл көрсеткіш 60-65 па­йыз­ға жет­пек. Бұл – 80 елде тұратын 5 млрд халық суға зар болады де­ген сөз. Тіршілік көзі – су мәселесінің ушығуы әлемде «су босқын­да­ры­ның» ар­туы­­на әкеліп соғады. БҰҰ мәліметі бойынша, қазірдің өзінде 80 ел таза су тап­­шы­лығын сезіне бас­таса, 31 мемлекет су дағдары­сымен бет­пе-бет келіп отыр.

Отандық дерек
1950 жылдары Қазақстанда 120 млрд текшеметр шамасында су қоры болса, қазір оның көлемі 100 млрд текшеметрге дейін кеміді. Қазақстан аумағындағы 1 шаршы шақырымының сумен қамтамасыз ету қабiлетi 37 мың текше метрге тең. Бұл көрсеткiш – Ресейде 303,5 мың текше­метр. Яғни Қазақстанда жан басына шаққанда пайдаланылатын бiр жылдық су көлемi 6,0 мың текшеметр болса, Ресейде бiр адамға жылына 33 мың текшеметр судан келедi. Бiзде су қорының көлемi орташа есеппен алғанда, жылына 539 текшеметр, оның iшiнде 190 текшеметр су – көлдерде, өзендер мен су қоймаларында – 100,5 және 95,5 текшеметр, мұз күйiнде сақталған су – 95 текшеметр, жерасты сулары – 58 текшеметр.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста