Біздің еліміз шеттегі 5 млн қазақты сақтап қалу үшін екі мәселені нақтылап қолға алуы керек секілді. Біріншісі – Тәуелсіздік алған тұста басталып, жалғасын тауып келе жатқан көші-қон мәселесі. Қазір іркілді дегенімізбен, болашақта қайтадан қарқын алуы тиіс игі бастама. Екіншісі – шетелдегі қазақтың жұтылып кетуіне жол бермеу мақсатында қазақ диаспоралары көп қоныстанған елдердегі қандастарымызды бір ортаға шоғырландыру ісі. Жалпы, екінші мәселені, яғни шетелдегі қазақтарды бір мекенге, бір ауданға, бір облысқа топтастыру бізге не береді? Саралап көрейікші...
...қажеттілігі
Шетелдегі Алаш жұртын бір ортаға шоғырландыру мәселесі – шығыстағы Үндістаннан бастап, батысымыздағы Еуропа елдері мен АҚШ аралығындағы ұлан-ғайыр атыраптағы сансыз мемлекетті екінші Отаны еткен қазақтардың бәріне қажетті бастама. Олар өздері тұратын мемлекетте топтаса өмір сүрсе, тілін, ділін, дінін ұмытпаған болар еді. Сол орталықта отандық телеарналардың, баспасөздің жетімділігін де жүзеге асыруға жол ашылар еді. Бұл орайда «шетелдердегі қазақтарды бір ортаға шоғырландыру мәселесі шындығында да олардың қазақтығын сақтап қала ала ма» деген сауал туындайтыны рас. Біздің пікірімізше, осы арман орындалса, сол елдегі бауырларымыз салт-санадан айырылмайды. Оған мысал ретінде Моңғолияның Баян-Өлгей аймағын алуға болады. 1940 жылы Баян-Өлгей аймағын құруда қазақтың біртуар тұлғасы Жеңісхан Дүзелбайұлы ерен еңбек етті. Сол Жеңісхан Дүзелбайұлының ықпалымен бір кездері Хобда аймағының батыс өңіріндегі моңғол мен қазақтарды басқарған, маршал шенін алған, моңғол елінің әйгілі қолбасшысы Чойбалсын моңғол халқына: «Қазақ халқын «бага ястан» (ұсақ сүйектілер) деуді, «хасаг» деген атауларды тоқтату керек. Қазақ ұлтының моңғол ұлтынан еш айырмашылығы жоқ. Қазақ халқы Моңғолия мемлекетінің өзінің ұлт тілінде мектебі бар, баспасөзі бар дербес бір аймағы бола алады», – деген екен. Сонымен қатар қазақ ұлтының 12 ерекшелігін тізіп, моңғол халқына үлгі етіпті-міс. Енді қараңыз, сол Чойбалсынның шапағаты нәтижесінде Баян-Өлгей аймағының 97 мың қазағы Алтай сум, Толбо сум, Сагсай сум деп «сумдатып» кете баратын 15-ке жуық елді мекенде түтінін түтетіп, қазақи салт-дәстүрін сол қалпында қаймағын бұзбай ұстап қала алды. Тіпті қазір қазақтың ұмыт болған қаншама ұлттық құндылығы сол жақтан бізге келіп жатыр.
Анадолыдағы «Қазақкент»
Сонымен қатар бір орталыққа қоныстанудың қажеттігін шетелдегі қандастарымыз бізден де жақсы түсінеді. Өйткені қазақ болып қалу – олардың басты мақсаты. Мысалы, 1972 жылы Түркиядағы қазақтар Түрік үкіметіне өтініш жасап, құрылыс салу үшін жер беруді сұрайды. Түркия өтінішті қанағаттандырып, соның нәтижесінде Қазақкент ауданы бой көтерген. Қазір ол аудан Гюнешли (Күн сәулелі) деп аталса да, Еуропадағы қазақтардың рухани «астанасына» айналып отыр.
Калифорниядағы Kazakh Land
Әрине, оқырман қауым «шетелдегі қазақтың басын бір орталыққа шоғырландырудың жолдары қайсы?» деп сұрауы мүмкін. Оған АҚШ-тың Калифорния штатының әйгілі Малибу жағажайындағы Kazakh Land атты этникалық қазақ ауылын мысалға келтіруге болады. Бірақ бұл – біз ойлағандай ауыл емес, демалыс орны. Сол Kazakh Land-та тігілген киiз үйлерге туристер мен демалушылар ағылып жататын көрінеді. Себебі еуропалықтарға қазақтың ұлттық тағамдары мен сусындары, салт-санасы, ұлттық түсінігі таңсық. Осыны орайлы пайдаланған кәсіпкерлер қиялдарына ерік беріп, осы бір миниатюралық этникалық ауылда Наурыз мерекесi, Бауырсақ күнi деген секілді ұлттық мейрамдарды дүркіретіп өткізеді екен. Сонымен қатар салт атқа міну, құсбегiлердiң бүркiт салу өнерін көрсету, асық ойнап, алтыбақан тебу секілді құндылықтар қонақтардың қызығушылығын оятқан. Бәлкім, өзге елдердегі қандастарымызды бір рухани орталыққа топтастыру үшін осы үлгіні де жаңғыртуға болатын шығар. Бір жағынан шетелдіктерге қазақты танытып, екінші жағынан сол елдегі қазағымыздың жайын күйттейміз... Әрине, қолдау тапса, бұл шаруаны отандық кәсіпкерлеріміз ұршықша иіріп әкетер еді.
