Ата Заңға арқа сүйесек сот шешімдері бұлжымастан орындалуы керек. Бұл Конституцияда тайға таңба басқандай жазылғаны. Осы міндеттің үдесінен шығу үшін бұған дейін де бірқатар тетіктер іске қосылды-ақ. Жеке сот орындаушылар институтына дейін құрылды. Алайда атқарушылық іс жүргізу әлі де оңалмаған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Әділет министрлігі Парламентке арнайы заң жобасын енгізген болатын. Құжат кеше Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданды.
Әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетовтің пайымынша, сот орындаушылары саласындағы дағдарыстың басты себебі – стратегиялық, тұжырымдамалық-құқықтық кемшіліктермен астасып жатыр. Ең бастысы, сот актілерін орындауға кім-кімнің де құлқы бола бермейтінін тәжірибе байқатқан. Себеп – сот шешімін орындамау қылмыстың онша ауыр емес санатында тұр. «Қоғамдық қауіпсіздік бойынша мұндай қылмыстардың салдары да есепке алынбайды. Ендеше әділдік те жазаны жекелендіру ұсынымы да өрескел бұзылып отыр. Мәселен, мына жағдайды қараңыз: қолданыстағы заңда ұрлық жасағаны үшін Қылмыстық кодекстің 175-бабы, 1-бөлімі бойынша орташа ауыр қылмыс ретінде үш жылға дейін бас бостандығынан айыру белгіленген. Ал енді келтірілген шығынды өндіру тәртібінде жүздеген миллион теңгені құрап жатқан сот актілерін орындамау әрекеті жеңіл қылмыс санатына жатқызылған», – деп түсіндіреді вице-министр Дулат Рашитұлы. Қарапайым тілмен түсіндірсек, тауық ұрлап тұтылатындар қыруар қаражатты қамтитын сот актісін орындамағандарға қарағанда ауыр жазаланады. Осының салдарынан борышкерлерге қатысты қылмыстық процессуалдық әсер ету тетігі ешқандай нәтиже бермей отырғаны аңғарылады. Ал сот актілерінің орындалмауы сот билігін ғана емес, түптеп келгенде тұтастай мемлекеттік биліктің беделін түсіреді.
Осыны ескерген Әділет министрлігі сот актілерін орындамауды жеңіл қылмыс санатынан шығарып, онша ауыр емес және ауыр қылмыс санатына ауыстыруды ұсынады. Ендеше сот актісіне мұрын шүйіре қарайтындардың күні қараң – үш жылға дейін темір тордың ар жағынан бір-ақ шығулары әбден мүмкін. Нақтылап айтайық, заң қабылданса сот үш ай бойы алимент төлеуден жалтарғандарды 2 жылға кесіп жібере алады. Сосын сот шешімін алты ай бойы орындамағандар да төрттен жеті жылға дейін абақтыға тоғытылуы бек мүмкін. Бұдан бөлек, заң жобасы бойынша айыппұл санкцияларының мөлшері бұрынғыға қарағанда артады. Сосын, сыбайлас жемқорлық фактілерін болдырмау мақсатында төмен деңгейде салынатын айыппұлдар мен жоғары деңгейдегі айыппұлдар арасы ажыратылады. Ал борышкерлер сот актілерін уақытында орындамаса актіде көрсетілген қаражаттың үстінен өсімақы қосылады. Бір сөзбен айтқанда, жауапкершілік мәжбүрлікпен ұштасады.
Тоқтала кететін тағы бір жайт, жеке сот орындаушылары борышкерлерден тәркілеген мүліктерді арнайы сауда орындары арқылы сатуға шығара алады. Мұндай сатулар мамандандырылған сауда үйлері арқылы жүзеге аспақ. «Экономикалық мақсаттылығына байланысты саудаға шығарылмай жеке негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған мүліктер ерекше тәртіппен жүзеге асатын болатын. Өйткені қолданыстағы мұндай тәртіптің тиімділігі төмен болып отыр. Нәтижесінде, мемлекет қазынасына да түсім жоқ. Ал мемлекет меншігіне айналған борышкер заты мемлекеттік мекемелердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне қатысты бірқатар жағдайын шешетіні айқын», – деп болжам жасайды әділет вице-министрі Дулат Рашитұлы. Түптеп келгенде, заң жобасындағы жаңалықтар сот орындаушыларының өз міндеттерін тиімді орындауға жол ашып қана қоймай, сот актілерін атқаруды негізсіз созбалаңға салуға жол бермейтін көрінеді. Дегенмен заң жобасы алда екінші оқылымда талқыланатын болғандықтан, әлі де біршама пысықталатын түрі бар. Мәселен, депутат Тұрсынбек Өмірзақов сот орындаушылар жұмысының тиімсіздігін олардың құқықтық мәртебесінің төмендігімен байланыстырады. «Швейцарияда сот орындаушылары қаржы министрлігінің қарамағында. Сосын ол елде сот орындаушылары тек магистр деңгейіндегі білімі бар адамдар ғана бола алады және сол елдегі ең бай адамдардың бірі де солар», – дейді Тұрсынбек Өмірзақов. Бақсақ, басында әділет органдарының қарамағында, сосын жоғарғы сотқа, кейіннен қайтадан әділет қарамағына оралған сот орындаушылар осы аралықта ауысып жүріп өздерінің мәртебесін ғана емес, алатын айлық жалақысын да жоғалта жаздапты. Сондықтан да, әділет министрлігі бүгінгі күні дәл осы сот орындаушыларының «жоғалтқанын» қайтару жолында жұмыс істеп жатқанға ұқсайды.
