Статистикаға неге күмән көп?

Мансұр ХАМИТ (фото)

 Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смаилға осы агенттіктің экс-төрайымы Анар Мешімбаеваның  былық-шылықтарын жуып-шаю үшін біраз тер төгуге тура келеді. Оған қоса, жұрт статистика агенттігінің келтірген ресми мәліметтеріне сене бермейтін болған. Көбіне күмәнмен қарайды. «Ресми мәліметтің» қатарына «ресми емес» мәліметті жазып қойсаңыз, көпшіліктің бүйрегі соған қарай көбірек бұрады. Халық қалаулылары да статистика агенттігінің мәліметтеріне күмәнданатынын кешегі Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында білдіріп қалды.
Салтан Cәкен

Парламент Мәжілісінің депутаты Владимир Нехорошев Әлихан Смаилға «өзгенің қолымен істелгенді өз мойнымен көтеру керектігін» айтты. «Сіздің мойныңызда екі үлкен іс тұр. Біріншісі, статистика агенттігінің атына жұққан кірді жуып-шаю. Екіншісі, халықтың ресми статистикаға деген сенімін қайтару. Өмір шынайы болған соң, соған сәйкес статистикалық мәліметтер де шынайы болуы керек емес пе?» – деген депутат, агенттіктің тарататын мәліметтеріне жұрттың сенбейтінін ескертті. «Халық: «Неге жыл қорытындысы,  инфляция деңгейі шынайы өмірдегі жағдаймен сәйкес келмейді?», «Статистика агенттігінің қалай есептейтінін түсінсек бұйырмасын» деп күмәнданып жатады. «Әлде инфляцияны өз қалталарындағы ақшаның құнымен есептей ме?» деп ашынады жұрт. Осы мәселенің басын ашу керек», – деді Владимир Нехорошев.
«Біздегі инфляция 11 мың сауда нүктесі, 508 тауар және қызмет түрі бойынша анықталады. Сондай-ақ баға статистикасы халықаралық валюта қорының әдістемесі бойынша шығарылады. Сондықтан да бұл мәселеге қатысты қандай да бір арыз-шағым бізге әлі түсе қойған жоқ», – деп жауап берді депутаттың сұрағына агенттік төрағасы.

Күдік-күмән инфляция төңірегінде ғана болмады, Парламент Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаев ауыл шаруашылығына қатысты статистикалық мәліметтерге де аса сеніңкіремейтінін айтты. «Статистикаға қарасақ, еліміздегі мал басының саны жыл сайын өсіп келеді. Мал басының артуына көбіне қолдағы, жекелеген қоралардағы малдың көбейгені себеп болуда делінген. Ал ірі шаруашылықтардағы мал саны керісінше кемуде. Енді сол жекелеген қораларда мал ұстап отырған ауылдағы халықтан сұрасаңыз, қазір бір сиырдың өзін асырау қиындап кеткенін айтады. Яғни жем-шөптің қымбаттағанын, жайылымдық жерлердің тарылғанын айтып, шағымданып жатады. Жұрттың сөзі осы болса, малдың басы қалай көбейіп жатыр? Мал басын есептеуде қандай әдістеме қолданады? Кезінде Кеңес өкіметі заманында жекелеген қораларда өсірілетін малдың нақты санын ала алмайтынбыз. Бұған сіздердің көздеріңіз қалай жетіп жатыр?» – деген депутат «малдың басы адам санындай есептелетін дүние еместігіне» келтіріп, мал шаруашылығындағы статистикалық мәліметке күмәны барын жасырмады.
Мал басын есептеуде агенттік үй шаруашылығы кітапшасына сүйенетінін айтты. Ал ол міндет ауылдың әкімдерінің мойнында екен. «Егер де, мал басына қатысты мәлімет дұрыс болмаса, оған әкімдер жауапты», – деді Әлихан Смаил.

ӘКІМДЕРМЕН «БАРМАҚ БАСТЫ,
КӨЗ ҚЫСТЫҒА» БАРЫП ЖАТҚАНДАР ЖОҚ ЕМЕС
Парламент Мәжілісінің депутаты Жарасбай Сүлейменов агенттіктің жағдайынан біршама хабар бере келе, «Жергілікті қызметкерлеріңіз әкім-қараларға қаншалықты тәуелсіз?» – деп сауал тастай келе жалған ақпараттың көзі қайдан шығатынын меңзеп қалды.
Расымен де, әкімдер жаманатты болмас үшін бар амалын тауып, «бармақ басты, көз қыстыға» барып жатады. Жалған ақпарат осыдан шығады. Агенттік төрағасы да «мұндайдан толықтай адамыз» дей алмады. «Жергілікті статистикалық органдар толығымен тәуелсіз десем, өтірік айтқаным. Осы проблеманы шешу үшін заңға да арнайы өзгерістер мен толықтырулар енгіздік. Жергілікті органдардың бізге деген ықпалын төмендету үшін тиісті шаралар да атқарып келеміз. Егер де жергілікті статистикалық органдар дұрыс ақпарат бермесе, тәртіптік жауапкершілікке тартамыз», – деді ол.
Жарасбай Қабдоллаұлы агенттіктің «қазақшасын» да сынға алды. «Соңғы екі жылда статистика агенттігіне мемлекеттік тілді оқытуға 2 миллион 400 мың теңге бөлініп, 64 қызметкер даярлықтан өткен. Оларға арнайы сертификаттар таратылған. Алайда олардың ішінде ісқағаздарды мемлекеттік тілде жүргізіп жатқандары өте аз. 2010 жылы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге 27 миллион теңге бөлініп отыр. Соған қарағанда, сіздің құрылымда мемлекеттік тілді меңгермегендер әлі де аз емес сияқты. 27 миллион теңге аз қаржы емес. «Осынша қаржыны текке шаша бермей, осы мәселені қызметкерлердің намысын қамшылау, түсінік жұмыстарын жүргізу, талапты күшейту арқылы шешсек қалай болады» деген ой сізді мазалай ма?», – деді ол.

ХАЛЫҚ САНАҒЫ ЖЫРЫНЫҢ
БІТЕТІН ТҮРІ ЖОҚ
Істің соңына нүкте қою үшін әлі 61,7 миллион теңге қажет көрінеді. «Статистикалық жинақтарды басып шығару үшін тек 19 миллион теңге ғана бөлінді. Бюджетті нақтылау кезінде қаржы сұрадық, алайда Экономика министрлігі сұрауымызды қанағаттандырмады. Премьер-министр резервтен қаржы бөлуде көмектесуге уәде берді, бірақ әлі күнге Қаржы министрлігінде биылғы мәліметтерді өңдеуді аяқтауға 61,7 миллион теңге мөлшерінде қосымша қаражат қажеттігіне көздерін жеткізе алмай келеміз», – деді Әлихан Асханұлы.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста