Сіз үшін Тәуелсіздік тұлғалары кімдер?
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Қазақ топырағында 1991 жылдан бергі уақытта қазақ мемлекеттілігі пайда болды. Әрине, оның тұлғалары бар және ол бір адам бола алмайды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған бүтіндей саяси элитаның негізгі қызметі де осы қазақ жеріндегі ұлттық тұрпатты жаңа мемлекеттің Тәуелсіздігінің баянды болуы еді. Бірақ біздің Тәуелсіздігіміз, мемлекеттілігіміз бүгінгі күнмен ғана байланысты бола алмайды. Ол – арғы тарихты айтпағанда, бергі Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш азаматтарының еңбектерінің жемісі. Әрине, алашордашылардың Тәуелсіздік үшін күресі сәтсіз аяқталды. Бірақ дәл сол сәтсіз әрекет, сәтсіз ұмтылыс тарихта орын алмаған болса, бүгінгі Тәуелсіздігіміздің болуы тағы күмәнді. Сол кезде егілген дән бізге уақыт өте жемісін әкелді. Бүгінде сол Тәуелсіздіктің баянды болуына аянбай еңбек етіп жатқан азаматтар көп және олар бола береді.
Дәурен СҚАҚОВ, Тәуелсіздік құрдасы, студент:
– Мен үшін еліміздің Тәуелсіздігіне еңбек сіңірген тұлғалар көп. Алдымен сол Тәуелсіздікке қол жеткізу үшін ерлік көрсетіп, 86 жылдың ауыртпашылығын көтерген Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Спатаев, Ләззат Асанова сынды көптеген аға-әпкемізді атауға болады. Сол кезде алаңда тұрған «желтоқсаншылардың» әрбірін Тәуелсіздіктің тұлғасы деп атар едім. Сондай-ақ сол Тәуелсіздікті ұстап тұру үшін аянбай тер төгіп жүрген ағаларымыз көп. Әрине, олардың қатарында, ең алдымен, еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты атауға болады. Сондай-ақ ұлттық рәміздеріміздің, Конституциямыздың, заңдарымыздың авторларын, сол кездегі қиын кездерде жауапкершілік жүктеген үкімет адамдарын, Қазақстанның сыртқы саясатын дамыту мақсатында шетелмен байланыс орнатқан алғашқы елшілерді атар едім. Меніңше, Тәуелсіздік тұлғалары әлі де пайда бола береді.