Рамазан СӘРПЕКОВ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Сот орындаушылары мемлекет үшін де, жеке және заңды тұлғалар үшін де қажетті құрылым. Солай бола тұра, өкінішке қарай, бұл – осы уақытқа дейін бағы жанбай келе жатқан құрылым. Қазір еліміздегі сот орындаушылардың орта жасы 21-25 аралығында. 100 пайыз заңгерлік білімі бар олардың басым бөлігі тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке де тартылыпты. Бұл не деген сөз? Құрылымның ғана емес, сол жігіттердің де бағы жанбай келе жатыр. Негізгі мәселе сот орындаушылардың мәртебесін өз деңгейіне көтермейінше, жағдай жақсармайды. Заң болса соны шешсе екен.
Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР Парламент Мәжілісінің спикері:
– Борышкерлерге қатысты әрекет ету үшін сот орындаушыларына нақты өкілеттіктер жүктеп отырмыз, олардың жұмысын күшейтудеміз, алайда таяқтың да екі ұшы бар екенін ойлайық. Әрбір нақты жағдайдың артында адам тағдыры тұрғанын да естен шығармаған абзал. Сондықтан да сот орындаушылары өздерінің әрекеттерімен немесе әрекетсіздігімен биліктің беделін түсіретінін ұмытпайық. Сол үшін әрбір жағдай әділетті шешілу үшін бізге мықты заңнамалық база қажет.
Сарайшыққа бекініс салу керек
Өткенде аймақ аралап Атырауға барған «Ақ жол» партиясының депутаттары алыстағы ағайыннан зор аманат арқалап келген екен. Бұл аманат – Ұлы даланың тарихынан сыр шертетін қазақтың асыл мұрасын сақтауға қатысты. «Өткенге құрметпен қарағанымыз жөн. Қазақтың қай-қай жері де қасиетті, тұнған тарих. Осындай киелі мекеннің бірі – Қазақ хандығының астанасы – Сарайшық қаласы. Сарайшық – өзге қалалармен қатар, Ертістен Дунайға дейінгі Ұлан байтақ өлкені билеген, кейінірек Алтын Орда аталған империя – Жошы ұлысының кезінде салынды. Сарайшық – Қасым ханның басшылығымен қазақ хандығының астанасы атанды. Жібек жолының маңызды бағытында орналасқаннан кейін, Сарайшық сол заманғы ең дамыған һәм сәулетті қалалардың бірі болды. Бұл қалада XIV ғасырда Жәнібектің және Бердібектің Алтын Орданың хандық таққа отыру рәсімдері өтті» деп, бастады Үкіметке сауын айтып сауал жолдаған депутат Азат Перуашев. Қазақтың жеті ханы жерленген айбарлы қаланы XVI ғасырда Иван Грозный қиратты. Ал ондағы жәдігерлер әлі де толық аршылып бітпеген. Осыны меңзеген Перуашев Сарайшықта табылған һәм әлі табылмаған мұралардың қазақ елі үшін орны бөлектігін айта келе, көне шаһардың қазіргі қалдығына қауіп төніп тұрғанын да ескертті. «Жыл сайын су тасыған кезде 5-10 метрге дейінгі жерін құлатып, Сарайшық қаласының қалдығы Жайыққа жұтылып бара жатыр. Қазір де қала орнында шашылып жатқан адамның сүйектерін көруге болады. Егер өзен бағытын өзгертпесек, жақын арада қаладан түк қалмайды. Ал бұл біздің өткен заманымыздың тарихына үлкен зиян. Сондықтан да қаланың қалған бөлігін құтқаруға жалғыз жол бар. Ол – бекініс салу», – дейді депутат Азат Тұрлыбекұлы. Оның сөзіне қарағанда, бұл мәселе осыдан үш жыл бұрын қарастырылып, әлі күнге дейін нақты шешімін таппаған. «Сарайшық – өткен тарихымыздың жарқын беттерінің бірі. Қаланы ағыстан қорғайтын бекініс мәселесі жақында шешілмесе, онда ұрпақ үшін аса маңызды, құндылығын ешқандай ақшамен өлшей алмайтын тарихи жәдігермен мәңгілікке қоштасуға мәжбүр боламыз» деп, – түйіндеген депутат Үкіметті Қазақ хандығының алғашқы астанасынан қалған асыл мұраны сақтап қалу үшін барынша күш салуға шақырады.
Сот шешімі неге орындалмайды?
Последние статьи автора