Қытайдағы қазақ сайты осы мәселені көтерді
2 миллионға жуық қандасымыз іргедегі Қытайға қарасты Іле мен Тарбағатай сағасындағы қазақы тоғыз аудан мен екі қаланың төңірегінде қытай, дүнген, ұйғыр секілді ұлттармен қойы қоралас өмір сүруде. Мұның сыртында дербес Мори, Баркөл, Ақсай секілді шағын автономиялы қазақ аудандары бар. Сонымен қатар Үрімжі, Шыхызы, Қарамайлы қалаларында Алаш баласы тіршілік етуде. Санжы хұйзу (дүнген) автономиялы облысына қарасты Санжы, Құтыби, Манас, Жемсары, Шонжы, Фукаң, Мишуан, аудандарында да қазақтар жетерлік. Демек, Қытайда үш аймақтың қазақтары қарайтын (Тарбағатай, Іле, Алтай) Іле автономиялы қазақ облысы бар дегенімізбен, мұның сыртында қаншама қазақ Қытай елінің әр мекенінде шашылып жатыр. Осы мәселені көтеріп, жуырда Қытайдағы қазақ жастарының senkazakh.com сайты «Қазақ автономиясының халі» атты мақала жариялады. Мақала авторы Алтай, Тарбағатай аймағындағы қазақтардың қытайланып бара жатқанын сөз ете келіп, осы өлкелерді Іле аймағына қосып, үлкен қазақ автономиялық ауданын құру қажеттігін айтыпты. Әрине, біздің көзқарасымызбен қарасақ, жақсы идея. Бірақ алып империя саналатын Қытай үшін үй ішінен үй тігіп беру мүмкін нәрсе ме?
Мүмкін жағы
Тарихтан 1952 жылы коммунист генерал Уаң Жиң Шыңжаңдағы қазақ байлары мен зиялыларын қынадай қырған кезде Қытай компартиясының Батыс-Солтүстік бюросының бірінші хатшысы Си Джунсюн мырзаның Қытай басшысы Мао Цзедунға ұсыныс жасап жүріп, қазақтарды аман алып қалуға септігін тигізгенін білеміз. Сол Си Джунсюн – қазіргі Қытай басшысы Си Цзиньпиньнің әкесі. Демек, әкесінің шарапаты баласының бойынан табыла білсе, дамыған Қытай үшін қазақтарды бір мекенге, бір аумаққа шоғырландыру, сол арқылы ұлттығын сақтауға жәрдем ету аса қиын шаруа емес. Оның үстіне, Қытай билігінің қазақ диаспорасына деген көзқарасы әрқашанда дұрыс.
Тақырыпқа орай
Род-Айленд штатындағы қазақ ауылы...
АҚШ-тың Род-Айленд штатында қазақ ауылы бар. Бұл да бір қазақ екенімізді ұмыттырмау үшін жасалған қадам көрінеді. Бірақ атауы «Қазақ ауылы» болғанымен, бұл штатта ешқандай ауыл жоқ. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің ұстазы Қарлыға Мысаева ханымның айтуынша, Қазақстаннан АҚШ-қа қоныс аударған балетмейстер Жанат Байдаралин 2004 жылы қазақты таныстыру мақсатымен «Қазақ ауылы» атты ұйым құрған. Кейінірек америкалық Сьюзан Саксен атты келіншек «Қазақ ауылының» жұмысын дөңгелетіп әкеткен. Оған себеп Сьюзанның қазақ қызы Сараны асырап алуы екен. Ол қызының қазақ екенін білгенін қалайды. Қазір «Қазақ ауылына» Американың жер-жерінде тұратын қазақ балаларын бауырына басқан ата-аналар мүше. Ата-аналар жылына бір мәрте балаларымен бірге «Қазақ ауылына» (негізі лагерь) келіп, қазақтың ұлттық дүниетанымымен, бітім-болмысымен танысады, яғни әрдайым да олардың санасына қазақ екенін сіңіруге тырысады.
Түйін
Бір мемлекеттің екінші мемлекеттің ішкі саяси жағдайына араласуына құқығы жоқ. Десек те, демократия заңдылықтары аз ұлттар мен диаспоралардың жойылып кетпеуіне, денационализацияға ұшырамауына негізделе жасалғанын ескерсек, мұндай алаңдаушылық білдірудің әбестігі жоқ. Дүниежүзі қазақтарының І құрылтайында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Қазақ даласын жайпап өткен 1932-1933 жылдардағы апатты ашаршылық 6 млн қазақтың 2,2 миллионының өмірін жалмап кетті», – деген болатын. 2,2 млн қазақтың қырылуы (кейбір деректерде бұдан да көп) кімнің өзегін өртемеді десеңізші! Ондай өкінішке қалмау үшін тәуелсіз еліміз шетелдегі 5 млн қазақтан тірідей айырылмаудың жолын қарауы қажет. Ол үшін еліміздегі ресми 8172 ауыл мен 86 қаланың жағдайына алаңдағандай, қазақ ұлтының өкілдері мекендейтін шетелдегі елді мекендердің жайына да бас ауыртқанымыз жөн секілді.